Сейсенбі, 24 Тамыз 2021 09:10

Мұқағали Мақатаев бар мұнда!

Сырым да – осы,

Жырым да – осы,

Алдыңда

Байқашы бір,

Бықсыдым ба, жандым ба?

Махаңдар жоқ,

Махаңдардың сарқыты –

Мұқағали Мақатаев бар мұнда!

Иә, өмірін өлеңмен өрнектеп, «күпі киген қазақтың қара өлеңін, шекпен жауып, өзіне қайтарған» ақиық ақын Мұқағали Мақатаев – қазақ поэзиясының Хантәңірі. Оның өлеңдері мен поэмалары, аудармалары қазақ әдебиетінің, поэзиясының биік шыңы десек, артық айтқандық емес. Биыл поэзия мұзбалағының туғанына 90 жыл толды. «Ақынның аты өлсе де, хаты өлмейді» деген халық даналығы бекер айтылмаса керек, Мұқағали Мақатаевтың мұра етіп қалдырған өлең-жырлары бүгінгі ұрпақтың рухани қазынасы.

Өлеңмен өрнектелген өмір

М.Мақатаев 1931 жылы 9 ақпанда Алматы облысы, қазіргі Райымбек (бұрынғы Нарынқол)ауданының Қарасаз ауылында дүниеге келген.Ақынның туған күні жөнінде екі түрлі ақпарат бар. Алайда құжаттар бойынша ақынның туған күні ақпанның 9-ында тойланады. Десек те, М.Мақатаев 8 наурызда туғандығы жайлы анасының айтқаны бар: «Мұқағалиым 1931 жылы наурыз айының 8-інде дүниеге келген болатын. Жаңылысуым мүмкін емес. Себебі балам мынау фәнидің есігін ашқаннан біраз уақыт өткеннен кейін Наурыз тойы болады, наурыз көже жасаймыз деп күтіп отырғанбыз». Мұқағали Мақатаев атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты Оразақын Асқар ақынның екінші туған күніне байланысты мынадай сөз айтады: «Ал құжат бойынша Мұқағали 9 ақпанда дүниеге келген. Бұл куәлікті ақын ес білген кезде сол кездегі сайлау науқанына байланысты өзі жаздырып алған екен». Ақиық ақынның туған күні туралы түрлі нұсқалар болса да, өмірі мен шығармашылығы – күмәнсіз ақиқат.

Мұқағалидың азан шақырып қойылған аты – Мұхаммедқали. Әкесі қарапайым шаруа, колхозда сушы, шалғышы болып істеген. Мұқағали үйдің тұңғышы болған, бір қарындасы және үш інісі болған. Қарындасы мен өзінен кейінгі інісі ерте көз жұмған. Соңғыларының есімдері –Тоқтарбай мен Көрпеш. Қазақ дәстүрі бойынша үйдің тұңғыш баласы ата-әжесінен тәрбие алуы тиіс, сондықтан Мұқағали әжесі Тиынның қолында өсіп, анасын жеңгесіндей қабылдайды. Балалық шағы соғыспен қатар өткендіктен, ақын тағдырдың ащы дәмін ерте татады. Бұл туралы өзінің «Неңді сенің аңсаймын, бала шағым?» атты өлеңінде жазған.

...Сенің қандай аңсаймын

«тамашаңды?»

Соғыс келді: жүрекке жара салды,

Шапан еттім төсенген алақанды,

Қамқор тұтып, қауқарсыз қара шалды.

Сағынам ба суық пен талқаныңды?!

Суығыңды, сұрқия қаңтарыңды.

Әжем байғұс мезгілсіз ораза ұстап,

Бізге беріп талқанын қаңтарылды...

Осылайша, соғыс жылдарындағы әжесінің жанында өткен қиын-қыстау күндерді суреттеген Мұқағалидың майдан даласына аттанған әкесі 1941 жылы Калининград майданында қаза болған.

Ол 1962 жылы Алматыға қоныс аударып, әдеби ортаға етене араласа бастайды. Алматы Шет тілдері институтының неміс тілі, Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультеттерінде оқып, Мәскеудегі М.Горький атындағы әлем әдебиеті институтында білім алады. Шығармашылыққа бет бұрып, «Социалистік Қазақстан» газеті (қазіргі «Егемен Қазақстан»),  «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат»), «Жұлдыз» журналда-рының редакциясында, Қазақстан Жазушылар одағында қызмет атқарады.

Мұқағали Алматыдағы қазақ әдебиеті мен өнерінің қаймақтары шоғырланған ортада өткерген аз ғана жылдар ішінде өзіндік дара үнін, суреткерлік қайталанбас дарынын танытып, өнімді еңбектене білді. Көзінің тірісінде «Ильич», «Армысыңдар, достар», «Қарлығашым, келдің бе?», «Мавр», «Аққулар ұйықтағанда», «Шуағым менің» атты жыр жинақтары жарық көреді.

Мұқағали поэзиясының қайнар көзі, шабыт тұғыры – туған елі, өскен жері, Отан тағдыры, замана тынысы, замандастарының арман-аңсары, табиғат бейнесі, мөлдір махаббат, сарғайған сағыныш. Осының бәрін Мұқағали жас дарынға тән қайталанбас шеберлікпен, поэтикалық мінсіз үйлесіммен, әр жүрекпен тіл табысар сыршыл да шыншыл сезіммен, нағыз поэзияға ғана тән бейнелі образдармен бедерлеп, өлмес өнер деңгейінде өлеңге қосып отырған. Ақынның шығармашылығы қарапайым оқырмандарын ғана емес, өзінің әріптестерін де тәнті еткені баршаға мәлім. Ақиық ақын туралы Қазақстанның халық жазушысы, ақын Әбділдә Тәжібаев: «Мұқағали Мақатаев – біздің замандағы ғажайып ақындардың бірі. Мақатаев атты алып ақындық жарқын жүзіне, миллион адам миллион түрлі пікір пайымдаса да, ешбір кіреуке, көлеңке түспей келешекке қарай керуен түзеп, көше бермек» – деген.

 

О, махаббат! Сен әлі тірі ме едің?

Әртүрлі тақырыпта қалам тербеген ақынның шығармалары әр қазақтың жүрегіне жол тауып, жанын тебірентеді. Әсіресе, махаббат тақырыбындағы өлеңдер бүгінгі күнде ғашықтар әлдиіне айналды.

– Құс боп ұшып жоғалсам,

не етер едің?

– Сені іздеумен мәңгілік өтер едім.

– Отқа түсіп өртенсем, не етер едің?

– Күл боп бірге соңыңнан кетер едім.

– Бұлдырасам сағымдай не етер едің?

– Жел боп қуып, ақыры жетер едім.

– Қайғы әкелсем басыңа не етер едің?

– Қойшы, сәулем, бәрін де көтеремін.

Мұқағалидің осы «Махаббат диалогын» жатқа білмейтін қазақ кемде-кем. Ақын қос ғашықтың арасындағы мөлдір сезімді, шексіз сүйіспеншілік пен адалдықты бір шумаққа сыйғызып қойғандай.

Ғашықпын! Шын ғашықпын сол адамға!

Мен болмасам, болмайын.

Сол аман ба?!

О, тәңірім! Неткен жан қайрылмайтын!

Жүрегі еттен бе, әлде қоладан ба?!

Ғашықпын. Қайтіп оны жасыра алам,

Бір алтын оның әр тал шашы маған.

Сағынайын, таусыла сағынайын,

Сағынышқа жаралған ғашық адам...

Ақынның осы тектес кіршіксіз махаббат пен сағынышқа толы жырлары поэзия саңлағының құдіретті сезімге деген адалдығын көрсетеді. Адамзаттың махаббат сезімінің алдында шарасыз екендігін дәлелдей отырып, шығармалары тұнық та мөлдір сезімнің тұңғиығына жетелейді.

Ақынның қос ғашықтар арасындағы ғана емес, туған жерге, анасы мен перзенттеріне деген махаббаты өлең болып өріліп, оқыған адамның жүрегін елжіретеді.

Қалақтай едің,

Қабіріңде қалақ тұр.

Туғаныңды, өлгеніңді санап құр.

Сенің аңқау құлағыңдай қалқиып,

Қыр басынан қала жаққа қарап тұр.

Қызым менің,

Гүлім менің,

Аяулым!

Жатыр молаң жотасындай қоянның.

Құлпытастың құны маған бес тиын,

Бірақ таспен қалай жаншып қоярмын?!

Бұл өлең жолдары ақынның өмірден ерте озған қызына деген сығыныш пен қайғыны жеткізеді. М.Мақатаевтың өмір жолы оңай болған жоқ. Тұңғыш қызы Ләззат қайтыс болып, кейіннен Майгүл есімді қызы да көлік апатынан қаза табады. Өзінің перзенттеріне деген сағынышын өлеңмен жеткізген ақынның бұл шығармалары қазақ әдебиетінің классикалық туындыларының қатарында.

Қазақта анасын жырламаған ақын кемде-кем шығар. Мұқағали Мақатаевтың ана тақырыбында жазылған өлеңдерінде анаға деген шексіз махаббат айқын сезіліп тұрады. Ол өлеңдерінде перзенті үшін шарқ ұрып, аласұрған ана жүрегін бейнелейді. Мұны «Шеше, сен бақыттысың», «Анашым» өлеңдерінен көре аламыз.

Анашым!

Асыл анам, есіл анам,

Елжіреп есіркеймін, есіме алам.

Мен үшін сен суалтқан ақ сүтіңді

Ақтамасам, боп жүрмін несіне адам...

 

Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін

Мұқағали Мақатаев шығармаларының тағы бір ерекшелігі – туып-өскен өлкесінің табиғатын, қазақ жерінің сұлулығын өлең арқылы бейнелеп, суреттеуі. Қазақ даласының тұмса табиғаты, тасыған өзені, көк майса жайлауы, төбесі көк тіреген таулары ақынның қиялына қанат бітіріп, шабытын шыңдай түскендей. М.Мақатаев – адаммен бірге табиғаттан да келісім мен жарасым іздеген ақын. Оның лирикасындағы табиғат жай сурет, көрініс қана емес, жанды, сезімтал. Ақын өзінің туындылары арқылы табиғатпен сырласады, Алатауға мұң шағады, жас қайыңнан өзіне сырлас табады, жапырақты жүрекке теңейді, мылтықтың оғына іліккен аққу мен киікті тебірене толғайды. Әсіресе, «Аққулар ұйықтағанда» поэмасында адам мен табиғат арасындағы үлкен философиялық байланысты ерекше суреттейді. Сондай-ақ ананың балаға деген ерекше махаббатын, қара өлеңмен табиғаттың сұлулығын бейнелейді.

Өзен де жоқ сыймаған арнасына,

Жылға да жоқ даламен жалғасуға.

Таста тұнған жаңбырдың тамшысындай,

Қалай біткен мына көл тау басына?!

Мөлдірейді, қарайды қарға, шыңға,

Жалғыздықтан жамандық бар ма, сірә.

Қанша ғасыр өтті екен, қанша заман?

Қанша ұрпақ кетті екен, қаншама адам?

Қанша шырша өсті екен, құлады екен,

«Жетім көлге» қараудан шаршамаған...

Осылай басталатын поэма жалғыз баласы ауыр сырқаттанып қалған бір жанұяның жайын суреттейді. Тәуіп шал баланы тек аққудың қанатымен аластаса ғана дертінен айығатынын айтады. Әкесінің аққуды өлтіруге дәті бармағандықтан оның орнына анасы мылтығын алып, қасиетті аққулар мекендейтін көлге барады. Көлге келгенде ананың қолындағы мылтығы абайсызда атылып, оқ аққуға тиеді. Шуды естіген қарт жылқышы көлге қарай келеді де, аққу өлтірген анаға ақылын айтады. Қалай болса да, ана аққуды үйге әкеледі, алайда үйге қайтып оралғанда баласының қайтыс болғанын түсінеді.

М.Мақатаевтың табиғат лирикасында ешқандай үлгілерге ұқсамайтын, ұлттық бояуы айрықша қанық, қазақ тілінің бейнелеу қуатының кереметін көрсеткен суреттер жатады. Желмаяға мініп, жұмыр жердің жүзінен жайлы қоныс, Жерұйық іздеген Асан Қайғының табиғатты суреттеуі Мұқағали Мақатаевтың жырларында көрініс табады. Ақынның табиғат жайлы қай өлеңін оқысаңыз да, туған жерінің көркем де, сұлу табиғаты менмұндалайды. «Түнгі табиғат» өлеңінде Шибұттың тамаша түнін көз алдыңа әкелгендей.

...Ай қалқып, тұнық көкте жұлдыз да тұр,

Тау қалғып сақтағандай құпия-сыр.

Шибұттың өзенімен үнін қосып,

Келеді жүрегіме бір тәтті жыр.

Тып-тыныш бар табиғат демін алып,

Тәтті бір ұйқыға енді төсек салып.

Өзені қос Шибұттың баяу ғана,

Жалығып үн шығарады талып-талып.

Толассыз соққан самал салқын леппен,

Өзеурей өліп-өшіп сүйді беттен.

Тамаша түннің тыныш табиғаты,

Еріксіз жүруіңе әуес еткен...

Ақын халықтың көңіл күйін, сүйініші мен күйінішін табиғаттың ішкі иірімдеріне сіңіре отырып, оны өзінің ішкі толқынысымен ұштастыра жырлайды.«Апырай, туған жер-ай», «Дөңгелек жер», «Рақмет, дала», «Қазақ жері», «Жетісу», «Туған жерге», «Туған жер сағындырды», «Сарыжайлау», «Туған елге» өлеңдері – осындай ұшқыр қиял мен терең толғаныстан шыққан теңдессіз туындылар.

Рас, ақын шығармашылығы – бойына терең филисофиялық мағынаны, ұлттық дәстүрді, сыршыл сезімді, риясыз махаббатты сіңірген құнды мұра. Мұқағали – өзіне дейінгі өлең өру мен жыр сомдаудағы қазақ халқының ұлттық мектептері мен дәстүрлерін жалғап қана қоймай, оны жан-жақты дамытқан, тереңдеткен, қазақтың өлең-сөзін жаңа заңғарларға көтерген, жаңа кеңістіктерге алып шыққан жиырмасыншы ғасырдың шоқ жұлдызы. Ақ ұлпа жерді жапқанда, бозарып атқан ақ таңда, 9 ақпанда дүние есігін ашып, өзінің саналы ғұмырында қазақтың үш бақытын түгендеген, қара өлеңге қуат бітіріп, «өзім жоғалсам да, артымда қалсын жерім, қалсын елім» деп толғанған поэзия ғарышкерінің шығармашылығы – бүгінгі ұрпақтың баға жетпес байлығы.

 

Дайындаған

Сардарбек НҰРАДИН.

Оқылды 4173 рет
Осы категориядағы басқа материалдар: « Ақын мерейтойына бағалы тарту Жалғыз ағаш. Әңгіме »

Соңғы жаңалықтар

Қар 21, 2024

Наш собственный корреспондент…

С начала 90-х годов прошлого века в областной газете «Огни Алатау» сменилось несколько ее…
Қар 21, 2024

«ЖАҢАРТУ» расширяет возможности…

Проект «ЖАҢАРТУ» («Обновление»), презентация которого состоялась в мае 2024 года,…
Қар 21, 2024

Артық шығын абырой әкелмейді

Елімізде діни рәсімдерді өткізу барысында көптеген қателіктер орын алып жатқанын естіп…
Қар 21, 2024

Кәсіп болмай, нәсіп болмас

Бүгінде балалардың жан-жақты дамуына, кәсіпке деген көзқарасын қалыптастыруға барлық…
Қар 21, 2024

«Атамекен» приглашает к диалогу

Национальная палата предпринимателей «Атамекен» Алматинской области выступила инициатором…
Қар 21, 2024

Бейбіт күн – бірліктің жемісі

Көпұлтты мемлекетіміздің ішкі саясатында ең маңызды дүние – ұлтаралық татулықты сақтау.…
Қар 18, 2024

Внимание, жители г. Есик!

Региональный офис ЮНЕСКО в Алматы совместно с Центром «Содействие устойчивому развитию…
Қар 14, 2024

АФМ проводится расследование в…

Она подозревается в хищении свыше 1,5 млрд тенге, собранных для помощи гражданам,…
Қар 14, 2024

ҚМА еріктілер қозғалысының…

Ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған 1,5 млрд…

Күнтiзбе

« Қараша 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет