Ислам – амандық пен бейбітшілік діні. Әлемді сүйіспеншілікпен жаратқан Ұлы Жаратушының ақырғы пайғамбары жер бетіне бейбітшілік орнату үшін жіберілгенін Құран баян етуде
«Біз сені әлемдерге тек рақым етіп қана жібердік» (Әнбия сүресі, 107-аят). Мұсылмандар осы ерекшелікпен өз діндерін мақтан етіп, насихаттап келеді.
Құранда бейбітшілік мағынасын білдіретін «сәлам» сөзі көптеген аятта айтылған. Өйткені Құран ынтымақ пен бірлікті баса назарда насихаттайды. Алла адамзатты тура жолға салу үшін 124 мың пайғамбар жіберіп, кітап түсіргенімен сан ғасырға созылған тарихта адамдар адасушылыққа бой алдырып, иләһи дін ұмытылып, түрлі наным-сенім пайда болды.
Ислам ең соңғы кәміл дін. Ислам қоғам ішіндегі өзге дін өкілдеріне дінді мәжбүрлеп қабылдатуды бұйырмай, керісінші құрметпен қарауды, жүректеріне жол таба білуді бұйырады. Ешкімді дініне, ұлтына, нәсіліне және жынысына қарап бөлмейді. Адамға адами тұрғыдан баға беріп, Алла құзырында ешкім ешкімнен жоғары емес, тек тақуалық пен діндарлықта ғана дәрежелері жоғары болады деген сеніммен әрекет етеді. Себебі Алла Тағала Құранда: «…Сендердің бір-біріңнен артықшылықтарың несібелеріңмен емес, діндар-тақуалықтарыңмен есептеледі» (Хужурат сүресі, 13 аят), – деп бұйырса, Пайғамбарымыз да (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Ей, адамдар! Естеріңде болсын! Раббыларың біреу, ешбір араб араб еместен, араб емес арабтан, ақтың қарадан, қараның ақтан діндарлығынан басқа ешқандай артықшылығы жоқ. Күмәнсіз Алланың алдында ең мәртебелілерің діндар болғандарың».
Мұсылман кісі өзгелерге тіл тигізіп сауап таппайды, керісінше исламнан алшақтатқаны үшін күнә табады. Олай болса, мұсылманның міндеті өзгелерді діннен үркіту емес, өз дінін кемшіліксіз түрде жеткізе білу. Әрбір мұсылман пенде өз дінін насихаттап, қоғамдағы тыныштық пен бейбітшілікті орнатуға талпынуы тиіс.
Хазіреті Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) исламның ынтымағы мен бірлігін сақтау жолында өте сабырлылықпен әрекет етті. Қоғамның ынтымағы мен бірлігі аса маңызды болғандықтан Мадина халқы арасында іріткі салушы мунафиқтар мен олардың басшыларының кім екенін жақсы білгенімен оларды ел алдында әшкерелеп, жазаламаған. Сөз айту былай тұрсын, оларға мұсылмандар секілді мәміле жасады. Мунафиқтар ел арасында қаншама іріткі тудыратын сөз айтып, жағымсыз қылық көрсетсе де, кеуделерінен итермей, қоғамнан шеттетпеді. Мунафиқтардың көсемі Абдуллаһ б. Убәй б. Сәлулдің жасаған қиянатына төзіп, жазаламады. Хазіреті Омар қаншама рет сол мунафиқтың басын шабуға рұқсат сұрағанымен Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) мәселені Аллаға тапсырып, дін исламға, қоғамға зиян тигізуші екі жүзділерді жазалатпады. Тіпті мунафиқтардың көсемі Абдуллаһ б. Убәй б. Сәлул қайтыс болмастан алдын баласын ардақты Пайғамбарға (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) жіберіп, үстіндегі көйлегін (ниеті кебін ету) сұратқанда, екі дүние сардары, адамзаттың ардақтысы Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) көйлегін кебін үшін береді. Өтініш жасағанда жаназасын шығаруға келіседі. Сонда Омар (р.а.) Пайғамбарымызға (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) әлгі Абдуллаһ есімді мунафиқтың жасаған барлық қиянаттарын бір-бірлеп тізіп, ондай азғынның жаназасын оқымауын, дұға етпеуін өтінеді. Дегенмен ардақты Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) кешірімшіл, мейірімді болғандықтан оның жаназасын оқиды (Бухари, Жәнәиз 85). Алайда Алла Тағала осы оқиғадан кейін ондай жандардың жаназасына бармауын ескертіп аят түсіреді. Қоғамның тыныштығы мен бірлігін сақтау үшін Пайғамбарымыздың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) осындай қадамға барғанын білеміз. Ислам бізден түрлі ағымға, тармаққа бөлініп, кейбір діни-саяси топтың қолшоқпары болып, бүлік шығаруды емес, керісінше қоғамдағы ынтымақ пен бірлікті ұстануды бұйырады. Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Сендерге бірге болуларыңды өсиет етемін. Бөлініп шығудан өте қатты сақ болыңдар. Себебі, шайтан жеке басына өмір сүрген кісіге жақын болады. Бірге болған екі адамнан алыс тұрады. Кімде кім жәннәттің ортасында өмір сүргісі келсе, бірге болуға мән берсін»(Тирмизи, Фитән 7) деген.
Ел тыныштығы мен бірлігі үшін әрбіріміз өзімізге жүктелген міндетке жауапкершілікпен қарап, болашағымыз үшін қазірден өз үлесімізді қосайық. Елдің өркендеуі мен діннің қанат жаюы тек тыныштық пен бірліктің арқасында жүзеге асатынын ұмытпайық ағайын. Алла елімізге амандық, жұртымызға тыныштық, мұсылмандарға ауызбіршілік нәсіп етсін.
С.Б. Карибаев.