Жастарды спортқа баулып өсірудің негізгі мақсаты – дені сау ұрпақ қалыптастыру. Осы орайда, мемлекетіміз спорт саласын назардан тыс қалдырған емес. Сәйкесінше спортшыларымыз да биік белестерді бағындырып, әлемдік додаларда Гимнімізді шырқап, көк байрағымызды желбіретіп жүр. Спорт мерекесі қарсаңында бокстан халықаралық дәрежедегі төреші, Алматы облысы төрешілер корпусының төрағасы, облыстық әуесқой және кәсіпқой бокс федерациясы ҚБ президентінің орынбасары, ҚР төрешілер корпусының мүшесі Тілек Манаппен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Өзіңіз жайлы айтсаңыз, спортпен қанша уақыттан бері шұғылданасыз?
– Қазіргі атауымен атасам, Өрікті ауылында өскенмін. 5 сыныпта оқып жүргенімде 2000 жылы Сидней Олимпиадасында қазақ спортшылары бокстан топ жарып, алтын алғанын білеміз. Сол Олимпиададағы оқиғалар мені қанаттандырып, боксқа деген қызығушылығымды оятты. 5 сыныптан бастап Есік қаласындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде, иманы саламат болсын, Станислав Балтабекұлы ағайымыздан тәлім алдым. Бала күннен облыстық, республикалық турнирлерге тұрақты түрде қатысып жүрдік. Қосымша «муай тай» деген жекпе жек түрімен де шұғылдандым, ол спорттан да біршама жетістіктерім бар.
– Төрешілікке қашан бет бұрдыңыз?
– 2006 жылы Алматы спорт және туризм академиясына түсіп, оқуымды 2010 жылы аяқтадым. 2011 жылы магистратураға тапсырып, өзімді өсірген Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне жұмысқа орналастым. Бокс бәсекесіне шәкірттерімізді қатыстыру үшін, әр мектептен төреші болуға тиіс деген талап болатын. 2012 жылы оқуымды аяқтап, қызмет орнымда бапкерлікпен қоса төрешілікті де қолға алдым. Сол жылы «Болашақ» бағдарламасының аясында сын тапсырып, Сочи қаласында Ресей мемлекеттік олимпиадалық университетінің грантына іліктім. Қазақстан бойынша 10 студенттің бірі болып, сол жақта білім алудың сәті түсті. 2014 жылы елге оралып республикалық бокстан даярлау орталығына қызметке орналастым. Сол жерде қыздар құрама командасында 2-ші бапкер болып жұмыс істедім. Шетелге жарыстарға шығып жүрдік, мен жарыстарда төрелік ететінмін.
– Спортшының өміріндегі маңызды сәтке төреші болу да оңай емес. Төреші болудың қиындықтарына тоқталсаңыз.
– Әрине, төреші болу өте ауыр жұмыс. Бастапқыда онша түсінбей, сырттай жеңіл қарайтынмын. Нақты айналысқалы небір даулы жағдайларға бетпе-бет келетін сындарға жолығасың. Және көрермендер тарапынан келетін қысым да әуре қылмай қоймайды. Бұл қызмет төрелік етіп тұрған жекпе-жегіңді өте мұқият бақылап, жауапкершілікпен қарауды талап етеді. «Тура биде туған жоқ» дегендей ережеге сәйкес жеңімпазды әділ анықтасаң жүзің жарық болады, ал керісінше болса, қадірің қалмайды.
– Бүгінгі таңда бокстан бапкер болып жүргеніңіз бізге мәлім. «Ұстаздан шәкірт озар» дейді дана қазақ. Өкшеңізді басып келе жатқан шәкірттеріңіздің жетістіктерімен бөлісіп өтсеңіз.
– Мен бапкер болып жұмысқа орналасқан жылдары елімізде қыздар боксы қарқын ала бастаған болатын. Төреші болып көп жарысқа кеткенімізбен, берілетін сағатымыз болады. Ұжымдастарымыз ақылдаса келе маған қыздар құрамасын жаттықтыруды табыстады. Боксқа келген қыздар үмітімізді ақтады. Талай байрақты бәсекелерде топ жарды. 2014 жылы Орал қаласында өткен республикалық жарыста Меруерт есімді шәкіртім күміс алса, Надира қызымыз аса ауыр салмақта Қазақстан чемпионы атанды. Айта кетейін, өзім де әмбебап жекпе-жекпен айналысып жүрмін, жақында Қазақстан чемпионы атандым. Надира шәкіртім де осы спортты қосымша алып жүр. Өзбекстанда өткен байрақты бәсекеде әлем чемпионы атанды. Бұл еліміз үшін елеулі оқиға, қыз баланың әмбебап жекпе-жектен әлемдік бәсекеде топ жаруы.
– Қыз баланың бокспен, басқа да жекпе-жек түрлерімен айналысуын құп көрмейтін жандар көп. Осы мәндегі пікірлерді де жиі естиміз. Өз көзқарасыңыз қалай осыған?
– Иә, «қыз баланың бокспен шұғылдануы біздің менталитемізге жат дүние» деген пікірлерін білдіретін жандар жиі кездесіп жатады. Тағылымды тарихымызға үңілсек, қазақ жаужүрек, батыр халық. Сол қиын-қыстау заманда атқа қонған қазақ қыздары аз болмаған. Ұлы Отан соғысында елі үшін жанын қиған Әлия, Мәншүк, Хиуаз апаларымызды ғана атап жатамыз, негізінде сол қыздармен терезесі тең қаншама батыр қыздарымыздың аты аталмай қалғаны да өкінішті. Яғни, бұл біздің қанымызда бар нәрсе болғандықтан, әлі де талай спортшы қыздарымыз шығатыны анық. Жалпы өз басым нәзік жанды аруларымыздың бокспен немесе осы секілді спорт түрімен айналысқанына қарсы емеспін. Спортқа жақын қыз баласы өзі қалаған спортымен айналысқаны дұрыс деп ойлаймын.
– Жаттығуда, жарыста ұлдарға дөрекі сөйлеуге болатыны белгілі. Бұл жағынан қыз баласына келгенде басқаша шығар.
– Әрине, ұл мен қызды тәрбиелеп, баптауда үлкен айырмашылық бар. Ұл баланы ұрысып та, нұқып та аласың. Қыз бала сезімтал болғандықтан, дөрекілік таныта алмайсың. Қыз балаға мейірімділік танытып жаттықтырасың, жетіліп қалыптасқан соң жаттығу тәсілдері де бір арнаға түседі.
– Кәсіби спортшы әрі бапкер болғандықтан көптің көкейінде жүрген сұраққа жауап бере кетсеңіз. Бала күннен бокспен, күреспен жалпы жекпе-жек спортымен жақсы шұғылданған талантты балалардың арасынан көшенің бұзақысы, қылмысқа жақын, айналасына қысым көрсетуге әуес азаматтар көп шығатынын мойындайтын шығарсыз. Осы тұрғыда балаларды спортқа баулып қана қоймай, түзу жүру керектігін қаншалықты үйретесіз?
– Сұрағыңыз орынды, бұл мәселе бәрімізді үнемі алаңдатады. Жан-тәніңмен баулыған шәкірттеріңнің жаман аты шыққанын ешбір бапкер қаламайтыны анық. Баланың жетілуіне отбасымен қатар қоршаған ортасының да әсері көп. Әр жаттығу сайын жасөспірімдерге өзінің қабілеттерін жарыста ғана көрсетуді, көшеде жүріп төбелеске жоламау керегін барынша түсіндіреміз. Үлгі қылатын үлкендерімізді, спортшыларымыздың істерін мақтанышпен насихаттап, өмірден солар секілді өз орнын табу басты қағида екенін ескертуден жалыққан емеспін.
– Жасөспірімдердің спортқа деген қызығушылығы қалай?
– Қала мен ауылдың балаларын салыстыратын болсақ, айырмашылығы жер мен көктей. Ауылдық жерлерде спортзалдың жоқтығы өзекті мәселеге айналғаны жасырын емес. Бұқаралық спортты дамыту керектігін жиі естиміз, бірақ жүзеге асып жатқан жұмыстар сирек. Жастардың қызығушылығы жоғары болғанымен, ауылдарда олар үшін жағдай жасалмай жатқаны өкінішті. Әсерінен небір таланттар осылай жойылады.
– Өмірлік ұстанымыңыз қандай?
– Өмірге келген соң, Аллаға шүкір, білім алдық, енді сол білгенімізді қаракөздерімізге үйрету – менің негізгі мақсатым. Мен жете алмаған биіктерге шәкірттерімнің жеткенін қалаймын және сол үшін талмай еңбек етудеміз.
– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет. Мерекеңіз құтты болсын!
Тілдескен Ринат НАРХАНОВ.