Сейсенбі, 03 Мамыр 2022 10:54

Сөз түзелді...

Қазақтың тойы қазіргі таңда қайда бара жатыр? Болар-болмас той үшін аста-төк дастархан жаю аштан қырылған ата-бабаларымыздың рухына деген құрметсіздік емес пе? Той жүргізетін азаматтардың білімі мен мәдениеті төмендеп кетпеді ме? Қазақ неге ғылым-біліммен емес, той жасап бәсекелеседі? деген секілді тойдың төңірегінде таусылмайтын сұрақтар мен талас-тартыс көп бүгінде. Осы мәселер ішінде ең өзектісі – асабалар мәдениетінің төмендігі. Бұған – арзан күлкі мен әдепсіз әрекеттерге әуес болып кеткен халықтың да әсері жоқ деп айта алмаймыз. Соңғы кездері ақ сақалды аталарымыз бен ақ жаулықты әжелерімізді билетіп, жастарымызды шешіндіріп, қыз-келіншектерімізге бейәдеп сөздер айтқызып, көпті күлкіге қарық қылдырып, мәз болған асабалардың әрекеті көпшіліктің наразылығын тудыруда. Асабаларымыз бұдан бөлек бейәдеп ойындардың да «авторы» атануда. Осындай той жүргізушілерін тезге салатын азаматтардың болмағаны ма деген ойға қаласың кейде. Осы мәселелерді талқылау үшін айтыскер ақын, танымал асаба Болатбек Оразбаевтың ұйымдастыруымен Алматы қаласында «Сөз түзелді» атты асабалар форумы өтті. Форумға Алматы аймағындағы қалалар мен ауылдардан той төрінде жүрген асабалар қауымы жиналды. Жиында түйіткілді мәселелер мен асабалардың оғаш қылықтары айтылып, пікір алмасу мақсатында қатысушылар өз ойларын ортаға салды.Шыны керек, бүгінгі той мәдениетінің мәселесі көтерілген мұндай келелі жиын елімізде алғаш рет ұйымдастырылып, айтылған пікірлер мен ұсыныстарды оқырман назарына ұсынғанды жөн санадық.

Қасиетті Рамазан айында Алатаудың баурайында ұйымдастырылған жиынның өтуіне мұрындық болған Болатбек Оразбаев алғашқы сөзді алып, көкейде жүрген өзекті мәселелерді баяндады.

– Бейсауат ойындар мен сөздерді айтып, көзі ашық елдің көңіліне тигендіктен, қазіргі таңда халық тарапынан асабаларға деген құрмет күрт төмендеп кеткені мәлім. «Жалғыздың жаман аты жалпыға тиеді» дегендей сол сөз бәрімізге тиіп жатыр. Бұл жерге жиналғандағы мақсат – біреудің кемшілігін ашу, соны бетіне басу емес, осы мәселелерді ортаға салып, пікір алмасып, оң нәтиже шығару. «Тәуіптің ең жақсысы – ауруға ауру қоспағаны» демекші өзіне де, жиылған халыққа да ұят келтірмейтін жүргізуші – ең жақсы асаба. Айтатын әуелгі мәселе, қазақтың тойындағы беташар. Әдемі салтымызды мағынасыз күйге түсіріп жіберген жігіттер бар. Жиналған адамдарды таныса да, танымаса да көрімдікті 5 рет, 10 рет салғызып жатады. Олардың ішінде азын-аулақ жалақыға күні қарап отырған жандар болуы мүмкін. Сондай кісілердің қалтасына салмақ салған жөн емес. Сондықтан да «мәдени қайыршы» болғанды қою керек. Одан кейінгі мәселе, үлкен кісілерге, аталарымызға, апаларымызға құрметпен қарау. Қарттарымызға «шал, кемпір, сен» деп сөйлеп, олар жайлы орынсыз әзіл айтатын жастарды кездестіреміз. Қазақтың салты бұндай олқылықтарға қарсы. Бұл жағына өте сақтықпен қарағандарыңыз жөн. Қазақта әзіл және әжуа деген сөз бар. Осы екеуінің ара-жігін ажыратып алу қажет. Әзілдеспе демейміз, әзіл мен қалжың ешкімнің көңіліне тимеу керек. Әжуа дегеніміз – бір адамды елге күлкі ету, мазақ қылу. Тойда отырған адамның үстінен күлуге, мазақ қылуға біздің ешқандай құқығымыз жоқ. Шындап келгенде, біз ол жерде біреудің жалдап алған қызметшісіміз. Осы тұрғыда жасы үлкен кісілерге қисық сөйлеп, оларды күлкі ету – үлкен қателік.

Болатбек Оразбаевтың айтуынша, тойдағы ойындар да шектен шығып бара жатыр. Барлық тойда көрініс тауып кеткен би жарысында жас қыздардың танымайтын еркекпен сайысқа шығып, тойды басына көтеріп билеп жүргенін көреміз. Оған жол беріп жүрген асаба да мазақ қылып, адам төзгісіз әзілдерді айтып жүр. Өзіміз үйдегі қарындасымыз бен әпкемізді, анамыз бен қызымызды осындай арзан күлкіге қиямыз ба? Ертең олар бір тойда танымайтын ер адаммен көзге оғаш қимылдармен, қалай болса солай жарысып билеп жүргенін қалаймыз ба? Әрине, жоқ. Осы секілді қылықты қыздарымызды, сабырлы ерлерімізді, қасиетті қара домбырамызды келеке қылатын ойындардың белең алуы бүгінгі қоғам үшін өте қауіпті. Сондай ойындардың кесірі үлкен дауға айналып, адам шығынын әкеліп жатқан жағдайлар да аз емес. Бұл да мұқият қарауды талап ететін жәйт.

Сонымен қатар, қазақтың тойында қазақты мазақ ету мәселесі айтылды. «Қазақ десең өзіңе тиеді», «Қазақ – қойдан жуас» деген секілді сөздерді қолданыстан жою қажет. Оның бәрі – бос әңгіме. Қазақ жуас болса, осыншама кең жерді жаудан қорғап қалуы мүмкін бе? Біз – рухы асқақ, жаужүрек, мықты халықтың текті ұрпағымыз.

Асабалар форумында шет елдің дәстүрін қазақтың тойында қолданбау қажеттігі айтылды. Айталық, қыз ұзату тойларында қыздың әкесімен вальс билеуі, әкесі қызын әкеп күйеу балаға табыстауы – дәстүрімізге жат. Қазақтың әкелері қызын ешқашан өз қолымен біреуге бермеген, бергісі де келмеген. Тағдырдың жазуы болғасын көніп, жеңгелерінің қолымен ұзатылған. Вальске келетін болсақ, қазақ ешқашан бойжетіп қалған қызымен билемек түгілі, құшақтап сүймеген. Әке мен қыздың арасында арақашықтық сақталған. Сол тәрбиені көрген қыз ертең «сен түгіл мені әкем құшақтамайды» деп жігіттердің жаман ойына жол бермейтін болған.

Сонымен қатар, қыз алып отырған әулет құда күткенде арқан керіп жүргенін байқаймыз. Ол кісілерге асабалар «Арқан керуге құқығың жоқ, арқанды қыз берген әулет кереді, сіздер қыз алып отырсыздар» деп салтымызды насихаттап жүруге тиісті.

Одан кейінгі мәселе, той жүргізушілерінің көпшіліктің көзінше келінге «енені жау көрсету» деген түсініктен аулақ болсақ. «Сиырдың жауы – кене, келіннің жауы – ене» деп, сол мәндегі әзілдерді көп қолданатын асабалар бар. Жаңа түскен келінге енесін дұшпан етіп көрсетіп, араздық деген нәрсеге тамызық болып қалмайық. Мүмкін болса енелердің артықшылығын айта жүргеніміз дұрыс. Қазақта енелердің, келіндердің атымен аталған руларды білесіздер. Солардың өнегесін тарқатып, Құнанбай мен Абайдың шешесін үлгі қылып, татулығын айта білсек, әлдеқайда пайдалы болар еді.

Форум барысында өз ойларын ортаға салған Қосқанат Көпжасар, Ермек Арман, Руслан Ысқақ есімді танымал асабалар форумға қатысушыларға той иесімен сөйлескеннен бастап, тойдың аяқталар сәтіне дейінгі істеуге тиісті қадамдардың қыр-сырын кәсіби тұрғыда түсіндірді.

– Алла Тағала бізге несібемізді тойдан табуды жазған екен, ендеше біздің алған ақшамыз да адал болсын. Ол үшін ізденісті тоқтатпай, өнеріңді дамыту керек. Той иесінің ақшасынан бұрын алғысын алуға көп көңіл бөлсек, – деп ниеттерін білдірді.

Өз кезегінде айтыскер ақын, айтулы асаба Айтбек Тұрсынбай салмақты ойларымен бөлісті.

– Халықтың бізге ренжуі орынды. Түрі мен бағасы басқа демесең, асабалардың тойға келіп айтатын сөзі, әзілі, ойыны, беташары бәрінікі бір сарынды. Жаңаша леп әкелу, жаңашылдық жолында ізденіп жүргендер жоқтың қасы. Тек біреудің айтқанын жаттап алу ғана. Қолдарыңыздан келмесе біз секілді ақындарға қолқа салсаңыздар, әрқайсыңызға беташар, амандасу, таныстыру өлеңдерін жазып бере ала-мыз. Осы саладан ақша тапқандықтан ақшаны да жеке болмыстарыңызды қалыптастырудан аямау қажет, – деп сөзін түйіндеді.

Жиын барысында басқа да жиылған өнерпаздар толғандырып жүрген ойларын ортаға салып, форумның мақсатын айқындай түсті. Шараны ұйымдастырған азаматтарға алғыстарын жеткізіп, келелі отырыс өз нәтижесін береріне сенім білдірді.

Форум соңында Болатбек Оразбаев:

– Біз салтымыздың сайқымазақ, дәстүріміздің даңғаза болуына, жиын тойларымыздың тобырлық жын-ойнаққа айлануына, намысымыздың тапталып, ар-ұятымыздың лайлануына және жеңілтек асабалардың қазақы тойды мазақ етіп, өзгенің қаңсығын ғажап етіп көрсетуіне түбегейлі қарсымыз. Той дегеніміз – көпшіліктің көңіл көтеріп қана қайтатын жері емес, тәрбиеміздің тал бесігі, мәдениетіміздің ошағы болғандықтан, келешекте жасайтын тойларыңызды қазақы табиғатымызға, қастерлі шариғатымызға томпақ келмейтін дәрежеде өткізуге міндеттіміз. Сондай-ақ жеңілтек асабаларымызға қазақ тойын қылжаққа айналдырмауын және де айылдарын жиып, тізгіндерін тартуын талап етеміз! Бұл үндеуімізді тентегіне тек дей алатын, азуына ат байлаған, намысында найзағай, жігерінде жасын ойнаған «сөз қадірін – өз қадірім» деп білетін қазақ даласындағы Алаш жұртына жолдаймыз! – деді.

Қазіргі қазақтың тойына қарап, бабаларымыздың «аштықтан тоқтық жаман» деген мақалы ойыңа оралып, бойыңды қорқыныш билейді. Той деген – қуаныш, қазақ қуанышын бөлісуге асығатын халық. Сол қуанышты кеш көңілсіз өтсін демейміз, бірақ шектен де шықпауы керек-ақ. Соған сәйкес асаба да тілге шешен, ойға көсем болып, әзіл қалжыңның да жігін табатын қабілетке ие болса нұр үстіне нұр болмақ.

«Сөз түзелді тыңдарман сен де түзел» деп Абай атамыз айтқандай, бәрімізге түзелетін уақыт келді. Ұйқы, күлкі, тамақ – арсыз деген дана халқымыз, ұлт тәрбиесіне келгенде қамсыз болмаса екен. Айтылған әңгімелер оқырманның да ой сүзгісінен өтіп, оң қорытындысын шығара-ды деп сенеміз. Ұлымыз ұялтпайтындай, қызымыз қызартпайтындай думанды кештерді қазақы қалыпқа түсіруге жан-жақты үлесімізді қосайық, құрметті оқырман!

 Ринат НАРХАНОВ.

Оқылды 1559 рет
Осы категориядағы басқа материалдар: « Мерейлі мереке музейде Асаба мәдениеті »

Соңғы жаңалықтар

Сәу 25, 2024

Ел бірлігі – ел теңдігі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының…
Сәу 25, 2024

Савелий КАРАСАВИДИ, председатель…

На ХХХІІІ сессии Ассамблеи народа Казахстана Президент РК Касым-Жомарт Токаев отметил,…
Сәу 25, 2024

Мызғымас бірлік – алынбас қамал

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы…
Сәу 22, 2024

НЕДЕЛЬНЫЙ МАРШ ЧИСТОТЫ

Свыше 75 тысяч жителей Алматинской области приняли участие в марше чистоты «Киелі мекен»,…
Сәу 22, 2024

Қоғамды түзеуді өзімізден бастайық

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел азаматтарын «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы…
Сәу 22, 2024

Экологиялық мәдениетті артыруымыз…

Қоғамды жаппай тазалыққа шақыру өте өзекті мәселе деп есептеймін. Біз ұстаздар…
Сәу 19, 2024

Жастарды жат ағымдардан сақтау –…

Дін саласы – қоғамдағы күрделі әрі нәзік дүние. Сондықтан дін айналасындағы мәселелер де…
Сәу 19, 2024

Мәһір маңызды ма?

Соңғы кездері әлеуметтік желіде жастар арасындағы мұсылмандық неке қию рәсімінде…
Сәу 19, 2024

Науқан жалғасуда

Тазалық – саулық кепілі. Иә, тәнімізді һәм жанымызды таза ұстаумен қатар, өзіміз өмір…

Күнтiзбе

« Сәуір 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30          

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет