Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылуда. Екі жыл ішінде ұлттық жоба аясында 460 мың оқушы орнына арналған 217 заманауи мектеп салу жоспарланған.
Бүгінгі таңда 105 білім беру нысанының құрылысы аяқталды, ал қалған 112 мектеп 2025 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі.
Ұлттық жоба тұрғылықты жеріне қарамастан, барлық қазақстандық баланы заман талабына сай сапалы біліммен қамтамасыз етуге бағытталған.
Айта кету керек, жайлы мектептердің жартысына жуығы ауылдық жерлерде салынуда. Осылайша, 200 мыңнан астам ауыл баласы қазіргі заманғы жайлы білім беру ортасымен қамтылды.
«Бұл жоба – елімізде орта білім сапасын арттыруға және қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты жоюға бағытталған стратегиялық бастама. Бұл — жай ғана мектеп ғимараттары емес, ұлт болашағы өсіп шығатын киелі білім ордалары. Сондықтан ұлттық жоба аясында қалыптасатын білім ұйымдарын «Келешек мектептері» деп атауды ұсынып отырмыз», – деп атап өтті Ғани Бейсембаев Орталық коммуникация қызметінің алаңында өткен брифингте.
Бұл мектептердің артықшылығы – онда оқушыларға қолайлы, эргономикалық білім беру кеңістігінің құрылуда. Мектептердің көлемі типтік жобаларға қарағанда, 15-20%-ға үлкен, ал техникалық жарақтануы 4 есеге артық.
Барлық мектептер заманауи жиһазбен және құрал-жабдықтарымен толықтай қамтамасыз етіліп, қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары үшін бөлек блоктар қарастырылған.
Ұлттық жоба аясында жергілікті өндірісті қолдауға ерекше басымдық берілуде. Мектеп құрылысына қажетті материалдар, мектеп жиһаздары тек отандық тауар өндірушілерден сатып алынуда.
Су саласындағы ашықтықты қамтамасыз ету үшін Су ресурстары және ирригация министрлігі Қазақстандағы су ресурстарын пайдалану туралы Ұлттық ақпараттық есепті жыл сайын өзінің ресми сайтында жариялап отырады. Бұл талап биыл сәуір айында Мемлекет басшысы қол қойған жаңа Су кодексінде көзделген.
Ұлттық есеп – бұл елдегі су қорының жай-күйі, оны қорғау және пайдалану бойынша өткен күнтізбелік жылға арналған талдау есебі.
Онда негізгі өзендердің су мөлшері, су ресурстарының су шаруашылық бассейндері, өңірлер және экономика салалары бойынша пайдаланылуы жөнінде талдау, су шаруашылығы мен гидротехникалық құрылыстардың, оның ішінде мемлекетаралық құрылыстардың саны мен жағдайы туралы мәліметтер көрсетіледі. Сондай-ақ құжатта су қорын қорғау бойынша атқарылып жатқан шаралар, инвестициялық жобаларды іске асыру және заманауи технологияларды енгізу туралы ақпараттар баяндалған.
?«Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар есеп беру үшін ақпаратты есепті жылдан кейінгі жылдың 1 наурызынан кешіктірмей ұсынуға міндетті. Ұлттық есептің өзі 1 мамырдан кешіктірілмей жарияланады. Бұл Қазақстандағы су ресурстарын басқару мен пайдаланудың ашықтығын қамтамасыз етуге тиіс. Су кодексінің өзі биыл 10 маусымда күшіне енеді. Сондықтан біз бұл есепті 2026 жылдан бастап жариялай бастаймыз», –
деді Су саясаты департаментінің директоры Серікжан Бекетаев.
Астана, 2025 жылғы 5 мамыр – Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) миссиясымен жұмыс кездесуін өткізді. Миссияны Қазақстан бойынша жаңадан тағайындалған жетекші – Али Аль-Эйд мырза бастап келді.
Кездесу барысында елдің энергетика саласындағы инвестициялық климатты нығайту жолдары, жылу электр орталықтарын қоса алғанда, инфрақұрылымды ауқымды жаңғырту жоспарлары және мұнай-газ саласының даму перспективалары талқыланды.
Ерлан Ақкенженов Қазақстан энергетикасындағы басымдықтарды айқындап, инвесторлар үшін ашық әрі қолайлы жағдайлар жасаудың маңыздылығын атап өтті.
— Халықаралық серіктестермен, соның ішінде ХВҚ-мен жүргізілетін конструктивті диалог бізге энергетика саласын орнықты дамыту стратегиясын тиімді жүзеге асыруға және үздік әлемдік тәжірибелермен үндестіруге мүмкіндік береді, – деді министр.
Кездесудің негізгі тақырыптарының бірі - жұмыс істеп тұрған энергетикалық қуаттарды жаңғырту бағдарламалары болды. Әсіресе, жылу электр орталықтарын жаңарту мәселесіне ерекше назар аударылды. Бұл – сенімді энергиямен қамтуды қамтамасыз ету және заманауи, экологиялық таза технологияларға ұзақ мерзімді инвестиция тарту үшін маңызды негіз болып табылады.
Тараптар мұнай-газ секторының даму келешегін де егжей-тегжейлі қарастырды. Министр 2027 жылға қарай мұнай өндіру көлемі 104,5 млн тоннаға жетеді деген болжамды растады. Бұл көрсеткішке Теңіз кен орнын кеңейту сияқты ірі жобаларды іске асыру арқылы қол жеткізілмек.
Кездесу барысында жаңартылатын энергия көздері секторына инвестиция тарту мәселелері де сөз болды. Қазақстан 2030 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің үлесін елдің энергетикалық теңгерімінде 15%-ға дейін жеткізуді мақсат етіп отыр.
— Басты міндетіміз - елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және инвестициялар тарту мен озық технологияларды енгізу арқылы саланың қарқынды дамуына жағдай жасау. Қазақстан өзара тиімді ынтымақтастыққа әрдайым ашық, – деді Ерлан Ақкенженов кездесу қорытындысы бойынша.
2025 жылдың 20 мамырында Астанада Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті Өзбекстан Республикасы Министрлер Кабинеті жанындағы Өзбек техникалық реттеу жөніндегі агенттігінің делегациясымен ресми кездесу өткізді.
Келіссөздер шеңберінде тараптар техникалық реттеу, стандарттау, сәйкестікті бағалау және метрология саласындағы екіжақты өзара іс-қимылдың негізгі аспектілерін талқылады. Сәйкестікті бағалау саласындағы ынтымақтастықты дамыту, оның ішінде саудадағы техникалық кедергілер және санитариялық-фитосанитариялық шаралар, сондай-ақ мемлекеттік бақылау мәселелері жөніндегі ақпараттық орталықтың жұмыс істеуі мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Талқылау стандарттау саласындағы, оның ішінде ұлттық стандарттарды халықаралық және өңірлік нормативтермен үйлестіру контекстіндегі өзара іс-қимылды тереңдету перспективаларын да қамтыды. Тараптар техникалық реттеу саласындағы қолданыстағы заңнама туралы ақпарат алмасты, осы саладағы құқықтық қамтамасыз етудің ағымдағы тәсілдерін талқылады және реттеуші тәжірибелерді одан әрі жақындастыруға мүдделілік білдірді.
Кездесу қорытындыларының бірі - «Қазақстандық стандарттау және метрология институты» РМК мен «Өзбек ғылыми сынақтар және сапаны бақылау орталығы» мемлекеттік мекемесі арасындағы сәйкестікті бағалау саласындағы 2025-2026 жылдарға арналған екіжақты ынтымақтастықты дамыту жөніндегі қызметті іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына қол қойылды. Құжат екі тараптың практикалық өзара іс-қимылды тереңдетуге, білім алмасуға және халықаралық стандарттарға сәйкес өнімдер мен қызметтердің сапасын арттыруға деген ұмтылысын көздейді.
Тараптар сындарлы диалогты жалғастыруға дайын екендіктерін растады және қол жеткізілген уағдаластықтар екі ел арасындағы техникалық реттеу және стандарттау саласындағы ынтымақтастықты нығайту жолындағы маңызды қадам болатынына сенім білдірді.
Алматы облысында 17 917 түлек үшін қоңырау соңғы рет соғылады. Олар үлкен өмірге қанат қағуға бір табан жақын тұр. Үкілеген үмітті арқалағандардың 1433-і «Алтын белгі» төсбелгісіне үмітті. Ал, 1513 оқушы «Үздік аттестат» иегері атануға құлық танытуда.
11 жылдық тәлім мен тәрбие, білім мен білік , бағы мен бабы қатар сыналар тұста алыс емес. Түлектер жылдағыдай ҰБТ тапсырады. Биыл 14 123 бала тестілеуден өтеді.
Алматы облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Диана Тетенқызы биылғы 2024-2025 оқу жылы жемісті болғанын алға тартуда.
Оның айтуынша, оқушылар 17 халықаралық, 150-ге жуық республикалық білім бәйгелерінің тұғырынан көрінген.
Сонымен қатар, Республика бойынша 25 оқушы 1 орын, 30 оқушы 2 орын, 75 оқушы 3 орыннан көрінген.
Бірер күнде барлық білім ұяларында соңғы қоңырау соғылады. Алайда, білім саласындағы жұмыстар аяқталмақ емес. Оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру да білім саласының бір бағыты.
Спикер, жазғы демалыс кезеңінде 30 лагерь жұмыс жасайтынын айтты.
Облыс оқушыларының 92%-ы жазғы демалыспен және сауықтырумен қамту жоспарлануда.
«Жекелеген санаттағы 2017 оқушысы мен тәрбиеленушілердің жазғы демалысын ұйымдастыруға 282,3 млн. теңге бөлінді»,-деді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Диана Онбырбаева.
Айта кетейік, «Қазақстан халқына» қорынан 165,6 млн. теңгеге, барлығы 1400 жолдама беріледі. Балалар «Тау-Жанашар» «Альтаир» «Облыстық балалар сауықтыру лагері» сынды орындарда жазғы демалыстарын тиімді өткізетін болады.
Бүгін – адамзат өркениетінің тарихы мен мәдениетін, рухани байлығын жинақтап, келер ұрпаққа аманат ететін асыл қазыналар мекені – музейлер күні!
Музей – өткен мен бүгінді жалғайтын киелі кеңістік, тарихтың үнсіз шежіресі, ұлт жадының алтын діңгегі. Елдің рухани байлығын көздің қарашығындай сақтап, ұрпаққа жеткізуді мақсат еткен музей қызметкерлерінің еңбегі – ерекше құрметке лайық.
Осы атаулы күн аясында музей саласының бірқатар қызметкерлері «AMANAT» партиясы Еңбекшіқазақ аудандық филиалының төрағасы Б. Рахимовтың атынан Алғыс хатпен марапатталды.
Мәдени мұраны насихаттап, ұлт руханиятына қызмет етіп жүрген барша музей қызметкерлерін шын жүректен құттықтаймыз! Еңбектеріңізге шығармашылық табыс, жаңа жобалар мен кәсіби биіктер тілейміз!
Ұлттық мұра – ұрпаққа аманат!
2025 жылдың 15 мамырында Шелек ауылындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы спорт кешенінде
«AMANAT» партиясының «Ұлттық мұра» жобасы аясында
Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған ұлттық спорт түрлерінен аудандық турнир өткізілді.
Іс-шараға Еңбекшіқазақ ауданына қарасты бастауыш партия ұйымдарының мүшелері белсене қатысты.
Турнирдің негізгі мақсаты — ұлттық спорт түрлерін дәріптеп, партия мүшелері арасында салауатты өмір салтын насихаттау.
Жарыс бағдарламасына мына спорт түрлері енгізілді:
тоғызқұмалақ, асық ату, гір тасын көтеру, арқан тарту, шахмат және үстел теннисі.
Турнир қорытындысы бойынша:
І орын – Қорам бастауыш партия ұйымы
ІІ орын – Балтабай бастауыш партия ұйымы
ІІІ орын – Масақ бастауыш партия ұйымы
Жеңімпаз командаларға арнайы дипломдар, алғыс хаттар және естелік сыйлықтар табысталды.
Шара жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өтіп, қатысушылардың оң бағасын алды.
Осындай игі бастамалар ұлттық құндылықтарды ұлықтауға, қоғамда ынтымақ пен серіктестікті нығайтуға өз үлесін қосары сөзсіз.
Листериоз - адам мен жануарларға ортақ, аса қауіпті жұқпалы ауру. Қоздырғышы спора түзбейтін, грамм оң «Listeria monocytoqenes» бактериалары.
Жұқпаның жабайы табиғаттағы көзі кеміргіштер мен сүтқоректі жануарлар саналса, үй жағдайында ит, мысықтар мен ауылшаруашылық малдар (шошқа, ұсақ және ірі мүйізді мал, жылқы, үй құстары - қаз, үйрек, тауық, үндік, кептерлер мен экзотикалық құстар -тотықұс) аурудың көзі болуы мүмкін.
Листериоз қоздырғышы ауру жануардың ағзасынан қоршаған ортаға зәрі, нәжісі, танау, көз сұйықтықтары мен ауру малдан алынған сүт арқылы бөлінеді. Жануарлар арасындағы ауру таратушы болып, буынаяқты қан сорғыш кене, бит және бүрге саналады.
Ауру қоздырғыш бактериалар қоршаған орта әсерлеріне өте төзімді болып келеді, ал тоңазытқыш температурасында (-4 -6С0 ) көбеюге де қабілетті. Жоғары температура мен зарарсыздандырғыш заттардың әсерінен бірден тіршілігін жояды. Листериоз қоздырғышы ұзақ (бірнеше жылға дейін) уақытқа дейін топырақта, су, жем-шөпте сақталады. Қоршаған ортада және тағам өнімдерінде (сүт, ет, май, көкөністерде т.б.) көбею қасиетіне де ие.
Инкубациялық (жасырын) кезеңі орташа есеппен 2 - 4 аптаға созылып, кейін бірден дене қызуының көтерілуі мен жалпы уыттанудың белгілері пайда болады, жүрек айну, құсу, және іш өтуі, бас ауруы, ұйқысыздық, бұлшық еттердегі ауру сезімі мен тітіркеншектік пайда болады. Науқастың бауыры, жүрек пен буындары мен терінің зақымдалуы мүмкін. Листериоз - қоздырғышы адамның жүйке –жүйесін (менингит), жұтқыншақ арты лимфа безін (ангина) зақымдайтын, жүкті әйелдерде түсік тастауды шақыратын, жаңа туған нәрестелерде менингит түрінде өтеді.
Ауылшаруашылық мал өсіріп, көбейтумен айналысатын шаруа қожалық субьектілердің қызметкерлері, оның ішінде уақытша жұмысқа тартылған адамдар жеке бас гигиенасы және қорғаныш (халат, резеңке қолғап, жеңқап, алжапқыш пен арнайы аяқ киімдер) құралдарысыз жұмысқа жіберілмеуі тиіс. Сол сияқты, төл науқаны алды және науқан аяқталған соң, адам мен жануарларға ортақ жұқпалы ауруларға (бруцеллез, листериоз) зертханалық тексеруден өтуі керек. Жүкті әйелдер мен кәмелеттік жасқа толмаған балаларды мал күтіміне (мал төлдету, қырқу, қора тазалау т.б.) жіберілмеуі қажет. Үй жануарларына күтім жасау кезінде жеке бас тазалығын сақтау (қолды сабындап, мұқият жуу т.б.).
Листериоз жұқтырған науқастың үй ошағындағы адамдар мен жұқпаның көзі болуы мүмкін деген үй жануарлары: ит, мысықтар мен ауылшаруашылық малдар листериоз жұқпасына зертханалық тәсілмен тексерілуге жатады.
Ауласында ауылшаруашылық мал мен үй жануарларын ұстайтын тұрғындардың назарына: ауылшаруашылық малдан алынған өнімдерді тағамға тек мұқият термиялық өңдеуден кейін қана пайдалануды. Иелігіңіздегі жануарларда қандай да бір жұқпалы ауруларға, оның ішінде листериозға тән белгілер: іш тастау, өлі туу, жануарлардың белгісіз себептермен жаппай қырылуы байқалса дереу ветеринарлық қызметкерге хабарлау қажет. Өзіңіз бен отбасы мүшелері тұрғылықты жеріңіз бойынша емдеу алдын алу мекемесіне қаралып, тексеруден өтуге кеңес береміз.
Еңбекшіқазақ аудандық
СЭББ басшысының орынбасары
Д.Бақберген
Бүгін Метрлік конвенцияға қол қойылғанына 150 жыл толды.
Метрлік конвенция – жаһандық өлшем бірлігінің бастау нүктесі болды. Оның арқасында 100-ден астам мемлекет – АҚШ-тан бастап Жапонияға дейін – бірдей эталондар мен қағидаттарды қолдана отырып, бір-бірін түсініп, әділ сауда жүргізуге мүмкіндік алды.
Қазақстан аумағындағы алғашқы өлшеу құралдарының жарамдылығын анықтайтын мекеме 1923 жылы Семей қаласында Омбы тексеру палатасының бөлімшесі ретінде құрылған.
Бүгінде Қазақстанның Ұлттық эталондық базасы еліміздегі өлшемдердің бірлігін қамтамасыз етудің негізі болып табылады және 104 мемлекеттік эталоннан тұрады. Оның 50-і – мемлекеттік эталон, ал 54-і – мемлекеттік жұмыс эталоны. Бұл эталондар ұзындық, масса, температура, қысым, электрлік және магниттік шамалар, сондай-ақ физика-химиялық параметрлер сияқты кең өлшем ауқымын қамтиды.
Метрология – бұл абстрактылы ғылым емес, күнделікті өмірде әр адам кездесетін практикалық құрал. Дәл өлшемдерсіз тауарлардың сапасын объективті бағалау, ресурстарды дұрыс есептеу, медициналық диагноз қою немесе ғылыми зерттеу жүргізу мүмкін емес.
Өлшеу жабдықтарының тіпті болмашы ауытқуларының өзі ауыр салдарға әкелуі мүмкін. Мысалы, медициналық тәжірибеде жабдықтарды уақтылы тексермеу тексеру нәтижелерінің бұрмалануына әкеліп соғады, бұл диагноз қою мен емдеу әдісін таңдауға әсер етеді. Сол сияқты, су, газ немесе электр энергиясы есептегіштерінің қате көрсеткіштері тұтынушылардың қаржылық шығындарына әкеледі.
Құрылыс және басқа да салаларда өлшемдердің дәлдігі нысандар мен технологиялық процестердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
ҚР Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрайымы Жанна Есенбекованың айтуынша, қазіргі заманғы және технологиялық жағынан жетілдірілген эталондық база Қазақстанда өлшеу, сынақ және өнім сәйкестігін растау қызметіне халықаралық сенімнің қалыптасуына жағдай жасайды. Бұл өз кезегінде саудадағы техникалық кедергілерді жоюға және интеграция жағдайында тауарлар мен қызметтердің еркін айналымына ықпал етеді.
Бүгінгі таңда Қазақстанда 340-тан астам өлшеу құралдарын тексеру зертханалары жұмыс істейді, олар өлшеу құралдарының белгіленген талаптарға сәйкестігін қамтамасыз етеді. Бұған қосымша, калибрлеу бағыты да белсенді дамып келеді. Экономика саласының әртүрлі салаларына қызмет көрсететін 70-тен астам калибрлеу зертханасы бар, бұл технологиялық процестердің дәлдігін арттыруға ықпал етеді.
Өнімдердің, қызметтердің және технологиялық процестердің қауіпсіздігіне қойылатын талаптар қолданыстағы нормативтік-құқықтық база арқылы бекітілген. Қазақстан Республикасында метрология саласындағы қызметті реттейтін 13 негізгі нормативтік-құқықтық акт әзірленіп, қолданысқа енгізілді. Оларды іске асыру үшін өлшемдердің кең спектрін қамтитын 700-ден астам ұлттық стандарт қабылданған. Сонымен қатар, денсаулық сақтау, мұнай-газ саласы, өнеркәсіп, ақпараттық технологиялар және әлеуметтік бағыттарды қоса алғанда, экономиканың түрлі салаларында қолданылатын өлшеулердің 14 тізбесі бекітілді.
«Өлшеу нәтижелерінің сенімділігі нарықтық қатынастарға қатысушылардың яғни мемлекеттік органдардың, өндірушілердің, жеткізушілердің және тұтынушылардың арасындағы сенімнің негізін қалыптастырады. Мемлекеттік ғылыми метрологиялық жүйе өлшеулердің бастапқы эталондардан жұмыс құралдарына дейінгі ізгілігін (трассабельдігін) қамтамасыз етеді. Бұл — әділ баға белгілеу, адал бәсекелестік пен нарықтың тұрақты дамуы үшін ажырамас шарт», — деді Жанна Есенбекова.
Сондай-ақ Қазақстан метрология саласындағы халықаралық байланыстарды белсенді дамытуда. ASTM, API, DIN, AFNOR және басқа елдердің ұлттық метрология институттарын қоса алғанда, жетекші шетелдік стандарттау және метрология ұйымдарымен 70-тен астам келісім мен меморандумға қол қойылған.
Бүгін біз өзіміздің калибрлеу және өлшеу мүмкіндіктерімізді (CMCs — Calibration and Measurement Capabilities) халықаралық деңгейде растау жұмысын жүргізіп келеміз. Бұл мүмкіндіктер Халықаралық өлшемдер және салмақтар бюросы (BIPM) шеңберінде жарияланады. Қазақстан CMC жолдары бойынша Орталық Азия елдері арасында бірінші орынды иеленіп отыр.
Біздің 119 CMC жазбамыз электр, геометриялық шамалар, масса, уақыт пен жиілік, қаттылық және басқа да өлшеу салаларында халықаралық талаптарға сәйкестікті көрсетеді.
Бір қарағанда, CMC дегеніміз – жай ғана халықаралық дерекқордағы жазбалар секілді. Алайда олардың әрқайсысының артында нақты өлшеулерді белгіленген дәлсіздікпен жүргізе алатын дәлелденген және халықаралық деңгейде мойындалған қабілет жатыр.
Осылайша, метрология адамның бүкіл өмір саласына – мектептен бастап жоғары технологиялық өндіріс пен медицинаға дейін – әсер етеді. Ол қауіпсіздікті, экономикалық тиімділікті және қоғамдағы сенімді қамтамасыз ете отырып, мемлекеттің тұрақты дамуының негізін қалайды.
Жыл сайын 20 мамырда әлемнің травматолог-дәрігерлері өздерінің кәсіби мерекесін атап өтеді.
Еліміздің травматологтары күн сайын мыңдаған адамға шын мәнінде аяғынан тұрып кетуге көмектеседі. Ашық сүйек сынуы, күйіктер, жол-көлік оқиғалары, күрделі буын операциялары – мұндай әрбір жағдайдың артында кадр сыртында қалып жататын, бірақ әрдайым шешуші рөл атқаратын дәрігерлер командасы тұрады.
2024 жылы стационарларда жарақат алған 240 мыңнан астам пациент емделді, ал ауруханаішілік өлім көрсеткіші 1,1%-ға дейін төмендеді, бұл медициналық көмектің сапасы артып келе жатқанын көрсетеді. Өткен жылы жалпы жарақаттану көрсеткіші де 2023 жылмен салыстырғанда 3,3%-ға төмендегені байқалды.
2024 жылы жарақатқа байланысты жедел жәрдем шақыртуларының жалпы саны 741 728-ге жетті, оның ішінде жол-көлік оқиғаларына байланысты шақыртулар 4,6%-ға өсіп, 47,8 мыңды құрады.
Жарақат пен улану жағдайларымен ем алғандардың құрылымында негізгі үлесті қол-аяқ жарақаттары алады (35%), одан кейін – бас және мойын жарақаттары (24%), ал улану мен басқа да жарақаттардың әрқайсысы 10%-ды құрайды.
Травматологиялық және ортопедиялық көмек көрсету үшін көпбейінді стационарларда 160 травматология-ортопедия және күйік бөлімшесі жұмыс істейді, оның ішінде 47-сі балаларға арналған, сондай-ақ, 80 травматологиялық пункт бар. Амбулаториялық-емханалық ұйымдарда 291 травматологиялық кабинет қызмет көрсетеді.
Оңалту қызметтердің дамуына ерекше назар аударылып отыр: мұндай қызмет көрсететін орындардың саны 1218-ден 2251-ге дейін өсті, бұл мүгедектік деңгейін азайтуға және пациенттердің өмір сапасын жақсартуға ықпал етеді.
Бастапқы медициналық ұйымдар мен жедел жәрдем станцияларында төтенше жағдайлар мен оқыс оқиғалардан зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсету бойынша оқыту жүргізілуде.
Жазда ел тұрғындары Алакөлге ұшақпен, пойызбен немесе автокөлікпен жете алады.
Теміржол көлігі:
Биыл жазда Алакөл курорттық аймағына 13 теміржол бағыты арқылы жетіуге болады. Оның 4-еуі — жыл бойы қатынайтын бағыт болса, тағы 9-ы — маусымдық қосымша бағыттар. Пойыздар Астана, Алматы, Павлодар, Қызылорда, Семей, Өскемен және Ақтоғай қалаларынан қатынайды.
Алматы – Алакөл:
Астана – Алакөл:
Басқа бағыттар:
Әуе қатынасы:
2025 жылғы 1 маусымнан бастап қазақстандық SCAT әуе компаниясы Алакөлдің қасында орналасқан Үржарға субсидияланатын рейстерді орындай бастайды. Астана мен Үржар, сондай-ақ Алматы мен Үржар арасында аптасына 6 рейс орындалады. Астана - Үржар бойынша бір бағыттағы билет құны – 16 мың теңге, ал Алматы - Үржар бағыты бойынша – 14 мың теңге.
Сондай-ақ, жаз мезгілінде Ушарал қаласына субсидияланатын әуе рейстерін іске қосу мәселесі пысықталуда.
Автомобиль көлігі:
Жалпы ұзындығы 768 шақырым болатын «Талдықорған – Өскемен» жолы Алакөлге дейін апарады. Бұл жолға толықтай жаңа асфальт төселді.
Жетісу облысы жағынан Үшарал арқылы одан кейін 180 шақырымдық «Үшарал – Достық» жолымен өтіп, көлдің оңтүстік жағалауына жетуге болады.
Абай облысы жағынан «Таскескен – Бақты» жолы арқылы Мақаншы ауылына (133 км), әрі қарай «Мақаншы – Жалаңашкөл» бағытымен көлдің солтүстік жағалауына жетуге болады.
Алакөл көліне апаратын барлық республикалық маңызы бар автожолдарда жаңа асфальтбетон жабыны төселді.
2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерінен (ЖЭК) өндірілетін электр энергиясының үлесі 6%-дан асып, 6,43%-ды құрады. Бұл — 2020 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда екі есе жоғары. Ол кезде ЖЭК үлесі небәрі 3% болған. Бұл өсім «жасыл» экономиканы дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың жүйелі жүзеге асырылып жатқанын айқын көрсетеді.
Соңғы бес жылда елде тұрақты оң үрдіс байқалып келеді:
- 2021 жылы – 3,69%,
- 2022 жылы – 4,53%,
- 2023 жылы – 5,92%,
- 2024 жылы – 6,43%.
«Жасыл» электр энергиясын өндіру көлемінің артуы жаңартылатын энергия көздері секторындағы инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған дәйекті мемлекеттік саясаттың нәтижесі болып отыр. Озық халықаралық тәжірибелер енгізіліп, жүйелі қолдау шаралары жүзеге асырылуда, ал нысандардың құрылысы мен пайдалануға берілуі инвесторлардың қаражаты есебінен іске асуда.
Бүгінде республика аумағында жалпы қуаты 3 ГВт-тан асатын 154 ЖЭК нысаны жұмыс істейді. Атап айтқанда:
- 63 жел электр станциясы (1 570,05 МВт),
- 46 күн электр станциясы (1 222,61 МВт),
- 42 су электр станциясы (287,685 МВт),
- 3 биогаз станциясы (1,77 МВт).
Жаңартылатын энергия көздерін дамыту — еліміздің тұрақты энергиямен қамтамасыз ету және климаттың өзгеруіне қарсы іс-қимыл саласындағы мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтарының бірі.
Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Ақордада салтанатты жиын өтті.
Президент ұлтымыздың болмыс-бітімін сақтауға, халқымыздың руханиятын байытуға зор үлес қосып жүрген сала қызметкерлеріне ризашылығын білдірді.
– Мәдениет – ұлттың төлқұжаты. Жаһан жұрты елімізді, ең алдымен, өнеріміз арқылы танып біледі. Біз – Ұлы далада тамыр жайған бірегей мәдениеттің заңды мұрагеріміз. Қазақ жерінен шыққан қайталанбас өнер иелерінің теңдессіз туындылары тұтас ұлтты тәрбиеледі. Қазір төл мәдениетіміз дүние жүзіне танылып жатыр. Талантты музыканттарымыз әлемдік сахналарда табысты өнер көрсетіп жүр. Қазақ киногерлері түрлі халықаралық байқауларға қатысып, сарапшылардың жоғары бағасына ие болуда. Елордамызда Дүниежүзілік көшпенділер ойындары табысты өтті. Ақтау қаласы түркі әлемінің мәдени астанасы болып жарияланды. Рухани мұраларымыз цифрлық форматқа көшіріле бастады. Таяуда ұлтымыздың бір жарым мың ән-күйі мен фольклорлық мұрасы ең танымал халықаралық платформаларға салынды. Төл өнеріміз креативті индустрия арқылы барынша насихатталуда, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, мемлекет өнер саласын өркендетуге әрдайым ерекше мән береді. Өйткені мәдениеті озық елдің рухы биік болады.
– Былтырдың өзінде 45 жаңа мәдениет нысаны салынды. Бұл жұмыс болашақта да жалғасын табады. Театр – руханиятымыздың негізгі тірегінің бірі. Ұлттық құрылтайдың Бурабайда өткен отырысында аймақтағы театрларды дамыту туралы нақты тапсырма берілді. Театрлардың көпшілігі толық жаңғыртуды қажет етеді. Кейбіріне жаңа ғимарат керек. Осы жұмысқа кәсіпкерлер мен меценаттарды жұмылдырған абзал. Бұл – әлемде кең таралған тәжірибе. Мұндай жобаларға инвестиция салуға дайын азаматтар аз емес. Мен бизнес өкілдерін руханиятымызды дамыту ісіне атсалысуға шақырамын, – деді Мемлекет басшысы.
Президент елімізде іргелі мәдениет ошақтары көп екеніне назар аударып, олар талай жылдан бері көрермен қауымға тағылымды қойылымдар ұсынып келе жатқанын жеткізді.
– Осы орайда Бикен Римова атындағы қазақ драма театрына, Алматы қаласындағы Мемлекеттік қуыршақ театрына және Ғарифолла Құрманғалиев атындағы филармонияға академиялық мәртебе беру қажет деп санаймын. Бұл қадам мәдениет мекемелерінің жұмысына тың серпін берері сөзсіз, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу биыл төртінші жыл қатарынан жалғасын табуда. Осы уақыт аралығында 60 мың адам жоғары лауазымды қызметке қол созуды қалаған. Олардың ішінде тек 400 адам резервке қабылданған. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Нұрсұлтан Сейдалиев.
Бүгінгі таңда резервке алынған 400 адамның 318-і мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдарда жұмысқа тұрған.
«Төртінші іріктеудің ерекшелігі – резервтің әр салалық бағыты бойынша квоталар қарастырылып, іріктеу сол салалық бағыт бойынша ғана жүргізілетін болады»,-дейді Нұрсұлтан Ақылбекұлы.
Президенттік жастар кадр резервіне өту кезіндже үміткердің жасы 35-тен аспауы тиіс. Сонымен қатар, жоғары білімінің, бес жылдан кем емес еңбек өтілінің және қазақ тілін меңгеруі В1 деңгейінен болмауы керек.
«Іріктеуге қатысуға Президент тағайындаған адамдар, саяси қызметшілер, «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері, Президенттік жастар кадр резервінде тұрған адамдар жіберілмейді»,-деді Нұрсұлтан Сейдалиев.
Іріктеу Президент Жарлығымен бекітілген ережелерге сәйкес
6 кезеңнен тұрады және маусым – қазан айларында өткізіледі.