Бейсенбі, 02 Шілде 2020 10:03

Теледидар – тәрбие құралы

Бүгінгі күні әр отбасының құрметті де сыйлы қонағы секілді төрінен орын алып, сол үйдің айырылмас бір бөлшегіне айналған бір зат бар. Ол зат – бүкіл халықтың рухын оятып, дүр сілкіндіре алатын немесе оның миын улап, санасын азғындатып, түбіне жете де алатын қасиеті бар. Құдды адамның екі иығында отырған періште мен шайтан секілді оны жақсылыққа да, жамандыққа да бейімдей алады. Оның үйімізде тұрғанына көңіл аударып, жиі байқай бермесек те, бірақ соның ішкі жан дүниемізге тигізген әсерін мойындаймыз. Соған қарап әлемде болып жатқан оқиғалардан хабардар боламыз, керектіні үйреніміз, ондағы кейіпкерлерге қарап бой түзейміз, кейде тұңғиық ойларға шомып, алысқа қол созып, армандарға берілеміз. Әйтеуір, оның құрсаулаған торына қалай тұтылып жатқанымызды өзіміз де сезбей қаламыз. Кейде жанымызға шуақ шашып, жер бетіндегі барша қазынадан қымбат тұратын асылға айналатын, кейде атом бомбасынан да қауіпті құралға айналатын бұл құрылғы еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін бәрімізге белгілі теледидар еді.

Әрине, теледидардың өзі ештеңе емес екені анық. Тек онда болып жатқан бағдарламалар мен фильмдер маңызды. Бүгінде әлемнің қайда бара жатқанын аядай теледидардан үйде отырып-ақ болжай алатын дәрежеге жеттік. Біздің ертеңіміз бен болашағымыз саналған жас ұрпақты да осы қара жәшіктің тәрбиелеп жатқаны тағы рас. Әлемдік саясат пен әлеуметтік мәселелер, мәдениет пен өнер, спорт пен жарыстар барлығы дерлік осы қара жәшіктің ішінде жүріп жатқандай күй кешетініміз шындық.

Теледидардың пайдалы не зиянды екенін одан шығатын зиянды энергиялар мен сәулелерден іздегеніміз дұрыс-ақ. Бірақ оның басты пайдасы мен зияны онда көресетіліп жатқан телеөнімдермен тікелей байланысты. Әсіресе, теледидардың бала тәрбиесіндегі маңызы зор. «Ана тілі» газетінде жарияланған Анар Дүйсенбайқызының «Мультфильмдердің бала тәрбиесіне әсері қандай?» атты мақаласындағы: «Американдық зерттеушілер теледидар көрермендерінің басым бөлігі балалар мен жасөспірімдер екенін дәделдеген. Олардың пікіріне назар аударсақ,  әр бала шамамен өз уақытының 30 пайызын экран алдында өткізеді екен. Осыған орай, зерттеушілер баланың мектепке барғанша 5 мың сағат, мектеп бітіргенге дейін 19 мың сағат теледидар алдында отыратынын да дәлелдеген. Сонымен қатар, шамамен балаларымыз күніне 17 өлім, 37 мейірімсіздікке толы көріністерді көреді екен. Осыдан-ақ өз балаңыздың дүниетанымы мен жүйке жүйесінің қалыптасуына теледидардың қаншалықты әсер етіп жатқанын аңғаруға болады. Бүлдіршіндердің теледидардан көріп тамашалайтын туындылардың басым бөлігін мультфильмдер құрап отыр…

Қай-қайсымыздың болмасын үйіміздегі балаларымыздың бірі үстілеріне жамылғы жамылып, «Черный плащ» бо­лып зыр жүгіріп, айғайлап жатса, бірі «Ниндзя-Черепаха» болып, қылышын сумаңдатып жатады, енді бірі «Супермен» болып, алқымыңнан алады, тағы бірі «Өрмекші адам» болып тыным таппайды. Мұның себебі де жоқ емес. Өйткені олардың сана-сезімін, бүтін психологиясын не адам бейнесіндегі емес, не құбыжық емес қалыптағы бейнелер жау­лап алған. Ал оған тосқауыл боларлық дең­гейдегі ұлттық өнімдеріміз жоқтың қасы.

Жаһандану үдерісі белең алған шақта Батыстан келіп жатқан анимациялық фильмдер жас ұрпағымыздың санасын улауда. Қайсыбір шетелдік мультфильмді қарасаңыз да балаларды қызықтыру үшін барлық жағдайды ойластырған. Тіпті, балалар түгілі ересектердің өзін еріксіз баурап алады. Осыдан барып сана-сезімі, өзіндік ұстанымы әлі қалыптасып үлгермеген балалардың мінез-құлқында өзгерістер пайда болады. Күндіз-түні жағымсыз әсердегі фильмдер мен ағыл-тегіл төгілген қанды көріп, содан тәрбие алып өскен ұрпақ не болмақ?», – деген сөздерге біздің де алып-қосарымыз жоқ. Тек, келісеміз.

Баланы тек мульфильм ғана қызықтырмайды. Кейде атыс-шабыс кинолар мен балаларға арналмаған бағдарламаларды көргісі келетіні жасырын емес. Ал оның зиянын айтып жатпасақта, нәтижесін барлығымыз сезіп отырмыз.

Бүгінде қазақ телевизиясы негізінен у мен шудың, хайп пен шоудың ордасына айналды. Экран бетін бір өзі бар «мамандықты» меңгеріп, «ғұлама» болғысы келіп жүрген әрі өздерін «жұлдыз» атандырған шоумендер жаулап алғаны өтірік емес. Әрине, нағыз өнерпаздар жоқ емес. Бірақ танымал болып жүргендердің дені өнердің иісі мұрнына бармайтын, тек фонограмманы серік еткен пысықайлар екеніне дау жоқ. Осыларды үлгі тұтқан бүлдіршіндер де ғылым қуып, білім іздегеннен гөрі, айғай аттан салып, елге танылып, «жұлдыз» болуды көксеп жатса таң қалудың реті жоқ. Өйткені, қара жәшіктің тәрбиесі солай. Тіптен ел алдында боқтасу, жұлысу, шешіну танымал болудың төте жолы болып қалғандай.

Бүгінгі қазақ телевизиясы үш түрлі дағдарысқа ұшыраған. Біріншіден, шоу мен хайп қуалау. Рейтинг қуалаймыз деп ұятсыздық пен арсыздыққа жарнама жасап жатқанын, әрине, біледі. Бірақ, осыны тікелей танылу мен рейтингін көтерудің төте жолы санайды. Нәтижесі «ұялмаған өлеңші боладының» кері. Сосын барлық қоғам мүшелері дарынды ұстаз, білікті дәрігер, атақты ғалым, яки қарапайым еңбек адамы болудан гөрі экраннан түспейтін «жұлдыз» болуға талпынады. Қай каналды қойсаң да астарлы ой мен мағыналы әңгіме емес, мәнсіз әуен мен дарақы күлкі басым. Соның нәтижесінде қазақ қоғамының саясаты да, ғылым мен білімі де шоуға айналып кеткенін күнде көріп жүрміз.

Екіншіден, көшірме көп. Яғни авторлық немесе қазақ қоғамының иісі шығып тұратын бағдарламалар өте аз. Есесіне, экранды АҚШ та, Еуропа да, Ресейде қойылып, бүгінде тізесі шыққан бағдарламалар жаулап алған. Әрине, пайдалы, интеллектуалды бағдарламалар болса оның орны бөлек. Көбінесе түкке пайдасы жоқ шоулар. Сосын ешқашан бітпейтін үндінің жылауық сериалдары мен сағызша созылған түріктің «махаббат» хикаялары. Ал отандық телехикаялардың жасандылығы басым екенін онсыз да білеміз. Сондықтан шетел телехикаяларымен бәсекелес бола алмайды.

Үшіншіден, танымдық бағдарлама-лардың өте аздығы. Тіптен, жоқтың қасы десек те болады. Бала түгілі ересектердің де интеллектуалдық өресін көтеретін ғылыми, танымдық бағдарламалардың көп болуы баршамыз үшін керекті нәрсе. Өзіміз атаған АҚШ пен Еуропаны былай қойғанда, көршіміз Ресейдің өзінде тек танымдық бағдарламаларға арналған бірнеше телеарна жұмыс істейді. Біздің көшіргіш телеарналар осыған келгенде неге көшіріп алудан «ұялып» қалатыны тағы да түсініксіз.

Күні кеше Елбасының тікелей тапсырмасымен Ақпарат және байланыс министрлігі құрылған болатын. Аталған министрлік телеарналардағы бейберекет телеөнімдерге қарсы қандай шаралар қолданып жатқанын алда көре жатармыз. Коммерциялық, жекеменшік арналарды былай қойғанда, ең алдымен бюджеттен тікелей қаржы алып, мемлекеттік саясатты жүргізіп отырған телеарналарды бақылауда ұстау өте маңызды. Әйтпесе, бірер жылда пұтқа табынатын ұрпақтың өсіп шығуы да ғажап емес. Одан кейін: «Ұрпаққа кім үлгі боп жүр?!» деп сұрақ қоюдың өзі кеш боп қалады.

 

Н.Тілеуқабыл

Оқылды 9422 рет

Соңғы жаңалықтар

Қар 21, 2024

Наш собственный корреспондент…

С начала 90-х годов прошлого века в областной газете «Огни Алатау» сменилось несколько ее…
Қар 21, 2024

«ЖАҢАРТУ» расширяет возможности…

Проект «ЖАҢАРТУ» («Обновление»), презентация которого состоялась в мае 2024 года,…
Қар 21, 2024

Артық шығын абырой әкелмейді

Елімізде діни рәсімдерді өткізу барысында көптеген қателіктер орын алып жатқанын естіп…
Қар 21, 2024

Кәсіп болмай, нәсіп болмас

Бүгінде балалардың жан-жақты дамуына, кәсіпке деген көзқарасын қалыптастыруға барлық…
Қар 21, 2024

«Атамекен» приглашает к диалогу

Национальная палата предпринимателей «Атамекен» Алматинской области выступила инициатором…
Қар 21, 2024

Бейбіт күн – бірліктің жемісі

Көпұлтты мемлекетіміздің ішкі саясатында ең маңызды дүние – ұлтаралық татулықты сақтау.…
Қар 18, 2024

Внимание, жители г. Есик!

Региональный офис ЮНЕСКО в Алматы совместно с Центром «Содействие устойчивому развитию…
Қар 14, 2024

АФМ проводится расследование в…

Она подозревается в хищении свыше 1,5 млрд тенге, собранных для помощи гражданам,…
Қар 14, 2024

ҚМА еріктілер қозғалысының…

Ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған 1,5 млрд…

Күнтiзбе

« Қараша 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет