Жұма, 21 Сәуір 2023 14:50

Аспанда екі көзім құс қараған, білмейді құс қадірін ұстамаған

Әлімсақтан табиғатқа етене жақын болған қазақ халқы оны өмірінің сыңарына балап, терең танып, тұрмыстық күнкөріске жақсы пайдалана білген. Аңшылық пен саятшылықты шебер игеріп, ит жүгіртіп, құс салған. Қақпан-тұзақ құрып, ата кәсіптік дәстүрге айналдырған. Қазақ аңшылары өз таным-тәжірибесінің арқасында аңшылық-саятшылық үшін жүйрік ат, қыран құс, құмай тазы сияқты аң-құс, жануарларды баптап, өз игілігіне көндірген. Олардың ішінде қыран құстарды баптаудың ғасырлар бойы жинақтаған мол тәжірибесі нағыз біліктіліктен өнерге ұласқан. Кеңестік одақ кезінде ұмытыла бастаған құсбегілік өнер 20-30 жылдың ішінде елімізде қайта жандана бастады. Мәселен, 1998 жылдан бастап құсбегілердің басын қосып, баптаған қырандарын сынға салатын «Салбурын» мерекесі жыл сайынғы дәстүрге айналды. Қарағанды мемлекеттік университетінің жанынан арнайы құсбегі мектебі ашылса, ал біздің ауданымыздағы Нұра ауылында Жалайыр Шора атындағы құсбегілер мектебі жанынан республикалық құсбегілер мұражайы елге қызмет етіп тұр.

Нұра ауылында тұратын Серікбаева Динара Баетбайқызы өз ауылының өсіп-өркендеуіне, көркеюіне сүбелі үлес қосып жүрген аяулы да ардақты жан. Динараның ата-анасы осы ауылдың алғашқы қазығын қаққан адамдар. Әкесі Баетбай Исабеков Ұлы Отан соғысының, анасы Қантбала Нұрланбекова тыл ардагері болған, өмірінің соңына дейін еңбек етіп өткен жандар. Динара Баетбайқызы:

– «Өткеннің өнегесі – бүгіннің баға жетпес байлығы» деген, өткенімізді өшірмей, ата-баба дәстүрін сақтап, ұрпақтан ұрпаққа өнеге ету басты мақсатым болды. Сөйтіп, 2003 жылы ауылымда «Жетіқазына» құсбегілер музейін аштық. Қаншама мыңжылдық тарихы бар құсбегілік өнері атадан балаға беріліп келе жатқан мирас, яғни, аманат. Бұрындары хандар, бектер мыңдаған құсбегілер ұстаған, саят құрған. Айлап жүріп, қызығына тоймаған. Кейінгі жарты ғасырдай уақытта бұл дәстүрден қол үзіп қалған кез болды. Аты аңызға айналған дана бабалар ұмыт болды. Мысалы, түркітілдес елдің барлық құсбегілерінің ұстазы саналатын – Шора баба. Ол кездегі аңызда «Аспанға ұшсам, қанатым талады, жерге қонсам, Жалайыр Шора алады» деп құс біткен зарлаған екен дейді. Ал Тіней баба туралы: «Тінейдегі қасиет егіз екен Сары құспен, Шорадағы қасиет егіз екен бар құспенен» деген сөз қалыпты. Енді, Кәлпеден шыққан Демболсын Дүзелұлы: «Аспанда екі көзім құс қараған, білмейді құс қадірін ұстамаған» деп құсбегіліктің бар болмысын аша білген», – деп кейінгі бабалар жолын қуған ауылындағы игі жақсылар туралы сөз етті.

Райымбек ауданынан шыққан Әбіләкім Солтанқұлов бір ауылды соғыс жылдары бүркіт-тазысымен асыраса, Қарақыстақ ауылынан Сүлеймен Тақымов бүркітші 1942 жылы «Мәңгілік махаббат» атты бүркіт туралы киноға түсіп, бір аңшылық мерзімде 100-ден аса түлкі ұстапты. Ал одан да ерте Ұзынбұлақ ауылында өмір сүрген Дәулетбақ Көшкінов бүркітімен 1935 жылы Ораз Жандосов ұйымдастырған «Салбурында» І орынды жеңіп алыпты. Сондай-ақ Дәулетбақ ата туралы фильм және «Болат тұяқ» атты кітап шыққан екен.

Осы аталардан кейінгі кездері құсбегіліктен қол үзіліп, ұмыт болуға айналған. Сол бабалар салып кеткен соқпақ жолды іздеп тауып, жалғастыру Динараның басты арманы еді.

– Қазір, шүкір, құсбегілік ақырындап дамып келеді. Басқа өңірлерді айтпағанда, Алматы облысы –  құсбегіліктің орталығы. Кезінде Әбен, Сейітжан аталар үлгі-өнеге көрсетсе, қазір Жұқай, Мұхамет, Бекмұхан, Алдаберген, Бауыржан сынды орта буын азаматтар кейінгі ұрпақтарға үлгі болды. «Жетіқазынада» өрімдей жастар бүркіт баптап, аттары әйгілі болды. Қаныш, Қуаныш, Сұлтан, Серік, Медет, Бекет, Айбек, Өмірхан, Ермұхан, Сағыныш, Бауыржан – бір төбе болса, бүркітші қызымыз Айгерімнің өзі – бір төбе. Айгерім Жаңғысова жастайынан атқа мініп, бүркіт асырап, баптап, талай жарыстарда жарқырап көрініп жүр. Жетіқазыналықтар жастайынан құсбегілікпен сусындап өскеннен соң қаншама игі іс-шараларға қатысып, биіктен көрініп жүр, – деп қазіргі жастарды мақтанышпен әңгімеге арқау етті.

Олар өз елінен бастап, басқа алыс-жақын шетелдерге шығып, қазақтың төл өнерін төрге шығарып жүр. Англияға барған сапарда 33 мемлекеттің көшбасшысы болып, ұлттық шеруді бастап, еліміздің көк туын биікке желбіретсе, Венгрияда үлкен Эстерком қаласының құрметті азаматы атаныпты.  Францияда Наполеонның аңшылық жасаған орнына 30 мың халықты жинап, үлкен өнер көрсетіпті. Сонымен қатар Германия, Монғолия, Қырғызстан, Қытай мемлекеттерінде көрме өткізіп, қазақтың тазы, бүркітін, дәстүрімізді насихаттап, елдің ықыласына бөленген. Ұлыбритания елшілігімен және Польша елшілігімен тікелей жұмыс жасап, алғыс хаттарымен марапатталыпты. Қаншама алғыс хат, грамота, дипломдар, медаль, кубоктармен марапатталғанын санау – артық. Шетелдерден келген құттықтаулар да шексіз. Осындай орасан еңбегі еленіп, «Жеті қазына» құсбегілер музейінің директоры Динара Баетбайқызына 2020 жылы жарыққа шыққан «100 асқар шыңдарға ту тіккен Қазақстан ауыл әйелдері – 100 историй успеха сельских женщин Казахстана» атты кітаптың кейіпкері болу құрметі бұйырыпты. Кейінгі кездері Динара «Дәстүрге жол» атты әйелдер бірлестігінің, сон-дай-ақ елде өткен ұлттық саятқа қатысып, меценат Дәулет Тұрлыхановтың алғыс хаттарымен марапатталған. Өткен жылдың 15 желтоқсан күні Д.Қонаев атындағы «Мерей» орденіне ие болған. Жас балалар бата беруді үйреніп, көптеген басқосуларда бата беріп жүр. 14 наурыз – «Көрісу күніне» орай облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевке Мұқатай деген батагөй баламыз және үш немерем бата беру құрметіне ие болды.

Құсбегілік өнер – кез келгенге дари бермейтін қиын да қызық сала. Құсбегі батыр да батыл, қырандай ұшқыр, өжет болу керек. Бүркітпен аңға күз, қыс айларында шығып, көктем мен жаз айларында түлекке отырғызады, яғни демалады екен. Осындай күрделі еңбек атқарып жүрген нұралық ұл-қыздар  ата дәстрімізді жалғастырып, ел құрметіне бөленіп жүр. Нұралық бүркітшілердің қыранын қияға самғатып, көк туымыздағы қыранымызды шырқау шегіне әуелете жеткізу – басты арманы. Олай болса, еліміздің елдігін білдіретін қару да, қаржы да емес, салт-дәстүр, мәдениет, өнерімізде. Қазақтың қара шаңырағынан бастау алған төл өнеріміз – барлығымыздың мақтанышымыз!

Анарбек БЕРДІБАЕВ.

Оқылды 11146 рет

Соңғы жаңалықтар

Қар 18, 2024

Внимание, жители г. Есик!

Региональный офис ЮНЕСКО в Алматы совместно с Центром «Содействие устойчивому развитию…
Қар 14, 2024

АФМ проводится расследование в…

Она подозревается в хищении свыше 1,5 млрд тенге, собранных для помощи гражданам,…
Қар 14, 2024

ҚМА еріктілер қозғалысының…

Ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған 1,5 млрд…
Қар 14, 2024

Eлянұр – әлем чемпионы

Черногорияның Будва қаласында бокстан жастар арасында өткен әлем чемпионаты өз мәресіне…
Қар 14, 2024

Бекзада өнер бәйгесі

Қазақ халқының ежелден келе жатқан аңшылық, саятшылық кәсібі бүгінде ұлттық спорт түріне…
Қар 14, 2024

Ұрпаққа тарту

Жасөспірімдеріміздің сапалы мектепте білім алуы болашақтың жарқын болуына жасалған…
Қар 14, 2024

Атқарылған жұмыстар сараланып, …

Осы аптада Еңбекшіқазақ ауданы әкімдігінің алқа отырысы өтті. Жиынға аудан әкімі Талғат…
Қар 07, 2024

Жазушының шығармаларымен танысты

Қаратұрық ауылдық кітапханасының ұйымдастыруымен Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің 5…
Қар 07, 2024

Алихан әлемдік деңгейге көтерілді

Ауданымыздың жас спортшысы Алихан Ермекұлы 2024 жылдың 26-27 қазан айы аралығында…

Күнтiзбе

« Қараша 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет