Дүйсенбі, 18 Сәуір 2022 10:53

Ұлтының ұлы перзенті

12-сәуір – Ғылым күні мерекесі. Бұл дата қазақ ғылымының қара нары, қайталанбас қаһарман тұлғасы, Қаныш Сәтпаевтың туған күнінің құрметіне қойылғаны белгілі. Парасатты ғұмырын еліне, жеріне арнаған ғалымның ұлт болашағы үшін атқарған еңбегі ұшан-теңіз. Қазақтың бай жерінен қазба байлықтарын тауып, өндіріс орындарын ашқан, қазақтың тұңғыш академигі Қаныш Имантайұлының есімі ұмытылмасы сөзсіз, әр қазақтың ұмытуға хақы да жоқ. Соған сәйкес осы аптада Есік қаласындағы Қ.Сәтпаев атындағы орта мектепте «Ұлтының ұлы перзенті» атты конференция өтті.

Конференцияны Қ.Сәтпаев атындағы орта мектептің түлектері, қазіргі уақытта ЕГЭК колледжінің тәлімгерлері қоңыр үнді домбыраларын қолға алып, «Ерке сылқым» күйімен бастады.

Жиында алғашқы болып сөз сөйлеген Қ.Сәтпаев атындағы мемориалды музейдің басшысы Өмір Тұяқбаев:

– Әйгілі ғылым өкілі көптеген геолог ғалымдарды тәрбиелеп шығарды. Сонымен қатар ғылымның барлық саласына еңбегін сіңірген. Атап айтсақ, қазақтың әдебиетіне, мәдениетіне, тарихына қомақты үлес қосқан қайраткер болды. Қазақтың Ұлытау деген өлкесі көптеген тарихи шайқастарға куә болған жер. Қаншама ғасырлар бұрын шайқасқа аттанып бара жатқан Әмір Темірден үлкен қашалған тас қалады. Сол тасты алғаш ғылымға таныстырған, тарихтың үлкен жәдігерін тапқан Қаныш Имантайұлы еді. Ғалымның тағы да бір ерекшелігі, қазақтың ғылыми тілін қалыптастыруға ерен еңбегін сіңірді. Танылмай жатқан және бір қыры, филология саласына да қолтаңбасын қалдырған алып бейнесі әлі де толық зерттелген жоқ. Сонымен қатар, Қаныш Сәтпаевтың геология саласында атқарған қызметтерін бір конференцияның ауқымына сыйғызу мүмкін емес. Бүгінгі конференцияның мәні мен мағынасы өте зор, біз Қ.Сәтпаевты білгенімізбен, тиісті дәрежеде әлі танып үлгерген жоқпыз. Осы жолда еңбек ету әрбір ғылым, тарих қызметкерлерінің басты борышы екенін естен шығармауымыз керек. Есік қаласындағы атамыздың атындағы білім ордасында Қ.Сәтпаевқа арналған музей ашылып жатқанынан хабардар болдық. Игі бастамаларыңыз бізді қатты қуантты, болашақта біздің тарапымыздан қол-дан келген көмектің бәрі көрсетілетін болады, – дей келе бүгінгі жиынды ұйымдастырған мектеп ди-ректорына және ұжымына зор алғыс білдірді.

Өз кезегінде сөз алған Қ.Сәтпаев атындағы мемориалды музейдің бөлім басшысы Бақытжамал Айтмұхамбетова мектеп оқушыларына риза-шылығын білдірді.

– Біздің мұражайға келген Қ.Сәтпаев атындағы орта мектебінің оқушыларына тәнті болдық. Себебі Қаныш Имантайұлының өмірбаянын, атқарған еңбектерін өте жақсы білетінін байқадық. Балалардың бойынан бұндай қызығушылықты, шоқтығы биік ғалымға деген құрметті көру – біз үшін үлкен бақыт. Алдағы уақыттарда осы мектеппен тығыз қарым-қатынаста боламыз, – деді.

ҚР мемлекеттік қызметінің үздігі, ҚР мәдениет қайраткері, Қ.Сәтпаев атындағы мұражайдың бөлім меңгерушісі Базарбай Алтаев та  Қаныш Имантайұлының сан қырлы қасиеттерін тілге тиек етті.

– Ғалым өмірінің 1 минутын да босқа өткізбеген дара тұлға, өздеріңіз секілді жастар атамызды үлгі тұтса өмір жолынан адаспасы анық, – дей отырып, Қаныш Сәтпаев туралы бейнефильмді көрермендер назарына ұсынды.

Жиын барысында Қ.Сатпаев атындағы мемориалдық мұражайы мен Қ.Сатпаев атындағы орта мектеп арасындағы екіжақты меморандумға салтанатты түрде қол қойылды.

Мектеп Директоры Бекнұр Мукашев ғалымның өмір жолы оқушылардың өмірден өз жолын табуға септігін тигізіп жатқанын мақтанышпен жеткізді:

 – Мектебімізге әйгілі ғалымның есімі берілгеніне биыл 22 жыл толып отыр. Білім ордамыздан озат оқушылардың көптеп шығуына Қаныш Сәтпаевтың өмір жолын дәріптеу үлкен әсерін тигізетінін аңғарамыз. Даңқты мұражаймен арамызға алтын көпір орнағанына өте қуаныштымыз. Игі бастамамыз болашақта өз жемісін береріне сенімдіміз, – деп алғысын жеткізді.

О.Жандосов атындағы орта мектебінің тарих пәні мұғалімі, педагог зерттеуші Ғалия Құланбаева, Қазақстан орта мектебінің тарих пәні мұғалімі Орынбасар Оразов өз баяндамаларында араб тілінен аударғанда «Шексіз байлық иесі, ешкімге мұқтажсыз Алланың құлы» деген мағына беретін Ғабдулғани есімді ағамыз анасының еркелетуімен «Ғани-Ғаныш-Қанышқа» айналғанын тілге тиек етіп, Қ.Сәтпаевтың еңбектеріне кеңінен тоқталды.

Конференция соңында білім ошағындағы талантты шәкірттер Қ.Сәтпаевқа арналған өлеңдерін оқып, әуезді әндерін шырқады. Конференция толқыныс пен тебіреніске толы боп, айырықша әсермен өтті. Елі мен жерін кіршіксіз сүйе білген  қазақтың маңдайына біткен Қанышына елдің махаббаты ерекше екені байқалды.

Ринат ЖОЛДАСБАЙҰЛЫ.

Оқылды 1967 рет
Осы категориядағы басқа материалдар: « Дара жол Адамның бір қызығы бала деген »

Соңғы жаңалықтар

Қар 21, 2024

Наш собственный корреспондент…

С начала 90-х годов прошлого века в областной газете «Огни Алатау» сменилось несколько ее…
Қар 21, 2024

«ЖАҢАРТУ» расширяет возможности…

Проект «ЖАҢАРТУ» («Обновление»), презентация которого состоялась в мае 2024 года,…
Қар 21, 2024

Артық шығын абырой әкелмейді

Елімізде діни рәсімдерді өткізу барысында көптеген қателіктер орын алып жатқанын естіп…
Қар 21, 2024

Кәсіп болмай, нәсіп болмас

Бүгінде балалардың жан-жақты дамуына, кәсіпке деген көзқарасын қалыптастыруға барлық…
Қар 21, 2024

«Атамекен» приглашает к диалогу

Национальная палата предпринимателей «Атамекен» Алматинской области выступила инициатором…
Қар 21, 2024

Бейбіт күн – бірліктің жемісі

Көпұлтты мемлекетіміздің ішкі саясатында ең маңызды дүние – ұлтаралық татулықты сақтау.…
Қар 18, 2024

Внимание, жители г. Есик!

Региональный офис ЮНЕСКО в Алматы совместно с Центром «Содействие устойчивому развитию…
Қар 14, 2024

АФМ проводится расследование в…

Она подозревается в хищении свыше 1,5 млрд тенге, собранных для помощи гражданам,…
Қар 14, 2024

ҚМА еріктілер қозғалысының…

Ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған 1,5 млрд…

Күнтiзбе

« Қараша 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет