ЕЛ ЕГЕМЕНДІГІНІҢ 30 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ «ТӘУЕЛСІЗДІК СӨЗІ» СЕРИЯСЫ БОЙЫНША «АБАЙ» БАСПАСЫНАН ГАЗЕТІМЗДІҢ ТІЛШІСІ ЕРЗАТ АСЫЛДЫҢ «ҚҰЛАҒЫМДА ТҰЯҚТАРДЫҢ ДҮБІРІ» АТТЫ ЖЫР ЖИНАҒЫ ЖАРЫҚ КӨРГЕН ЕДІ. ГАЗЕТ РЕДАКЦИЯСЫ АВТОРҒА ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ТАБЫС ТІЛЕП, ТАҢДАМАЛЫ ӨЛЕҢДЕРІН ОҚЫРМАН НАЗАРЫНА ҰСЫНЫП ОТЫР.
Көңіл боздап барады
Оралар деп жолыма анам тұр күн сап,
Көрген түстей ғайып болды мың бір сәт.
Жапандағы жалқы дарақ секілді,
Айналамды құлазимын құм құрсап.
Естілді әне, жасын даусы көк тіле,
Туған жерге төпеп нөсер төкті ме?
Қараша үйді қартаң шешем айналды,
– О, жаратқан, сүт көп бізде, көп, міне.
Айналды анам күркеше үйдің белдеуін,
Шүкір етіп, тәңірінің бергенін,
Ырыс жалар ыдысының ернеуін,
Ырыздығы таусылмағай пенденің...
Қара аспанға қайта туды қалқан Ай,
Тәңірінің аманатын арқалай.
Күбір-күбір әкем оқыр бір аят,
Күмбір-күмбір кеудеде күй тарқамай.
Кейде көңіл көтемедей дүркірер,
Кейде қонбай кететіндей жұртына ел.
Қара жерді басқан іздер білемін,
Қара аспанмен бір күрсінер, бір күлер.
Солай, сірә, көрген түстің аяны
(Қалай тимек тағдырымның таяғы)
Беймезгілсіз бет сыйпасып алады,
Арда әнтек көкке қолын жаяды.
Молаларға көзін салып қояды
Дала меңіреу, желігеді желбилеп,
Мен елітіп қалғып кетем шеркүйге.
Сәтке ғана кірпік іліп ояндым,
Қол соза алмай емендерге ербиген...
Елітеді қиырдағы елсіз маң,
(Мен бір сүрлеу салар ма
екем жолсыздан ).
Міне, тағы көңіл боздап барады,
Жел маядай желіндерін жер сызған.
*****
Желтоқсаншының монологі
Қасиетті Алаш өскен ақ бесік,
Сені отына жағама деп жат нешік...
Заман тұрды рухыңды сат десіп,
Бабам тұрды көз алдымда көк түрік,
Көк аспанға қанатыңды қақ десіп.
Далам тұрды көз алдымда көк мұнар,
Құрығыңды құрдымдарға ат десіп.
Болашағым, бостандығым үшін мен,
Ойқастадым от кешіп.
Толқы – толқы, Арал – арман,
Каспий – мұң.
Арнаңа мен ағыл-тегіл жас құйдым.
Ертеңім деп ерлігімді тас түйдім.
Өркенім деп өмірімен бас қидым
Қасиетті Алаш өскен арлы өлке,
Болды бізге, өмір тұйық, жол келте.
Құлын даусым шырқырамай қалсын ба?
Тапталғаның табандарға тар келсе.
Есіліме бұрау салып жатқанда,
Есімімді мұнар шалып жатқанда,
Бесігімді жылан шағып жатқанда,
Айтшы, Алатау, айтшы, Алатау, айып па?
Ер ұлдары ерлік үшін жан берсе.
Қарғыс атқыр ниеттерді қар көмсе,
Қыршын жаннан қымбат дедік бостандық,
Бостандық боп, болашақ боп таң келсе.
Жаттың қолыжаға жыртты...
батты ауыр.
(Өртен, жүрек, өзің үшін отқа кір)
Замананың сүркейінен зар жұтқан,
Бесігінде белгісіз үн қарлыққан,
Оны, сірә, қалай етем жатқа құл.
Қара аспанды қақыратып, соқ, дауыл,
Ерлік жырым, ертеңіме қақ дабыл.
****
Ақын туған топырақ
(Т.Молдағалиевтің рухына)
«Топырақтан тапқан бақыт мықтырақ». Жұмекен НӘЖІМЕДЕНОВ.
Сыбырлайды, сырғалы түн.
Есті самал-желемік.
Көрем жұлдыз бұлданысын,
Ай аттанып барады әне, батар
тұсқа жөнеліп.
Бұл аспаның зеңгіріне,
Нұр құлады бозарған.
Дәт айтады енді кімге?
Сөнер жұлдыз көз алдан.
Сіңіп кеткен терең көкке,
Айдан алыстым ары...
Тұрам оған елеңдеп мен,
«Екі жұлдыз» сөндірмеген шырағын.
Бар шаттығын тосқан алдан,
Дүние биге теңселсе.
Пенде біткен қосжанардан,
Айырылардай ол сөнсе.
Бір өшпес үн жаңғырардай,
Құлақ түрем,
болам дал...
Оны да ұмыт қалдырардай,
«Мына өмірге күліп келіп,
жылауға да...
үлгірмейтін адамдар».
Тау мұнарды, таң қуанды,
Тек мүлгиді атырап,
Мына көктем көзді арбайды,
Суытпаған сезімін.
Бүлік етеді ақын туған топырақ,
Есіне алып өз ұлын.
Көктемеде көк қаулаған күндерде,
Көктен моншақ көп саулаған күндерде,
Жүректерді от жаулаған түндерде,
Көздер мен көз қиылысқан сәттерде,
Сағыныштың күйі қысқан сәттерде,
Жасыл баққа құстар қонған мезетте,
Дүние нұрға құштарланған мезетте,
Ақ бұлақтар алқына аққан мезетте,
Жамалын қыз жарқыратқан мезетте,
Күзгі бақтар күңіренген кездерде,
Бал еріндер шырын емген кездерде,
Ертегідей бой көтерсе-ақ қала,
Алматыны қар қымтаған шақта да,
Күнде, айда, маусымда,
Өзен мен көл, тау, шың да,
Жатты бәрі, ұлы ақынның
өлеңінің даусыңда
Ажарланар Алатау, Күн қонғанда
желкеге, Ай қонғанда арқаға.
Мөлдірейді түпсіз аспан ал қара.
Сипап өтер сол аспанды
қайтқан құстар қанаты,
Байланғандай көк пенен жер арасы.
Ал қара жер, үнсіз жатыр ой бүгіп,
Сол ғажайып ақын туған өлкеде,
– Бір еңселі ескерткіш жоқ,
– дейді жұрт.
Бір ескерткіш керек шығар,
мрамор мен мәрмәрдан,
Оны сұрап, әуре болман
асығыстау жандардан.
Жер бетіне жеткен сәуле шың сүйді.
Оны еске алып орман
желмен сыңсыйды.
Алуан мезгіл сан бояумен кестелеп,
Оны еске алар, жәудір бұлақ,
жас терек.
Жас қайыңдар, биле, биле,
Шықтар тұнған жапырақ та, дірілде.
Сені әлдилер күнде, күнде,
Сол қалған ән қайтқан құстар үнін де.
Ақын туған топырақ бұл,
Қалмас жүрек бір құдырет сезінбей.
Зымырайды уақыт, зымырайды уақыт,
«Оның бала кезіндей»...
Зымырайды уақыт, зымырайды уақыт…
жоқ, шет-шегі тоқталар.
Бәрі-бәрі жоғалады
Топырақтан тапқан бақыт тек қалар.
Зымырайды уақыт, зымырайды уақыт,
Арғымақтай алқынған...
Шулайды көл, шулайды құс
шарық ұрған,
Ырғайды жел, ырғайды жел
алтын дән.
Мен де егіліп барам енді солқылдап,
Топырақты басып тұрып ол туған...
Ақын туған топырақ бұл....
*****
Түсімде ылғи таулар жүзіп келеді
Бірде «Шетелдегі қазақ балалар» атты бағдарламадан мұхит асып кеткен қазақ баласы журналистпен қызу әңгіме арасында «Түсімде ылғи тауларды көремін» дегені есімде.
Көздерімде көкжиектің тереңі,
Жүрегімде жұлдыздардың өлеңі.
Жан ағатай, мен ғажайып түс көрдім,
Көктеңізде таулар жүзіп келеді.
Қарсы жүзсе, дауыл соғар демінен,
Ақша бұлттар әрең асар белінен.
Мұндай алып шыңды, сірә, кім көрген,
Матчасы үлкен нән кемелер көріп ем.
Бірақ таулар тоқтамады жағаға,
Үрейленіп шулады ұзақ шағала.
Алыс шеттен ақ орамал бұлғады,
Аппақ қайың айналды да анама.
Күтіп ем ғой күндер санап, айды аңсап,
(Жүрек солай сағынышқа байланса)
Көк тіреген шыңдар кетті алыстап,
Анам құшақ жайғанша...
Таулар, сірә, ғайып болды кенеттен?
Дауыл тұрды, нөсер төкті шелектеп.
Мен оларды келе ме деп көп күттім,
Келмеді олар, көк теңізге көп өкпем.
Бір елесін қуалаймын аңыздың,
Көкірегімде тербелісі теңіздің.
Қайран құмға бауырымды төседім,
Толқындарға көзден моншақ көп үздім.
Аққайыңдар, сағынамын мен оны,
Көз алдымда көк теңіздің тереңі.
Толқындарға қуып келем жармасып,
Түсімде ылғи таулар жүзіп келеді.