Жұма, 25 Қараша 2022 10:57

Қазақы өнердің өрені болған Тоқтасын

Қазаққа ғана тән бабаларымыздың мағынасы терең сөздерін жаңғырту мақсатында еліміздің сан өлкесінен жыршы-термешілер мектептері ашылуда. Жуырда Қаракемер ауылдық мәдениет үйінде дәл осындай игілікті іс атқарылды. Бұл біздің аудандағы жыршы-термешілердің тұңғыш отауы десек те болады. Аталған үйірмеге қазақтың ұлттық өнері үшін аянбай тер төккен, сазгер, жыршы, «Ел ардақтысы», «Мәдениет майталманы» медальдарының иегері Тоқтасын Әбілезұлының аты берілді.

Айтулы шараға Тоқтасындай дара таланттың көзін көрген замандастары, өнер саңлақтары қатысты. Мереке басында қонақтарға мәдениет үйінің тыныс-тіршілігі таныстырылды Дәркембай Шоқпарұлы атындағы музеймен бірлескен ұлттық нақыштағы көрме тамашаланды. Үйірме бөлмесінің лентасы қиылып, қуанышты сәттің шашуы шашылды. Дәстүрлі әншілердің жырлары шырқалды.

Салтанатты кеш мәдениет үйінің концерт залында жалғасты. Құттықтау сөз сөйлеген облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бас маманы Нұрғали Әшір, ҚР Мәдениет қайраткері Балтабай Ибраев, жыршы, ақын Серік Сүйіндікұлы сынды мәртебелі меймандар өнер мектебінің ғибраты туралы кеңінен әңгімеледі.

Мәдени шараға қатысушылар өнер мектебіне есімі берілген Тоқтасын Әбілезұлының өмірбаянынан сыр шертетін бейнекөрініс тамашалады. Ол кісі – Кеген ауданы Кеңбұлақ өлкесінің тумасы. Әкесі Әбілез сегіз қырлы, бір сырлы жан болған екен. Сол қасиет баласына да дарыған. Өнер десе ішкен асын жерге қойған Тоқтасын ағамыз – қисса, дастан, ән-күйлерді орындағанда тыңдаушыны таңғалдырған. Музыкалық аспаптардың құлағында ойнаған. 1970 жылы Эстония астанасы Таллинде өткен халықаралық фестивальде лауреат атанады. Тоқтасынның алдыға қойған мақсаттары көп еді. Бірақ отау құрғанына екі күн толғанда тағдыры күрт өзгерді. Рудниктегі шахтада апат орын алып, ол топырақ үйіндісінің астында қалады. Екі жыл аурухана төсегіне таңылып, беті әрең дегенде бері қарайды. Тағдырдың небір ауыртпалығын көрсе де, мойығанды білген жоқ, бәрін жеңе білді. Тоқтасынның айтқан әндерін ел-жұрт әлі күнге дейін сағынады.

– Мен Тоқаңның қасында 35 жыл бойы бірге жүрдім. Ол тума талант еді. Музыкалық білім алмаса да төрткүл дүниенің әнін салған, күйін шерткен. Ұлттық аспаптардың барлық түрін меңгерген өнерпаз еді.

Өнер мектебіне ағамыздың есімі беріліп, қуанышты сәттің куәсі болып отырмыз. Бұл жерден тәлім алып, өнер қуған жастардың арасынан Тоқтасындай таланттар көптеп шығатынына кәміл сенемін, – деді ардагерлерден құралған «Мәдениет саңлақтары» ұйымының төрағасы Балтабай Ибраев. Аталған ұйымның атынан Тоқтасын ағамыздың жан-жары болған Оразбике Әбілезоваға алғыс айтылып, сыйлық ұсынылды.

Серік Сүйіндікұлы: «Жыр-терме» десек, Сыр өңірі мен батысқа ғана тән өнер секілді көзқарас қалыптасып қалды. Себебі ол аймақтарда жыр-термені насихаттау, үйрету бір жолға қойылған. Негізінен Жетісудың да әйгілі, Сүйінбай, Жамбыл, Құлманбет, Көдектерден қалыптасқан Оразалыға дейін жалғасқан жыр мектебі бар. Соны жаңғырту жағы тұралап қалғаны өкінішті.

Жыр-терме үйірмесіне қатысқан баланың тіл байлығы, ой-өрісі, парасаттылығы мықты болады. Баланың кемелді болып, жан-жақты жетілуіне үлкен ықпал етеді», – деген ойын жеткізді.

Кеште қазақ өнеріне еңбегі сіңген қайраткер Асқар Наймантай, ақын Шаяхмет Құсайын, Қаракемер мәдениет үйінің директоры Арайлым Мамырбекова сөз алып, ойларын ортаға салды. Ақындар Даубай Әбдісай мен Нұргелді Қожан айтыстың көрігін қыздырып, айтулы бастамаға отты жырларын арнады. Тоқтасын Әбілезұлының туындыларын, шырқаған әндерін Шәмшия Ахметова, Арайлым Мамырбекова, Айбек Мұхамедәлі, Нұртас Қайратұлы, Ұлан Қали сынды шоқтығы биік әншілер нақышына келтіріп орындады.

Қаракемер мәдениет үйі – нағыз өнер ордасы. Ұжымның мықтылығының арқасында көптеген жетістіктерге қол жеткізгені елге аян. Осы күнге дейін 15 үйірме жұмыс істеген болса, оған жыр-терме мектебі де қосылды. Салиқалы кешке жиналған көпшілік өнерлі ұрпақ көбейе берсін деген тілектерін білдірді.

Ринат НАРХАНОВ.

Оқылды 1080 рет
Осы категориядағы басқа материалдар: « Балалар жылына ғажайып тарту Байқау сабағы өткізілді »

Соңғы жаңалықтар

Қаң 24, 2026

Конституциялық реформа жөніндегі…

Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның алғашқы отырысында Конституциялық Сот…
Қаң 24, 2026

Бүгін Конституциялық реформалар…

Іс-шара әлеуметтік желідегі ресми парақшаларда: ?consot_kz ?constcouncil.kz…
Қаң 24, 2026

Сегодня состоится первое заседание…

Мероприятие будет транслироваться в прямом эфире на официальных страницах в социальных…
Қаң 22, 2026

Отан жолында опат болған жеті…

Әлемде қиындық пен қасіретті, қорлық пен қиянатты көп көрген екі ұлт болса соның бірі –…
Қаң 22, 2026

Спортивные достижения юных …

Второй год работает в селе Байтерек детский футбольный клуб АL* stars. Занимаются в нём…
Қаң 22, 2026

Жас әртістер қойылымы

Ақбастау орта мектебінде «Бастауыш» әдістемелік бірлестігінің «Ертегілер елінде» оқу…
Қаң 22, 2026

Зорлық-зомбылықсыз балалық шақ

Балалық шақ… Бұл сөзді естігенде көз алдымызға күннің жұмсақ сәулесіне шағылысқан, асыр…
Қаң 22, 2026

Отбасы мен бала тәрбиесіне көңіл…

Отбасы – мейірім мен махаббат мекені әрі кішкентай періштелердің қауіпсіз, жылы орны.…
Қаң 22, 2026

Рух пен сөз күші

Алланың маған берген ерекше дарыны мені шығармашылыққа ерте жастан жетеледі. Бала…

Күнтiзбе

« Қаңтар 2026 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30 31  

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет