Ауданымыз мемлекеттік сындарлы саясат пен қолдаудың, бағытты, бағдарлы, кең ауқымды жоспарлы жұмыстың, еселі еңбектің арқасында мақсат еткен белестерді бағындырып келеді. Жылдан жылға ауданымыздың барлық салалары дамудың оң динамикасын көрсетуде. Десек те, жеткен жетістіктерімізбен қатар орын алып отырған кемшіліктер де жоқ емес, атқарар жұмыс шаш-етектен. Осы орайда, қараша халық пен билік өкілдері арасында алтын көпір болып, тұрғындардың өзекті мәселелерін шешуде жетекші  рөл атқарып жүрген мәслихат депутаттары жақында ауданымызды аралап, әрбір елді мекендегі шешімін таппай тұрған мәселелермен танысты. Аудандық мәслихат хатшысы Бекет Ахметов бастаған жұмыс тобы тұрғындармен кездесті, әлеуметтік нысандарды аралады.

Инфрақұрылым

Бірнеше күнге созылған сапар барысында Есік қаласы мен 25 ауылдық округте болған мәслихаттың жұмыс тобы көптің көкейінде жүрген бірқатар түйіткілді мәселелерді өз көздерімен көріп, саралап қайтты.

Кез келген елді мекеннің көркі оның инфрақұрылымы мен халқының тұрмыс-тіршілігіне байланысты. Ауданымызда соңғы 4,5 жылдың ішінде стратегиялық маңызды кешендер бой көтерді, бағдарлы жұмыстарға нәтижелі қол жеткізілуде. Бірқатар ауылдардың мәселесі шешілді.  Соған қарамастан мәселелері назардан тыс қалып жатқан ауылдар да бар.

Осыны көзбен көріп, көңілге түйген халық қалаулылары көтерілген мәселелерге барынша көңіл бөлу қажеттігін және тиісті шараларды уақытылы қабылдау керек екенін айтты.

Жоғарыда атап өткендей соңғы жылдары халық игілігі үшін берілген мәдени-қоғамдық нысандардың саны артуда. Дегенмен жұртшылықтың демалуына арналған мәдени орындардың бұзақылық әрекеттерден қорғалуына байланысты сын ескертпелер жетерлік. Бұл бағытта бейнебақылау камераларының санын арттыру маңызды. Аталған жұмыстардың бір бағытын Шелек ауылында және аудан орталығы Есік қаласындағы Жамбыл даңғылы (аудан әкімдігінің алдында), Абай, Тоқатаев, Уәлиханов, Алматы көшелері (мешіт маңы) мен Алтын адам аллеясында жүргізу керек.

Жұмыс тобы сапар барысында тазалық жұмыстары мен қала бойынша қоқысқа арналған арнайы орындардың салуынуын қолға алу қажеттігін ескертті. Сонымен қатар ғимараттарға жүйесіз ілінген жарнамалар да қала келбетін кетіруде. Осыны назарға алған депутаттар елді мекендердің сәнін кетіретін ескірген жарнамалармен күресу қажеттігін жеткізді.  

Сапасыз құрылыстардың, апатты жағдайдағы ғимараттардың сүрілуін қадағалау, жабайы сауда орындарының, жолаушы тасымалдаушы көліктердің арнайы тоқтайтын орындарын нақтылау керек. Осы тұрғыдан ауданымыздың қақпасы мен бет-бейнесі болып табылатын Есік қаласы мен Бәйтерек, Бәйдібек би, Нұра, Байсеиіт сынды жол бойындағы ауылдарда аталған бағыттағы жұмыстар қолға алынып, жүйелі түрде жүргізілуі тиіс.

Көптен көтеріліп жүрген Алматы мен Ш.Уәлиханов көшелері аралығындағы Есік өзенінің арнасын абаттандыру мәселесі де жұмыс тобының назарынан тыс қалмады. Өзен арнасын тазартып, жағалауды қалыпқа келтіріп, тұрғындарға арналған демалыс орындарын жасақтап, көгалдандыру жұмыстарын жүргізу қажет.

Тескенсу ауылының саябағын абаттандыру жұмыстары жүргізілу барысының сапасы бойынша жергілікті тұрғындардың бірқатар сын-ескертпелері тыңдалды.

Елді мекендердің инфрақұрылымы бойынша осындай ұсыныстарды көтерген Бекет Төлегенұлы мен мәслихат депутаттары басқа салалардағы кемшіліктерді жоюға күш салатынын жеткізді.

 

Суармалы су тапшы

Ауданымыздың экономикалық дамуы ауыл шаруашылығымен тікелей байланысты. Сондай-ақ, ауылдық аймақтағы тұрғындардың басым көпшілігі қара жерден нәпақасын айырып, төрт түлікпен жан бағуда. Бірақ осы бағытта орын алып жатқан кемшіліктер саланың дамуына тұсау болып отыр.

Статистикалық мәлімет бойынша ауыл шаруашылығы өндірісінде 9 901 шаруа қожалығы және 396 заңды тұлға жұмыс жасайды, бұдан басқа 54 мыңға жуық ауланың тұрғындары мал және құс өсірумен, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін үй жағдайында өсірумен айналысады.

Ағымдағы жылдың  9 айында   ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі  117 млрд 34 млн теңгені құрады.  Бүгінде бұл көрсеткішті ары қарай арттыру көзделуде. Бірақ округтердің маңындағы төрт түлікті жаюға арналған жайылымдық жерлердің күнен-күнге азаюы өткір мәселелердің біріне айналуда.

Ауданымызда жалпы су тапшылығы мәселесі соңғы бірнеше жылда көрініс беруде. Сондықтан ең алдымен ауданның ауыл шаруашылық жерлеріне қажет су тапшылығын болдырмау үшін жаңа каналдар, бөгеттер құрылысын салу, жерасты суларын пайдалану, жайылымдарды суландыру жөнінде зерттеулер жүргізу керек. Сондай-ақ, каналдардың гидротехникалық  құрылыстарын қайта жаңғырту жобасын жалғастыру қажеттігі туындап отыр. Ауыл тұрғындарының күн көрісі және ауыл шаруашылығы өндірісі тіршілік нәріне тікелей байланысты. Ал шаруаларды сумен қамтамасыз етіп отырған Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналының басшылығы тарифті бірнеше есеге арттырып, ағымдағы жылы бұл фактор шаруалардың арасында наразылық тудырған еді.

Оған қоса, арықпен келген судың белгілі мөлшері жерге сіңіп кетеді. Мұны ешкім есептемейді, шаруалар егіс алқабына жетпеген судың ақысын төлеуге мәжбүр. Ал су жүретін каналдардың жағдайына мониторинг жұмыстары жүргізілмегендіктен, олардың басым көпшілігі жарамсыз халге түскен.

Ауданымыздың ауыл шаруашылығын барынша оңтайландыру – бүгінгі күннің басты мәселесі. Жыл сайын бірді-екілі қосылған мал басы мен шаруалардың егістігін санау арқылы ауыл шаруашылығын дамыту мүмкін емес. Ол үшін қазіргі уақытта саланы дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламаларды дұрыс жүзеге асыра отырып, нақты ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу, бос жатқан жерді тиімді пайдалану туралы жобалар жасалынып, ауыл шаруашылығымен айналысуға ниет білдірген азаматарға көмек берілуі қажет.

 

Тіршілік нәрінен таршылық көруде

Ауданымызда азаматтардың өмір сүру деңгейі көтеріліп, олардың әл-ауқаты артып келеді. Алайда ауыз судың сапасы жоғары болмай, жұртшылықтың тіршілігін жақсы деп бағалау мүмкін емес. Бұл қала және ауыл тұрғындарына бірдей қатысты мәселе. Көктем шығып, жаз келісімен тұрғындар үшін ауызсу тапшылығы ең негізгі мәселеге айналады. Кейбір ауылдардың су құбырлары жарты ғасырға жуық уақыт бойы жөндеу көрмеген. Оның үстіне соңғы жылдары халық саны да артқандықтан, тіршілік нәріне деген сұраныс та жоғары. Сапар барысында жұмыс тобына тұрғындардан қосымша су жинақтайтын қойма салғызу туралы ұсыныстар көптеп түсті. Тіршілік нәрінің тапшылығын шешу мақсатында атқарылар жұмыс көп.

Сарыбұлақ ауылының 1600-ден астам тұрғынын ауыз сумен қамтып отырған су станциясы ескіргендіктен құбыр жиі жарылады.  Ауызсумен қамтамасыз ету жүйелерін қайта жаңғыртуды қажет ететін ауылдар да аз емес. Бөлек ауылдық округінің тұрғындары талай жылдан бері сапалы ауызсуға жарымай отыр. Қырбалтабай, Малыбай, Тауқаратұрық, Қазақстан, Ашыбұлақ, Бірлік, Алмалы, Төле би, Ақбастау, Жаңашар, Қорам ауылдарының бас ауруы – ауызсу мәселесі. Тұрғындары осы күнге дейін ауыз суды өзеннен немесе жақын ауылдардан тасып ішіп отырған Көкпек, Ақбастау, сонымен қатар Есік қаласы мен Ақши, Бәйдібек би, Бәйтерек ауылдарының жанынан жаңадан қосылған шағын ықшам аудандар мен саяжайлардың проблемалары да депутаттардың назарынан тыс қалмады.

Түрген ауылындағы су құбырларын жүргізудің екінші кезеңін бастау үшін қаржы бөлу осы күнге дейін күн тәртібінде.

Бірнеше ауылдық округтердің маңында тұрмыстық қалдықтарды тастауға арналған қоқыс алаңдары қарастырылмаған. Бүгінгі таңда тұрмыстық қалдықтардың қайда шығарылып жатқандығы белгісіз.

 

Жол инфрақұрылым саласындағы мәселелер

Соңғы жылдары ауданымызда жол жөндеу жұмыстарына қомақты қаражат бөлініп, қарым-қатынас көзінің сапасы жақсарып келеді. Ағымдағы жылы барлық санаттағы жолдарды жөндеп, күтіп ұстауға бөлінген қаражат 3 млрд 638 млн теңгені құрады, оның ішінде аудандық маңызы бар жолдарға 1млрд 234 млн теңге бөлінген, осы арқылы жолдардың сапасын кезең-кезеңімен жақсарту мақсатында,  жөндеу жұмыстарымен 657 шақырым жол қамтылған.

Алайда, бұл бағытта да түйіні тарқатылмаған түйіткілдер бар. Жөндеу көрмеген жолдардың негізгі бөлігі өткен ғасырдың 60-80 жылдары салынған. Ауылдардағы көшелердің ой-шұңқырлары көп. Көктөбе, Түрген, Бәйдібек би, Шелек, Балтабай, Бәйтерек ауылдық округі тұрғындарынан осындай шағымдар түсті. Аудан аумағындағы ауылдардың арасын жалғап тұрған негізгі жолдардың басым көпшілігіне жыл сайын шұңқырларды жамау жұмыстары ғана жүргізілгендіктен, көлік жүргізушілері үшін қиындық туғызуда.  Атап айтсақ, Шелек-Ақтоған-Қаражота, Бөлек-Есік, Екпінді, Толқын тас жолдары.

 

Медицина

Даналықты өмірдің өзінен дарытқан халқымыз «Бірінші байлық – денсаулық» деп сан ғасырдың сырын бір ауыз сөзбен түйіндеген болатын. Шынында да адамзат үшін сарқылмайтын қазына, таусылмайтын байлық – денсаулық екендігіне дау жоқ.

Денсаулықтың қалыпты, мықты болуы үшін сапалы медицина қызметінің маңызы зор. Бүгінгі таңда ауылдық округтерде медициналық маман тапшы, қазіргі таңда 20-дан астам түрлі бағыттағы жалпы тәжірбиелік дәрігерлер қажет. Ал бағдарламамен келген жас мамандарға тиісті қолдаудың болмауынан тұрақтамай, кетіп қалуда.

Жедел жәрдем қызметіне тұрғындардың көңілі толмайды. Ауылдарға шақырғанда келмейтін көрінеді. Ал окрутердің дәрігерлік амбулаторияларында тек санитарлық көліктер ғана бар. Оны күні-түні науқастарға қызмет көрсету үшін пайдаланып келеді. Сондықтан жедел-жәрдем қызметіне байланысты шаралар қабылданып, олардың аумақтық бөліністерін қайта қарастыру қажет. Себебі бүгінгі таңда көптеген округтер тұрғындарының саны едәуір артқандығы белгілі.

Аудандағы 77 денсаулық сақтау мекемелерінің 39 типтік ғимаратта орналасқан, 25 бейімделген, 13 елді мекенде жалданбалы ғимараттарда орналасқан. Ескірген және бейімделген ғимараттарда орналасқан нысандардың орнына жаңа 35 денсаулық сақтау объектісін салуды және 22 нысан күрделі жөндеуді қажет етеді. Мысалы, жұртшылыққа қызмет көрсетіп отырған Қаражота, Тескенсу, Ж.Қайыпов, Талдыбұлақ, Өрікті, Рахат ауылдық дәрігерлік амбулаторияларының құрылысы мен Сарыбұлақ, Ақтоған, Таутүрген, Лавар, Май, Торғайбаз ФАП-тары мен МП-ге жаңа ғимарат пен күрделі жөндеу қажет.

 

Оқу ордалары жөндеуді қажет етеді

Аудан бойынша 84 мемлекеттік мектеп бар, оның 65-ы типтік, ал 19-ы бейімделген ғимаратта орналасқан. Соның өзінде үш ауысымда оқитын мектептердің мәселесі күн тәртібінен түскен емес.

Осы мәселені шешу мақсатында Есік қаласында 1500 орындық, Ташкенсаз және  Қазақстан ауылында 300 орындық  мектептердің құрылысын жүргізуге келісім жасалған.

Ташкенсаздағы нысанның құрылысын қазіргі уақытта мердігер мекеме өз қаражаты есебінен жүргізіп жатыр, құрылыс заттарының қымбаттауына байланысты қаражат уақытылы бөлінбеген. Ал Қазақстан ауылындағы жұмыстар бөлінген аумақтың орналасқан жері сор, батпақты болуына байланысты тоқтап тұр.

Ж.Қайыпов ауылындағы 2015 жылы қолданысқа берілген Қазақстан орта мектебінің асханасы мен бірнеше ғимараттарында жарықтар пайда болып, керегелері айырылып кеткен. 1-ші қабаттағы 5 бөлме апаттық жағдайда тұр. Аталған мектеп орналасқан аумақтың сазды болуына байланысты алдағы уақытта мәселенің алдын алу жұмыстары жүргізілмесе, іргетасы отырып, басқа балалар білім алып отырған сыныптар осындай жағдайға түсіп, төтенше жағдай туғызуы мүмкін.

Масақ округіне қарасты Нұрлы ауылындағы мектептің ғимараты жедел күрделі жөндеуді қажет етеді. Білім ордасының жылу жүйесінен бастап есік-терезелері мен еденіне дейін ескірген, жауын-шашын, еріген қар суының кесірінен тозығы жеткен шатырынан су өтіп, қабырғаларында жарықтар пайда болған, техникалық базасы да стандартқа сай келмейді.

Бүгінгі таңда ауданымызда дәл осындай уақыт күттірмей күрделі жөндеуді қажет ететін 20-дан астам білім ордасы, жаңа мектептің құрылысын қажет ететін 19 бейімделген ғимарат бар. Олардың қатарында М.Әуезов атындағы, М.Мақатаев атындағы, Н.Бубенцов атындағы, М.Горький атындағы, Абай атындағы, И.Таиров атындағы, Б.Момышұлы атындағы, сондай-ақ Масақ, Сарыбұлақ орта мектептері және Баяндай, Қазатком орталау мектептері, Н.Островский атындағы орта мектептің бастауыш сыныптары оқитын ғимараты, Қайнар ауылындағы Қызылқазақ бастауыш мектебі бар. Аталған нысандарға салынған уақыттан бері күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмепті.

 

Мәдениет үйлерінің мәселесі

Тоқырау кезінде жеке меншікке өтіп кеткен мәдениет нысандары нысаналы түрде пайдаланылмағандықтан тоналып, қаңырап қалған. Оларды қайтару майқсатында бірнеше рет талпыныс жасалғанмен, нәтижесіз қалып отырғандығы мәлім. Сондықтан бүгінде мәдениет үйлері жоқ Балтабай, Ташкенсаз, Бартоғай, Қазақстан сияқты округтердің мәселесін шешу – күн тәртібінде. Сонымен қатар жағдайлары сын көтермейтін, соған қарамастан барынша халыққа қызмет көрсетіп отырған бірқатар мәдениет ошақтары бар. Атап айтқанда Түрген ауылының мәдениет үйі күрделі жөндеуді қажет етеді.

Бұдан бөлек, округ әкімдігі орналасқан ғимараттардың да жағдайы мәз емес. Жаңашар, Қаражота, Қаратұрық, Көктөбе, Қырбалтабай сияқты ескі ғимаратта отырған ауылдық округ әкімдері аппараттарының ғимараттары жөндеу және қайта жаңғырту жұмыстарын қажет етеді.

 

 

Жұмыс іздеп ауылға келген мамандарға қандай көмек қарастырылған?

Ел ертеңі болып саналатын жастардың қоғамда алатын орны ерекше. Алғыр да, парасатты, білімді жастардың ауыл өміріне араласуы құптарлық іс. Бір кездері тұралап қалған ауылдың тыныс-тіршілігіне қан жүргізетін мамандарды тарту, оларға қолдау көрсету маңызды.

Қазіргі таңда жастарды қолдауға бағытталған «Дипломмен ауылға», «Жастар тәжірибесі», «Жасыл ел», «Жастар кадрлық резерві» секілді ауқымды бағдарламалар жүзеге асырылуда.

Аталған бағдарламалардың арасында «Дипломмен ауылға» жобасының­ орны бөлек. 2009 жылы басталған «Дипломмен ауылға»  бағдарламасы 10 жылдан астам уақытта берген нәтижесіне көңіл көншімейді. Ауданымызда мамандарға мұқтаж өңірлер көбеймесе, азайған жоқ. Өз міндеттемесін орындап, үш жыл ауылда жұмыс істеген мұғалімдер мен дәрігерлер міндетті жылын өтеген соң, жүктерін буып-түйіп,  қайтадан қалаға көшіп кетіп жатқан фактілер де кездеседі. Ал нақты қызмет етіп отырған жас мамандар бұл бағдарламаға іліге де алмаған.

Осы тұста маман тапшылығы сезіліп отырған ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға әлеуметтік қолдау шараларын көрсету күн тәртібіндегі негізгі бағыттарды бірі екендігі сөзсіз.

 

Аудан  әкімі  Әлібек Жақанбаевтың төрағалығымен өткен жиында өңірдің биылғы қаңтар-қыркүйек айлары аралығындағы әлеуметтік–экономикалық дамуының қорытындылары  қаралды. Шара барысында аудан әкімінің орынбасары А.Досумбаев   баяндама  жасады.

Т.Молдағалиев атындағы мәдениет үйінде өткен жиналысқа аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары мен округ әкімдері және мемлекеттік қызметкерлер қатысты. Ең әуелі Алтай Досумбаев өңірдің  әлеуметтік-экономикалық дамуындағы негізгі бағыттарға тоқталып, атқарылған істер мен нақты көрсеткіштерді баяндады.

Тоғыз айдың қорытындысы бойынша негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамика байқалады. Мәселен, ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 117 млрд 34 млн теңгені құрап, нақты көлем индексі 101,7 пайызға артты», –  деді А.Досумбаев 

Құрылыстың жүргізілуі 101,4 пайызға жетіп, тұрақты әрі жоғары қарқынды өсім қамтамасыз етілген, соның ішінде 40,4 мың шаршы метр  тұрғын үй пайдалануға  берілді. Өңірдің  әлеуметтік-экономикалық дамуының жалпы жағдайымен танысқан аудан әкімі Есік қаласы мен округ  әкімдеріне экономиканың барлық салаларына инвес-тиция тартуға ерекше назар аударуды тапсырды.

Аудан әкімі орынбасарының баяндамасынан кейін  білім бөлімінің басшысы Б.Аманова мен  тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы А.Ансатбаев атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді. Білім бөлімі басшысының сөзінше, бүгінде  аудан бойынша 84 мемлекеттік мектеп бар, оның 65-і типтік, ал 19 бейімделген ғимаратта орналасқан. Бұл саладағы өзекті мәселенің бірі – үш ауысымдық мектептер санының жылдан жылға өсуі. Бұл ретте, аудан әкімі білім бөлімінің басшысына, мүкіндігі шектеулі балаларды оқыту, балабақшамен қамту, маман тапшылығын шешу бойынша нақты тапсырмалар берді. Тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөліміне де қаражатты мақсатты игеріп, су және кәріз жүйелерін жаңғырту жұмыстарының уақытылы, сапалы орындалуын қадағалауды тапсырды. Сонымен қатар, суару жүйелерін теңгерімге алып, күтіп ұстауға қатысты жұмыстардың жүргізілуін қамтамасыз ету және газдандыруды  тездету туралы міндеттер жүктеді. Бұдан өзге өңір басшысы эпидемиологиялық жағдайды, COVID-19-ға қарсы екпе алу барысын бақылауда ұстау, қоғамдық тәртіпті сақтау, көпқабатты үйлерді газандыру, салық түсімін молайту, қысқы жылту  мен тазалық  жұмыстарын  жүйелі жүргізу қажеттігін айтты.

Жиын соңынан аудан  әкімінің бірінші орынбасары Айбек Бидаев қоғамдық қабылдау өткізіп, аудан тұрғындарын мазалап жүрген мәселелер мен сауалдарға жа-уап берді. Қабылдауға «Nur Otan» партиясы аудандық  филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қуат Байғоджаев, аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Бименов, аудан әкімі аппаратының жетекшісі  Мақат Мемельбеков пен қала, округ әкімдері, бөлім басшылары қатысып, бірқатар мәселелер талқыланды.Тұрғындар тарапынан тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін беру, ауызсу, кезекпен үй беру, тұрақты жұмыспен қамту, қандастардың азаматтық алуы, саяжайлардағы санитарлық тазалық   мәселелері қозғалды. Айбек Дүйсембекұлы қабылдауға келген тұрғындардың мәселелері бойынша тапсырмалар беріп, шешу жолдарын қарастыратынын жеткізді.

 

Е.АСЫЛ.

Сәрсенбі, 03 Қараша 2021 16:34

Балаға мейірім сыйлайық!

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Асы ауылдық округінде «Балаға мейірім сыйлайық!» атты  акция өтті.

Акция алдында көпбалалы, аз қамтылған отбасыларда тәрбиеленіп жатқан көмекке мұқтаж балаларының тізімі жасақталған болатын. Қайырымдылық шарасы барысында М.Әуезов атындағы орта мектептен 30 оқушыға, Диқан орталау мектебінен 5 оқушыға, И.Саттаров атындағы орта мектептен 25 оқушыға, Жаңашаруа орта мектебінен 5 оқушыға, Т.Қабылов атындағы орта мектептен 15 оқушыға, жалпы 80 оқушыға қыстық киімдер табысталды.

Оқушыларға қуаныш сыйлауға «Орта Азия консалтинг және ресурстар» қоғамдық қоры демеушілік етті. Округ әкімі Ұ.Сағынбеков демеушілермен бірге тізімдегі әрбір балаға киім табысталу барысын, киім өлшемдерінің дұрыс келуін басты назарға алды.

Акцияға қатысқан мектеп басшылары мен ата-аналар демеушілерге ризашылықтарын білдірді.

 

Нұрлан ҚАЛИАҚБАРОВ,

Асы ауылдық округі әкімі аппаратының  бас маманы. 

 

Жамбыл – ғасырлық ғұмырымызда арыны басылмаған алып жыршы,  өлмес өлеңімен  өшпес мұра қалдырған дүлдүл ақын. Жамбыл Жабаев өзінің ғасырға жуық ғұмырында тау мен даланы жырлады. Поэзия əлеміндегі туған халқының мақтанышы, əлемдік деңгейдегі жыр алыбына айналды. Оның ақыл-ойға, парасатқа, терең тарихқа, мөлдір сырға, нəзік сезімге, бай образға толы поэзиясы өлеңге құштар, өнерсүйер əрбір жанды сүйсінтті. Биыл  алып та биік, айдынды да айбынды жыр жампозының дүниеге  келгеніне 175 жыл толды.

Жастайынан ақындық өнерге құмартқан Жамбыл 14 жасында айтыстың аламан жүйірігі  Сүйінбай ақыннан бата алып, сөз өнерінің даңғыл жолына түседі. Сүйінбай Аронұлы – шашасына шаң жұқпаған айтыс ақыны, от тілді, орақ ауызды шешен, қазақ шежіресінің сұңғыла білгірі болған деседі. Жамбыл өзінің ұлы ұстазынан осы қасиеттердің бəрін алды.Қазақ халқының ұлы ақындары Сүйінбай мен Жамбыл – егіз құбылыс. Екеуін бірінен-бірін бөліп қарауға болмайды. Алып бəйтерек тамырдан өседі десек, Жамбылға нəр берген тамыр – Сүйінбай.

Содан да болар  Жамбыл:

Менің пірім – Сүйінбай,

Сөз сөйлемен сыйынбай.

 

Сырлы, сұлу сөздері,

Маған тартқан сыйындай.

Сүйінбай деп сөйлесем,

Сөз келеді бұрқырап,

Қара дауыл құйындай! – деп ақынды өмір бойы аузынан тастамай кеткен. Деректерде Жамбыл 35 жасында, яғни 1881 жылдың күзінде, Іле бойында өткен бір үлкен жəрмеңкеде сол кезде орта жастардағы ақын Құлмамбетпен (Құлманбетпен) айтысып, жеңіске жетеді делінген. Содан бастап Жетісудың ең үздік ақынына айналады.

Жамбыл шығармашылығы қазақ айтыс өнерінің үздік үлгісін көрсетумен бірге дәуір келбетін кескіндеп, замана шындығын жырлайды. Тарихтан мəлім, 1914 жылғы Бірінші дүниежүзілік соғыс басталып, ұзаққа созылған соғыс зардабынан патшалық Ресей империясы құрамындағы халықтар қатты күйзеліске түсті. 1916 жылы қазақ халқынан Ресей императоры он тоғыз бен отыз бір жас аралығындағы тепсе, темір үзетін атпал азаматтарды соғыстың қара жұмысына алу туралы Жарлық шығарды. Бұл жастағы жітіттер аграрлы қазақ қауымында негізгі асыраушы күш болғандықтан, еркек кіндік атаулыны жаппай майданға əкету қазақ ұлтының əлеуметтік-демографиялық күй-реуіне əкеліп соғар еді. Осыны түсінген халық Қазақстанның түпкір-түпкірінде патша өкіметіне қарсы көтеріліске шықты. Көтерілістің негізгі үлкен-үлкен ошақтары Торғайдағы Амангелді Иманов, Жетісудағы Бекболат Əшекеев бастаған ереуілшілер болды. Осы Жетісудағы көтеріліс кезеңінде жетпіс жастағы Жамбыл Жабаев «Патша əмірі таралды» атты өленіңде:

...Патша əмірі таралды,

Оған қылар бар ма ылаж?

Ішке толған зарымды,

Кімге айтармын қылып наз!

Көген көзді қосақтап,

Қалай қиып берерміз?!

Көздің жасы моншақтап,

Көңіл шер боп өлерміз.

Көк жайлауды қалдырып,

Қайда көшіп кетерміз?!

Көкіректі зар қылып,

Қорлықпен қайтып өтерміз?! – деп халық көтерілісінің түпкі мəнін ашып көрсетіп, көтерілістің басты ұраншысына айналады. Жамбыл патша жандармы бұйрығымен тұтқындалып, жетпіске қараған шағында түрмеге отырғызылады. Халқының ақынына деген сүйіспеншілігінің арқасында ақын абақтыдан босап, бостандыққа шығады. Кеңестік дəуір кезеңі ақын шығармашылығының жаңа бір дəуірде өзгеше түрленуі болып көрінеді. 1916 жылғы дүрбелеңдер 1917 жылғы атақты революцияға ұласып, бұл тарихи оқиғалардың соңы əлем картасында КСРО атты жаңа алып мемлекеттің  пайда болуымен аяқталды. Ұлттық құндылықтармен қаруланған Жамбыл рухы бұл кезеңде де жыр жорғасынан жаңылған жоқ.Ақын жаңа қоғамды үкімет оң қабақ танытпай тұрып-ақ, өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарында жырға қосты. Жырау 1924 жылы өзінің «Қазақстан тойына» атты жырында:

Халықтың енді, міне, жетілгені,

Құрыштың білінбейді кетілгені.

Аталып Қазақстан ел боп туып,

Үй тігіп, ірге қалап бекінгені.

Елімді сансыз жылдар қоршап тұман

Өмірінде азап шегіп өкінгені.

Елімнің үкіметі көп жасасын!

Намысты жауымызға кетірмеді.

Болайық үкіметке кедей ұйтқы,

Секілді, темір тіреу көпірдегі.

Жарқырап тұла бойды шаттық кернеп,

Ажарым шырайланды бетімдегі.

Ағытқан бар арынын арғымақтай,

Қиырдан қия шауып лепіргені.

Сенімен, туған елім, біте қайнап,

Жан емен əңгіменің шетіндегі.

Сондықтан бабаң Жамбыл

əнге шырқап

Қырандай қос қанаттың серпілгені,  – деп толғынысқа түседі. Қорғасындай құйылған осы жыр жолдарының бүгінгі тəуелсіздікке қол жеткізіп отырған заманмен ғажап үндестігін көреміз. Сонау өткен ғасыр басында Жамбыл ақын Қазақстаннның тəуелсіз ел болып түлейтінін, үй болып ірге қалайтынын болжай білген тәрізді.Ақынның өмірі мен шығармашылығы оның ғасыр жасаған, ерлікке толы поэзиясының біздер үшін мəн-мағынасын ешқашан жоймайтыны шындық.Ұрпақтары барда ұлы ақын жыры ғасырдан ғасырға жасай береді.

 

Дайындаған Е.АСЫЛ

Сәрсенбі, 03 Қараша 2021 12:30

COVID-19: Аудандағы ахуал

Бір аптада (27.10 – 02.11.2021 аралығында) Еңбекшіқазақ ауданында ПТР сынама арқылы 52 адамнан коронавирус анықталды. Олар:

Есік – 13

Талғар – 2

Көктөбе – 6

Бәйтерек – 4

Рахат – 4

Ават – 3

Қорам – 3

Қаратұрық – 3

Ташкенсаз – 2

Шелек – 2

Қазақстан – 2

Балтабай – 2

Малыбай – 1

Қаракемер – 1

Бөлек – 1

Саймасай – 1

Жаңашар – 1

Түрген – 1.

 

Тіркелген науқастардың әлеуметтік-кәсіби мәртебесі төмендегідей:

19 науқас – жұмыссыз

2 науқас – жеке кәсіпорындарда жұмыс істейді

18 науқас – зейнеткер

7 науқас – мектеп оқушысы

3 науқас – студент

2 науқас – ұйымдаспаған бала

1 науқас – мұғалім

 

Мәлімет Еңбекшіқазақ аудандық санитарлық-эпидемиологиялық

бақылау басқармасынан алынды.

 

 

Сейсенбі, 02 Қараша 2021 17:28

Жақсылыққа жаны құмар жандар

 

Қайырымдылық – адамның асыл қасиеттерінің бірі. Адамдарға жомарттық  танытып, жақсылық жасау, қайырымдылық көрсету – халқымыздың ежелгі дәстүрі.

Бұл күнде игі дәстүр өз маңыздылығын жойған  жоқ.

Жақында аудандық мәслихат депутаттары Бағдат Рахимов және Михаил Гусев, қамқоршылық кеңес мүшелері Қырбалтабай ауылының Ы.Алтынсарин атындағы орта мектеп-мектеп жанындағы интернатымен және Қызылқазақ бастауыш мектебіндегі көпбалалы отбасынан шыққан  және  аз  қамтылған 20 оқушыны  оқуға қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етті.

Қайырымдылық шарасы кезінде ұстаздар мен ата-аналар қауымы жомарт жандарға алғыс айтып, ризашылығын білдірді. 

 

А.КУНАНБАЕВА,

әлеуметтік педагог.

Көк аспанның төрінде,

Алаулаған күн қандай?!

Бұлбұлдары сайраған,

Бұйраланған бақ қандай?!

Теректері жайнаған,

Жасыл бантик таққандай.

Самал желмен таранған,

Қызғалдақты қыр

 қандай?!

Жер бетіне сан алуан,

Жалау өсіп тұғандай.

Иә, көрген жанның көзі тоймас табиғатымызды, сылдырлап аққан мөлдір бұлақ пен өзен-көлдерімізді, түгін тартсаң майы шығатын көк майса жайлауымызды, шыңдары көк аспанмен таласқан, ақ бұлттардан ары асқан тауларымызды бір өлеңнің көлеміне сыйғызу мүмкін емес шығар, сірә. Десек те, осыншама байлық пен сұлулықты көзбен көріп, сезінуге не жетсін?! Ол үшін Шелек өңірінде орналасқан Шелек орман шаруашылығына барсаңыз жеткілікті. Өткен аптада орман шаруашылығының басшысы Бекболат Алтаевпен кездесіп, мекеме жұмысының мән-жайымен, орманды қорғау мен күтіп-баптау шараларымен жақынырақ таныстық.

 

Тұқымбақтағы қызу жұмыс

Алдымен орман шаруашылығының тарихына тоқталды Бекболат Мұхаметжанұлы. Айтуынша, Шелек орман шаруашылығы болып 1948 жылы құрылған. Алғашқы директоры О.Саурықов 1954 жылға дейін басқарған. Түрлі жылдары мекеменің аты бірнеше рет ауысып, бірақ, негізгі бағыты өзгермеген: табиғатты түрлі апаттардан қорғау, күтіп-баптау.

– Қазіргі таңда орман шаруа-шылығының көлемі 104 417 гектарды құрайды. Ұжымда 80 адам еңбек етеді. Шелек, Табанқарағай, Жиделі және Іле болып 4 орманшылыққа бөлінген. Шека-рамыз Талғар, Кеген, Ұйғыр аудандарымен шектеседі. Негізгі міндетіміз – орманды қорғау және қорын молықтыру. Бұл бағытта орман тұқымбағына (питомник) көшеттер отырғызып, жылына орманды алқаптың көлемін 12 гектарға ұлғайтудамыз. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биылдан бастап жыл сайын 54 гектарға көшеттер отырғызамыз – дейді мекеме директоры.

Қазіргі таңда тұқымбақтың жұмысы қызу. Себебі, осы кезеңде таудан тұқым жинау науқаны басталады. Әр ағаш тұқымының пісіп-жетілу мерзімі әртүрлі болғандықтан бұл процесс қысқа дейін жалғасады. Жиналған тұқым тазаланып, кептіріледі. Сәуір-мамыр айларында тұқымдарды тауға апарып көмеді. 45 күн бейімделген тұқым тұқымбаққа отырғызылады. Бірнеше жыл күтіп-бапталып, орман аумағын ұлғайтуға жөнелтіледі. Тұқым өсірудің қыр-сырымен бөліскен Бекболат Алтаев тұқымбаққа арнайы апарып, жұмыс барысын көрсетті. Шелек ауылынан 4 шақырым қашықтықта ор-наласқан тұқымбақ түрлі өсімдікпен жайқалып тұр. Тұқымбақ меңгерушісі Ақтоты Абдуманапованың айтуынша, мұнда қарағаш, өрік, алма, талшын (каштан), боз арша (туя), сәнағаш (катальпа), қарағай, Қырым қарағайы мен қайың ағаштарының және гүлдің бірнеше түрі өсіріледі. Бірнеше жыл өсіп-жетілген көшеттер орманшылыққа жөнелтіліп, орнына жаңа тұқымдар себіледі.

 

Жануарларға жайлы мекен

Шелек орман шаруашылығының аумағы ауқымды болғандықтан мұндағы аң-құстардың түрі де сан алуан. Бұл жерді марал, таутеке, жайран, сілеусін, қасқыр, қабан, борсық, суыр секілді басқа да аң-құстар мекен етеді. «Қызыл кітапқа» енген аққу, ителгі, бірқазан, лашын құстары ерекше қорғалады. Орманшылық Көлсай көлдері мен Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркімен шектескендіктен «Қызыл кітапқа» енген қар барысы  да орманшылықты мекендейді және осы алқаппен жүріп өтеді. Сондықтан, оларды браконьерлерден қорғау – әрбір орманшының басты міндеті. Сонымен қатар, белгілі уақыттарда марал мен тауешкілер көрші аудандағы орман шаруашылығанан, Іленің арғы бетіндегі Алтын-Емел қорығынан, Қырғыз республикасынан Шелек орманшылығының аумағына өтеді. Осындай миграция кезінде аңдардың қауіпсіздігі толықтай қамтамасыз етіледі.

Бекболат Мұхаметжанұлының сөзіне сүйенсек, браконьерлермен күрес қарқынды жүргізілуде. Соның нәтижесінде соңғы бірнеше жылда аталған факті тіркелмеген. Орманшылар арнайы мекеменің қызметкерлерімен бірлесе жануарларды қырағылықпен күзетуде. Оның үстіне, аң аулау комитетінің бұйрығымен 5 жылға аң аулауға мораторий жарияланған, маусым кезінде де рұқсат жоқ. Осыған байланысты, жануарлар саны айтарлықтай артып келеді. Десек те, орман шаруашылығының сыртында жеке меншік аңшылық шаруашылықтары жұмыс істейді. Ауданымызда осы бағытта қызмет ететін 3 жеке шаруашылықта аң аулауға рұқсат етілген. Олар шаруашылық ішінде био-техникалық шараларын, санақ жұмыстарын жүргізіп, мониторинг жасап отырады.

 

Тілсіз жаумен күрес жүйелі жүргізілуде

Табиғаттың басты жауы – өрт. Айтып келмейтін апаттың алдын алу мақсатында орман шаруашылығында кешенді жұмыстар атқарылуда. Жыл сайын шаруашылық жерін жалға алатын кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтары арасында өртке қарсы техникалардың жағдайы тексеріліп, қауіпсіздік шаралары пысықталады. Жылына екі рет өртке қарсы оқу-жаттығу ұйымдастырылады. Екі  өрт сөндіру станциясында 14 адам жұмыс істейді. Екі су бүркетін трактор мен екі өрт сөндіру көлігі бар. Осылай деген Бекболат Алтаев өрт сөндіру станцияларының бірін көрсетті. Төтенше жағдайға сақадай сай техника, заман талабына сай құрал-жабдықтар, тіпті, жанар жағармайға дейін артығымен сақталуда. Директордың сөзінше, өрт сөндіруге қолданылатын құралдар жыл сайын жаңартылып, материалдық-техникалық база толықтырылады.

Апат айтып келмейді. Материалдық база қанша мықты болса да тілсіз жаудың қайдан және қашан шығатынын ешкім болжай алмайды. Сондықтан, өртке қауіпті маусым кезінде қызметкерлер күндіз-түні оқыс жағдайға дайын жүреді. Ағымдағы жылдың сәуір айында өрт оқиғасы тіркелді. Қапшағай су қоймасына қарасты кішкентай аралдар жанып, желдің лебімен қызыл жалын Шелек орман шаруашылығына өтіп кеткен. Тұтанған аумақ батпақты, қалың қамысты болғандықтан, өрт сөндірушілер от ошағына жақындай алмай, отты бақылауға алу қиынға соққан. Орман қызметкерлері, өрт сөндіру станциясы, төтенше жағдайлар бөлімі, «Қазавиа» қызметкерлері мен округтерден жиналған еріктілер бригадасы бірлесіп, тілсіз жауды бір тәулікте ауыздықтаған. Оқыс жағдайға 20 бірлік техника мен 60-тан астам адам жұмылдырылған. Өкінішке қарай, қызыл жалын 800 гектарға жуық жерді шарпыған. Негізінен, қамысты алқаптар. Қазіргі таңда істі Қапшағай қалалық полиция басқармасы қолға алып, өрттің шығу себептерін анықтауда.

Шелек орман шаруашылығына жасаған сапарымыз барысында табиғатты қорғау жұмыстарының қыр-сырымен жақынырақ танысып, өңірдің бар сұлулығын бойына жиып, көпшіліктің көңілін жаулаған мекенді көрдік. Жазда төрт түліктің құтты мекені болған, туристердің сүйікті орнына айналған Асы жайлауы да Шелек орман шаруашылығы қызметкерлерінің қорғауында. Ауданымыздың осындай баға жетпес байлықтарын күзеткен ұжымға сәттілік тілеп, кері қайттық.

 

С.НҰРАДИН.

Сейсенбі, 02 Қараша 2021 17:28

Әскерилер марапатталды

ҚР Ұлттық ұланның Қаракемер ауылында орналасқан 6654 әскери бөлімінде 2 қараша – бөлімнің құрылған күніне орай салтанатты іс-шара өтті.

Салтанатты жиынға бөлім әскерилерінен бөлек, аудан басшылығы, Еңбекшіқазақ, Талғар аудандарының ішкі істер бөлімдері мен аудандық төтенше жағдайлар бөлімінен, Қаракемер кәсіптік колледжінен қонақтар, сондай-ақ аталған әскери бөлімде кезінде қызмет еткен ардагер әскерилер қатысты. 6654 әскери бөлімінің командирі, подполковник Жандос Қасымов бөлімнің тарихына тоқталып, әскерилердің ерлігі жайында баяндады. Әскери қызметте ерік-жігерімен, ерекше еңбегімен көзге түскен әскерилерді «Ұлттық ұланның үздігі» төсбелгісімен, мерекелік төсбелгілермен және грамоталармен марапаттады. Сондай-ақ Еңбекшіқазақ, Талғар аудандарында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтауға атсалысып жүрген 6654 әскери бөлімінің сарбаздары мен командирлері АІІБ-нің арнайы марапаттарына ие болды. Жиын соңында «Генерал» музыкалық аспаптар тобы патриоттық әндермен концерттік бағдарлама ұсынып, әскерилердің рухын көтерді.

 

Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

 

Сейсенбі, 02 Қараша 2021 08:50

«Мен де сарбаз боламын...»

Ұлттық ұланға қарасты еліміздің түпкір-түпкіріндегі барлық әскери бөлімдерді білікті мамандармен және үйретілген иісшіл иттермен қамтып отырған – Қаракемер ауылында орналасқан 6654 әскери бөлімі екенін біреу білсе, біреу білмес. Іргетасы сонау 1962 жылы қаланған бұл әскери бөлімге Жауынгерлік Ту 2 қарашада тапсырылған екен. Сондықтан бөлімнің ресми «туған күні» саналатын атаулы күнге орай 6654 әскери бөліміне арнайы барып, ол жақтың тыныс-тіршілігімен таныстық.

Алғашқыда оқу дивизионы болып құрылған бөлімге еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы полк мәртебесі берілген екен. Ал 2017 жылы Ұлттық ұланның оқу бригадасы дәрежесіне көтерілген әскери бөлім осы уақытқа дейін бактериологиялық, радиациялық, химиялық арнайы бөлімдердің командирлерін және түзеу мекемелеріне қажетті мамандарды даярлап келген. Бүгінде мұнда жиырма шақты әскери мамандық түрлері бойынша білікті мамандар дайындалады. Олар: түрлі бөлімше командирлерінен бастап, байланыс мамандары, кинологтар, қару-жарақ жөндеушілері, саперлер, бронды тасымал көлігінің механик-жүргізушілері, қала тыныштығын күзететін, ішкі істер қызметіне көмекші патрульдеу бөлімшелерінің сержанттары, аспаздар сынды тағы басқа да кіші әскери қызметтер. «Аталған мамандықтар бойынша жылына төрт мәрте курсант қабылдаймыз. Еліміздің әр түпкірінен келген Ұлттық ұлан сарбаздары мен келісім-шарт бойынша қызмет етіп жүрген әскерилер мұнда екі ай білім алып, таңдаған мамандықтарының қыр-сырын үйренеді. Ал оқу аяқталған соң белгілі бір кіші әскери қызметті меңгергені туралы куәліктерін қолдарына алып, бірден қызметтеріне кіріседі. Яғни Ұлттық ұланның құрамындағы әскери бөлімдердің біріне дайын маман болып жұмысқа орналасады. Бүгінге дейін біздің әскери бөлімде бірнеше мыңдаған әскери білім алып, Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып, әскери салада қызмет етіп жүр», – «ҚР Ұлттық ұланның 6654 әскери бөлімі» РММ командирі, подполковник Жандос Қасымов. 

59 жылдан бері әскери маман даярлап келе жатқан бөлімнің материалдық-техникалық базасы заманға сай толық жабдықталған. 6654 әскери бөлімінің құрамына кіретін Заречный кентінде орналасқан 5574 оқу-әскери бөлімі – арнайы мақсаттағы дайындық орталығы болып есептеледі. Орталық 2018 жылдан бастап халықаралық деңгейге ауысқан. Мемлекет тарапынан қомақты қаржы бөлініп, жаңа оқу ғимараттары, 500 адамға арналған әскери казарма, медицина орталықтары мен спорт кешені, цифрландырылған жаттығу алаңдары ашылған. Аталған оқу-әскери бөлімі – Ұлттық ұланның ең үлкен оқу орталығы. Мұндағы мультимедиялық жаттығу орнында қауіпсіздік мәселесі алдыңғы орында. Айталық, брондалған техниканың қыр-сырын сарбазға полигонда үйрету барысында түрлі оқыс оқиғалар орын алуы мүмкін. Ал мультимедиялық брондалған техника бір орында тұрса да, сарбаз оның тілін түсініп, толықтай сезіне алады. Яғни полигондағы шынайы техника болмағанымен, оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізуге таптырмас дүние. Олай деуге себеп – жалғыз қауіпсіздік емес, онымен қоса аталған техникалармен жаттығу жанармай мен оқ-дәріні үнемдеуге де көп көмек.

Кіші әскери мамандармен қатар мұнда иісшіл иттердің де үйретілетінін сөз басында айттық. 6654 әскери бөліміндегі кинология орталығында бүкіл Ұлттық ұланға қажетті қызметтік иттер есірткі іздестіру, жарылғыш заттарды іздестіру, қарауылдау, күзету сынды машықтарды үйреніп, жыл сайын елдің түпкір-түпкіріне әскери қызметке аттанады.

Әскери қызмет демекші, соңғы жылдары Отан алдындағы борышын өтеуден қашатындардың қатары көбейгенін баршамыз білеміз. Осы орайда бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, подполковник Жандос Көлбаевты сөзге тарттық. «Бұл мәселенің себебі көп. Мысалы, біреудің денсаулығы жарамайды, енді біреу отбасылық жағдайына байланысты сарбаз қатарына қосыла алмайды. Сондай-ақ саналы түрде әскерден қашып, сан сылтау табатындар да бар. Меніңше, әр азамат, әр еркек кіндікті Отанын қорғауға әркез дайын болуы керек. Осы орайда бозбалалардың, жас ұрпақтың әскерге деген қызығушылығын арттыру мақсатында аудан мектептерімен үнемі бірлескен жұмыстар жүргізіп, әскери бөлімге экскурсия жасап, түрлі жарыстар ұйымдастырып отырамыз. Балаларды әскери өмірмен таныстырамыз. Мысалы, менің қазір әскери қызметте жүруіме бала күнімде ағамның әскерден келгендегі бет-бейнесі мен мінез-құлқы әсер етті. Ауыл мектебінің артында топ болып үйілген балаларға ағам белтемірге қалай тартылу керек екенін көрсеткенде бәріміздің аузымыз ашылып қалды. Ағам шыңдалған, шымыр денелі, қозғалысы ширақ, шаршауды білмейтіндей көрінді. Мен сонда «Әскер деген осындай күшті болады екен ғой. Мен де сарбаз боламын» деп шештім. Айтпағым, мектеп жасындағы бала еліктегіш келеді. Оған не нәрсе сәл әсер етсе, жас шыбықтай соған қарай иіле кетеді. Сондықтан мектеп жасындағы балалармен жұмыс жүргізудің орны бөлек», – дейді Жандос Жамалұлы.

Әрине, біз де бұл оймен толықтай келісеміз. Сондықтан әскери өмірді өскелең ұрпаққа таныстырып, патриоттық тәрбие беруге өз тарапымыздан атсалысуға, яғни осынау тақырыптарды көтеріп, жиі материал дайындауға уәде береміз.

 

Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

 

 

Мемлекет қазынасынан жыл сайын қомақты қаржы бөлініп, қоғамның әлсіз топтарына әлеуметтік көмек көрсетіледі. Осы орайда «Әлсіз топқа кімдер жатады?», «Әлеуметтік көмек деген не?», «Оның қандай түрлері бар?» деген сияқты сұрақтар тізбегі тізіле жөнеледі. Ал бұл сұрақтардың жауабын білу үшін Еңбекшіқазақ аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Қалдыкүл Айсинамен сұхбат жүргіздік.

– Қалдыкүл Оспанәліқызы, кәсіби мерекелеріңіз – әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күні құтты болсын! Қызметтеріңізге табыс тілей отырып, жалпы, әлеуметтік қорғау жүйесінің жұмысымен таныссақ деп едім.

– Құттықтауыңызға көп рақмет! Еліміздің Ата заңында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» делінген. Мұнда айтылған әр сөз біздің қызметімізге тікелей қатысты. Яғни елдің ең негізгі құжаты – Конституцияда мемлекет азаматтардың әлеуметтік құқықтарын қорғауға міндетті екені айтылған. Ол – азаматтың өмір сүруге, әлеуметтік қамсыздандырылуға, жұмыссыздықтан қорғалуға, медициналық және басқа да әлеуметтік көмектерге деген құқығы. Әлеуметтік қорғау жүйесі осы аталғандармен айналысады. Яғни әлеуметтік қорғау дегеніміз – халықты жасына қарай, сондай-ақ денсаулығынан, асыраушысынан немесе еңбек ету қабілетінен, жұмысынан айырылуына және экономикалық белсенділік көрсете алмайтын тағы басқа да заңды негіздерге байланысты өмірлік қажетті игіліктерге мүмкіндігі болмағандықтан оларға белгілі бір жақсы тұрмыс деңгейін қамтамасыз ету үшін жасалатын жүйелі жұмыс.

– Әлеуметтік қорғауға алынған әлеуметтік әлсіз топқа кімнің жататыны белгілі болды. Ал оларға бүгінде қандай көмек көрсетіліп жатыр?

– Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқы-лы 2021 жылдың 01 қазанындағы көрсеткіш бойынша отбасының жан басына шаққандағы орташа айлық табыстары кедейлік шегінен төмен тұрған 3605 отбасына 997,0 млн. теңге атаулы әлеуметтік көмек төленді. Бұл отбасылардың жалпы құрамында 18 599 адам бар. 3605 отбасының 1295-і – көпбалалы отбасылар.

Атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасыларының бір жастан алты жасқа дейінгі 4077 баласына жыл басынан бері барлығы 36 116 дана 177,2 млн теңгенің кепілдендірілген әлеуметтік пакеттер жиынтығы мен тұрмыстық химиялық тауарлар жиынтығы берілді.

Атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасыларының білім беру ұйымдарында оқитын 6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларына арналған кепілдік берілген бір реттік топтамаға құрамында барлығы 3832 бала бар 1859 отбасына 105,6 млн. теңге, аз қамтылған отбасыларының мектепке дейінгі ұйымдарда тәрбиеленіп жатқан 834 балаға жалпы сомасы 71,6 млн теңге төленді.

Ауылдық жерде жұмыс істейтін білім беру саласының 133 қызметкеріне, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері мен әлеуметтік қамсыздандыру мамандарына отын сатып алуға 1,8 млн. теңге біржолғы әлеуметтік көмек төленді.

Естелік күндер қарсаңында Ауған соғысының 189 ардагері мен қаза болғандардың 2 отбасына, Чернобыль апатынан зардап шеккен 70 жанға, Тәжікстан-Ауғанстан учаскесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шекарасын қорғауды күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес міндеттерін орындаған 45 әскери қызметшіге, Ирактағы және Таулы Карабахтағы халықаралық бітімгершілік операцияға қатысқан 10 әскери қызметшінің әрқайсына 50 мың теңгеден біржолғы әлеуметтік көмек төленді. 9 мамыр Жеңістің 76 жылдығына орай 5 ҰОС-ң қатысушысы мен мүгедектеріне әрқайсына 1 млн. теңгеден 5 млн. теңге, бұрынғы КСРО-ны қорғау, әскери қызметтің өзге де міндеттерін басқа кезеңде атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты мүгедек болған әскери бір қызметшіге 1 млн. теңге, бұрынғы КСРО-ның мемлекеттік қауіпсіздік органдарының және ішкі істер органдарының басшысы және қатардағы құрамның 30 адамына 100 мың теңгеден, ҰОС-қа қатысып, қайтыс болғандардың 21 жесіріне 30 мың теңгеден, бұрынғы КСРО кезінде тылдағы мінсіз еңбегі үшін орден және медальмен марапатталған және 22 маусым 1941-1945 жылдар аралығында тылда кемінде алты ай еңбек еткен бұрынғы КСРО-ның орден және медалімен марапатталмаған 990 тыл еңбеккерінің әрқайсысына 30 мың теңгеден біржолғы әлеуметтік көмек берілді.

– Біржолғы көмек демекші, өрттен зардап шеккен отбасыларына да көмек көрсетіледі ғой?

– Иә, Еңбекшіқазақ аудандық мәслихатының 2018 жылғы 23 ақпандағы «Еңбек-шіқазақ ауданының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы» 24-9 шешімінің талабына сәйкес «табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан азаматқа, отбасына не оның мүлкіне зиян келтірілгенде отбасының өтініш берген айдың алдындағы тоқсанның жан басына шаққандағы орташа айлық табысы облыс бойынша ең төменгі күнкөріс деңгейіне бір еселік қатынас шектен аспайтын біржолғы әлеуметтік көмек көрсетіледі. Бүгінгі күнге өмірлік қиын жағдай туындаған, өрт салдарынан мүлкіне зиян келтірілгені туралы өтініш білдірген 2 отбасына әрқайсына 583 400 теңгеден 1,2 млн. теңге біржолғы әлеуметтік көмек төленді.

– Ауданда мүмкіндігі шектеулі қанша азамат бар? Оларға қандай көмек көрсетіліп жатыр?

– Бүгінгі күнде ауданда мүмкіндігі шектеулі 6466 азамат бар. Әлеуметтік қолдауды аса қажет ететін адамдарды қолдау мақсатында жеке оңалту бағдарламасы бойынша 978 ортопедиялық құралға 587 өтініш түсіп, бүгінде 549-ы мұқтаж жандарға жеткізілді. Сондай-ақ 104 сурдотехникалық құралға 62 өтініш түссе, оның 81-і табысталды. 124 тифлотехникалық құралға 45 өтініш берілсе, оның 99-ы алынды. 193 қоларбаға өтініш болса, тапсырыс беру үшін порталға оның 172-сі жіберілді. Оның 130-ы мұқтаж жандарға жетті. Сонымен қатар 8 электроқоларба берілді. 669 мүгедектен гигиеналық құралдар алуға өтініш қабылданып, 649-ына 72,4 млн. теңгенің тазалық құралы, 622 мүгедекке 17,0 млн. теңгенің көмекші құралдары берілді. Бұдан бөлек, мүмкіндігі шектеулі жандарға жеке көмекші қызметін көрсететін 385 қызметкерге жалпы сомасы 244,6 млн. теңге  және ымдау тілі қызметін көрсететін 4 маманға барлығы 8,6 млн. теңге төленді.

– Мүмкіндігі шектеулі жандардың санаторлық-курорттық пансионаттарда ем алуы қарастырылған ба?

– Әрине, бүгінде республикалық санаторлық-курорттық пансионаттарда ем алуға 897 мүгедектен өтініш қабылданып, 382 жолдама берілді.

– Ауданда мүмкіндігі шектеулі жандардың жұмыспен қамтылу деңгейі қандай?

– Ауданда мүмкіндігі шектеулі 165 адам орталыққа жұмыс іздеуші ретінде жүгінген. Олардың 63-і квота бойынша тұрақты жұмысқа жіберілді. Ал 52 азамат қоғамдық жұмысқа жұмылдырылса, 3 азамат әлеуметтік жұмыс орнына, 2 азамат жастар тәжрибесіне жіберілді, 4 азамат квотадан тыс тұрақты жұмыспен қамтылды.

– Аудандағы жалпы жұмыссыздық деңгейі қандай? Жыл басынан бері неше адам жұмыспен қамтылды?

– Аудандағы жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызды құрайды. Ал жыл басынан бері 4262 жұмыс орны құрылды, бұл пайыздық көрсеткіште 95,8 %. Осы 4262 жұмыс орнының 2619-ы – тұрақты жұмыс, ал 1755-і – уақытша жұмыс орны. 

– Жұмыссыздар қандай бағдарламалар негізінде жұмысқа орналаса алады?

– Жұмыссыздар «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында жұмысқа орналаса алады. Жыл басынан бері 2395 жұмыссыз тіркелген, оның ішінде қоғамдық жұмыспен 1475 адам, әлеуметтік жұмыспен 137 адам, жастар тәжрибесімен 884 адам қамтылды.

 

Сұхбаттасқан

Құралай МҰРАТҚЫЗЫ.

Соңғы жаңалықтар

Қаз 04, 2024

Как сохранить природу и добывать…

Метод подземно-скважинного выщелачивания (ПСВ) урана считается более экологичным и…
Қаз 04, 2024

Эксперт: IT-гиганты делают ставку на…

Эксперт: IT-гиганты делают ставку на атомную энергию для обеспечения устойчивости…
Қаз 04, 2024

Қазақстанда өндіріс саласын қалай…

Мәжіліс депутаты Мұқаш Ескіндіров осы мәселеге қатысты ойын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ…
Қаз 04, 2024

Обращение с ОЯТ

От момента принятия решения до начала работы атомной станции пройдет около 10 лет. Это…
Қаз 04, 2024

Депутат оценил риски для экологии…

Почему атомные реакторы поколения III+ безопасны для населения и экологии,…
Қаз 04, 2024

Жас маман АЭС жөнінде: Басқа…

Ядролық энергетика саласындағы жас маман, «Болашақ» бағдарласының түлегі Әсет Махамбетов…
Қаз 04, 2024

Асхат Бекбаев: АЭС салу арқылы…

6 қазанда елімізде АЭС салу мәселесі бойынша референдум өтеді. Осы орайда біз атом…
Қаз 04, 2024

Атом электр станциясын салу – ұзақ…

Бұл Тәуелсіз Қазақстанның бүкіл тарихындағы ең ірі жобаға айналады. Бүгін мәслихат…
Қаз 04, 2024

Готовят ли в Казахстане специалистов…

Одним из вопросов основных вопросов касательно АЭС сейчас является наличие и подготовка…

Күнтiзбе

« Қазан 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31      

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет