Бейсенбі, 28 Қазан 2021 15:56

Глава района посетил ТОО «Будан»

Накануне аким Енбекшиказахского района Алибек Жаканбаев посетил семеноводческое предприятие ТОО "Будан" в с.Балтабай,  которое  ведёт производство  и  сбыт качественных сортов семян гибридов кукурузы и сои, способных адаптироваться к многообразию почвенно-климатических зон  Казахстана и обеспечить аграриям получение высокого и стабильного урожая.

 Генеральный директор ТОО "Будан" Еркин  Шакеев и исполнительный директор Ермек Ус-кенбаев рассказали, что данное сельхозпред-приятие – одна из немногих аграрных компаний с полным циклом производства: от выращивания до реализации семян. Специалистами  разработана и внедрена научно-обоснованная региональная система земледелия и семеноводства, эффективно функционирующая в условиях рыночной экономики. Селекционный центр ТОО "Будан" сотрудничает с институтом кукурузы "Земун Поле" Республики Сербия. Совместно с сербским НИИ созданы и внедрены в производство  17 сортов гибридной зерновой кукурузы.

Отметим, что в производстве  и реализации продукции постоянными рабочими местами обеспечены 150 человек, а в сезон  число занятых увеличивается до 300 человек.

В завершение беседы Еркин Кокенович обра-тился к акиму района с просьбой о содействии в решении проблемы с орошением полей ТОО «Будан» из  водоёма, который расположен возле посевных площадей. Алибек Аскербекович дал поручение своему заместителю Бауыржану Бименову рассмотреть данный вопрос в рамках законодательства.

 

Динара ТЮЛЕМИСОВА,

пресс-секретарь акима района.

Бейсенбі, 28 Қазан 2021 15:37

Тоғысқан тағдырлар

Біздін еліміздің əлем алдында мақтанышпен атайтын қол жеткен табыстарының бірі – халықтардың мызғымас достығы. Бұл ұлы достықтың тарихи тамырлары тіпті тереңде жатыр. Қазақ халқы мен орыс халқының достығы екі халықтың тарихи тағдырларының тоғысуынан, азаттық аңсаған мүдде-мақсаттарының бірлігінен туып, қалыптасты.

Тарих бетіне үңілсек, 1722 жылы Бірiншi Петр: «Қазақ Ордасы бүкiл Азия елдерi жерлерiне кiлт және қақпа – миллионнан ассын, орасан зор шығынға қарамай отарлап алу керек» – деген. Бұл сөз және қазақ жерiне қалмақтардың тұтқиылдан шабуыл жасауы патшалық Ресейдiң қазақ жерiн отарлауын тездеттi. Жайық бойында 14 бекініс, Ертіс өзені бойында Омбы, Железинск, Петропавл, Семей, Өскемен, Ямышев қамалдары маңайында қазақтардың көшіп-қонуына тыйым салынды, олар өзен бойындағы құнарлы жерлерден айырылды. Қазекем Еділ, Жайық, Жем, Сағыз, Ойыл, Қиыл, Орынбор, Қорған, Омбы, Жаңа Сібір, Алтайдан шарасыздықтан ығысып, ішкі өлкеге ауысуға тура келді.

Бір мысал, Преснов бекінісі казактары 11 шақырым жер бізге тиесілі деген желеумен Преснов станицасы әскері мен Тобыл қаласының арнайы қарулы отряды күшімен бір түнде, 1821 жылы тамыз айының ортасында ата қонысын босатуға қарсы болған Сартай батырдың 17 баласы мен 150 сарбазын атып өлтіріп, ауылды өртеп жібереді. «Шөпті көлдің» аты осы оқиғадан кейін «Молалы көл» деп аталады. Переселенецтер қоныстанып, оларды қорғау үшін қарулы әскерлер әкелінді. Қоныс аударғандар жермен жұмыс істеуді қолға алды. Жерді жыртып, өңдеу үшін ат көлікті жергілікті қазақтардан алды. Сөйтіп, орыс пен қазақ өзара біріне-бірі көмектесіп араласа бастады. Қазақ таныс орысын «тамыр» деп атады. Заман өзгеріп бара жатты. Жоңғар, Еділ қалмақтары бір жағынан, Ресейдің патшасы екінші жағынан қазақтың кең даласына көздерін тігіп, әлсін-әлсін шабуылдап мазаны қатты алды. Діні қатты қалмақпен соғыстарда да қанша боздақтар ел үшін, ата қоныс жер үшін көз жұмды. Енді орыстардың отарлау саясаты басталып, қарулы солдаттар мен казактарды үйіп-төге бастады.

Майқы бидің: «Көзі шегір, өзі жемір, жүн бас, талтаяқ, жегені жалқаяқ жұрт елдің батысынан келіп, ұрпағым оның айтқанына көніп, айдауына жүріп, зорлы-ғына, қорлығына мөңді деп, ұзақ уақыт табанында таусылады» – дегені басталды ма? Сол кездегi қазақ жерiне көшiп келген орыстар мен қазақтардың қарым-қатынасы туралы Ақмола облысының губернаторы былай деп жазады: «...В крае киргизы охотно сближаются с русскими, перенимают и усваивают от них все, что находят для себя полезным, в своих кочеваниях тяготеют к населенным местностям... Киргизы одобряют и принимают пользу в хлебо пашестве». Екi халықтың достығы туралы тарихшы Ф.Щербина былай деп жазды: «Киргизы ездят к нам в гости, на просьбы «Курсак пропал» не встречает отказа в куске хлеба. В свою очередь «девчата и хлопцы» по праздникам гурьбой обходят соседние аулы. Киргизы ставят самовары и угощяют их орешками в масле».

1752 жылы Тауағаш ауылында староста Алексеев деген орыс болған. Қазақ тілін де тез үйреніп алған. Қазақ байларымен тамыр болып, сауда жасап, бай саудагер болады. Қасымбек батырмен өте жақын дос болады. Ер баласы жоқ Алексеев Қасымбекке келіп: «Сен балаңның біреуін маған қызмет істеуге бер. Мен қартайып келемін, саудамды жүргізсін, сауда жасауды да үйренеді», – дейді. Қасымбек Қарабек деген баласын береді. Бала өте алғыр, пысық екен, тез арада купецтің шаруасын дөңгелетіп әкетіп, орыс тілін үйреніп, сауда ісін де меңгеріп кетеді. Сонымен, екі отбасы араласып тұрады. Алексеев тамырының үйіне отағасымен қонаққа барғанда Айсараның көзі байдың қызына түскен еді. Вера өте ақылды, зерек, хат танитын. «Қыз өссе елдің көркі, гүл өссе жердің көркі» – деп халықта жай айтылмаған. Табиғатынан сұлу жаратылған Вера ауыл жастарының арасында басқа құстардың жанында жүзіп, көлде сылаңдаған аққудай еді. Ақ маңдайы жарқылдап, нұр қызының шырағындай, бет ажары жазғы түскен сағымдай. Білегінің шырайы айбалтаның сағындай, еріндері қызыл шие, қыпша белі самал желде иілген шыбықтай кәдімгі әнге қосқан бұраң бел, оймақ ауыз, қызыл ерін, қырдың қызыл қызғалдағындай алма мойын, мөлдіреген қарақаттай көздері құралайдай құлпырған, құндыз қасы қос қияқтай, ақ дидары толған айдай. Сырт келбеті, бет әлпеті, дене құрылысы адам қызығатындай, кеуде сүйегі кең, қайыңдай сұлу иығы тік, қыр мұрынды, күлген сайын көркіне нәр беретін, қазақ қыздарындай белден түскен бұрым, егіз анар кеудеде тостағандай, жалпы келбеті хор қызындай инабаттылық, тазалық тайға таңба басқан-дай көрініп тұр. Айсара баласының шын жүректен ғашық болған қызына сүйсінген еді.

Вера мінезі ашық, өзі қарапайым, қазақ қыздарымен етене араласып, тілді тез үйреніп алды. Қазақтың кеңпейілділігі, қонақжайлығы, үлкенді, әйелдердің азаматтарын қатты сыйлауы – зерек орыс қызын таңқалдырған еді. Ел мақтаған жігітті, қыз жақтаған емес пе? Қыздың арманы өзін құлай сүйген, махаббатқа адал, жаны таза Қарабектей жан еді. Вера Қарабекпен өмірде бірге болуға бел буып, сүйген жарының тілін, салт-дәстүрін үйренуге, діни сенімін ауыстыруға даяр еді. Ісі алға басып жүрген жігіт те орыстың сұлу қызына ғашық болып қалады.

«Қасымбектің немересі орыстың қызын алайын деп жатыр» деген хабар елге тарады. Діннің қаймағы бұзылмаған, көпшілік қазақтардың орыстардың түрін де көрмеген кездегі бұл оқиға оқыс іс болады. Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды деген емес пе?! Бұл хабарды естіген дініне берік Қасымбек қанша дос болғанмен, баласын үйіне алып келеді. Қызды көрмесе тұра алмайтын халге жеткен Қарабек қашып кете береді. Қарт батыр немересін орыстардың қолынан тартып алып келуге отыз жігітке басшы қылып жіберген немере інісі Қабдолға орыстармен қақтығыс болып қалған жағдайдың өзінде немеренің аман қалуына көңіл бөлу керектігін қатты тапсырады. Олай айтуға себеп болған. Біріншісі, ширек ғасыр ат үстінде бірге жүрген, үзеңгілес досы, Баян батыр кеудені намыс пен ыза кернеп, өз қолымен інісі Ноян мен болашақ келіні – қалмақ қызын байқамай өлтіріп қойып, өмірі өкініште өткені есіне түскен еді.

Халықта: «Ерді намыс, қоянды қамыс өлтіреді» деген нақыл айтылған. Тарихта, ажалдан намысты жоғары қойған Тұмар-ханум ұлы Спаргапис өз қанжарын өз жүрегіне салды емес пе? Тоқтамыстың мені ханым деп мойындап, адал қызмет қыл, өз ұлысыңа билігіңді қалдырайын деген ұсынысына Едіге би әкесі Балтышақ: «Әкемнің қасиетті тағында қарақұстай қалқиып отырған сені көргенше, екі көзім ағып, суқараңғы болсамшы» – деп өлімге өзі бас тіккен еді.

Дегенмен, қол ұстасқан, жүректері бірге соққан, шынайы ғашықтықтың сезіміне көзсіз берілген екі жасты ақ жол тілеп, неге шығарып салмады екен? Бір күні азамат балапандарын ертіп еліне оралатын еді ғой деген ой ұйықтатпаушы еді. Басыңнан өтпей, кейде мән бермейді екенсің-ау. Екіншіден, «баланы күшпен қайтарыңдар, не өлігін әкеліңдер» дегенді естіген жолдасы Айсара кішкентай кезінен өзіне теліп, баққан немересін жақтап, өмірінде бірінші рет күйеуіне, қатты наразылық білдіріп, баланың сүйген қызына қосылуына кедергі жасамауды отағасынан сұрады. «Әттеген-ай» деген ой мен жар тілегі қатты мазалаған, жігіттерін қалайда баланы алып келуге жіберіп, енді бір орнында отыра алмай мазасызданып, Алла Тағаладан немересінің аманшылығын тілеген Қасымбек үлкен толғаныс үстінде отыр. Қазақтың діні бұзылмай, салт-дәстүрі шайқалмай отырған кезде немересі орыс қызына көңілі кетіп, ғашықтықтың өртіне шалынып отыр. Өзінің қалай Айсара сұлуға ғашық болғанын, көре алмаса тұра алмайтын жағдайға жеткенде, марқұм әкесі қолдап, құда түсіп, екі жастың қосылуына мүмкіндік жасағанын, жастық шағын есіне түсіріп қатты ойланды. Немере баласының басқа ұлтқа үйленуін іштей құптады да, тек басқа ұлт қыздары қазаққа сіңгенін ғана қалайды, қанды тазартады, білім де соларда, шөбере көру арманы да орындалмақ.

Барлық ізгілік, мейірім, шапағат адам баласының бойына анасының ақ сүтімен дариды. Ұлтты сақтау – қазақтың отбасын сақтау. Ұлттың ертеңін өмірге әкеліп, алақанында мәпелеп, бесігінде тербетіп, тәрбиелейтін ұрпақ өкілдері қателеспеуі керек. Қазақ жеті атадан аспай қыз алыспаған. Қазақ, жапон, шешен өз қыздары басқа ұлтқа шығуын тыйып отырған. Төртаяқтының ішінде Лайка иті өз тұқымдасы болмаса, шағылысуға басқа иттерді жолатпайды екен. Өз қолына алып тәрбиелеп, баққан үлкен немересін бес жасынан бастап жанына ертіп жүріп, ата-баба тарихын, туған халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, шаршы топта жасқанбай, жалтақтамай еркін сөйлеуге, ақыл-ой еркіндігіне, сөз бостандығына баулып еді. Ұрпақ – баба аманаты. Әрбір ұрпақ үшін келер ұрпақ алдында азаматтық борыш, ұлттық парыз сынды мақсат-міндеттер тұрады. Яғни болашақ ұрпақтың өсіп-өркендеуі, заңды тарихи орнының сақталуы – алдыңғы буынның аталған міндеттерді қаншалықты адал жүзеге асыратындығына тікелей байланысты. Қазақ халқы даналығы, кеңдігі мен сыйластығы, қонақжайлығы әлеуметтік шығу тегіне қарамай, барша азаматының ұйысуына негіз болды. Сол арқылы жауды жеңдік емес пе? Немересі көз алдында тұр. «Жау жеңетін жігіт жарағынан танылады, дау жеңетін жігіт талабынан танылады». «Жібек мінезді жігіт жұртқа жағады, жылан мінезді жігіт жұртта қалады». «Жігіт – арының құлы, жаман – малының құлы». Салмақтап байқап, баласын ез, босаң, жамандар қатарына қоса алмады. Туған жерге деген сүйіспеншілік, өз ұлтын сүю – ұлт рухының ең маңызды бөлігі. Бұл – ұлттың алға қарыштап қадам басуының, серпіліп жаңа көкжиектерге ұмтылуының негізі мен кепілі. Қазақтың әрбір баласы мұны жақсылыққа, байлыққа, ақылдылыққа ұмтылыс деп танып, туған жерінің гүлденуіне қолдан келгеннің бәрін істеу қажет деп сезінуі керек. Адам өз бойындағы осы қасиеттерді дамытуы шарт, олар жеңіс рухының өз өмірінің бір бөлшегіне айналуына бар күш-жігерін сарп етуі тиіс қой. Ұлты басқа демесең, қарапайым орыс халқының да арман-тілегі бір. «Елу жылда ел жаңа» – деп бекер айтылмаған. Ата-баба аруақтары қалай қабылдар екен?  Алла  Тағала орыспен құда болуға жазып қойған ба? Кешегі қалмақпен қан төгісіп, қабырғамыз қайысып қорғаған жерді бүгін орыс басып алуда. Заманымызды байқап танымасақ, біздердің бойымыздағы қасиет қайда қалады, ұрпаққа қандай жол сілтейміз? Ұрпақ жолын кеспей, алдын ойламасақ, дұрыс болмас деп, қарт іштей бір шешімге келеді. Жылда жаз болғанда қанды көйлек жолдасы, алтындай қадірлейтін Шөгіл досына қонақтап барып, ой бөлісіп, ақылдасып қайтушы еді. Шапқыншылықсыз күні жоқ, жаугершілік заманда көшпелі елдің басы бірігіп бақытқа кенелген кезде де, бұған керісінше, қырық пышақ болып қырқысып, тоз-тоз болып бөлінген кезі де аз болмаған. Ел бүлініп, екі айырылғанын көріп, қайғыдан қан жұтып, қапаланған ерлердің мұң-зары жыр болып төгілген, күй болып күмбірлеген. Қыпшақ Қобыланды Ақжол биді өлтіруі елді екіге бөлді емес пе? Қобыланды Дайырқожаны өлтіргенде, Әз Жәнібек шариғат бойынша Қобыландыны қысас қылып өлтіруге сұрағанда, Әбілқайыр көп қыпшақ бұзылатын болған соң бере алмай, үш кісінің құнын алып, бітім шығарған. Бұл Әз Жәнібек пен Әбілқайыр ханның бөлінуіне әкеліп соқты. Тоқсандағы Құтан баласын өлтірген Қобыландыны қарғамайды. «Өлер бала өлді, Алла Тағала алды» деген де ой бар шығар. Ноғай Орақ батыр қыпшақтың атақты батыры Қобыландыны өлтірген кезде ішкі билік өз мүдделеріне пайдаланып қалуды ойлады. Поляк Янушкевич: «Егер ежелгі Грекияда немесе Римде өмір сүрсе, Тоқымбай шешен мен Бейсеке би өздері-ақ лаврдан белдері бүгілген болар еді» – деп артына аталы сөз қалдырғандарды бағалаған. Кешегі бабалар ұшқыр ойлы, «өткірдің жүзі, кестенің бізі өрнегін олай жасай алмаған» шешен Бағлан, Танаш билер ел тыныштығын, ынтымақта болуды шегелеп тұрып, аманаттап кетпеп пе еді? Ел жақсысын бір-біріне айдап салуда атыстырып-шатыстырып отырған саясатты да естен шығармаған болу керек.

Өткенде қарулас досы, қалмақтармен болған шайқастарда бірге жауды жапырған туысқаны Шөгіл қайтыс болып, жерлеу рәсіміне қатынасып келді. Қартайған шағында үш жыл қызыл қайыңнан жасалған сойылды өзімен бірге алып жүрді деп естіген еді. Жарықтық, табақ тартқан жерде еттің қолына жұққан майын қызыл қайыңды сойылға жағып отыратын. Үлкен ұлдары намыс көріп, әкелеріне ренжіген де уақыттары болған. Бірақ Шөгіл сойылын жүрген жерінде бір де тастамаған. Өлер алдында үлкен ұлын, бауырларын шақырып алып: «Мен өлгенде сүйегімді анау орыспен шекаралас жерге апарып жерлеңдер, мына сойылды менімен бірге жерге көміп, ұшар басын ғана жер үстіне шығарып қойыңдар. Қызыл қайың майысса да сынбайды, талай жыл жылқы майын да бойына сіңірді, оңайлықпен шірімес. Ертең көршілермен жерге талас бола қалған жағдайда менің моламды көрсетерсіңдер, аталарың ең болмаса қазақтың жерінің бір шетін күзетіп жатсын» – деген екен.

Көп жылдар жауға қарсы күресте ат үстінде болған батыр айырылу, жоғалту, жеңістің не екенін, ерліктің нәтижесі бейбіт күн екенін, өмірдің сәнін, алауыздықтың мәнін жақсы біледі. Шөгіл мұның алдында ғана Қасымбек досының немересі мен орыс байы қызының арасындағы әңгімені естіген еді. Қас батырға қарсы келетін бұл маңайда ешкім жоқ екенін білетін Шөгіл түбінде бір қақтығыстың шығатынын ескеріп, ауырып жүрсе де, атына мініп, қасына екі үлкен кісіні ертіп, староста ауылына барып, жағдайды ушықтырмай ақылға сыйымды келісімнің жолдарын айтып кеткен еді.

Тәуке хан заманында қылмыскерге жаза қолданудың бірнеше жолы болғаны белгілі. Көшпелі қазақ халқының ел билеу заңы «Жеті жарғы» – «Қанға-қан», «Жанға жан алу» бабымен басталса да, шариғат жолдары да қарастырылған. Бір кісі қазған құдықтан мың кісі су ішеді. Жамандыққа жақсылық жаса деген мақсатта айтылған аяттар көп. Кісі өлімін құнмен алмастыруға, кешірімді болуға үндейді. Қазақ билері өлім себептерінің әртүрлілігіне (қасақана, абайсызда, күйзеліс үстінде) қарай жазалап, құн төлеттірген. Жәбірленуші жақ келісім берсе, қылмыскер әрбір өлтірген ер адам үшін 1000 қой төлеп құтылатын болған.

Алексеев Қасымбек адамдарын күтіп алу үшін бір сиырдың етін астырып, ауладағы көк шөп үстіне төсеніштерді төсетіп, дастархан даярлатты. Көрші болыстан қазақтың ел сыйлайтын екі адамын алдыртты. Екі ақсақалды жанына отырғызып, Қасымбек жігіттерін бастап келген Қабдолға: «Біздің селоны шауып, мені қумақ болып жатыр дегенді естігенмін. Жан бермек оңай емес, біздің село да мылтықтарын әзірлеп қойды. Төрт бекіністен де бізге көмек келмек. Жарайды, соғысайық, соғыс болғасын екі жақтан да кісі өлімі болады. Одан да бір-ақ адам «өлсін», – дейді. Қазақтың Дала заңының өте қатты сақталатынын жақсы біліп алған Алексеев: «Мен баланы бермеймін. Сенің балаң – Қарабек, менің күйеу балам. Сен балаңды өлді деп есепте, өлтірген біз болып Қазақтың Заңы бойынша 100 жылқыны төлейік, батасына кететін шығынын да төлейміз», – дейді. Бұл ұсынысты өңірге танымал, беделді екі қазақ ақсақалы қолдайды. Қасымбектің жігіттерін Алексеев ең сыйлы қонақтарындай дастархан үстінде қарсы алып, ертеңіне бір адам құнын және батасын көтеріп алатын малдарды апарып беретініне сөз береді.

Келесі күні купец он шақты жігітке 100 жылқы, 100 сиыр, 200 қой айдатып жібереді. Қасымбектің бір өзіне жететін байлығы баршылық. Баласының орнына айыппұлға келген көп мал оны еш қызықтырмады. Грек аңызында шарап құдайы Дионис Мидас патшаның қалауын орындайды. Мидас қолы тиген нәрсені алтынға айналту қасиетіне ие болады. Тамақ та іше алмай қалған патша алтынның металл ғана екенін, адамға көңілі толатын жақсылықты әкелмейтінін түсінген. Қасымбек Шөгілдің жағдайды ушықтырмай, осы шешімге келгізгенін үйінде жатып-ақ түсінді. Келесі күні бауырларын шақырып алып, Омбы аймағындағы бес болысқа хабаршы жібертіп, жылқы, қойларды сойғызып, келген қонақтарына «өлген» Қарабек үшін, жетісін, қырқын, жылын атап өтуге ас беріп, қалған малды бірнеше көрші ауылдардағы кедей-кепшікке таратқызып жібереді.

Бұл күні Қасымбек ауылында бата беріліп жатса, Алексеев Омбы, Қорған, Петухово, Петропавл төңірегіндегі қамал бекіністерден, орыс қоныстарынан адамдарды шақырып, үйлену тойын үлкен салтанатпен атап өткен еді. Өзі кенже қызымен қалып, күйеу баласы Қарабек пен Вераға ауылдан оқшау көлдің жағасы, жан-жағы қайың орманның ортасындағы алаңға ағаш үй салғызып, екі жасты жеке отау қылып шығарады. Кейін бұл бір үй үлкен селоға айналып, осы оқиғаға орай селоның аты «мир» және «любовь» деген сөздердің бірігуінен «Миролюбово» деп аталған екен. Бірлік пен келісім ат ауыздығымен су ішкен, ер жігіт етігімен су кешкен қиын-қыстау замандардан бастау алса да, «Төсекте басы, төскейде малы» қосылып, екі ұлттың баласы тату отырған, жақын ағайын мен құда жұрттың тыныштығы да адам сүйсінерлік болған екен.

«Ырыс қайда барасың? Ынтымаққа барамын» деген қанатты сөзді қағидаға айналдырған ата-бабамыз ұрпағын шашау шығармай, бағып-қаққан. «Қыз – өріс, ұл – қоныс. Екі ауылдың арасын жол қосады. Екі елдің арасын қыз қосады» – деп атамыз қазақ бекер айтпаған екен. Осы селоның жанынан өткен сайын Қарабек пен орыс қызы Вераның махаббаты, Қасымбек пен құдасы Алексеевтің достығы оралып, ғасыр қойнауына жетелейді.

Арада бірнеше жыл уақыт өтеді. Патша үкіметінің отарлау саясатын жүргізіп отырған қызметкерлеріне Алексеев старостаның қазақтармен туыстасып, кейде жақтағаны мүлде ұнамайды. Бұл жағдайды аңғарған Алексеев балаларының қауіпсіздігін ойлап, екіншіден Қарабектің білім алуына жол ашу мақсатымен қызы мен күйеу баласын, немересін таныстарына қосып Петерборға жібереді. Бұдан екі жарым ғасыр уақыт болған оқиғаның талай жүректерде жатталып, бізге жеткені осындай.

1962 жылы Тауағаш ауылына Мәскеуден Орталық Партия Комитетінің іссапармен келген бір уәкілі бар, облыстық партия комитетінің адамдары келеді. Мәскеуден келген уәкіл өзін ертіп жүрген адамдармен «Миролюбово» ауылына келіп, Қасымбек пен Алексеев ұрпақтары жайлы сұрайды. Ондай адамдар селолық Кеңесте тізімде жоқ, жергілікті адамдар хабарсыз болып шығады. Ауылдың бір үлкен адамы көрші ауылда 90-нан асқан бір орыс кемпірі тұратынын, содан сұрауын өтінеді. Шекаралас ауыл тұрғынына осы шағын шығармаға арқау болған оқиға жайлы кейуана айтып берген екен. Ал Мәскеуден келген уәкіл Қасымбектің 9-ұрпағы Аман еді. Аманның айтуына қарағанда, Петербор қаласында білім алып, қызмет жасаған Қарабек балаларына, немерелеріне айтқан өсиеті: «Атамекеніңді, тіліңді, дініңді, салт-дәстүрді, жақсылардың атын есте сақта» – болған екен. Атасы Қасымбек әңгімелерінен есте қалған Абылай, Балта, Баян, Жәнібек, Қараби, Қожаберген, Құлеке, Құлсары аттары Қарабек әулетінде өмірге келген жас ұрпақтар есімдерімен үндесіп отырған. Ауыл адамдарынан сұрастыра келе туыстарымен қауышып, бүгінде Мәскеу, Петербор қалаларында тұратын бір ауыл Қасымбековтер үмбетінен бір отбасы ана тілін, ата тегін білетін 5 адам атамекеніне – «Миролюбоваға» оралған еді. Туысқандары жиналып, асар жасап, бір жазда Қарабек аталарының үйінің жанынан ағаштан үлкен үй салып, жаңа қонысты тойлап, 250 жыл бұрын болған оқиғаны естеріне түсіріп, ата-баба рухына құран бағыштады. Бүгінгі күні орыс-қазақ туыстар, құдалар тағы да ақ дастархан үстінде кездесті, екі ұлттың туыстығы, достығы тамырланып, мәуелі бәйтерек болғанына куәгер болды. Туған жерін жау шапқыншылығынан қорғаған батыр қазақ елінің тәуелсіздігін, балаларының амандығын, білімді болғанын ойлаған, ұрпағы елге оралғанына Қасымбек аруағы риза болып, жаны тынышталып, бір аунаған да шығар. «Бірлік бар жерде тірлік бар» – деп атамыз қазақ бекер айтпаған.  Тоғысқан тағдырлар туған жерге тамырын терең жая берсін! 

 

Нұрлан  ЕРДӘУЛЕТҰЛЫ,

Журналистер Одағының мүшесі.

Сәрсенбі, 27 Қазан 2021 15:13

Бақ іздеген ауыл

Таңертең аудан басшысы жұмыс бабымен қалаға бара жатып, жолдың арғы бетіне белгісіз бір ауылдың көшіп келгенін көріп таң қалды. Алғашында ол өз көзіне өзі сенбей, состиып тұрып қалды. Кеше ғана ол жерде ешкім жоқ болатын. Ал қазір қаптаған халық. Тіпті жас балалардың өздері де ересек адамдарша ерте тұрып, ел қатарлы жұмыстарын істеп жүр.

Түкке түсіне алмады. Ұйқым қанбаған шығар деп, екі көзін уқалап, қайта қарады. Өзі көрген тұп-тура жаңағы көрініс. Не де болса бара көрейін деп, көлік жүргізушісіне солай қарай апаруын бұйырды.

Ханның тағындай биік етіп жасалған ағаш орындыққа ауыл ақсақалы дүмін басыпты. Түрі суық, денелі кісі бір ауылға емес, күллі әлемге әмірлік ететіндей паң қарап отыр.

– Балам, қайдан келесің? – деді.

Қатқыл шыққан дауыстан аудан басшысы шошып кетіп, бойын тез жиып ала қойды. Сосын тамағын кенеп:

– Сіздер қайдан көшіп келдіңіздер, соны білейін деп едім? – деді сасқалақтап.

– Шұрайлы жер іздеп, көшіп-қонып жүрген елміз.

– Егеменді елміз ғой, неге әлі көшіп-қонып жүрсіздер?

– Кезбе бақтың соңынан сандалып жүрміз, –  деп мырс етті сұсты қария. Сәл үнсіздіктен кейін сөзін қайта жалғады.

– Мына жер мал бағып, егін салғанға қолайлы жер екен. Осы жерде біраз қоныстанып, еңбек етіп, күн көреміз, – деді кесімді үнмен.

– Ойбай-ау, тас дәуірінен келгенсіздер ме? Заң деген бар, жерді заңдастыру деген тағы бар.

Шыр-шыр еткен әкімнің сөзін қарт құлағына іле қоймады.

– Олай болса, қоныстарыңыз құтты болсын! Сіздерге бүгіннен бастап жаңа ауыл әкімін жіберемін, жерді де заңдастырып дегендей, – деді аудан басшысы.

– Керек емес.

– Неге?

– Біздей бақ іздеген бейбақтарды менен өзге біреу түсінер деп ойламаймын.

Қапсағай денелі қария емес, жер астынан шыққан жын көргендей болған аудан басшысы  машинасына отырып, үндемей жүріп кетті. Аз күннің ішінде бірталай жер айдалып, егін салынды. Әйелдер бау-бақша, гүл егіп, үлкен адамдар мен жас балалар жаңа егілген ағаш шыбықтарына кезек-кезек су  құйып, тіршілік жанданып кетті.

Көп кешікпей ауылға жаңа әкім келді. Халықты жиып алып, салықтың түр-түрін салды. Еркіндікте өмір сүріп қалған оларға, әкімнің айтқандарының бәрі бос сөз болды. Одан қала берді үйді-үйді аралап, аузы көпіріп сөйлеп, кейбір түсініксіз жайттарды қайталап айтып түсіндірді. Бірақ оның бірде-бір тапсырмасы орындала қоймады. Қатты ашуланған ауыл әкімі «көрсетемін сендерге» деп, аудан басшысын ертіп келуге орталыққа кеткен.

Ауыл әкімі ертесі аудан басшысын ертіп келгенде, кешегі тіршілігі бұрқырап қай-нап жатқан ауыл орнында жоқ болып шықты. Екі басшы бір-біріне қарап, аңырып тұрып қалды. Жұртта  жалғыз ақсақ  ит пен арбаның сынық дөңгелектері ғана қалған. Бықсып жанған жер ошақтың айналасында құмыра мен шыны ыдыс-аяқтардың сынығы күнге шағылысып жыл-тырап жатыр.

Ауыл әкімі болған жағдайды аудан басшысына айтып түсіндірген.

– Солай ма? – деп темекісін тұтатып, құшырлана бір сорған үлкен әкім түтінін сыртқа үрлеп жіберді.

– Иә, солай, – деді ауыл әкімі.

– Қам жеме, бұған сен кінәлі емессің. Жүр, кеттік, машинаға отыр, жылжиық, – деді.

Бір кезде ит басын оң жаққа бұрып иіс алды да, аспанға қарап, даусын созып, ұзақ ұлыды. «Ауууу... ауууу...»

Бұлар ит ұлыған жаққа қарады. Көште шұбатылған арбаның іздері ирелеңдеп сайрап жатыр.

Ауылдың бұл жолғы беталысы батыс жақ екен...

 

Жеңісбек КӨКЕНОВ.

Сәрсенбі, 27 Қазан 2021 15:12

Тоғызқұмалақтан жарыс өтті

Қаратұрық ауылдық округ әкім аппаратының жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушының ұйымдастырумен, жоспар негізінде тоғызқұмалақ ойынынан жарыс өткізілді.  Жарыс  ұлттық ойындарды дәріптеу және «Рухани жаңғыру» бағдарламасын кең көлемде жүзеге асыру мақасатында ұйымдастырылды. Аталған тоғызқұмалақ  додасына 20-ға жуық ойыншы қатысты. Жарыс соңында жүлделі орынға ие болған оқушылар алғыс хатпен марапатталды.

 Ж.ИБРАИМОВА,

жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушы.

Сәрсенбі, 27 Қазан 2021 15:03

«Дара ұстаз»

Қазақта қолына «Әліппе» ұстап, «Кел, балалар, оқылық!» деп сауатын ашқан баланың барлығы Ыбырай Алтынсариннің есімін жақсы таниды. Ғұмырын халық ағарту ісіне, мектеп ашып, кітап бастырып, бала оқытуға арнаған ұлт педагогі Ыбырай Алтынсариннің туғанына биыл 180 жыл толды. Талантты ақын, терең ойшыл, қайраткер Ыбырай Алтынсариннің мерейтойына орай Қырбалтабай ауылындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің 5 «а» сынып оқушылары сынып жетекшілері Ш.Абдуқалықованың ұйымдастыруымен «Дара ұстаз» атты ашық іс-шара өткізді. Шараны Ерасыл Бекболұлы мен Еркежан Кульбаева жүргізді. Оқушылар ұлы ағартушының өмірбаянымен, шығармашылығымен таныстырды. «Кел, балалар, оқылық!», «Өнер-білім бар жұрттар», «Ананың сүюі» және басқа да өлеңдерін мәнерлеп оқып, «Әке мен бала», «Бір уыс мақта» әңгімелерінен көрініс көрсетті. Іс-шараның тәрбиелік мәні зор болып, жоғары деңгейде өтті. Оқушыларды білімді, өнерлі болу, сана сезімі жоғары, ілтипатты, өнегелі болуға, еңбек етуге үйретті.

«Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген даналық бар қазақ халқында. Ұлт болашағын келер ұрпағына үлкен үмітпен жүктеп, келешектен қуаныш күткен ұлы ұстаз Ы.Алтынсариннің аты мәңгі ұмытылмайды.

 

Ж.АМИРКУЛОВА,

Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің педагог-ұйымдастырушысы

Сәрсенбі, 27 Қазан 2021 14:55

Берекелі мереке

МӘУЛІТ – АРАБША «ТУЫЛУ», «ТУҒАН УАҚЫТЫ» ДЕГЕН МАҒЫНАЛАРДЫ БІЛДІРЕДІ. АДАМЗАТТЫҢ АСЫЛЫ, ПАЙҒАМБАРЛАРДЫҢ АРДАҚТЫСЫ МҰХАММЕД ПАЙҒАМБАРДЫҢ (ОҒАН АЛЛАНЫҢ САЛАУАТЫ МЕН СӘЛЕМІ БОЛСЫН) ТУҒАН УАҚЫТЫНА БАЙЛАНЫСТЫ АТАП ӨТІЛЕТІН КҮН «МӘУЛІТ» ДЕП АТАЛАДЫ.

«Біз сені әлемдерге рақым етіп қана жібердік», – дейді. Әлемге рақым ретінде жіберілген Алла елшісінің туылған айын, күнін құрметтеп, осы айда көбірек салауаттар айтылып, осындай Пайғамбар жіберген Аллаға шүкіршіліктер айту – әрбір мұсылман баласының бұлтартпас борышы.

 Алла құранда: «Расында Алла және періштелер Пайғамбарға салауат айтады. Уа, мүминдер! Сендер де оған ықыласпен салауат айтып, сәлем жолдаңдар», – деген («Ахзаб» сүресі, 56-аят). Бұл аятқа қарасақ, өзін мұсылман санайтын адамдардың бәріне Алла елшісінің аты айтылғанда, салауат айтуы міндет болады. Бұл айда адамзаттың абзалы болған Алла елшісін жақыннан танып, оны қалай жақсы көру керектігін үйренеміз, Пайғамбарға деген сахабалардың махаббаттарын естіп, біз де өз сүйіспеншілігімізді арттырамыз. Адамзаттың асыл тұлғасы Мұхаммед Пайғамба-рымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүниеге келген мәуліт мерекесінде Пайғамбарымызға деген сүйіспеншілік артады. Алла Тағала «Ахзаб» сүресінің 6-аятында: «Пайғамбар, мүміндерге өздерінен артық», – деп Пайғамбарды өзімізден де артық жақсы көру керектігін білдірді. Ал Пайғамбарымыз иманның ләззаты жөнінде: «Мына үш нәрсе арқылы адам баласы иманның ләззатын татады. Солардың бірі, Алланы және Оның елшісін өзге нәрселердің барлығынан артық жақсы көру...», – деген.Міне, Пайғамбарымыздың осы сөздеріне амал еткен сахабалар Пайғамбарымызды барлығынан да артық жақсы көре білді.Олардың Алла елшісіне деген махаббаты терең болғаны сонша, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүние салғанда хазреті Омардай парасатты сахабалардың өзі мұны қабылдай алмай: «Кім Мұхаммедті өлді десе, мен оның басын шабам!» – деді.

«Наср» сүресі түскен кезде Фатима анамыз  пайғамбарлық аяқтала бастағанын сезіп көзіне жас алады. Пайғамбарымыз оны шақырып құлағына сыбырлағанда, Фатима анамыз өксіп жылайды, сосын Пайғамбарымыз екінші рет құлағына сыбыр-лағанда күлімсірейді. Кейіннен Айша анамыз осы мәселенің жайын сұрайды. Сонда Фатима анамыз: «Әуелі өзінің көп ұзамай дүниеден озатынын айтты, сонда мен көзіме жас алдым. Содан соң ең алғаш болып өз әулетінен оған қауышатын мен болатынымды айтты. Сонда қуанып, күлімсіредім», – деді. Мінеки, Пайғамбарға деген шынайы сүйіспенішіктің арқасында, Фатима анамыз өзінің ажалы жақын екендігін естісе де, қайғырудың орнына, Пайғамбарға тезірек қайта қауышатынын ойлап, кемел имандылық танытқан еді. Ақыры Фатима анамыз алты ай бойы төсек тартып жатып қайтыс болып, Пайғамбарға қауышты.

Сахабалар бізге Пайғамбарды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жақсы көрудің үлгі-өнегесін көрсетіп кетті. Тіпті оған деген махаббат сүйіспеншіліктің шыңына шығарды. Хубайбты дарға асатын кезде мүшріктер оған: «Ей Хубайб сен Пайғамбарыңа ерем деп осындай халге түстің, ал ол болса қазір көлеңкеде рахаттанып отыр. Сенің орныңа оның мұнда болғанын қалар ма едің?» – дегенде, Хубайб: «Оның аяғына тікен кіргенін де қаламаймын», – деді. Содан соң: «Уа, Алла Тағалам! Мен осы жаққа шығарда Сенің Елшіңмен қоштаса алмай қалған едім. Уа, Алла! Менің сәлемімді жеткізе гөр!» – деп жалбарынды. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Мәдинада отырып оның сәлемін қабылдап, оған жауап қату арқылы, оған ғасырларға жалғасатын мәртебе сыйлады.

Бадр шайқасының алдында Пайғамбарымыз саптарды түзеп келіп, алға шығып кеткен сахаба Сәуәд бин Узәйиәні қолындағы шыбығымен түртіп артқа шегіндіреді. Сонда әлгі сахаба Пайғамбарымызға қарап, өзін шыбықпен түрткені үшін кегін алатынын айтады. Ешкімнің көңіліне қаяу түсіруді ұнатпайтын Алланың елшісі одан кешірім сұрап, қаласа кегін алуына болатынын айтады. Әлгі сахаба Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) киімін жоғары көтеруін сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз киімін жоғары көтерген сәтте ол бас салып оның тәніне жүзін сүртіп, өбе бастайды. Бар мақсаты Пайғамбар тәніне тиген тәндер тозақ отына күймейтінін ойлап, оның мүбәрәк тәнін құшып, сүю еді.

Әлиден:  «Сендер Пайғам-барды қалай жақсы көруші едіңдер?», – деп сұраған кезде ол: «Шөл далада қалған кісі бір жұтым суды қалай жақсы көрсе, біз де Пайғамбарды солай жақсы көреміз!» – дейтін еді.

Әйел сахабалардың да Пайғамбарымызға деген сүйіспеншілігі шексіз еді. Ухуд шайқа-сында жан алысып, жан берісіп жатқан кезде Пайғамбарымыз: «Оң жағымда да, сол жағымда да сол Нәсибаны көрдім», – дейді. Ол да жараланады. Өзінің баласы Абдулла жарақаттанады, сонда баласына: «Ей балапаным, Алланың Елшісін қорға» – деді. Сонда Пайғамбарымыз: «Уа, Алла! Мына отбасын берекетті ет!» – деді. Умму Умара анамыз (р.а.): «Уа, Алланың елшісі! Сіз дұға жасаңыз, Алла мені сізбен Жәннатта көрші етсін», – деді. Пайғамбарымыз: «Уа, Алла! Мыналарды жәннатта менімен көрші ет!» – деді. Әлгі анамыз: «Болды, енді менің арманым жоқ, жәннатта сізбен бірге болсам, бұл қиыншылықтар мен үшін ештеңе емес», – деген болатын. Сол Ухуд шайқасында Пайғамбарымыз өлді деген хабар тарағанда, Сумайра анамыз да Пайғамбарымызды іздейді. Тіпті оған жұбайың, бауырың, балаң қайтыс болды десе де: «Расулулла қайда?» – деп жар салады. Ол кісіні көзімен көрген соң: «Сен аман болсаң болды, басқа қиыншылықтарды көтеруге әзірмін!» – деді.

Шайқастардың бірінде жарақаттанған Пайғамбарымызды оңына алып, солына алып, алдына шығып, жауға тойтарыс берген Талхаға Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уәжабат, уәжабат», – деп оған жәннаттың уәжіп болғанын айтады. Пайғамбарды жанын сала қорғаған сахаба мұның сыйы жәннат екендігін жақсы білген-ді.

Әнас бин Мәлик айтады: «Бір бәдәуи келіп: «Уа Алланың елшісі! Қиямет қашан?» – дегенде, «Сен ол күнге не әзірледің?» – деді Пайғамбар. Сонда ол: «Менің берген көп садақам да жоқ, көп жақсылығым да жоқ, алайда мен Алла және Оның елшісін жақсы көремін», – деді. Сонда Пайғамбарымыз:«Адам кімді бәрінен артық жақсы көрсе, қияметтің күні сонымен бірге болады», – дейді. Оны естіген Әнас бин Мәлик: «Бұл сүйінші маған, мені жәннәтпен сүйіншілегеннен де артық болды. Себебі мен Алла және Оның Елшісін қатты жақсы көруші едім», – деді. Өз кезегінде Алла елшісі біздерді де қатты жақсы көретін еді, тіпті, біз үшін күніге Раббысына жалбарынып, жарылқау тілейтін еді. Бір күні Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Алла Тағала! Әбу Бәкірдің қызы Айшаның алдыңғы және кейінгі, жасырын және жария қателік-күнәларының барлығын кешіргейсің», – деп дұға етеді. Айша анамыз  ардақты Пайғамбарымыздың бұлайша дұға жасағанына өте қатты қуанады. Жұбайының жүзінен оның қатты қуанғанын көрген Пайғамбарымыз: «Сен қуаныштысың ба?» – деп сұрайды. Айша анамыз: «Сіз мен үшін осылай деп дұға етіп жатқанда, мен қалайша қуанбайын?» – дейді. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағаланың атымен ант етейін, мен әр түні үмметім үшін осылай дұға тілеймін», – деген екен.

 

 

Сапархан қажы АЙДАРХАНҰЛЫ,

Еңбекшіқазақ ауданының имамы.

Сәрсенбі, 27 Қазан 2021 14:53

Сала үздігі

Забира Қошқарбайқызы Қожабекова Шелек пошта байланысы торабының Ащыбұлақ бөлімшесінде тура қырық жыл бойы істеп келе жатыр десе болады. Еңбек жолын Алматы қаласында 1984 жылы бастаған Забира Қошқарбайқызының Ащыбұлақ тұрғындарына көрсететін қызметі сан салалы.

Күре жолдан шеткері ауыл тұрғындарына хат-хабар, поштамен жіберілетін сәлемдеме (посылка) қабылдау, жөнелтуден басқа зейнетақы тарату, салық, несие төлемдері дегендей көптеген қаржылық операцияларды мұқият және жедел орындауда. Соның бір айғағы – бөлімше офисінде ілулі тұрған электр энергиясымен қамтитын кәсіпорынның Забира Қожабековаға тапсырған алғыс хаты. Бұл бағыттағы төлемдер де осы пошта бөлімшесі арқылы уақытылы және еш кедергісіз өтіп тұрады деген сөз.

Шелек пошта торабының басшылығы Забира Қошқарбайқызының баспасөзге жазылу науқанында ақпарат құралдарын таратуға белсенді жұмыс атқаратынын ерекше атайды. Пошта қызметінің жетекшілерінің  сөзін «Еңбекшіқазақ» газетінің редакциясы да қолдайды.

 

Қ.ҚАСЫМҰЛЫ.

Сәрсенбі, 27 Қазан 2021 14:38

Ақпарат алаңы

Көршілердің, базардағы саудагерлердің, автобустағы жолаушылардың ертеңгілік уақытта жаңалықтармен бөлісуінен бастап бұқаралық ақпарат құралдарының (БАҚ) телерадиохабарларына, газеттердегі мақала, хабарландырулары мен жарнамаларына, ғаламтор-интернет парақша-сайттарына дейін ақпараттар алаңы болып есептеледі.

Бүгінгі күні адам баласы ақпаратсыз алға қадам баспайтыны анық. Сол ондаған ақпарат тасмалдаушысы, таратушысы – газеттің алатын орны жеке адам өмірінде де, қоғамда да ерекше.

Жүздеген баспасөз құралдарының ішінде аудан газеті оқырманға, тұрғындарға ең жақын болып есептеледі. Олай дейтінім аудан көлемі, мемлекеттік әкімшілік құрылымының баспасөз құралын тарататын ең кіші бөлігі. Яғни газеттің аудан елдімекендерінде болып жататын өзгерістерді жиірек және сол ауылдардан деректерді бұрынырақ алып жариялау мүмкіндігі де қашықтағы облыс орталығынан, одан да алыс-тағы ел астанасынан молырақ екені рас. Менің бір жақсы танысым демократияның алғашқы қадамдары қарыштап тұрған заманда – тоқсаныншы жылдар ортасында сайлауалды бағдарламасын жарияламақ болып, менімен ақылдасты. Мен, әлбетте, өзім басқарып отырған газетті ұсындым кандидаттың бағдарламасын жариялауға.

– О не дегенің, қайдағы бір аудан газетіне бастырғанша, беделді орталық газеттердің біріне бермеймін бе?! – деп ыршып түсті бір көрген білісім.

– Өзің біл, – дедім оған, – біздің газеттің ауданымыз бойынша он мыңнан аса таралым-тиражы бар. Ал өзіңіз айтып отырған орталық газеттің республика бойынша бізден он бес-жиырма есе көп таралымы бары рас. Бірақ ауданымыздағы таралымы жергілікті газеттен сол он бес-жиырма есе төмен.

Екі көрген таныс кандидатымның алған дауысы бес пайызға да жетпеді. Ол кезде қазіргідей партиялық тізіммен емес, бір мандатты сайлау округтері бойынша өткізілетін еді мәжіліс сайлауы.

Айта-айта, жаза-жаза «жауыр» болған бір мысалымды қайталасам, қателік болмас.

Ауылшаруашылық нысан-дары жекешеленіп жатқан кезеңде мен білетін шаруа қожалығының басшысы жүгері тұқымын жүк машинасын жалдап, көрші мемлекеттен жеткізгені бар. Ал өз ауданымыздағы тұқыммен айналысатын кәсіпкер газетімізге «Жүгері тұқымын сатамын» деген жарнама берген болатын. Газет жаздырып алмақ тұрсын, оны оқымайтын құрдасыма (кейін достасып кетіп едік): «Көрші елден әкелген тұқымыңа кеткен шығының мен газетке жазылуға кетер қаржыңды салыстырып көрші», – деймін. 

«Міне, жарнама – нарықтың қозғаушы күші дейтініміз сондықтан», – деп ақыл айтып, мысқылдай түстім таныстықтан достыққа өткен фермерге.

Сол жарнамалар, жол белгілері, мекеме-кәсіпорын маңдайшалары тек мемлекеттік тілде, яғни, қазақ тілінде жазылатын болды деген жағымды жаңалық жетті ҚР Парламенті Мәжілісі жақтан. Сенат бекітіп, еліміздің Президенті қол қойған Жарлықты күтеміз. Расында да сонау өткен ғасырдың алпысыншы жылдары үш жыл әскери өмірім Украинаның Днепропетровскіде өткенде қаланың әр көшесінде «Перукарня» деген маңдайша, жарнамалар соншалықты көп болғанына таңданып едім: «Неге пекарня-наубайхананы сонша көбейткен? Неге оны соншама жарнамалайды?» – деп. Сөйтсем, «перукарня» дегені орысша «парикмахерская», біздіңше «шаштараз» екен ғой. Ал қазақша жазылған «асхана», «мейрамхана», тағы басқа «ханалар мен паналарды» түсінбейтін өзге ұлт өкілдерін тауып көр! Міне, осы тақырыпты, одан басқа да ұлт мәселелерін көтеріп келеді және алдағы уақыттарда да назарда жіті ұстауға тырысады газетіміз.

Ең басты тақырыптардың көш бастаушысы – елдік мәселесі. «Ел боламын десең – бесігіңді түзе» деді әлемдік аты бар Әуезов Мұхтар – классик жазушымыз. Бүгінгі әлемді алаңдатып отырған індеттің кері әсерінен жас ұрпаққа білім беру мәселесі өте күрделеніп кетті. Осы жағдайға қарамай денсаулық, амандық мәселелерін алдыңғы кезекке қоя отырып, тәрбие мәселелеріне де зор назар аударылып, ел болашағы – жас өркеннің білімді, білікті, денсаулығы мықты ұрпақ болып, ел тірегі болып өсуі назарда.

Теледидардың, ғаламтордың жыл санап емес, күн санап дамып жатқан уақытта сол техника, ақпараттық технология құралдарының кері әсе-рінен жас өркенді қорғау мәселесі де бірге кірді өмірімізге. Интернет-ғаламторда бейбастақ мәтіндермен қатар, одан да ұятсыз фото, бейне материалдар тежеусіз өтіп жатыр. Қазақ мектептерінде оқып жүрген бастауыштың балапандары орысша былдырлап, ана тілін ұмытудың алдында тұрған мысалдарды жазады ата-аналар. Неге олай деп өз немерелерімнің бос уақытта теледидардың қандай каналдарын қарайды деп бақыласам, саусақпен санарлық өз телеарналарымыздан тыс ондаған деуге сыймай жүздеген санға шығып кеткен шетелдік телеканалдар еркін сайрап тұр елімізде. Ертеңгілік балаларға арналған мультфильмдерінен бастап, түс ауа ересектер өміріндегі оқиғаларды көрсететін бір каналдан ересектердің өзі ұялатын дүниелерді көрсетіп жатады екен. Неше түрлі өрескел сөздер, әдепсіз көріністер, адамдар арасындағы ұрыс-керіс, атыс-шабыс фильмдер ел телеарналарында өріп жүр.

Оған үкімет жауапты, телеканалдар басшылығы жауапты дерсіздер. Иә, дұрыс айтасыздар. Бірақ ата-аналар да үлкен жауапкершілік жүгін арақлайтынын ұмытпайық. Кез келген ас мәзірін қабылдай бермейтініміз сияқты, әлемдік деңгейдегі ақпарат алаңынан өзіміздің елдік, ұлттық ұстанымымызға сай ақпаратты, өнер туындыларын таңдап, жас өскінге ұсына білу, жағымсыз, менталитетімізге жат дегендерін шектей білу, керек десеңіз тосқауыл қоя білу де өнер.

Газеттің алдағы уақыттарға қоятын жүгі деп, оқырманға ой салып қана қоймай, болашағымыздың оң болуына сеп болатын, ықпал ететін әрекеттер жасасақ деген тақырыптардың бір тармағын ақпарат алаңына ұсынып отырмыз.

 

 

Х.АХМЕТЖАНОВ

Сейсенбі, 26 Қазан 2021 17:06

Балалардың бал мекені

Достық ауылындағы Балдырған бөбекжай балабақшасының ашылғанына биыл 5 жыл. Осыған орай балабақша меңгерушісі мен ата-аналар комитетінің ұйымдастыруымен мерекелік шара өтті.

Балалардың бал қылығын тамашалауға келген қонақтарға «Бәйтерек» және «Күншуақ» тобы өз өнерлерін көрсетті. Олар әр ұлт өкілдерінің әндері мен билерін орындады. Балабақша әдіскері, аудан және республикалық байқаулардың жеңімпазы Мереке Исабекова «Ана туралы әнді» нақышына келтіріп орындап, көптің көңілінен шықты.

«Балдырған» бөбекжай балабақшасының тәрбиешілері осы жылдар ішінде 150-ден астам түлекті ұядан ұшырған. Олар мектепте үздік оқып, биік белестерден көрініп жүр. Сонымен қатар балабақша тәрбиешілері Райхан Алимқұлова, Индира Алтынбекова, Рәнәгуль Искакова, Босталгуль Қадирова, Г.Токташева, Э.Мухатаева 5 жыл ішінде өздерінің ізденістерімен тынымсыз еңбектерінің арқасында түрлі деңгейдегі байқауларда биіктен көрініп жүр.

Кеш соңында балабақша меңгерушісі Құралай Каманова ұжымға, ата-аналарға ризашылығын білдіріп, ата-аналар комитетінің төрайымы Қазына Мамаева «Бәйтерек», «Күншуақ» топтары-ның тәрбиешілері Ә.Смағұлова И.Алтынбекова Р.Искакова және музыка пәнінің жетекшісі Т.Бертаеваға алғыс айтты. Кішкентай бүлдіршіндерге ізгі тілегін білдіріп, ақ батасын берді.

Ұлжалғас БҰРЫНБАЕВА

Сейсенбі, 26 Қазан 2021 17:06

Ағаш ат та қазақ аты

Соғыстан кейінгі дүниенің бәрі қат, жетіспей жатқан заманда сәбилерге ойыншық сатып әперу деген мәселе орындалмақ түгіл ойға алынбайтын да еді. Солай дегенмен де жақсы көретін ұл-қыздарына әке-шешесі, немерелеріне ата-әжесі қолдан қуыршақ, батпырауық, зырылдауық дегендей жоқтан бар жасап, ойын балаларын ойыншықсыз қалдырмайтын.

Әкесі атты әскер-кавалерияда борышын өтеп, бейбіт өмірде атбегілікпен айналысқаны, атын баптап ұстап үлкен-кіші жарыстардан қалмайтындығы бәйге кері атын күтіп, жем-суын бермей тыншымайтын қасиеті Қайырбекке де дарыған болу керек. Жасы төртке толар-толмастан жуас сауын биені кешке тұсап келуге, ертеңгісін тұсауын алып жетектеп келуге жарап қалған болатын. Сәби Қайырбектің осы ұмтылысы атасына да қатты ұнайтын. Өйткені малжанды бала аш болмайды, атқұмар ұл елге қорған!

Бір күні қыстың қамын жазда ойлайтын әдетімен Қайырбектің атасы, елдің бәрі Ахаң деп атайтын Ахметжан қария отын дайындап отырып, жылқының басына ұқсаған қайыңның түбірін тауып алды. Шеберлікпен тікелей айналыспаса да бәкі пышақ, шаппа шот, ара, балта дегендерді баптап, өткір қылып ұстайтын қария екі-үш сағатта жонып, өңдеп, ағаш ат басын жұмыр ағашқа шегелеп, кейінгі жағына жылқының бір уыс қылын байлап, сол жұмыр ағаштың екі жағына екіден таяқ шегелеп, аяқтарын да сайлап қойды.

Ағаш ат жылқы малына онша ұқсамаса да қылдан кекіл мен жал жапсырған басына қарап, ұзын «құйрығына» қарап Қайырбек: «Ата, атты маған жасадың ба?» – деп қуанып кетті. «Әзірге осы «атқа» міне тұр, өскесін нағыз тұлпарға отырасың, құлыным», – деп ойыншық атты жіптен жасаған «жүгенімен», қабырғада ілулі тұрған салт қамшымен қоса Қайырбекке тапсырған еді.

Көршілердің өзі қатарлы төрт-бес жасар балалары ағаш атқа мініп мәз болып, екі күн қызықтады. Тек үшінші күні ағаш атты көруге келген алты жасар Вася есімді тың көтерушілер легімен келіп, ауылға отырықшы болып қалған Владимир Дорохиннің ұлы ойыншық атты көре сала Қайырбекті елеместен итеріп тастап, ағаш атқа қонжиып отырып алды. Қайырбек бұған ренжіген жоқ. Атасының «қызғаншақ болма!» деген сөздерін ұмытпай: «Васька, сәдес лошат, катайся», – деп қолпаштап та қойды. Қайырбектен екі-үш жас үлкен Васька денелі еді. Ағаштан қиюластырылған ойыншық ат сықырласа да сына қойған жоқ. Бірақ Вася аттың үстінде отырып тебінген болып: «Но, кляча!» – деп аяғын тіреп жүргізбек болып біраз әлектенді де, секіріп түсіп Қайырбектің қолындағы салт қамшыны жұлып алып, ағаш аттың түбірден жасаған басынан ұрғылай бастады. «Малды ұруға, әсіресе, бастан ұруға болмайды» деген атасының сөзі құлағында қалған Қайырбек: «Васька, не бей лошат, нельзя малды бить!» – деп сөзбен тоқтатпақ болды ожар орыс баланы. Ол Васькаң тоқтамақ тұрсын, аузына келген орысша балағат сөздерге «кляча, убью, арам каткир» деген сөздерді қосып өршелене түсті. Бұдан әрі Қайырбек шыдап тұра алмады. Васьканың қамшы ұстаған қолына жармасып тоқтатпақ болды. Жасы да, денесі де үлкен Васька итермек болған сәтте Қайырбек шап беріп сол қолын ұстай бере тісімен қыршып алмасын ба. Қолы қанамаса да Қайырбектің тісі батып кеткен болу керек, Васька байбаламдап жақын жердегі үйіне тұра жүгірді.

Екі баланың арасындағы кішігірім жанжалға енді үлкендер аралассын. Васьканың шешесі адуынды толық келген Мария көп сөзге келмей Қайырбектің құлағынан ұстап, үйге жетелей жөнелді. Бұны көрген атасы көрші Марияға: «Баланың құлағын босат!» – деп зекіді. Балаға қол жұмсап көрмеген Ахаң қатты кейіді көрші әйелдің өрескел қылығына. Қайырбекті тұрғызып қойып:

– Не үшін Васьканың қолын тістедің? – деп сұрады сабырлы дауыспен атасы. 

– Ол неге менің атымның басын қамшымен соққылады? «Қой» десем, қоймады. Сосын қамшы ұстаған қолын тістедім. Васьканың қолынан қамшы түсіп кетті. Сіз өзіңіз айтушы едіңіз ғой, ата, «малды ұруға болмайды» деп.

Атасы сәл ғана жымиды да, Васяның шешесіне болған жайды түсіндіріп берді:

– Қазақ тәрбиесінде малды ұрмайды, әсіресе, бастан ұру малдың азаюына себеп болады. Ал жылқы – қазақ үшін киелі мал.

Мария да болмайды:

– Ну, это же не живая, а деревянная.

– Менің немерем үшін осы ағаш ат – тірі мал секілді. «Баланы жастан» деген мәтел бар, сенің ұлың Васька жақсы бала, бірақ қазақтың салт-дәстүрін сыйлайтын етіп тәрбиелегенің абзал! – деп адуындап тұрған Мария көршінің мысын басты сабырлы сөздерімен.

Ал сол Васяны мүлдем ұмытып, он бес жылдан кейін сонау Украинаның ең ірі қаласында жолықтыру үш ұйықтаса да түсіне кірмейтіндей еді, Ахаңның немересіне.

Қайырбектің заманында Отан алдын-дағы борыш деп аталатын мерзімді әскери қызмет үш жылға созылатын. Украинаның Днепропетровск қаласына алтыншы гвардиялық танк армиясының штабында қызмет ететін болып, карантин кезеңін өту үшін жас сарбаздарды сапқа тізіп қойып, командирлер аты-жөнін атап, жүзін көріп, түрін көріп, есім-сойымен танысуда. Взвод командирі демалыста, орынбасары – сержант тізімді оқып жатыр. Қайырбекке келгенде тегін дұрыс оқығанмен, атын тілі келмей бүлдіре берді де, өзі де мерзімді қызметтегі сержант: «Давай, тебя назовем – Коля, будешь Николаем, так проще, удобней», – дейді. Қайырбек бұл-қан-талқан ашуланып шығып: «Атам азан шақырып қойған атымды Николай деп өзгертпе!» – деп қарсылық білдірді. Сөйтіп егес үстінде тұрғанда саптан бір сарбаз екі аттап: «Мен бұл сарбазды білемін, ол – ұлтшыл. Атын өзгертсең, төбелеседі. Жерлеспіз. Мен бала кезімде ағаш атын қамшымен ұрғанда қолымды тістеп алған. Қазақтар нәресте туғанда азан шақырып, сәби құлағына атын үш рет айғайлап айтады. Мен қазақтармен бірге тұрып, әдет-ғұрпын игергенмін», – деп сайрап тұрған солдаттың Вася екенін сонда ғана білді Қайырбек.

Кейін жолығып, қайда болғанын, қалай бір шақырылымда әскерге келге-німізіді сұрасам: «Атты, ағаш атты қамшымен ұрғаным үшін анам маған болысқанмен, әкемнен таяқ жегенмін. Қазақ бастауыш мектебін бітірдім. Тек орыс поселкасына көшкен соң ғана, орысша бесіншіден бастап оқыдым. Бірақ әкем «біз қазақстандық болдық, қазақша үйрен!» деген соң, қазақ тіліндегі кітап-журналдарды оқып жүрдім. Төрт жастағы сенің қылығыңды әкем қостады. Бірақ ұлтшыл деген сөзді (орысшасы националист) бірінші рет әкемнен естідім. Украиндықтар да өз тіліне келгенде өлері бар жаны шыға қорғайды екен».

Сонымен төрт жасында «ұлтшыл» атанған Қайырбек әскер қатарында да, кейін орта біліммен-ақ газет қызметкері болғанда да, оқуға түсіп, студенттер қатарына қосылғанда да «ұлтшыл» деген атақты арқалап жүрді. Біреулер бұл қа-сиетті қолдап, қорғап айтса, енді біреулер кекетіп-мұқатып айтады. «Мейілдері», – дейді іштей Қайырбек, – «мәңгүрт деген атақтан ұлтшыл деген қасиет әлдеқайда биік тұр». Ұлтжандылық туралы әңгіме жалғасады.

Қ.ҚАСЫМҰЛЫ.

Соңғы жаңалықтар

Қаз 04, 2024

Как сохранить природу и добывать…

Метод подземно-скважинного выщелачивания (ПСВ) урана считается более экологичным и…
Қаз 04, 2024

Эксперт: IT-гиганты делают ставку на…

Эксперт: IT-гиганты делают ставку на атомную энергию для обеспечения устойчивости…
Қаз 04, 2024

Қазақстанда өндіріс саласын қалай…

Мәжіліс депутаты Мұқаш Ескіндіров осы мәселеге қатысты ойын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ…
Қаз 04, 2024

Обращение с ОЯТ

От момента принятия решения до начала работы атомной станции пройдет около 10 лет. Это…
Қаз 04, 2024

Депутат оценил риски для экологии…

Почему атомные реакторы поколения III+ безопасны для населения и экологии,…
Қаз 04, 2024

Жас маман АЭС жөнінде: Басқа…

Ядролық энергетика саласындағы жас маман, «Болашақ» бағдарласының түлегі Әсет Махамбетов…
Қаз 04, 2024

Асхат Бекбаев: АЭС салу арқылы…

6 қазанда елімізде АЭС салу мәселесі бойынша референдум өтеді. Осы орайда біз атом…
Қаз 04, 2024

Атом электр станциясын салу – ұзақ…

Бұл Тәуелсіз Қазақстанның бүкіл тарихындағы ең ірі жобаға айналады. Бүгін мәслихат…
Қаз 04, 2024

Готовят ли в Казахстане специалистов…

Одним из вопросов основных вопросов касательно АЭС сейчас является наличие и подготовка…

Күнтiзбе

« Қазан 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31      

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет