Жексенбі, 02 Шілде 2023 14:22

Ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – аманат

Қазақ халқының ұлттық мәдениеті ұрпақтан-ұрпаққа, әкеден балаға мұра болып жалғасып келеді. Тарихты қос ішегіне сыйдырып, қазақ қастерлі санап, шаңырағының төріне іліп қоятын қазақтың ұлттық аспабы – домбыра. Ұлттық мәдениеттің бір саласы – қолөнер туындысы өшпес мұра домбыраны қорғай білуіміз қажет. Ұлттық домбыра күнін белгілеген қазаққа киелі аспапты қалай әспеттесе де артық етпейді.

Домбыра атауы қайдан шыққан?

Домбыра – қазақ халқының рухани байлығының кілті. «Домбыра» атауының шығу тарихына қатысты пікір өте көп. Кей деректерге сүйенсек, «домбыра» сөзі көне шумерден аударғанда «кішкене садақ» деген мағынаны білдіреді. Академик Ахмет Жұбановтың айтуынша, «домбыра» сөзі «қозы құйрық» сөзімен байланысты «дунбаҺ» және «бурра» деген қос араб сөздерінен шыққанын айтса, белгілі зерттеуші Хайролла Жүзбасовтың пікірінше, «дәл бұра», «дөп бұра», «дем бұра» деген сөздер тізбегінен шыққанын айтады. Осы сынды домбыраның шыққан атауы туралы мәліметтер көп. Мәселен, пішіні домбыраға ұқсас, төрт ішекті шертпелі аспап үнді халықтарында «Тампура» деп аталса, ішекті шертпелі аспап «пандура» деген атау гректерде бар. Яғни, домбыра нақты мына атаудан шықты деуге келмейді.

 

Қос ішекті аспап қалай пайда болды?

Өткен ғасырға құлақ түрсек, бабаларымыз тастан, қыштан, ағаштан, өсімдіктен, малдың терісінен аспаптар жасаған.  Қазақтар, ноғайлар және қалмақтар мәдениетінде бар музыкалық аспап домбыраның ежелде қазақтың тарихын баяндаған аспап екенін білеміз. XIX ғасырда қазақтың тұрмысында көп пайдаланылған домбыра еді. Домбыраның пайда болуын археолог ғалымдар неолит дәуіріне, яғни, б.з.д. 4000 жылдыққа жатқызады. Оған дәлел, тасқа қашалып жазылған суреттерде домбыраның бейнеленуін айтады. Түрлі зерттеулер алғаш домбыраның шыққан жері түркі халықтарының алтын бесігі Алтай тауын көрсетеді. Бұған дәлел, белгілі түріктанушы ғалым С.Қаржаубайұлының Монғол Алтай тауының сілеміндегі Жарғалант-Қайырқан жотасының үңгірінен табылған домбыраға ұқсайтын екі ішекті, тоғыз пернелі көне саз аспабы. Бұл саз аспаптың мойнында түріктің руна жазуы болған. Шанағында бұғы мен бұланның суреттері ойылып жазылғанын айтқан. Осы табылған аспаптың пішінін бүгінгі Алтай домбырасына ұқсатып, бұл жәдігерді зерттеуші б.з. 5-6 ғасырына жатқызған. 1986 жылы белгілі этнограф Жағда Бабалықұлы Алматы облысында «Майтөбе» жайлауынан жоғарғы тау шатқалындағы көп суреттің арасынан тасқа қашалған көне домбыраның суретін тапқан. Суретте домбыраның артында бес адамның түрлі қимылда билеп тұрғаны бейнеленген. Аспапта екі құлағы бар, ұзын мойын, кеудесі болса, домбыраның басына үкі таққан. Ал, домбыраның басына үкі тағу әдеті күні бүгінге дейін жеткені баршаға мәлім. Белгілі археолог Кемел Ақышев бастаған ғалымдар тасқа қашалған осы суретті зерттеп, суретті неолит дәуірінде бейнеленген деп тапқан. Домбыра тек түркі халықтарының ғана емес, бүкіл әлемдегі ең ежелгі музыкалық аспап болып саналады. Қазақтың қара домбырасының тарихы өте ертеден басталатынын айғақтайтын дәлелдер жетерлік.

 

Мұңлық пен Зарлық

Қазақ халқы қаншама қасіретті бастан өткеріп, мұң-зарын күймен жеткізіп, қуанышын қасиетті домбырада жырмен жеткізген. Осы тұста, музыкалық аспап – домбыра қайдан шықты, кім ойлап тапты деген сауалға қазақтан қалған көп аңыздың біріне тоқталайық.

«Ертеде, қылышынан қан тамған қаһарлы бір ханның жалғыз қызы бойжеткенде бір кедей жігітке ғашық болып, көңіл қосып жүреді екен. Мұны біліп қойған хан  жігітті дарға астырады. Жігіт өлгеннен кейін қыз мезгіліне жетпей, бір ұл, бір қыз табады. Көп көзінен, ел сөзінен сескенген хан жаман атқа қалмаудың амалын іздеп, қос бүлдіршіннің көзін жоюды астыртын мыстан кемпірге тапсырады. Мыстан кемпір өмірге жаңа келген сәбилерді көз көрмес, құлақ естімес жерге апарып, биік өскен жап-жасыл ағаштың басына қызды – шығысқа, ұлды – батысқа қаратып іліп кетеді. Нәрестелердің көз жасы тамған ағаш бұтақтары суалып, қуара бастайды. Қос жүрек соғуын тоқтатқанда, бәйтерек те өсуін доғарады. Ел ішіндегі өсек сөз, өтірік өкпеге шыдамаған патшаның қызы егізін іздеп жолға шығады. Бармаған жер, баспаған тауы қалмайды. Күлкісіз күндер, ұйқысыз түндер, арманмен айлар, жылаумен жылдар өтеді. Қатты шаршап, діңкесі қатқан қыз әбден қурап, қабығы түсіп, шіруге айналған биік ағаштың түбіне келіп қисаяды. Ұйықтап кеткен соң, оны бір сүйкімді саз, сиқырлы әуен оятады.  Құлақ түріп, тың тыңдаса «ән салып тұрған» қасындағы биік ағаш екен. Қыз күндіз қос бүлдіршінін іздеп, түнде осы «әнші» ағаштың түбіне келіп, неше түрлі әуез естіп, көңіл жұбатып, тынығып жүреді. Бір күні айналаға көз салмақ болған қыз ағаштың басына шығамын деп оны құлатып алады. Бірақ көп ұзамай самал соғып, «әнші» ағаш қайта зарлай жөнеледі. Қыз оның құпиясын білмек болып тексереді. Ағаш жуан түбінен басына дейін қуыс екен. Жіңішке басының екі жағында бұтақтан бұтаққа керіліп қалған ішектерді көреді. Бұл – қыздың екі баласынан қалған жұрнақ еді. Батыс жағындағы ішек бостау, ал, шығыс жағындағы ішек қатты тартылыпты. Егізінің өлімінен хабары жоқ қыз енді ағаш неге ән салатынын түсінеді де, өзі де қуыс ағаш жасап алып, манағы ішекті соған тағады. Шертіп көрсе, үні жүрегіне жақын, жанына жайлы естіледі. Қыз байғұс бостау тартылған ішекке үні мұңды шығатындықтан, «ұлым – Мұңлық» деп, ал ащы, тым зарлы шығатындықтан, қатты тартылған ішекке «қызым – Зарлық» деп ат қойып, күндіз-түні қолынан тастамай, күй шығарып, ел кезіп, егізін іздеп кеткен екен...».

 

Домбыра құрылысы

Домбыра құрылысы бірнеше бөліктен тұрады. Басы, құлақтары, пернелер, мойын, шанақ, бетқақпақ, ілгек және ішектер. Сондай-ақ, оның көптеген қосымша бөлшектері бар «тиек, кемер ағаш, тұжым ағаш, бастырма, түйме, қалқа, өрнек. Домбыра тиегі үш түрлі болады. Олар шайтан тиек, негізгі тиек, табалдырық тиек. Қазақ даласындағы домбыралар жергілікті жердің жағдайына, дәстүріне, тұрмыс-салтына, орындаушылық сипатына қарай, жасаған шебердің ісмерлігіне байланысты әртүрлі пішінде дамып, өзгеріп отырған.

 

Құндылыққа жасалған қастандық

Тарихы мен тағылымы мол домбыра аспабының құндылығын жоюға бүгінде күш салып жүргендер бар. Соңғы кезде әуеге өзімен бірге домбырасын да алып ұша алмаған өнер адамдарының қатары жиілеп кетті.  Еліміздегі ұшақ борттарына аспапты алып жүргізбеу ұлттық өнерге қастандық жасағандық емес пе? Әлеуметтік желіде ұзақ талқыға түскен бұл мәселені мәжіліс депутаты Ринат Заитов: «Қазір әуе компанияларында қазақтың ұлттық аспаптарына қарсы бір әдейі жоспарланған нәрсе сияқты жүріп жатыр. Қазақтың саусаққа толмастай 4-5 ұлттық аспабы бар. Сол аспаптар ұшаққа кіруге рұқсат алсын», – деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне. Иә, дәстүріміз бен ұлттық мәдениетімізге деген құрмет әр қазақтың өзінен басталуы хақ. Бабалар мұрасын қастерлеп сақтау, киелі аспабымызды дамыту, егемен елдегі әрбір азаматтың мақсат-мұраты деп білемін.

Қос ішектің бірін тартып, бірін кем бұрап, елдің көңіл-күйін санасына сіңіртіп, дала философиясын ұғындырған киелі аспап өзектілігі мен құндылығын жоғалтқан емес. Ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып қалатын ұлттық аспабымызды ұлықтау – баршамызға парыз.

Перизат ӘБДІЛ-ӘШІМ.

Оқылды 10771 рет

Соңғы жаңалықтар

Қар 18, 2024

Внимание, жители г. Есик!

Региональный офис ЮНЕСКО в Алматы совместно с Центром «Содействие устойчивому развитию…
Қар 14, 2024

АФМ проводится расследование в…

Она подозревается в хищении свыше 1,5 млрд тенге, собранных для помощи гражданам,…
Қар 14, 2024

ҚМА еріктілер қозғалысының…

Ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған 1,5 млрд…
Қар 14, 2024

Eлянұр – әлем чемпионы

Черногорияның Будва қаласында бокстан жастар арасында өткен әлем чемпионаты өз мәресіне…
Қар 14, 2024

Бекзада өнер бәйгесі

Қазақ халқының ежелден келе жатқан аңшылық, саятшылық кәсібі бүгінде ұлттық спорт түріне…
Қар 14, 2024

Ұрпаққа тарту

Жасөспірімдеріміздің сапалы мектепте білім алуы болашақтың жарқын болуына жасалған…
Қар 14, 2024

Атқарылған жұмыстар сараланып, …

Осы аптада Еңбекшіқазақ ауданы әкімдігінің алқа отырысы өтті. Жиынға аудан әкімі Талғат…
Қар 07, 2024

Жазушының шығармаларымен танысты

Қаратұрық ауылдық кітапханасының ұйымдастыруымен Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің 5…
Қар 07, 2024

Алихан әлемдік деңгейге көтерілді

Ауданымыздың жас спортшысы Алихан Ермекұлы 2024 жылдың 26-27 қазан айы аралығында…

Күнтiзбе

« Қараша 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет