Сәрсенбі, 25 Қыркүйек 2019 09:22

Бектұр Мұхаметалиев: «Өнер – ұзақ, өмір – қысқа»

Бектұр Мұхаметалиев: «Өнер – ұзақ,  өмір – қысқа» Бектұр Мұхаметалиевтің жеке мұрағатынан

Өзінің өнерімен, мәдениетімен айдай әлемді аузына қарата білген қазақ халқының таланттылығына еш талас жоқ. Кешегі Париждің төрінде ән салған Әміре Қашаубаев, одан бұрын қазақ даласын ән мен жырға бөлеген Ақан сері, Біржан сал... Осындай өнерлі бабалардың жолын қуып, атақпен өлшенбейтін өнер деген қасиетті ұғымды жанына серік еткен Бектұр Мұхаметалиев бүгінде мәдениет саласының ардагері. Жалпы өнер мен мәдениет саласына саналы ғұмырының 45 жылын арнаған Бектұр Имашұлы ауданымызда 30 жыл еңбек етіп, маусым айында құрметті зейнет демалысына шықты. «Өнер мен мәдениеттің дәмін көріп, рахатын сезіне алған адамға бұдан артық байлық керек емес» – деген екен орыс жазушысы Антон Чехов. Өз мамандығының рахатын сезініп, рухани байлыққа кенелген «Мәдениет саласының үздігі» Бектұр Имашұлының шаңырағына бас сұғып жақында, әңгіме-дүкен құрған едік.

– Құрметті Бектұр Имашұлы, өміріңіздің жартысынан көбін арнаған өнер саласына қалай келдіңіз?

– «Жігіттің жақсысы – нағашыдан» – дегендей, менің бойыма өнер нағашыларымнан дарыған. Менің нағашы атам ағаштан домбыра жасайтын шебер әрі күйші болған. Әке-шешем 40 жыл қой баққан малшылар болатын. Бірақ, анам Нұрипа да өнерден құралақан емес-тін. Әртіс болмаса да, іс тігіп, жұмыс жасап жүргенде ән айтып отыратын. Соған еліктесем керек, бала күнімнен өнерге, музыкаға құмар болдым. Балалық шағым Кеген ауданы, Ұзынбұлақ      ауылында өтті. Ы.Көшкінов атындағы орта мектепте оқып жүргенімде Жармұханбет Асанбаев деген әскери адам мектебімізде үрмелі аспаптар оркестрін құрып, музыкаға ебі бар балаларды жинады. 5 сыныпта оқитын мен оркестрдің құрамына кірдім. Мәдениет саласына жасаған алғашқы қадамым осылай басталды.

– Алғашқы қадамыңызды әрі қарай жалғастырып, музыкалық оқуға түскен боларсыз?

– Әрине, 1972 жылы мектепті тәмамдап, арман қуып, Алматыға жол тарттым. Мақсатым – музыкалық оқуға түсу. Сол жылы арманыма жеттім десем де болады, бірақ, қуанышым ұзаққа бармады. Жүсіпбек Елебеков атындағы училищенің 2 жылдық студиясына түсіп, жаз бойы сол кездегі Шелек ауданындағы Қорам ауылында тәжірибеде жүргенде бұзықтық жасап, оқудан шығарып жіберді. Енді ауылға қайтуға болмайды, сосын қалалық кәсіптік училищеге түстім. Мұнда да өнердегі азаматтар сабақ беріп, музыкалық аспаптарды қалай жасау керектігін үйрендім. Сондай-ақ, ұстаздарымыз оларды қалай ұстау керектігін, ойнау тәсілдерін меңгердім. Бұл оқуды бітірер-бітірместен әскерге шақыртылып, 1973 жылы Байқоңырдағы 93/764  әскери бөлімге Отан алдындағы борышымды өтеуге аттандым. 1 ай карантиннен кейін менің музыкалық білімімді байқаған командир бірден әскери клубқа жіберді. Содан 2 жыл бойы әскердегі үрмелі оркестрдің қатарында болдым. 1975 жылы үйге қайтып, сол жылы арнау-лы орта кәсіптік училищенің аттестатын  алдым.

– Оқуды аяқтамасаңыз да аттестат алдыңыз ба?

– Иә, менің әскердегі қызметімді ескерсе керек, қолыма бірден аттестатты ұстатты. Бір жапырақ қағазымды алып, Кеген ауданының орталығына жеттім. Мектепте маған сабақ берген ұстазым Медетбек Өмірзақов Кегендегі мәдениет үйінің директоры екен. Мені мәдени шараларды ұйымдастырушы маман ретінде жұмысқа қабылдады. Кейіннен, 3 жыл қатарынан мәдени шараларды ұйымдастыру курстарына барып, білімімді жетілдірдім. 1979 жылы мәдениет үйінің директоры қылып тағайындады. Бұл жауапты қызметті 10 жылдан астам уақыт абыроймен атқарып, біршама мәдени шараларды ұйымдастырдық. «Арман» атты инструменталды-вокалдық ансамблін құрдық. 1988 жылы мәдениет бөлімінің инспекторы атанып, 16 жылжымалы автоклубқа жауапты болдым. Осылайша, отбасылық жағдайларға байланысты Еңбекшіқазақ ауданының орталығы Есік қаласына қоныс аудардық.

– Аудандағы мәдениет саласындағы еңбек жолыңыз осы сәттен басталды ма?

– Көшіп келгеннен кейін 3 айдың ішінде аудандық мәдениет үйіне жұмысқа орналастым. Кейіннен, мәдениет үйінің директоры лауазымына тағайындалып, жүйелі жұмыс жүргіздік. 1992 жылы Қаскелеңдегі мәдени-ағарту училищесінде халық аспаптар оркестрінің жетекшісі мамандығы бойынша сырттай оқыдым. Сол кезден осы жылдың шілде айына дейін аудандық мәдениет үйінде қызмет етіп, зейнет демалысына шықтым.

– Бүгінгі күнде сіздің балаларыңыз да өнер саласында қызмет етіп, биіктен көрініп жүр. Ұлдарыңыз осы жолға сіздің ықпалыңызбен келді ме?

– Мағжан атамыз өз заманында «Бала тәрбиесі бір өнер, өнер болғанда ауыр өнер, жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер» – деп айтып кеткен екен. Сол секілді, жұбайым Клара екеуіміз ұл-қызымызды адам етіп тәрбиеледік. Әрқайсысы өзіне ұнаған мамандығын таңдап, сол бойынша оқыды, қызмет етті. Десек те, үлкен ұлым Айбек бала күнінен музыкаға жақын болып өсті. 5 жасында, яғни 1986-87 жылдары Шелек ауданындағы Сөгеті жерінде өткен аудандардың мәдениет күндерінде өнер көрсетті. Біз ансамбльмен сүйемелдеп, Айбек тірі дауыста ән салып, көпшіліктің қошеметіне ие болды. Мектеп қабырғасында жүргенде де ән салып, көзге түсіп жүрді. Бір күні мектептегі ұстаздары Тіна-лиевтің тіл туралы әнін ашық сабақта айтуды тапсырыпты. Қарасам, әннің музыкасы баяу, бірақ, сөзі керемет. Сол сәтте, өзім тез айтылатын әуен жазып, ортаншы ұлым Айдын екеуі «Тілім менің» деген әнді домбырамен екі дауыста айтып шықты. Осылайша, екі ұлым жалғыз әнмен аудандық, облыстық, республикалық байқауларға жолдама алып, жүлделі орындарды иеленді. Алайда, кейіннен Айдын өнер жолын тас-тап кетті. Айбек мәдениет үйінде оркестрлерде ойнап, Алматы қаласындағы Чайковский атындағы училищеге оқуға түсті. Кейін-нен, Т.Жүргенов, Тұран академиясына оқуға түсіп, тәмамдап шықты. Сол жылдары Қазыбек деген досымен бірігіп, «Тарлан» тобын құрды. Екеуі жемісті жұмыс атқарып, «Іңкәрім-ай» әнімен республика көлеміне танымал болды. Отбасылық жағдайына байланысты Қазыбек елордаға көшіп, топтың жұмысы тоқтап қалды. Бірақ, қазір «Тарлан» тобын жандандыру мақсатында жұмыстар атқарып жатыр.

Кенже ұлым Алмас та өнерден құралақан емес. Мектеп жасынан домбыраға үйір болып, қазақтың күйлерін үйренді. Кейіннен, ән айтуды меңгеріп, қазір осы өнер саласында еңбек етіп жүр. Тек, тұңғышым – қызым ғана басқа салаға бет бұрып, шет тілдерді меңгерді. Бүгінде аудармашы қызметін атқарып жүр.

– Аудандағы мәдениет саласындағы еңбек жолыңыз несімен есте қалды?

– Санасам, Есік қаласындағы өнер ордасында 29 жыл қызмет атқарыппын. Осы уақыт аралығында түрлі оқиғаларды бастан кешіріп, қызығы мен қиыншылығын да көрдік қой. Әлемді дағдарыс жайлап, тоқырау жылдары басталған тұста «мәдениетімізді» тастамай, көсегесін көгертуге атсалысып, осы күнге жеткіздік.

Көшіп келген жылдары мәдениет үйінің директоры қызметінде жүргенде аудандық мәдениет бөлімінің қолдауымен алғаш болып «Әнші балапан» байқауын ұйымдастырдық. Өнер додасына 200-ге жуық бала қатысып, бақтарын сынаған болатын. Ол кездері әр қатысушыға сыйлық алуға қаражат жоқ. Содан бөлім басшысы Иманмұхаммед (Идан) Бағжанов екеуіміз Аваттағы құс фермасына барып, бастығынан демеуші болуын сұрадық. Сөйтіп, жәшікке 200 балапанды салып, аудан орталығына алып келдік. Байқау ойдағыдай өтіп, әрбір қатысушыға бір-бір тірі балапаннан үлестірдік. Осылайша, қиын-қыстау кезеңде тығырықтан шығудың түрлі жолдарын қарастырып,  еңбек еткен болатынбыз.

Бүгінгідей Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен мәдени мұрасын түгендеген заманда жастарымыздың арманы жоқ шығар деп ойлаймын. Қазірдің өзінде аудандағы мәдениет ордаларының 50 пайызы күрделі жөндеуден өтіп, заман талабына сай жабдықталған.

– Қазіргі мәдениет саласына не жетіспейді?

– Жоғарыда атағанымдай, қазір мәдениет, өнер саласы дамудың сара жолында. Алайда, кейбір олқылықтар көзге көрініп тұрады. Айталық, бүгінгі аудан жастары театр қойылымдарын көруден қашады. Мен жұмыс істеп жүргенде Талдықорған қаласынан Б.Римова атындағы драма театр екі рет гастрольдік сапармен Есік қаласына келді. Қызықты түрлі қойылымдар қойып, өнер көрсетті. Алайда, театр көрермендері аз, негізінен үлкен кісілер екендігін байқадым. Менің ойымша, жастардың өнерге деген қызығушылығын оята алмай жүрміз. Себебі, аталған театр тек аудан орталықтарына ғана барып, ауылдық жерлерге бас сұқпайды. Сондықтан болар, бүгінгі ауыл жастары театрдың не екенін білмейді әрі қызықпайды. Біздің бала кезімізде жылжымалы театр келсе ине шаншарға орын таппайтынбыз. Әртүрлі сахналандырылған көріністерін көз алмай тамашалап, соңынан жарты сағат концерттік бағдарламасын күтетінбіз.

– Өнерге бет бұрған жастарға айтарыңыз бар ма?

Сыйса көйлек үстіңе

Тоқуменен табылған,

Сауысқанның тамағы

Шоқуменен табылған.

Өнер-білім бәрі де

Оқуменен табылған – деп Ыбырай Алтынсарин атқандай, барша игі істің бастауы – білімде жатыр. Жастарға ең алдымен сапалы білім алу керек. Екіншіден сол білімді еңбекпен ұштастырып, мақсатқа жетелер ынта керек. «Өнер – ұзақ, өмір – қысқа» деп бекер айтылмаған. Өнерге ынталы, білімді жастар ғана қысқа ғұмырда ұзақ өнер жолындағы жетістікке жете алады.

– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет.

 

Тілдескен Сардарбек НҰРАДИН.

Оқылды 1527 рет

Соңғы жаңалықтар

Қар 28, 2024

«АТАМНЫҢ АМАНАТЫ» қоғамдық…

«АТАМНЫҢ АМАНАТЫ» қоғамдық бірлестігі (Нұр-Сұлтан қаласы) Ұлы Отан, екінші дүниежүзілік…
Қар 28, 2024

2. ОО «Atamnyn amanaty», Астана,…

https://atamnyn-amanaty.kz/, Здравствуйте! Для подачи заявки в ОО «ATAMNYN AMANATY»…
Қар 28, 2024

Ұлт саулығы — маңызды мәселе

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының биылғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп,…
Қар 28, 2024

Алматы облыстық мәслихатының № 15…

Мен Галиев Бақытжан Карлұлы, 1974 жылы 5 қараша күні Есік қаласында дүниеге келдім. Ұлтым…
Қар 21, 2024

Наш собственный корреспондент…

С начала 90-х годов прошлого века в областной газете «Огни Алатау» сменилось несколько ее…
Қар 21, 2024

«ЖАҢАРТУ» расширяет возможности…

Проект «ЖАҢАРТУ» («Обновление»), презентация которого состоялась в мае 2024 года,…
Қар 21, 2024

Артық шығын абырой әкелмейді

Елімізде діни рәсімдерді өткізу барысында көптеген қателіктер орын алып жатқанын естіп…
Қар 21, 2024

Кәсіп болмай, нәсіп болмас

Бүгінде балалардың жан-жақты дамуына, кәсіпке деген көзқарасын қалыптастыруға барлық…

Күнтiзбе

« Желтоқсан 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31          

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет