ҚАЗІРГІ ӘЛЕМДІ АЛАСАПЫРАН КҮЙГЕ ТҮСІРГЕН АУМАЛЫ-ТӨКПЕЛІ ЖАҒДАЙ БЕРЕКЕМІЗДІ БЕКЕМДЕП, ІРГЕМІЗДІ БЕРІК ҰСТАУДЫҢ ҚАНШАЛЫҚТЫ МАҢЫЗДЫ ЕКЕНІН ТҮСІНДІРДІ. ОНЫҢ ҮСТІНЕ, ҚАСИЕТТІ ЖЕРІМІЗГЕ КӨЗ АЛАРТЫП, ОҒАН АУЫЗ САЛУҒА АТТАНДАЙТЫН КҮШТЕР ДЕ ЖОҚ ЕМЕС. ШҮКІР, БҮГІНДЕ ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ ШЕГЕЛЕНГЕН ШЕКАРАСЫ, ӘЛЕМ АЛДЫНДА МОЙЫНДАЛҒАН ӨЗ ТЕРРИТОРИЯСЫ БАР. ОСЫДАН 98 ЖЫЛ БҰРЫН БІР ТОП АЛАШ АЗАМАТЫ ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ ЖЕР КӨЛЕМІН БЕЛГІЛЕУ ҮШІН ЖАН БЕРІП, ЖАН АЛЫСТЫ. АҚЫРЫ ДЕГЕНДЕРІНЕ ЖЕТТІ. БҮГІНГІ ТӘУЕЛСІЗ ЕЛІМІЗДІҢ МЕМЛЕКЕТТІК ШЕКАРАСЫ СОЛ АЛАШТЫҢ АРДА ҰЛДАРЫНЫҢ ҚАЖЫРЛЫ ЕҢБЕГІНІҢ АРҚАСЫНДА БЕЛГІЛЕНГЕН ЕДІ.
1920 жылдың 26 тамызында Қазақ автономиясын құру және оның жер көлемін белгілеу жөнінде декрет дүниеге келді. Кремльде өткен ұзақ тартыстан соң, қызыл пролетариаттың көсемі – Ленин арнайы қаулыға қол қойды. Бұл – жеке азат ел болуды аңсаған Алаш арыстарының жанқиярлық еңбегінің арқасы еді. Сол тартысы мол алқалы мәжілісте болашақта құралатын Қазақ мемлекетінің шекарасы межеленді. Негізгі тартыс «Қазақ автономиясына қай жерлер кіреді?» деген мәселеге келгенде, қатты ушыққаны белгілі. Бірақ Алаш арыстары алға қойған мақсатына жетті. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Әлімхан Ермеков Қазақ мемлекеті алдындағы тарихи миссиясын осылайша орындап шықты. Сол кезде бар-жоғы 29 жастағы Әлімхан Ермеков Әлихан мен Ахметтің дем беруінің арқасында азулы топтың алдында Қазақ жерінің шекарасы жайында баяндама жасады.
Ол баяндамада Астрахан, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Сырдария, Закаспий, Самарқан, Ферғана облысы мен губернияларын қамтитын, жалпы көлемі 3 467 922 шаршы шақырым жерді Қазақ республикасының құрамына беруді сұрады. Көрсетілген жердің 81 пайызын жан саны 5,5 миллион болатын қазақтар пайдаланатын. Бұл сол аймақтардағы тұрғындардың 54 пайызы еді. Сол мәжілісте отырғандар Ермековтің айтқандарына толықтай болмаса да қосылатынын білдірді. Бірақ мұны жеңіс деуге ертерек болатын. Өйткені, ендігі кезек автономияның аумағы мен тұрғындары туралы ұсыныстарды Лениннің алдында қорғап шығу керек еді.
12 тамыз күні Лениннің төрағалық етуімен өткен мәжілісте Әлімхан Ермеков барын салды. Өйткені ол исі қазақтың тағдыр-талайы шешілетін кез дәл осы тұс екенін жан дүниесімен сезінді және жағдайды аса жетік білетіндігі һәм шешендігінің арқасында өз айтқандарымен Ленинді иландыра алды. Тіпті көзбе-көз сөйлесуден кейін, қазақтың уысынан шығып бара жатқан Атырау өңірін де алаш жұртына мәңгіге қайтарып берді.
Рас, Сібір ревкомы 1922 жылға дейін солтүстік облыстарды Қазақстанға қоспауға тырысып бақты. Бірақ ақыры көнген еді. Осылайша, Алаш арыстары тұңғыш рет Алаш жұртының шекарасын ресми түрде бекітіп алды. Бұл – олардың халық алдындағы аса үлкен еңбегі болды.
Әлімхан Ермеков өз сөзінде мынадай пікір айтыпты: «Қазақстан шекарасын анықтау барысында мұқым өлкенің этникалық, экономикалық және мәдени ерекшеліктерін ерекше ескеру керек. Егер қазақтардың осы уақытқа дейін көшпелі өмір салты мен мал шаруашылығын басты кәсіп ретінде сақтап қалғанын назарға ілсек, онда бұл облыстардың өзара тығыз байланысы көзге анық көрініп тұр. Сондықтан да Қазақ автономиялы республикасын құру тек солтүстік және оңтүстік облыстардың арасындағы шекаралық тұтастықты сақтаған жағдайда ғана мүмкін әрі нақты өмірлік сипат алады. Бұл мәселе керісінше шешілген жағдайда автономия тіршілік көзінен айырылады. Сонымен қатар, мәдени, экономикалық және аралас облыстық орталықтарда талап етіп отырған территорияның құрамында қалып қояды. Бұл орталықтарсыз оңтүстік облыстар экономикалық, шаруашылық, мәдени ашаршылыққа ұшырап, тірі өлікке айналады. Осы пайымдауларды ескере отырып, Қазақ автономиясының шекарасын көрсетілген шекара бойынша бекіту қажет. Орынбор қаласы уақытша орталық ретінде қарастырылуы керек».
Алаш арыстарының тарихын, еңбегін белгілі алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай былай деп бағамдайды:
– Ермековтің айтқаны шындық еді. Егер де Сібір ревкомының ырқына көнетін болсақ, бүгінгі Қазақстанның бес облысы: Шығыс Қазақстан, Семей, Ақмола, Қызылжар, Көкшетау Ресейдің территориясында қалуы керек болды. Егер сол астрахандық делегацияның сөзіне сенетін болсақ, онда қазіргі Орал, Атырау, Маңғыстау облыстары Ресейдің құрамына кетуі керек болатын. Тұрар Рысқұловтың өтініші өтіп кетіп, Түркістан мемлекеті құрыла қалған жағдайда, онда қазіргі Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстары Түркістан мемлекетінің, яғни қазіргі Өзбекстанның құрамында қалып қоятын еді. Міне, осы мәселені қойып, оны заңдастыру, қазақ жерінің әр пұшпағына дейін анықтап, ондағы тұрғындар мен олардың күнкөрісіне дейін нақтылап айқындау Әлихан Бөкейханның кеңесімен Әлімхан Ермековтің мойнына жүктелген болатын. Олар сенімді ақтады. Мәжілісте Әлихан Бөкейханың, Әлімхан Ермековтің, Лениннің тікелей ықпалы болмағанда және осы сөзді Лениннің нұсқауына тіреп, «Лениннің нұсқауын орындайсыңдар ма, жоқ па?!» деген Ахмет Байтұрсынұлының қатты айтқан сөзінің нәтижесінде ғана қазақ автономиясын құру туралы мәселе шешілген. Ол дауға түспейді. Енді, осы белгіленген территорияның нақты шекарасын анықтау керек деген шешім түсті. Қазақ автономиясын құру және оның территориясын белгілеу туралы жұмыс ушығып бара жатқанын сезген Ленин 12, 14, 18 және 19 тамыздағы комиссия отырыстарын өзі басқарады. 24 тамызда Ленин: «Қаулы дайын. Әлімхан Ермековтің қайта баяндама жасағаны дұрыс. Осы бойынша заңдастыру керек» деп шешім шығарады. Осы шешім қабылданып шыққаннан кейінгі сәтті Әлімхан Ермеков естелігінде былай жазады: «Өзімнің табысыма масаттанып, риза болып шықтым. Ол кезде бар-жоғы 29 жаста едім. Біздің делегация да қолымды алып жатты. Қарасам, Бөкейханов жоқ екен. Бәріміз дәлізге шықтық. Қазақстанның делегация құрамы он бестей адам болатын. Бәріміз Әлихан Бөкейхановты тостық. Әлекең Ленинмен пікірлесіп, әңгімелесіп қалған болатын. Он бес, жиырма минуттан кейін ол кісі де шықты. Әлихан Ленинге бекітілген шекараға тездетіп қол қоюға өтініш етіпті, Ленин орындауға уәде беріпті». Сонымен, жалпы отырыста бекітілген территорияны Қазақ автономиясының территориясы етіп бекіткен бұйрық 26 тамыз күні баспасөзде жарияланды. Міне, содан бастап бүгінгі Қазақстанның территориясы қалыптасты.
Айта кететін жағдай, Жетісу мен Сырдария облыстары ҚазАКСР құрамы-на тек 1924 жылы Түркістан АКСР құрамынан шығарылып қайтарылды. Ал, Ақмола мен Семей облыстары Сібір ревкомының құрамынан тек 1921 жылдың басында қайтарылды. 1925 жылға дейін ҚазАКСР астанасы Орынбор қаласы болып, 1920-1925 жылдар аралығында Қазақстандағы ұлттық-аумақтық межелеу жұмыстары аяқталады. Қазақ жерінің Қазақ АКСР құрамына қосылуы қазақ халқының пайдасына шешілгенін атаған жоқ. Азамат соғысы, 1921-1922 жылдардағы ашаршылық, қуғын-сүргін жағдайын-дағы алапат қиыншылықтарға, қырылуға қарамастан, қазақтың ұлтшыл қайраткерлері қазақ жерін жинақтау мақсатында зор тарихи маңызы бар жұмыс жасады. Қазақстанның ұлттық-мемлекеттік территориясын 8 губернияның құрамында болған 41 уезд жасады. Олар: Бөкей губерниясынан Таловка, Орда, Жаңақала, Теңіз уездері; Орал губерниясынан Орал, Елек, Жымпиты, Камыков, Гурьев, Азат уездері; Ақтөбе губерниясынан Ақбұлақ, Ақтөбе, Темір, Ырғыз, Шалқар уездері; Қостанай губерниясынан Федоров, Боровский, Қостанай, Урицкий, Денисов, Торғай уездері; Ақмола губерниясынан Петропавл, Черлакский, Көкшетау, Атбасар, Ақмола уездері; Семей губерниясынан Семей, Павлодар, Өскемен, Бұқтырма, Зайсан, Қарқаралы уездері; Сырдария губерниясынан Қазалы, Ақмешіт, Түркістан, Әулиеата, Шымкент уездері; Жетісу губерниясынан Алматы, Талдықорған, Лепсі, Жаркент уездері енді. Губерниялар мен уездер атауларына қарап отырсақ, Қазақ АКСР құрылуымен басталған тарихи маңызы бар үрдіс бүгінгі Қазақстанның территориялық-аумақтық және мемлекеттік шекарасын жасап берген үрдіс екендігін анық байқаймыз. 1920 жылғы 26 тамызда Қазақ АКСР құрылуының қазақ халқының дамуына тигізген ең басты тарихи ықпалы осында.
Көрнекті тарихшы Талас Омарбеков өз еңбектерінде: Қазір кейбір ғалымдар, зиялы қауым өкілдері істің байыбына бармай, тарихтың ұңғыл-шұңғылына үңілмей жатып, «Қазақтың шекарасын Ленин сызып берген, алғысты соған айтайық» деп жатады. Шындығы солай ма еді? Жоқ. Ең бірінші, рахметті алаш қайраткерлеріне, большевиктердің арасында жүрсе де, «ұлтым, елім, жерім» деген қаракөз азаматтарымызға айтуға тиіспіз. Алғаш қабылданған декретке Орынбор губерниясы енбей қалды. Қазір көп ешкім біле бермейтін сол кезде Ахмет Байтұрсыновтың Ленинге жазған хаты бар. Хат Елбасының мұрағатында сақтаулы. Ол хатта Ахмет Ленинге Орынборды Қазақ автономисының құрамына беруді сұраған. Неге десең, ол аймақта қазақтар аса көп шоғырланған еді. Осындай ұсыныс болғандықтан, Ахаңның бұл хатын әлі күнге жариялай алған жоқпыз. Өйткені, ел арасында түсініспеушілік туындап кетуі мүмкін. Тіпті тәуелсіздікке ие болған соң, кейбір орыс тарихшылары «сіздердің Байтұрсыновтарыңыз Солтүстік Қазақстанның біраз жерін Ресейге берейік деп ұсыныс жасаған» дегенді шығарып алып, іріткі салуға дейін барды емес пе? Шындығында, Ахаң «Орынборды бізге бер» деп, оның өтеуіне Петропавлдың маңайындағы кейбір жерді алуын өтінгені рас. Бұл – жеке Ахмет Байтұрсыновтың пікірі емес, сол кездегі алаш қайраткерлерінің ортақ пікірі еді. Егер де Орынбор қазақ еліне қараса, сол өңірдегі түркі тектес елдермен тығыз байланыс орнайтын еді. Ортада шекара болмайды. Түркі тектес елдер (башқұрт, татар, т.б.) қарым-қатынасы күшейеді. Салмағы артар еді. Осы Ахметтің хатының әсері болды ма, әлде өзге де алаш қайраткерлерінің пікірі ықпал етті ме, арада ай өтпей жатып, сол 1920 жылдың қыркүйегінде Қазақ автономиясы мен оның аймақтық-территориялық межесіне өзгерту енгізіліп, оған Орынбор кіргізілді. Тіпті Орынбор Қазақ автономиясының астанасы болып бекітілді. Алайда, Қазақ автономиясымен Еділ бойында жатқан өзге түркі жұртының ынтымағы артып бара жатқанын көрген әрі болшақта бұл өте қауіпті екенін сезген большевиктік билік 1925 жылы Орынборды қайтадан Ресей құрамына енгізіп жібергені белгілі. Жалпы, Қазақ автономиясын құруда, оның аймақтық территориясын белгілеуде қазақ зиялыларының орны ерекше, – деп жазады.
түйін:
ӘРБІР МЕМЛЕКЕТ РУХЫ ТАЗА, САНАСЫ БИІК, БІЛІМДІ ДЕ БІЛІКТІ ҰРПАҒЫНАН ҚУАТ АЛЫП, ӨЗІНІҢ ӘРБІР ЖАҢА БУЫН ЖАС ҰРПАҒЫ ЖЕТІЛГЕН САЙЫН ДАМУДЫҢ ЖАҢА БИІКТЕРІНЕ КӨТЕРІЛЕДІ. БҮГІНГІ ҚОҒАМ АЛДЫНДА ТҰРҒАН ЕҢ ЖАУАПТЫ МІНДЕТ – ЕҢСЕЛІ ЕЛІМІЗДІҢ ЕГЕМЕНДІГІН ҚОРҒАУ БОЛМАҚ. СОЛ ҮШІН ДЕ АЛАШ АРЫСТАРЫНЫҢ АМАНАТТАҒАН БАЙТАҚ ЖЕРДІҢ КИЕСІНЕ КІР ЖҰҚТЫРМАУ – БӘРІМІЗГЕ ЕҢ ҚАСИЕТТІ ПАРЫЗ САНАЛМАҚ.
Дайындаған Е.АСЫЛ.