Сәрсенбі, 17 Қараша 2021 10:06

Біздің колледж үздіктер қатарында

 

Ауданымызда ғана емес, облыс көлемінде үздіктер қатарында тұрған орта кәсіптік білім беру мекемелерінің бірі де бірегейі – «Есік гуманитарлық-экономикалық колледжі». Талай маманның болашаққа нық қадам басуына себепші болған оқу орнының құрылғанына биыл 55 жыл толды. Осыған орай колледж  директоры Алмас Жылқыбаевпен сұхбаттасқан едік.

– Тарихты танымай, болашақ та бұлыңғыр. Әсіресе, оқу орнының 55 жылдығы сынды үлкен мерекеде бүгінгі жетістіктердің іргетасы қаланған – кешегі күнге көз жүгіртсек...

– Әрине, тарихымызды танып, жүріп өткен жолымызды ой елегінен өткізгенде ғана қолда бардың қадірі артады. Әрі болашаққа бағыт-бағдар жасау үшін де кеше мен бүгінді салыстыра қарау, тәжірибеге сүйену маңызды. Сондықтан колледж тарихы мен әр жылдардағы атаулы оқиғаларды әркез жадымызда ұстап, студенттерге де үнемі таныстырып отырамыз. Біздің оқу орнымыздың тарихы сонау 1966 жылдан басталады. Сол жылы Қазақстан Коммунистік Партиясы Орталық Комитеті мен Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің 4 наурыздағы № 151 Қаулысымен құрылған. Қаулыға еліміздің біртуар перзенттері – көрнекті партия жəне мемлекет қайраткері Д.А.Қонаев жəне Қазақ ССР Министрлер кеңесінің төрағасы М.Бейсебаевтар қол қойған. Оқу орнын В.Д.Помогалов, В.С.Сагалов, Ж.Н.Букаев, Н.С.Бектасова, Қ.М.Темірғалиев, Т.Е.Естенов, Г.С.Жошыбаева сынды білікті азаматтар басқарып, талай жетістікке жеткізді. Мысалы, Жұмақан Букаев басшылық жасаған кезде училище орта кəсіптік білім беретін оқу орындарының арасында Бүкілодақтық жарыстарға қатысып, 1984 жылы КСРО ОК мен БОКОК-тың ауыспалы Қызыл туын жеңіп алған. Осылайша оқу орнын Одақ көлемі түгел таныған. 1993 жылы педагогикалық училище педагогикалық колледж болып қайта құрылды. Ал 2009 жылы «Есік педагогикалық колледжі» мемлекеттік қазыналық кəсіпорнының атауы «Есік гуманитарлық-экономикалық колледжі» болып өзгерді. Осы істің басы-қасында болған ҚР Білім беру ісінің үздігі, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Алматы облысының Құрметті азаматы Тоққожа Естеновтің колледждің жаңа мамандықтар дайындауына, оқу орны ғимаратының күрделі жөндеуден өтуі, материалдық-техникалық базасының нығаюы, колледж мұражайының, «Сақ» дизайн студиясының ашылуына сіңірген еңбегі мол. Сондай-ақ ҚР Білім жəне ғылым министрлігінің 20.08.2014 жылғы №346 бұйрығына сəйкес «Өзін-өзі тану» рухани – адамгершілік білім беру пилоттық жобасы негізінде жұмыс істейтін ұйымдарының тізіміне Есік гуманитарлық-экономикалық колледжінің енуіне іскер басшы, ҚР білім беру ісінің үздігі, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері, Еңбекшіқазақ ауданының Құрметті азаматы – Гүлнар Жошыбаева үлкен үлес қосты.

– Кезінде КСРО-ның ауыспалы Қызыл туын жеңіп алған оқу орнының бүгінде қандай жетістіктері бар?

– Жалпы колледж, жекелей ұстаздар мен шәкірттер білім-ғылым, өнер мен спорт сынды салаларда өзгелерден оза шауып, үздіктер қатарында екенін көптеген байқаулар мен жарыстарда дәлелдеп келеді. Мысалы, мен 2018 жылдың 18 сәуірінде «Есік гуманитарлық-экономикалық колледж» МКҚК директоры болып тағайындалдым. Дәл сол кезде оқу орны халықаралық аккредитацияға дайындық жасап жатыр екен. Жаздай дайындалып, сол сыннан сүрінбей өттік. Институционалдық және мамандандырылған аккредитациядан жоғары бағамен өту – біз үшін үлкен жетістіктің бірі. Былтыр Алматы облысында өткен World Skills чемпионатына қатысып, бастауыш білім беру және мектепке дейінгі тәрбие сынды екі мамандық бойынша бірінші орынды жеңіп, республикаға жолдама алдық. Күні кеше ғана Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінде өтіп жатқан сол республикалық чемпионатқа барып келдік. Оның нәтижесі желтоқсан айында шығады. Тағы да айтар жаңалығымыз – жыл сайын облыс бойынша «Үздік кәсіптік білім беру ұйымы» байқауы өтеді. Осы байқауға биыл қатысып, үздік деп танылдық, І дәрежелі дипломға ие болдық. Бұған дейін 2011 және 2016 жылдары да осы биіктен көрінген колледж жетістіктерін сағаттап айтуға болады. Тіпті былтыр онлайн оқу барысында да түрлі байқауларға қатысып, үздіктер қатарында болдық. Қазір облыста барлығы 76 колледж болса, біздің колледж соның үздік бестігіне кіреді.

– Даму – үздіксіз процесс. Колледждің жаңа деңгейге шығуы, студенттердің жағдайын жақсарту үшін алға қойған қандай мақсат-жоспарларыңыз бар?

– Жоспар демекші, жоспар бойынша биыл газбен жылыту жүйесіне қосылуымыз керек еді. Бірақ пандемияға байланысты бұл жұмыс сәл кешігіп жатыр. Осы іске күш салып, оқу ғимараты ғана емес, жатақхананы да газбен жылыту жүйесіне қосамыз. Сондай-ақ мен осында келген жылы-ақ жаңа бесқабатты жатақханаға сұраныс бергенбіз. Оның ғимаратына жер де бөлініп қойды. Бұдан бөлек ескі жатақхананы күрделі жөндеуден өткізу де жоспарда бар. Ол жұмыстар ғимаратқа жөндеу жүргізу заңдылығына сәйкес 2022 жылы басталуы керек.

– Жаңа жатақхана қанша орынға жоспарланып отыр?

– 200 орынға. Пандемияның алдында Талдықорған жоғары политехникалық колледжінде жаңа типтегі жатақхана ашылды. Мен оны арнайы барып көріп келдім. Егер тура сондай ғимарат салып берсе, студенттерге өте жақсы жағдай жасалар еді.

– Қазір қанша студент жатақханамен қамтылған? Жалпы, оқу орнындағы студент саны қанша?

– 400 студент жатақханамен қамтылған. Жатақханадағы орындарды үлестіргенде алдымен 1-2-курс студенттерін қамтуға көңіл бөлеміз, сондай-ақ балалардың әлеуметтік жағдайына баса назар аударамыз. Ал жалпы, білім алып жатқан шәкірттер саны – бүгінде 1182.

– Студенттердің негізгі екі мәселесінің бірі – жатақхана болса, екіншісі – оқу ақысы, грант жайлы айтсаңыз...

– Мемлекеттік оқу орны болғандықтан біздің колледжге мемлекеттік грант бөлінеді. «Педагог мәртебесі» туралы заң қабылданғалы бері мұғалім мамандығына сұраныс өте жоғары. Биыл абитуриент те көп болды. Соған орай осы оқу жылына қосымша орындар қосылып, бізге 325 грант бөлінді. Бұдан бөлек шетел тілінің мұғалімі, дене тәрбиесінің мұғалімі, бастауыш білім беру мұғалімі сынды мамандықтарға сұраныстың көптігінен ақылы топтар ашылды. Қазіргі таңда колледжде 6 мамандық, 9 біліктілік, оның ішінде 6 педагогикалық мамандық бойынша мамандар дайындаймыз. 55 жылдық тарихы бар үлкен оқу орны болғандықтан оқытушылар құрамы да соған сай, жанжақты білімді, білікті мамандар. Бүгінде 123 педагог бар.

– Оқу орнының материалдық-техникалық базасы толық жабдықталған ба?

– Болашақ мамандардың сапалы білім алуы үшін оқу орнында бар жағдай қарастырылған. Колледждің материалдық-техникалық базасы заман талабына сай, оқу кабинеттері жаңа технологиялық, ақпараттық құралдармен жабдықталған. Колледжде 48 оқу кабинеті, 4 зертхана, əр мамандықтың қажетіне сай бөлінген 300 компьютер, интернет класс, 30 интерактивті тақтамен жабдықталған оқу жəне мультимедиа кабинеттері, интернетке қосылуға мүмкіндік беретін wi-fi нүктелері бар. Оқу ғимаратының кіреберісі мен мəжіліс залында замануи LED экрандар орнатылған. Аталған құрылғылар – тəрбие мен оқытуды ұйымдастырудың тиімділігін арттыруда көп көмек. Сонымен қатар колледж асханасы мен спорт кешенінде де студенттер мен оқытушыларға бар жағдай жасалған.

 

Сұхбаттасқан

Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

"Жалпақ жұртыңды, иісі алашыңды құрметтеу – алдымен өзің тұрған өлкенің тарихын, табиғатын танудан, адамдарын ардақтаудан басталады".

                 Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Ұлт бірлігі – ұлы байлық. Ұлттық дамуда мызғымас ұлт бірлігі аса маңызды.Рухани дүниелер арқылы қоғамға үлкен маңыз берген бастама – ұлттық рухани құндылықтарымызды ұлықтауға бағытталған.Ұлттық рухымызды көтеру үшін, әлбетте, төл тарихымызды тәрбиенің түп қазығы ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу қажет. Келешек ұрпақты адамгершілікке тәрбиелеу – бұл тек тарихи-мәдени мұрадан хабардар етіп қана қоймай, сонымен қатар болашақта қоғамның тұтқасы болар білімді, тәрбиелі, мәдениетті азаматты қалыптастырады. Әрбір мемлекет рухы таза, санасы биік, білімді де білікті ұрпағынан қуат алады. Ол өзінің әрбір жаңа буын жас ұрпағы жетілген сайын дамудың жаңа биіктеріне көтеріледі. Ал бүгінгі қоғам алдында тұрған ең жауапты міндет – еңселі еліміздің кірпіші болып қаланатын әрбір қоғам мүшесін, яғни жас ұрпақты адамгершілік қасиетке тәрбиелеу, тиянақты білім беру болса, бұл жауапты міндетте ұстаздар қауымы зор еңбек атқаруда. Адам бойында рухани-адамгершілік құндылықтар болмаса, олардың орнын ешқандай терең білім толтыра алмайтынын өмірдің өзі дәлелдеуде. Тарихымызды тереңірек танып білу, өткенімізді дәріптеу мақсатында аудандық кәсіподақтың ұйымдастыруымен тәуелсіз Қазақстанның сакралды орындарының бірі саналатын киелі Түркістан өңіріне танымдық экскурсия жүргізілді. Түбі бір түркіні біріктіру ұлы мақсат болса, оның бастауы – Түркістан. Елбасының шешімімен облыс орталығына айналған киелі Түркістан ер түріктің бесігі тарихи маңызы арта берер өлке болмақ. Түрленген, жасарған өлке қуатты экономикамыздың потенциалын айғақтайтын, әлі талай бастауды ер-кін бағындырар өлке екені сөзсіз.Руханият шамшырағы саналатын киелі Түркістанға танымдық экскурсияға аудан мектептерінің кәсіподақ мүшелерінен 100 адамнан құралған топ барып келді. Танымдық экскурсия барысында Арыстанбаб кесенесіне, Қожа Ахмет Яссауи мавзолейіне, келбеті керемет сәні мен салтанаты ерекше салтанат құрған Керуен сарайға саяхат жасалып, ұстаздар қауымы саяхаттан үлкен рухани азық алып қайтты. Қайтар жолда киелі Айша бибі мавзолейі мен Баба хатун мавзолейіне саяхат жасады. Тәуелсіздіктің  30 жылдығына орай ұйымдастырылған бұл танымдық экскурсия көне тарихи құндылықтарды терең біліп, зерделеуде, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуде алар тағлымы мол саяхат болды. «Барлық ұлылық тарихқа оралудан басталады» демекші, қазақтың қазақтығын іздесең, Түркістанды айналып өту мүмкін емес.Тарихтың қай кезеңінде де елдігіміз бен руханиятымыздың алтын тірегі осы бір Тұранның киелі атырабынан басталары сөзсіз. «Киесінен киік үркіп сүрінген»  деген сөз бар қазақта. Ол осы даланың топырағына берген баға болса керек.Бабаларымыздан калған аманатты келер толқынға сол таза, құнды, бағалы түрде жеткізуіміз керек деп есептеймін.                                                                                                                                      Осы орайда аудан мектептері кәсіподақ төрайымдары атынан осындай керемет экскурсияны ұйымдастырушы аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Надырбаев Серік Дүйсебайұлына зор алғысымызды білдіреміз. Осы экскурсияны ұйымдастыруда ұйытқы болған Гүлнұр Абілқызына, Толқын Нұрмұқашқызына да көп рақмет айтамыз.                                                                                                                                 

«Өткеніңді ұмытсаң – өшкеніңнің белгісі»  дейді дана қазақ. Ауыздан-ауызға, ұрпағына жаттатып берген көптеген құнды дүниелер қазіргі ұрпаққа жеткен. Тарихи жәдігерлерді қаз-қалпында сақтап, тек өзіміздің еліміздегі халыққа ғана емес, шетелден келген демалушыларға, қызығушыларға жағдай жасалып, әлемдік мәдени аренаға шығарып, тарихын, әңгіме-аңыздарын түсінікті етіп жеткізу маңызды мақсаттардың бірі болып тұрған кезеңде осындай саяхаттар алдағы уақытта да ұйымдастырылмақ.

 

Жанатгүл БУТИМБАЕВА,

Алматы облысы балалар мен жасөспірімдердің спорттық   туризм және экскурсия орталығының кәсіподақ ұйымының төрайымы.

Киіз үй – сахара мәдениетінің, сәулет өнерінің биік шыңы, көшпелілердің баспанасы. Несіпбек Айтұлы қазақша сөйлеткен, Қытай ақыны Бо-Цзюй-и:

Киізіне жүні кеткен мың қойдың,

Шаңырағы қайыңынан күнгейдің.

Әрі берік, әрі ыңғайлы, әрі әсем,

Дей алмаймын ағашына мін қойдым, – деп қазақтың киіз үйін тамсана жырлаған екен.

Біз бұл өлең жолдарынан ақтылы қойдың жүнінен жасалған қазақ киіз үйінің ерекше көз тартатынын аңғарамыз. Ал осы киіз үйдің ең жоғарғы бөлігі, пішіні күмбез тәрізді, уықтардың басын біріктіріп тұратын, үйге күн сәулесін түсіріп, жарық сыйлап әрі үйдің ортасына жағылған оттың түтінін сыртқа шығарып тұратын киіз үйдің негізгі сүйектерінің бірі, қазақ үшін ерекше қасиетті шаңырақ туралы не білеміз? Және ол қалай жасалады? Ендігі әңгіме осы туралы болмақ. Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті, елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Рухани жаңғыру» мақаласында: Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуы тиіс, – деген еді. Сондықтан да бүгінгі жас ұрпақ шаңырақтың астындағы салт-дәстүрмен, мәдениетпен етене жақын бола отырып, заманауи құрылыс техникасын да меңгеруі керек деп түсінем.

Қазақ халқы шаңырақ деген сөзге көптеген ұғымдарды сыйдырған. Ертеде қазақтар бір ауылдың, әулеттің, рудың жан санын шаңырақ арқылы анықтаған. Бұл жерде бір отбасындағы барлық жанның саны бір шаңырақ астында болған. Өзімізге белгілі «Шаңырақ салығы» деген салық түрі де болған. Ал қазақ атаның мұрагері ретінде, үйдің орнын кенже ұлына бастырып, ол отырған үйді «Қара шаңырақ», «Үлкен үй» деп ерекше құрметпен қараған. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев «Райымбек, Райымбек» дастанында:

Қара таудың басынан көш келеді,

Қара жорға шайқалып көшке ереді.

Қара күнді жамылып қара қазақ,

Қара түнді басынан кешкен еді.

Қара қайғы көрсетпей ештеңені,

Қара жауы қанатын кескен еді.

Шылғау болып қыздардың кестелері,

Талай қара шаңырақ өшкен еді, – деп күңірене жырлайды. «Талай қара шаңырақ өшкен еді» деген өлең жолдарынан біз «қан кешу, қасап заманындағы» жоңғар шапқыншыларынан талай ауылдың, талай адамдардың жер құшқанын білеміз. Шаңырақтың ерекше қасиетке және мағынаға ие екенін бүгінгі күні Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерінен де көруге болады. ҚР еңбек сіңірген суретшісі, ҚР мемлекеттік сыйлығының иегері Уәлиханов Шот-Аман Ыдырысұлы мен сәулетші Мәлібеков Жандарбек Елтаңбамызға киіз үйдің Шаңырағын бейнелеген. Онда «Шаңырақ: Әлемнің тұтастығын, ошақтың амандығын, білдіреді, бүкіл қазақ елі үшін тіршіліктің, шексіз өмірдің нышаны» делінген. Бұл сипаттама жоғарыдағы Мұқағали Мақатаевтың өлең жолдарымен сәйкес келіп тұр.

Негізінен шаңырақ – «шаң» және «қарақ» деген түбір сөзден біріккен туынды сөз. Түрік сөздері бойынша шаң түбірі «Таң шапағын», ал «Қарақ» түбірі «Көз, қарашық» деген ұғымды білдіреді. Сөзімізді академиік Әбдуәли Қайдардың сөзімен дәлелдесек, зертеуші ғалым: шаңырақ сөзінің түбірі «шаң» сөзі деп, сөзбе-сөз мағынасы «жарыққа қарау» деген ұғым береді. Осы арқылы таңертең түңілік ашылғанда үй ішіндегілер шаңырақ арқылы ең бірінші жарық дүниенің нұры шашылған күн сәулесін көруіне байланысты, «таңды көру немесе таң шапағына қарау» мағынасындағы екі сөздің бірігуінен шаңырақ сөзі жасалады, – дейді.

Киіз үйдің негізгі сүйегі саналатын шаңырақтың да өзіндік жасалатын барыстары бар. Қазақта «Орман аралаған үйші болады, ел аралаған сыншы болады» деген мақал текке айтылмаған. Әдетте киіз үйдің сүйегін жасайтын шеберді үйші деп атайды. Ал осы үйшілер киіз үйдің сүйегіне лайықтап, түзулігін, мықтылығын, ұзын-қысқалығын,  жуан-жіңішкелігін көздерімен көріп жүріп кесіп алады. Көп жағдайда үйшілер жарамды деген ағаштарды, мамыр, маусым, шілде айларында кесіп алып, сыртқы қара қабығын аршып көлеңкеде кептіреді. Көлеңкеде кептіру себебі ағаш жарылып немесе сызат түспеу үшін болса керек. Құрғап қаңсымауы үшін суық су бүркіп отыратын болған. Ал кейбір үйшілердің сиырдың жас тезегімен сылап тастайтын кездері де кездесіп жатады. Көп жағдайда кереге, уықтардың көлеңкеде кептірілу мерзімі 40-50 күн болса, ал шаңырақ ағашының кептірілу мерзімі 60-70 күн айналасында. Ендігі жерде кептірілген ағашты пайдаланатын керегіне қарай июге, бұрауға тура келеді. Ол үшін кепкен ағаш сынып кетпеу керек екенін басты көзде ұсталады. Ағашты қалай исе, солай икемге келуі үшін морға салып балқытады. Ал мор дегеніміз – ұзыннан қазылған шұңқырға қойдың қиын салып тұтатады да үсітне дымқыл көң төгіп бықсытып жаққан ыстық қорда. Кейде қоламта деп атайды. Осы мордағы қи лапылдап жанып кетпес үшін үстіңгі қабатына жылқының жас тезегін ұнтақтап салып, оттың лапылдап жанып кетпеуін қадағалайды. Морда ағаш әбден балқығаннан кейін тезге салып түзейді. Тез туралы зертеуші Жәрдем Кейкін «Қазақтың атаулары мен байламдары» деген кітабында: жерге мықтап орнатылған үш аяқты, ортасы кертіліп ойылған ауыр, қатты, жуан арқалық, бақауыз ағаш. Қазақтың «Тез басында қисық ағаш жатпайды» мәтелінің түп төркіні осы процестен шықса керек, – деп анықтама береді. Морда жақсы балқып, тезде дұрыс иілмеген ағаш, уақыт өте келе өзінің табиғи болмысына тартып, үйдің әдемілігіне нұқсан келтіреді. Сондықтан үйшілер киіз үйдің сүйегін жасарда морлау мен тезге салуға ерекше мән береді. Көп жағдайда шаңырақты қайың ағашынан жасайды. Өйткені қайың ағашы әрі мықты, әрі көрер көзге өте сындарлы көрінеді де бұтақсыз келеді.

Үйшілер ең алдымен шаңырақтың тоғынын жасайды. Тоғын деп – шаңырақтың дөңгелек шеңберін айтады. Екі немесе төрт ағашты иіп қосып, бір шеңбер жасайды. Тоғын жасалып болған соң түңілікті көтеріп тұратын, балауса тал ағашынан күлдіреуіш қояды. Күлдіреуіштің саны әр түрлі, 3, 6, 9-ға дейін болады. Шаңырақтың үлкен-кішілігіне қарай күлдіреуіш саны артып немесе кеміп отырады. Ал осы күлдіреуіштер жиырылып немесе ыдырап кетпеуі үшін кепілдік ағаш орнатады. Үйдің ішінен қарағанда шаңырақ әдемі көрінуі үшін кертіп түрлі өрнектер салады. Ең соңында шаңырақтың сырт жақ кенересінен ішіне қарай жоғары шапшыта көз орнатады. Бұл көздерге уықтың қаламы (ұшы) сұғылады. Көз дөңгелек немесе төрт қырлы болып ойылады. Тоғыны жасалып, күлдіреуіші қойылып, кепілдігі орнатылып, көзі ойылған соң шаңырақты, көрер көздің жауын алу үшін бояйды. Көп жағдайда қазақтар үйдің әрбір материалын қызылмен бояған. Осылайша қазақтың киіз үйінің шаңырағы дайын болады.

 

Қуанәлі АЛМАСБЕКҰЛЫ,

Шелек тарихи-өлкетану музейі.

Дүйсенбі, 15 Қараша 2021 10:33

Тәуелсіздіктің іргетасы

 

ТЕҢГЕ – БІЗДІҢ ДЕРБЕС ЕЛ БОЛҒАНЫМЫЗДЫҢ БЕЛГІСІ. БАСҚАНЫҢ ВАЛЮТАСЫНА ТӘУЕЛДІ БОЛУ – БАРЛЫҚ БАЙЛЫҒЫҢДЫ БІРЕУДІҢ БИЛІГІНЕ БЕРУ. ҰЛТТЫҚ ВАЛЮТА – ЕЛІМІЗДІҢ ДАМУ КӨЗІ, ӘЛЕМДІК ДЕҢГЕЙГЕ ТЕҢЕЛУДІҢ АЛҒАШҚЫ ФАКТОРЛАРЫНЫҢ БІРІ. БІЗДІҢ ЕЛ ТӘУЕЛСІЗДІГІН ЖАРИЯЛАҒАННАН КЕЙІН ӨЗІНІҢ НАҒЫЗ ДЕРБЕС МЕМЛЕКЕТ ЕКЕНІН ПАШ ЕТКЕН ОҚИҒАЛАРДЫҢ БІРІ – 1993 ЖЫЛДЫҢ 15 ҚАРАШАСЫНДА ТӨЛ ВАЛЮТА ТЕҢГЕНІ АЙНАЛЫМҒА ЕНГІЗУІ ЕДІ. СОДАН БЕРІ 15 ҚАРАША – ҰЛТТЫҚ ВАЛЮТА КҮНІ БОЛЫП ЖАРИЯЛАНДЫ. БИЫЛ ТӨЛ ТЕҢГЕМІЗДІҢ АЙНАЛЫМҒА ЕНГЕНІНЕ 28 ЖЫЛ ТОЛДЫ.

Теңге туралы толғансақ, ұлттық валютамыздың атауы тарих тереңінде жатқан орта ғасырлық күмістен жасалған «Деньга» түрік монетасынан бастау алатындығын да айта кету керек. Орыстың «деньги» сөзі де осы ұғымнан алынғанын көпшілік жақсы біледі. Дегенмен, бұл теңге еліміздегі алғашқы ақша деуіміз әбестік болар. Өйткені Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан ежелгі қазақ даласында сауда, айырбас ежелден қалыптасқан. Қазақ халқы мал, бағалы аң терілері, алтын, күміс кесектерін сауда-саттыққа жаратқан. Нақты айтқанда, Ұлы Жібек жолында дирхем мен динардан басқа, пени, манат, фулс, ділдә, жамбы сынды ақша айналымға түскен. Қазекең қағаз ақшаны ақ құйрық, ал металл ақшаны бақыр, қарабақыр, күреш, қаракүреш, шақа, соқыр, жармақ, тиын деп әртүрлі атаған. Одан қала берді алтын мен күмісті салмағы мен көлеміне қарай тайтұяқ, атан-тұяқ, қойтұяқ деп атағаны да көнеден белгілі. Түркі кезеңіндегі монеталарға аверс (тиынның оңбеті) бетінде басылған таңбалар, жыртқыш аңдардың суреті бейнеленгенін тарихтан аңғарамыз. Біз шытырлатып санап жүрген теңгенің атауы Алтын Орда кезеңінде қолданылған. Қазақ ақшасының тарихы, міне, осылай өрбиді.

Ал бүгінгі қолданысымыздағы төл теңгемізді еліміздің қаржылық тәуелсіздігінің символы екенін айрықша атап өткен жөн. Себебі егемендік алып, еңсемізді тіктеген тұста, Елбасының сындарлы саясатының нәтижесінде өмірге келген теңгеміз әлемдік валюталардың арасынан лайықты орын алды. Бұл теңгеміздің де бұлжымас тарихы бар. Мемлекеттің экономикалық құрылымы түбегейлі өзгеріп, жаңадан іргесі қаланғанда, ілкімді іске бастау болған – төл теңгеміз. 1992 жылы елде төрт адамнан құралған дизайнерлер тобы жасақталды. Теңгенің авторы болу бақыты дизайнер Тимур Сүлейменовке, қылқалам шеберлері Қайролла Ғабжалиловқа, Мендібай Әлин мен Ағымсалы Дүзелхановқа бұйырды. Олар Ұлыбританияда ұлықты істі тындырып, үлкен еңбектерінің нәтижесінде теңгені елге жеткізді. Елбасының Жарлығымен 1993 жылдың 15 қарашасында қазақстандық тең-ге айналымға шығарылды. Біз теңгеміз арқылы қазақ тарихында өшпес із қалдырған тарихи тұлғаларымыз – ағартушы әл-Фараби,  ақындарымыз Сүйінбай мен Абайды, күйші Құрманғазы, ғалым Шоқан Уәлиханов,  Әбілқайыр хан мен Абылай хан бейнесін бейнелеп, қандай елдің ұрпағы екенімізді таныттық.Төл теңгеміз 28 жыл ішінде дизайны, сапасы, сонымен қатар әлемнің валюталары арасындағы беделі жағынан да талай өзгерістерді бастан өткерді. Бүгінде қазақстандық теңге қорғаныс элементтері бойынша әлемдік валюталар арасында үлгі боларлықтай сапаға ие.

Теңге дизайнымен де әлемдік валюталар қатарында ерекшеленеді. Мәселен, 2007 жылғы Бангкокта өткен банкноталарды жасау, қолдан жасаудан қорғау және айналымға енгізу мәселе-леріне арналған «Currency Conference-2007» валюталық конференциясының аясында ұйымдастырылған конкурста «International Association of Currency Affairs» халықаралық қауымдастығының бағасына сәйкес, Қазақстан ұлттық валютасының номиналы 10 000 теңгелік банкнотасы дизайны бойынша «Жылдың үздік банкнотасы» номинациясында Швецияның кроны мен Мексиканың песосын артқа тастап, бірінші орынға ие болды. Сол сияқты, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай шығарылған номиналы 10 000 теңге қазақстандық ескерткіш банкнота Халықаралық банкноталық қоғамдастық (IBNS) өткізетін жыл сайынғы конкурс нәтижесі бойынша «2011 жылғы ең үздік банкнота» болып танылса, 2012 жылы шығарылған номиналы 5 000 теңгелік ескерткіш банкнота мен ежелгі түрік қолбасшысы Күлтегіннің бейнесі бар номиналы 1 000 теңгелік банкноталар да марапатқа ие болған.

Қазір көпшілікті ұлттық валютамыздың бағамы алаңдататыны шындық. Экономистер біздің халық тұтыну, өндіріс және техникалық тауарларды шетелден сатып алатындығын, ол тауарлар шетел валютасымен келгендіктен сөзсіз қымбаттайтындығын айтады. Бұл жағдай халықтың төлем қабілеттігіне соққы боп тиеді. Себебі елдің қолындағы қаражат құнсызданады. Оның арты инфляцияға айналуы мүмкін. Бүгін енді-енді өсіп келе жатқан елдің жалақысы қайта құнсызданады дегенге саяды. Халық үшін бұл оңайға соқпайды. Бұған дейін ел ішінде «девальвация долларға қатысты, біз нанды теңгеге сатып аламыз» деген пікір болған. Бірақ біз қарапайым тұрмыстық химия заттарынан бастап тіршілікке қажетті тауардың көбін шетелден әкелеміз. Олардың да бағасы қымбаттайды деген сөз. Сондықтан теңге бағамын нығайту  үшін  отандық өндірісті жедел дамту маңызды күн тәртібінде тұрғаны шындық. Соңғы кездері Еуразиялық одаққа жетекші ел тарабынан одақ  аясында ортақ валюта енгізу қажет екені айтыла бастады. Алайда бұл бастамадан батыл бас тарту қажет сияқты. Өйткені сарапшылар ортақ валютаның Тәуелсіздігімізді орға жығатынын жиі айтып келеді. Қалай дестекте ұлттық  валютамыз – Тәуелсіздіктің іргетасы.

Дайындаған Е.АСЫЛ

Дүйсенбі, 15 Қараша 2021 10:33

Қырбалтабай округіне 75 жыл толды

 

Қазақ ауылы гүлденсе, әр атқан таңнан үміт күтетін ауыл халқы үшін зор қуаныш екені сөзсіз.

Кемелденген Республикамызда тұнып тұрған тарихтан сыр шертетін шежіресі алыстан басталатын ауылдарымыз аз емес.  Соның бірі Еңбекшіқазақ ауданындағы Қырбалтабай ауылдық округі жайлы аз-кем дерекпен бөліссек.

Қырбалтабай ауылдық округіне биыл 75 жыл толып отыр. Қырбалтабай ауылы аудан орталығы Есік қаласынан 30 шақырым қашықтықта орналасқан.Құрамына Қырбалтабай, Ақжал, Екпінді, Қайнар, Шалқар ауылдары кіреді. Орталығы – Қырбалтабай ауылы. Ауылдың атауына тоқталсақ, Қырбалтабай тіркесінің  бірінші бөлігіндегі қыр «жоғары, биік жер, қырат» мағынасын білдірсе,  Балтабай – кісі аты. Ел ішінде Балтабай ауылының атауы ұлы жүздің  дулат тайпасынан шыққан атақты Балтабай батырдың есіміне байланысты қойылған деген  дерек бар. Ауыл атауы Жоғарғы Балтабай деген мағынаны білдіреді. Тағы да бір дерекетерде  Түрген қой  совхозы 1932 жылы Іле ауданынан жер үлесін алып, қой өсірген Түрген қой совхозының бір бөлімшесі Ой Балтабай болған. Осы ауылдан 15 шақырым жерден тағы бір бөлімше ашылып, жері қырда орналасқандықтан және Ой Балтабаймен шатастырмау үшін Қырбалтабай деп атаған.  Алматы облыстық Атқару Комитеті отырысының №13-327 Хаттамасының шешімімен 1990 жылдан бері бұл елді мекен «Қырбалтабай» деп аталады.

Архивтік деректерге сүйенсек, Қырбалтабай ауылдық кеңесі Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1946 жылғы 17 тамыздағы жарлығымен құрылды. Әкімшілік жағынан Түрген қой фермасы, Екпінді, Ақжал, Қара-Шыңғыл, Қыр Балтабай мал өсіруші, Өрнек, Алматы қалалық өнеркәсіп және шаруашылық-мемлекеттік орман саяжайларының қосалқы шаруашылықтары оған бағынышты болды. Бұл аумақ Еңбекшіқазақ аймағының Купластково ауылдық кеңесінен бөлінді.

Еңбекшіқазақ ауданы халық депутаттары Қырбалтабай ауылдық кеңесінің аумағында 5 елді мекен болған, онда 4 ауылдық клуб пен 1 қызыл киіз үй қызмет көрсеткен екен. Ақжал, Екпенді, Қайнар ауылдарының клубтары Кербұлақ ауданының алыс облыстық мәдениет басқармасына, ал Қырбалтабай ауылында жаңадан салынған 300 орындық мәдениет үйі Түрген кеңшарының кәсіподақ ұйымына тиесілі болған. Сондай-ақ ауылдық кеңестің қарамағында мынадай кәсіпорындар болған: бір орта мектеп, бір бастауыш мектеп, бір ясли, үш фельдшерлік пункт, үш кітапхана.

Мемлекетіміз небір аумалы-төкпелі кезеңдерді бастан өткеріп, ауылдық кеңестің төрағалары ауысқанда, құжаттардың сақталуы толығымен қамтамасыз етілмегендіктен, көп құжаттар жоғалып кеткен.

«Алматы облысының мемлекеттік архиві» КММ-нің Еңбекшіқазақ филиалына Қырбалтабай ауылдық округінің 1994-2015 жылдар аралығын қамтитын 429 сақтау бірлігінен тұратын құжаттары мемлекеттік сақтауға өткізілген.

Жүгі нарда, қазаны теңде болып, көшпелі ғұмыр кешкен қазақ халқының ертеден-ақ ежелгі мекені – ауыл болғаны анық. Яғни ауыл – ұлтымыздың ұйытқысы.

Қырбалтабай ауылдық округінің ұжым мүшелерін 75 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтап,еңбектерінің жемісті болуына тілектеспіз!

Роза ТОХМАМБЕТВА,

«Алматы облысының     мемлекеттік архиві» КММ-нің Еңбекшіқазақ филиалының директоры.  

Жұма, 12 Қараша 2021 16:45

Спорт – бағытқа бастар жол

Аудан жастары арасында достық қарым-қатынасты нығайту және саламатты өмір салтын насихаттау мақсатында аудандық жастар ресурстық орталығының және Райымбек батыр орта мектебінің ұйымдастыруымен жақында «Спорт – бағытқа бастар жол» атты Neet және маргиналды жастар арасында шағын футбол жарысы өтті. Аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі – Мади Бердибаев барлық қатысушыларды марапаттап, бағалы сыйлықтарын табыстады. Жарыс қортындысы бойынша,Есік қаласы І орынды, Қызылжар ауылы ІІ орынды, ал әл-Фараби атындағы мектеп ІІІ орынды иеленді. Сонымен бірге Жасұлан Байкеев ең үздік шабуылшы, Жанат Наконов ең үздік қақпашы атанды.   

                                                  

Аружан  ОРАЗОВА,

аудандық жастар ресурстық орталығының маманы.

Жұма, 12 Қараша 2021 16:45

Аубакировцы — первые

В связи с улучшением ситуации с карантином Филиалом «Енбеккиказахского районного комитета Общественного объединения «Локальный профессиональный союз работников образовательных организаций Алматинской области» были организованы и проведены соревнования по волейболу среди общеобразовательных школ Енбекшиказахского района. Соревнования проводились в спортивных залах 4-школ: СШ им.Токатаева, СШ им.Терешковой, СШ им.Райымбека и Коктобинской СШ. В мероприятии приняли участие 28 команд, среди которых новые команды  со школ, которые ранее не участвовали в таких соревнованиях.

Игры былиазартные, все команды горели желанием показать прекрасный результат!

По итогам состязаний 1-место заняла команда СШ им.тАубакирова, 2-место СШ Байтерек, 3-место  команды СШ им.Ломоносова и СШ им.Абая, которые были награждены грамотами и денежными призами. Хочется выразить благодарность организатору соревнований Филиалу «Енбекшиказахского районного комитета Общественного объединения «Локальный профессиональный союз работников образовательных организаций Алматинской области», а также всем участникам соревнований за проявленный спортивный задор и массовость.   

                                                      

А.ФАЗЫЛОВ,

главный судья соревнований, учитель физкультуры СШ им.Терешковой.

Қарашаның 5-7 күні Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы құрметіне арналып, Ащысай ауылының Ш. Уәлиханов атындағы мектепте осы ауылдың тумасы, аталған мектепті бітіріп, алтын ұядан арман – қияға қанат қағып, спорт қайраткері атанған Үметбеков Талғат Әшімұлының  жүлдесіне арналған бокстан 2006-2012 жыл аралығындағы  жасөспірімдер арасында Еңбекшіқазақ ауданының №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ашық біріншілігі өтті.

ҚазМУ-дің физика факультетінде оқып жүріп, бос уақытында бокспен айналысқан Талғат  1973 жылы Алматы қаласының студенттері арасында өткен жарыста 57 кг салмақ бойынша жеңімпаз атанады. Кейінгі жылдары әртүрлі турнилерге қатысып, жүлделі орындарды иеленеді. 1975 жылы «Еңбек» спорт қоғамының Қарағанды қаласында өткен ел біріншілігінде алтыннан алқа тағады. Келесі жылы Өскемен қаласында өткен республикалық ашық біріншілікте тағы да жеңімпаз атанады.  Сол жылы студенттердің ХІV спартакиадасының таңдаулы  командалық  біріншілігінде күміс медальдың иегері болды. Ал 1978 жылы Қапшағай қаласында өткен ел біріншілігінде тағы да чемпион  болды.  Өзі оқыған Ащысайдағы мектепте жұмыс істеп жүріп, жасөспірімдерді бокстан жаттықтырып, аудан, облыстық жарыстарға қатыстырып, талай жеңімпаз, жүлдегер шәкірттерді тәрбиелеп шықты. Сол мектептің директоры да болып, еңбегі еленген тұлға, аптал азамат атанды.

Жерлестері ардагер азаматтың  спорттағы жеңісін ұрпақтарға үлгі етіп, ауданның  18 ауылынан және Есік, Талдықорған, Алматы қалаларынан келген командалар арасында жарыс ұйымдастырыпты. Оған спорттың шыңына шыққан танымал ардагер саңлақтар – Қазақстан республикасының еркін күресі бойынша құрама командасының еңбек сіңірген бас жаттықтырушысы Мәлік Надырбеков, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген және Сидней олимпиадасында бокстан бас жаттықтырушы болған Тұрсынғали Еділов, ережесіз жекпе-жектің, кикбокстың майталман ардагері, КСРО-ның еңбек сіңірген шебері Сабыржан Махметов, кикбокстан халықаралық  спорт шебері, әлем кубогінің иегері, қазір Шелек өңірі бойынша БЖСМ-нің директоры Елмұрат Қайыпжанов, Қаратұрық ауылдық округінің әкімі Айбек  Ілебаев қатысып, сөз сөйледі. Ауыл ақсақалы Сайын Өміржанов, батагөй  Асылбек Сүлейменов ақсақал жылы лебіздерін білдіріп, баталарын берді. Қонақтар мен ардагер спортшыға шапан жабылып, ауылдастары қонақжайлық құрмет көрсетіп, дастархан жайылды. Жарыста бақ сынасқан 350-ге жуық жас боксшының топ жарған 48-і алтын, 48-і күміс, 91-і қола медальдар, мақтау қағаздары мен заттай сыйлықтармен марапатталды. Команда бойынша Ащыбұлақ ауылының жас боксшылары бірінші, Қазақстан ауылы екінші, Асысаға үшінші орынды иеленді. Иә, ел болашағы – жастар тұлғаларға қарап бой түзеп, азамат болып өсері хақ.   

 Анарбек БЕРДІБАЕВ.

Бейсенбі, 11 Қараша 2021 11:41

Бейімін баптаған балуан болады

Болар бала болмысынан байқалатыны бесенеден белгілі.  Алла Тағала әрбір жанды жаратқанда өзіне тән ерекшелікке бейімдейтіні де рас. Биылғы жылдың желтоқсан айында жасампаз жас – жетпіске толған жерлесіміз, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, еркін күрестен КСРО спорт шебері Надырбеков Мәлік Надырбекұлы бойына біткен бейімін ерінбей баптап, үлкен ізденіс, жалықпай жаттығудың арқасында осындай жетістікке қол жеткізгені де шындық.

Қараша айының алғашқы аптасының сәтін салған сәрсенбісінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай  еркін күрестен  ел намысын қорғайтын ерен ерлерді  бабында баптап, жарысқа атойлатқан жаттықтырушы Мәлік Надырбековтің жетпіс жас мерейтойының құрметіне Шелек ауылындағы Абай атындағы мектепте еркін күрестен облыстық турнир өтті.

Шелек балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры, кикбокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия және Еуропаның екі дүркін чемпионы, әлем кубогінің иегері Елмұрат Қайыпжановтың ұйымдастыруымен, аудан, Шелек ауылдық әкімдерінің қолдауымен жас балуандар боз кілемде белдесуге жиналды.  Жарыстың ашылу салтанатында аудан әкімінің бірінші орынбасары Айбек Бидаев, аудан әкімінің орынбасары Алтай Досымбаев, меценат, «Жомарт жүрек» медалінің иегері, Еңбекшіқазақ ауданының құрметті азаматы Жангелді Осан, Шелек ауылдық округінің әкімі Сәкен Абдыхалиев мерейтой иесін құттықтап сөз сөйлеп, жас балуандарға сәттілік тіледі. Мәлік Надырбекұлына шапан жауып, ат мінгізді, Құрмет  грамоталары мен Алғыс хаттар табыстады. Ауданымыздан Мәлік атасындай боз кілем үстінде атой салып, әлемді аузына қаратқан балуандар шығуына жақсы тілек айтылды. М.Надырбековтің жетпіс жасқа толғанына арнайы шығарылған мерекелік медальдармен келген құтты қонақтар, ізін басқан шәкірттері, әріптес достары марапатталды.

2007-2008-2009 жылы туған жасөспірімдер арасында өткен бұл белдесуге  Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарының, Алматы, Қапшағай, Талдықорған қалаларының, Алматы облысының әр аудандарының командалары бақ сынасуға келіпті. Екі күнге созылған бұл жекпе-жекте салмақ деңгейінде алдыңғы үштікті өзара бөліскен балуандарға алтын, күміс және қола медальдар мен мақтау қағаздары, заттай сыйлықтар салтанатты түрде табыс етілді.

Мәкеңнің жастық шағының куәсі болған  Достық ауылында жергілікті кәсіпкер Айқын Қоғамбаев арнайы көкпар ұйымдастырып, балуанға ат мінгізіп, шапан жапты. Осы аталған іс-шаралар мейрамханада ардагер азаматтың жетпіс жасқа толған мерейтойына ұласты.

 

 

Анарбек БЕРДІБАЕВ.

Алматы облысы вакцинация жұмыстары бойынша елімізде ең белсенді өңірлердің қатарында. Бүгінде жетісулықтардың 70 пайызға жуығы екпе қабылдаған. Қазіргі кезде облыста вакцинаның 1-компонентінен 81 223 доза және екінші компонентінен 149 138 доза қалған. 823 797 (69%) адам вакцинаның бірінші компонентін, екіншісін 746 691 (62%) алған.
Алматы облыстық санитарлық-эпидемиологиялық департаменті өкілдерінің айтуынша, жыл басынан бері аймаққа екпенің бірінші дозасынан 905 020, екінші дозасынан 895 150 дана жеткізілген. Айта кетейік, облыста Балқаш және Ақсу ауданының тұрғындары 100 пайыз екпе қабылдаған. Өңірлерде вакцинация бойынша ешқандай шағым түспеген, екпе жұмысы жоспармен жүзеге асуда. Облыста 244 екпе пункті бар. Оның 80-і жылжымалы.
Бүгінде тұрғындардың басым көпшілігі індетті тоқтатудың жалғыз амалы - екпелену екенін түсінген. "Вакциналау бастала салып біз, зайыбым екеуміз алғашқылардың бірі болып келіп, екпе қабылдадық. Адамдардың неден қорқатынын түсінбеймін. Әртүрлі жел сөздерге сенбеу керек. Вирустан сақтанған қайта жақсы емес пе? Былтыр індет өршіген жазда екпе қашан шығады деп сарыла күтіп едік. Өзіміздің де, өзгенің денсаулығын ойлау маңызды!" - дейді Талдықорған қаласының тұрғыны Жекен Өтешов.
Көксу ауданының тұрғыны Альбина Атанасова да осы пікірде. Ол адамдарды індетке салғырт қарамауға шақырды. "Коронавирус қана емес, кез келген ауруды тоқтататын вакцина емес пе? Мен өз еркіммен екі компонентті де салдырып алдым. Енді қайта екпеленуді күтіп жүрмін", - дейді көксулық тұрғын.
Қазіргі таңда облыста екпеге қатысты түсіндіру жұмыстары жалғасуда. Жуырда "Ел үшін егілемін" азаматтық штабы Талдықорғанға келіп, тұрғындармен кездесті. Олар індетпен күрес, екпе алу, оның пайдасы туралы ел арасында ресми ақпарат таратады.
Еске салайық, бүгін түнде Қазақстанға Pfizer екпесінің алғашқы партиясы жеткізілді. Алматы облысында АҚШ ғалымдары жасаған вакцинаны сақтау үшін тоңазытқыштар жасақталуда. Бұл екпе 12-18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдерге, жүкті және лактация кезеңіндегі әйелдерге арналған.

 

«JETISÝ MEDIA» КММ

Соңғы жаңалықтар

Қаз 04, 2024

Как сохранить природу и добывать…

Метод подземно-скважинного выщелачивания (ПСВ) урана считается более экологичным и…
Қаз 04, 2024

Эксперт: IT-гиганты делают ставку на…

Эксперт: IT-гиганты делают ставку на атомную энергию для обеспечения устойчивости…
Қаз 04, 2024

Қазақстанда өндіріс саласын қалай…

Мәжіліс депутаты Мұқаш Ескіндіров осы мәселеге қатысты ойын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ…
Қаз 04, 2024

Обращение с ОЯТ

От момента принятия решения до начала работы атомной станции пройдет около 10 лет. Это…
Қаз 04, 2024

Депутат оценил риски для экологии…

Почему атомные реакторы поколения III+ безопасны для населения и экологии,…
Қаз 04, 2024

Жас маман АЭС жөнінде: Басқа…

Ядролық энергетика саласындағы жас маман, «Болашақ» бағдарласының түлегі Әсет Махамбетов…
Қаз 04, 2024

Асхат Бекбаев: АЭС салу арқылы…

6 қазанда елімізде АЭС салу мәселесі бойынша референдум өтеді. Осы орайда біз атом…
Қаз 04, 2024

Атом электр станциясын салу – ұзақ…

Бұл Тәуелсіз Қазақстанның бүкіл тарихындағы ең ірі жобаға айналады. Бүгін мәслихат…
Қаз 04, 2024

Готовят ли в Казахстане специалистов…

Одним из вопросов основных вопросов касательно АЭС сейчас является наличие и подготовка…

Күнтiзбе

« Қазан 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31      

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет