Бейсенбі, 09 Сәуір 2020 17:35

Орманды өрттен сақтайық

Көктем және күз айларында өрт қаупі өте күшті. Әсіресе, бұл кезде орман алқаптарын өрттен көздің қарашығындай сақтауға тура келеді.

Орманда өрт шығу себептерін сараптағанда, ол көбінесе адамдардың өз кінәсінен болатыны анықталған. Жекелеген тұрғындардың немесе басқада тұлғалардың бұл мәселеге үнемі жіті назар аудармағанынан да оқыс өрт жағдайлары туындайды. Сондықтан өрт қауіпсіздігінің ережелерін үйрететін үгіт-насихат жұмыстарын тек өрт сөндіру қызметкерлері ғана емес, олармен қатар қоғамдық мекемелер де жүргізуі тиіс.

Орман шаруашылығының жұмысында өрт қауіпсіздігі – бірінші кезектегі мәселе. Орман шаруашылықтарының барлығында орманды өрттен қорғау жоспары болады. Жоспарда орманның түрі, ортаның рельефі, су жолының, теміржол, автомобиль жолдарының жақындығы ескеріледі. Орман шаруашылығын өрттен қорғаудың сызбасы жасалады.

Бүгінде Шелек орман шаруашылығының қызметкерлері де осы мәселеге барынша назар аударып, орман өртінің алдын алу шараларын іске асыруда. Ең алдымен өрт қауіпсіздігі турасында үгіт-насихат жұмыстары қолға алынған. Ауыл тұрғындары мен мектеп оқушыларына өрт қауіпсіздігін қатаң сақтау туралы ескертіліп, оның алдын алу шаралары туралы айтылды. Әрине, ормандардағы өрттердің бәрі сыртқы себептерден болады. Әйтпесе орманның ішінде өрттің көзі жоқ деуге болады. Кейде ормандардың жануы найзағайдың әсерінен де болуы мүмкін. Бірақ ондай жағдайлар өте сирек кездеседі. Орман өртін негізінен адамдар тұтандырады. Мәселен, сөндірілмеген шылым не сіріңке; аңшылық кезіндегі оқтан тұтанған жалын, салдары. Олар атқан оқтан бықсып шөптер жанып тұтанады, орманға тасталған тұтануға бейім майланған материалдар, орман ішінде болған саяхатшылар мен демалушылар немесе ауыл шаруашылығының жұмысшыларының кепкен шөп пен кесілген ағаш қалдықтары бар жерлерге алау жағуы, күннің сәулесі мол түсетін жерлерге шынының сынығын тастап кету, орманда шаруашылық жұмыстарын жүргізу кезінде өрт шығаратын заттарды қолдану, т.б. болуы мүмкін.

Орман өртін сөндіру оңай шаруа емес. Сондықтан оған жол бермеудің алғы шарттарын қатаң сақтау қажет. Орман өрті жедел өтеді және тез таралады. Қалың ағаш ішіндегі өрт минутына 3-4 метр жылдамдықпен таралып 10-14 сағатта үлкен өртке айналады. Оның ішіне кіру де, өрт сөндіру техникаларын енгізу де қиын шаруа. Сондықтан өртті болдырмаудың басты шарты ең алдымен түсіндіру жұмыстарын жүргізу екені анық.

Сонымен бірге, техникалық және физикалық дайындықта жүргізілді. Ол үшін өрт шыға қалған жағдайда керекті құрал-жабдықтар мен техникаларды дайындап, сақадай сай ету шаралары іске асырылды. Бастысы Шелек орман шаруашылығы өрт болған жағдайда әрқашан дайын болуы тиіс.

 

Е.Мықыбаев,

Шелек орман шаруашылығының Жиделі орманшылығы,

орманды өрттен сақтау станциясының басшысы

 

Болатжан НҰРБЕКОВ, Еңбекшіқазақ аудандық мәслихатының депутаты, кәсіпкер:

Адам өмірінде жоспарламаған, ойламаған жайттар көп туылып тұрады. Оны қысқаша тағдыр дейміз. Ал тағдырдың алдында пенденің бәрі дәрменсіз. Мұндағы дәрменсіздік әлсіздіктен немесе рухани жұтаңдықтан болмайтыны анық. Мықты адамдар өз тағдырына өзгерту енгізген. Дегенмен оған ешкім қожа бола алған жоқ. Мұны кейінгі кездегі басымызға түскен жағдайлардан кейін жақсы түсіндік. Коронавирус шыққанннан бері барлық әлем сергелдеңге түсіп, қолынан келгенше оған қарсыласып жатыр. Дегенмен ол да оңайлыққа берілер емес. Бұл індет бүкіл әлемді шарпып, оның ұшқыны біздің елге де келіп жетті. Бес мың жылдық тарихымыз бар деп мақтанатын Қытайда, тарихы одан да әрі жатқан Иран да, «Мәңгілік империя» атанған Римның мұрагері әрі «Үлкен жетіліктің» бірі Италия мен Еуропаның алпауыт елдері де коронавирустың алдында күшінен айырылып, жапа шегуде. Бұл індеттің алдында адамның байлығы, мәнсабы, танымалдылығы бәрі бекер екенін көрдік. Сондықтан бұл тығырықтан шығатын тек екі ғана жол бар. оның бірі – айнымас сенім болса, екіншісі – сарқылмас сабыр. Осы індеттің алдын алу үшін үйден шықпай, тек сабыр сақтауымыз керек. Дана халқымыз «Сабырлы жетер мұратқа, сабырсыз қалар ұятқа» деп тегін айтпаса керек. Сондықтан сабырсызданып ұятымызға дақ түсіріп, өмірімізге қауіп төндірмей, сабырымыздың арқасында мұратымызға жеткеніміз абзал болмақ.

 

Ардақ ҚЫРЫҚБАЙ, Шелек №1 орта мектебінің директоры:

Адамның өмірі тек қуаныш пен шаттықтан құралмаған. Арасында түрлі сынақтар мен қиншылықтардан да өтуі керек. Өмір сонысымен қызық. Біз де бұл індетті сынақ ретінде қабылдауымыз шарт. Тарихқа көз салсақ небір кереметтерді адамдар қиын сынаққа түсіп, тығырыққа тірелгенде іске асырған. Мәселен, кезінде Еуропада жаппай оба таралып, елдің бәрі біз секілді үйден шықпай жатқан кез болған. Сол кезде әйгілі ғалым И.Ньютонға да үйде тыныш отыруына тура келген. Ал бізге физикадан белгілі заңдарын осы кезде ашқан. Дәл осындай жағдайлармен көп уақытын үйде өткізген А.С.Пушкин өзінің атақты «Евгений Онегин» шығармасын жазған. Әрине, бұл карантин жақсы нәрсе дегенім емес. Бұл қадамға мемлекет амалсыздан барып отыр. Барлығы халықтың қамы екені айтпаса да түсінікті. Тек осы бос уақытымыза сабыр сақтап, өзімізді жетілдіруге тырысуымыз керек. Бүгінде мектептерде сабақ жүргізілмейді. Бірақ білім беру процесі тоқтап қалған жоқ. Қазір білім ордалары қашықтықтан оқытуға көшті. Олардың ішінде да біз де бармыз. Қазіргі уақытта аудандық білім бөлімі қызметкерлері де бізге өте үлкен қамқорлық көрсетіп жатыр. Әр мектепке, әсіресе, аз қамтылған отбасыларға барынша қолдау көрсетіп, көмектерін аяған жоқ.

Коронавирус бүкіл әлемге әсер етіп жатыр. Әсіресе, экономикаға тигізген зардабы орасан. Дегенмен мұның бәрі уақытша құбылыс екені анық. Бойымызда сенім мен сабыр болса бұл қиын сынақтан да аман өтеріміз хақ. «Сабыр түбі – сары алтын» деп атаралырымыз да бекер айтпаған.  Ғұлама ақынымыз Шәкерім Құдайбердіұлы:

«Сабыр деген әр іске шыдамдылық,

Қатты керек адамға бұл бір қылық.

Қолы жетпей талай жан ызданады,

Осыдан көп шығады адамшылық», – дегеніндей жолдасымыз сабыр, серігіміз сенім болғай!

 

Гүлнар ҚҰРАМЕТОВА, Шелек аудандық ауруханасының бас дәрігері:

Маман ретінде айтарым коронавирус өте қауіпті дерт. Соңғы жағ-дайлардан кейін мұны барлығымыз жақсы түсіндік. Ғалымдар оған жаңа коронавирус деген анықтама беріп отыр. Бұл – латынның crowns (тәж) немесе halos (шеңбер) деген сөздерінен пайда болған атау. Өйткені, коронавирус микроскоппен қарағанда, осы екеуінің қосындысын еске түсіреді. Бұл вирустар тобына адамға зиянын тигізетін бірнеше түр кіреді. Олардың бірі тұмауға шалдықтырса, өзгелері жарқанаттар мен түйелерден және жануарлардан кездесіп, бүгінде ғылымда SARS (Ауыр әрі өткір респираторлық синдром) және MERS (Таяу Шығыс респираторлық синдромы) деген акрониммен белгілі болып отыр.

Бұл вирусқа тән симптомдар – тұмаурату, бас ауруы, жөтел және дененің қалшылдауы. Сонымен қатар, коронавирустың едәуір қауіпті түрін жұқтырғандар демігеді, қалтырайды, ал ауруы асқынған жағдайда пациенттер пневмонияға шалдығуы мүмкін.

Ғалымдардың сөзінше, жаңа вирус науқас адаммен жақын қарым-қатынас жасап, онымен тығыз байланыста болған сайын жұғу көрсеткіші де жоғарылай бермек.Қазір жұмбақ вирусты анықтап, оның емін табу жолында сынақтар жүргізіліп жатыр.

Сондықтан мейілінше үйден шықпай, адамдар көп жиналған жерге бармай, карантинның талаптарын қатаң сақтаған дұрыс. Сонда ғана бұл індетті жеңу барынша жеңілдей түседі әрі бізге түсетін салмақ та азаяды. Бүгінде аталған індетке қарсы басты препарат сіздердің сабырларыңыз бен сенімдеріңіз.

 

Есенғали ЕСЕНХАНОВ, Шелек ауылдық округінің әкімі:

Сабыр сақтау – саналы адамның парызы. Бүгінгі әлемді шарпыған алапат індет іргемізде тұрғанда бұл сөздің маңыздылығын ескермеске болмай-ды. Карантин қа-мау үшін емес, қорғау үшін жасалады. Сондықтан карантин талаптарын орындағанда ғана өзіңді аман сақтайсың. Сосын жақындарыңды, отбасыңды, туыстарыңды, ауылыңды, еліңді, мемлекетіңді қауіпте қалдырмайсың. Бұл – үлкен жауапкершілік. Ал жауапкершілікті ұмытып, сабыр сақтамасақ өзге түгіл өзіңді де ажал апанына жақындата түсесің. Бүгінде мемлекет індетті жеңудің барлық шараларын жасауда. Ол үшін қолдан келген нәрсенің ешқайсынан аянып қалмайды. Карантинге байланысты табысынан айрылғандарға тиісті жәрдемақы беру де көзделген. «Көп түкірсе көл» Біз де бұл індетті көп болып жеңеміз.

 

 

Елшат ТОҚТАРБЕКҰЛЫ, Шелек ауылының тұрғыны:

Ардақты пайғамбарымыздың: «Егер сіз қандай да бір жерде оба пайда болғанын естісеңіз, ол жерге бармаңыз және егер оба сіз тұрған жерге жетсе, онда ол жерден кетіп қалмаңыз», – деген хадисі бар. Демек карантинды ғылым да, дін де қолдайды деген сөз. Бүгінде коронавирусқа байланысты барлығымыз отбасымызбен үйде жатырмыз. Әрине, үйде қозғалмай жату өте қиын. Адам болған соң ары-бері жүргің келетіні де рас. Бірақ сабыр сақтауға міндеттіміз әрі көп болып бұл індетті жеңетінімізге сенеміз. «У ішсең руыңмен» дейтін қазақпыз ғой. Сондықтан «Көппен көрген ұлы той» деп барынша байсалды болуға тырысудамыз. Әрине, қиыншылық тек қазақтың басына ғана келген жоқ. Барша әлемнің аяғынан шалуда. Бұйыртса бұл қиыншылық та артта қалып, тарихқа айналары хақ. Бастысы мемлекетіміз мәңгі, халқымыз аман болсын!

Бейсенбі, 09 Сәуір 2020 11:07

Мемлекеттік тіл – МАЗАҚ ЕМЕС!

Туған тілім – тірлігімнің айғағы

Тілім барда айтылар сыр ойдағы.

Тілім өссе, мен де бірге өсемін,

Тілім өшсе, мен де бірге өшемін.

Әбділдә ТӘЖІБАЕВ.

 

Иә, тіл – адамзаттың асылы, баға жетпес қазынасы. Есте жоқ ескі замандағы тарих, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ырым-тыйымдар мен әдеби қазынамыз қасиетті тіл арқылы ұрпақтан-ұрпаққа тарап, күні бүгінге жетіп отыр. Осы уақытқа дейін қаймағы бұзылмаған қазақ тілінің қазіргі таңда көсегесі көгермей тұр. Мемлекеттік тілді дамытуға бюджеттен миллиондаған қаражат бөлініп, түрлі жобалар қолға алынса да ана тіліміз салтанат құрған күнге қол жеткізе алмай отырғанымыз шындық.

Бүгінгі таңда тілдің дамуына кедергі келтіретін бірден бір себеп, әлеуметтік желінің жастар арасында кең етек алуы. Қазір азаматтарымыз кітап былай тұрсын, газет-журналдардың бетін ашпайды. Таңнан-кешке дейін қолындағы смартфонға үңіліп отырғаны. Сол арқылы бір-бірімен «шалақазақша» сөйлесіп, тіпті, кейбірі тілді шұбарлауды сәнге айналдырып алғандай. Жақында осыдан бір ғасырға жуық уақыт бұрын жазылған шығарманы көзім шалды.

«Осындай физически де, моральни де қалжыраған қалшақ әскері, тәртіпті, қарулы қызыл әскер түгіл, партизан отрядының өзіне де үлкен қару көрсете алмады. Партизандар соғысында ерекше көзге түскен дружинаның біреуі Асандікі... Қарулы адамдарды көргесін беженцылардың керуеніндегі екі грузовик мылтық атқанға қарамай қаша жөнелді. Грузовиктегі қашқындар ешқайда бара алмайтынына күмән келтірмеген Асан, ат жеккен арбаларды тоқтатып, тексерсе – беженцылардың көбі орыс пен татарлар екен, ішінде төрт-бес қазақ семьясы да бар». Бұл – қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі Сәбит Мұқановтың 1938 жылы жазылған «Жұмбақ жалау» романынан үзінді. Бұл кезең мен қазіргі уақыттағы жағдайды мүлдем салыстыруға келмейді. Кеңес үкіметінің қылышынан қан тамып тұрған заманда осылай тілді шұбарлап немесе орыс тілінде сөйлесе де, ақын-жазушыларымыз қазақ халқының әдебиетін биікке көтерді. Қазақ тілінің сойылын соқты. Амалын тауып, ана тіліміздегі оқулықтарды жарыққа шығарды. Бүгінгі таңда арыстардың аманатына қиянат жасап жүргендейміз. Тілді шұбарлау сәнге айналғаны соншалық, заманауи тілмен айтқанда «хит» әндердің басым көпшілігі «шалақазақша». Жастардың сүйіктісіне айналған Райм және Артурдың әндерінің барлығы осы сарында. Оған қоса, жарқ етіп шыққан «жарық жұлдыздар» әндерінің сөзін өздері жазатын көрінеді. Хакім Абай айтып кеткен есер әннің не мәні, не мағынасы жоқ.

«Сені мен көрген сайын,

Как будто тебя знаю.

Жақындап танысам десем,

Орысша ой не знаю.

Ай дауысың сенің,

Ай қимылың сенің.

Майысқан шыбық белің,

Общем кайф әрбір жерің.

Әдемісің до того,

Көзім тоймайды.

Кім болса да все равно,

Сендей болмайды.

Моя малышка, твоя улыбка,

Ең әдемі, самая вышка» – деген хитпен танылған қос қаракөз бүгінде «шалақазақша» бірнеше ән жазып, жастардың құлақ құрышын қандырып жүр. Ел ертеңінің иесі болатын азаматтарымыздың құлақтан кіріп, бойын алған соңғы әндерінің біріне үңіліп көрейік.

«Сен кейін мені зерттейсің,

Алдымен,

Көтеріліп келіп сені иіскесем

Болдым мен.

Су керек болып шөлдеймін

Сол кезде,

Білесің менің не ішкенімді.

Неше киіміңді лақтырдым жерге,

Менің ұр, соқ, терге.

Жабысып бір-бірімізге,

Жанып, терлеп.

 Мүмкін емес сезу,

Бір сезгеніңді мүмкін емес төзу.

Бір төзгеніңді мүмкін емес ойға түю,

Бұйырғаны, от боп күю.

Қандай бақыт сені сүю». Бұл – тек бір шумағы мен қайырмасы ғана. Дәл осындай қаншама әндер бүгінгі ұрпақтың санасын улап, тілін шұбарлауда. Қазақ тіліндегі қазіргідей қиын жағдайды қазақ тілінің жанашыры, біртуар батыр Бауыржан Момышұлы  осыдан 80 жыл бұрын болжап кеткендей. Дәлірек айтсақ даңқты қолбасшы 1944 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Әбдіхалықовқа хат жазып, ана тіліміздің бүгінгі күйін сипаттап бергендей. Сол кездегі қазақ тілінің аянышты жай-күйін сипаттаған Бауыржан Момышұлы: «...Осы кезде аздап орысша білгеніне мәз болып, төбесі көкке жеткен, ана тіліне көңіл бөлмей, оны әліне қарамай менсінбей, не орысшаны, не қазақшаны дұрыс сөйлей алмай шалдыр-батпаққа бөленіп жүрген, келбетсіз тіл азғыны масқараларды Алматының жауапты деген қазақ қызметкерлерінің арасынан да кездестіруге болады.

Ауырып жатқанда бір халық комиссарының орынбасары Мәнсейітов деген кісіге:

– Халіңіз қалай? – дегенімде.

– Дұрыс, самочувствием, общие состоянием не плохо, – деп жауап берді.

Бір артист:

– Сіз пошему кешегі бешірге не приходылы, – деді.

Бір жазушы:

– Мен сізге звонит еткен едім, но почему, то Вас не оказалась в кабинет, – деді.

Бір газет қызметкері:

– Сіздің статьяңызды просмотрет етіп болған соң маленки ғана редакционная изменение жасап, печатет етеміз, – деді телефонмен.

Бір ана тілінің мұғалимасы қоштасып тұрып:

– Оған (күйеуіне) обьязательно пламенный привет передайть етіңіз, – деді.

Радионың бір қызметкер әйелі:

– Передаче береміз... сіздің тыңдағандарыңыз Б-ның выступлениесі... – деген сияқтыларды күнде қаңқылдайтынын өзіңіз де естіп жүрген шығарсыз.

Бір үй тіршілігіндегі әйел:

– Мен ошен удивлятся етем, менің дошкам өте странно бидет, – деді.

Жаңадан тілі шығып келе жатқан бір бала:

– Мама я кошу хлеб масю, – деп жылады...» – деп Баукеңнің қан майданда қан кешіп жүріп, қазақ тілінің аянышты күйде екендігін тізіп жазған хаттан қазіргі заманның бет-бейнесін көруге болады. Тіпті, бүгінгі күннің қаракөздерін сипаттап тұрғандай.

Хош, әннің сөзін түзеу қарапайым халық пен тіл жанашырларының қолында емес. Жоғары жақтан нұсқау болмаса, қолдан келер қайран жоқ. Алайда, әнді сұрыптап тыңдайтын, қазақтілді азаматтарымыздың қытығына тиіп жүрген –  көше бойына ілінген жарнамадағы қателер. Тіл жанашырлары нақты заң қабылданбай, жарнамадағы тіліміздің күйі оңалмайтындығын айтып дабыл қағуда. Рас, көшеге шыға қалсаң, жарымжан жарнамалардан көз сүрінеді. Қазақша жазылған жарнамалардың барлығында дерлік қате бар. Бұл – заңның осалдығын көрсетеді. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен газет редакциясы осы күнге дейін бірнеше рет рейд жасап, жарнама иелеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Алайда, нәтиже шамалы. Бірді-екілі кәсіпкер жіберген қателерін түзеді. Қалғандары, баяғы жар тас, сол жартастың күйін кешуде. Оған қоса, шағын және орта кәсіпкерлік дамыған заманда күн сайын құжынаған жарнамаларды түзетуге екі адамның әлі келмесі айдан анық. Бұл тұста, жарнамаға тапсырыс беруші кәсіпкерлерді жарнама мәтінін жоғарыда аталған бөлімнің мамандарына тексертіп, рұқсатын алуды заңмен бекіту керек. Әйтпеген күнде әлі талай уақыт «дукеннен» «азык-тулык» сатып салып жүре береріміз хақ.

«Әрбір 14 күн сайын әлемде екі тіл түбегейлі жойылып отырады»  – дейді америкалық лингвист ғалым Дэвид Хариссон. Оның айтуынша, қазіргі таңда әлемде жеті мыңға жуық тіл бар. Соның ішіндегі көп таралған 83 түрлі тілдің 80 пайызын адамзат қолданады екен. Ғалымның зерттеулері бойынша, әлемдегі жеті мың тілдің жартысынан астамы қағаз бетіне түсірілмеген және сол тілдердің соңғы насихаттаушысы кеткен сәтте тіл де жойылады. Осы орайда ресейлік тіл жанашыры Артюнов: «Әр жыл сайын әлемде 15-20 тіл құрдымға ұшырайды. Егер жыл сайын осынша тілден айырылсақ, бір ғасыр көлемінде 2000 тілден айырыламыз, бұл дегеніңіз тілдің ғана емес, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, сананың да жойылуы емес пе?! Менің зерттеулерім бойынша Ресейдің өзінде әр жыл сайын бір тіл жойылып отырады» – дейді. Демек, біз де тіліміздің ертеңіне бей-жай қарайтын болсақ, салт-дәстүріміз бен ұлттық құндылықтарымыздың келешек ұрпаққа жететініне кім кепіл? «Ана тілін ұмытқан адам – өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді» – дейді Ғабит Мүсірепов. Сондықтан болашаққа қазақ тілін ту етіп тапсыруға тырысайық. Тіл тәуелсіздігі – ой тәуелсіздігінің, ел тәуелсіздігінің бастау бұлағы екендігін есте ұстайық, құрметті оқырман.

 

Сардарбек НҰРАДИН

 

Адамзатты әуреге салған коронавирус індетін жұқтырғандар саны күн санап артып келеді. Әлемнің барлық елдерінде төтенше жағдай жарияланып, ірі мегаполистер карантинге жабылуда. Елімізде де Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары карантинге жабылып, адамдар мен көліктердің қозғалысына шектеу қойылды. Бүгінгі таңда жағдай толықтай бақылауда. Дей тұрғанмен, босансуға әлі ерте. Сондықтан да облысымыз бойынша бірқатар шектеулер қойылып, Есік қаласының шекарасына да санитарлық және мобильді бекеттер орнатылды.

Баршамызға белгілі, орталық базар, сауда орындары мен банк бөлімшелері, әкімшілік мекемелер Есік қаласында орналасқандықтан, жақын маңдағы ауылдардан аудан орталығына ағылатындар жетіп-артылады. Санитарлық режимді күшейту және тұрғындардың қауіпсіздігін арттыру мақсатында 1 сәуірден бастап бекеттер орнату туралы шешім қабылданды. Қалаға кіретін негізгі жолдарға 3 санитарлық 6 мобильді бекеттер қойылды. Бұл жерде күндіз-түні 36 полиция қызметкері, 24 медицина, 18 мемлекеттік қызметкер жұмыс жасайды. Сонымен қатар, қоғамдық денсаулық сақтау басқармасынан 12 маман тартылған.

Айта кетейік, Есік қаласына кіретін айналма жолдардың барлығы жабылған. Негізгі жолдарға қойылған бекеттерде барлық көліктер тоқтатылып, міндетті түрде жүргізушілер мен жолаушылардың дене қызуы тексеріледі. Аудан орталығына тек нақты мақсатта бара жатқан азаматтар ғана өте алады. Соның ішінде, медицина мекемелеріне, банк бөлімшелеріне, почта және жеке нотариус қызметіне жүгінушілер ғана қала аумағына жіберіледі. Сонымен қатар, аудан орталығының тұрғындары мен осында жұмыс істейтін азаматтар да кіре алады. Ол үшін өзімен жұмыс орнынан берілген арнайы анықтамасы болуы тиіс.

Сонымен қатар, көлікте бетпердесіз отыруға болмайды және әр жолаушының жеке куәлігі болуы тиіс. 65 жастан асқан азаматтар мен үлкендердің қарауынсыз жүрген кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдердің де қалаға өтуіне тыйым салынған.

Бүгінде бекеттерде бақылау күшейтілген. Әрбір көлік тоқтатылып, жолаушылардың дене қызулары тексеріледі. Қайдан келе жатқандығы және қандай мақсатпен қайда бара жатқандығы сұралады. Сондай-ақ, жеке куәлігі арқылы арнайы тізімге тіркеледі.

Өткен аптада аудан әкімі Бинәлі Ысқақ және аудандық полиция басқармасының басшысы Талғат Сейілханов бекеттерге арнайы барып, жұмыс барысын бақылаған болатын. Осының барлығы тұрғындардың қауіпсіздігін арттыру мақсатында жасалып жатқандығын айтқан Бинәлі Әбдіқапасұлы ауданның бас полицейіне бақылау бекеттерінің маңына арнайы жол белгілерін қою жөнінде тапсырмалар берді.

Азаматтардың қауіпсіздігі үшін, басын бәйгеге тігіп, күндіз-түні жұмыс атқарып жүрген бақылау бекетіндегі медицина қызметкерлерінен мән-жайды білген едік:

– Біздің негізгі жұмысымыз аудан орталығына бағыт алған әр адамды тіркеп, дене қызуын өлшеп отыру. Жұмысымыз 12 сағатқа дейін созылады. Бекеттен өтетіндердің басым көпшілігі Есік қаласының тұрғындары. Осы уақытқа дейін ешқандай заңбұзушылық пен денсаулығына шағымданған азаматтар болған жоқ – дейді аудандық аурухананың учаскелік мейірағасы (медбрат) Берік Құттыбай. Сөзіне сүйенсек, осы күнге дейін дене қызуы көтеріліп, бекеттерден өте алмаған азаматтар тіркелмеген. Ондай жағдай бола қалса, бірден жедел жәрдем шақыртылып, науқас азаматқа арнайы тексеру жасалады.

Сонымен қатар, төтенше жағдайға байланысты ауданымызда бірнеше шектеулер қойылды. Айталық, барлық дәріханалар мен дүкендер кешкі 20:00-ге дейін ғана жұмыс жасайды. Көшеде, парктер мен ойын алаңдарында серуендеуге тыйым салынады. Себепсіз көшеге шығуға болмайды. Медициналық бетпердесіз қоғамдық орындарда, дүкен мен дәріхана, банк, почта бөлімшелері мен мемлекеттік мекемелерге кіруге тыйым салынады.

Ауданымыздағы төтенше жағдай кезіндегі қауіпсіздік шаралары жайлы толық ақпараттарды жариялайтын боламыз.

 

Сардарбек НҰРАДИН

Сейсенбі, 07 Сәуір 2020 14:56

Нарушители наказаны по суду

 

Согласно ч.1 Указа Президента Республики Казахстан от 15 марта 2020 года № 285 «О введении чрезвычайного положения в Республике Казахстан» в связи с объявлением Всемирной организацией здравоохранения пандемии COVID-19, в целях защиты жизни и здоровья граждан в соответствии с законодательством Республики Казахстан на всей территории Республики Казахстан введено чрезвычайное положение на период с 16 марта 2020 года до 15 апреля 2020 года.

Совместным Приказом Министра торговли и интеграции Республики Казахстан от 17 марта 2020 года №53-НК и Министра здравоохранения Республики Казахстан от 18 марта 2020 года № 169 утверждены Рекомендации по функционированию объектов торговли на период действия Указа Президента Республики Казахстан от 15 марта 2020 года № 285 «О введении чрезвычайного положения в Республике Казахстан». Согласно п. 1.4 Рекомендаций объекты торговли, общественного питания, расположенные вне территории торговых объектов, обеспечивают работающий персонал одноразовыми перчатками и масками, устанавливают санитайзеры для обработки рук либо обеспечивают выдачу одноразовых перчаток, вводят усиленный дезинфекционный режим, каждый час специальными дезинфекционными средствами обрабатывают столы, стулья, поручни лестницы и двери и каждые три часа пол.

В соответствии с пунктом 6 статьи 476 КоАП РК предусмотрена административная ответственность за нарушение режима или невыполнение требований, установленных государственным органом в связи с объявлением чрезвычайного положения, в части карантина и проведения других обязательных санитарно-противоэпидемических мероприятий, если эти действия (бездействие) не содержат признаков уголовно наказуемого деяния.

27 марта 2020 года ИП «Мамедов-1» в кафе «Аннушка» не принял меры санитарной безопасности в связи с объявлением чрезвычайного положения.: в местах обслуживания посетителей не были установлены санитайзеры для обработки рук, персонал не был обеспечен одноразовыми перчатками и масками.

ИП «Мамедов-1» в лице М.А. факт совершения административного правонарушения признал и подтвердил обстоятельства, изложенные в протоколе об административном правонарушении. Руководствуясь ст. 822, 829-14, 830-832 КоАП Республики Казахстан, суд постановил: индивидуального предпринимателя М.А признать виновным в совершении административного правонарушения, предусмотренного подпунктом 6 статьи 476 КоАП, и наложил на него административное взыскание в виде ареста сроком на пять суток.

27 марта 2020 года в кафе ТОО «ИЗМИТ ДЕГИРМЕН» в местах обслуживания посетителей также не были установлены санитайзеры для обработки рук, персонал не обеспивался одноразовыми перчатками и масками. В судебном заседании представитель ТОО «ИЗМИТ ДЕГИРМЕН» С.С. факт совершения административного правонарушения признал и пояснил, что директор ТОО находится на карантине в г.Алматы, поэтому не может участововать на судебном заседании.

Суд счел правильным применить в отношении ТОО «ИЗМИТ ДЕГИРМЕН» административное взыскание в виде административного штрафа в размере десяти месячных расчетных показателей.

Енбекшиказахский районный суд также рассмотрел несколько дел по несоблюдению режима ЧС объектами торговли.

27 марта 2020 года ИП «Абасов» в магазине «Арзу» не приняты меры санитарной безопасности, а именно: кулинарные изделия хранились в не фасованном виде. .

31 марта 2020 года ИП «Се Сяо-Ху», в магазине по продаже сотовых телефонов, не были приняты меры санитарной безопасности: не установлены санитайзеры для обработки рук, отсутствовали дезинфекционные средства, продавец не был обеспечен одноразовыми перчатками и масками.

31 марта 2020 года в в торговом доме по продаже бытовой техники ТОО «МЕЧТА МАРКЕТ» не были приняты меры санитарной безопасности, не установлены санитайзеры для обработки рук, отсутствовали дезинфекционные средства, у отдельных сотрудников не было перчаток и масок.

1 апреля 2020 года ИП «Соколова» в продуктовом магазине «Светлана» не были приняты меры по реализации кулинарных изделий в фасованном виде, по установлке санитайзера для обработки рук на входе, персонал работал без перчаток.

1 апреля 2020 года ИП «Ахмедова» в магазине «Мясной» не приняты меры санитарной безопасности, отсутвовали санитайзеры для обработки рук, дезинфицирующие средства, перчатки у работников.

Тем самым субъектами предпринимательства был нарушен режим, установленный государственными органами в связи с введением чрезвычайного положения.

Факты нарушения режима чрезвычайной ситуации подтверждаются протоколами об административных правонарушениях, актами санитарно-эпидемиологического обследования и другими материалами дел. Руководствуясь ст. 822, 829-14, 830-832 КоАП, суд постановил: данных предпринимателей признать виновными в совершении административного правонарушения, предусмотренного подпунктом 6) статьи 476 КоАП и подвергнуть их по данной статье к административному взысканию в виде штрафа в размере десяти месячных расчетных показателей.

 

Е.БАЙМУЛДИНОВ, М.САДЫКОВ, судьи Енбекшиказахского районного суда

Елімізде әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып, қолдау көрсетілуде. Әсіресе, көпбалалы отбасылардың мәселесі бірінші кезекте шешіледі. Оларға төленетін атаулы әлеуметтік көмектен бөлек бірнеше жеңілдіктер қарастырылған.

Осы орайда, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен кәмелеттік жасқа толмаған 4 немесе одан да көп балалары бар отбасыларына табысына қарамастан айына 42 мың 500 теңге және бала санына қарай одан да жоғары әлеуметтік көмек төленетін болды. Бұдан бөлек, атаулы әлеуметтік көмек алушылардың балаларына азық-түлікпен де көмек көрсетіледі. Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2020 жылғы 5 қаңтардағы «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау және төлеу және кепілдік берілген әлеуметтік топтаманы ұсыну қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Респуб-ликасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 5 мамырдағы № 320 бұйрығына өзгерістер енгізіліп, 4-тарауының 37-тармағына сәйкес атаулы әлеуметтік көмек тағайындау туралы шешім қабылданған кезде бір мезгілде бір жастан он сегіз жасқа дейінгі балаларға кепілдік берілген әлеуметтік топтама беру туралы шешім қабылданды. Яғни, 41-тармағына сәйкес, бір жастан  алты жасқа дейінгі балаларды кепілдік берілген әлеуметтік топтамамен қамтамасыз ету үшін жергілікті атқарушы органдар «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңына сәйкес азық-түлік жиынтықтарын және тұрмыстық химия тауарларын сатып алуды жүргізеді.

– Биылғы жылы мемлекеттік сатып алу арқылы тендерді «Magnum» ЖШС-і ұтып, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен ағымдағы жылдың 21 ақпанында келісім-шарт жасалды. Наурыз айының 13 жұлдызында қаңтар айында атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған отбасыларының бір жастан алты жасқа дейінгі балаларына тиесілі 1307 дана әлеуметтік топтама таратылды. Оның ішінде бір жасатан үш жасқа дейін 609, үш жастан алты жасқа дейінгі балаларға 698 кепілдендірілген әлеуметтік топтама қала, ауылдық округтері арқылы үлестірілді, – дейді аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Қалдыгүл Айсина.

Бөлім басшысының сөзінше, балалардың жасына қарай азық түлік нормалары бекітілген. Бір жастан үш жасқа дейінгі балаларға ультра пастерленген сүт, балалар печеньесі, жеміс пюресі, гипоаллергенді ботқа, көкөніс пюресі, өлшеп оралған мақта сұлы геркулес беріледі. Бұл тауарлардың барлығы гипоаллергенді және салмағы мен сапасы келісім-шартта көрсетілген.

Ал үш жастан алты жасқа дейінгі балаларға таратылатын заттардың тізімі өзгеше. Оған ультра пастерленген сүт, бидайдың қатты түрінен жасалған макарон өнімі, өлшеп оралған мақта сұлы геркулес, тағамдық күнбағыс майы, классикалық гемотаген, құрамында тұтас дәнді дақылдар бар таңғы асқа арналған сүт жастықшалары, 5 айдан жоғары балалар печеньесі, арпа жармасы, ұнтақ жармасы, бұршақ, қарақұмық пен табиғи бал кіреді.

 

С.НҰРАДИН

Дүйсенбі, 30 Наурыз 2020 11:16

Ерлікпен пара-пар

Қысылтаяң уақытта бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бір-бірімізге қолдау көрсетудің маңызы зор. Әрқайсымыздың кісілігіміз де, кішілігіміз де осындайда сыналады емес пе?!

Жаһанды жаулаған жаман дертпен күресте кез келгеніміз ерлік жасай аламыз. Оның ең қарапайымы – карантин уақытында үйде отырып, тәртіпке бағыну болса, мүмкіндігімізге қарай көпшілікке көмек беруіміз де ерлікпен пара-пар әрекет. Бетперде тігіп, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларына, қарттар үйі мен балалар үйіне таратып жатқан жандар туралы жазып жатырмыз. Ауданымыздағы ерікті жастардың қайырымдылық шараларын ұйымдастырып, тұрмысы төмен отбасыларына азық-түлік жеткізіп беріп, алғысын алып жатқандарынан да хабардарсыздар.

Осындай тағы бір айқын мысалды «Айдарбаев» шаруа қожалығының иесі Ерік Айдарбаев көрсетті. Өз қызметкерлері – 250 адамға, оның ішінде әлеуметтік жағдайы төмен 27 отбасына 3 млн 735 мың теңгеге азық-түлік алып, теңдей таратты. Бір-бір қаптан ұн, күріш пен қантын үлестірген Ерік Айдарбаевтың бұл ісі өзге де кәсіпкерлерге үлгі болса игі.

Абай атамыз айтпақшы, «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос».

Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

Коронавирус індетінің таралуына байланысты елде төтенше жағдай жарияланғаны белгілі. Бұл індеттің сырқат адамның түшкіруі не жөтелуі арқылы жұғатындығы айтылса, бетперденің бұл індетпен күресте маңызы арта түсуде. Осыған орай, аудан дәріханаларын аралап, бетперденің бары не жоғы және бағасын білмекке ұмтылған едік.

Респираторлы маскалар 1200 теңге делінсе, қарапайым маска 1000 теңге деді Түрген ауылындағы дәріханалардың бірі. Қарапайым маска Алматы қаласынан жеткізілетіндіктен қазір жоқтың қасы. Ал Алматы қаласы төтенше жағдай жариялануаны байланысты жабық. Сол себепті маска тапшылығы орнап, ал бар масканың бағасы шарықтап кеткен. Осы орайда айта кеткен жөн, коронавирус ауруын жұқтырған адамдар саны 5 328 адамға жеткен, оның 32-сі қайтыс болған Оңтүстік Корея елі масканың бағасын 1 долларға дейін төмендеткен. Бұрындары бағасы 1 доллардан жоғары болған. Осындай қиын-қыстау кезең кәсіпкерлердің халыққа болысып, ең алғы қорғаныс құралы масканы қымбаттату орнына арзандату жолын қарастыруы қажеттігін білдірсе керек. Осыған орай, жақында жауапты министрлік тарапынан бетпердеге шекті баға қойылды. Масканың құны 87 теңгеден аспауы тиіс.  Жақында жаңалықтардан Ақтөбе қаласының тұрғыны, 10 сынып оқушысы Әділет Амангелдиевтің әпкесі тіккен маскаларды қала көшелерін аралап жүріп тегін таратқаны туралы ақпарат тарады. Жанашыр жан масканы 70 адамға таратқан.

Мұндай мысалдар жетерлік. Қытайдың Ухань қаласында індеттің таралуы кезінде тұрғындардың барлығына маска тағу және медициналық қолғап кию міндеттелді. Ал егер маскасыз және қолғапсыз көше кезген тұрғын анықталса қатаң жазаланды. Осылай олар Ухань қаласында коронавирус ауруын түбегейлі жойғанын мәлімдеді.

Сондай-ақ, қарапайым халық үшін маска қорғану құралына айналса, кәсіпкерлер үшін пайданың көзі. Ал жалпы, масканы сатып алмай-ақ, оны қолдан жасап алудың түрлі тәсілдері көрсетілуде. Мысалға қарапайым дәкені бірнеше қабаттап, кәдімгі масканың формасы іспетті етіп тігіп алуға болады. Қанша қабат қылсаңыз да өз еркіңіз. Неғұрлым қалың болса, соғұрлым пайдалы.

 

Әділет САРЫБАЙ

 

***

Қазақта «Иттің боғы дәрі болса, дәрияға тышады» деген сөз бар. Дөрекілеу болса да, дөп айтылған сөз. Коронавирус басталғалы бері кезінде қаптап тұрған талай затты бүгінде емге таппайсыз. Ал одан бірталай мәселе туындайтыны айтпаса да түсінікті. Соның бірі – маска мәселесі.

Эпидемия пайда болғалы бері масканың қаны жерге тимей тұр. Ең әуелі, екі-ақ сағатқа жарайтын бір рет пайдалануға ғана болатын түрлерінің өзі тапшы. Дәріханалардан табу қиын, болса да бұрынғы өз құнынан бірнеше есе қымбат. Десе де, осы бағаның өзіне табылғанына қуанатын жағдайға жеттік.

Бұл мәселе «жоғарыға» да жетіп, жалпы қоғамдық сипат алды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі елімізде әлі күнге дейін тиісті көлемде бетперделердің жетіспейтіндігін ресми мәлімдеді.

Мемлекет басшысы халықты бетперделермен жедел қамтамасыз етуді талап етіп, еліміздің барлық азаматтарын үнемі антисептиктерді пайдалануға және бетперде тағуға шақырды. Сонымен бірге, барлық қалалардағы негізгі көшелерде азаматтарға тегін маска таратылуына жағдай жасауға шақырды әрі бұл Үкіметтің алдында тұрған аса жедел әрі шұғыл міндет екендігін атап өтті.

Соңғы кездері ауданымыздағы дәріханаларда маска мен керекті препараттардың жетіспеушілігі байқалуда. «Мен маска іздеп бірнеше дәріханаға кіріп шықтым. Бірақ бірде біреуінде маска жоқ. Алдын-ала сатылып кеткен. Маска дәріханаларда болмаса да алыпсатарлардан табуға болады. Тек бағасы өте қымбат. Бұрынғы 40 теңгелік маскалар 150-200 теңге көлемінде сатылуда»,– дейді аудан тұрғыны А.Таңжарық. Оның пікірін тағы бірнеше азамат қолдап шықты. Олардың сөзінше масканы қолдан тігіп сатып жатқандар да бар екен.

Соңғы кездері ел билігі маска мәселесін шешуге барынша күш салып жатқаны байқалады. Бұл жағынан алаңдаудың қажетсіз екені де айтылуда. Алдағы күндері масканың жетіспеушілігі өз шешімін тауып, барлығы ойдағыдай болатынына халықты сендіруде.

Н.Тілеуқабыл

Жұма, 27 Наурыз 2020 10:38

Ашкөздік – айықпас дерт

Соңғы кездері коронавирус немесе карантин деген сөздерді жиі естіп жүргеніміз рас. Көршіміз Қытайда басталып, бізді ғана емес барша әлемді тітіреткен бұл  аурудың алдын алу үшін не істелмей жатыр десеңші! Сонау Италия, Иран секілді елдердегі жағдайды көзбен көрмесек те естігеннен-ақ тіземіз дірілдейтіні де шындық. Бұл тажал біздің еліміздің де шекарасынан аттап, соның әсерін бәріміз сезініп жатқанымыз мәлім. Десе де осы екі сөздің қатарына тағы бір сөз қосылды. Ол – қымбатшылық.

Жығылғанның үстіне жұдырық болып мұнай арзандап, доллар көтеріліп есіміз шығып жатқанда коронавирус та ел аумағына кіріп үлгерді. Енді осы алапаттың алдын алу үшін билік барынша қатаң шаралар қабылдауға мәжбүр болды. Ол үшін вирустың таралу жолдарына тосқауыл қоюдың амалдарын жасауға көшу керек. Міне соның бірі – Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларына кіріп-шығуға шектеу қойылып, басқа аймақтардан оқшаулануы. Яғни, карантинге жабу. Оның қатарында адамдардың топталуына тыйым салынып, кей объектілердің жабылуы да кәсіпкерлерге оңай тимесі анық.

Осындай кезде жалпы халықтың қажетті заттар мен азық-түліктерді жаппай сатып алуы белең алатыны белгілі нәрсе. Ал жаппай сатып алудың ақыры кейбір қажетті тауарлардың жетіспеушілігін тудырады. Осының кесірінен ол тауарлардың да бағасы жоғарылайды. Әсіресе азық-түлік пен дәрі-дәрмектерге сұраныс артқан сайын, тиісінше құны да жоғары бола түспек. Мұның ең тиімсіз жағы бұрынғы еңбек етіп, табыс тауып жүргендердің қатары азайып, халықтың дені тек тұтынушыға айналатындығы. Әрине, бұл жағдай көпке созылмайды, десек те экономикаға әсер етпей қоймайды.

Жоғарыдағы аталғандардың барлығы қымбатшылықтың пайда болуына жеткілікті себеп екені рас. Дегенмен олар мәңгілік емес, уақытша ғана құбылыстар. Уақыты келгенде мұнайға сұраныс артып еліміздің жағдайы жақсарып, еңсесі тіктелер. Міне, сол кезде теңге де өз құнын жоғарылатып, құнды валюталардың біріне айналар. Ал әлемді шарпыған коронавирустың да емі табылып, кезіндегі оба, сүзек, шешек секілді тарихтың қойнауында қалар. Әрине, оның бәрі мүмкін нәрсе. Мұндағы қымбатшылықтың басты қозғаушы күші әрі тарих басталғалы бері өмір сүріп келе жатқан кесірлі нәрсе – атың өшкір ашкөздік пен ынсапсыздық. Онсызда кезі келгенде опырып қалуды ойлайтын құлқынның құлдары қай кезде де болғанын жақсы білеміз.

Нарықтық экономика деп аталатын капиталистік қоғамда бағаны базар нарқы реттейді әрі әркім өзі қалаған бағасын қоюға құқылы. Ашкөздік билеген пенделер 10 теңге тұратын затты үшін 100, тіпті 1000 теңге сұраудан ауыздары қисаймайды. Еш себепсіз бағаның уақыт өткен сайын аспандап өсуінің басты, негізгі және бірден-бір себебі де, міне, осы. Осындай еліміз жан-жақты қыспақта тұрған кезеңде базарға барып аралап қайтсаңыз ашкөздіктің көкесін бойына сіңірген пенделердің түр-түрін көрер едіңіз. Егер бұл қылығының себебін білмек болсаңыз доллардың көтерілгенін сылтауратар немесе басқа бір уәж айтар. Әйтеуір, өз істерін ақтап алары анық. Бүгінде қат болып тұрған азық-түліктер мен дәрі-дәрмектердің бағасының аспандап кетуінің астарында да осы бақай есеп жатыр. Яғни, біреудің қиындығынан пайда тауып, тәуелділігінен теңге жасау. Өзі не істерін білмей тұрған бейбаққа көмектесіп, жол сілтеудің орнына қалтасын қағуға дайын тұрған пайдакүнемдерді көргенде таң қалмасқа шараң жоқ.

Кезінде О.Сүлейменов «Адамға табын, жер енді» деп асқақ жыр жазды. Адам барша әлемді, табиғатты билейтін нағыз құдай да, құдайдан былай да емес тіршілік иесі дегенге бәріміз құлай сендік. Бірақ сол адам атты екі аяқты саналы пенде қазір нарық деп аталатын монстрдың табанының астында жан даусы шығып «ойбайлап» жатыр. Бес-алты жылда бір қайталанып отыратын ұстамалы ауру сияқты «дағдарыс» деген кесапат адамзатты табанына салып, әбден илейді. Оған қарсы қолданар шарасы жоқ, бейшара пенделер көкала қойдай болып таяқ жегеннен басқаға қауқарсыз.

2008-2009 жылдардағы әлемдік қаржы дағдарысында есеңгіреген біраз елдер әлі күнге содан естерін жия алмай отыр. Алпауыт АҚШ-тың өзін дағдарыс шаңырағын шайқалтып, біраз әбігерге түсірді.

Иә, ашкөздік – айықпас ауру. Барлығы өз басымен қайғы болып жатқанда қалтасының қамын ойлайтындардың қатары аз емес. Тіптен осыны пайдаланып ұрлық-қарлық, тонаушылық істейтін арсыздарда арасында төбе көрсетіп жатады. Қашанда қиындық пен сынақ барлық халықтардың басында болған. Тек намысы мен адалдығын алға қойып, ынсабы мен нәпсісін жеңе білгендер ғана ол қиындықтан аман-сау шыққанын қарт тарих талай дәлелдеген. Ендеше осы сынақтан да ашкөздіктің аранына жұтылмай, әділеттің ақ туын желбіреткенде ғана аман өте аларымыз анық.

 

Нұрсерік ТІЛЕУҚАБЫЛ

Коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау және оқшаулау шараларын күшейту мақсатында еліміздегі Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысы уақытша тоқтады. Мұндай тапсырманы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев берген болатын.

Бүгінгі таңда қазақстандықтарға мемлекеттік қызметтердің 80% «электрондық үкімет» порталы арқылы қолжетімді, сондай-ақ қажетті анықтамаларды eGov Mobile мобильдік қосымшасы және Telegram-дағы egovkzbot2.0 боты арқылы алуға болады.

ХҚО-ның тәжірибелі және арнайы оқудан өткен 1800-ден астам қызметкері, соның ішінде Алматы филиалының 50 қызметкері «1414» байланыс орталығының кеңес берушілерімен бірге азаматтарға мемлекеттік қызметтерді онлайн түрде алу бойынша көмек көрсететін болады.

Бір уақытта байланыс орталығының мамандары мыңнан астам азаматқа кеңес бере алады деп жоспарлануда. Байланыс орталықтары дүйсенбіден сенбіге дейін таңғы 9.00-ден кешкі 20.00-ге дейін жұмыс істейді. Қоңырау шалу тегін.

Бұдан бөлек, «Азаматтарға арналған үкіметтің» 200-ден астам қызметкері, оның ішінде Алматы қаласы филиалының 30 маманы бейнеқоңырау арқылы қызмет алушыларды мобильдік азаматтар базасында тіркейтін болады.

Сонымен қатар, Алматы филиалының 50 маманы қашықтан жұмыс істеп, азаматтарға ұялы телефон арқылы онлайн қызмет алуға көмектеседі. Бұл ретте, 21 наурызға дейін өтініш беріп үлгерген азаматтар қызметтердің дайын нәтижесін өзі өтініш берген ХҚО-ның құжат беру секторынан алып кете алады.

Көлікті қайта тіркеген немесе жүргізуші куәлігін онлайн түрде ауыстырған автокөлік иелері дайын құжаттар мен нөмірлерді өз қалаларындағы мамандандырылған ХҚО-дан ала алады, дайын құжаттарды беру терезесі жұмыс істейді.

Дайын құжаттарды беру терезелерінің жұмыс тәртібі: дүйсенбі-жұма 9.00-ден 17.00-ге дейін, сенбі сағат 9.00-ден 14.00-ге дейін.

«Азаматтарға арналған үкімет» қазақстандықтарға барлық санитарлық талаптарды орындап, үйден шықпауға кеңес береді және керекті мемлекеттік қызметтерді онлайн алуға шақырады.

Соңғы жаңалықтар

Қырқ 30, 2024

ПАРИЖСКОЕ СОГЛАШЕНИЕ И ПАРНИКОВЫЕ…

Изменение климата является одной из самых серьёзных угроз современности, и углеродные…
Қырқ 30, 2024

️ЭТНОМӘДЕНИ БІРЛЕСТІК ӨКІЛДЕРІМЕН…

Халықтық штаб мүшелері Б.Рахимов, Т.Ұзақов этномәдени бірлестік өкілдерімен кездесулері…
Қырқ 30, 2024

Бүгін Халықтық штаб өкілдері…

Ондағы мақсат – 6 қазанда өтетін атом электр стансасын салу бойынша референдумға қатысып,…
Қырқ 30, 2024

Энергетиканы дамытудың бір жолы- АЭС…

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп,…
Қырқ 30, 2024

Жас ақындар мен жазушылар арасында…

ЕРЕЖЕСІ1. Жалпы ережелер 1. «AMANAT» партиясының Алматы облыстық филиалы (бұдан әрі –…
Қырқ 30, 2024

АЭС салудың халықаралық тәжірибесі

Атом электр станцияларын (АЭС) салу және пайдалану – әлемдегі көптеген елдер үшін энергия…
Қырқ 30, 2024

Безопасность АЭС для Балхаша: мнение…

С ростом потребности в устойчивых источниках энергии Казахстан всерьез рассматривает…
Қырқ 30, 2024

Хайрушев: Если мы откажемся от АЭС,…

Вопрос строительства атомной электростанции в Казахстане поднимается с самого момента…

Күнтiзбе

« Қазан 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31      

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет