Жұма, 01 Қазан 2021 09:10

Алпыс ЕРМАҒАНБЕТОВ, марафоншы: Чемпиондарға құрмет көзінің тірісінде көрсетілсе...

Неге қарттарымыз зейнет демалысына шығысымен қоғам өмірінен қол үзіп, белсенділіктерін жояды? Неге қанша жылдық еңбектің, бейнеттің рахатын көрер жасқа жеткенде өз өмірлерін күнделікті күйбең тірлікпен шектеп, қазан-ошақтан ары аса алмай жатады? Неге қартттар өздеріне көңіл бөліп, саламатты өмір салтын ұстануға, жаңа дүниені танып-білуге талпынбайды? Иә, бұл сұрақтар көпшілігіміз үшін қарттықты сүреңсіз, шуақсыз, мән-мағынасыз кезеңдей көрсетеді. Ал білген адам үшін өмірдің кереметі көп-ақ. Тіпті зейнет жасына келгенде де қуанышы да, қызығы да толастамайды. Тек оны аңғара білу керек және оған қарай ұмтылу, қадам жасау маңызды.

Арыға бармай-ақ, ауданымыздың тұрғыны Алпыс Арықбайұлын айталық. Ол кісі 73-ке келгенінше жылына 30-40, тіпті кей жылдары 60 шақты марафон, жарыстарға қатысып, тек жүлделі орындар алып жүрген. Спортшы соңғы екі жылда пандемияға байланысты мұндай мүмкіндіктің болмай тұрғанын айтады.

Иә, бүгінгі кейіпкеріміз – мықты марафоншы, жеңіл атлетиканың ардагері, КСРО спорт шебері, Қазақстан Республикасының Құрметті спорт қайраткері, Еңбекшіқазақ ауданының Құрметті азаматы,1984 жылы Қарағанды мен Алматы марафондарының (42 км, 195 м) чемпионы, 1997 жылы Стамбулда өткен халықаралық Еуразия марафонының чемпионы, 1998 жылы және 2002 жылы Астана марафонының чемпионы, 2003 жылы 9 мамырда Қырғыз Республикасында өткен халықаралық «Жеңіс марафонының» чемпионы, 1997-2007 жылдары Қазақстан Республикасының жеңіл атлетикадан жазғы чемпионатында 5 шақырымға жүгіруден үш дүркін, 10 шақырымға жүгіруден төрт дүркін чемпионы, 2007 жылы Мәскеудің 860 жылдығы құрметіне өткен бүкіләлемдік марафон чемпионы... Бұл тізімді ары қарай жалғастыра беруге болады. Ал спортшының қоржынындағы тек медальдар санын есептесек, жүзден асып жығылады екен және оның біраз бөлігі – Алпыс аға 50-ден асқаннан кейін алған жүлделері. Мысалы, 2007 жылы Мәскеуде өткен бүкіләлемдік марафонға қатысқанда ағамыз 61 жаста екен. Ал бұл жаста марафон чемпионы болғаны былай тұрсын, оған қатысудың өзі үлкен ерлікке пара-пар. Өйткені ешкім чемпион болып тумайды. Чемпион қылатын – қажырлы еңбек пен өмірге деген керемет құлшыныс. «Жас келді», «Зейнетке шықтым» деген сылтауды ысырып қойып, тынымсыз еңбектеніп, шәкірт тәрбиелеп, өз біліктілігін де үнемі арттырып отыруды Алпыс аға әдетке айналдырған. «Менің әр таңым жүгірумен басталады. 26 шақырымға жүгіріп келіп, гимнастикалық жаттығуларымды жасаймын», – дейді спортшы. Осы орайда өзге қарттарымыздың саламатты өмір салтын ұстануға неге «ниетсіз» немесе қызығушылығы жоғын сұрадық.

– Бір жылдары Тайвань елінің Тайбей қаласында болдым. Терезеден қарап тұрсам, таңғы алтыда ана жер мына жерде өңкей қарттар оншақты адамнан жиналып, дене жаттығуларын жасап жатыр. Бәрі сергек, қимылдары шапшаң, ширақ, көңілдері көтеріңкі. Өмірге деген құлшыныс көздерінен көрінеді. Бұл – жасап жатқан жаттығуларының әсері, соның күші. Осы жаттығудың, қимыл-қозғалыстың, денені шынықтырудың арқасында жаңағы жандар ауру-сырқаудың не екенін білмейді, ұзақ өмір сүреді. Менің бір жақсы ұраным бар: «Күшті болғың келсе – жүгір, денің сау болсын десең – жүгір, ақылды болу үшін де – жүгір». Жүгірген адамның, дене жаттығуын жасаған адамның ойы сергек болады. Кез келген ақпаратты миына оңай құйып алып, оны оңай қорыта біледі. Әрі қимыл-қозғалысы да ширақ болады. Тиісінше, ол адамның жұмыс өнімділігі де әлдеқайда жоғары. Сондықтан спортқа түбегейлі бет бұрып кетпесек те, таңғы жаттығуларды жасап тұрудың, саламатты өмір салтын ұстанудың пайдасы көп. Өзім қатарластардың көбі қазір таяққа сүйеніп, белі мен буыны, тізесі мен аяғы ауырғанын айтып отырады. Құдайға шүкір, менің ондай ауруларым жоқ. Олардан, тіпті қазіргі 30 бен 50-дің арасындағы кейбір жастардан да тыңмын деп айта аламын. Оған түрлі турнир мен марафондар кезінде көзім жеткен де. Жаңа жоғарыда мысал ретінде Тайваньдағы қарттарды айттым. Олар таңғы алтыда жаттығу алаңында болуы үшін одан да ерте тұрады. Ал біздің халық ұйқысын қандырып алуды жөн көреді. Сондай-ақ жаттығуды таңертең ерте бастаған сияқты қарттықты күтпей, ерте жастан қолға алу керек. Деннің саулығы, қимыл-қозғалыстың ширақтығы – қартайып-қажығанда емес, соған жеткізбей, жас күніңде ойлайтын дүние.

– Иә, дұрыс айтасыз, жастық жалынын жөнімен пайдаланып, спортқа бет бұрған жастар қатары көп пе?

– Өкінішке қарай, қазіргі уақытта спортқа қызығушылық төмен. Бұрын біздің жас кезімізде олимпиада чемпиондары жайлы ақпарат көп таралатын, тіпті шағын кітапшалар да шығатын. Одан бөлек спорт, дене шынықтырудың денсаулыққа пайдасы туралы, қандай жаттығуды қалай жасау керектігі жайлы кітаптар да көп еді. Біз соларды оқып өстік. Жаңағы чемпиондарға қызығып, еліктедік. Ал қазір, меніңше, насихат аз. Халық елдің Туын көкке көтеріп, Әнұранын асқақтатып жүрген чемпиондарын, мықты спортшыларды танымайды, тіпті аттарын да естімеген. Арыға бармай-ақ қояйық, ауданымыздың спортшылары республикалық, халық-аралық үлкен жарыстарға қатысып, жүлдемен оралып жатыр. Бірақ жерлестері оларды білмейді. Яғни насихат жоқ. Егер сол спортшылар туралы газетке жазса, қоғамдық орындарда, көше бойында жылтылдап тұратын жарнамалар орнына баннерлерге спортшылардың аты-жөнін жазып, суретін ілсе, халық көріп-біліп жүретін еді. Жерлестерін мақтан тұтып, соларға еліктеп өсер еді. Өкінішке қарай, бізде спортшыларды өлгеннен кейін мақтауын асырып, төбесіне көтереді. Чемпиондарға құрмет өлгеннен кейін емес, көзінің тірісінде көрсетілсе, спортқа деген қызығушылық та, чемпион болуға деген талпыныс та артары сөзсіз. Спорт туралы халыққа айтып, оларды қызықтырмай тұрып, «Бізден чемпион шықпайды» деп ренжу орынсыз. Айтпақшы, сөздің реті келгенде айту – парыз, білім мен спорт саласындағы сыбайлас жемқорлық та спорттың алға жылжуына тұсау болып тұр. Дипломды да, спорт шебері атағын да сатып алған, спорттан хабары жоқ жандар чемпион дайындай алмайды. Солардың кесірінен ел спорты кенжелеп қала бермек. Бұған қоса, бізде спорттық база қалыптаспаған, қажетті құрал-жабдықтар, қарапайым жүгіруге арналған жолдардың жоғы рас. Ауданымызға бір жүзу бассейні-нің керектігі де – өзекті мәселе еді. Осыны айтып, облыс басшыларына ұсыныс жасаған едім. Бұл өтініштің орындалып жатқандығы қуантады.

– Нағыз күші тасып, құлшынысы артып тұрған талай жасты шаң қаптырып, марафондардың жүлдегері болып жүрсіз. 50-ден асқаннан кейін қатысқан марафондарыңыздың қайсысы қиындығымен есте қалды?

– 2003 жылы 9 мамырда Қырғыз Республикасында өткен халықаралық «Жеңіс марафонына» мен 57 жасымда қатыстым. Күн ыстық болды. Ал марафон таудың баурайында өтті. Жүгіретін жолымыз да біркелкі тегіс емес, біресе ылдилап төмен кетеміз, біресе өрге шығамыз. Мұндайда темпті бірқалыпты ұстау маңызды. 42 шақырым 195 метрді 2 сағат 20 минутта жүгіріп өтіп, чемпион атандым.

– «Чемпион» демекші, кеше ғана Алматы қаласының оныншы мерейтойлық марафонынан сіздің шәкірттеріңіз жүлдемен оралды.

– Иә, Есік қаласының балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жаттық-тырып жүрген шәкіртім 16 жастағы Даниил Евдокимов 10 шақырымға жүгіріп, 13 мың адам қатысқан жарыста 2-орын иеленсе, 60 жастағы шәкіртім Қайырболат Егеубаев 42 шақырым 195 метрді жүгіріп өтіп, күміс медаль иегері атанды.

– Жолыңызды жалғар жүлдегер шәкірттеріңіз көбейе берсін! Келе жатқан 75 жылдық мерейтойыңыз құтты болсын!

 

Сұхбаттасқан Құралай МҰРАТҚЫЗЫ.

Оқылды 2078 рет

Соңғы жаңалықтар

Нау 29, 2024

Көктерек қашан «ауыл» болады?

Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт…
Нау 29, 2024

Аудан әкімі тағайындалды

Кеше аудандық мәслихаттың кезектен тыс ХІХ сессиясында аудан әкімі лауазымынаТалғат…
Нау 29, 2024

Межелер пысықталып, жоспарлар…

Еңбекшіқазақ аудандық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының отырысы…
Нау 18, 2024

Құрылтай

Кешегі Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомат Тоқаев күн…
Нау 14, 2024

Түйінді түйіткілдер оң шешімін…

Жуырда аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы өтті. Отырыстың күн…
Нау 07, 2024

Аудан әкімінің міндетін атқарушы …

Ардақты ақ жаулықты аналар, аяулы арулар! Сіздерді 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні…
Ақп 22, 2024

Отбасы – тәрбие бастауы

Жақында Азат орталау мектебінде Рахат округінің аналар кеңесінің төрайымы Райхан…
Ақп 22, 2024

Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран

Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай Есік қаласында ауқымды…

Күнтiзбе

« Наурыз 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30 31

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет