Дүйсенбі, 25 Қазан 2021 11:00

Жаңа техникалар табысталды

Осы аптада Есік қаласы мен Шелек ауылдық округіндегі коммуналдық мекемелерге жаңа техникалар берілді. Аталған техникалардың кілтін салтанатты түрде аудан  әкімі  Әлібек Жақанбаев  табыстады.

Жаңа техникаларды тиісті мекеме-лерге табыстау сәтінде сөз алған  Әлібек Әскербекұлы облыс әкімі Амандық Баталовтың тапсырмасы бойынша  сумен жабдықтау және кәріз желілеріндегі кедергілерді жою және өңір тазалығы үшін  төрт жаңа арнайы техника сатып алынғандығын жеткізді.

– Жаңа техникалар коммуналдық қызметтердің жұмысын айтарлықтай жеңілдетеді және олардың сапасын арттырады, ең бастысы, тұрғындардың игілігі үшін жұмыс жасайды. Коммуналдық мекеме қызметкерлері бұл техникаларды ұқыпты пайдалануы қажет, – деді  аудан әкімі.

Бұл жайдарман жаңалық коммуналдық мекеме қызметкерлерін тіптен қуанта түскендей.

– Бұрын бізде техникаға байланысты көптеген қиындықтар туындайтын. Техникаларды көбіне жалға алғандықтан кей жұмыстарды уақытында тындыра алмай қалатынбыз. Енді міне, жаңа техникаға қолымыз жетті. Техникалық мүмкіндігіміз артқан сайын тұрғындарға сапалы қызмет ететін боламыз, – дейді «Есік Су» мекемесінің басшысы Ернар Арыстанбеков.

Заманауи үлгідегі, бір мезетте бірнеше жұмысты қатар атқаруға мүмкіндігі бар техикалар «Есік су», «Шелек су», «Бақыт» ЖШС сынды мекемелерге табысталды.  Бұл техикалар орынды пайдаланылуын аудандық тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімі қадағалайтын болады.

 

Е.АСЫЛ

Ауданымыз тұрақтылық пен тыныштықтың, татулық пен бірліктің арқасында дәйекті түрде барлық биіктерді бағындырып келеді. Көзделген жұмыстардың қарқынды, әрі жүйелі атқарылуына аудандық мәслихат депутаттарының қосқан үлесі орасан зор. Ағымдағы жылдың қаңтар айында өткен саяси науқанда тұрғындардың сенімін арқалап, аудандық мәслихаттың VІІ шақырылымының депутаты атанған 25 азамат өз өкілеттіктерін жүзеге асыру үшін ілкімді істердің тамырына бойлап, білек сыбана еңбек етуде.

Аудандық мәслихат хатшысы Бекет Ахметов бастаған аудандық мәслихаттың барлық бағдарлы қызметі тұрғындардың сенімінен шығып, халық пен билік арасындағы «алтын көпір» деген атқа лайықты болуға бағытталып отыр. Осы орайда әрбір округтің проблемаларын шешумен жүйелі түрде айналысуды, барлық әлеуметтік топтармен кері байланысты нығайтуға, өзекті мәселелерге жылдам көңіл бөліп, түйінін тарқату жолдарын ұсыну мақсатында мәслихаттың жұмыс тобы елді мекендерге іс-сапармен шығып, талдау жасап, көптің көкейінде жүрген түйткілді мәселелерді өз көздерімен көріп, саралап қайтты.

Аудандық мәслихат хатшысы Бекет Төлегенұлы бастаған жұмыс тобының құрамында «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қ.Байғоджаев, аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының төрағалары мен орынбасарлары В.Вальков, Р.Ибдиминов, Б.Рахимов, Э.Байшеков, Б.Жантасов, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес, жастар ресурстық орталығының өкілдері енді.

Ауа райының қолайсыздығына қарамастан жолға шыққан халық қалаулыларының сапары 6 күнге созылды. Қазақстан ауылдық округінен басталған сапар Есік қаласында дейін жалғасты. Жұмыс тобы ауылдық округтердің әкімдері мен жергілікті қоғамдастық төрағаларының, белсенді азаматтардың қатысуымен сайлауалды бағдарламалардың орындалу барысымен танысты. Осы орайда тұрғындардың спортпен шұғылдануына жағдай жасау мақсатында ағымдағы жылы 19 ауылға салынып жатқан «Ворк Аут» спорт алаңдары мен 15 ауылға салынып жатқан шағын спорт алаңдарына, сондай-ақ Шелек ауылындағы 237 гектар,  Ақши ауылындағы 90 гектар жер учаскесіне жеке тұрғын үй құрылысы үшін жүргізіліп жатқан инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдардың монтаждық жұмыстарына, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Есік  қаласындағы  60 пәтерлік  екі тұрғын үйдің  және Шелек ауылындағы 60 пәтерлі тұрғын үйдің  құрылысына, өзге де абаттандыру және құрылыс жұмыстарына мониторинг жасалып, құрылыс қарқынын барлады халық қалаулылары. «Жол картасы» аясында 2021 жылы  жалпы 7 бағытта жоспарланған 60 іс-шара бойынша да талдау жасалды. Бұдан бөлек, мемлекеттік мекемелердің жылыту маусымына дайындығы, қысқы отынның сапасы таразыланды.

Сапар барысында мәслихат хатшысы Б.Ахметов «Жол картасы» бағдарламасының мұқият орындалуына назар аударып, орындалу барысында туындаған мәселелерді депутаттық сауалдар мен қоғамдық кеңестің және мәслихаттың тұрақты комиссияларының отырыстарында көтеруді тапсырды.

Аудан жұртшылығы үшін әлеуметтік тұрғыдан аса маңызды жаңа мектептер мен дәрігерлік амбулаторияларды, мәдени нысандарды салу, денсаулық сақтау және білім беру, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсарту, ескірген және бейімделген, үш ауысымды мектептердің санын төмендету, мемлекеттік-жеке  меншік серіктестіктің дамуына қолдау көрсету бойынша жүйелі жұмыстар атқарылатыны айтылды. Депутаттар бүлдіршіндерді балабақшамен қамту, әлеуметтік нысандарды жаңартып, олардың материалдық-техникалық базасын нығайту, ауылдарымызды абаттандыру, сапалы ауызсумен, жолдармен, жарықпен қамтамасыз ету сияқты түйткілді мәселелерді тиісті құзырлы органдарға жеткізе отырып, аталған мәселелердің оң шешімін табуға назар аударылатынын жеткізді.

Осы мақсатта мәслихат депутаттары жұмыс тобының іс-сапары барысында анық-талған мәселелерге талдау жасап, тиісті мекемелерге депутаттық сауал жолдауды және қараша-желтоқсан айларында аудан әкімінің, құзырлы атқарушы орган басшыларының есептерін тыңдап, атқарылған жұмыстар бойынша аудан және облыс көлемінде нақты ұсыныстар дайындауды күн тәртібіне енгізіп отыр. Қазіргі таңда жұмыс тобының іс-сапар барысы бойынша қорытынды хаттамасы  мен аудандық мәслихаттың ақпараттық баяндамасы пысықталып, депутаттық сауал дайындалуда.

Жұмыс тобының сапарында анықталған кемшіліктер мен көтерілген мәселелер бойын-ша толыққанды ақпарат газетіміздің алдағы санында жарияланады.

 

С.НҰРАДИН.

Ауыл шаруашылығы аудан экономикасының басты бағыты саналады. Бұл салада жоғары көрсеткіштерге қол жеткізу үшін ең алдымен инвестициялар тарту  мен озық технологиялар енгізудің  маңызы зор. Осы орайда аудан әкімі Әлібек Жақанбаев пен орынбасары Бауыржан Бименов бірқатар ауылдық округтердегі шаруашылық нысандарының күзгі жиын-терім және өндіріс жұмыстарымен  танысты.

Ең алдымен Саймасай ауылдық округіндегі  «Исаев» шаруа қожалығының егіс алқабына барған аудан әкімі ондағы күзгі жиын-терім жұмысымен танысты. Аталған шаруа қожалығы биыл 272 гектар жерге  жүгері, 43 гектарға соя, 53 гектарға бидай егіпті. Шаруа қожалық иесінің айтуынша, сояның әр гектарынан 3,4 тонна, жүгерінің украиналық сортынан әр гектардан 10 тонна,  америкалық сортынан  гектарына 14 тонна, ал бидайдан гектарына 7 тонна өнім алған. Сонымен қоса, «Исаев» шаруа қожалығында сыйымдылығы 1000 тонна болатын қойма, мал соятын орын, 140 бас мал, 18 ауыл шаруашылық техникасы бар. Бүгінде шаруа қожалығында 7 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Аудан әкімі күзгі егін науқанының нақты барысын көзбен көріп, онда жұмыс істеп жатқан қарапайым жұмыскерлердің хал-жайын біліп, алынған өнімінің сапасымен танысты. Сонымен қатар аудан басшысы алда ауыл шаруашылық өнімідерін өңдеуге басымдылық берілетінін, өнімді еселеп, өндірісті ұлғайту қажет екенін жеткізді.

Әлібек Жақанбаев  Жаңашар ауылдық округіне қарасты Космос ауылындағы кәсіпкерлік нысанға да ат басын бұрды. Аудан әкімі жеке кәсіпкер Кара Наниевке тиесілі жүгері кептіретін цех және сақтайтын қойманы, сондай-ақ соя өңдейтін цехты аралады. Заманауи технологиялармен жабыдықталған цехтар сағатына 20 тонна дақыл кептіріп, 1 тонна соя өңдеуге қауқарлы. Кәсіпкер биыл 600 гектарға жүгері егіп, әр гектардан 8 тоннаға жуық, ал 400 гектарға соя егіп, гектарынан 2,5 тонна өнім алыпты. Ондағы ауыл шаруашылық өнімдерін өңдеу орындарын көрген аудан әкімі жаңа технологияларды игеру – бүгінгі күннің басты талабы екенін, қашан да агроөнеркәсіптік кешендегі еңбек өнімділігін арттыру ауылшаруашылық саласын инновациялық бағытта дамытудың басты ұстанымына айналуы тиіс екенін айтты. Оған қоса әкімдік тарапынан бұл бағыттың өркендеуі басты назарда  болатындығын жеткізді.

Аудан әкім кезекті сапарын Түрген ауылдық округінде ірге тепкен «Голд продукт» шарап зауытымен түйіндеді. «Голд продукт» ЖШС жү-зім  шараптарының 100-ден астам түрін, шырындар мен алкогольсіз сусындар, жемістер мен көкөністер консервілерін өндіреді. Шарап зауытының өндіріс желісінің жетекшісі Виталий Вальков аудан басшысына аталған кәсіпорынның жұмыс барысымен таныстырды. Оның сөзінше, өндіріс маусымында зауыт 4000 тонна алма, 6000 тонна жүзім өңдеп, сағатына 6000 бөтелке шарап дайындайды. Өндірілген өнімдердің 60 пайызы ішкі нарыққа, ал 40 пайызы экспортқа шығарылады. Бүгінде зауыт 230-ға жуық адамды жұмыспен қамтуда. «Голд продукт» шарап зауытының өндіріс желілерін аралған  Әлібек Әскербекұлы аталған  кәсіпорының өнім өндіру қуатын арттыруға қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Е.АСЫЛ.

Украинаның Харьков қаласында ұлы ақын Абайдың ескерткіші қойылды. Бұл туралы Қазақстанның Украинадағы Елшілігіне сілтеме жасап, ҚазАқпарат хабарлады.

Ескерткіш «Ойшылдар аллеясында» триптих ретінде орнатылған. Ескерткіштің авторы Украинаның халық суретшісі Сейфутдин Гурбановтың айтуынша бұл еңбектің атауы «Тіршілік ағашы». Триптихте Абаймен бірге Украинаның халық ақыны Григорий Сковород мен әзербайжан ағартушысы, философ Мырза Фатали Ахундов бейнеленген. Ескерткіштің биіктігі 4 метр. Аллея ауданы 2 543 шаршы метр.


 

Саябақ Харьковтағы табиғаты әдемі танымал демалыс аймағында орналасқан. Қазақстанның Украинадағы Елшісі Дархан Кәлетаев қала әкімшілігіне жақсы бастамасы үшін алғыс айтты. Ол триптих бауырлас елдер арасындағы рухани байланысын тереңдете түсетінін, олардың мәдениеті мен өнерінің кеңінен танылуына мүмкіндік беретінін атап өтті.







 

Ескерткішті орнату жөнінде бастамашының бірі Қазақстанның Харьковтағы Құрметті консулы Эмин Наджафлидің еңбегі айрықша атап өтті.

«Біз бұл ескерткішті украиналық бауырластардың қазақ халқына, Қазақстанның тарихы мен руханиятына шексіз құрмет деп қабылдаймыз», - деді Елші.




 

Айта кетерлігі, Қазақстан пен Украина арасындағы экономика және мәдени байланыс жаңа деңгейге көтеріліп, ерекше қарқын ала түскен. Қазақстан Елшісі Д.Кәлетаев, Қазақстанның Құрметті консулы Эмин Наджафли, ескерткіш авторы Сейфутдин Гурбанов ТҮРІКСОЙ түркітілдес елдердің мәдениеті мен өнерін бірлесіп дамыту жөніндегі халықаралық ұйымының «Абай» медалімен марапатталды.

 

Дереккөз

Алматы облысынан шыққан Дәурен Сәбитов небәрі 22 жасында Американың ең алып әуекомпанияларының бірінде ұшқыш-инструктор болып жұмыс істейді. Оның ең алғаш штурвалға отырған сәті, АҚШ-тағы ұшқыштардың жалақысы және қазақ авиациясының жағдайы туралы толығырақ Tengrinews.kz тілшісінің материалында.

Алматыдан Америкаға...

Дәурен 1999 жылы қазақтың қарапайым отбасында туған. Бала кезінен ұшқыш болуды армандаған ол  Алматыдағы ҚТЛ-ды бітіріп, бірден Америкаға жол тартады. 

"2017 жылы мектепте бірге оқыған сыныптастарыммен бір уақытта АҚШ-тағы Калифорния штатының Сан-Матео қаласына келдік. Достарымның арасында мен ғана авиацияны таңдадым. Оның өз тарихы бар", - деп ол әңгімесін алыстан бастады.

Әке көрген...

Дәурен Сәбитовтің әкесі де ұшқыш болып шықты. Бала Дәуреннің мамандық таңдауына әкесі Ғалым зор ықпалы еткен.  

"Әкем көп жыл бойы авиация саласында жұмыс істеп жүр. 5 жасымда алғаш рет өзінің жұмыс орнына апарғаны есімнен кетпейді. Өз көзіммен алып ұшақтарды, олардың арнайы дайындықтан өту процесін сол кезде бірінші рет көрсем керек. Тіпті, әкеммен бірнеше рет ұшқан кездерім де болды. Ұшқыштардың кабинасынан ғана байқауға болатын әуедегі көрініс, күннің шығуы мен батуы мені бірден баурап алды. Қысқа қайырғанда, болашақта кім болатынымды 5 жасымда-ақ білдім ғой", - дейді ол.   

Қазір ол Standord Flying арнайы оқу орнында білімін жетілдіріп, жоғары санатты сертификат алуға дайындалып жүр.

"Басқа саланы білмедім, бірақ, ұшқыш боламын деген адам күнделікті өз білігін арттырып отыруы шарт. Бүгінде Standord Flying ұшқыштар мектебінде қосымша білім алып жүрмін. Аптасына бірнеше рет оқуға жаңа түскен студенттерге дәріс оқып, олардың практикалық жұмыстарын жүргіземін", - деді Дәурен.   

"АҚШ-та ұшқыш дайындайтын оқу орындарының ақысы Қазақстаннан арзан"

Оның айтуынша, Америкадағы ұшқыштарды даярлайтын оқу орындарының бағасы Қазақстанмен бірдей. 

"Біреу сенер, біреу нанбас, бірақ АҚШ-та ұшқыштарды дайындайтын орындар Қазақстандағы академиялардан арзанырақ. Авиациясы ең мықты дамыған ел болса да, ұшқыштарға бар жағдайды жасаған", - дейді ол. 

California Airways корпорациясындағы карьера

2021 жылы Дәурен бала кездегі арманын орындап, Американың ең атақты әуекомпанияларының біріне жұмысқа тұрады.

"Қазір California Airways корпорациясында ұшқыш-инструктор болып жұмыс істеймін. Бекітілген кестеге сай рейстерге шығамын, сондай-ақ алдын ала ұшақты тестілеу жұмысына қатысамын. Бастапқыда талап жоғары болып, үйренісе алмай жүр едім, бірақ қазір өзімді бұл компаниясыз елестете алмаймын", - дейді жас ұшқыш. 

Сонымен қатар, Дәурен жеке тапсырыс қабылдап, чартерлік рейстердің де тізгінін ұстап жүр.

"Set Jet деген чартерлік рейстермен айналысатын компания бар. Қолым бос болса, олардан түскен тапсырыс бойынша ұшамын. Әдетте бұл компанияны тек қалталы азаматтар жалдайды", - деді ол.

 

"Әріптесім жылына жарты миллион доллар табады"

Дәуреннің айтуынша, АҚШ-та ұшқыштардың жалақысы өте жоғары, қаржыдан қысылып жүрген адам табу қиын-ақ.

"Америка ұшқыштардың айлығын аямай төлейді. Менімен бірге жылына 550 мың доллар табатын кісі жұмыс істейді. Ең төмен дегендері 200-250 мың доллар төңірегінде айлық алады. Бұл енді мамандардың кәсіби білігіне және тәжірибесіне байланысты. 5 жылдан кейін менің де соншалықты қаражат табуға мүмкіндігім бар", - дейді Дәурен Сәбитов.

22 жасында экипаж пилоты боп 900 сағат ұшқан

АҚШ-та ұшқыштың дәрежесін миль не шақырым емес, сағат анықтайды екен.

"Пилот есебінде 900 сағат ұшыппын. Бұл жұмысқа шыққан уақытым емес, әуедегі есеп. Басқа елдерде 900 сағат ұшуға 10-15 жылыңды сарп етуің мүмкін, бірақ тек Америкада емес. Мұнда жасыңа, дініңе, нәсіліңе қарамайды, басты талап - білігің мен жауапкершілік", - дейді ол.

Ұшқыштар туралы ТОП-3 миф

Сонымен қатар, Дәурен ұшқыштар жайлы кең тараған мифтер мен жалған ақпараттарға тоқталды.  

"Біріншіден, ұзақ рейстерден ұшқыштардың денсаулығына ешқандай зақым келмейді. Ұшақ толық герметикадан өткендіктен 15 мың метр биіктің өзінде оттегін бірдей жұтамыз: басымыз ауырмайды, жүрек соғысымыз бірқалыпты. Екіншіден, ұшқыштар ешқашан жұмыс барысында ішімдікке жол бермейді. Әр рейстің алдында қан тапсырамыз. Үшіншіден, ұшақ қауіпсіз транспорт деген қорқыныш бар. Әлем бойынша күніне миллиондаған рейс шығады және олардың 99,9 пайызы А нүктесінен Б нүктесіне аман-есен жетеді. Аэрофобиядан арылу керек", - деді Дәурен Сәбитов.

"Қазақстанда әуебилеттері өте қымбат"

Кейіпкеріміз Қазақстандағы авиация және әуекомпаниялары турасында да ой бөлісті. Оның айтуынша, елде әуебилет бағасы тым қымбат.

"Жалпылай алғанда, Қазақстандағы әуекомпаниялардың деңгейі елдегі экономикаға тікелей байланысты ғой. Кеше қалааралық билеттердің бағасын қарап, таң боп отырмын. Өте қымбат дер едім. Тура сол бағаға Еуропада басқа елдерге ұшып жатады. Ал авиацияның өзіне келетін болсақ, Қазақстанда ұшқыштарды дайындайтын академияларды көбейту керек. Тек оқытып қоймай, университеттен кейін тәжірибеден тегін өткізсе деген тілек бар", - дейді ол.    

Сан-Францисконың әуеден түсірілген суреті

Алдағы жоспары және елге оралуы

Жас ұшқыш Қазақстанға қашан оралатынын да айтып берді. Ол елге келіп, жас студенттермен жұмыс істегісі келетінін алға тартты.

"5-6 жылдан кейін елге қайтып, Америкада жинаған тәжірибемді Қазақстан авиациясының дамуына арнасам деймін. Оқуды енді бітіріп, ұшақ экипажына аяқ баса алмай жүрген жастарға бағыт көрсетуді армандап жүрмін", - деп сөзін аяқтады ол. 

Әңгімелескен Мұхтар Жәмішжанов
Фото Дәурен Сәкеновтің жеке мұрағатынан

Мәдениетіміз бен ұлттық құндылықтарымызды танытуда  баспасөздің  үлесі мол. БАҚ қызметі өткен, болып жатқан және алдағы уақытта болатын әлеуметтік өзгерістер жөнінде тәжірибелі түсініктерге негізделе отырып, қоғамдағы өзгерістерге нақты көзқарас қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Ғаламтор бүгінде төрден орын алды. Ол басты ақпарат көзіне айналып үлгерді. Қандай да болсын  болған оқиғаны жұрт оқып-біліп отырады. Осының салдарынан газетке жазылушылардың саны төмендеп кеткен. Бірақ, жұрттың газет оқымайтындығына интернетті кінәлай беруге тағы болмайды.  Интернет газет оқырмандарының азаюына алып келетін болса, шетелдік алпауыт газеттер ендігі жабылып, банкрот болып қалар еді. Еуропалық газеттердің таралымы миллион данаға дейін жетіп жатады. Қазіргі кезде электронды ақпарат құралдарының пайда болуымен  бүгінгі қоғамның, саяси биліктік қатынастардың барлық қырларын түбірімен түрлендіріп жіберді.

Француз қолбасшысы Наполеон: «Жауға қарсы жүздеген мың қол әскерден, төрт газеттің ойсырата соққы беру мүмкіндігі зор», – деген. БАҚ – идеология құралы. Ғаламтор адамдарға әлемнің кез келген нүктесінен жаңа ақпарат береді. Бірақ  ғаламтор түрлі жалған жаңалықтарға толы, ненің шын, ненің жалған екенін анықтау қиынға соғуда. Бостандық деп аталатындар интернет кеңістігінде билік жүргізеді,  қоғамға кез келген нәрсені беруге мүмкіндік береді. Бірақ адамдықтың мызғымас қағидасы ұмытылады. Тираждар төмендеді. Меніңше, бұл  уақытша.  60 жылдарда елде телевизия қарқынды дамып келе жатқанда, баспа құралдарының жақын арада  жоғалатынын болжады. 90 жылдары ел дағдарысты бастан кешіп, біраз уақыт газеттер жабылды. Бірақ баспасөз ешқашан өз рөлін жоймайды.

Жазушы Оноре де Бальзак баспасөзді «төртінші билік» деп атаған.  БАҚ еркіндігі адам бостандығының маңызды алғышарты болып және қоғам мен мемлекеттегі жоғарғы құндылық екені даусыз. Бұқаралық ақпарат еркіндігінсіз, яғни сөз еркіндігісіз азаматтық қоғамды елестету мүмкін емес. Бүгінде аудандық, облыстық газеттер мемлекеттік тапсырысқа газетпен келісім жасайды да билікке тәуелді болып қалады.Тәуелді басылым еркін қимылдай алмайды. Күндік напақасын бюджеттен тауып отырғандар  газетке жазылады. Сол тәуелді басылымдарды басқа  газеттермен бірге дүңгіршіктерге қойса, ашық саудада оқырман сұранысын  нақты көруге болады.

Ал газетті 40-50-ден асқан адамдар оқиды, жарияланымдар билік пен қоғам арасындағы дәнекер бола білуі керек. Әр нөмірге тек өзекті материалдарды орналастыру оқылатын газетке жетелейді. Объективті, егжей-тегжейлі өткенді білмейінше, қазір де, болашақ болмайтыны белгілі. Газет жазылушылары арқылы өз жұмысын жүргізіп отыр. Газет қашан да ақпарат патшасы болып қала бермек. Ел экономикасының дамуын, қарқынды өркендеуін насихаттау үшін БАҚ-тың тұрақты да жүйелі жұмыс істеуі қажет.  Ал газеттердің төртінші билік есебінде билікке және қоғамдық процестерге ықпал жасауына не кедергі? Хабар, мәлімет беруден аса алмай отырған да жағдай бар. Газет  өңірде шаруашылық жүргізуге кедергі болған жайттарды жою жолдарына үн қосып отыруы жетіспейді. Ол үшін шаруашылықтарды аралап жаңалық, кемшілікті көзбен көріп, мүмкіндіктерді, қиыншылықтарды еңбеккердің өз аузынан құлақпен естіп, саралап, жергілікті жердегі тіршілікті шынайы газетке жарияласа, кейбір проблемалардың оң шешілуіне мұрындық болады.

Өңірде әрбір өткізілген іс-шараларды жария еткенде газет бетінің көлемді жерін міндетті түрде аймақ басшылары суреттерін қосып беру тәжірибеге айналды. Басшы қызметтегі адамдарымыздың суреті бар газеттер кітапханаларда ғана ұқыпты сақталады емес пе? Жалпы құнды еңбек туралы жазылса ғана оның иесін суретімен беру ескерілсе. Бұл мәселе құран аяттарының газетке басылуына да байланысты.

Қоғамның пікірін қалыптастыру, ақпаратпен қамтамасыз ету, ағарту, хабар беру және экономикалық жағынан үлес қосу сияқты қызметтер ақпарат құралдарының қызметі. Ұлттық идея бүгінгі жаңа буын, жас ұрпаққа берер сабағы мен философиялық салмағы, əлеуметтік қуаты жоғары. Əрбір жеке адам ғұмыры өлшеулі болғанымен, ол ұрпағымен мəңгілік. Бүгінгі күні де ұлттық идеяға қатысты өзекті мəселелер күн тəртібінде болмақ. Ұлттық идеяны көтергенді жау санау үрдісі қалыптасуда. Оны ойлап шығарудың қажеті жоқ, ХХ ғасырдың басындағы зиялы қауымның ұлттық сананы оятуға ұмтылуын жалғастырса болады.

Мемлекеттік тілдің қоғамда қолдану аясын кеңейту бір жарлықпен орындала қоятын іс емес. Мемлекет құраушы ұлт өз жауапкершілігін түсініп, өз тілінде сөйлеп, қоғамда тілдік орта құру қажет. Оның басымдылығы болу керектігін еш солқылдақтық танытпай, ашық түрде ұлттық идеяны қалыптастыруда біздің бірлігіміздің түбірлерін дұрыс түсініп, кез келген тарихи түртпектеуді теріске шығаруы қажет, өйткені артқа көз сала отырып, келешекті көруіміз керек. Келешек жастардікі. Тіл мәселесінде біраз уақыт ішімізде кертартпалық болуы заңдылық. Сол үшін балабақша, білім ордаларында, адам көп жиналған жерлерде  мемлекеттік тіл басымдылығына көп мән берілу керек. Бұл жұмысты БАҚ-да жүргізуі керек.

Халықтың ақпарат алу, талдау мүмкіндігі молайды.  Банкир Н.Ротшильд: «Ақпарат кімге тиесілі, ол әлемге иелік етеді» деген. Бүгінде әлеуметтік желілерден, теледидар мен радиодан мол ақпарат алсақ та, республикалық, облыстық және аудандық баспа басылымдарының маңыздылығы ерекше. Ал ауыл тұрғындары үшін, әрине, оның өзіндік басымдықтары бар. Газет бетінен тұрғындар аймақтық маңызы бар, жақын жерде болып жатқан жаңалықты, жұмысшы  адамдар туралы, фермерлердің, дәрігерлердің проблемалары мен жетістіктері туралы біледі. Мемлекеттік тілдегі бұқаралық ақпарат құралдары үшін өзекті мәселе болып табылады. Әлеуметтік желі аудан тұрғындарының тіршілігінен мәлімет бермейді.

Республикалық, аудандық,  облыстық газеттерге жазылып қазақ басылымдарын қолдау – азаматтық парыз. Мерзімді басылым беттеріне өзекті мәселелерді көтеріп, үн қосу – қоғам дамуына үлес қосу деген ұғымды білдіреді.

 

 

  Нұрлан ЕРДӘУЛЕТҰЛЫ,

зейнеткер, Шелек ауылы.

Бейсенбі, 21 Қазан 2021 16:10

Зиялы қауымның қолынан не келеді?

Қазақстан Республикасы Президенті Қ.Тоқаев 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында:  «Халқымыз үшін зиялы қауымның орны қашанда ерекше. Ұлт тағдыры сынға түскен сәтте көзі ашық азаматтар әрдайым көш бастаған. Ел ағалары бір ауыз сөзбен тентегін тыйып, тектісін төрге оздырған. Қазір – ғаламтор дәуірі. Ондағы бей-берекет ақпарат тасқыны ұрпақтың санасын улап жатыр. Дәл осы кезеңде ұлт зиялыларының ұстанымы және белсенділігі айрықша маңызды. Сондықтан, зиялы қауымды ел болашағына әсер ететін әрбір мәселеден шет қалмауға шақырамын» – деген сөздері қолға қалам алуға және де Президентіміздің ел басқару ісін, идеология саласын қайта құру қажеттігі туралы  ұсыныстары түрткі болды.

Қоғам мен мемлекет өмірінің күрделі кезеңдерінде түрлі тарихи процестер мен себептер нәтижесінде ұлттың өзін-өзі құтқару функциясы іске қосылып  тарихи, тұлғалар пайда болады. Ата-баба ұстанған үрдісі «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» қағидалары негізге алынып, қайраткерлік пен зиялылықтың эталоны ретінде болған. 

Тарихымызда  қазақтың зиялы қауым өкілдері қоғамды алға қарай жетелеуде, жаңа мақсаттарға жұмылдыруда шешуші рөл атқарып,  моральдық құндылықтарды қалыптастырып, оның рухани дамуына ұйытқы болып, істері, еңбегі, тұшымды сөзімен  жастарға бағыт-бағдар беріп, келелі мәселелерді көтеріп, өзекті сұрақтарға жауап іздеп, пікірталас тудырып, ой салып қызмет атқарғаны белгілі.

20 ғасырда зиялы қатарына қазақ елі тұтастығын сақтап қалған Ж.Ташеновты, ұлт мақтанышы Б.Момышұлын, Шелек өңірінде  30 жылдарда ортақ қазан ұйымдастырып ауылдастарын аштықтан қорғап қалған асысағалық Х.Бектемісованы,  екінші дүниежүзілік соғыс жылдары  бір үйде балаларды бақтырып, аналарын колхоз жұмысына қатыстырған К.Мақатаеваны,  ру  ынтымақта болуын көздеген Сабаншы биді, саламаттық өмірді уағыздаушы  А.Рахимовты атауға болады.

Баспасөзде: «Бүгінгі зиялылардың басым көпшілігі қара басының ғана қамын ойлаудан әрі аса алмайды. Олардың  бойынан жасықтық, солқылдақтық, ымырашылдық жиі байқалады. Билік пен халық арасындағы мәселелерді реттеуде әлсіздік танытқан  жалтақ адамдар. Ой еркіндігі отбасылық немесе асханалық батырлықпен шектеледі» – деп  кінә тағуда. 

Бүгінде  әр азамат ел тәуелсіздігін қамтамасыз ету үшін алдындағы үлкен борышты жете сезініп, ерінбей еңбек ету, істі кәсіби дағды жауапкершілікпен  жүзеге асыру, тәртіп,  терең білім және ұлтжанды болу міндеті тұр.

Халық мұқтаждығын билікке жеткізу – зиялы қауымның басты міндеті. Қазіргі таңда жемқорлықтың алдын алуға айрықша басымдық берілген уақыт. Бүгінгі  құндылықтардың шешуші «элементінің бірі – тізім». Тізімдер кабинетте құралады. Ол тізімге ілігудің жолы – коррупция. Арабтар елде билеуші көп болса, ол ел құлдырайды деген екен. Бізде билік «команда» дегенді тауып, биліктегілердің руы, туыстарына бағдаршамның жасыл көзі ашы-лып, жемқорлыққа жол ашылды. Партияға бөлініп, «сайлауда біз жеңдік деп уралау» жол алды. Олай бөліну – саяси қателік. Бүгінде сайлауға тізімдегілердің қанша  пайызы  қатысатыны белгілі.  Кім кімнен жеңілді түсініксіз. 

Қазақтың әлеуметтік-психологиялық жағдайының нашарлығы, ана тілінің жай-күйіне, денсаулық сақтау, білім беру деңгейіне көңілі толмауы, азып-тозуын түрлі саяси күштердің өз пайдаларына жаратуы елге қатер төндіреді.

Қазақтың маңдайына көп этникалық елде өмір сүруді тағдыр жазған. Елде ұлт өкілдері арасында ынтымақ және айрықша бір менталитет  бұрыннан қалыптасқан. Біртұтас қоғамдастықты сақтап, бекіте түсу, мемлекет құру жолындағы  қиындықтар халықты бір-біріне жақындастырды. Тәуелсіздігіміздің баянды болуына  қазақ жауапты. Қазаққа қазақтың ғана жаны  ашиды. Себебі, бұл – ата-бабамыз аманаттаған туған жеріміз, ал көптеген этностардың тарихи Отаны бар. Қазақ пен басқа этнос өкілдері арасында қақтығыстардың шығу тегі негізінен қазақ шенеуніктері қызмет бабын пайдаланып  этнос өкіліне «көмектесіп» отыру салдарынан олар шенеуніктерді арқа тұтып жергілікті қарапайым адамды менсінбей, дандайсып кердең кеткеніне бірнеше рет куә де болдық. Елдімекенде этнос өкілдері мен қазақ  арасында кейде бой алатын келіспеушіліктер, немесе, жол бойында болған автоқақтығыстары, мәдени қызметкерлер өмірі ешкімді қызықтырмайды. БАҚ үлгілі істерді, еңбек өнімділігін арттыру жолдарын, жоғары адамгершілікті,  ұлттар достығын паш ететін жаңалықтарды  бергені пайдалы.  

Қазақстанның барша азаматтарының қазақ тілін білуі – елдің тұрақтылығы мен гүлденуінің кепілі, барлық этносты өзара жақындастырады. Қоғамда  қазақ тілі тұрмыс саласын ғана  иемденуі қынжылтпай қоймайды. Елдегі ұжым, кәсіпорын, мекемеде, қызмет көрсету орын-дарында мемлекеттік тілді қолдануды талап ету, оны қолдану – қажеттілік. Туған тіл мен мәдениетті сақтау, билікке араласу сияқты маңызды мәселелер көбіне жергілікті биліктің ерік жігері мен қалауына тәуелді болып қалды. Кәдімгі үй ішінен үй тұрғызғанмен бірдей  ассамблея  идеясы әр этностың этникалық тұрғыдан оқшаулануына әкеліп соғуы қазақ тілінің қоғамдағы ролін төмендетіп жіберді. Мемлекеттік тілді үйрену балабақша, мектептен бастайық деген жоспар да іске толық аспауда. Білім ошақтарында 47 пайыз орыс тілінде сабақ жүргізіледі.  Жоғарғы оқу орны, балабақшада да бұл көрсеткіш мәз емес. 3 миллион оқушыға 9 тілде оқулық шығаруға мемлекет қаражат жұмсап, ұлттық экономиканың дамуына кері әсерін тигізіп келеді. 1923 жылы Түркия Президенті Мұстафа Кемал Ататүрк елде тұратын 78 ұлт өкілдеріне бір тілде сөйлеуге шақырған ұсынысын  Қазақстанда да қолданып, мектеп оқулықтарын бір тілде шығаруға 2040 жылға дейін бағдарлама қабылдауды батыл ойластыру керек. Орыс тілді тұрғын жоқ елдімекенде 1 сыныпқа оқушы орыс бөліміне қабылдауды тоқтату сол мектепте оқу сапасын көтеруге жол  ашады.

Зиялы қауымның негізгі ерекшелігі – ой еңбегі. Өзі өмір сүретін кезеңнің ауыртпалығын молынан көрген соған жауап іздейтін  зиялы қауым. Әрі билікке сырттан қарайды. Өз дәйегін келтіреді. Маңызды мәселелерге үн қатып,  халық атынан сөйлеп, оған өз айтқанын жеткізетін адам.

Билік еркін зиялы қауымның ашық пікірсайыс алаңын қалыптастыруға мүдделі емес. Сондықтан да әкімдердің жылда халық алдында беретін есебі тоқтады. Ашық пікір сайыс алаңы тұрақтылыққа кедергі келтіреді. Ел тыныш болсын деген ойды ұстанады. Тұрақтылық жағдайында қоғам өз жеткен құндылығын сақтап қалуға тырысады және оған арқа сүйейді. Ал тұралау – тоталитарлық қоғамға тән құбылыс. Тұралауды тұрақтылық деп түсінетін, ұлтшылдықты фашизмге теңестірген қоғамда зиялы қауымның үні керек. Ол үн халықтың саяси мәдениетін қалыптастыруда, өркениетті елдер қатарына қосылуына қажет. Зиялылық ұғымы ұлтқа деген көзқарасына орай бағалануы тиіс. Пиғылы оң – зиялы, абырой әкеледі, пиғылы теріс – зиянды. «Ұлы адам өз ескерткішінің тұғырын орнатады, мүсінін болашақ соғады» деген В.Гюго.

Ел басшысы Жолдауында зиялы қауымға жастарды тәрбиелеуде алдыңғы қатарда болуды сұрады. Ақсақалдар алқасында, қоғамдастық  жұмысына белсене  араласатын  үлкендерді  бөліп-жарып атау дұрыс болмас. Олардың көбі жоғары білімді, түрлі салада еңбек еткен, ұтқыр ойды тәрбиеге ұластыра алған, өзіндік ойы, пікірі бар адамар. Ауыл тіршілігінде  көше тазалығынан бастап, маусымдық шаруашылық жұмыстарды  реттеп, түрлі іс-шараларды өткізуге мұрындық болып, тәрбие жұмысында ақыл-кеңес беріп, тәртіпке шақырып отырады. Кейінгі кезде жиындарға қатыспай жүргенінің себебі неде? Жиындарда көтерілген мәселелердің шешілуіне байланысты. Қоғамдастықтың қоғамдық ұйым дейтін статусы да, дербестігі де жоқ. Өз қалауымен  жиын өткізуге, мәселеге қатысты адамдарды жинауға құқығы жоқ, белгілі бір мерзімге өз басшысын сайлай алмайды. Тұрғындардың маңызды шешімдерді қабылдауға белсенді түрде қатысуы, басым міндеттерді айқындау, шешімдер қабылдау, олардың орындалуы, жергілікті өзін-өзі басқару органдарын сайлауға, ұйымдық, экономикалық және қаржы мәселесін шешуде нақты құқығы туралы, ауыл әкімінің тұрғындарға есептілігін реттейтін  нормативтік бір құжат жоқ.

Әр ауылда тұрғындар жиынында ауылдық кеңес құрып, басқару органы сайланса, зиялылардың, белсендінің белсенділігін арттыруға жол ашылады. Халық сайлаған өзін-өзі басқару органы қоғамдастықтың өз ауылының көшесіне атау беріп, оны облыс бекітуі, оған сенімнің  болмағаны ма?

Ауылға еркіндік бермеу – бұрынғы стереотип. Ауылда ардагерлердің мемлекеттік басқару жүйесіне араласуын ұйымдастыру – халық пен билік арасындағы алтын көпірді орнатумен тең. Жергілікті тұрғындардың ауыл экономикасы дамуына, тәртіп, жастарды тәрбиелеуде, күнделікті ауыл тіршілігі проблемаларын шешуге араласуы ауыл әкімі жұмысына да үлкен көмек болатынын ескеру керек.

Меніңше, халықты жақсыға үндеу, тәуелсіздікті береке бірлік, тұрақтылық арқылы сақтау, оған қызмет жасау жастарымыздың алған тағылымына, ұстанған адамгершілік бағытына, халқымызға тән тәлім-тәрбиелік қасиеттерді бойларына сіңіруіне байланысты. Оның аясына ұлттық мүдде, рухани жаңғыру, тілге, ділге адалдық, отансүйгіштік, елдік патриотизм кіреді. Халықтық құндылықтарымызды сақтап дамытудың басты қайнар көзінің бірі – тәрбие. Сайып келгенде, тәрбие жұмыстарына зиялы қауымның потенциалын пайдалануға күш салу керек. Бүгінде ішкі саясат, мәдени қызметкерлерден асаба, әншілер әлдеқайда жастарды ұйытып көңілдерін көтеруде. Ауыл  белсенділеріне  қосылып, тәрбиелік жұмыстарды ұйымдастырып, халықпен етене араласу  билікке  көзқарасты  өзгертеді, нәтижесі де оң болмақ.

Мемлекет басшысы идеологиялық қызметкерлерге білім, тәжірибе, ой ұшқырлығы, инициатива жетіспейтінін айтып, ел болашағына әсер ететін әрбір мәселеден шет қалмауға шақырды емес пе?

Сондықтан өткізілуге жоспарлаған әрбір іс-шараны науқаншылыққа,шоуға айналдырмай, мағыналы, тәрбиелік мәні қатысушыға бір ой салатындай деңгейде ұйымдастырса, оған бөлінген қомақты бюджет қаржысы құмға құйған судай  болмайды, нәтижесін береді.

Аудандық ақсақалдар кеңесі өңір әкімі аппаратының бөлімдерімен бірігіп, құқық қорғау орган қызметкерлерін араластырып, қоғамдастық, ақсақалдар алқасы жұмыстарын жақсарту үшін аудан көлемінде Кеңес құрып, ауылдық ақсақалдар алқасының төрағаларымен ақылдасып, тәжірибе алмасып, жұмысты жандандырып отыруды қолға алу керек. Дәстүрлі сабақтастық жағдайында, ұрпақтар арасындағы рухани байланыстар негізінде жүріп жатса, оның ықпалы үлкен, әсері арта түседі Біріншіден, белсенділер басы қосылып, алдағы жұмыстарына бағыт-бағдар алады, тәжірибе алмасады, үйренеді. Екіншіден, жастар шыңдалып үлгі алады,  алдағы уақытта ағалар ісін жалғастыруға дайын болады. Аудан көлемінде жағдай қалай болып жатқанынан хабардар болып отырады. Осындай іс-шаралар өткізу барысында зиялы қауым өзін-өзі танытады.

 

  Нұрлан ЕРДӘУЛЕТҰЛЫ, зейнеткер, Шелек ауылы.

Бейсенбі, 21 Қазан 2021 16:08

«Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы»

Қазақтың ұлы Абайы:

«Туғанда дүние есігін ашады өлең,

Өлеңмен жер қойнына кірер денең...» – деп өлеңнің адам өміріндегі, қазақ тұрмыс салтындағы орнын екі-ақ жолға сыйғызып берді.

Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы,

Қиыннан қиыстырар ер данасы.

Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,

Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы – деп өлеңнің сөз өнеріндегі орнын сол өлеңнің төрт жолымен айқындады.

Өнерге, оның ішінде өлеңге қазақтың қаншалықты жақын болғанын, бүгінгі күні  сүйінсе де, күйінсе де өлеңге жүгінетінін халқымыздың «әу» деп, «мәу» деп өлең айтпағаны жоқ» деген мәтелі де айтып тұр.

Бірақ дана Абайымыз:

Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы,

Сонда да солардың бар таңдамасы.

Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын,

Қазақтың келістірер қай баласы?

...Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы,

Ол – ақынның білімсіз бишарасы – деп қатаң талап қойды сөз өнерінің асылы – өлеңге, осы өнерге бет қойған «ер данасына», «өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» деген әр қазақ баласына.

Халық әні деп аталып кеткен «Елім-айдың» сөздеріне үңіліп көрейікші:

«Қаратаудың басынан көш келеді,

Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді».

Жоңғар шапқыншылығы кезіндегі ұлт басына үйірілген қара бұлтты трагедияны екі жол өлең жолдарымен жеткізген сол Абай айтқан «ер данасы» қазақтың аты ұмытылған қара баласы. Өлең ән болып, авторы халық болып еліміздің жадында қалды.

Ол заманнан бергі Мағжан Жұмабаевтың, одан да бергі кеше ғана тоқсанын ел болып атап өткен замандасымыз Мұқағали Мақатаев өлеңдерінің әр сөзі ел жадында жатталып қалған жоқ па? Жақсы сөз, жүректен шыққан сөз жүрекке жетеді деген тәмсіл бар. Белгілі ақын дәрежесіне жеткен жолдасым: «Алдымен ойыма толғандырар тақырып келеді. Сонан кейін айлар бойы сөз таңдап, сараптап, қағаз бетіне түсірем. Ол түскен жолдарды өңдеп, үш-төрт рет түзеп-күзеп, редакциялап, машинкаға басамын. Әлбетте әр ақынның өз жұмыс стилі, өз әдістері бар емес пе? Суырыпсалма ақындар да болған, қазір де бар. Көп жылдар бойы араласып, шығармашылығын дәріптеп, білдірмей көз қиығымен ғана қарап, ренжітпей ақындық жұмысын бақылап ой түйген Тұмаш аға – Тұманбай Молдағалиевтің әңгімелесіп отырып, ойланып қалатынын, сол ой үстінде жыр жолдарын жадына сақтап, ертесіне ел шырт ұйқыда жатқанда қағазға түсіріп, әр сөзіне, үтір нүктесіне дейін түзеп барып, баспаға беретінін білетін едім.

Ал осы Тұманбай ақын әр кезде: «...Менің балаң-жырларыма алғаш батасын берген осы Еркеш болатын» – деп, «Асыл аға, ақын бауыр, дос Ереке» деп аузынан тастамай айтып жүретін көкшелік ақын Еркеш Ибраһимнің Мәскеуден келген майдангер орыс ақынның өтінішімен менің әкем Қасымның шаңырағында дәмдес болып отырып, қазақтың ұлттық сусыны қымыздың бірінші рет дәмін татып, қатты ұнатып қалғанын айтып Еркеш Ибрагимнен үш-төрт жол қымыз туралы өлең жазып беруін өтініп еді. Еркеш аға қымыз туралы өлеңді сол жерде, дастархан басында отырып-ақ жазып қана қойған жоқ, әр жолын орысшаға аударып (подстрочник дейді ол тәржіманы), Сергей Никитинге ұсынды. Ол Сергей аз ғана уақыт мұрсат сұрап, айналасы 20-30 минут ішінде 4-5 шумақ қымыз туралы өлеңді оқып та берді. Есімде қалғаны:

«...Непорочная брага степей

Белопенный кумыс...» деген жолдары ғана. Ішімдік жайлаған көрші Ресей елінде қанттан, қызылшадан «брага» деген ішімдік ашытады да, одан «самогон» деген пәлені өндіреді. Міне, «непорочная брага степей» дегені Еркеш ақынның күнәдан пәк, қазірше айтсақ, халал, адал ас-сусынды талантты орыс ақыны екі-ақ жолмен суреттегені есімде. (Толық мәтінін өкінішке қарай таппадым, одан бері 55 жыл өтіпті.)

«Өлеңге әкімнің-ақ бар таласы» деп Абай жай ғана айта салған жоқ. Шүкіршілік екі өңір қосылып, Еңбекшіқазақ деген үлкен аумақты құрап отырған ауданымызда бастауыш сынып оқушыларынан бастап алпыс-жетпістен асқан қарияларға дейін қалам ұстап, компьютерге үңіліп, ырғақтың ығында, ұйқастың уысында отырып өлеңге қол сермейтін авторларымыз аз емес. Аудан тұрғыны, сол авторлардың бірі С.Е. атты азаматтың әкеліп тапсырған өлеңдерін өңдеу қиынға түсті. Кәсіби ақынның алдынан өтті ол өлеңдер. «Түзеуге, өңдеуге келмейді» деді ақын. Газеттің редакторы ретінде, шығармашылықты қолдайтын басшы ретінде ол кісінің туған еліне, өсіп-жетілген ауылына деген сезімін бағалай отырып, алдымен туған өлкені, замандастарыңызды қара сөзбен-ақ әсерлеп суреттеп беріңізші деп өтіндім. Бірақ көне қоятын автор болмаған соң, осы әдебиет бетіне еш өңдеусіз қаз-қалпында беруге шешім қабылдадым. Бағасын білікті, көзі қарақты оқырман бере жатар. Егер қажет деп тапса... 

 

 

Х.ҚАСЫМҰЛЫ.

Бейсенбі, 21 Қазан 2021 15:03

COVID-19: Аудандағы ахуал

Бір аптада (13.10 – 19.10.2021 аралығында) Еңбекшіқазақ ауданында ПТР сынама арқылы 100 адамнан коронавирус анықталды. Олар:

Есік қаласы – 29

Байсейіт – 12

Шелек – 11

Қаражота – 7

Достық – 5

Жаңашар – 4

Бәйтерек – 4

Ақши – 4

Ташкенсаз – 3

Қызылжыр – 3

Ащысай – 2

Өрікті – 2

Масақ – 2

Май – 1

Бижанов – 1

Бірлік – 1

Малыбай – 1

Қырбалтабай – 1

Бөлек – 1

Әймен – 1

Ақбастау – 1

Ават – 1

Көктөбе – 1

Түрген – 1.

 

Тіркелген науқастардың әлеуметтік-кәсіби мәртебесі төмендегідей:

32 науқас – жұмыссыз

20 науқас – зейнеткер

13 науқас – мектеп оқушысы

11 науқас – жеке кәсіпорындарда жұмыс істейді

9 науқас – ұйымдаспаған бала

10 науқас – студент

5 науқас – мұғалім.

 

Мәлімет Еңбекшіқазақ аудандық санитарлық-эпидемиологиялық

бақылау басқармасынан алынды.

Бейсенбі, 21 Қазан 2021 14:03

Алматы облысы «қызыл аймақта»

Соңғы тәулікте өңірде Covid-19-дың оң нәтижесін көрсеткен 158 жағдай тіркелді. Өсім қарқыны - 0,3% құрады. Оқушылар арасында 18 жағдай, студенттер арасында 6 жағдай және мұғалімдер арасында 5 жағдай анықталды.
Ауданда КВИ аурушаңдығы: Алакөл-14, Балқаш– 2, Еңбекшіқазақ-15, Ескелді-9, Жамбыл-5, Іле-3, Қарасай-13, Қаратал-11, Кеген-2, Кербұлақ-1, Көксу - 5, Панфилов-27, Сарқан-3, Талғар–10, Ұйғыр–8, Талдықорған-20, Текелі-7, Қапшағай қаласы-3.
21 қазандағы жағдай бойынша облыста барлығы 54 297 зертханалық расталған КВИ жағдайы тіркелген, оның ішінде 40 202 белгілері бар.

Соңғы жаңалықтар

Қаз 04, 2024

Как сохранить природу и добывать…

Метод подземно-скважинного выщелачивания (ПСВ) урана считается более экологичным и…
Қаз 04, 2024

Эксперт: IT-гиганты делают ставку на…

Эксперт: IT-гиганты делают ставку на атомную энергию для обеспечения устойчивости…
Қаз 04, 2024

Қазақстанда өндіріс саласын қалай…

Мәжіліс депутаты Мұқаш Ескіндіров осы мәселеге қатысты ойын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ…
Қаз 04, 2024

Обращение с ОЯТ

От момента принятия решения до начала работы атомной станции пройдет около 10 лет. Это…
Қаз 04, 2024

Депутат оценил риски для экологии…

Почему атомные реакторы поколения III+ безопасны для населения и экологии,…
Қаз 04, 2024

Жас маман АЭС жөнінде: Басқа…

Ядролық энергетика саласындағы жас маман, «Болашақ» бағдарласының түлегі Әсет Махамбетов…
Қаз 04, 2024

Асхат Бекбаев: АЭС салу арқылы…

6 қазанда елімізде АЭС салу мәселесі бойынша референдум өтеді. Осы орайда біз атом…
Қаз 04, 2024

Атом электр станциясын салу – ұзақ…

Бұл Тәуелсіз Қазақстанның бүкіл тарихындағы ең ірі жобаға айналады. Бүгін мәслихат…
Қаз 04, 2024

Готовят ли в Казахстане специалистов…

Одним из вопросов основных вопросов касательно АЭС сейчас является наличие и подготовка…

Күнтiзбе

« Қазан 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31      

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет