Бейсенбі, 20 Қазан 2022 09:01

Алашқа айбын болған арыстар (балалар шығармашылығы)

Кемеңгерліктің биік шыңы

Артына мол мұра қалдырып, ұлт мүддесіне күллі ғұмырын арнаған Алаш зиялыларының ішінде Ахмет Байтұрсынұлының есімі ерекше аталады. Халқының болашағына бар уақытын, күш-қуатын сарпып, әдебиеті мен мәдениетін, ұлттық жазуын, педагогика мен психологиясын, өнерін биік деңгейге көтеріп, тың зерттеулерін жазып қалдырған ұлт жанашыры «Ұлт ұстазы» атанды.

Ахмет өз кезінің ең білімді, зиялы қауымының бірегейі саналып, ұлттың арманын арқалап, жоғын түгендеуге ат салысқанын білеміз. Қайтсем, қазақ даласында білім мен ғылымның шамын жағып, өзге елдермен халқымды тең етемін деген ұстаздың ұлы арманы оны кемеңгерліктің биік шыңына дейін көтерді деп санаймын. Оның тіл мен әдебиеттегі, педагогикадағы еңбегін қазіргі білім жүйесінің басты құралы деп санауға болады.

Ең алдымен, Ұлт ұстазы халқына не керегін зерттеп, зерделеп, ұлт жоспарын жасады. Кешегі Ыбырайлар салған сара жолды ұстана отырып, қазақ балаларының оқуы жайында көп ізденді. Ол үшін ана тілден бастау алатын дара жолды ұсынды. Ұлт ұстазы «Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі. ...Біздің заманымыз – жазу заманы, жазу мен сөйлесу ауызбен сөйлесуден артық дәрежеге жеткен заман» деп жазған екен. Осы ретте ана тілінде оқулықтар жазып, ең бірінші әліпби мәселесін реттеді. Қазақ тілінің жүйелі бірлігін жасап, бірнеше еңбектер жазды. Білімнің бастауы ана тіл десек, сол ана тіліндегі жазу мен оқулықтар мықты болу керектігіне ұстаз ерекше ден қойғанын байқауға болады.Сонымен қатар, өз басын бәйгеге тіге отырып, қазақ балаларының мектепке көптеп алынуын да қадағалап отырды.

Ұлт ұстазының кемеңгерлігі сол, әркімнің тіліне еріп, адасып жүрген жұртына «Қазақ әліпбиін» тайға таңба басқандай жасап берді. Ахмет түрлеген әліпбиді күллі түркі жұрты, сонымен бірге орыс ғалымдарының «...енді түзетуді қажет етпейтін, тарихи тұрғыдан алғанда кемелденген, жетілген ұлттық графика» деп бағалағаны мәні мен маңызын айшықтап тұр деп білемін. А.Байтұрсынұлы реформалаған араб жазуы негізіндегі әліпбиі өз заманында қазақ халқының мәдени дүниесінде зор серпілістер әкелгенін біліп жүрміз. Ол туралы қалың көпшілікті жаппай сауаттандыру ісіне, жазба дүниелердің дамуына, баспа жұмысының жандануына ықпалы болғанын Д.Міржақыпұлы, Е.Омаров, Т.Шонанұлы, С.Сейфуллин және М.Әуезов, т.б. сол кездің өзінде айырықша атап, жоғары бағалаған. Ахмет сол кезде-ақ  Ұлт ұстазы деңгейіне көтеріліп, күллі халқының сауатты болғанын аңсады. Қазақ біліміндегі олқылықтарды саралап, сауаттандыру жұмысын өзі редакторлық еткен «Қазақ» газеті арқылы жалғастырды.

Әлі күнге дейін біздің білім жүйемізде өзекті болып келе жатқан оқулық мәселесіне ұстаздың аса қатты назар аударуы тегіннен емес екеніне қазір көзіміз жетіп отыр. Ахмет қазақ балаларын ана тілінде оқытатын оқулықтар жазып, бір жүйеге түсірді. Өзінің «Оқу құралы» кітабы алғаш рет 1912-ші жылы Орынборда жарық көрген. Автор «Балалар, бұл жол басы даналыққа...» деп бастап, беташарын да тағылымды жолдармен бастайды. Баланы сауаттандыру мәселесін өзекті етіп қойған ұстаз «Әліппе астары» атты жетекші құрал еңбегін де жазады. Ахмет мектепке келген баланы сауаттандырып, тілін ұштайтын оқулықтарымен қатар, қазақ тілінің жүйесін құрап, «Тіл құрал» еңбегін жазып шығады. Үш кітаптан тұратын бұл еңбекте ана тіліміздің құдіреті мен қатар сөйлеу тілі, жазба ерекшеліктері, заңдылықтары нақтыланып жүйеге түскен. А.Байтұрсынұлы тілді игертудің, тіл табиғатын түсіндірудің амалдары мен әдістері жайына да ден қойып, ұлттық әдістеменің де негізін салды. Оның «Тіл жұмсар», «Баяншы», «Әліпби астары» кітаптары және мақалалары осы бағыттағы арналы ізденістерін, ұстаздың бай тәжірибесін көрсетеді деп айта аламын.

Қорыта келе, ұлтының дара ұстазы мұраларын ғана емес, қазақ даласына рухани білімнің, рухани жолдың дәнегін егіп кетті деп санаймын. Барша Алаш жұртының игілігіне күш-жігерін арнап, күн-түн демей, еңбектенді. Осы еңбегі қазіргі Жаңа Қазақстанда жолбасы болып, баршамызды жарқын болашаққа бастайтыны сөзсіз деп түйіндеймін!  

Анеля  МАМЕЖАН,

И.Саттаров атындағы орта мектептің 8 «А» сынып оқушысы.

 _____________________________________________________________

 

Аласармас дара шың!

Әліпбиді алғаш ұстап, ойладым,

Ұлт мұратын арман еткен ардағым.

«Ұлт ұстазы» деп таныдым мен сізді,

Содан тілдің тамырына бойладым.

 

Жырларыңда жатыр сөздің  киесі,

Жағылса да сұрқай заман күйесі.

Ұлт намысын, ұлттың жоғын жоқтаған,

Ұмтылмайтын ардың таза иесі.

 

Бүгінгі ұрпақ өткенін ұмытпасын,

Арыстар  қалаған ел  іргетасын.

Сан қилы салаларда еңбек еткен,

Қалмаған сан қатерде иіп басын.

 

Арыстарды білмей алған білім тұл,

Ертең үшін ерінбестен кәсіп қыл,

Жарқын күнге сенетұғын жас ұрпақ,

Баба сөзін есте сақта, оқып біл!

 

Бабамыздан зор өсиет аласың,

Ана тілдің ашып берген саласын.

Аспанында сәуле шашар елінің.

Байтұрсынов – аласармас дара шың!

Алтынай  ИБРАГИМ,

Бөлек батыр атындағы орта мектептің 11 сынып оқушысы.

 _______________________________________________________________________________________________

 

Қазақ әдебиетінің тарланы

Мың жылдар өшпес өрнек,

Айғақ тұлға,

Кең мінез, кең даламдай

Байтақ тұлға.

                                   Д.ӘБІЛЕВ.

Міне, қазақтың ұлы жазушысы, еңбек қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Мұхтар Әуезовтің туғанына 125 жыл. Қазақтың заңғар жазушысы, Қазақстан ғылым академиясының академигі артына мол әрі бай мұра қалдырды. Жазушының мерейтойы – барша қазаққа ортақ. Себебі, М.Әуезов төл әдебиетіміздің құдіреті мен қазақ есімін шартарапқа паш етті. Сан салада қалам тербеген сөз зергерінің қазақ халқына сіңірген еңбегі де ерен.

Абай дүниеден өткенде 7 жастағы шынашақтай баланы күллі ұлт мәдениетіне ұлы тұлға , алтын діңгек болар болашақ алып суреткер екенін ешкім біле қойған жоқты... Ол жасынан Абайдың кәусар жырларынан сусындап өсті. Ақынның шығармаларын жинап, бастырып, зерттеулер жазды.

Жазушы бір ғана «Абай жолы» роман-эпопеясымен әлемдік әдебиетте ойып тұрып орын алғаны баршамызға аян. Жазушының бұл шығармасы күллі адамзаттың болмысын суреттеп, сол кездегі қоғамдағы маңызды мәселелерді көтеріп, кешегіні келешекпен байланыстырды. Алғашқы кітапта адам ретінде қалыптасқан Абай, кейінгі кітаптарда қайреткер ретінде қилы қимыл-әрекетке көшеді. Абай – эпикалық образ. Бұл образды қаламгер өрмек тоқығандай, жібін үзбестен тартып, асықпай өріп, ілгерілей береді.

Сол кездегі қазақ өмірінің шындығына жазушы дана ақынның көзімен, қырағы болжампаздығымен қарады. Жазушы шығармалары өмірмен өктем араласуынан, шындықпен бетпе-бет келіп тілдесуінен туды.

«Мұхтар Әуезов – сарқылмайтын, бітпейтін, жасарып, жаңғыратын, өмірдің өзіндей, жапырағы мәңгі жап-жасыл, жалғаса беретін құбылыс», – деп Р.Нұрғалиев дәл тапқандай... Мәңгілік өлмейтін туынды. Өз халқына мәңгілік ғасырлық мұра сыйлаған Мұхтар атамызда, сірә, арман жоқ шығар. М.Әуезов – жомарт табиғаттың бұл пәниге тым сараң сыйлайтын біртуар, саф алтыны. Қатал сыншы, әділ төреші уақыт болса, сол уақыттың өзі ұлы жазушыны «Біртуар», «Саф алтын» екенін дәлелдеп отыр.

Сондықтан, қаламгер мен бүгінгі ұрпақ арасындағы әдеби-рухани байланысты нығайту, ғасырлық мұраларын насихаттау біздің, жастардың қолында.

«Ал, қазақ, мешел болып қалам демесең, тағылымыңды, бесігіңді түзе!» деп қаламгер айтқандай, тәрбиелі, оқығанымызды тоқи алатын болсақ, ешқашан қазақ елінің туы жығылмасы анық.

Балауса АЗАМАТҚЫЗЫ,

Рахат орта мектебінің 9 «А» сынып оқушысы.

Оқылды 845 рет

Соңғы жаңалықтар

Қар 21, 2024

Наш собственный корреспондент…

С начала 90-х годов прошлого века в областной газете «Огни Алатау» сменилось несколько ее…
Қар 21, 2024

«ЖАҢАРТУ» расширяет возможности…

Проект «ЖАҢАРТУ» («Обновление»), презентация которого состоялась в мае 2024 года,…
Қар 21, 2024

Артық шығын абырой әкелмейді

Елімізде діни рәсімдерді өткізу барысында көптеген қателіктер орын алып жатқанын естіп…
Қар 21, 2024

Кәсіп болмай, нәсіп болмас

Бүгінде балалардың жан-жақты дамуына, кәсіпке деген көзқарасын қалыптастыруға барлық…
Қар 21, 2024

«Атамекен» приглашает к диалогу

Национальная палата предпринимателей «Атамекен» Алматинской области выступила инициатором…
Қар 21, 2024

Бейбіт күн – бірліктің жемісі

Көпұлтты мемлекетіміздің ішкі саясатында ең маңызды дүние – ұлтаралық татулықты сақтау.…
Қар 18, 2024

Внимание, жители г. Есик!

Региональный офис ЮНЕСКО в Алматы совместно с Центром «Содействие устойчивому развитию…
Қар 14, 2024

АФМ проводится расследование в…

Она подозревается в хищении свыше 1,5 млрд тенге, собранных для помощи гражданам,…
Қар 14, 2024

ҚМА еріктілер қозғалысының…

Ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған 1,5 млрд…

Күнтiзбе

« Қараша 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет