Бейсенбі, 04 Тамыз 2016 14:23

Баһадүр бабалар рухына мың тағзым!

«Тарихта біз ұялатын ештеңе жоқ» деген еді Елбасымыз. Расында да солай, біз – тағдырымызды тасқа қашап қалдырған елміз. Білегінің күші алтын, найзасының ұшы алтын баһадүр бабаларым Ұлы дала елін жаудан аман сақтау жолында талай жойқын жорықтар жасады. Ымырасыз шайқастарға шықты. Оған дәлел, керегесін Керей мен Жәнібек қалаған 550 жылдағы қазақ халқының басынан өткен небір күнгейлі күндер мен теріскейлі түндер. Иә, шындығы да сол, бірде бағымыз үстем болса, енді бірде басымыз бұғауда, бармағымыз шайнауда қалды. Отаршылдық дәуіріндегі Алтай мен Атыраудың, Арқа мен Алатаудың арасындағы арпалыстар қаншама. Патшалық Ресейдің 1916 жылғы бірінші дүниежүзілік соғысты желеу етіп, әділетсіз жасаған әскери бағытқа қарсы шыққан көтеріліс Орта Азияны түгелдей қамтыды. «Берсек бала өледі, бермесек шал өледі, бала өлгенше шал өлсін» деп ұран тастаған Ұзақ батыр мен Жәмеңке би ерлігі де жадымызда. Батыс пен шығысты тоқайластырған, ұлы Жібек жолы бойындағы ең ірі сауда орталығы болған жәрмеңке бір-ақ сәтте қанның қазанына айналды. Сол Қарқара қасіретінің жалыны шарпымаған, ошағы ортасына түспеген отбасы бұл өмірде некен-саяқ. Бас көтерер тұлғаның бәрі атылды, аңыраған ана, шыңғырған бала даусынан даланың дегбірі қашты. Ол аз десеңіз, тас жас-танып, тау жамылған жетім ұл мен жесір ана ашаршылыққа ұшырады. Сонау Ереуілтөбеде босқаны бар, қашқаны бар 35 мың адам құрбан болды деген дерек те тарихта таңбаланып қалды. Нәубет жылдардың жаңғырығын Мұхтар Әуезов «Қилы заманға» сыйдырды. Ғасырды артқа тастаған сол қасіретті күндердің өткеніне де міне, 100 жыл толыпты. Қарт тарихтың қойнауына Қарқара көтерілісі деп енген осынау сұрапыл жылдардан біз тек сабақ аламыз. Бабаларымыздың ерен ерлігімен сусындаймыз. Өсер елдің өркендері жақында Қарқарада бас қосты. Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың қолдауымен Алатаудың төрінде, Райымбектің жерінде, Ереуілтөбенің белінде жүзеге асқан іс-шаралар топтамасы ауыз толтырып айтарлық. Бастамасы, Нарынқол-Қарқара жол айырымындағы «Тарихқа тағзым» мемориалды кешенінің ашылуы болды.

 

Жер жәннатының төріне 2339-шы боп енген тарихи кешеннің ашылуына Алматы облысы әкімінің орынбасары Бақтияр Өнербаев, Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімов, грек-рим күресінен тұңғыш олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, қазақ театр өнерінің көрнекті өкілі, профессор Есмұхан Обаев, белгілі жазушы Бексұлтан Нұржекеев, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Жанарбек Әшімжан қатысты. Алғаш сөз алған Бақтияр Әлтайұлы:

– Елдік, отансүйгіштік сезімдер ең алдымен туған өлкеңе тағзым етуден, құрметтеуден, өскелең ұрпағыңа рухани қолдау көрсетуден бастау алады. «Қарқара-Ереуіл»  қорының  бас-тамасымен салынған бұл тарихи ескерткіш тәуелсіздікке талпынған бабаларымыздың рухына құрмет деп білеміз. Авторлар ескерткішке тарихтың сан саласын сыйзғыза білді, – дей келе облыс әкімінің ыстық ықыласын көпшілікке жеткізді. Мемориалдың маңызыдылығы жөнінде кеңінен ой толғаған Қазақстанның халық әртісі, қазақ театр және кино өнерінің жарық жұлдызы Асанәлі Әшімов:

– Қазақ елі ұлы халық. Бұлай дейтінім, қаншама қандыкөз дұшпандарымыз оңнан да, солдан да пышақ салды. Мың өліп, мың тірілген қазағым енді мәңгі жасайды. Ұлы елдің ұлдары өсіп-өніңдер, – деп ақ батасын берді. Ал Қазақстанның халық әртісі, мемлекеттік сыйлықтың иегері Есмұхан Обаев:

– Қарқарада опат болғандар тәуелсіздіктің бастаушылары. Осындай батырларымызға қарап батыр ұрпақ өсті, өнді. Бүгін біздің ел болғанымыз – осы азаматтардың арқасы. Таудың етегіндегі осындай батырлардың ұрпағы аман болыңыздар! Парызды болмайық, қарызды болмайық, бастысы адам болайық, – деді тереңнен ой толғап.

Игі істің ұйымдастырушысы болған «Қарқара-Ереуіл» қоғамдық қорының төрағасы Жанболат Жөргенбаев Қарқара көтерілісінің 100 жылдығына орай құрылған қор жұмысымен таныс-тырды:

– Аталған қор Ереуілтөбе ескерткішін жөндеуден өткізу және айналасындағы 16 гектар жерге саябақ орнату, мәдени-ұлттық шаралар өтетін жерге жол салумен қатар Атшабар алаңын, аудандағы орталық мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізу, ескерткіш орнату, көптомдық кітаптар, СD үнтастапаларын шығару, халықаралық ғылыми конференция өткізу жұмыстарын ұйымдастырумен айналысты. Дегенмен, игі шаралар Алматы облысының әкімі Амандық Ғаббасұлының қолдауымен туған елдің тарихына бей-жай қарай алмайтын азаматтардың ұйытқы болуымен іске асты.

Ел ағаларының құттықтауынан кейін мемориалдың салтанатты лентасын қию рәсімі өтті. Жоғарыда аты аталған азаматтар мен ауыл ақсақалдары лента қию құрметіне ие болды. Кейіннен Алматы облысының құрметті азаматы Райымбек аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Совет Оразаев бата берді.

Жиылған жұрт кешеннің ашылуынан кейін жаңа төселген асфальт жолмен Ереуілтөбеге жол тартты. Кезінде сауда-саттықтың орталығына айналған жәрмеңке орналасқан жерге барып, 1916-да опат болған ата-бабалар әруағына тәу етті, құран оқыды.

Салтанатты жиын Қарқара жазығында жалғасты. Онда белгілі журналист Жанарбек Әшімжан, ҚР халық әртісі Алтынбек Қоразбаев, Ақтөбе облыстық газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажан, Райымбек ауданының әкімі Жанат Тәжиев сөз сөйледі. Кейіннен Сүйінбай атындағы алматы облыстық филормониясының концерттік бағдарламасы көпшілік назарына ұсынылды.

Түс ауа Мыңжылқы жайлауын-дағы атшабарда ұлттық ат спорты түрлерінен және қазақ күресінен ашық облыстық жарыстар өтті.

Айтып өтейік, шекаралас ауданның алқалы жиынында ауданымыздың әкімі Бинәлі Ысқақ бастаған арнайы делегация болды. Сонымен қатар жайлауына бірқатар қазақ үйлер тігіп,  көршілестердің еншісін ала барды.

Шыны керек, ұлт-азаттық көтеріліс еліміздің түпкір-түпкірін шарпыды. Бірақ, тарихқа тағзым жасауды бірінші боп Жетісу өлкесі қолға алды. Бұның өзі мақтауға тұрарлық жайт. Осыған орай Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен 7 томдық тарихи кітап жарыққа шықты. Оны құрастырған ҚР Парламенті сенатының депутаты, Қазақстан жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин. Жеті томға белгілі тарихшыларымыздың, сонымен қатар М.Әуезовтың «Қилы заман» повесі, Бексұлтан Нұржекеевтің «Әй, дүние-ай» жаңа романы енгізілген. Мұның өзі қарт тарих алдындағы ұрпақтар міндетінің бір парасының орындалғанын айғақтайды.

Түйінінде айтарымыз, тарихқа тағзым жасаған осынау шара сәулелі сәттер болып өткен күннің қойнауына ене берді. Бастысы, ел іші даудан, сырты жаудан аман болсын деп тілейік!

Қайнар ЖҰМАҒОЖА.

Оқылды 3456 рет

Соңғы жаңалықтар

Қырқ 28, 2024

АЭС – объективті қажеттілік

АЭС — электр энергиясын экологиялық таза жолмен өндірудің бір түрі. Ядролық энергия…
Қырқ 27, 2024

о проведении республиканского…

г.Қонаев – 2024 год 1. Общие положения 1.1. Настоящее положение определяет порядок…
Қырқ 27, 2024

Республикалық конкурс өткізу туралы …

Қонаев қаласы – 2024 жыл 1. Жалпы ережелер 1.1. Осы ереже «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы…
Қырқ 27, 2024

Сарапшы: Қоғамдық мәселелерге…

Ел тұрғындарының энергетика саласындағы мәселелерге қатысты пікірі қалыптасып, саяси…
Қырқ 27, 2024

АЭС салуды қолдау штабының өкілдері…

Атом электр станциясын салуды қолдау жөніндегі Халық штабының өкілдері ақтөбеліктермен…
Қырқ 27, 2024

Члены Народного штаба за…

В регионе продолжилась работа Народного штаба за строительство АЭС. Депутаты, эксперты и…
Қырқ 27, 2024

АЭС-тен көмірқышқыл газы да, күл де…

ҚР Ұлттық Ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев АЭС экологиялық таза…
Қырқ 27, 2024

Халықтық штаб: Атом электр…

Ақылбек Күрішбаев АЭС экологиялық таза энергияның сенімді көзі ретінде маңызды рөл…
Қырқ 27, 2024

АЭС салуды қолдау жөніндегі халықтық…

АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабтың жұмысы бүгін Ақтөбе облысында жалғасты.…

Күнтiзбе

« Қыркүйек 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30            

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет