Алматы облысы тарихы бай, қазақ халқының көптеген дарабоз даңқты батырлары шыққан өлке. Туған жері үшін қасық қаны қалғанша 18 ғасырда жоңғарқалмақтары шапқыншыларына қарсы күреске қатысқан Төлесұлы Байсейіттің туғанына 340 жылдығын атап өтіп, Жамбыл ауылы тұрғындары бабасына ас беріп, рухына дұға бағыштады. Жиында Байсейіт батырдың туған елі мен жерін қорғаудағы ерен ерлігі жайында көп деректер айтылып насихатталды.
«Халық жадында биік тұғырға көтерілген батыр – тарихи тұлға ретінде бүгінгі күнде де маңызын жоймайды. Батыр – басқаны жаулаумен емес, елін, жерін жаудан қорғаумен, азаттық үшін күресумен паш етіледі. Қиын-қыстау заманда бірлікті ту еткен батыр Байсейіт лайықты тұлға, қазақ халқымен бірге жасай береді» – деп көрсетті баяндамашы Рашит Оразов.
Төлес Дулат еліндегі Қараби қызы Нұрлыбикеге үйленіп, 1680 жылы Байсейіт дүниеге келеді. Нағашы атасынан тəрбие көрген Байсейіт 17 жасынан батыр атанған. Айбат шегіп, өкіріп, жол бөгеген бұқаны Байсейіт қамшымен үйіре сілтеп құлатып түсіргенде атасы риза болып, ақ батасын берген екен. Күресте шыңдалып, есейе келе қол бастап, қолбасшы атанады.
Дерек көздерін, ауызша айту тарихын зерттеген жазушы Т.Қаупынбайұлы 2007 жылы «Қазақстан – Zаман» газетіндегі «Зұлмат заманы зауалы» мақалада Жетісу өңірін жаудан азат етуге Байсейіт батыр 1745 жылдары қатысқан деп жазған. Бұған Ш.Уәлихановтың «Қырғыздар туралы жазбалар» (156 бет) атты еңбегі үндестік тапқан.
Байсейіт Төлесұлы өмір жолы жайлы энциклопедияларда «Қазақ» – 656 бетте, «Айбын» – 880 бет, «Абылай», «Райымбек» – 344 бет, «Тарихы терең, табиғаты ерен, таулы өлкем» (Ә.Талқанбаев – 80 бетте), Б.Медеуованың «Тұрпанға шапқан ту ұстап» поэмасында нақты мәліметтер берілген.
Қандай да істі батасыз бастамайтын халқымыз ақсақалдардан, әке-шешеден бата алып шыққан. 1998 жылы ұрпақтары Байсейіт бабасына ескерткіш даярлатып, оны Алматы қаласынан алып келе жатып, жолшыбай Байсейіт ауылына түнетіп, дастархан жайып, ұйғыр ақсақалдарының батасын алып, Райымбек ауданы Жамбыл ауылына орнатқан.
Шелек өңірінен асқа арнайы шақырылған ауданның мәдениет бөлімін басқарған Р.Қамбаров қария, Байсейіт ауылы жігітбасы Г.Усманов, зейнеткерлер А.Насыров, Ә.Жапеков Алматы-Нарынқол тас жолы бойындағы «Байсейіт батыр атындағы ауылда да осындай тәрбиелік мәні зор іс-шара ұйымдастырылса, Байсейіт батырға белгі қойылса дұрыс болар еді» – деп ұсыныс айтқан еді. Батырдың әйелі ұйғыр Уршидадан туған Құттыбай ұрпақтары бұл ұсынысты қабыл алып, нағашылармен байланысты берік ұстауға даяр екенін білдірді.
«Жақсының аты өлмейді...» деген сөз ойға оралып, қазақ батырының қайсысы болмасын артында қабырғалы қалың елі қазағы барда, ізін жалғар ұрпақтары тұрғанда елімен бірге мәңгі жасай берері анық деген ойға келдік.
Тарихта жер-су атауы сол жерді мекендеген атақты адамның есімімен аталған. Жазушы Б.Нұржекеев «Өзендер өрнектеген өлке» кітабында: «18 ғасыр ортасында Райымбек батыр Ой-ран төбеде қалмақтарды жеңіп, Жетісу жерін қалмақтардан азат ету күресін өрістеткен, Шелек өңіріндегі Байсейіт ауылы тұрған жерді азат етуде Байсейіт батырдың асқан ерлік көрсеткенін, сол жерлер Жаркент уезі екендігін, бұл өлкені ежелден қазақтар мекендегені белгілі» – деп жазған ( 121 б).
Жаугершіліктен кейін Байсейіт Тілесұлы өмірінің соңғы 40 жылын Шелек өзені бойына бүгінгі Байсейіт ауылы жерінде қоныс етіп шаруашылықпен айналысқан.
Қазақ халқы адамның ата бабаларынан бері қарай кіндік қаны тамып, қоныс тепкен, өсіп-өніп келе жатқан жерін киелі атамекені деп бағаланады.
29 сәуір 2011 жылы Еңбекшіқазақ газетінде: «ғылыми зерттеулерге, тарихи деректерге терең үңілмеген, одан хабарсыз елдің бір бөлігі тарпынан бұл жерге осы атауды көшіп келген ұйғырлар қойған екен-мыс, шындыққа жанаспайтын алып қашпа сөздер таралып жүр» деп көрсетілген.
Қытайтанушы ғалым Н.Бичурин «Ежелден Орталық Азияда тұрып жатқан халықтар туралы мәліметтер жинағы» атты еңбегінде: «2,5 мың жыл бойы Алтайдан Каспиге дейін өмір сүріп бүгінгі күнге дейін салт-дәстүрін сақтаған халық тұрады» деген. Ал Жетісу өңірін Албан руы бірлестігі мекендеп келгендігі, Шелек өңірінде қызылбөрік, қыстық аталарының атақонысы болғаны белгілі. ( ҚСЭ 9 том 426 б , «Жетісу» 176 б).
Қазақ басқа өңірден қоныс аударып келген қазақ ағайындардың өзіне жер бөліп беруді ақылдасып шешкен. Қытайдан қоныс аударған басқа ұлт өкіліне ауыл атын беру мүмкін емес. Өңірде тұрақты өмір сүріп келе жатқан Албан руының қыстық, қызылбөрік бірлестігі ішінде атақты адамдар болған. Солтанбек би. Ескене, Жалманбет, Шынжырбай, Меңіс, Кемпірбай мен Ожар байлар, 18 мың жылқы біткен Онтағар бай, 500 түйесі болған Қаңлыбай бай, Ержан бай, Бозай бай. 1926 жылы үкіметке 3 мың жылқы өткізіп, жер аударылған Жорып бай, Жөкей, Дәндібай, Аңламас, Бекей, Дүңгенбай, Ботбай, Балташ қажылар. Аңламас бай өз қаражатына Қорам ауылына мешіт (бүгінде бар) салдырған. Ауқатты Ерсары байға 10 мың сары ала жылқы біткен, Тойғанбектің 5 мыңдай қылқұйрық, торы түстес жылқылары болған. Дәулетбақ, Қылышбай. Үсен, Ақанбай, Ералы байлар атында ауыл аты болмаған. («Албандар» 579 б). Өңірде елі мен жерін жаудан қорғаған Әжібай, Байсейіт, Ескене, Малай, Малыбай, Шағаман т.б. азаматтар қарапайым халық арасынан шығып жеке дара ерлігімен көзге түсіп батыр атанып, тарихи тұлға санатына кірген. Осы аты аталған әр батырдың атында ауыл бар. (Н.Сар-ғожаев «Шелегім мен Есігім» 60 б).
Тарихтағы әрбір тұлға – өзі өмір сүрген дәуір перзенті. ХVІІІ ғасырдың ортасында бүгінгі Шелек ауылындағы Абай, Б.Момышұлы, Ү.Үсенов көшелері мен Ә.Молдағұлова атындағы орта мектепке дейінгі аумақты қоршап, 35 жыл жайлаған қалмақтың айбатты батыры Насырқалшаны қызылбөрік Шағаман батыр Есенұлы жекпе-жекте жеңеді. Ал Шағаманның кіші інісі Найманбай Шелекті мекендегенін Зайцево селосы ашылмай тұрып 140 жыл бұрын, бүгінгі Шелек ауылы орнында обшина №1 Қызылбөрік Найманбай әулеті 6 ұрпақ ( бір ұрпақ 23 жыл деп есептесек, 140 жыл) осы жерде мекендеген, бұрын Қайыңды мен Қарабұлақта тұрған. Ал көктеу мен күзеу Жіңішкеқыр – қасында болған деп, «Уезды Жетісу» 208 бетінде көрсетілген. (Материалы по обследованию туземного и русского старожильческого хозяйства и землепользования в Семиреченской области» том V С-Петербург 1914г).
Қазақ халқында қала болмаған, көшпенді деп аталып келеді. Бұл жаңылыс пікір. Қазақ цыган сияқты көшпенді халыққа жатпайды. Қазақтың әр атасының ата қыстауы бар, ол жерде қорым бар. Әр қорымда әруақтары жерленген. Қазақ оған сыйынады, сыйлайды. Негізігі ата кәсібі мал шаруашылығы болған соң, жаздай малын бағып, көшіп қонып, қыста міндетті түрде ата қыстауына келеді» – деп Мықтыбай батырдың 300 жылдығында ғылыми практикалық конференцияда баяндама жасаған М.Қозыбаев атындағы мемлекеттік университет профессоры А.Плешаков өз пікірін айтқан.
Жібек жолы бойындағы елді мекен ары-бері қатынас жасаған жиһангерлердің назарын аударып көз алартушылық тудырған қоныс аударушылар келе бастаған. Осындай мәліметті 1908 жылы жарық көрген санында «Шора» журналы жария еткен. Онда Орта Азиядағы тараншылардың Ілеге келуі және Құлжа сұлтандығының құралуы жайлы берілген. Бұл туралы Құлжа шаһары сұлтаны Әбдірәсілдің немересі Әбділбас айтқанынан жазылып алынған. Заман-Қазақстан газетінің 1992 жылғы 2 желтоқсанында» жарияланған.
Тарихта, 1864 жылы дүнгендер қолы бастығы Яғұр Қытайға қарсы соғыс ашқан. Ол тараншылардың әкімбегі Әбдірәсілге кісі жіберіп көмек сұраған. Сұлтан Ибрагимұлы 1870 жылы Верный түрмесінен қашып шығып, Қытайға өткен Тазабек батырды өңір губернаторы Колпаковскийдің ұстап беру талабын орындамаған сон, Қытайдағы мұсыл-мандар көтерілісінің ұлт аймақтарына қанат жаюынан сескенген Ресей 1871 жылы (Ливадий шарты) қазақтар мекендеген Іле аймағын басып алды. Шың-жандағы көтерілісті басқан соң Ілені қайтару туралы талап қойылып, 1881 жылы 12 ақпанда екі жақ Петербург шарты бойынша, Іле уәлаяты Қытайға қайтарылады. Қытай тарапынан өш алу әрекетінен қорыққан ұйғырлар Жетісуға көше бастайды.
1881-83 жылдары ұйғырлар мен дүнгендердің қазақ жеріне қоныс аударуына байланысты Жетісуда 6 болыстық ашылады. Солардың бірі – Шелек өңірінде Малыбай болыстығы. «Уезды Жетісу» деген кітаптың 247 бетінде. «Верный уезі, Малыбай болысы, Байсейіт елдімекенде 1881 жылы 10 шаруашылық қыстаған. 1882-85 жылдары Байсейіт елдімекеніне Борбосун, Каш, Байтакай жерлерінен ауып келген. 1883 жылдан әр отбасына 0,5 десятин жер бөліп берілген. Екі жұмалық мешіт, мешітте мұсылманша оқыта бастаған» – деп көрсетілген. 1884 жылы Малыбай болысында 1442 түтін 7862 адам, Қорам болысында 1548 түтін 5598 адам болған. Осы жылдары Масақ, Қайнұқ, Асы, Он үй, Киікбай, Қаратұрыққа қоныс тепкен еді. Жаңа елдімекенде тез бейімделуіне жағдай жасап Іле өңірінде болыс болған адамдар Жетісуға қоныс аударғаннан кейін де сол қызметтерінде қала беруіне, олардың тілін түсінбегендіктен, жергілікті халық пен болыстар келісім берген. Құлжа болысы Қасымбек Жаркентте, Хонықай болысы Құдайберді Ақсу-Шарынға, Тас-өстең болысы Әбубәкір Қорамға, Құлжа болысы Жамалидин Қарасуға болыс болып сайланған екен.
1948 жылы ғалым Ә.Хидоятов Иіңі аят «Жаңа өмір» журналында қазақ топырағына ұйғырлардың алғашқы легінің келгенін, қалай қоныстанғанын, қалай тамырланған тарихын жазған еді.
Құлжадан қоныс аударған көшпенділердің бірі ақын Сейітмұһәммәт: «Дәулеті бар адамдар, не нәрсеге алаңдар? Сатып алар ақшаға – дайын тұрған баспана. Көк тиын жоқ қолында кембағал көп, жараңдар. Оған ешкім қарамас аштан өліп жатса да» – деп жазады (Н.Пантосов, Тараншы әдебиеті 148 бет, Қазан, 1909 жыл). «Іле Уәлаятында Ресейдің боданында болған жылдарда орныққан көне феодалдық қауымнан капиталистік қарым-қатынастардың өмірге енуіне байланысты ұйғыр халқы мәдени тұрмыстық жағдайында елеулі өзгеріс пайда бола бастаған – деп жазған М.Кабиров (Переселение Илийских уйгуров в Семиречие. Алма-Ата, 1951г).
Бүгінде Байсейірт батыр ауылында 3 мыңнан астам адам тұрып жатыр. Ауыл азаматтары мал, егін шаруашылығымен айналысады. Тоғыз жолдың торабында орналасқан ауыл халқы тұрғындары ең бай ауылдардың бірі. И.Таиров атында орта мектепте ұйғыр балалары өз ана тілінде білім алады. Әр отбасында кемінде бір жеңіл автокөлік бар. Әлеу-меттік салада мекемелер жұмыс істейді.
150-ге жуық жеке кәсіпкер тіркелген. Жеке ғимарат дүкен, асхана, мейрамхана, 800 шаршы метрден асатын сауда орталығында 40-қа жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Батыр ауылының топырағынан шыққан, қазақ қоғамының дамуына ерен еңбегімен үлес қосқан Малыбайлық Еңбек Ері Ү.Үсенов, байсейіттік «Еңбек даңқы» ордені иесі М.Таиров, аудан басшысы болған А.Арзиев, ақын, Илхам сыйлығы иегері Ж.Розахунов. ғалымдар Ж.Жұмабеков, Б.Глаудинов, Г.Бахамов, Қазақстанның халық артисі Т.Теменов, ақын-жазушылар А.Аширов, А.Дулятов, А.Мухаммадиді атауға болады.
Байсейіт ауылына кіре беріс шығыс жағына «Байсейіт ауылы» жазуы бар биіктігі 7 метр стелла орнатылды. Тұғырында «Байсейіт батыр 18 ғасырда жоңғар қалмақтарымен соғыста күрескен батыр» деп анықтама жазылған.
Тұрған елі тарихын, өткен кезеңдерін жақсы білген азамат ұрпақ сабақтастығына, таным білім тұтастығына, өңірдегі этностар бірін-бірі құрметтеу үлгілеріне бастайды.
Райымбек батыр туған өңірден Шелек өңірінде Байсеиіт батырдың ұрпақтары бабасына көтерген ауыл атауының символы – ол Байсеиіт баба өзі іргетасын құрған елдімекеніне жолдаған сәлемі, жұртына айтылған аманат деп бағаланады. Бұл – қазағымның елдігі, халық бірлігі айғағы, ата-баба аманатын ұрпақтары бұлжытпай орындап, жалғастыруы деп білеміз.
Нұрлан Ердәулетұлы, Журналистер Одағының мүшесі.