Сіздер Қазақстанда басқа да әлеуметтік төлемдермен қатар, 20-ға жуық азаматтардың санатына арнайы мемлекеттік жәрдемақы төленетінін білесіздер ме?

Бұл жәрдемақы түрі келесі азаматтарға тиесілі:

- ҰОС ардагерлері және оларға теңестірілген азаматтар;
- қайтыс болған ҰОС мүгедектерінің жесірлері;
- ауғанстандағы немесе соғыс қимылдары жүргiзiлген басқа мемлекеттердегі соғыс қимылдары кезiнде қаза тапқан әскерилердің отбасылары;
- қоршауда қалған Ленинград тұрғындары;
- кәмелетке толмаған бұрынғы концлагерь тұтқындары;
- Чернобыль АЭС-дағы және басқа да апаттың зардаптарын жоюға қатысушылардың отбасылары және басқалары.

Жәрдемақыны «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы және eGov.kz электронды үкімет порталы арқылы рәсімдеуге болады.

Қандай құжаттарды ұсыну қажет?

* белгіленген үлгі бойынша өтініш;
* жеке басын куәландыратын құжат;
* банк шоты бойынша мәліметтер;
* жәрдемақыны алу құқығын растайтын құжат.

 

Еңбекшіқазақ аудандық ХҚКО

СОНАУ МЫҢ ЖЫЛДЫҚТАРДАН БЕРІ КЕРУЕН ЖОЛДЫҢ БОЙЫНА ОРНЫҒЫП, ШАРТАРАПҚА ӨРКЕНИЕТТІҢ ШАМ-ШЫРАҒЫН ЖАҚҚАН ШАҺАРЛАРДЫҢ ДАҢҚЫН ЖҰРТ ҰМЫТПАСА КЕРЕК. ӨЙТКЕНІ ЖОЛ – ХАЛЫҚ ҚАЖЕТ ЕТЕТІН ТАУАР ТАСЫМАЛЫ МЕН ӨРКЕНИЕТ АҒЫСЫНЫҢ ӨЗЕНІ САНАЛҒАН. БҮГІНДЕ ӘЛЕМДІК ӨРКЕНИЕТ ТАРИХТА БОЛЫП КӨРМЕГЕН ЗОР ТЕХНИКАЛЫҚ МҮМКІНДІКТЕРГЕ ИЕ, АЛ КҮРЕ ЖОЛДАР ӨЗ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫН ЖОҒАЛТҚАН ЖОҚ. «ЖОЛ ЖАҒАЛАҒАН ЖОҒЫН ТАБАДЫ» ДЕМЕКШІ, ЖАҚЫНДА КҮРЕ ЖОЛДЫҢ БОЙЫНДА ІРГЕ ТЕПКЕН, АУДАНЫМЫЗДЫҢ  ШЫҒЫСЫНДАҒЫ БАРТОҒАЙ  АУЫЛДЫҚ  ОКРУГІНІҢ  БҮГІНГІ ТЫНЫС-ТІРШІЛІГІМЕН ТАНЫСЫП  ҚАЙТҚАН ЕДІК.

Дәрігерлік амбулатория  жас мамандармен толығуда

Әлемдегі әр елдің  денсаулық сақтау саласын сынға салған  пандемия медицина мамандарының қоғамға қаншалықты қажет екендігін терең ұғындырды. Бүгінде Бижанов ауылындағы дәрігерлік амбулатория жас мамандармен, жаңа емдеу құрылғылармен толығуда. Қазір екі ауылдағы дәрігерлік амбулаторияда  36-ға жуық емеду қызметкерлері тұрғындарға қалтқысыз қызмет етуде.

 

Сауда сәтіне басуда

Бүгінде округ аумағында 150-ге жуық жеке кәсіпкер тіркелген. Тоғыз жолдың торабында ірге тепкен ауылдың сауда-саттықпен айналысқысы келетіндерге берер мүмкіндігі мол. Нұрәділ Сауытов  1997 жылдан бері азық-түлік  сататын дүкен ашып, кәсіп бастапты. Бүгінде ол иелік ететін жеке ғимарат дүкен, асхана, мейрамхананы қамтып, 800 шаршы метрден асатын сауда орталығына айналған. Қазір сауда орталығында 40-қа жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

– Пандемия кезінде елдімекен тұрғындарын азық-түлікпен қамтамасыз етуге барымызды салдық. Әрине, санитарлық талапқа сай жұмыс істедік. Аз қамтылған отбасы-ларға қолымыздан келгенше көмектестік, – дейді кәсіпкер.

Округ әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, 2020 жылы әлеуметтік қолдауды қажет ететін 150 адамға 14 млн 324 мың теңге көлемінде көмек көрсетілген.

 

Жаңа спорт кешені бой көтерді

Округ аумағында осыған дейін ескірген әлеуметтік нысандар  күрделі жөндеуден өтіп, қайта жаңғырған болатын. Солардың бірі  К.Ибраимов атындағы спорт кешені.«Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында ауыл кәсіпкерінің демеушілігімен тұрғындар игілігі үшін сыйға тартылған ғимарат 2018 жылы мемлекет меншігіне қайтарылып, 2019 жылы жобалық-сметалық құжаттары жасалған. Күрделі жөндеуден өтіп, өткен  жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілген. Бартоғай ауылдық округі тұрғындарының спортқа деген қызығушылықтарын арттыру мақсатында қайта жаңғырған спорт кешенінің күрделі жөндеу жұмыстарына 332 млн теңге қаржы жұмсалыпты.

 

Жабайы саудамен күрес жалғасуда

Облыстық  маңызы бар жолдың жағасын жайлаған жайма базардың қалыпты көлік қатынасына  тосқауыл болатыны және  ондағы сатылған тауардың сапасына  ешқандай кепілдік берілімейтіні  айдан анық. Соған қарамастан  округте күнде алма, жүзімін сатып күнелтіп жүрген жандардың  саны өсіп келеді. Бұған округ әкімі Талғат Өмірбеков те алаңдаулы.

– Жабайы саудаға жол жоқ деп барсаңыз, күйбең тірлігін айтып назданады, – дейді Талғат Алтынбекұлы. Ендігі шешімі де қолға алынған. Ол турасында Талғат Алтынбекұлы:

– Осы мәселенің тігісін жатқызу үшін аудан әкімдігіне арнайы өтініш айттық. Қазір құжаттандыру жұмыстары жүргі-зіліп жатыр. Ол шешілсе, талапқа сай жолдың шетіне маусымдық базар ашамыз. Қазіргі саудагерлеріміздің барлығын сол аумаққа көшіретін боламыз, – дейді.

 

Өңір өзгеріп келеді

Бүгінде бірнеше алып елді мекенге апаратын күре жол Бартоғай   ауылдық округ эконо-микасының күре тамырына айналған. Ертелі-кеш толас таппайтын көлік керуені жол бойын жағалай орналасқан Байсейіттегі сауда орындарына тыңнан серпін беріп келеді. Сол себепті де керуен жолдың бойынан келер күннің шуағын көрген жұрттың тұрақты түтін саны да артып келеді. Округ әкімі аппаратының мәліметіне қарағанда, өткен жылы Бартоғай округі тұрғындарының саны 7 250  болса, биыл бұл көрсеткіш 7 436-ға  жеткен.  Сәйкесінше, округтегі бюджеттік түсім де ұлғайып келеді. Өткен жылы округтің салық түсімі  21 млн 900 мың теңгені құраса, биыл салық түсімі 27 млн  404  мың болады деп деп жоспарлануда. Еліміздің әр аймағына өң берген «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бартоғайлықтардың  өміріне де  өз шапағатын шашыпты. Өткен жылы  аталған  бағдарлама шеңберінде Бартоғай  ауылдық округіне 14 млн 834 теңге бөлінген. Қаржы Байсейіт және Бижанов ауылдарындағы су құбырын жөндеуге жұмсалыпты.

– Тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамту – округіміздегі ең өзекті мәселелердің бірі. Біз бұл түйінді оңды шешуге тырыстық. Жалпы елдімекеніміздегі тұғын-дар өміріндегі күрмеуі қиын мәселелердің түйінін тарқатуға барымызды  салып келеміз, – дейді округ әкімі Талғат Өмірбеков.

Округ басшысының айтуынша, ауылдағы тазалық пен абаттандыру жұмыстары да күн тәртібінен түскен емес. Биыл бюджеттен санитарлық тазалыққа 4 млн 791 мың теңге, ал жарықтандыруға 8 млн теңге қарастырылған. Бұл қаржыға Бижанов ауылындағы Абай, Қонаев, Тәжібаев, Уәлиханов көшелерін жарықтандыру жұмысы қолға алынған.

 

Мәдениет үйі мен әкімдік ғимараты керек

Окургті аралаған сапарымызда жайдарман жаңалықтың  көп енкендігін аңғардық. Дегенмен, өңірде тозған жолдар мен ескірген әлеуметтік нысандар  жаңартуды қажат етеді. Округтегі мәдениет үйінің  мәселесі әлі шешімін таппаған. Түтін саны тұрақты өсіп келе жатқан елді мекеннің рухани өміріне ажар беретін бір мәдениет ордасының болуы қажет. Сонымен қоса Бартоғай ауылдық округі әкімдігіне де жаңа ғимарат қажет.Бұған дейін округ әкімдігі «Шелек» өндірістік кооперативіне тиесілі ғимаратты жалға алып келіпті. Жақында округ әкімдігінен «Шелек» өндірістік кооперативі өзінің  меншігіндегі нысанды босатуды сұраған.

 

Оқу ісіндегі оң өзгерістер

Бүгінде округ аумағында М.Мақатаев және И.Таиров  атындағы орта мектептер балаларды білім нәрімен сусындатуда. Бижанов ауылындағы  М.Мақатев атындағы орта мектеп 1979 жылы салынған, бүгінде оқу ордасында 2 ауысымда 835 оқушы білім алады. Әлемді әуреге салған пандемия салдарынан араға бір жарым жыл салып, оқушылар мектеп қабырғасына қайта  оралды. Мектеппен қайта қауышқан балалардың  жүзінен қуаныш  көрдік.

Биылғы білім көрсеткіші де көңілге қонымды. 2020-2021оқу жылында  аталған мектептің түлектері ҰБТ-дан орташа 84 балл алған. Әрине, мұнда біліммен қоса жас ұрпақты рухани уызға жарытуға өнімді жұмыстар атқарылуда. Бұл ретте, Мектеп директоры Айгүл Жарқынбекова: «Мектебіміз аудандағы оқу көрсеткіші үздік оқу орындарының қатарында келеді. Біз білім берумен бірге  оқушылардың рухани дамуына да баса мән береміз. Биылғы қашықтан оқу маусымында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында түрлі  жобалар бойынша біздің мектептің мұғалімдері зерттеу жұмыстарын жүргізіп, жобаларды дайындаған болатын. Осы жұмыстардың қорытындысымен таныстыру бойынша мектепте мектепішілік, аудандық іс-шаралар өткізіліп тұрады»,  – дейді. Бір өкініштісі, М.Мақатаев атындағы мектеп әлі күнге күрделі жөндеу көрмеген. Мектеп директорының айтуына қарағанда аталған білім ордасын күрделі жөндеуден өткізу жұмысы жөспарға енгізілген. Соған сәйкес, оқу орны 2023 жылы қайта  жаңғырмақ.

Округтегі мектеп жасына дейінгі балаларды біліммен қамту көрсеткіші артып келеді. Бижанов ауылындағы «Күншауақ» балабақшасында 140-тан астам бүлдіршін тәлім алуда. Балабақша директоры Дана Даутқұлова жұмыстардың басты бағыты – оқу-тәрбие процесін жүйелі жоспарлау, жаңа инновациялық технологияларды енгізге отрып, балаларды дамытудың тиімді жолдарын қарастыруда екенін жеткізді.

Мал басы көбеюде 

Бүгінде  ауыл шаруашылығы округ экономикасының негізгі тірегі саналады. Өйткені бұл өңір төрт түлігі мыңғырған шұрайлы алқап. Сондықтан округ тұрғындары арасында мал шаруашылығын кәсіп еткендер мен қара жерге дән еккендердің  қарасы қалың. Айталық, округтегі ірі қара саны биыл 2 320-ға, ал ұсақ мал басы 1 080-ге жеткен. Ағымдағы жылы округ көлемінде 20 тонна арпа, 1 500 тонна жүгері, 2 355 тонна соя және 20 тонна көкөніс пен 238 тонна қауын жиналады деп күтілуде.

Округтегі ірі шаруашылықтың бірі «Шелек» өндірістік кооперативін 1995 жылғы аумалы-төкпелі заманда ауданымыздың құрметті азаматы Аянбек Дауытқұлов  қалапты. Бүгінде кәсіпкердің ұлы Исламбек Аянбекұлы өндірістік кооперативті өз қолына алған. Қазіргі таңда фермада 600 бас «Алатау» мен «Черная пестрая» тұқымды сауын сиыры бар. Арнайы сиыр сауатын отандық құрылғымен қамтамасыз етілген шаруашылықтың өнімдері «ФудМастер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жөнелтіледі.Қазіргі уақытта шаруашылықта 40-тан астам ауыл азаматы тұрақты жұмыспен қамтылған.

 

ТҮЙІН:

Бүгінде өзгемен терезесі тең, керегесі кең ауылдың бар өмірі баянды. Бартоғай  ауылдық округіне көп этнос өкілдері  ірге тепкенімен, мұндағы тұрғындардың берекесі бекем. Өйткені округ аумағында тұрақтылықтың тұғырын мызғытпауға тиянақты істер тындырылуда. Біз де жол бойынан жоғын тапқан жұрттың көз қуанышы көп болсын дедік.

 

Ерзат АСЫЛ.

 

Дүйсенбі, 11 Қазан 2021 10:48

Қарттарым – асыл қазынам

ЖАҚЫНДА ЕЛ ТӘУЕЛСІЗДІГІНІҢ 30 ЖЫЛДЫҒЫ ҚАРСАҢЫНДА ҚАРТТАР КҮІНІНЕ ОРАЙ АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТ АППАРАТЫНЫҢ ҰЙЫМДАСТЫРУЫМЕН САН САЛАДА ҚЫЗМЕТ ЕТКЕН БІРҚАТАР АҚСАҚАЛДАР МЕН АҚ ЖАУЛЫҚТЫ  АНАЛАРҒА АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТ ХАТШЫСЫ БЕКЕТ ТӨЛЕГЕНҰЛЫ АЛҒЫС ХАТТАРЫН  ТАБЫСТАДЫ.

Тәуелсіздіктің нығаюы мен ауданымыздың түлеуіне үлес қосқан ел ағаларының басқосуында сөз алған Бекет Ахметов:

– Қазақ «Қариясы бар елдің қазынасы бар ел» дейді. Қарияларды құрметтеп, ардақтау біз үшін – парыз. Себебі, әрбір белес, әрбір асу, ол бір із. Талай күндер төккен  терімен толысып,  талай жылдармен тоғысып, еңбектен соң келіп жеткен осындай бір мәртебелі белестің маңызы зор. Осы орайда ақыл-кеңестің, үлгі-өнегенің сарқылмас кенішіндей болған қазыналы қарттарымыздың, ақ жаулықты аналарымыздың, ардегер аға-әпкелеріміздің өнегелі істері мен ауданымыздың дамуы үшін  төккен тері үшін шексіз алғысымды білдіремін – дей келе, өңірдің жаңа келбетін жасауға барын берген бағалы жандардың назардан тыс қалмайтынын жеткізді. Шараға қатысқан қарт-тар ауданымыз үшін келелі істерді кеңеспен шешуге дайын екендіктерін айтты.

 

***

БҮГІНГІ ЖАС БУЫНДЫ ОТАНСҮЙГІШТІККЕ ТӘРБИЕЛЕУ МЕН БЕЛСЕНДІ ӨМІР ҰСТАНЫМЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУДА АРДАГЕР АТА-АПАЛАРЫМЫЗДЫҢ ӨМІРІ МЕН ЕҢБЕК ЖОЛДАРЫ – ЖАС ҰРПАҚҚА НАҒЫЗ ӨМІРДІҢ ОҚУЛЫҒЫ ІСПЕТТІ. ӨЙТКЕНІ МЫНАУ ҚҰТ МЕКЕНДЕ ОЛАРДЫҢ БАСҚАН ІЗІ САЙРАП ЖАТЫР. ҚАРТТАР КҮНІНЕ ОРАЙ АУДАН ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ АЛТАЙ ДОСЫМБАЕВ ПЕН АУДАНДЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ ТІЛЕУЛЕС ҰЗАҚОВ ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫ МЕН ТЫЛ АРДАГЕРЛЕРІН ҚҰТТЫҚТАДЫ.

Алдымен Ұлы Отан соғысы ардагерлері Солтан-бай Жарықбасов, Николай Савраев, Жылқыбай Тажіқұловтың отбасына арнайы барып құттықтап, сый-сияпат тарту етті. «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа үлгі» деген Алтай Досымбаев сұрапыл соғыстағы майдангерлердің көрсеткен жаужүрек ерліктеріне бүгінгі ұрпақ бас иетінін жеткізді. Отан үшін кеудесін оққа тосып, бейбіт өмір сыйлаған қарт жауынгерлерге алғысын білдірді.

Бүгінде 103 жасқа келген Рахымбуви Жақаева мен 92 жастағы Күлдіқыз Тұңғатарова әжелеріміз Екін-ші дүниежүзілік соғыс кезінде тылдағы ауыр жұмыстардың бел ортасында болғандарын баяндады. Сұм соғыс балалық шағын ұрлап, ерте есейіп, еңбекке араласқан ақ жаулықты аналарымызға да сый-сияпат табыстады. Қарт-тарымыз әрдайым құрмет көрсетіп, әлеуметтік тұрғыда қолдау білдіріп жатқан билік өкілдеріне ризашылығын білдіріп, баталарын берді.

***

 

ЖАҚЫНДА АУДАНДЫҚ КІТАПХАНА ҰЖЫМЫ АУДАНЫМЫЗДЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТТАРЫН ШАҚЫРЫП, «КІМГЕ БОЛСА  ҚАРТТЫҚ ЖЕТЕР АЯҢДАП» АТТЫ СЫРСАНДЫҚ ҰЙЫМДАСТЫРДЫ.

Іс-шараға түрлі салада жемісті еңбек етіп, елінің ықыласына бөленген, бүгінде кітапхананың ең белсенді оқырмандарына айналған қарттар қатысты.  Кітапхана төрінде бас қосқан қарттар, өмір мен өнер, заман мен адам жайлы сыр шертіп, өзара ой бөлісті. Сонымен қоса  қарттарға кітапхана атынан сыйылықтар табысталды.  Шара  соңында Қаражота ауылдық мәдениет үйінің қызыметкерлері мерейлі  мерекеге орай ақ жаулықты аналарымызды құттықтап, гүл шоқтарын ұсынды

 

Ерзат АСЫЛ.

Дүйсенбі, 11 Қазан 2021 10:47

«Мектепке жол» жалғасып жатыр

«Қайырымдылық жасасаң, қайырымын өзің көресің» деген екен дана халқымыз. Қайырымдылық – халқымыздың ең ізгі қасиеттерінің бірі. Осындай қайырымды істер Қырбалтабай ауылындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектеп оқушыларына қуаныш сыйлады.

«Мектепке жол» акциясы аясында Еңбекшіқазақ аудандық мәслихат депутаты Бағдат Рахимов, Қырбалтабай ауылдық округінің әкім аппараты, қамқоршылық кеңес мүшесі Данияр Қасенов 7 оқушыны мектепке қажетті құралдарымен, сөмкелермен қамтамасыз етті. Ұстаздар мен ата-аналар қауымы жомарт жандарға алғысын білдірді. «Мектепке жол» акциясы әлі де жалғасуда.

 

А.ҚҰНАНБАЕВА,

әлеуметтік педагог.

Дүйсенбі, 11 Қазан 2021 10:45

Балаларға базарлық

Әр баланың жүрегіне қуаныш сыйлап, білімге деген ынтасын оятқан «Мектепке жол акциясы» Әймен орта мектебінде жалғасын тапты.

Мектеп директоры М.Жайлыбай, әлеуметтік педагог А.Нақысбекова   және ауыл жастарымен  ұстаздар қауымының  ұйымдастыруымен  оқушыларға киімдер, оқу құралдары табысталды.

Сонымен қатар, жаны жомарт, жүрегі нұрға толы ауылымыздың азаматтары мен мектеп ұстаздарының атсалысуымен аз қамтылған, көпбалалы отбасыларда тәрбиеленетін, жетім, жартылай жетім 50-ге жуық оқушыға көмек көрсетілді.

Қайырымдылыққа жаны жақын азаматтарымыз, ел болашағына алаңдайтын ауылымыздың жастары «Мектепке жол» қайырымдылық акциясына белсене қатысып, көпшілікке үлгі боларлық іс атқарды. Сонымен қатар мектебіміздің бірқатар ұстаздар қауымы қайырымдылық пен адамгершілікті биік ұстап, кісілікті ту етті. Осындай іс-шаралар мектебімізде  жыл сайын өткізіледі. Акция алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Айнұр НАКЫСБЕКОВА,

әлеуметтік педагог.

Асық ойыны қазақ халқының дәстүрлі ұлттық ойындарының ең қызықты әрі өте кең тараған түрі. Сондықтан ғасырлар бойы халықтың зердесінде сақталып келген ұлттық ойынды өскелең ұрпақты тәрбиелеудің құралы ретінде пайдаланған жөн.

Жақында аудандық  жастар ресурстық орталығы және Қорам ауылдық округі әкім апа-раттының ұйымдастырумен «Асық ойнаған озар» атты аудан жастарының арасында асық ойынынан жарыс өтті. Мергендік пен ептілікті талап ететін бұл жарысқа Малыбай, Бартоғай, Қаратұрық, Саймасай, Асы, Қорам, Сөгеті ауылдық округтерінен топтық жекелей түрде ойыншылар қатысты.  Тартыстың көркі қызған додада мергендік танытқандар топтан оза білді. Жарыс нәтижесі бойынша топтық жарыста І орынды Сөгеті ауылдық округі, ІІ орынды Қаратұрық ауылдық округі, ІІІ орынды Шелек ауылдық округі еншіледі. Ал жекелей жарыста І орынды Саймасай ауылдық округінің қатысушысы Саят Бекқали, ІІ орынды Бартоғай ауылдық округінен Рамазан Мыргиясов, ІІІ орынды Қорам ауылдық округінен Саят Садық иеленді. Номинациялар бойынша Рамазан Мыргиясов үздік мерген деп танылды. Со-нымен қоса, бас төреші Айдын Әмірбекұлы асық ойыншыларын әділ бағалағаны  үшін Алғыс хатпен марапатталды.

Аружан ОРАЗОВА,

аудандық жастар ресурстық

 орталығының маманы.

Дүйсенбі, 11 Қазан 2021 10:40

Қарттарым – асыл қазынам

ІЗГІЛІК ПЕН ІЗЕТТІЛІККЕ ТОЛЫ ҚАРТТАР КҮНІ МЕРЕКЕСІ ЕСІК ҚАЛАСЫНДАҒЫ «ЛУИНА» БӨБЕКЖАЙ БАЛАБАҚШАСЫНДА АТАЛЫП ӨТТІ.

Балабақша ұжымы «Қарттарым – асыл қазынам» тақырыбында тәрбие сағатын ұйымдастырып, балдырғандар өз өнерлерін ортаға салды. Өздерінің ата-әжелері жайлы әңгімелеп берді. Бүлдіршіндер ата-әжелеріне арнап өлең оқып, өз қолдарымен сыйлық жасады. Әсіресе, Назым Жұмабекова, Іңкәр Серік пен Үміт Серіктің орындауындағы «Менің әжем дара» әні мен «Достық» тобы тәрбиеленушілерінің «Қара жорға» биі, хордың орындауындағы «Ата-әжем» әні көпшілікті сүйсіндірді.

Эпидемиологиялық ахуалға байланысты балабақшаға бөгде адамдардың кіруіне тыйым салынған. Сондықтан ата мен әженің образына енген тәрбиешілер бүлдіршіндерге ертегі оқып, баталарын берді. Өз кезегінде балалар мен балабақша меңгерушісі Айжан Бекпаева сый-сияпаттарын ұсынды.

Фарида ЖАНАТОВА, тәрбиеші.

Дүйсенбі, 11 Қазан 2021 10:22

Еңбекшіқазақ-2022

Құрметті оқырман!

Аудан жаңалықтарының жаршысы облыс, республика аумағындағы айтарлықтай оқиғалардан ақпараттарды үзбей жариялап отыратын «Еңбекшіқазақ» газетіне 2022 жылға жазылу жүріп жатыр.

Бір жылға жазылу бағасы – 4495 теңге 20 тиын, жарты жылға – 2247 теңге 60 тиын.

Газетіміздің электорндық нұсқасына жазылу бағасы 1 жылға – 2400 теңге.

Сонымен қатар газет редакциясы mezet.kz желілік басылымын жүргізеді.

Бұл ақапарт құралының ерекшелігі – жеделдігі. mezet.kz басылымы, әсіресе, жедел жарнама, хабарландырулар, құттықтауларды апта бойы қабылдап, сол сәтте жариялай алады. 

Газетке жазылып, жаңалықтардан хабардар болыңыз!

Кәсіподақ – жаһандану үдерісінің белсенді мүшелері. Еңбек адамдарының құқығын қорғауда, оларға материалдық, моральдық тұрғыда көмек көрсетуде жетекші рөл атқарады. Бүгінгідей дамыған қоғамда еңбек даулары мен осы бағыттағы өзекті мәселелер кәсіподақ арқылы шешілуі тиіс. Елімізде, оның ішінде ауданымызда бұл бағыттағы жұмыстар қай деңгейде? Кәсіподақ қызметкерлерінің мерекесі қарсаңында жұмыс атқарып жатқан кәсіподақ ұйымдарына жүгінген едік.

«Алматы облысы білім беру мекемелер қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғам-дық бірлестігінің Еңбекшіқазақ аудандық комитеті филиалының төрағасы Серік Надырбаев ұстаздар қауымының мәселелерін шешуде, құқықтарын қорғауда ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын айтты.

– Бізге ағымдағы жылы мұғалімдер тарапынан көптеген арыз-шағымдар түсті. 100-ден астам адам ауызша шағымданып, 20 кәсіподақ мүшесі жазбаша арыз қалдырды. Айталық, декреттік демалыста отырған мұғалімді мектеп директоры жұмыстан шығарған. Аталған басшыға заңға қайшы әрекет жасағаны жөнінде түсіндіріліп, мұғалім жұмысына орналастырылды және тиісті еңбек демалысы беріліп, жәрдемақы төленетін болды. Сонымен қатар алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушыларынан ұжымдық ашық хат түсті. Хатта аталған пән мұғалімдеріне далалық оқу жиынына вариативті бөліміне қарастырылған 30 сағаттың жалақысын бөлек төлеу қажеттігі жайында жазылған. Бұл мәселе алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімдерінің пайдасына шешілді, – дейді Серік Надырбаев.

Кәсіподақ төрағасының айтуынша, түскен барлық шағымдар бойынша тиісті шаралар қабылданған. Бұдан бөлек, кәсіподақ ұстаздардың емделуіне санаторлық-курорттық орталықтарға 362 жолдаманың 50 пайызын төлеп берген. Түрлі спорттық және басқа да іс-шараларға демеушілік етеді. Қаңтар айында білім  беру саласының қызметкерлері арасында дәстүрлі шаңғы тебуден жарыс ұйымдастырылып, ұстаздар қауымы қысқы спорт түрлерінен бақ сынайды. Сондай-ақ кәсіподақ ұйымы «Президенттік шақырым» сынды басқа да спорттық жарыстардың өткізілуіне, қатысушылар мен жеңімпаздарды марапаттауға демеушілік жасап, түрлі концерттік шаралар өткізеді. Үздік білім мекемелері мен мамандарды анықтау мақсатында байқаулардың өтуіне мұрындық болып, түрлі деңгейдегі сайыс-тар мен олимпиадалардан жүлделі оралған оқушылардың жетекшілерін назардан тыс қалдырмайды. 

Әлемді әуреге салған коронавирус пандемиясы барлық салаға әсер етуде. Осыған орай, коронавирус және пнев-мониямен ауырған білім са-ласының қызметкерлеріне кәсіподақ қаржылай көмек көрсетуде. Сонымен қатар оқыс оқиғалардан зардап шеккен кәсіподақ мүшелері де назардан тыс қалмаған. Үйлерін өрт шалған Абай атындағы және Терешкова атындағы орта мектептің ұс-таздарына қаржылай қолдау білдірген.

Бұл – аталған кәсіподақ бірлестігі атқарған жұмыстың бір парасы ғана. Төрағаның сөзінше, бұдан бөлек ұлағат иелерінің құқығын қорғауда бірқатар істерге ұйытқы болған әрі осы бағыттағы жұмыстар жүйелі жалғаса бермек.

Бұдан бөлек ұстаздар қауымының және түрлі сала қызметкерлерінің басын қосқан «YNTYMAQ» РҚБ салалық кәсіподағының аудандық филиалы ашылды. Ауданымызда осы жылдың 15 наурызынан бастап жұмыс істеп жатқан кәсіподақ филиалының төрағасы Бағдат Рахимов еңбек ұжымдарында сапалы әрі өркениетті әлеуметтік-еңбек қатынастарын қалыптастыру үшін күш салатынын айтты:

– Бүгінгі күні қарапайым еңбек адамдарының құқығын қорғайтын, оларға уақытылы заң аясында кеңес беріп, қолдау танытатын қоғамдық ұйымдар аса қажет. Біздің басты қызметіміз – мемлекеттік мекемелермен тығыз байланыс орната отырып, қарапайым жұмысшылардың  мүдделерін қорғау, қызмет барысында туындайтын мәселелерді бірге шешу, кәсіподақ тарапынан барынша қолдау көрсету, – дейді Бағдат Болатұлы.

Бұған қоса, «YNTYMAQ» салалық кәсіподағы республика-лық көлемде Еңбек туралы заң жобасына өзгерістер енгізуге өз-дерінің ұсыныстарын жолдаған.

– Бүгінде еліміздегі Еңбек туралы заңға бірқатар өзгерістер енгізу қажет. Бұл бағытта біздің кәсіподақ жүйелі жұмыс атқаруда. Қазіргі уақытта кез келген мекемеде жұмыс істейтін техникалық қызметкерлерге еңбек демалысына шыққан кезде емделу үшін ақы төленбейді. Бұл олқылықтың орнын толтыру қажет. Сонымен қатар еңбек демалысына шыққан қызметкерге жұмыс беруші тарапынан санаторлық-курорттық орталықтарға жолдама берілуі үшін күш салып жатырмыз. Ең бастысы, мекемелердегі кәсіподақ жетекшісінің құқығын қорғауды басты назарға аламыз. Себебі, сол жердегі жұмысшылар мен басшылық арасындағы мәселелерді шешуде жетекші рөл атқарады. Осылайша, басшылыққа қарсы шығуға тура келеді. Ал оны басшылықтың қудаламайтынына кім кепіл? Сондықтан басшылық мекемедегі кәсіподақ жетекшісін негізгі жұмысынан босату үшін кәсіподақ филиалының келісімін алу қажет. Осы мақсатта жұмыс атқарып келеміз. Жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы қарым-қатынасты нығайту үшін қолайлы заң жобасы әзірленуі керек, – дейді Бағдат Рахимов.

«YNTYMAQ» салалық кәсіподағы алдағы уақытта пандемия кезіндегі жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы келісім-шартты да қайта қарау керектігін алға тартады. Пандемия салдарынан жұмыстан қысқартылған қызметкерге ең төменгі жалақы мөлшерінде жәрдемақы берілуі тиіс. Кәсіподақ заң жобасына осындай ұсыныстар енгізу үшін күш салуда.

С.НҰРАДИН.

Бейсенбі, 07 Қазан 2021 14:17

Күміс келді ауылға, күміс келді!

Қазақ халқы қашан да бала тәрбиесіне ерекше мән берген. Сәби дүниеге келгеннен бастап оның өсіп, дене бітімі дұрыс қалыптасып, ақыл-ойының жетілуіне дейін үлкен көңіл бөлген.  Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өзінің зарыға күткен перзенті дүниеге келгендегі тебіренісі әр адамның ұрпақ сүйгенде бастан кешетін сырлы сезімін бейнелегендей.

Иә, Алла, көрдім бе, көрмедім бе?!

Иә, Тәңірім, бердің бе, бермедің бе?!

Шырылдаған үніңнен айналайын,

Шыныменен өмірге келгенің бе?!

Қызым болсаң – қырымда құралайсың,

Ұлым болсаң – ұлы бір мұрадайсың.

Естисің бе, есі жоқ, ей, дүние,

Менен неге сүйінші сұрамайсың?!

Иә, ақын толғанғандай, күллі әлем сүйінші сұрайтындай қуаныш қой бұл. Дана қазақ тоғыз ай құрсақта жатқан сәбиді тербелген тал бесікке салған. Аяулы анасы бөбегін әдемі әлдиімен сусындатып, ардақты әженің ертегісін тыңдатып, әкенің қамқорлығына бөленген бала болашақта нағыз халқына қалаулы, еліне елеулі болады деп сенген. Іңгәлап дүние есігін ашқан соң бала аппақ парақтай пәк болары анық. Ал сол ақ параққа ақпарат берер – ата-ана, қоршаған орта. Сол себепті ұрпақ тәрбиесі – қай кезде де маңызды мәселе. Бесікті тербете отырып ән айтып, тілге тартқан. Бұл – тәрбие басы. Бұл – халқымыздың сан ғасырдан бері баланы бағып-қағап, өсіріп, өнегелі азамат етіп шығару жөніндегі жинақтаған тәжірибесі. Ертеде қазақ баласының балалық шағы, тәрбиесі қандай болып еді?! «Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар» демекші, сәбилі отбасы қашан да береке мен қуанышқа толы. Алланың берген таптырмас сыйын қазақ халқы қалай тәрбиеледі?

Біздің бүгінгі әңгімеміз, осындай киелі де, қасиетті шаңырақта өсіп-жетілген аяулы, ардақты бойжеткен хақында болмақ. Бұл бойжеткен өз қатарластары секілді қылықты қыз болып қуыршақ ойнамай, кішкентайынан атасы мен әкесінің жетелеуімен бокспен шұғылданған – Томирис Мырзақұл. Томирис небәрі 16 жасында еліміздің атын шығарып, Азия чемпионатаның күміс жүлдегері атанды. Бұл біз үшін, ауыл аймақ, туыс-туған, тіпті Еңбекшіқазақ ауданы үшін қандай  мәртебе десеңізші!

Томирис Мырзақұл 2005 жылы Асысаға ауылында дүниеге келіп, 2011 жылы Асысаға ауылындағы Т.Қабылов атындағы орта мектепке 1 сыныпқа барған. Қазақ халқы «Атадан бала тусайшы, ата жолын қусайшы» деп, атадан балаға мұра болып келе жатқан жақсы қасиеттерді келер ұрпақтың бойына сіңіріп, ізгілікке тәрбиелеуге тырысқан. Атасы немересіне жылдың маусымы ауысымен көштің қалай, қайда көшуін, суды қайдан тауып ішетінін, жеті атасын білуі, елдің батыраларының ерлік хиқаяларын әңгімелеп, адамды жақсы ететін де, жаман ететін де тәрбие екенін жастайынан баланың бойына сіңіріп отырған. Жас ұрпақты бұлай тәрбиелеудің маңыздылығын қазақ халқы ерте түсінген. Ешқандай жоғарғы білімсіз-ақ тәрбиенің небір оңтайлы әдістерін баласының бесігінен бастаған халқымыздың елден шыққан тентегіне де «Сен оңбассың, адам болмассың» дегенді тұқыртып бетін қайтарып айтуды жөн көрмеген. Адамдықтың парызын перзентінің көкірегіне құйып, іс-әрекетін қадағалап отырған. Қазақ баласының санасына қарнының қамын емес, халықтың қамын ойлауды о бастан-ақ сіңіріп өсірген. Осы қасиеттердің барлығын бала санасына ертеден құя білген қазақ халқы он бестегі ұланына ел басқартқан, шешендік сөз өнеріне қатыстырып тәлім берген. Томиристің атасы Мырзақұл да жас кезінен спортқа жақын адам екен, өзінің балаларын спортқа дайындап шыңдаған. «Осы немерем дүниеге келгенде Томирис ханшайымдай батыр болсын деген ниетпен атын өзім қойға-мын» – деген атасы қуанышын жасыра алмады.  Дегенмен «Бір бала атадан өте туады, енді бірі жете туады» демекші, өз балалары емес немересі ата арманын орындап, жетістіктерге жетуде. Асысаға ауылындағы мектепке барған сәтінен бастап өз әкесі Руслан жаттықтырушысы болып, қызының боксқа деген қызығушылығын шыңдады. Одан әрі Томирис 2016 жылы Қарағанды қаласындағы Әлия Молдағұлова атындағы дарынды балаларға арналған спорт мектебіне барады. Ол қазіргі күні осы мектептің 11 сынып оқушысы. 2020 жылы Павлодар қаласында өткен Қазақстан чемпионатында күміс жүлдегер атанса, 2021 жылы Алматы қаласында өткен Қазақстан чемпионатында 1 орын иеленді. Ал биылғы жылы Дубай қаласында өткен Азия чемпионатында күміс медаль иеленіп, ел намысын тағы да биіктен көрсетті. Қазіргі күні жаттықтырушысы қазақстандық қыздар командасының бас жаттықтырушысы – Елдос Сейдалин. Томирис Мырзақұлдың жетістігіне қуанған ауыл ақсақалы Сейсен Жетенұлы өзінің ақжарма тілегін былай жеткізді:

Күміс келді ауылға, күміс келді,

Ауыл тарихында болмаған бір іс келді.

Дубайға таңдай қақтырып, қаршадай қыз,

Алтынға енді жол ашқан жүріс келді.

Жаңалық бұл елдегі кереметтей,

Қалай ғана отырмыз елең етпей.

Енді алда келеді алтын болып,

Жетістігін ұстаса төмендетпей.

Шаттықтың шығар биік басы болсын,

Мерейі тасып, әр кез басым болсын.

Спортпенен білімді бағындырар,

Томириске таудай бақ, ақыл қонсын.

Ендеше алдағы уақытта да боксшы қызымызға сәт-сапар тілеп, жеңіс туын әрдайым желбірете берсін дейміз.

 

Н.САБАҚАНОВА.

Соңғы жаңалықтар

Қаз 04, 2024

Как сохранить природу и добывать…

Метод подземно-скважинного выщелачивания (ПСВ) урана считается более экологичным и…
Қаз 04, 2024

Эксперт: IT-гиганты делают ставку на…

Эксперт: IT-гиганты делают ставку на атомную энергию для обеспечения устойчивости…
Қаз 04, 2024

Қазақстанда өндіріс саласын қалай…

Мәжіліс депутаты Мұқаш Ескіндіров осы мәселеге қатысты ойын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ…
Қаз 04, 2024

Обращение с ОЯТ

От момента принятия решения до начала работы атомной станции пройдет около 10 лет. Это…
Қаз 04, 2024

Депутат оценил риски для экологии…

Почему атомные реакторы поколения III+ безопасны для населения и экологии,…
Қаз 04, 2024

Жас маман АЭС жөнінде: Басқа…

Ядролық энергетика саласындағы жас маман, «Болашақ» бағдарласының түлегі Әсет Махамбетов…
Қаз 04, 2024

Асхат Бекбаев: АЭС салу арқылы…

6 қазанда елімізде АЭС салу мәселесі бойынша референдум өтеді. Осы орайда біз атом…
Қаз 04, 2024

Атом электр станциясын салу – ұзақ…

Бұл Тәуелсіз Қазақстанның бүкіл тарихындағы ең ірі жобаға айналады. Бүгін мәслихат…
Қаз 04, 2024

Готовят ли в Казахстане специалистов…

Одним из вопросов основных вопросов касательно АЭС сейчас является наличие и подготовка…

Күнтiзбе

« Қазан 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31      

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет