Сәрсенбі, 17 Маусым 2020 10:06

Әлемдік көшке қашан қосыламыз?

Әлемдік көшке  қашан қосыламыз? google.kz

Ақпараттық технология дәуірінде электронды жабдықтардың көмегімен қашықтағы байланысты жүзеге асыру маңызды рөл атқарады. Алпауыт мемлекеттерде телекоммуникация саласы едәуір жоғары көрсеткішке ие. Қазақстанда бұл саланың даму қарқыны қалай?

Жалпы елімізге «телекоммуникация» ұғымы 20 ғасырдың 90-жылдары еніп, жылдан жылға цифрлы байланыстың таралу аумағы ұлғаюда. Бүгінде Қазақстанда «Қазақтелеком», «Telservice LTD», «CompasTeleCom» сынды компаниялар жұмыс істеп жатыр. Соның ішінде «Қазақтелеком» АҚ – Қазақстанның ең ірі телекоммуникациялық компаниясы  ретінде ұлттық байланыс операторы мәртебесіне ие. «Telservice LTD» ЖШС жүйелік интеграция саласында, ақпараттық және телеқатысым технологияларын пайдалануға негізделетін инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырумен айналысады. Ал «CompasTeleCom» ЖШС Қазақстанның Батыс өңірінде 2011 жылдан бері тұтынушыларына сымды және сымсыз байланыс технологияларын ұсынуда.

Бұл нысандардың қызмет көрсету әдісі әртүрлі болса да, түпкі мақсаттары бір. Ол – бұқараның телефон жүйесі арқылы лезде ақпарат алмасып, қашықтық телеқатысым орнату.

Төтенше жағдай және карантиндік режим енгізілгелі, жүздеген кәсіпорындар уақытша жабылып, барша халыққа себепсіз үйден шығуға тыйым салынды. Қашықтан оқу, үйде отырып жұмыс істеу және бұқараның әлеуметтік желілерде отыру уақытының артуы интернет тұтынушылар санының күрт көбеюіне әкелді. Бұл жағдайда теледидар көретін жандардың да саны екі есеге артқан. Айналып келгенде, отандық телекоммуникацияға сұраныс едәуір артты. Яғни халық кәсіппен айналысу, білім алу мен өзіндік даму қашықтан-ақ жүзеге асырылатынын және бұл тәсілдің тиімдірек екенін түсінді. Мысалға, кәсіпкерлер енді кеңсе жалдамай-ақ, клиенттерін онлайн қабылдай алады. Осы тұрғыда бизнесмендерге арналған «Ismet.kz» платформасы іске қосылды.

«Қазақтелеком» АҚ басқармасының төрағасы Қуанышбек Есекеевтің айтуынша, карантнин басталғалы компаниядағы интернет арналардың трафигі 20 пайызға, ал жоғары контенттегі жергілікті кэш-серверлердегі трафик 15 пайыздан асты. Басқарма басшысы трафиктің артуы Google, Youtube, әлеуметтік желілер мен жедел хабар алмасудың жиілеуінің әсерінен екенін жеткізді. Мекеме өз клиенттері үшін көптеген жеңілдіктер де ұсынды. Коронавируспен күресетін дәрігерлерге тегін байланыс және «Қазақтелекомның» барлық клиенттері үшін Интернет ресурстарына, оның ішінде білім беру ресурстарына шексіз қол жетімділік орнатылды. Сонымен қатар, теледидар абоненттері қосымша ақысыз телеарналардың премиум топтамасына қол жеткізіп, қаржылық қиындықтар туындаған жағдайда кезең-кезеңімен төлеу мүмкіндігіне ие болды.

Алайда, осы бір қиын кезеңде ұялы байланыс пен интернет желісі еліміздің көптеген аймақтарында қолжетімді еместігін байқатты. Мысалы, қашықтан оқыту барысында ғаламтор жылдамдығының әлсіздігінен студенттер мен оқытушылардың тау-тасты аралап, байланыс іздеп кеткенінен баршамыз хабардармыз. Ал бұл білім алушының оқу үлгеріміне айтарлықтай кері әсерін тигізді. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектеп оқушыларының «Zoom» платформасы арқылы білім алуын тапсырған еді. Алайда, Қазақстан мұндай өзгеріске дайын болмады. Себебі интернетке шектен тыс салмақ түсіп, қалыпты жұмыс істемей қалар еді. Сонымен қатар, елді мекеннің басым бөлігінің ғаламторға зар болуы да басқа жол іздестіруге итермеледі. Нәтижесінде, министр қашықтан оқыту желіде болуға міндеттемейді деген шешім қабылдады.

Бұл проблемалар ауданымызды да айналып өтпеді. Есік қаласының төменгі жағындағы саяжай тұрғындарының сөзінше, ол жерде интернет тұрмақ, телефонмен сөйлесудің өзі мұң. Оқу бағдарламасынан тыс қалмау үшін балаларымыз аудан орталығындағы туыстарға баруға мәжбүр деп мұңын шаққан еді ата-аналар. Балтабай ауылдық округіне қарасты Өрнек ауылының тұрғындарының да мәселесі осы. Өрнектіктер жақында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Маминге 121 адамның қолы қойылған ашық хат жазып, ауылдағы интернет мәселесін көтерген еді.  Айтуынша, көрші Еңбек және Ақбастау ауылында «Билайн», «Теле2» мұнаралары бар болса да, интернет желісі өте нашар. «Біздің ауылда, әр үйде мектепте оқитын 2-3 баладан бар. Студенттер әр екінші үйде. Интернет ұстайтын жер іздеп кеткен балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төне ме деп қорқамыз», – делінген ашық хатта.

Өрнектіктердің мәселесі бойынша «Қазақтелеком» АҚ Еңбекшіқазақ желілік техникалық цехінің басшысы Жандос Саденовке жолыққан едік.

– Қазіргі таңда ауданның 21 ауылына талшықты оптикалық байланыс желісі орнатылған. Алайда, барлық аймақты қамту әзірге мүмкін болмай отыр. Бір ауылға интернет желі орнатуға шамамен 20-30 миллион теңге көлемінде қаражат керек. Ал, біздің мекеме коммерциялық тұрғыда жұмыс істегендіктен, табыстық және шығындық есептерге көбірек көңіл бөлеміз. Біз үшін салған қаржының қайтарымы маңыздырақ. Жақында «Қазақтелеком» АҚ АЕМ ТОБЖ (ауылдық елді мекенге талшықты оптикалық байланыс желісі) және «250+» жобаларын бастады. Бұл бастама «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында ауылдық елді мекендерді кеңжолақты ғаламтор желісімен қамтамасыз етуге бағытталған. Ал бұған дейін, біз көбіне мемлекеттік мекемелерге сымсыз байланыс өткізумен айналыссақ, ендігі бағытымыз желі тарту аумағын кеңейту. Шыны керек, карантин басталғалы желілік байланысқа қатысты арыздар көп келуде. Алайда «Қазақтелеком» акционерлік қоғам ретінде қызмет көрсететін болғандықтан, әр округті толық қамту кейде қолдан келе бермейді. Желі орнату техникасы бүгінде өте қымбатқа түсуде. Соған орай, біз аудан тұрғындарына арнайы роутерлер ұсынамыз. Яғни, ұшқыр ғаламторға мұқтаж жандар өз қалтасынан қаржы шығарып, үйіне орната алады. Тез, әрі тиімді – деген ұсынысын білдірді Жандос Саденов.

Айта кететіні, карантин талай мәселенің бетін ашты. Үкімет төтенше жағдай кезінде табыс көзінен айырылған жандарға 42 500 теңге көлемінде жәрдемақы төлеген болатын. Жоғарыда айтып өткендей, барлық қызмет көрсету орталықтары онлайн форматқа көшірілді. Осыған орай, үкімет жұмыссыз қалғандар үшін «Enbek.kz», «eGov.kz» порталдары мен «Telegram» мессенджері арқылы жәрдемақы төлеуді қолға алды. Алайда, бұл оңайға соқпады. Операторлар өтініш берушінің көптігінен уақытылы жауап қайтара алмады. Оған қоса, қолданушылар санының күрт өсуінен сайттар дұрыс жұмыс істемей, жұртшылықтың наразылығын тудырды. Ал кей аймақтарда байланыстың әлсіздігінен жәрдемақыға қол жеткізе алмаған халық банктер мен пошталардың алдына қаумалап, карантин талаптарын өрескел бұзып жатты. Әлем жұртшылығы жоғары жылдамдықты 5G интернет желісіне бет бұрғанда, қазақстандықтар ғаламтордың қауқарсыздығынан мемлекеттен берілетін көмекке қол жеткізе алмай, балаларымыз сабақ оқу үшін тау-тасты аралап кетті.   Осыдан-ақ, елімізде телекоммуникацияның даму деңгейінің әлсіз екендігін аңғару қиынға соқпайды. Десек те, «Қазақтелеком» АО басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеевтің сөзіне сүйенсек, қолға алынған жобалар аяқталғаннан кейін, 2020 жылдың соңында ауылды жерлердің 93,5 пайызы мобильді интернетпен қамтылады. Осы бастамалар ауылдар мен қалалардың цифрлық теңсіздігін қысқартып, көп ұзамай Қазақстан әлемдік телекоммуникацияның көшіне қосылады деп сенеміз.

 

Жания АЛПЫСБАЙ

Оқылды 1094 рет

Соңғы жаңалықтар

Сәу 29, 2024

«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: ШАРАДАН АУДАН…

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей бастамасымен барлық…
Сәу 29, 2024

Қалпына келтіру жұмыстарын өзім…

Тасқын су жүрген өңірлерде үй-жайынан айырылған халықтың баспанасын қалпына келтірудің…
Сәу 29, 2024

Жазушы мерейтойына арналды

«Таза Қазақстан» экологиялық тазалық акциясына Райымбек ауданының тұрғындары да…
Сәу 29, 2024

«ДАНЬ ТРАДИЦИЯМ И ВОСПИТАНИЕ…

В рамках недели "Жасыл аймақ" экологической акции "Таза Қазақстан", проводимой по всей…
Сәу 29, 2024

С Днем Единства народа Казахстана

Хочу поздравить всех с Днем Единства народа Казахстана и выразить благодарность за вашу…
Сәу 25, 2024

Ел бірлігі – ел теңдігі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының…
Сәу 25, 2024

Савелий КАРАСАВИДИ, председатель…

На ХХХІІІ сессии Ассамблеи народа Казахстана Президент РК Касым-Жомарт Токаев отметил,…
Сәу 25, 2024

Мызғымас бірлік – алынбас қамал

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы…
Сәу 22, 2024

НЕДЕЛЬНЫЙ МАРШ ЧИСТОТЫ

Свыше 75 тысяч жителей Алматинской области приняли участие в марше чистоты «Киелі мекен»,…

Күнтiзбе

« Мамыр 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет