Техниканың тынымсыз дамып, жаһандану заманының игілігі мен зардабы қатар келе жатқан шақта, қазақы болмысымызды сақтау өзекті мәселеге айналды. Осы орайда редакциямыз қазаққа тән құндылықтарды бойына сақтаған Балтабай Ыбырайұлымен тұрақты түрде байланыс орнатуды қолға алды. Ұлттық дәстүрлеріміздің айналасында тектілік тұнған тұлғамызбен тілдесіп отыруды жөн санадық. Жаңа айдарымыздың тұсаукесерін нағыз қазақ жігітіне тән қасиеттерді саралаудан бастадық.
– Құрметті Балтабай аға, сіздің сегіз қырлы, бір сырлы ел ағасы екеніңізді жақсы білеміз. Қазақы құндылықтарға арналған айдарымызды бір шығарылыммен қамту мүмкін емес. Сол себепті, осы жолғы сұхбатымызда ұлтымыздың ер-азаматтарына тән қасиеттерді шолсақ деп отырмыз.
– Бастамаларыңызды өте орынды деп білемін. Тарихқа көз жүгіртсек, ата-бабаларымыздың дәуірінде тұрмысқа қажетті біз қолданып жүрген техникалардың бірі де болған жоқ. Сол замандарда жұлдызға қарап жазықты, орман-тоғайлы жерлерде адаспай жол табудың, ауа райын болжаудың өзі даналық емес пе? Тіршілігіне қажетті құрал-сайманның бәрін өз қолымен жасай білді. Табиғатқа етене жақын болып, ат үстінде ұлан-байтақ жерді қорғап, көшпенді өмірдің ең озық үлгісін көрсетті. Ер-жігіттің ерен тұлға болуы үшін бабаларымыздан артық жауап бере алмаспыз. Айтып тауыса алмайтын өнеге, сырлар бұрынғылардың насихатында жатыр ғой.
– Осы орайда «жігіт сегіз қырлы, бір сырлы болуы керек» деген сөзді екінің бірі білсе де, мәніне үңіліп жатқандар шамалы. Осы сөздің мағынасын ашып берсеңіз...
– Мен Алмас Алматов есімді досыммен бірге жігіттің жеті қыры және оның тұрағы жөнінде талдап, халыққа насихаттап жүрміз. Оның біріншісі – тектілік, екіншісі – бекзадалық, үшіншісі – жомарттық, төртіншісі – мәрттік, бесіншісі – батырлық, алтыншысы – байлық, жетіншісі – сахилық, осы жеті қырды лайлап алмас үшін сегізіншісі – иман мен білім қажет.
Тектілікке тоқталсақ, бабаларымыздың «Жеті атасын білген – жеті жұрттың қамын жейді, өз атасын білген – тілі мен жағын жейді» деген сөзі бар. Бабаларымыз жеті атадан аспай қыз алыспаған, қанымыз таза ұлтпыз. Соған байланысты бізде тектілік деген сөз бар, міне, бұл – жігіттің бірінші қыры.
Бекзадалыққа келетін болсақ, еуропалықтар графтарды пышақты оң қолмен, шанышқыны сол қолмен ұстайсың деген сынды жасанды түрде дайындап шығарды. Ал, біздің қазақта жас баланың келген қонақтың қолына су құйғызғанынан бастап үлкен тәрбие. Яғни, адамның кез-келген ортада сөйлейтін сөзін білуі, өзін-өзі ұстай білуі, киген киімі мен жүрген жүрісінің үйлесім табуы, тәрбие мен мәдениетінің биік болуы бекзадалық деп айтылады.
Үшінші қырын жомарттық деп отырмыз. Бұл жерде қолындағы дүниесін біреуге бере салу деген сөз емес. Бойындағы жақсы қасиеттерді жүрген жерінде тарату, білгенімен аянбай бөлісу дегенді білдіреді. Яғни, өзі білгенді кейінгілерге, құрдастарына үлгі ете отырып, жан-жағын жақсылыққа тәрбиелей білу.
Төртіншісін мәрттік деп таныдық. Бүгінгі таңда біз осы асыл қасиеттен айырылып қалдық. Қазір айтқан уәдеде, берген сөзде тұра алмаймыз, табанымыз тайғанақ, салдарынан тұрақсыздыққа тап болдық. Онсыз да кілең текті тұлғаларынан көз жазып, тағдырдың талай зұлматына ұшыраған қазақтың жан-жағына әртүрлі ұлттың өкілдері енді де, рухани өзегінен ажырап, санасы тұманданып кетті. Салдарынан тойымсыз билік үстемдік құрып, алаяқтардың асығы алшысынан түсетін, уәденің құны бес тиын болған қоғамда күн кешіп жатырмыз. Ал текті адамның ұрпағы дүниеқоңыз болмайды. Ол барымен бөлісіп, жан-жағына таратып отырады.
Жалпы мәрттік дегеніміз – тұрақтылық қой. Айтылған сөзге болаттай берік болу.
Жоғарыда айтылған 4 бірдей қасиетке ие болған жігітке батырлық өзі-ақ қонады. Осы деңгейлерді бағындырған жігітте жігер, қуат, жүрек болады. Бұл жердегі батырлықтың мағынасы – біреудің тұмсығын бұзып, басын жару, қырып-жою, күш көрсету емес. Бұл дегеніміз алға қойған мақсатыңа қорықпай бару. «Білекті бірді, білімді мыңды жығады» деген бар. Ақыл-парасатыңмен мейілінше ел игілігіне қызмет атқару.
Қазіргі таңда жаман әдеттерден аулақ болып, теріс жолға салынбай, адал табыс тауып отырған жігіттерді де батыр деп айта аламыз.
Жоғарыда айтылған осы қасиеттерге ие болған адамға байлық та өзі келеді.
Жетінші қыр – сахилық. Қазақта атымтай жомарт деген сахилар болған ғой. «Бай да өтті, батыр да өтті қос сабалы, Сансызбай сахи да өтті Қошқаралы» деген Балқы Базардың өлеңі бар. Сахилық дегеніміз байлығын барынша ауылымен, қауымымен бөлісіп отыру, еліңе жақсылық жасау. Қазіргі тілмен айтқанда – меценат деп түсіндіруге болады.
Мінекей жігіттің бойындағы жеті қасиетті талдадық. Енді «осылардың тұрағы не?» деген сауал туындайды. Бұл жеті қасиетті ұстап тұру үшін сегізінші қасиет – «иман мен білім» болып табылады. Осы сегіз қырға үңілсек, адамға керекті жақсы өнегенің бәрі жатыр деуге болады. Бұл сегіз қырға ие болған тұлға ешқашан қателеспейді.
– Расында азаматтарымызға таптырмас насихат айтып өттіңіз. Сонда сегізінші қасиет болмаса, бәрі бекер болғалы тұр ма?
– Иә, иман мен білім болмағандықтан сан қырлы жігіттеріміз жаза басып, абыройларын айрандай төгіп алатыны сондықтан. Оқыған-тоқыған азаматтарымыз елдің қамын емес, нанын жеп отырғаны имансыздықтың кесірі. Ата-аналар да баласына: «Қалтаны қалыңдатуды ғана ойлау керек!» – деп тәрбие беруде, бұл болашағымыз үшін үлкен қауіп емей немене?
– Аға, ер адамның уақыт өте келе ақсақалдыққа аяқ басатыны белгілі ғой. Бүгінгі таңда елге даналығымен сыйлы болатын, қазына толы сандықтай, шежіре кеуде қарттардың сиреп кетуі неліктен? Тіпті қазақы қағидаға сүйенетін болсақ, «Қария» деген мектеп жоқтың қасы деуге келетіндей.
– Бұған қоғам кінәлі деп білемін. Біздің бала күнімізде жасы алпыстан асқан, көпті көрген дейтін ағаларымыз: «Сендер бізден ақыл сұрамаңдар», – деп айтатын. «Неге?» десек, – «Біз көзімізді ашқанда конфискация келді, ашаршылық келді. Есімізді жимай жатып өлгеніміз өліп, тірімізді балалар үйіне айдап жіберді. Балалар үйінен енді ес жия бастағанда соғыс басталып, соғысқа аттандық. Аман қалғанымыз Отанға келсек, жетім-жесірге толы, азып-тозған ел көрдік. Сол елді қайтадан қалпына келтіру үшін жанымызды аямай еңбек еттік. Бұдан кейін бізден не сұрайсыңдар?» – дейтін. Қияметке толы замандарда Алла аман сақтап қалған ауызында Алласы, қойнында құраны бар бірді-екілі ақсақалдар болды. Сол аталарымыздың өнегесінің арқасында ақсақалдықтың жұрнағы үзілмей әрең аман қалды десек болады. Кеңес үкіметінен көрген сансыз қиянаттардың салдарынан көп құндылықтарымыздан ажырап қалғанымыз осы. Ендігі әр қазақтың міндеті – жас ұрпақты замана көшіне ілестіре отырып, салт-дәстүрімізге, дініміз бен ділімізге баулу.
– Кесек ой мен келелі әңгіме өрбіткеніңіз үшін рахмет. Өзім үшін де, оқырман үшін де азық болатын сұхбат болды деп ойлаймын. Бұл сұхбатымыздың соңы емес, алдағы уақытта қазақы құндылықтардың төңірегінде келелі әңгімеміз жалғасын табады деп ойлаймын.
Ринат НАРХАНОВ.