Сәрсенбі, 18 Наурыз 2020 09:40

Малшылар мәселесі – мемлекет мәселесі

«Медицина – адамды емдейді, ветеринария – адамзатты емдейді». Жылдар жылжып жатса да осынау тәмсіл өз күшін жойған жоқ. Әсіресе, төрт-түлігін тынысындай, бақ-береке ырысындай көретін қазақ үшін бұл сала өмірлікке өзек байлағанмен тең. Осы салаға тұтас тағдырын арнап, аудан ауылшаруашылығының дамуы жолында қара сорпа болған ел ағасы Сайлаубай Темешев 70 жасқа толды. Мерейлі туған күні қарсаңында арнайы барып, мемлекеттік мәселеге арналған ауылшаруашылығының бүгінгі жай-күйі хақында біраз әңгімелескен едік. 40 жылдың үстінде мал шаруашылығының бүге-шігесін игеріп, ауданымызда бас ветеринарлық дәрігері болған ағамыз түйткілді мәселелердің де түгін тартты.

– Сайлаубай аға, ең бірінші өзіңіздің жүріп өткен жолыңыз оқырмандарға, жас буынға үлгі боларлық. Білігіңіз аудан тұрғындарына мәлім. Біліміңіз жайлы қысқа айтып берсеңіз?

– Мен 1950 жылы 12 наурызда Қырбалтабай округі Ақжал ауылында дүниеге келдім. Отбасымызда 13 ағайындымыз. Мектепті ауылда бітіріп, Омскідегі мемлекеттік ветеринарлық институтқа түстім. Онда бес жыл білім алып, 1973 жылы тәмамдадым. Оқудан келіп, бір жыл әскери борышымды өтедім. 1970 жылы отбасын құрдым. Осы күзде отасқанымызға 50 жыл толады.

Еңбек жолымды Балқаш ауданында мал дәрігері болып бастадым. Екі жыл ол жақта еңбек еттім. Кейіннен Еңбекшіқазақ ауданы Нұрадағы «Жетіген» бордақылау алаңына ауыс-тым. Кейіннен Күртіде үш жыл мал дәрігері болдым. Сол жерде сатылап өсіп, совхоз директоры лауазымына дейін көтерілдім. 15 жылым Күртіде өтті. Орта жастан асқан соң ауылыма ат басын бұруды жөн санадым Не керек, Қырбалтабайға мал дәрігері болып ауыстым. Бір жарым жыл өткен соң ауданның бас ветеринарлық дәрігерінің орны босап, сол жерге аудан басшылары мені лайық деп тапты. Бұл лауазымда табаны күректей 17 жыл еңбек еттім. Зейнеткерлікке шықтым.

– Іргелі ауданымыздың ауыл шаруашылығын дамытуға ауыз толтырып айтарлықтай үлес қостыңыз. Кешегі күн тарих дейді. Тарихыңызға тоқталсаңыз...

– Әрине, «Өткенге өкпе жоқ, келешекке үміт көп». Осы ауданға келгенде 28 мал дәрігері бар-тын. Қазір олардың саны 200-ден асады-ау, шамамен. Рас, дәрі жетпейтін, дәрі уақытында келмейтін кездер де өтті. Малдарда болатын бруцеллез, топалаң секілді аса қауіпті аурулардың алдын алу күн тәртібінен түспейтін. Бір жылдары Ащысай жақта құтырық шығып, онымен біраз күрестік. Мұның бәрі дәрінің жетіспеушілігі мен маман тапшылығынан болды. Дала аңдары – аурудың табиғи ошағы. Оның бойындағы түрлі вирустар малға жұқса болғаны, ауру дендеп кетеді. Ал оның алдын алу үшін екпелерді уақытылы салу керек.

Екіншіден, малшылардың көңіл-күйін көтеру, стимул беру мақсатында шопандар слетінің жандануына еңбек еттім. Ол мереке қазір де бар. Шындығына келгенде, мал шаруашылығы – бағзы заманнан келе жатқан қазақтың тыныс-тіршілігі. Ол кезде Түрген қой совхозының өзінен жайлауға 100 мың қой шығатын. Ильич атындағы (Қайназар) қой колхозында 30-40 мың қой болатын. Қазақы қаймағы бұзылмаған Қаражота, Сөгеті, Ақши секілді ауылдар мал шаруашылығында әлдеқайда алда жүрді. Шелек өңірі мен Есік өңірін қосқанда 500 мыңның үстінде қой өріске көтерілетін. Ал қазір оның саны 300 мыңға жуықтайды. «Бақпасаң мал кетер» дейді қазақ. Оларға да аса күтім керек, асқан қамқорлық қажет. Қысқасы, арнайы маман, білікті малшы қажет. Епті малшылар қыстың өзінен төрт түлікті отарлату арқылы аман алып шығады. Ондайлардың талайын көзіміз көрген.

– Бұл саланың кәнігі маманысыз. Қазір малды асылдандыру мәселесі мемлекет назарында. Бұған көзқарасаңыз қалай?

– Бір жолы теледидардан осы мәселе қатты көтерілді. Сонда көптеген халық қалаулылары сырттан асыл тұқымды малдарды әкелу керектігін сөз етті. Сонда бір депутат тұрып: – Мен Еңбекшіқазақ ауданында болдым. Тілек деген кәсіпкердің шаруашылығымен таныстым. Америкадан әкелінген мал басы жоқ, қазақтың қарақасқа сиырлары. Тек Америкадан ұрық сатып алады екен. Қазір оның төлдері америкадан келген сиырлардан артық» деді. Мен қатты риза болдым. Рас, Тілек Әлімжановтың бұл ісі талайға үлгі боларлық. Шаруашылықпен айналысып жүргеніне 10-15 жылдай болды. Сүтті сиырлардың тұқымын әкеліп, біздің сиырларға егеді. Әлбетте, онда төлдейтін сиырдың салмағы назарда болуы тиіс. Айталық, 150-200 кг болатын сиырларға 30-35 кг ұрық егеді. Осылай, бір-екі төл ауысқасын, америкалық сиырлардан да бетер сүтті сиырлар пайда болады. Бұның артықшылығы, бірінші – төлі табиғи жолмен дүниеге келеді, екінші – жергілікті атмосфераға икемделеді. Яғни, иммунитеті өзіміздікі, үшіншіден – баға жағынан айтарлықтай арзанға түседі. Қазір атын айтып, түрін түстемей-ақ қояйын, бірақ шет елден осындай асыл тұқымды 1000 бас сүтті сиырларды әкеліп, оның жартысы жерсінбей өлгенін көзімізбен көрдік. Оларға салынатын екпелердің өзіне сан ойланып, сан толғанасың.

– Мойындау керек, елімізде қой шаруашылығы кенжелеп тұр. Себебі неде?

– Рас айтасыз, бұл – енді үлкен мәселе. Қарапайым экономикалық әдіс: кезінде менде 100 қой болатын. Оның маусымдық жүнін қырқып, бір жигули сатып алатынмын. Ал қазір ше? Қой жүнінің килограмы 100 теңге. Бір қойда 3 кг жүн шықса, жүз қойда 30 мың теңге. Бұл қазір елімізде жеңіл өнеркәсіптің мүлдем жоқ екенінің бір көрінісі. Себебі, бәсекелестік болған жерде баға тұрақтанады, әрі шикізатқа деген сұраныс көбейеді. Кезінде Нарынқолдың өзінде жүнді өңдейтін зауыт болған. Шымкентте, Қарағандыда костюм тігетін. Қазір ше? Шетелдік киімдерді киіп мәз-мейрамбыз. Сондықтан осы мәселеге көңіл бөлу арқылы ауыл шаруашылығын дамытуға да жол ашылады. Мысалы, жүннің, еттің, терінің құны сол қойға берген жем-шөбіңнің құнынан бір жарым есеге артық болса, елдің бәрі осы шаруашылықпен айналысар еді. Бұл жерде үгіт-насихаттың да қажеттілігі шамалы. Себебі қазір халықтың көзі ашық, көкірегі ояу. Елге жұмыс керек, әрбірі бай болуды арман етеді. Ертең баласын қалаға тәшкі сүйреуге жібермейді, мал бағудың ебін үйретеді. Ал қазір қойдың тек етін сатады, терісі мен жүні тиын татымайды, ол қалай өзін-өзі ақтайды. Ортасында малшыға беретін айлығың бар. Қазір қой шаруашылығының айналымға түсуі үшін 600 бастан бастау керек. Бұған кімнің шамасы жетеді дейсіз.

– Әрине, екінің бірінің өрісінде сіз айтқан 600 қой жатқан жоқ. Ауыл шаруашылығын дамытуымыз керек дейміз. Қайтпек керек?

– Міне, осы жерде мемлекет көмегі қажет. Рас, мал шаруашылығын тамытуды межелеген мемлекет болса, бұған батыл кіріскені абзал. Айталық, қазір субсидия береді. Оның талап-шарттары жыл сайын өзгереді. Малшылар тұрмақ, көзі ашық, осы саланың мамандары – біздің өзіміз түсіне алмай дал боламыз. Айталық, Германияда субсидиялаудың тәсілі былай: мысалы, сүттің өзіндік құны литріне 100 теңге дейік. Ал сүт зауыттары оны 70 теңгеден сатып алады. Себебі, одан қымбат сатып алса, елге сата алмайды ғой. Зауыттан шыққан пастерленген сүт те өту үшін өзіндік құнымен теңесу керек. Яғни, бұл жерде мемлекет көмекке келеді. Экономиканың күретамыры болып отырған мал шаруашылығындағы кәсіпкерлерге дотациялық құнын үкімет төлеп береді. Яғни, әр литріне шаққандағы дотациялық құнды (өзіндік құны мен нарықтық құнының айырмашылығы) мемлекет қоржынынан төленеді. Осы жерде сүтті сатушы да, оны алушы да, тұтынушы да дән риза. Ал сәйкесінше мемлекет қоржынына құйылатын салық та өсіп отырады. Бұл қарапайым мысал ғана. Қысқасы, өзіндік құны мен сататын бағаның арасы мемлекеттік саясаттың басты назарында болуы тиіс. Өйткені, қымбат өнімді халық ала алмайды, ал оны арзандатса, кәсіпкерлер шығынға ұшырайды. Соның салдарынан шаруашылық тасы өрге домаламайды.

– Бізде бұл ретте субсидия беріледі ғой?

– Бұл жерде үлкен мәселе тігісі сөгіледі. Біріншіден, жыл сайын бағдарламалар өзгеріп жатады. Сәйкесінше, шарттары күрделене түседі. Рас, шаруагерлерді қолдауды қолға алдың ба шарттарды күшейтіп не пайда таппақсыз? Екіншіден, мемлекеттік бағдарламаларға мониторинг жасалу керек. Бір бағдарлама кемінде 5 жыл жүзеге асса, одан нәтиже күтуге болады. Әлбетте, аз-кем ішінара өзгерістерін жасай берсін үкімет. Бірақ бағдарлама тұрақты жұмыс істеуі тиіс қой. Соның кесірінен, бір жыл субсидия бар, ендігі жылы жоқ. Субсидия беру тәсілі де сала-құлаш. Бұны қалай түсінеміз?

– Демек, ауыл шаруашылығы саласын дамыту жолдары жүйеленбей тұр дейсіз ғой?

– Бір министр шықт, 70 мың тонна етті Ресейге жөнелтемін деп. Бұл – күлкілі әңгіме. Өзіңіз ойлаңыз ондай етті өндіру үшін қанша сиыр төлдеуі тиіс. Ол бұзауды аман-есен өсіру керек. Жем-шөбі қоңды, қарайтын адамның көңілі тоқ болуы тиіс. Мал бордақылау алаңдары салынуы керек. Шаруагерлерге мұндай жағдай жасамай, қалай өнім алуға құлшынамыз? Қысқасы, ең бірінші қалдықсыз өнім өндіру жолдарын жүйелеу ләзім. Бұған мемлекет батыл кіріскені абзал. Рас, Елбасымыз, Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та бұл бағытты дамытуды міндет етті, енді мемлекет қаражатын жұмсаудың бірыңғай жүйесін жасау керек секілді. Әйтпесе, жыл сайын ел білмейтін бағдарламалар жұмыс істейді. Ол бағдарламаға бөлінген қаражаттар қайда жұмсалуда, сұрауын кімнен аламыз? Бұл мемлекеттік мәселе енді.

– Осы ретте малшылардың статусын көтеру керек секілді. Қалай ойлайсыз?

– Мұның да астарында экономика жатыр. Мысалы, біздің ауданда «Васик» деген фирма бар. Бұл компаниядан малшылар кетпейді. Неге? Себебі, малшыларға жоғары жалақы төлейді. Жағдайын толық қанағаттандырады. Ал малшының жұмысы тәулігіне 24 сағат. Мұндай ауыр жұмысқа төмен жалақыға кім істейді?

Ал кәсіпкер төлейін десе мал өнімдерінен түсетін ақша жем-шөбін ақтамайды. Экономикалық тәсіл бойынша өнімнен түскен пайданың кем дегенде 20 пайызы еңбеккерлерге берілуі тиіс. Ал кәсіпкердің өзі небәрі сол 15-20 пайыз пайданы көріп отырса, оның да бала-шағасы бар. Еңбеккерге беретін жалақының жартысын өзіне қалдырады. Содан бұл тіршілік мандымайды.

– Сіздіңше мал шаруашылығына қандай көтермелеу керек?

– Ендігі мені толғандырып жүрген мәселе, жоғарыда атағанымдай субсидия мәселесін жүйелесе жөн еді. Ал шет елден асыл тұқымды малдарды әкелеміз деп әлек болу қажет емес секілді. Айталық, жоғарыда атағанымдай Германиялық тәсіл секілді өнімнің өзіндік құнын жүйелесе, жетпегенін субсидияласа, кәсіпкердің өзі қаржылық қызығушылықта болады. Мәселен, 1000 литр сүтті бір жылда сатып, қаржы алса, келесі жылы 1200 литр сүт сату үшін әрекет етеді. Себебі, берекетін көріп отыр. Осы кезде сиыр тұқымын асылдандыруды өзі-ақ қолға алады. Бұл жерде мемлекет көмегі өнімдерді қалдықсыз сатуды жүйелегені абзал. Міне, бұдан асқан көтермелеу көріп тұрғаным жоқ.

– Бүгінде жетпістің арғымағын ерттедіңіз. Өткен күніңізде әттеген-ай дейтін сәттер болды ма?

– Өткенге өкпем жоқ. Аллаға шүкір, бір кісідей елге еңбек еттік, ұл-қыздарымызды өсірдік. Бүгінде әрбірі – өз саласында білікті мамандар. Немере сүйдік. Ұрпағымызбен мақтанатындай күйдеміз. Әрқайсы білім көгіне құлаш сермеді. Біз тек жетістіктеріне қуанып отырамыз. Бұдан асқан бақыт бар ма? Ал болашаққа үміт көп. Үмітім ол – ұрпағым, елімнің жастары. Ұрпақтарыма салиқалы тәрбие берсем, олар ертең адал, патриот азамат болып өссе, болашаққа сіңірген мол еңбегім осы болмақ.

 

Әңгімелескен

Қайнар ЖҰМАҒОЖА

Оқылды 3205 рет

Соңғы жаңалықтар

Қар 21, 2024

Наш собственный корреспондент…

С начала 90-х годов прошлого века в областной газете «Огни Алатау» сменилось несколько ее…
Қар 21, 2024

«ЖАҢАРТУ» расширяет возможности…

Проект «ЖАҢАРТУ» («Обновление»), презентация которого состоялась в мае 2024 года,…
Қар 21, 2024

Артық шығын абырой әкелмейді

Елімізде діни рәсімдерді өткізу барысында көптеген қателіктер орын алып жатқанын естіп…
Қар 21, 2024

Кәсіп болмай, нәсіп болмас

Бүгінде балалардың жан-жақты дамуына, кәсіпке деген көзқарасын қалыптастыруға барлық…
Қар 21, 2024

«Атамекен» приглашает к диалогу

Национальная палата предпринимателей «Атамекен» Алматинской области выступила инициатором…
Қар 21, 2024

Бейбіт күн – бірліктің жемісі

Көпұлтты мемлекетіміздің ішкі саясатында ең маңызды дүние – ұлтаралық татулықты сақтау.…
Қар 18, 2024

Внимание, жители г. Есик!

Региональный офис ЮНЕСКО в Алматы совместно с Центром «Содействие устойчивому развитию…
Қар 14, 2024

АФМ проводится расследование в…

Она подозревается в хищении свыше 1,5 млрд тенге, собранных для помощи гражданам,…
Қар 14, 2024

ҚМА еріктілер қозғалысының…

Ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған 1,5 млрд…

Күнтiзбе

« Қараша 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет