Жас туристердің станциясында талай жыл оқушыларды туризмге баулыған және Қорам орта мектебінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, сыныптан тыс тәрбие жұмысын ұйымдастырушы, педагог-психолог қызметтерін атқарған, бірнеше мемлекеттік наградалардың иесі, Халықаралық балалар мен жасөспірімдер туризм және өлкетану академиясының академигі, Еңбекшіқазақ ауданының құрметті азаматы Тұяқов Тоқтасын Мұсабайұлы 2021 жылдың 10 қарашасында қайтпас сапарға аттанды.
Әр адамның тағдыры әр қилы. Алла жаратқан пенденің бір-біріне мүлде ұқсаймайтын өзгеше өз жолы, өз несібесі, бейнеті мен зейнеті, көрер қызығы болады дейтіні рас сөз. Тоқтасын Мұсабайұлы 1939 жылы 12 наурызда Қорам ауылында дүниеге келген. 1946 жылы Қорам жетіжылдық мектеп табалдырығын аттап, 1953 жылы аталған мектепті тәмамдады. 1953-1956 жылдар аралығында Шелек ауылындағы С.М.Киров атындағы қазақ орта мектебінде білімін жалғастырды. 1956-1958 жылдары Алматы қаласындағы Республикалық денешынықтыру техникумында оқиды, 1960-1965 жылдары Қазақтың мемлекеттік дене шынықтыру, спорт, туризм институтында білімін жалғастырады.
Алғашқы еңбек жолын 1958 жылы Қорам орта мектебінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып бастады. 1966-1967 жылдары Шелек аудандық спорт, дене шынықтыру комитетінің бастығы, 1972-1978 жылдары және 1982-1984 жылдары Қорам орта мектебінің сыныптан тыс тәрбие жұмысының ұйымдастырушысы, 1989-1991 жылдары Шелек аудандық білім бөлімінің әдіскер-инспекторы, 1992-1995 жылдары Қорам орта мектебінің педагог-психологі қызметтерін атқарды. 1981-2007 жылдар аралығында Есік қаласындағы «Балалар мен жасөспірімдердің туристік және экскурсия орталығында» мектеп оқушыларына туризм мен өлкетанудан үйірме жүргізді. 2001 жылдан 2019 жылға дейін Қорам орта мектебіндегі өлкетану музейінің меңгерушісі, 2013 жылдың 23 шілдесінен бері «Қорам клубы» қоғамдық қорының атқарушы-координаторы ретінде қоғамдық жұмыстарды атқарып келді.
Тоқтасын Мұсабайұлы«Балалар мен жасөспірімдердің туристік және экскурсия орталығында» қызмет еткен жылдарында жас туристерді әр түрлі жорықтарға, көпкүндік саяхаттарға қатыстырып, туристік жұмыс дағдыларын оқушылар бойына сіңіре білді. Республика, облыс, аудан көлемінде бұқаралық туризмнің дамуына жәрдемдесті және өткізілген жарыстар мен слеттерға жас жеткіншектерді қатыстырып, жүлделі орындарды иеленді. Тоқтасын аға Ленинград (Санкт-Петербург), Мәскеу, Свердловск (Екатеринбург), Ташкент, Самарқан, Бішкек, Алматы, Павлодар, Семей, Өскемен, Талдықорған қалаларына жасалған экскурсияларға жетекшілік етті. Сонымен қатар, еліміздің көрікті орындарына – Бурабай, Баянауыл, Жетісу өңіріне саяхаттар жүргізіп, балалардың дүниетанымын арттырды.
Ұстаз – мәңгі нұрдың қызметшісі. Ол барлық ой мен қиял-әрекетіне ақылдың дәнін сеуіп, нұр құятын тынымсыз лаулаған жалын иесі. Тоқтасын Мұсабайұлының осындай ерен еңбегі елеусіз қалған жоқ.
1960 жылы «ДОСААФ СССР за актив-ную работу» төс белгісі, 1977 жылы КСРО спорт комитетінің төс белгісі, 1983 жылы КСРО оқу министрлігінің «Моя Родина – СССР» төс белгісі, 1986 жылы «За доблестный труд» медалі, 1986 жылы «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» төс белгісі, 2010 жылы Еңбек-шіқазақ ауданы әкімінің Құрмет грамотасы және 1958-2011 жылдары аралығында ДОСААФ, Комсомол комитеті, аудандық, облыстық білім және спорт бөлімдерінің, республикалық спорт, туризм, өлкетану ұйымдарының Құрмет грамоталарымен марапатталған.
2010 жылы Халықаралық балалар мен жасөспірімдер туризм және өлкетану академиясының академигі, 2010 жылы Еңбекшіқазақ ауданының Құрметті азаматы атақтарына ие болды.
Тоқтасын ағаның баспа беттеріне жарық көрген мақалалары да жеткілікті. 1958-2013 жылдар аралығында «Еңбек Туы», «Еңбекшіқазақ», «Алатау нұры», «Жетісу», «Социалистік Қазақстан», «Еге-мен Қазақстан», «Спорт» газеттеріне дене шынықтыру, спорт, туризм, өлкетану, экология, тарих, педагогика, психология тақырыптарында 100-ден аса мақала жариялады. 2012 жылы «Тауда туған тағдыр талғамайды» атты 300 беттік авторлық кітабы «Өнер» баспасынан 300 данамен басылып шықты.
«Алматы облысы білім басқармасының Еңбекшіқазақ ауданы бойынша білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің «Алматы облысының балалар-жасөспірімдер спорттық туризм және экскурсиялар орталығының» ұжымы Тоқтасын Мұсабайұлының ұл-қыздарына, жақындарына қайғырып көңіл айтады.
Тоқтасын ағаның жатқан жері жарық, топырағы торқа болсын!
Алматы облысының балалар-жасөспірімдер спорттық туризм
және экскурсиялар орталығының ұжымы.
**********
Артында жарқын із қалды
«5 минут уақыт бар ма?» Сәлемдескеннен кейін осы бес минут уақытты қиюымды өтінетін еді Тоқтасын аға Тұяқов. Бес минут деген не ол – қазақ сәлемдесіп болғанша, үй-іші, бала-шағаны, ағайын-туыс, ауыл-аймақты түгендеп болғанша бес-он минут өте шығады ғой деп әзілмен жауап беретін едім Тоқаңа, әрі қарай сағаттап созылатын әңгіменің алдында.
Демалыс демей, күн демей, түн демей хабарласып, жаңалықтарымен, естеліктерімен бөлісіп тұратын Тоқтасын Мұсабайұлының байланыс телефоны үнсіз қалды деуге сену қиын. Тумасынан ақжарқын, аңқылдаған мінезді, өмір көрген, тәжірибесімен бөлісуге жалықпайтын, өзіндік әдемі әзілімен әрлеген әңгімелерін жалықтырмай айтар еді Тоқтасын аға. Білім саласында бес-алты жыл қызмет атқарып ауыл балаларын өткен ғасырдың 60-70 жалдарында Кеңес одағының Мәскеу, Ленинград (қазіргі Санк-Петербург) қалаларына экскурсияға апарған тәжірибемнен балалар мен жасөспірімдер туризмінің қаншалықты қызық та танымдық жағынан маңызды болса, соншалықты жауапты екенін де білетін адам ретінде Тоқтасын Мұсабайұлының өз ісіне жан-тәнімен берілгеніне көз жеткіземіз.
Отан отбасынан басталады, туған өлкенің тау-тасы мен өзен-көлдерімен, көрікті табиғатымен жалғасады. Тоқтасын аға Тұяқовтың өмір жолы, шығармашылық өнері өз Отанын, туризм нысандарын дәріптеумен өрнектелген. Өмірден өтерден бірер ай ғана бұрын болған әңгімесінде Қорам ауылының тарихы, белгілі адамдары жайында кітап қолжазбасын дайындап, баспаға өткізіп қойғанын айтқан болатын.
Өзі өмірден өтсе де Тоқтасын Мұсабайұлының шәкірттері, әріптестері, жерлестері, Қорам орта мектебіндегі өлкетану музейі, шығармашылық туындылары Т.Тұяқов сынды азаматының өмірін жалғастыруда.
Хайролла АХМЕТЖАНОВ,
Қазақстанның құрметті журналисі.