Алматы облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Денсаулық сақтау министрі А.Цой КВИ-ға қарсы вакциналаудың барысымен танысты. Алдымен саяжайдағы «Болашақ» отбасылық денсаулық орталығына барды.

Орталық саяжайда тұратын 16 мыңнан аса халықтың медициналық қызметке қолжетімділігін арттыру үшін биыл 1 сәуірде ашылған еді. Әрі осы жерде бүгінде коронавирусқа қарсы екпе салу кабинеттері ұйымдастырылып, қажетті құралдармен толық жабдықталған. Министр орталықтағы вакциналау жұмыстарының барысымен танысып, вакцинаны сақтаудағы барлық талаптың ескерілгеніне көз жеткізді. Сондай-ақ медициналық құжаттаманың дұрыстығын тексеріп, пациенттерге медициналық көмек көрсету алгоритмі туралы ойымен бөлісті. Екпе салдырған тұрғындармен пікірлесіп, олардың хал-жағдайын сұрады.

Одан кейін министр Еңбекшіқазақ көпсалалы ауданаралық ауруханасында барды. Аурухананың бас дәрігері Жәмилә Әбеуова медициналық мекеме жайлы жан-жақты баяндап берді. Мұнда амбулаториялық-емханалық, дәрігерге дейінгі, дәрігерлік, білікті, шұғыл медициналық және мамандандырылған көмек көрсетеді, клиникалық-зертханалық диагностика жүргізіледі. Ауруханада бір ауысымына 500 келушіге арналған емхана жұмыс істейді және 455 төсектік стационар бар.

Коронавирусқа қатысты аудандағы ахуалға тоқталған Жәмилә Әбеуовадан  қажетті дәрі-дәрмек қорының бар-жоғын сұраған министр қоймаға арнайы барып, өзі тексеріп көрді. Ауруханадағы коронавирусқа қарсы екпе орталығының жұмысына оң бағасын берді.

Жалпы, ауданда екпе орталықтарынан бөлек, жылжымалы екпе бригадалары да ұйымдастырылған.

 

 

Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

Сәрсенбі, 14 Сәуір 2021 15:42

COVID-19: Аудандағы ахуал

Бір аптада (07.04 – 14.04.2021 аралығында) Еңбекшіқазақ ауданында ПТР сынама арқылы 209 адамнан коронавирус анықталды. Олар:

Есік қаласы – 39

Масақ – 15

Шелек – 12

Түрген – 11

Азат –11,

Байсеит – 8

Балтабай – 7

Қызылжар – 7,

Достық – 6

Малыбай – 6

Ават – 6

Төле би – 5

Жаңашар – 5

Ақши  – 5

Көктөбе  – 4

Ташкенсаз  – 4

Бәйдібек би  – 4

Бәйтерек  – 4

Бөлек – 4

Бірлік – 3

Еңбек – 3

Ақбастау – 3,

Талдыбұлақ – 3

Қайрат – 3

Қаракемер – 3

Саймасай – 3

Бижанов – 3

Қызылшарық – 3

Алмалы – 2

Дихан – 2

Космос – 2

Қайназар – 2,

Күш – 1

Қырбалтабай – 1

Алға – 1

Өрікті – 1

Амангелді – 1

Ащысай – 1

Қаражота – 1

Тауқаратұрық – 1

Қаратұрық – 1

Нұрлы – 1

Талғар ауданының 1 тұрғыны біздің ауданның медициналық ұйымдарына қаралып, коронавирус анықталған.

 

Тіркелген науқастардың әлеуметтік-кәсіби мәртебесі төмендегідей:

92 науқас – жұмыссыз

52 науқас – зейнеткер

25 науқас – түрлі жеке кәсіпорындарда жұмыс істейді

10 науқас – мектеп оқушысы

10 науқас – ұйымдаспаған бала

9 науқас – мұғалім

6 науқас – медициналық қызметкер

2 науқас – студент

2 науқас – науқас мемлекеттік мекеме қызметкері

1 науқас – балабақша тәрбиеленушісі

 

Мәлімет Еңбекшіқазақ аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасынан алынды.

Коронавирусқа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесте Президент Қ.Тоқаев вакцинация басталғалы екі айдың ішінде халықтың 0,1%-ынан азы екпе салдырғанын айтып, денсаулық сақтау министріне ескерту жасаған-ды. Содан бері екі апта өтті. Вакцинациялау да жер-жерде жедел қарқын алды.

Алғашында ауданымызда Есік пен Шелектегі аудандық ауруханаларда екпе кабинеттері ашылса, бүгінде алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету орталықтарында, аудан аумағындағы кейбір дәрігерлік амбулаторияларда да арнайы екпе кабинеттері жасақталды. Сондай-ақ жылжымалы екпе бригадалары құрылды. Мұндай бригаданың бірі бүгін ауданымыздағы үлкен өндіріс орындары «Adal» және «FoodMaster» компанияларына барып, қызметкерлеріне коронавирусқа қарсы вакцина салды.

Еңбекшіқазақ аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқарма басшысының орынбасары Д.Бақбергенұлы: «Бұл жылжымалы екпе бригадалары халыққа вакцинациялаудың қолжетімділігін арттыру және екпе алу процесін жеңілдету үшін ұйымдастырылып отыр. Адам көп шоғырланған жерлерде коронавирусты жұқтыру қаупі де жоғарылай түседі. Сондықтан қоғамдық иммунитетті қалыптастыруда үлкен кәсіпорындардың қызметкерлерін вакцинациялаудың маңызы зор. Осы орайда жылжымалы екпе бригадасына артылған жүк те салмақты», – дейді.

Еңбекшіқазақ аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мәліметіне сүйенсек, бүгінде «Спутник-V» вакцинасының 1-компонентін ауданда 7265 адам алған. Ал вакцинаның екі компонентін толық алған азаматтар саны – 1196 екен. 

Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

 

 

 

 

 

 

Қазақтың қазақ екенін танытатын бай тілі мен көнеден келе жатқан үлкен қазына – салт-дәстүрі деп ойлаймын. Ал сол дәстүрді ұрпақтан-ұрпаққа мирас етіп жеткізуші, саф күйінде сақтаушы да басқамыздан бұрын қолөнершілер десем, артық айтқандық болмас. Жөн-жоралғыларымызда қолданатын байырғы бұйымдарды бүгінге жеткізіп, оның сыры мен сиқырын ашып, халыққа дәріптеушілер де – қолөнершілер.

Темірге тіл, жаңқаға жан бітіріп, ою ойып, кесте тоқып, тері илеп, киіз басып, тек табиғи өніммен тұрмыста қажеттінің бәрін өздері жасап отырған аталарымыз бен әжелеріміз қандай дарын иелері еді. Бүгінгі кейіпкеріміз белгілі қолөнерші, суретші Сейфолла Рыстанұлы қолөнер жайында өз ойымен бөлісті.

– Қолөнерге қызығушылығыңыз қайдан пайда болды?

– Атамыз Тауданбек деген белгілі бүркітші, тері илеумен айналысқан шебер болған екен. Әкеміз де, біз де ерте жастан қолөнерді жанымызға серік еттік. Мен Монғолияда туып, сонда өстім. Ол жақта қазақылықтың тамаша сақталғанын білесіз. Салт-дәстүр де, қолөнер де күнделікті тұрмыспен біте қайнасып, бірлесіп жатыр. Оларды бір-бірінен бөліп қараудың қажеті жоқ. Әке-шешеміз қызметте болғанымен үйге келгенде анамыз қолына кестесін алып, үйдің ішін безендіретін. Тұскиіз кестелеп, сырмақ сырып, текемет басатын. Әжеміздің кимешегін өрнектеп, біздің киімізді өзі тігетін. Әкеміз құрал-сайманын сайлап, сандық пен кебежеден бастап тұрмыста қажетті бұйымдардың бәрін өзі жасайтын. Осыны көріп өскендіктен қолөнер біз үшін өмір салтының бір көрінісі іспеттес. Қарап тұрсаңыз, қазақтың өмірінің өзі – тұнып тұрған қолөнер. Ал киіз үйі – нағыз көрме, музей. Киіз үйдің кереметін айтпағанда, ата-әжелеріміз оның ішіндегі қарапайым басқұр мен баулардан бастап аяқ астындағы төсеніштерді де әрлеп-әсемдеп ою-өрнекпен тікті, жиһаз бен ыдыс-аяқты да асқан шеберлікпен қолдан жасады. Үйдегі ер азамат пен келіннің пысықтығы, іске икемі осыдан көрінді. Сондықтан қолөнер – әр қазақтың қанында бар қасиет. Тек бойда бар бұл өнерді көпшілік іске асыра алмай жүр. Қазақтың ұлы ойшылы, ақын Абай Құнанбайұлы өзінің отыз үшінші қара сөзінде: «Дәулетті өмір сүргің келсе, қолөнер үйрен. Байлық уақытпен бірге жоқ болар, ал өнер өлмейді» деген екен. Осы сөздің түп-төркінін халық енді түсініп жатқандай.

  

– Халықтың қолөнерге деген қызығушылығы артты ма?

– Бүгінде халықтың көзі ашық, көкірегі ояу. Бір кездері ұмыт болған қолөнерге қазір қызығушылық жоғары. Қазақы бұйымдар мен қолдан жасалған дүниелер сатылымда да көп, тапсырыспен жасатушылар да артты. Қарапайым мысал, байқасаңыздар, ұлттық ою-өрнекпен көркемдеп киім киетіндер көбейді. Бұрын ондайды кездестірмеуші едік. Үйінің бір бөлмесін қазақты нақышта жабдықтап, бес қаруын жасатып, сандығын қойып, төріне тұскиіз ілу қазір сәнге айналды.

– Оның себебі неде деп ойлайсыз?

– Бұрындары шеттен келетін арзанқол дүние халықтың көңілінен шықпады деуге болар. Бәлкім, сол себептен де нарықта сұраныс болмады. Сондай-ақ жаңа айтқанымдай, халықтың көзі ашылды. Тарихын танып, өз дүниесін түгендеп, ата-баба мұрасына ден қойып жатыр. Осылайша, 2000 жылдардан бері қазақтың өз қолөнері дамып, жоғалтқанымыз қайта жаңғырды. Мысалы, ұста Дәркембай ағаларымыз ұмыт бола бастаған торсықтың түр-түрін халыққа қайтарып берді. Бұл – бір ғана мысал. Одан бөлек, салт-дәстүріміз бен жөн-жоралғыларымызда пайдаланатын көптеген ұлттық бұйымдарымыз қайта жаңғырып, бірте-бірте қолданысқа еніп жатыр.

 

– Халықтың сұранысы артты. Ал қолөнершілер тарапынан сұранысқа сай ұсыныс бар ма?

– Иә, кешегі күннен көп хабары бар, халқымыздың әдет-ғұрпы мен тарихын, тұрмыс-тіршілігін жан-жақты зерттеп, қазақтың баяғыдағы бұйымдарын сол қалпында жеткізіп отырған қолөнершілер баршылық. Тіпті асыл мұрамызды бүгінгі күнге бейімдеп, заманға сай жаңартып жатқан қыз-жігіттердің жұмысы жоғары бағаға ие.

Мықты суретші, қолөнерші Айжан Бекқұлова еліміздің түкпір-түкпіріндегі қолөнершілердің басын қосып, Қазақстан қолөнершілер одағын құрған. Сонда барлығымыз бір-бірімізбен тәжірибе алмасып, технологияларымызбен бөлісіп отырамыз. Республикалық, халықаралық байқауларға қатысып, шеберлігімізді шыңдаймыз. Сол байқауларға қатыса жүріп, Орта Азия және Тынық мұхиты елдерінің шебері атағының және екі дүркін Қазақстанның шебері атағының иегері болдым. Айжан Бекқұлова ендігі уақытта қолөнершілер орталығын ашу үшін жанталасып жүр. Шетелдерге шыққанда қолөнершілер орталықтарына қызығасың. Көршілеріміз қырғыз бен өзбекте де мұндай орталықтар бар. Бізде жоқ.

  

– Ол орталықтардың ерекшелігі неде?

– Ол жерде шеберханалар, көрме залдары мен мектеп-студиялар орналасады. Яғни қолөнерші мен қарапайым халық арасына жасалған көпір деуге болады. Шебер өз жұмысын халыққа тікелей көрсетуіне, танытуына мүмкіндік алса, өз кезегінде халықтың да шебермен және оның жұмысымен етене танысуына жол ашылады. Бұл арадағы көрінбейтін қабырғаны жояр еді. Өйткені көпшілік халық қолөнершілерді тани бермейді. Тек көрмелер мен жәрмеңкелерде танып-біліп жатады. Ал көрме екі күннің бірінде өте бермейді ғой. Сондықтан шетелдіктердің бұл тәжірибесі өте маңызды.

 

– Ұлттық бұйымдарға бұрындары шетелдіктер көп қызығатын.

– Дұрыс айтасыз, өнерді бағалай білетін туристер тарапынан қызығушылық әркез жоғары. Ол кезде біздің тұтынушы-тапсырыс берушілеріміздің көп бөлігі де шетелдіктер болатын. Шетелдерге түрлі фестивальдер мен көрмелерге барғанда қазақтың қолөнеріне тамсана қарайтын халықты көп кездестіреміз. Сырттан бөлек өз елімізде де көрмелерге шығамыз. Сонда жерлестеріміз де үлкен қызығушылық танытып, сұрап-біліп, қажетіне тапсырыс беріп жатады.

– Ұлттық бұйымдардан қандай заттарға сұраныс көп?

– «Негізгі сұраныста мынау» деп белгілі бір бұйымды атай салу қиын. Өйткені қолөнердің бағыты көп. Бірі киім-кешек, көрпе-сырмақ тігумен айналысса, енді бірі зергерлікті серік етеді. Музыкалық аспап жасайтындар бар, тұрмыстық заттардың шеберлері, ат әбзелдерін қайта жаңғыртып жүрген ұсталар бар дегендей, олардың әрқайсысына түсетін тапсырыстың түрі де әрқалай. Мысалы, мен терімен айналысатындықтан теріден тоқылған картиналарға, сандықтарға сұраныс көп. Одан бөлек белдіктер мен пышақтарға, түрлі кәдесыйларға тапсырыс беріп жатады.

– Теріден бөлек қолөнердің қай түрімен айналасыз? Қолыңызға жеңілі қайсысы?

– Балам екеуіміз, негізінен, күміспен, өңді металмен, темірмен, терімен, сүйекпен, ағашпен жұмыс жасаймыз. Тұрмыста қажетті сандық, пышақтан бастап, жігіттің бес қаруы, зергерлік бұйымдар, тапсырысқа қарай кез келген затты жасай береміз.

 

Сұхбаттасқан Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

 

 

 Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Рамазан айының басталуымен құттықтады.

Қадірлі отандастар!

Баршаңызды қасиетті Рамазан айының басталуымен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл – күллі мұсылман қауымы үшін рухани тұрғыдан жаңару кезеңі. Сондай-ақ, Ораза айында өзара сыйластық пен мейірім, ізгілік пен кешірім сияқты асыл қасиеттер дәріптеледі. Жұрт көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын беріп, қайырымдылық көрсетуге, сауапты іс атқаруға ұмтылады.

Ислам дінінің осындай мызғымас рухани құндылықтары мен жасампаздық әлеуеті қоғамымыздағы бірлік пен ынтымақты одан әрі нығайтуға ықпал етеді.

Өкінішке қарай, биыл да Рамазан айы күрделі кезеңде өтетін болды. Жұқпалы дертті ауыздықтау үшін барлық шаралар жасалуда. Еліміздегі мұсылман жамағатын қауіпсіздік талаптарын сақтауға, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұсынымдарын мүлтіксіз орындауға шақырамын.

Біз бұл сынақты ауызбіршілік пен жауапкершіліктің арқасында еңсеретініміз сөзсіз.

Тұтқан оразаларыңыз қабыл болсын!

Елімізге амандық, әр шаңыраққа бақ-береке тілеймін!

2020 жылдан бастап Алматы облысында «Қарапайым заттар экономикасы» салаларын дамыту шеңберінде басым жобаларды жеңілдікті несиелеу бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 57,1 млрд теңгеге 192 жоба мақұлданды. Агроөнеркәсіптік кешен, тамақ өнеркәсібі, туризм және қызмет көрсету, жеңіл өнеркәсіп және ағаш өңдеу, өнеркәсіп, электр энергетикасы және басқа салалардағы жобалар жеңілдікті несие алды.
Жобаларды іске асыруға мониторинг жүргізу және сүйемелдеу мақсатында «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының жанынан Жобалық кеңсе құрылып, оның жұмысына Алматы облысының Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының, «Даму» КДҚ филиалының, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалының және екінші деңгейдегі банктердің өкілдері тартылды.
«Жалпы бағдарлама бойынша біз құны 86,2 млрд теңге болатын 265 жобадан тұратын жобалар тізілімін әзірледік. Бағдарламаның операторлары екінші деңгейлі банктер мен Аграрлық несие корпорациясы болып табылады. Бүгінгі таңда банктер мен Аграрлық несие корпорациясы тарапынан жалпы сомасы 57,1 млрд теңгеге 192 жоба мақұлданды. Кәсіпкерлік субъектілері қаражатты өндіріс орнын кеңейтуге, мал мен техниканы сатып алуға, көктемгі егіс жұмыстарына алды. Қазіргі таңда тағы 21 жоба қарастырылу үстінде. 38 жоба бойынша құжаттар жиналып, бизнес-жоспарлар жасалуда», - деп атап өтті Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Әсет Шаяхметов.
Мысалы, бағдарлама бойынша Талдықорған қаласындағы «Жұмағали» шаруа қожалығы дәнді (күріштен басқа), бұршақ және майлы дақылдарды өсіруге 75 млн теңге алды. Талғар ауданында кеңселік және студиялық жиһаз өндіретін «P. T. Z.» ЖШС зауыты 500 млн теңгеге қаржыландырылып, бүгінде өндірісін кеңейту мен өнім жинағын үлкейтуде. Бағдарламаның арқасында Еңбекшіқазақ ауданындағы «Альтаир» өндірістік кооперативіне құрастырмалы темірбетон және бетон конструкциялар мен бұйымдар өндірісін іске қосу үшін 135 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілді. Кеген ауданында «Тасбұлақ» ЖШС 8,8 млн теңгеге жылқы сатып алып, мал фермасын ашты.
Естеріңізге сала кетейік, «Қарапайым заттар экономикасы» салаларын дамыту аясында басым жобаларға жеңілдікті несие беру бағдарламасы елімізде 2019 жылы іске қосылды.

Коронавирус инфекциясына қарсы екпе салдыру әлі жалғасып жатыр. Бұқара басында үрейленгенімен қазіргі таңда арнайы вакцина алушылардың қатары күн санап артып келеді. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген нақылды басшылыққа алған 32 547 облыс тұрғыны екпенің бірінші компонентін қабылдап үлгерген.

Вакцинаның алғашқы бөлігін 12867 - медицина қызметкері, 10104 – педагог, 1220 - учаскелік полиция қызметкері, 117-студент, 120 - медициналық - әлеуметтік мекеме контингенті, 1101 –әскери қызметкерлер, 722 - мемлекеттік қызметші, 501 - созылмалы аурулары бар адамдар, 5975-басқа тұлғалар салдырған.
Араға 21 күнді салып екінші бөлігін қабылдаған халықтың саны 9401-і құрап отыр. ІІ компонентпен 6867 медицина қызметкері, 2304 - педагог, 54 – учаскелік полиция қызметкері, 72 – күш құрылымдарының қызметкері, 75 – мемлекеттік қызметкер, 29 - басқа тұлғалар вакцинацияланған болатын.
Індетке қарсы имундық жүйемді қалыптастырамын деушілердің бірі Алия Шагиахмет:
-Көксу аудандық орталық ауруханасында вирусқа қарсы екпе салдырдым. Барлығы ойдағыдай өтті. Талаптарға сай, алдымен қан қысы, дене қызуын тексеріп, артынша вакцинаны салды. Ереже бойынша 30 минут дәрегерлердің бақылауында болдым. Айтарлықтай кері әсері болған жоқ.
Мамандарда екпеден кейін асқынулар тіркелмеген дейді. Облыс бойынша КВИ – ға қарсы вакцинация жүргізуге арналған 125 егу пункттері жұмыс істейді. Сонымен қатар, 25 жылжымалы егу пункттері ұйымдастырылып, барлық пункттерге тоңазытқыш қондырғысы орнатылған. Рефрижераторлық типтегі белсенді термоконтейнерлермен қамтамасыз етілген.
Айта кетейік, жалпы Алматы облысына 46 520 мың вакцина дозасы келіп түскен.

Дүйсенбі, 12 Сәуір 2021 12:33

Халқымыздың құнды мұрасы

Хакім Абай: «Ойын ойнап, ән салмай,

Өсер бала бола ма?» демекші, ойын – адамның өмірге қадам басардағы алғашқы адымы. Сондықтан бала үшін ойынның мәні ерекше. Ал ұлттық ойындар рөлі – патриот, рухты ұрпақ тәрбиелеуде орасан. Себебі, баланың зеректігін арттырып, зейінін ашатын, шынықтыратын, ширықтыратын қасиеттері бар оның. Әрі тапқырлық пен табандылықты, біліктілікті талап етеді. Ал ғасырлар сүрлеуінен сүрілмеген ұлттық ойындарымызды бүгінгі ұрпақ біле ме? Осы жайында ой қорытайық...

Ең әуелі жастар арасында ұлттық ойындар туралы сауалнама жүргізілген еліміз бойынша. Нәтижесі көңіл қуантарлық емес. Білетінінен білмейтіні басым. Білетіндердің өзі «Ақсүйек», «Алты-бақан», «Ақсерек-көксерек», «Бәйге», «Көкпар», «Аударыспақ» сынды санаулысын ғана атап бере алды. Бірақ сол ойындардың нақты қалай ойналатынына бас қатырып жатқан олар жоқ. Себебі қажеттілік шамалы. Ал «Өз ортаңызда ұлттық ойындарды ойнайсыздар ма?» деген сауалға «Оларды ойнағаннан гөрі, карта, ойын автоматын ойнаған әлдеқайда қызықты ғой» деп жауап қатқандары да болды. Иә, шындық сол, қазір жастар ұлттық ойыннан гөрі санасын улайтын құмарлыққа құштар. Бірақ оның тигізер зиянына көңіл аудармайды да. Сылтау – ХХІ ғасыр... Заман өзгерген, техника дамыған... Ол уақыт келмеске кеткен... Осы сылтаулармен жастар ұлттық құндылықтарға мән берместен заман ағымына ілесіп келеді. Ал ұлттық ойын тасада қалды. Оның кейбірі тіпті көмескіленіп, ұмыт та болып барады. Этнограф-ғалымдардың зерттеулеріне сүйенсек, ата-бабаларымыздан бізге жеткен ұлттық ойындардың тарихы Қазақстан жерінде б.з.б. бірінші мыңжылдықта қалыптасқан екен. Тіпті ғалымдар ойындарды бес түрге бөліп қарастырады. Олар: аңға байланысты, малға байланысты, әртүрлі заттармен ойналатын, зеректікті, ептілікті қажет ететін ойындар және соңғы уақыттарда қалыптасқан ойындар. Ал негізгі ойын түрлерінің өзі жүзден асып жығылады. Олардың ішіндегі асық, тоғыз-құмалақ сынды ойындар Азия елдеріндегі алғашқы мемлекеттер мен тайпалар арасында да кеңінен тараған екен. Жоғарыда атап өткендей қазақ халқы ұрпақ тәрбиесін басты мақсат етіп ала отырып, балаларының елін сүйер азамат болып қалыптасуына аса мән берген. Сондықтан да жас талдай жаңа өсіп келе жатқан сәбиді ширықтыратын, алғырлықты талап ететін түрлі ойын түрлерін ойлап тапқан. Тіпті ұлттық ойындардың көпшілігінде қалыптасқан өлеңдері де бар. Өлең арқылы ойынның эстетикалық әсерін арттырып қана қоймай, баланың өлең-жырға деген ынтасын оятады, яғни рухани азық береді. Ал кейбір ойындар тек дене қимылын ғана емес, жылдамдықты, батылдықты, табандылықты, дәлдікті, икемділікті талап етеді. Бұл баланың тән саулығына оң әсерін тигізетінін бабаларымыз көрегендікпен болжай білген. Мәселен, ежелден келе жатқан асық ойыны – балалар арасында ойналатын алғашқы ойындардың бірі. Балалардың құралайды көзге ататын мерген болуына басты себепші де – осы ойын. Малдың асықтарымен ойналатын ойын ептілікті, ширақтықты, қала берді, нысананы дәл көздеуді талап етеді, баланың күш-жігерін арттырып, мергендігін, шапшаңдығын, ептілігін және қырағылығын жетілдіреді. Бірнеше бала болып ойналатын ойын болғандықтан әр баланың ойында «өзге-лерден озып, қатарымның алды болсам екен» деген ой талпынысын арттырып, намысын жаниды. Әрі бұл ойында баланың барлық мүшесі қозғалыста болады. Яғни, үнемі отырып-тұру, бүгілу, ширығу сынды қимылдар баланың денесін шынықтырып, қан айналымын жақсартады. Ал кейіннен ойын-тойларда «Алтын қабақ», «Жамбы ату» сынды ойындар ойналады. Жаяу немесе ат үстінен сырық басындағы теңгені атып түсіру, жоғары лақтырылған қалпақты, басқа да заттарды атып түсіру, ат үстінде шауып келе жатып нысанаға дәл тигізу сынды түрлерге бөлінетін бұл сайыс – нағыз мергендер сайысы. Міне, осындай ойындардың ортасында өскен қазақ балаларының арасынан талай құралайды көзге атқан мергендер шыққан. Ал «Аударыспақ», «Арқан тартпақ», «Көкпар», «Күш сынаспақ» (білек сынасу) сынды ойындар білектілік пен икемділікті талап етеді. Ат құлағында ойнайтын бабаларымыз «Көкпар», «Бәйге», «Қыз қуу» сынды ойындарды ойын-тойдың көркі қылған. Өткен күн мен бүгінгіні, келешекті байланыстыратын баға жетпес байлығымыз, асыл қазына, ұлы өнеріміз ұлттық ойындар – ата-бабамыздан бізге жеткен мұра. Ал олардың бүгінде ұмыт болып бара жатқаны кешегі буын – ағалар мен бүгінгі буын жастарға үлкен сын. Біз келешек ұрпаққа не қалдырмақпыз? Қалтаңды қағар казино мен түрлі құмар ойындарды ма? Ал «азарттан» азған ұрпақ ел ертеңін еңселі ете ала ма? Әрине, жоқ! Құмар ойын құрдымға апарады Батыстан бастау алған құмар ойындардың жұлдызы бүгінде біздің елде де жанып тұр. Біраз жыл бұрын қала мен далада қаптап кеткен ойынханалар мен кішігірім ойын залдары жабылса да, оларға құмартушылар саны азайған жоқ. Себебі бүгінде қайсыбір мектеп жасындағы баланы қарасаңыз да интернет пен компьютерлік клубтардағы түрлі ойындарға аңсары ауып тұрады. Бүгінгі бала асық ойнап алданбайды, күш сынасып малданбайды. Ойы тек «көк жәшік» пен ғаламторда. Ойыны – компьютер ішіндегі атыс-шабыс, талас-тартыс, алдау-арбау... Қала берді, ақшаға құмар ойын ойнайтын жастар да жеткілікті.

Ендеше, ел ертеңі бүгінгі жастың болашағы бұлыңғыр болмасын десек, құмар ойыннан өзіміз де, өзгені де алыс ұстап, ұлттық ойындарға бір сәт болса да көңіл аударып, ұрпағымызға ұлттық тәрбие бергеніміз абзал болар еді...

 

Айжан Туминбаева,

Түрген ауылы М.Ломоносов атындағы орта мектептің

дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі

Ораза ниеті: Алла Тағаланың разылығы үшін таң атқаннан күн батқанға дейін рамазан айының оразасын ұстауға ниет еттім.

 

Ауызашар дұғасы: Уа, Жаратқан Ием! Сенің разылығың үшін ораза ұстадым, Саған иман келтірдім, Саған тәуекел еттім, Сен берген ризықпен ауыз аштым. Уа, Кешірімді Алла! Менің алдыңғы және соңғы күнә-кемшіліктерімді кешір!

 

 

 

Ескерту:

Мамыр айының 8-інен 9-ына қараған түн – қасиетті Қадір түні.

Пітір садақасы жан басына 420 теңге деп белгіленді.

Садақаны kaspi.kz мобильді қосымшасымен аударуға болады.

Жұма, 09 Сәуір 2021 17:03

Ораза иманнан туындайды

Рамазан – ерекше ай. Рамазан – мейірімділіктің, қайырымдылықтың, сабырлықтың, кешірімділіктің, тақуалықтың және нәпсіні тәрибиелеу, өз-өзіңе есеп беру айы. Осымен қатар, Рамазан – Құран айы.

Рамазан – айлардың сұлтаны, күнәлардың кешірілетін, мың айдан да қайырлы Қадір түні бар шоқтығы биік ай. Құран Кәрімде Алла Тағала мүміндерге ораза тұту жайында былай дейді:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ كُتِبَ عَلَيْكُمُ الصِّيَامُ كَمَا كُتِبَ عَلَى الَّذِينَ مِن قَبْلِكُمْ لَعَلَّكُمْ تَتَّقُونَ

«Әй, мүміндер! Сендерге бұрын-ғыларға парыз қылғандай ораза парыз қылынды. Әрине, сақтанарсыңдар»

Ол Тәңірдің адамзатқа берген айрықша сыйы. Отыз күн жұмаққа беттелген отыз қадамдай жанды баурап алатын қасиетті уақытта жүрек дүрсілі жиілейді.

Рамазан – айлардың сұлтаны. Игі істер молаятын маусым. Біз Алла Тағалаға барынша жақын болғанымыз абзал. Жаратушымызға бұрылып бір қадам жасасақ, Жаратушымыз бізге қос қадам жасайды. Бірлігіміз, барлығымыз үшін күні-түні сансыз мадақтар мен алғыс айтуымыз тиіс. Шүкіршілік етуіміз керек. Тек қанағат етпей, бұл сөздің мағынасын аңғаруымыз шарт. Бұл ай діннен алыс адамдарды жақындатады, рухтарын асқақтатады, жақсылық жасау ниетін одан әрі дамытады.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір сөзінде: «Кім Рамазан айының оразасын шын иман және ықыласпен ұстаса, оның бұрын істеген күнәлары кешіріледі», – деген.

Сондай-ақ, Алла Елшісі (с.ғ.с.) тағы бір хадисінде: «Рамазанның басы – рахмет, ортасы – кешірім, соңы – тозақ отынан құтылу», – деген екен. Ал, Алла Тағала пендесін бар күнәсына қарамастан осылай кешіріп тұрса, онда құлға жарасқаны өзге құлдарды да кешіре білу емес пе?!

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің бір хадисінде үмметін былай деп сүйіншілейді:

مَنْ صَامَ رَمَضَانَ إِيمَانًا وَ احْتِسَابًا غُفِرَ لَهُ مَا تَقَدَّمَ مِنْ ذَنْبِهِ

«Кімде-кім Рамазан айында шынайы сеніммен, сауапты бір Алладан ғана күтіп, ораза ұстаса, бұрын-соңды жасаған күнәлары түгелдей кешіріледі».

Қасиетті Рамазанда шын ықыласпен ораза тұту арқылы, пенде өзін Алланың қаһарынан, тозақ отынан, қабір азабынан, Дәджәлдің арбауынан, мүнәфиктіктен сақтайды. Адам жаратылысы алдында не күтіп тұрғанын білмейді. Сондықтан, Рамазан – ертеңгі күннің шуақтылығы үшін үлкен мүмкіндік, кепілдік, Алланың берген ерекше сыйы. Иман келтіргендер үшін ораза ұстау қиындық тудырмайды. Олар жыл сайын осы сәттерді қуана-қуана күтіп, бар ынтасымен ауыз бекітеді, ауыз ашар жасайды, садақа береді. Бар болғаны Алла разылығы үшін. Алла ұлық!

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тағы бір хадисінде:

 لِلصَّائِمِ فَرْحَتَانِ يفْرَحُهُمَا: إِذَا أَفْطَرَ فَرِحَ بِفِطْرِهِ وَ إِذَا لَقِيَ رَبَّهُ فَرِحَ بِصَوْمِهِ

«Ораза ұстаушының екі үлкен қуанышы бар: ауыз ашқанына қуанады және Раббысымен қауышқанда ораза ұстағанына қуанады», – деген.

Рамазан – сауап жасау, мол мүмкіндік, рухани тұрғыдан өз өзіңді жаңарту, жаңғыру айы.

Алла елшісі (с.ғ.с.) былай деді:

مَنْ فَطَّرَ صَائِمًا كَانَ لَهُ مِثْلُ أَجْرِهِ غَيْرَ أَنَّهُ لاَ يَنْقُصُ مِنْ أُجُورِهِمْ شَيْئٌ

«Аузы берік кісіге ауыз аштырғанға ораза ұстағанның сауабындай сауап беріледі. Бұдан ораза ұстаушының сауабы еш кемімейді».

Ораза айы – күнәдан тазару айы. Алла Елшісі (с.ғ.с.) былай дейді:

 الصِّيَامُ جُنَّةٌ يَسْتَجِنُّ بِهَا الْعَبْدُ مِنَ النَّارِ

«Ораза – қалқан. Пенде ораза ұстаумен тозаққа қалқан қояды». Осы хадистегі «қалқан» біздің сабыр-шыдамымыз болып табылады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тағы бір хадисінде: «Ораза – сабырдың, сабыр болса – иманның жартысы», – деген. Демек, ораза иманнан туындайды. Иман тозақтан сақтайды.

Рамазан айында 83 жылдың сауабына пара-пар қасиетті Қадір түні бар. Бұл жамағат мешітке үйіліп, тәсбех тартып, құран оқып өткізетін түн. Сондай-ақ Рамазанда жасаған бар игі істер мен жақсылықтардың сауабы еселеніп жазылады. Міне, Жаратушы Алланың шексіз махаббаты, шапағаты, ұлылығы...

Әрбір батқан түн, атқан таң үшін Аллаға сансыз мадақтар болсын. Аллаһ ұлық, Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.) оның елшісі. Баршамызға Қасиетті ай мүбәрәк болсын. Рамазаннан рамазанға жете берейік. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын! Сауапты іс жасаудан өзімізді аямайық, құрметті оқырман, жадыңызда тұтыңыз, бұл дүниедегі барлық нәрсе осында қалады, арғы дүниеге тек жақсы амалдар мен дұға-тілектерді алып кетеміз.

 

Сапархан ТӨРЕҚҰЛОВ,

ауданның бас имамы

Соңғы жаңалықтар

Қаз 04, 2024

Как сохранить природу и добывать…

Метод подземно-скважинного выщелачивания (ПСВ) урана считается более экологичным и…
Қаз 04, 2024

Эксперт: IT-гиганты делают ставку на…

Эксперт: IT-гиганты делают ставку на атомную энергию для обеспечения устойчивости…
Қаз 04, 2024

Қазақстанда өндіріс саласын қалай…

Мәжіліс депутаты Мұқаш Ескіндіров осы мәселеге қатысты ойын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ…
Қаз 04, 2024

Обращение с ОЯТ

От момента принятия решения до начала работы атомной станции пройдет около 10 лет. Это…
Қаз 04, 2024

Депутат оценил риски для экологии…

Почему атомные реакторы поколения III+ безопасны для населения и экологии,…
Қаз 04, 2024

Жас маман АЭС жөнінде: Басқа…

Ядролық энергетика саласындағы жас маман, «Болашақ» бағдарласының түлегі Әсет Махамбетов…
Қаз 04, 2024

Асхат Бекбаев: АЭС салу арқылы…

6 қазанда елімізде АЭС салу мәселесі бойынша референдум өтеді. Осы орайда біз атом…
Қаз 04, 2024

Атом электр станциясын салу – ұзақ…

Бұл Тәуелсіз Қазақстанның бүкіл тарихындағы ең ірі жобаға айналады. Бүгін мәслихат…
Қаз 04, 2024

Готовят ли в Казахстане специалистов…

Одним из вопросов основных вопросов касательно АЭС сейчас является наличие и подготовка…

Күнтiзбе

« Қазан 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31      

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет