«Наурыз» – парсы сөзі. Бұл қазақша айтқанда «жаңа күн» деген сөз. Қазақ халқы «Ұлыстың ұлы күні» деп аса қадірлейтін бұл күн, яғни 22 наурыз бүкіл Шығыс халықтарының ежелгі бас мерекесі. Наурыз – жаңа жыл тойы, көктем мерекесі, күн мен түннің теңелу сәті, халықтардың ынтымақ күні.
Бұл мерекені тойлайтын халықтар үшін аса зор салтанат, ұлы жиын. Орта Азия мен Қазақстан тұрғындары бұл күнді « Самарқанның көк тасы жібіген күн» деп те дәріптейді. Наурыз қазақта бірінші айдың аты. Наурыз күні халық таза киініп, бірін-бірі құттықтап, қуаныш дастарханын мол жаяды. «Ұлыс құтты болсын!», «Ақ мол болсын!», «Төрт түлік ақты болсын!» деген сияқты тілектер айтылады. Адамдар бір-бірінің қатесін кешіріп, оның аяғы ойын-сауық, ән-жырға жалғасады. Халықта бұл күнге лайық салт-дәстүрлер де бар. Олар «Наурыз тойы», «Наурыз жыры», «Наурыз көже», « Наурыз бата» деп аталады. Наурыз айының ажырамас белгісі – наурыз көже дайындау. Наурыз көже азықтың жеті түрінен жасалады. Қазақстанда жүзден астам ұлт өкілдері тұрады. Олар да наурыз мерекесін тойлайды.
Тәжіктер Наурызды достықтың кілті және тіршіліктің оянуы деп санайды. Оны «Хадир айиам», яғни «үлкен мереке» деп атайды. Наурыздан бір апта бұрын балалар көктемнің келе жатқанын «Гол гардани» рәсімін өлеңдетіп орындау арқылы білдіреді. Бұл рәсімде балалар таныстарының үйлеріне көктем гүлдерін апарып, үй иесі оларға сыйлық беріп, сый-сияпат көрсетеді. «Хане текани» - үй тазалау; арнайы тәтті-дәмді тағам әзірлеу; кең «Һафт син» дастарханының әртүрлі тағамдарын дайындау да Наурыздың дайындық жұмыстарының құрамына енеді. Сонымен қатар Тәжікстан халқы Жаңа жылдың алғашқы күндері қала алаңдары мен парктерінде әткеншек теуіп, жұмыртқа ойынын ұйымдастырып, күресіп, әтеш төбелестіріп шаттық пен қуанышқа бөленеді. Ал Ауғанстан халқы наурызды ұлықтау үшін үстеріне жаңа ақ түстен тігілген киім киеді. Олар дастархандарын тәтті-дәмді тағамдарға толтырып, «Һафт син» дастарханын жаяды. Қаланың сыртындағы арнайы алаңдардағы табиғат аясында көңіл көтеріп, шаттыққа бөленеді. Күрес, ән айту, халық билерін орындау, әтеш төбелестіру сияқты көңіл көтеретін шаралар осы күні орындалатын рәсімдердің қатарына жатады.
Әзірбайжан елі наурыз мерекесін олар «Новруз-байрам» деп атайды. Наурыз мейрамын көктемді тойлаудың ең ежелгі және құрметті мейрамы деп түсініп, оны табиғаттың жандануының белгісі деп те қабылдайды. Әзірбайжанда наурыз мерекесіне дайындық ерте басталады – үйлер көркейтіліп, ағаш отырғызылады, жаңа киім тігіледі, жұмыртқалар боялады, тәтті-дәмділер мен ұлттық тағамдар дайындалады. Әзірбайжанда Наурыз – отбасылық мейрам. Мейрам күні кешке барлығы отбасылық ошақ басында жиналады. Жаңа жыл бай және жемісті болу үшін үстелге көптеген әр түрлі тағамдар қойылады. Мейрам 3 күнге созылады және көпшіліктің серуенімен аяқталады. Адамдар ұлттық киімдерді киіп, халық әндері мен билерін орындайды, спорттың ұлттық түрлері бойынша жарыстар өткізіледі. Наурыз – ирандықтардың ежелгі мейрамы. Ирандық данышпан Омар Хаям өзінің «Наурызнама» атты кітабында наурыз күн тізбегінің негізін Жәмшид қалады деп, аты аңызға айналған осы қаһарманның ізін тарихи рауаяттарға түсіреді. Олар Наурызды көктемнің алғашқы күні деп біліп, оның келуін егжей-тегжейлі символикалық рәсіммен тойлайды. Осы көзқарас бойынша, табиғаттың өмірі ирандықтар үшін ерекше маңызға ие болған.
Түркияда «Султан Невруз», «Невруз Султан» деген атпен наурыз мерекесін айрықша атап өтеді. Наурыз күні таңертең ерте тұрып, жаңа киімдерін киеді. Зират басына барады. Әйелдер түрлі-түсті тағамдар пісіреді. Туыс-туғандар бір дастархан басына жиылып, ас ішеді. Ән айтып, би билеп көңіл көтереді. Ағашқа әткеншектер құрылып, балалар алтыбақан тебеді, «байрақ» жазуы бар батпырауықтар ұшырады. Сонымен қатар бұл мерекеде туыс-туған, ілік-шатыстар мен көршілер бір-бірінің үйіне барып, дәм татады. Әулеттің үлкендеріне барып бата алатын дәстүр де бар. Наурыз мейрамын оңтүстіктегі көршіміз Өзбекстан 21 наурызда тойлайды. Өзбектер наурызды қалай қарсы алса, келер жыл солай өтеді деп сенеді. Сол себепті бір-бірін кешіріп, жақындарына сыйлық ұсынып, қуанышқа бөленуді мақсат етеді.
Наурыз күні бұл елде қайнаған жәрмеңке болады. Жұрт ұлттық киімдерін киіп, ән айтып, биге басады. Әтеш төбелестіріп, ит таластырады, қошқар сүзістіріп, қызыққа батады. Кей өңірлерде бәйге, жорға салады.
Алуан түрлі тағам жасайтын өзбек әйелдері бұл күні «қазан толды» дайындап, наурыздың сыйлы асы-сумаляк жасайды. Бидай ұнынан жасалатын сумалякты бақытты өмірдің, молшылық пен жылылықтың тағамы деп ырымдап ішеді. Осылайша әр ұлтта наурыз мерекесін думандата тойлайды.
Наурыздың 22 күні Казатком негізгі орта мектебінде «Қош келдің, Әз Наурыз!» атты мерекелік іс-шара өткізілді. Наурызды қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айнұр Орзимбетова ұйымдастырды. Іс-шараны Алива Гүлжан мен Ақалман Ерқасым жүргізді. Мерекелік думанымызды ашып беру үшін сөз кезегі мектебіміздің директоры Нургожаева Лаззат Нұрмұханқызына берілді. Әрі қарай Қыдыр ата ақ батасын беріп, мектеп оқушыларының дайындаған ән, билерімен жалғасты. Қазақтың «Байғазы беру», « Құстұмсық жүзік», «Үкі тағу», «Қымыз мұрындық», «Тұсаукесер» сияқты дәстүрлерін қайта жаңғыртып көрсетті. Оқушылар ұлттық асық ату, қол күрестіру, арқан тарту сияқты ойындармен мерекені жалғастырды. Бұл біздің салт-дәстүріміздің жалғасып, жаңғырып жатқанының белгісі. Міне, осының бәрі «Наурыз» мерекесі қазақ халқында да ерекше аталып өтетіндігінің белгісі. Елімізде осындай мерекелер көп болсын. Ақ мол болсын! Ұлыстың ұлы күні құтты болсын! Елімізде ынтымақ, береке бірлік болсын!
Тоқтасын Төлеухан,
Казатком негізгі орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі