Бүгін Нұр-Сұлтан уақытымен 17:00 де Токио қаласындағы XXXII жазғы Олимпиаданың ашылу салтанаты өтеді. Салтанатты шеруде әлемнің 200 елінен келген 11 мыңға тарта спортшы жүріп өтеді және құрама арасында бір спортшыны елдің туымен шығару дәстүрі бар. Бұл да спортшыға артылған жауапкершілікті еселей түсетіндей көрінеді. Әр жылдары Қазақстан туын түрлі бағыттағы спортшылар көтеріп шықты. ҚазАқпарат агенттігі Қазақстан туын көтеріп шыққан ұландардың Олимпиада нәтижелеріне шолу ұсынады.
Қазақстанның тәуелсіз ел ретінде қатысқан алғашқы жазғы Олимпиадасы 1996 жылы АҚШ-тың Атланта қаласына өткен еді. Онда жамбылдық жас боксшы Ермахан Ибраимов ту алып шықты. Бұл Олимпиадада спортшы «қола» жүлде алды. Жалпы есепте Қазақстан 11 медальмен 197 ел арасында 24-орынға тұрақтады.
4 жылдан кейін Аустралияның Сидней қаласында өткен кезекті Олимпиадада да Ермахан Ибраимов ту ұстаушы болды. Әзірге Е. Ибраимов – Қазақстанда екі Олимпиадада ту алып шыққан және екеуінде де жүлдемен оралған жалғыз спортшы. Сидней ойындарында боксшы Қазақстан қанжығасына «алтын» әкелді. Сиднейдің тағы бір чемпионы Бекзат Саттарханов екеуі бокс жұлдыздарына айналды. Қазақстан Олимпиада нәтижесі бойынша 199 мемлекет арасынан 22-орынға көтерілді.
2004 жылғы дәстүрлі дода Олимпиада отаны – Грекияда өтті. Салтанатты ашылуда Қазақстан туын дзюдошы айбынды Асхат Жіткеев алып шықты. Одан халықтың Ермахан Ибраимовтың жолын, жеңісін күткені рас. Бұл додада А. Жіткеев 7-орын алып, жүлдеге іліге алмады. Жалпы Қазақстанның нәтижесі төмен болып, 201 елдің арасында 40-орынға бір-ақ сырғыды. Дегенмен, 2008 жылы Бейжің Олимпиадасында 27 жастағы Асхат Жіткеев «күміс» жүлдеге қол жеткізді. Бұл – Қазақстанның дзюдо бағытындағы алғашқы Олимпиада медалі болды.
2008 жылғы Бейжің Олимпиадасында Қазақстан туын алып шығу мәртебесі ауыр атлетикадан Азия чемпионы Бақыт Ахметовке берілді. Бақыт Ахметов Сидней Олимпиадасында 15-ші орын, Афина Олимпиадасында – 7-орын алған еді. Бейжің ойындарында 415 келі нәтижемен 5-орын алды. Қазір Бақыт Ахметов – ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасының бас бапкері. Оның салтанатты шерудегі ұлттық киімін танымал дизайнер, стилист Құралай Нұрқаділова тіккен еді. Қазір бұл костюм Олимпиада естелігі ретінде Бейжіңдегі музейде тұр.
2012 жылы Лондонда өткен Олимпиада ойындарында еліміздің көк байрағын грек-рим күресінің балуаны, Азияның екі дүркін чемпионы Нұрмахан Тінәлиев ұстап шықты. Алайда жарыс жолын 1/8 финалдан бастаған Н. Тінәлиев швециялық Еурен Йоханнан жеңіліп қалды. 2016 жылы Рио Олимпиадасында Лондонда кеткен есені қайтарғысы келді. Дегенмен, бұл жолы сәттілік серік болмады, Н. Тінәлиев алғашқы белдесуіне неміс спортшысы Эдуард Поптаннан жеңіліп қалды. Кейінірек ол 2018 жылы Индонезияда өткен Азия ойындарында жарақатпен күресіп, екінші орын алды. 2019 жылдың қарашасында Мәскеу Гран-приінде, желтоқсанда Алматыда Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлерінен Конфедерация кубогына қатысты. Ал 2020 жылы Н. Тінәлиев Францияда грек-рим күресінен өткен Гран-при бәсекесінде «күміс» жүлде алды.
Рио-де-Жанейро қаласында өткен ХХХІ жазғы олимпиадада 20 жастағы таеквондошы Руслан Жапаров ту ұстаушы болды. Алайда спортшы алғашқы айналымда әзербайжандық қарсыласы Радик Исаевтан 11:2 есебімен жеңілді. Жұбаныш кездесуіндегі жекпе-жекте те отандасымыз 29 жастағы оңтүстіккореялық Чха Дон Миннен жеңіліп қалды. Руслан Жапаров биыл да Токио Олимпиадасына қатысуға жолдама алды. Ол таэквондода 80 келіден жоғары салмақ дәрежесінде ел намысын қорғайды. 27 шілде күні алғашқы қарсыласы германиялық Александр Бахманмен боз кілемге шығады.
Биыл Токио Олимпиадасы қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын алғаш рет екі бірдей ту ұстаушыға – жеңіл атлетикадан Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова мен бокстан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаевқа табыстады. Спортшылар тудың Токио төрінде жиі көтеріліп, Әнұранның шырқалуы үшін барын салуға уәде берді.
Ольга Рыпакова – Өскемен қаласының тумасы, бұған дейін үш Олимпиадаға қатысып, үшеуінен де жүлдемен оралған тәжірибелі спортшы. Ол үш қарғып секіру бойынша 2008 жылы Бейжің қаласында «күміс» медаль алған, 2012 жылы Лондонда – «алтын» және 2016 жылы Рио-де-Жанейрода – «қола» медаль алған. Одан бөлек, Ольганың еншісінде Универсиада «алтыны» және Азия ойындарының 6 алтын медалі бар. Сондай-ақ, ол әлем чемпионы және 2010 жылғы құрлықтық кубогтің иегері.
Қамшыбек Қоңқабаев – Олимпиада шаршы алаңында зор жауапкершілікке ие болған бокс құрамасының капитаны. Ол 2014 жылы әскерилер арасында өткен әлем чемпионатының жеңімпазы. Азия чемпионатының екі дүркін жеңімпазы және 2017 мен 2019 жылғы әлем чемпионаттарының күміс жүлдегері. Токио Олимпиадасы 29 жастағы қызылордалық спортшы үшін алғашқы Олимпиада ойындары болмақ.
Айта кетейік, Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты 23 маусымда Токио Олимпиада стадионында өтеді. Қазақстан құрамасында спорттың 28 түрінен Олимпиаданың 97 жолдамасы бар.