Аудандық АХАТ бөлімінің мәліметіне сәйкес, ауданымызда өткен жылдың 1 қаңтары мен 31 желтоқсаны аралығында 1727 жас некесін қиған. Оның 840-ы ажырасып тынған. 2020 жылдың 1 қаңтары мен 11 маусым аралығында 530 неке қиылса, 173 жанұя айырылысып «үлгерген». Мұндағы дүниеге келген шақалақ сәбилер мен жараланған жүректерді, быт-шыт болған ақ-адал тілектерді ойлап қойыңыз. Ресми мәліметтерге сүйенсек, еліміздегі әрбір төртінші неке баянсыз. Сондай-ақ, жарты миллионға жуық бала жалғызбасты аналардың тәрбиесінде. Дүниеге келген әрбір бесінші бала - некесіз туылғандар.
Иә, иә бұл - қазақ халқында болып жатқан құбыжық құбылыс. Жаһандану дейтін жалмауыздың нешеме баланы әкесіз, анасыз қалдырғанын есептеп, елестетіп көріңіз.
Біз мақаланы жазу барысында түрлі ғаламтор желісінен деректер қарастырдық. Бірақ өзгенің айтқанын айнытпай қайталап беру ғадетімізде жоқ. Сол себепті қазақ халқының ежелден бүгінге дейін ерлі-зайыптыларға, жалпы, жастарға қатысты айтылып жүрген мақалдарын саралап көрмекке бел будық. Мақалдар халқымыздың ұлан-асыр философиясы, өмір ақиқаттарын қамтыған тұтас бір әлем екендігі аян.
Ақиқаттан аттап ешқайда кете алмайсыз. Алғашқы мақал «Қызға қырық үйден тыйым» дейді.
Ежелде қазақ халқы бойжеткендерге бұрым қойдыратын болған. Бұрымға шолпы таққан. Шолпының сылдырынан қыздың қайда жүргенін білген. Қырық үй қарауыл болып, қыз ұзатылғанша ауыл маңынан ұзатпаған.
Қолында соңғы үлгідегі смартфоны бар қазіргі бойжеткендерге әлеуметтік желі арқылы түрлі ақпараттар келіп түседі. Ата-анасы смартфонын ашып көрейін десе, пароль жасап қойған. Оны тек өзі ғана ашуы тиіс. Сондай-ақ, әлгі ұялы телефонын ұстай қалсаңыз дір-дір етіп үрейі ұша қолыңнан жұлып алғанша асығатынын қайтесіз. Ішінде не бар сонша!
Ойнап жүріп от баспас па екен? Жастардың ажырасуына смартфон да себепші дейді мамандар. Мұны түсіну үшін маман болудың да қажеті жоқ шығар. Анасынан үй болудың қыр-сыры мен әдіс-тәсілдерін үйренер шақта қыз бала ұялы телефонымен және ондағы беймәлім ақпараттармен әуре болып жүреді. Сөйтіп дәмді тағам жасап күйеуін қуантпақ түгіл, қарапайым жемістерден тосап жасай алмайды. Ал күйеуі ертең осы тәтті тағамдар мен тосапты жасап беруін талап ететіні аян. Осыдан келіп түсініспеушіліктер туындайды.
Яғни еркек пен әйелді жаратқан Алла әрқайсына өзіндік міндет жүктеген-ді. «Жүз әйел жабылып бір еркектің істегенін істей алмайды, жүз еркек жабылып бір әйелдің істегенін істей алмайды» дейтін тәмсіл тағы бар халқымызда.
Демек, әйел де, еркек те өзіне жүктелген міндеттерді атқаруы тиіс. Жаратылысқа қарсы келудің арты үлкен өкініштерге соқтырып жатқандығы аян.
Республика Үкіметінің 2003 жылғы 27 қарашадағы № 1190 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасындағы гендерлік саясат тұжырымдамасы қабылданғаны аян.
Негізгі қағидаттары Қазақстан Республикасының Конституциясымен кепілдік берілген әйелдер мен ерлердің тең құқығын белгілейді.
Бұл әрине дұрыс бастама.
Қыз туылса ар санап, тірідей жерге көміп тастайтын жабайы дәуір де болған тарихта. Бұл турасында әрбір мұсылман баласы біледі деп ойлаймыз. Алла елшісі Мұхаммед (с.ғ.с) келуімен бұл сұмдықтардың тиылғандығы да аян. Қыз баланың орнын жоғары қойған Ислам дінін қазақ халқы да аттай қалап таңдап алуы да тегін болмаса керек. Осы себепті Елбасымыздың да «тегіміз – түрік, дініміз – Ислам» деуі бекер болмаса керек.
Омар ибн Хаттабтың р.а риуаят етуінше Алла елшісі (с.ғ.с) «Иманды әйел – қайырлы іс жасамайтын 1000 еркектен де қайырлы» – деген. Себебі, ізгі әйел шаңырақтың шаттығы, керегесі іспетті.
Ислам дінінде әйел адамға үлкен құрмет көрсетілген. Құран Кәрімде «Ниса» (Әйелдер), «Мәриям» деп аталатын сүрелер тікелей әйелдерге арналған. Сондай-ақ, «Нұр», «Ахзаб», «Мұмтахина», «Тахрим», «Талақ» сүрелерінде де дініміздегі әйел адамның орны турасында кеңінен айтылған. Ислам діні қыз балаларды жұмақтың кілті деп біледі. Ата-ананың жұмаққа кіруіне себептердің бірі ретінде тәрбиелі, иманды етіп өсірген қыздары болмақ.
Алла елшісі (с.ғ.с): «Кімде-кімнің үш қызы дүниеге келсе, сол үш қызының қиыншылығына шыдап, қуанышымен бөліссе, жақсылап тәрбиелесе, жеткізсе, Алла тағала осы қыз балаға жасаған рақымы үшін ол кісіні өз жұмағына кіргізеді» – деген.
Мұны естіген бір сахаба: «Уа Расулаллаһ, егер екі қызы болса ше» – дейді. «Екі қызы болса да жұмаққа кіреді» – дейді Алла елшісі (с.ғ.с). Әлгі сахаба тағы да: «Бір қызы болса ше» – деп сұрады. «Ол қызды жақсылап тәрбиелеп, өсіріп, жеткізсе, онда жұмаққа кіреді» – деп жауап беріпті Алла елшісі (с.ғ.с).
Алла қыздарының болашағына немқұрайлы болғандарға разы болмайды. Бүгінде шеше емес, көше тәрбиелеп жатқан қыздар ертеңгі үйленген шағында үлкен өкініш арқалайтыны айқын. Себебі, пәктік дейтін адалдықтың алғашқы сатысын белінен басқан ару әрмен қарайғы өмірде де толыққанды жар дейтін атқа лайық бола алмайды.
Демек, әйел затына жүктелетін жауапкершілік ауыр. «Ұлды тәрбиелесең елді тәрбиелейсің, қызды тәрбиелесең ұлтты тәрбиелейсің» дейді дана халқымыз.
Бұл жауапкершілікті бойжеткенмен бірге ата-анасы да арқалауы тиіс. Өйткені, бала тағдырына жауапты тұлғалар.
Егер елімізде 1950 жылы әрбір жүзінші жұп ажырасса, 1980-1990 жылдары әрбір төртінші отбасы ажырасатын болған. 2000 жылдары тіркелген 90 873 некеден 27 391 ерлі-зайыпты екіге айырылған.
Ал былтыр қазақылықтың қаймағы болып саналатын ауылдарда ажырасу көрсеткіші 17 пайызға артқан. 12 мыңнан астам жанұяның шаңырағы шайқалған.
Бұл көрсеткіштер адам шошытарлық. Яғни, жастарда жауапкершілік жоқ. Бара-бара қаласа қалып, қаламаса ажыраса салатын аурудың асқынуы байқалғандай.
Халықтың материалдық құндылық-тарға иек артып, рухани құндылықтардың құлдырауы да болса керек бұл көрсеткіштер.
Бір ағамыз қазіргі жастарды түсіну қиын екендігін айтты. «Біз үйленген шақта» – деп иегімен жан-жарын нұсқап – «жалғыз чемоданға бар дүние-мүлкіміз сиып кеткен еді. Шелек өңіріне барып жерге төсек салып жатып, қызмет істеп, өмір жолында кездескен қиыншылықтарды мойымай көтере жүріп осы күнге жеттік» – деді зәулім сарайда тұратын ағамыз. Бір қызы Лондонда , ал, бала жоғарғы оқу орнын бітіріп, қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласында білдей бір басқармада лауазым иесі екен.
Ажырасудың алдын алу үшін ұл мен қызды ұлттық дәстүр және шынайы иман аясында тәрбиелеу керектігін кеңінен жеткізген сияқтымыз. Ажырасқан жандардан себебін сұрастырсаң әлі де жан-жарын жақсы көретіндігін айтып, алайда, тәрбиесі кемшін, бойынан көргісі келетін қасиеттерді көре алмайтындығымен мұң шағады.
Ажырасу үлкен қасірет екендігін осыдан-ақ ұға беріңіз. Ол жүрегіңді жұлып алып, қолың жетпес жерге лақтырып жібергендей ме? Қансыраған жүректердің қайта жазыларына кім кепіл?
Осы себепті де, балалардың әкесіз немесе анасыз өспеуі үшін мемлекет тарапынан заң қабылдау қажет-ақ. Екі жасты бір-біріне желімдеп қоятын көлемі үлкен айыппұлдар салынса екі жаққа бірдей. Сондай-ақ, отбасын ойран еткені үшін екі жаққа бірдей ауыр жаза кесілетін болса. Сонда отбасын құру ойыншық ойнау емес екендігін ұғынар ма еді жастар.
Бұл көптің көкейінде жүрген сауалдар. Себебі, «Отан – отбасынан басталады» дейді дана халқымыз.
Әділет САРЫБАЙ