Бейсенбі, 17 Сәуір 2025 15:31

Сарсаңға салған «синтетика»

 Әр заманның, қоғамның өзінің кемшін тұстары болады.

Кешегі Кеңес үкіметі тұсында қазақ халқы азаттық үшін күресіп, ұлттық құндылықтарды сақтап қалуға тырысты. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі тоқырау заманында елді жұмыссыздық жайлады, тіл мен діл мәселесі алаңдатты қалың қазақты. Елдің экономикалық-әлеуметтік жағдайы тұрақталып, дамуға бет алған бүгінгі уақытта қазақ қоғам тағы бірнеше

проблемамен бетпе-бет келді. Цифрлық технологияның дамуы халық арасында алаяқтық пен ойынқұмарлық, лудомания мәселесін өршітті. Одан қалса, тереңге жайылған ұлтымыздың тамырына балта шабатын нашақорлық белең алуда. Қазіргі қоғамға мысқылдап келген бұл кеселді түп тамырымен жоймасақ, бармақ тістеп қалуымыз ғажап емес.

Бүгінде «мұрыннан кіріп, бойды алған» синтетикалық есірткіні тұтынып, «мяулаған» жастардың саны күн санап артып келеді. Есірткі тасымалдап, темір торға тоғытылғандардың да қарасы қалың. Ғасыр дертіне айналған бұл тажалға бүгінгі жастар неге құмар? Нашақорлықпен күрес елімізде қалай жүзеге асуда?

Тақырыпты тарқатайық...

«Мяулаған» сөзі көпшілікке таңсық болуы мүмкін, бірақ, синтетикалық есірткі – мефедрон иіскейтін жастар арасында «мяу», «котик», «меф» атаулары кеңінен таралған. Есірткіні «еркелетіп» солай атайды. Бағасы героин, кокоин секілді есірткілерден әлдеқайда төмен, бір грамы 20 мың теңгенің айналасында. Сатып алу да қиынға соқпайды, «Telegram» мессенджерінде емін-еркін саудалануда. Көзге көрінбейтін сату-шыға жазасыз, ақшасын аударасыз, белгіленген жерге тығып, суреті мен орнын жібереді. Аласыз, иіскейсіз, «бақыттан басыңыз айналады».

Бұл ғасыр дертінің елімізге келгені-не 10 жылдың айналасы болды. Әсіресе соңғы кездері мефедрон тұ-тынушылардың саны күн санап артуда. Әрине, бұл жайында ресми статистика жоқ.  Бірақ, көшенің бұрыш-бұрышында, тіпті, балалар мен спорт алаңдарының маңында, саябақта «қаз-ба жұмыстарымен» айналысып, «закладка» іздейтіндердің қарасы қалың. Есік өзенінің жағалауы, қаладағы қуыс-қолтық көшелер мен саяжай маңы есірткі жасыратын аймаққа айналды.

Бұрындары нашақорлар қираған ғимараттар мен адам аяғы баспайтын жерлерде «ләззатқа бататын» әрі олардың есірткі тұтынатынын анықтау қиынға соқпайтын. Қазір ше? Бүгінгінің нашақорлары заманға қарай дамыған, тіпті, жаныңызда жүрген адамның мефедрон тұтынатынын білмей қалуыңыз бек мүмкін. Жол бойына тоқтап, «меф» иіскеп, көлігін әрі қарай жүргізіп кеткен жүргізушілерді әлеуметтік желілерден көріп жүрміз. Сонда аталған есірткінің адам ағзасына әсері қандай? Бұл туралы маман пікіріне құлақ асайық.

– Мефедрон адамға эйфория, яғни, объективті жағдайға сай келмейтін көтеріңкі, қуанышты көңіл-күй сыйлайды. Ағзада дыбысты қабылдаудың жоғарлауы, либидоның жоғарлауы байқалады. Мефедронның осы әсерлері 3 сағатқа дейін созылуы мүмкін, ол әр адамның метаболизміне байланысты,  48 сағатқа дейін де созылуы ықтимал. Мефедронды қолдану қорқыныш сезімін, астения, ұйқысыздықты шақырады. Синтетикалық есірткілерді қолдану салдарынан бірден тәуелділік туындауы мүмкін. Мефедронды және басқа да синтетикалық есіркіні қолданған кезде  шамадан тыс тершеңдік,   саусақ ұшта-рының  цианозы – көгеруі кездеседі, – дейді Жетісу облыстық психикалық денсаулық орталығының дәрігер наркологы Еркебұлан Молдаханов.

Дәрігердің сөзіне сүйенсек, синте-тикалық есірткі қолданудан кейінгі психикалық және соматикалық, неврологиялық өзгерістер 30-60 минуттың ішінде басталады. Масаю  ұзақтығы 6 сағатқа дейін созылуы мүмкін. Синтетикалық есірткімен масаю инициальды, негізгі және салдарлық сатыларға бөлінеді. Синтетикалық есірткімен масаюдың инициальды сатысында адам терлейді, жүрек соғысы жиілейді, артериялық қан қысымы жоғарлайды. Эйфория көбінесе осы сатыда байқалады. Синтетикалық есірткімен масаюдың инициальды сатысы бір сағатқа дейін жалғасады. Есірткімен масаюдың негізгі сатысында адамның көңіл-күйі кенеттен өзгереді, қалыптан тыс қимыл-қозғалыстар жасайды, ауырсыну сезімі төмендейді, қоршаған ортаға бағдары өзгереді, есту және көру анализаторлары бұзылады, галлюцинациялар бай-қалады.

«Recovery» қалпына келтіру және психосоматикалық медицина орталығы-ның меңгерушісі Николай Малахов синтетикалық есірткіге тәуелді азаматтарды емдеу өте қиын деген пікірде. Мәселен, «синтетиканың» қазіргі таңда ең көп таралған әрі жастар арасында «тренд» болып жүрген «тұз» дейтін түрі бар, яғни мефедрон. «Тұзға» мықтап отырған адамның бойынан, психикасынан бұзылушылықтардың нақты тізімін жасау әлі де мүмкін емес. Алайда кейбір жалпы проблемаларды оқшаулауға болады. Бұл «синтетиканың» салдарына психикалық бұзылулар, ішкі ағзалардың патологиялары мен әлеуметтік проблемаларды жатқызуға болады. «Тұзды» қолданған кезде адам бірте-бірте апатия мен депрессияға ұшырайды, бұрынғы хоббилерге, оқуға, жұмысқа деген қызығушылығын жоғалтады. Керісінше адамда ұйқысыздық, өз-өзінен дүрбелең туғызу, паранойя, есту галлюцинациясы және делирий, дисфория пайда бола бастайды екен нарколог дәрігердің пікірінше.

Ал есірткіге кімдер әуес болады? Бірінші кезекте еліктегіш жастар нашақорлықтың құрбаны болады. Сонымен қатар, жалғызсыраған адамдардың есірткіге қарсы тұруға қауқары жетпейді екен. Бұл – мамандардың пікірі. «Синтетикалық есірткіні тұтынушылардың дені – өздерін жалғыз сезінетіндер. Махаббатта жолы болмағандар. Олар өздерін өте төмен бағалайды. Өмірге құлшынысы жоқ. Ата-аналары оларды түсінбейді. Ал синтетикалық есірткіні пайдаланған адамдардың күші тасып, эйфория, белсенділік пен энергияның жоғарылауы пайда болады. Тіпті өзіне деген сенімділік артып, әлдебір супер қабілет-теріне сене бастайды. Бұл әсерлер сөзсіз ұйқысыздық пен күш жоғалтуға әкеп соқтырады» – деп түсіндірген мамандар соңы қайғылы жағдайға әкеп соғатынын жеткізді.

Нарколог дәрігерлердің айтуынша, «дәстүрлі» есірткілерге қарағанда синтетикалық есірткілердің зияны әлдеқайда көбірек. Себебі, синтетика –химиялық қоспалардың қосындысы, қолдан жасалатын есірткі. Оның құрамы қарапайым әрі қолжетімді. Заңды түрде сатылатын ацетон, этил спирті және сірке қышқылын пайдалану арқылы есірткі қоспасын жасап шығуға болады. Қолдану әдістері де ерекше, дайындық пен дағдыны талап етпейді. Себебі «синтетиканы» әдетте темекі секілді шегеді, дем арқылы ішке жұтады немесе инемен тамырға салады. Сондықтан да болар, ол жастар арасында үлкен сұранысқа ие. «Дәстүрлі» есірткіден айырмашылығы –10-15 есе қатты әсер етеді. Сондықтан дәмін бір рет татып көрген жастарды тәуелді етеді, тіпті соңы өлімге апарады. Ал мақаламызға арқау болып отырған мефедрон –  амфетаминдерге жататын синтетикалық тұз. Түсі ақшыл,ашық қоңыр, иісі жоқ. Егер ол қаптамада болса, онда арнайы үйретілген иттер де иісті сезбеуі мүмкін, бірақ затты мұрынға апарса,қышқыл химиялық иіс сезіледі.Олар ұсақ ұнтақ (ұн), кристалл немесе таблетка пішінді болуы мүмкін. Сондай-ақ бұлшықетке немесе көктамырға салуға арналған ерітінділер, жұтуға арналған капсулалар мен таблеткалар түрінде шығарылады. Олардың құрамы үнемі өзгеріп отырады. Ал оны жасау жолдары мен құрамын да «Telegram» мессенджерінен ақшаға сатып алуға болады. Сондықтан болар, күнделікті жаңалықтардан, әлеуметтік желілерден синтетикалық есірткілердің «зертханалары» әшкере болып жатады. Алысқа бармайық, бірер жыл бұрын тәртіп сақшылары Бөлек ауылдық округіне қарасты саяжай-лар маңында синтетикалық есірткі дайындайтын «зертханалардың» жұ-мысына тосқауыл қойды. Сонымен қатар, күні кеше аудандық прокурату-раның ұйымдастыруымен өткізілген ведомствоаралық кеңесте нашақорлық қылмыстарын алдын-алу саласында әлсіз және пассивті жұмыс жүргізіліп жатқаны айтылды. 2024 жылдың 3 жел-тоқсанында Алматы қаласының Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерімен Рахат ауылдық округінде екі азаматтың психотроптық заттарды жасау және сақтау мақсатындағы қылмыстық әре-кеттері тоқтатылған. Олар 2023 жыл-дың желтоқсанынан 2024 жылдың 3 қаңтарына дейін нарколабораторияға айналдырылған қоймалық ғимаратта, жабдықтар мен реагенттерді пайдаланып, «a-pvp» психотроптық затын аса ірі мөлшерде жасаған. Осындай мысалдар жетіп-артылады. Деректерге сүйенсек, есірткі өндірушілердің басым көпшілігі шетел азаматтары.

Тауар өтпесе, дүкеннің жабылатыны заңдылық. Бірақ, бізде бұл жағдай керісінше. Сұраныс көп болған соң «саудагерлердің» де жұмысы қыза түскен.

«Қосымша табыс тапқың келеді ме?», «Курьер болып, айына 2-3 млн теңге жалақы ал» деген жарнамалар әлеуметтік желіде желдей есіп жүр. Сілтемені бассаң сол баяғы «Telegram» желісіне тап боласың. Ешкімнен, еш нәрседен қымсынбайтын «жетекшің» жұмыс барысын түсіндіреді. Олар ірі мөлшердегі есірткіні жасырып, саған орналасқан жерін жібереді. Сен оны бір-екі грамнан жоғарыда аталған қоғамдық орындарға жасырасың. Орналасқан орнын суретке түсіріп, «жетекшіге» жолдай-сың. Есірткі саудасы осылай жүзеге асады. Тауар жеткізушіні, сатып алушыны көрмейсің, танымайсың. «Оңай олжаға» осылай елітеді жастарды. Екі қолға бір күрек табу қиынға соққан заманда мұндай «батпан құйрық» кімді де болса қызықтырары анық. Бірақ жастар мен жасөсіпірімдер есірткі тасымалдаудың және сақтаудың қылмыс екенінен бейхабар. Ал қылмыстың өтеуі жаза екенін естен шығармағанымыз абзал. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, бүгінде есірткі тасымалдаумен айналы-сатындардың, яғни, «курьерлердің» дені жастар. Бұғанасы қатпаған жас буын жеңіл жолмен келетін қомақты ақшаның арбауында жүріп, кейін темір тордың артында бармағын шайнап жатады. Осыған орай жуырда Ішкі істер министрлігі мәлімдеме жасаған болатын.

– Биыл үш айда бүкіл ел бойынша тыйым салынған заттарды сақтауға және таратуға қатысы бар деген күдікпен 23 жасөспірім ұсталды. Олардың ішінде колледждердің бірінші курс студенттері мен 9-11-сынып оқушылары бар. Заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды. Есірткі қылмысы үшін қылмыстық жауапкершілік 16 жастан басталады. Құрметті ата-аналар, сіздерді балаларыңыздың ортасына және олардың бос уақытында не істейтініне ерекше назар аударуға шақырамыз. Қауіптің алдын алу маңызды. Балалардың болашағы біздің қолымызда. Бірлесіп қана есірткісіз, қауіпсіз қоғам құра аламыз – дейді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов. Сөзіне сүйенсек, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 296 және 297-баптарына сәйкес есірткіні сақтағаны және таратқаны үшін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Оған қоса Қылмыстық кодекстің 299-1-бабы бойынша есірткіні интернет және әлеуметтік желілер арқылы насихаттау мен жарнамалау үшін де қылмыстық жауапкершілік қарастырылады.

Статистикалық деректерге сүйенсек, есірткі тасымалдап, қылмыстық жауапкершілікке тартылған азаматтардың арасында 16-29 жас арасындағы жастар көбеюде. Былтыр ҚР Қылмыстық кодексінің 297 бабымен сотталғандардың 50 пайыздан астамы жастар. Бұл көрсеткіш 2019 жылы 23 пайызды құраған. Бас прокуратураның дерегінше, 2023 жылы аталған бап бойынша 827 адам сотталған. Соның 624-і, яғни 75 пайызы 8 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылған.

Иә, нашақорлар мен оны сатушылардың белең алып жатқандығы алаңдатады бізді. Әсіресе, олардың «жасарып» жатқандығы – үлкен қасірет. Мемлекет бұл тұста қол қусырып отырған жоқ. Түрлі бағыттағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі, заң қатал, бақылау күшті. Бірақ, «неге нәтиже шамалы?» деген заңды сұрақ туындайды. Себебі, адам санасын материалдық құндылық билеген алма-ғайып заманда тәрбие мәселесін босаңсытып алған секілдіміз. «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деп ұлы ойшыл әл-Фараби айтқандай, отбасы – тәрбие бастауы екенін ұмытпағанымыз абзал. Махаббат пен жылулыққа бөленген жеткіншек жаман әдеттерден бойын аулақ ұстап, жақсылыққа ұмтылып тұрады. Жақсылықты бойына сіңірген азамат үшін нашақорлықты ойлаудың өзі жиіркенішті. Сондықтан, отбасындағы бала тәрбиесін бірінші орынға қойып, Отанның отбасынан басталатынын ұмытпайық, құрметті оқырман.

 

С.НҰРАДИН.

Оқылды 76 рет

Соңғы жаңалықтар

Сәу 18, 2025

Интернет алаяқтықпен күрес күшейтілді

Цифрлық технологиялардың дамуымен қатар интернет алаяқтық түрлері де қарқын алуда. Осы…
Сәу 18, 2025

Табиғатқа инвестиция: Есік көлін…

Алматы облысы аумағындағы «Есік көлін» жаңарту мақсатында, 2024 жылдың 20 желтоқсанында…
Сәу 18, 2025

Тұрақты даму мақсаттары

2025 жылдың 9 сәуірінде Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Экономика және…
Сәу 17, 2025

Балық шаруашылығының бағбаны еді

1940 жылдың 24 сәуірі Олжаевтар әулеті үшін ерекше күн болды. Өйткені, нақ аталған күні…
Сәу 17, 2025

Сарқылмас білім бұлағы

Кітап – адам баласы ақыл-ойынан туған рухани байлықты сақтап, оны ұрпақтан-ұрпаққа…
Сәу 17, 2025

Их имена не должны быть забыты

Бакыт Исмагулова, ветеран Каракемерской в/ч 6654 Национальной гвардии РК, до выхода на…
Сәу 17, 2025

Батыр патриот

Биылғы жылы Қазақ Республикасы құрамында болған Кеңес Одағының фашистік Германияны…
Сәу 17, 2025

Память зависит от ныне живущих…

В годы Великой Отечественной войны 13 уроженцев Енбекшиказахского района стали Героями…
Сәу 17, 2025

Арман – Еуропа кубогінің жеңімпазы

Жасөспірімдердің спортқа бет бұрып, арманына жету жолындағы мақсаттарын айқындап, саналы…

Күнтiзбе

« Сәуір 2025 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30        

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет