Азаматтық қорғаныс саласының қызметкерлері – құтқарушылар жайлы көп айта бермейміз. Ел тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін өз басын бәске тігіп, талай жанның өмірін лапылдаған оттан да, жан-жағын жайпаған қызыл судан да аман алып қалатын құтқарушылардың еңбегі ерен. Төтенше жағдай орын алғанда алғашқы көмекті көрсетушілер де – құтқарушылар. Сондықтан халық жүрек жұтқан жандар – құтқарушылар жайлы көбірек білуі керек-ақ. Осыған орай мереке қарсаңында Есік қаласындағы №6 өрт сөндіру бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау майоры Азамат Әлғожаевпен кездесіп, өрт сөндірушілер туралы көбірек білуге тырыстық.
– Бұл қызметке қалай келдіңіз? Жалпы, өрт сөндіруші мамандығын таңдауыңызға не себеп?
– Азаматтық қорғау саласына аяқ астынан келе салған жоқпын. Бұл – менің бала күнгі арманым. Оқушы кезімізде көршіміздің үйі өртеніп, өрт сөндірушілер келді. Бала болсақ та, оларға барымызша көмектестік. Сол кезде өрт сөндірушілердің үлкен ерлігін көріп, бұл мамандыққа қатты қызықтым. Олар лапылдаған қызыл оттан адамдардың өмірін аман алып қалды. Өртті жылдам сөндіріп, жалынның жан-жағын шарпуына жол бермеді. Сол оқиғадан кейін менің бала түйсігімде өрт сөндірушілер – нағыз қаһарман, ер жүрек, құтқарушы жандар деген ой қалыптасты және ер жеткенде мен де солар секілді боламын деген арман-мақсат болды. Сол арманмен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою бойынша еліміздегі бірден-бір институт – Көкшетау қаласында орналасқан Мәлік Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясына оқуға түсіп, сонда білім алдым. Ол жерде төтен-ше жағдайда азаматтарға қалай көмектесу керектігі, өртті дұрыс сөндіру, авариялық құтқару жұмыстарын, іздестіру жұмыстарын тиімді жүргізу және азаматтық қорғанысқа қатысты өзге де қажетті мол ақпарат алып, бұл саланың қыр-сырымен толыққанды таныстым. Академияда алған бар білімімді бүгінде тәжірибеде пайдаланып келемін. Есік қаласындағы №6 өрт сөндіру бөліміне 2013 жылы жұмысқа орналасып, қарауыл бастығы, өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары қызметтерін атқардым.
– Алғашқы жұмыс күніңіз есіңізде ме? Қиындықтан қорыққан жоқсыз ба?
– Алғашқы жұмыс күніміз академия қабырғасында оқып жүрген кезімізден басталды. Сол кезде-ақ өрт оқиғасы тіркелген аумақта жұмыс істеп, тәжірибе жинақтадық. Ал бұл салаға саналы түрде келгендіктен оның қорқынышы мен қиындығына алдын ала дайын болдым. Әрине, әр мамандықтың өз қызығы мен шыжығы бар ғой. Ал азаматтық қорғаныс саласында қызық пен қиындыққа қоса, қорқыныш пен батырлық, аяныш, мүсіркеу мен мақтаныш сынды сезімдер бірімен-бірі қатар жүретін секілді. Тіпті мұның бәрі жүрегіңде бір сәтте бірге тулап жатады. Лапылдаған жалынды көргенде онда қалған адамдарды ойлап қорқасың, тілсіз жауды ауыздықтағанда бойыңды қуаныш кернесе, үйі өртенген жандарға қарап, жүрегің ауырып, жабырқап қаласың. Иә, материалдық құндылық табылар, дегенмен, өртенген үймен бірге ол адамның естелігі де, кейбір армандары да күлге айналғандай көрінеді. Адамдардың осынау халін көру жүрекке өте ауыр тиеді. Әрине, біз үшін адам өмірі маңызды, одан бөлек материалдық шығынның мейлінше аз болуы үшін барынша тырысамыз. Өйткені өрттің адамдардың өмірі мен денсаулығына ғана емес, материалдық құндылықтарымен қоса психологиясына да тигізер зиянын жақсы білеміз.
– Өрт сөндірушіге қойылатын негізгі талаптар қандай?
– Өртке қарсы қызметке жасы 18-ге толған және 35 жастан аспаған Қазақстан Рес-публикасының азаматтары қабылданады. Оларға қойылатын талаптар мынандай: медициналық, психологиялық тексеруден өту, денсаулығының мықты болуы, шымыр денелі, ақыл-ойының дұрыс дамуы. Өрт сөндірушінің ел алдындағы анты – адалдық, жауапкершілік, аянбай еңбек ету.
– Ауданда жыл басынан бері неше өрт оқиғасы тіркелді? Қанша адамды тілсіз жаудан құтқара алдыңыздар?
– Былтырғы статистикамен салыстырғанда биыл өрт саны әлдеқайда азайды. Оның бірден-бір себебі – былтырғы пандемия тұрғындармен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуге, жылыту маусымына орай атқарылатын іс-шараларды орындауға мүмкіндік бермеп еді. Осы жылы өрттің алдын алу жұмыстарын жетілдіріп, жандандыра түстік. Дегенмен, жыл басынан бері ауданда 80 өрт оқиғасы тіркелді. Бұдан бөлек, 21 авариялық құтқару жұмыстары жүргізіліп, өртке жатпайтын 183 жану жағдайы тіркелді. Яғни адамдарға ешқандай материалдық шығын әкелмеген электр сымдарының қысқа тұйықталуы, қоқыстың жануы, үйдің түтіндеуі, т.с.с.. Биыл өрт салдарынан адам шығыны жоқ. Жыл басынан бері өрттен құтқарылған тұрғындар саны – 25, оның 12-сі – балалар.
– Өрт болған жерге жылдам жету маңызды. Осы орайда қандай кедергілер бар?
– Әрине, бұл өте маңызды. Өрт болған орынға біз қаншалық тез жетсек, қауіптің алдын алу мүмкіндігіміз де соншалық артады. Мұнда адам өмірі, одан бөлек материалдық шығын да барын ескеру керек. Сондықтан әр секундтың үлкен рөл ойнайтынын жақсы түсінеміз. Дегенмен, мұны көпшілік ескере бермейді. Жолда біздің қызметтік көліктерге жол бермейтін жүргізушілер кездеседі. Сондықтан аудандық ішкі істер басқармасымен бірігіп, профилактикалық-алдын алу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.
– Құтқарушылар өрт болған орынға қанша уақыттың ішінде шығады?
– Нормативтік құжатқа сәйкес, өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері арнайы киім-жарақтарын киіп, өрт сөндіру автокөліктерімен өрт орнына бір минуттың ішінде шығады.
– Оқыс жағдай орын алғанда бірден аттануға Есік қаласы №6 өрт сөндіру бөлімінде қанша қызметкер мен техника дайын тұрады? Жалпы, бөлімнің қызметкерлер құрамы мен техникалық базасы қандай?
– Есік қаласындағы №6 өрт сөндіру бөлімінде қазіргі уақытта 39 қызметкер жұмыс істейді. Бөлім 7 өрт сөндіру автокөлігімен қамтылған. Оның төртеуі негізгі өрт сөндіруге арналған, екеуі – арнайы өрт сөндіру автокөлігі, біреуі – көмекші өрт сөндіру көлігі. Өрт сөндіру мен авариялық құтқару қызметіне бөлімде күнделікті 7 қызметкер кезекшілікке түседі және 2 автокөлік кезекшілікте дайын тұрады. Қалған қызметкерлер де, техника да резервте болады. Үлкен, ауқымды өрт болған жағдайда барлық жеке құрам жұмысқа 100 пайыз жұмылдырылады. Қосымша күш керек болған жағдайда Шелектен, сондай-ақ Талғар, Қарасай аудандарынан құтқарушылар көмекке келеді.
– Өрттің алдын алу мақсатында қандай іс-шаралар атқарылады? Тұрғындарға айтар кеңесіңіз қандай?
– Есік қаласындағы №6 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері өрттің алдын алу мақсатында тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын үнемі жүргізеді. Ауылдық округ әкімдіктерінің мамандары, саяжай бірлестіктерінің төрағаларымен бірлесе жұмыс істейміз. Әсіресе, жылыту маусымына қарай үй-үйді аралап, өрттің қаупі, оның алдын алу шаралары, пештің дұрыс-бұрыстығы, түтінге улану қаупі – бәрі-бәрі айтылады. Құрметті тұрғындар, өрт болған жағдайда бірден 101 номеріне қоңырау шалып, хабарласыңыздар! Өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтаңыздар!
Сұхбаттасқан
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ.