Бұл жұмбақ конструкцияның құрылысын венгрлік сәулетші, архитектура профессоры Эрно Рубик ойлап тапты. Рубик Будапешт қолданбалы өнер академиясының интерьер дизайны факультетінде өнеркәсіп дизайны мен архитектура пәнінен мұғалім болып жұмыс істеді. Ол математикалық теория ережелер негізін түсіндіргісі келгендіктен, өзінің ойлап тапқан кубигін ең алғаш өз білім бағдарламасына кіргізген. 

Алғашқы ойыншығы 27 түрлі-түсті ағаштан жасалған кубиктерден тұрды. Уақыт өткен соң ары қарай дамытып, барлық артық нәрселерден құтылып, бір қалыпқа келтірген.  Кубик ортасына цилиндірлік бекіткіш механизм орнатылған. Ол бекіткіш басқа сыртқы кубиктермен бір-бірін тығыз байланыстырып тұрады және оларға кез келген бағытта айналуға мүмкіндік береді.

Жасап шығарған кубигін Рубик өзінің достары мен студенттеріне көрсетіп сынады. 1975 жылы Рубик ойлап тапқан ойыншығына  венгрлік  иеқұжат (патент)  жасатып алды. Кубиктің  бірінші шығарылымы жаңа жылдық сыйлық ретінде «Сиқырлы Кубик» деген атпен 1978 жылы рождестволық мейрам  қарсаңында шыққан. 1980 жылы Рубиктің кубигі үлкен табыс алып келді. Оны өндіріске айналдыру үшін «Ideal Toy Corporation» компаниясы лицензия сатып алып «Рубик кубигі» деген атаумен өндіре бастады. Венгрия, Германия, Қытай елдері кубикті сол ескі атаумен, яғни «Сиқырлы Кубик» деп пайдаланады. Ал басқа мемлекетте ол  «Рубик кубигі» деген есіммен танымал.

Өндірістің алғашқы кезеңінде 100 миллион дана кубик өндірілген, ал заңсыз шығарылған  кубиктердің саны одан да көп. Еуропа, Америка елдеріне Рубик кубигі 1980 жылдың мамыр айында, ал КСРО-ға 1981 жылы жеткен.

1980 жылы Рубик кубигі ойыншығы ең мықты өнертабыс ретінде Венгрия ұлттық сыйлығын жеңіп алады, сонымен қатар АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Германия секілді мемлекеттерде ең үздік ойыншық байқауларының бас жүлделерін қанжығасына байлайды. 1981 жылы Нью-Йорк мұражай топтамасында көрмеге қойылды.

Көптеген әлемдік баспаханалар Рубик кубигін құрастыру тәсілдерін мақала етіп жариялаған. Ойыншыққа бірқатар тәжірибелер де жүргізілген. Ағылшын психологтары Рубик кубигінің феноменін зерттеу үшін өзгеше сынақ жүргізді. Олар кубикті адамға ұқсас маймылдарға жинатып көреді. Бірінші минутта шимпанзе қуыршақты қызығушылықпен құрастырады, алайда кейіннен қобалжи бастап, көңіл-күйі мүлдем түсіп кетеді. Маймылдардың бірі сынақ барысында кубикті тордан лақтырып жібереді, енді бірі жұтып қояды, ал үшіншісі парша-паршасын шығарып тас-талқан етеді. Осы сынақ нәтижесінде тек маймыл ғана емес, сонымен қатар, адамдар да келеңсіз жағдайға түседі екен. Ағылшындық психиатрлар мен невропатологтар адамға жасаған тәжірибесінде, қолындағы қуыршағын нәтижесіз айналдыра берген адам –  көңіл-күйі түсіп, ашуға бой алып, агрессияға ұшырап, ойыншықты сындыруға дейін барған. Соның себебінен  Рубик кубигін пластмасса материалынан жасап, қасына құрастыру нұсқаулығын ілестіріп сататын болған.

1983 жылы Рубик кубигінің даңқы бірден төмендеп кетеді. Тіпті сауда орындарынан табу өте қиын болды. 1985 жылы «Seven Towns» фирмасы «Ideal Toy Corporation» компаниясынан шығару құқығын сатып алып, 1991 жылы өндірісті қайта қалпына келтіреді. 1996 жылы Рубик кубигінің мәртебесі бірден шарықтап, «Seven Towns»  фирмасы АҚШ-қа 300 мың, ал Ұлыбританияға 100 мың дана сатқан.

1990 жылы Windows  компаниясы Рубик кубигінің виртуалды нұсқасын жасап шығарды. Дәл қазіргі уақытта компьютер ойынханалары осы ойын түрінен жарыстар ұйымдастырады. Жылына екі мәрте,  әлеуметтік желіден бөлек, «Дүниежүзілік Кубик Ассоциациясы» Рубик кубигін жылдамдық бойынша құрастыру жарыстарын ұйымдастырады.

Бірінші әлем чемпионаты 1982 жылы Будапешт қаласында болды. Онда 19 елден келген ұлттық құрама чемпиондары қатысты.

Қазіргі таңда Рубик кубигін аз уақыттың ішінде жинап шығу, бір қолмен жинау, аяқпен құрастыру, көзді байлап жинау, пирамида үлгісін жасау, мегамикс деген секілді номнациялар бойынша жарысады. Бұл кубикті құрастыру бойынша әлемдік рекорд - 5,66 секунд. 

Эрно Рубик Шығыс Еуропадағы ең бірінші миллонер атанып, 1988 жылы жас өнертапқыштарға арнап «Халықаралық Рубик Фондын» ашты. Қазіргі кезде ол Будапештте жеке зерттеулерімен айналысуда.

Ақпарат дереккөзі: massaget.kz

Жұма, 29 Сәуір 2022 09:52

Жас құтқарушылар сайысты

Жақында орта мектептердің «Жас құтқарушы» жасақтары арасында өрт сөндіру-құтқару спортынан жарыс өтті. 

Жарысқа Есік қаласында орналасқан В.Терешкова атындағы, Қ.Сәтпаев атындағы, Райымбек батыр атындағы, Р.Тоқатаев атындағы, Рахат ауылдық №1 орта мектептердің оқушылары қатысты. Жас құтқарушылар өрт сөндіру-құтқару спортынан оқу мұнарасының екінші қабатына шабуылшы сатысымен өрмелеу, жабдықтау және жауынгерлік киімін кию, кедергілерден өту бойынша сынға түсті. Әрбір командада 9-10-шы сынып оқушыларынан құралған сегіз адам өнер көрсетті.

Жас құтқарушылардың біліктілігі мен жаттығуын анықтау мақсатында ұйымдастырылған шара нәтижесінде жабдықтау және жауынгерлік киімін кию сайысында Райымбек батыр атындағы орта мектеп оқушысы Әлия  Бақтыбаева І орынға ие болды. ІІ орынға Қ.Сәтпаев  атындағы орта мектеп оқушысы Эмир Сұлтан, ІІІ орынға Райымбек батыр  атындағы орта мектеп оқушысы Жанас Уналбай ие болды.

Оқу мұнарасының екінші қабатына шабуылшы сатысымен шығу сайысында да Райымбек батыр атындағы орта мектеп оқушылары шеберлік танытты. Аталған оқу ордасының оқушысы Нұрмухаммед Утегенов І орынға жайғасты. ІІ орын Р.Тоқатаев атындағы орта мектеп оқушысы Арнұр  Балтабекке және ІІІ орын В.Терешкова атындағы орта мектеп оқушысы Тахир Сулеймановқа бұйырды.

Кедергілерден өту сайысында Райымбек батыр атындағы орта мектеп оқушысы Алихан Жұмахан жүлделі І орынның тұғырынан көрінді. Қ.Сәтпаев  атындағы орта мектеп оқушысы Ербол Абдыласов ІІ орынды, осы мектептің оқушысы Ықлас  Сабырбек ІІІ орынды иеленді.

«Жас құтқарушы» жасақтары арасында өткізілген өрт сөндіру-құтқару спорт жарысынан командалық есепте І орынға Райымбек батыр атындағы орта мектеп командасы, ІІ орынға Қ.Сәтпаев атындағы орта мектеп және үшінші орынға В.Терешкова атындағы орта мектептің командасы ие болды. Барлық жарыс қатысышулары бағалы сыйлықтармен, медальдармен, кубоктармен және мақтау қағаздарымен марапатталды.

Өз тілшіміз.

 

Жұма, 29 Сәуір 2022 09:14

Жеңіс тұғырынан көрінді

Іле ауданындағы Өтеген батыр атындағы спорт кешенінде 2006-2009 жылар аралығында туылған жасөспірімдер арасында ұлттық   жекпе жек түрінен республикалық чемпионат  өтті.

18 салмақ дәрежесінде өткен спорттық додаға еліміздің әр өңірінен 500-ге жуық жас өспірім қатысты. Аталған ұлттық жекпе-жек сайысына  ауданымыз атынан сынға түскен «AIBYN FC» клубының жас жауынгерлері де жеңіс тұғырынан көрінді. Айталық, 46 кг салмақ дәрежесінде Төлеген Талғатұлы чемпион атанса, Төлеген Әдікенов баптаған 43 кг салмақ дәрежесінде бақ сынаған Айбын Тұрсын  қарсыластарын қоғадай жапырып, аталған доданың гран-при иегері атанды.

Өз тілшіміз.

Жұма, 29 Сәуір 2022 08:51

АЖЫРАСУ асқынып барады

Әке – асқар тау,

Ана – бауырындағы бұлақ,

Бала – жағасындағы құрақ.

Иә, осылайша бір ауыз сөзбен бүтін бір отбасыны суреттеп берген қазақ халқы отбасына, отбасы құныдылықтарына ерекше назар аударған. Жесірін қаңғытпай, жетімін жылатпаған ата-бабаларымыз отбасын құруды, оны сақтап қалуды елдіктің негізі деп білген. «Отан – отбасынан басталады» деген сөз осыдан шықса керек. Алайда, бүгінгі ұрпақ бабалар аманатына селқос қарап, қоғамда отбасы деген үлкен құндылықтың мәні қалмай бара жатқандай. Әлемдегі үздіктердің қатарына қарай жылжып, дамуға бағыт алған елімізде ажырасу белең алып барады.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, ажырасудан ТМД елдері арасында көш бастап, алғашқы ондықтың қатарында келеміз. Тіпті, көрші Өзбекстанның өзінде ажырасу деңгейі 10 пайызға жетпейді. Тәжікстанда тіпті төмен. Ал еліміздегі мәліметтер жаға ұстатарлық. Қазақстанда ажырасу көрсеткіші 40 пайызға жетіпті. Әсіресе, шығыс, солтүстік облыстар мен Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында отбасы көп бұзылады екен. БҰҰ Халықтың қоныстану қоры осы тақырыпта арнайы зерттеу жүргізген. «2000 жылы неке қиғандардың 30 пайызы ажырасса, 2018 жылы статистика 40 пайызға дейін нашарлады. Егер осы динамика сақталса, бұл фактор келешекте отбасындағы екінші және үшінші балалардың туу көрсеткішіне кесірін тигізуі мүмкін», – делінген зерттеу нәтижесінде.

ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті ұсынған деректерге сүйенсек, онжылдықта 1,5 млн қазақстандық некесін қиған. Осы уақыт ішінде жарты миллионнан астамы ажырасып кеткен. Көпшілігі некеде 5-9 жыл тұрған 30-34 жас аралығындағы азаматтар. Жартысынан астамында ортақ балалары бар. Ең көп ажырасу – Қарағанды облысында, ең төменгі көрсеткіш Батыс Қазақстан облысында тіркелген. Статистика мәліметтері көрсеткендей ажырасу фактілері қалалық жерде жиі кездеседі.

Тұрғындар саны жағынан республикада көш басында тұрған ауданымызда ажырасу көрсеткіші көңіл көншітпейді. Аудандық статистика басқармасының берген мәліметіне сәйкес, 2020 жылы 1661 жұп неке қиған. Сол жылы 605 отбасы ажырасқан. Ал былтырғы құрылған отбасылардың саны едәуір артып, ажырасу көрсеткіші де төмендеген. 1860 неке қиылып,  513 жұп ажырасуға бел буған.

Ислам мемлекеті болмасақ та, осы дінді берік ұстанып, салт-дәстүрімізбен астастырған текті халықтың ұрпағымыз. Сондықтан да қазақ даласында неке бұзу фактілері сирек болған. Ал жары қайтыс болған әйел адамды әмеңгерлік салты арқылы дүние салған азаматтың бауырына қосқан. Осылайша, қазақ қоғамында жетім мен жесір атаулы кездеспеген. Кездескен күннің өзінде, қазақ отбасында ажырасуға бірнеше ғана себеп болған. Бұл турасында зерттеуші Х.Арғынбаев «Қазақ халқындағы семья мен неке» тарихи-этнографиялық шолу кітабында келтірген. «Халық соттарының архивін ақтарған кезде сирек болса да айрылысушылардың болғандығына көз жетті» деп жазған зерттеуші. Қазақ қауымында ежелден қалыптасқан дәстүр бойынша, күйеуі соншалықты ынжық, жаман, кемтар, кәрі болса да, әйелдің айырылысуға хақысы болмаған. Қалыңмалын төлеп алғандықтан, кімге арыз айтса да, қолдау таппаған. Дегенмен, әйел тарапынан қойылатын талаптардың міндетті түрде орындалатыны болады. Біріншіден, еркектік міндетін атқара алмаса, екіншіден, күйеуі 10-12 жасар бала болып, әмеңгерлікпен алған әйелі 25-30 жаста болса немесе бай адамдары тым жас баласына кедейдің бойжеткен қызын қалыңмалын төлеп алып берсе немесе қол бала етіп кіргізіп алса, үшіншіден, жазықсыз соққыға жыға берсе, алдымен ата-енесіне, сосын әке-шешесіне айтып, келіннің ата-анасы құдалар алдынан өтеді. Бұдан нәтиже шықпаса, билер алдына жүгініп, теңдік алу еркіндігі болады.

Сонымен қатар аз мал-мүлкіне қарамай, орынсыз шашып, рәсуа қылса, әйелінің жағдайына қарамаса, кедейшіліктен әйелін асырай алмаса, күйеудің туыстарына неше рет ескерткенмен нәтиже шықпаса, әйел адам билер алдына барып, ажыраса алған. Бұл себептерден басқа шариғат жолы да бар. Некелескен күйеуі күнкөріске қаражат қалдырмай 6 ай он күн хабарсыз кетсе, 7 жыл бойына іс-түссіз жоғалып кетсе, екі куәгер кісіні ертіп, билер алдында жоғарыда аталған шарттардың шындық екенін дәлелдесе, рұқсат алады. Әйел тек осындай жағдайда ғана арызданып барған. Басқа уақытта билердің төрелігіне жүгінуге тыйым салынған.

«Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» деген қағиданы өмірлік ұстаным еткен халқымыз отбасылық мәселелерді үлкен кісілер арқылы, ақсақалдардың ақылымен шешіп отырған. Сондықтан жастар ауыл ақсақалдары мен үлкендерінің сөзін жерге тастамаған. Олар бұзығын тыйып, ақылын айтып, отбасындағы жөнсіз ұрыс-керісті болдырмай, өздері бәрін реттеп отырған. Сол себепті ажырасу ұғымы құлаққа түрпідей тиетін. Отбасы және неке мәселесін зерттеп жүрген этнограф Аманжол Қалыш елімізде ажырасу өткен ғасырдың 40-50 жылдары кең етек жая бастады дейді. Этнографтың мәліметтеріне сүйенсек, 1950 жылдары әрбір жүзінші отбасы ажырасса, 1980 жылдары әрбір төртінші, 1990 жылдары әрбір үшінші отбасында ерлі-зайыптылардардың жолдары екі айырылатын болған. 2000 жылдары тіркелген 90 873 некенің 27 391-і бұзылған. Ал он бір жыл араға салып қарасақ, 2011 жылы үйленген 160 517 жұптың 44 928-і ажырасқан.

Ал бұл жайында асыл дініміз не дейді? Шариғат не бұйырады? Исламда ажырасуды жөн санамаған, ажырасу – Алла Тағаланың адал еткен істің ішіндегі ең жағымсызы.

Ауданның бас имамы Сапархан Айдарханұлының айтуынша, бүгінгі таңда еш себепсіз, болмашы нәрсе үшін отбасын бұзып жатқан жастардың қатары көбейіп барады. Бұл құбылысты асыл дініміз құптамайды. Сондықтан, өмірдегі қиындықтарға сабырлық танытып, ерлі-зайыптылар қиындықты бірге жеңуі тиіс.

– Айша анамыз (р.а.) айтады: «Мен бір күні үлкен түйе үстінде сапарда едім. Түйені тез жүрсін деп қамшымен ұра бастадым. Сонда Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с.) «Ей Айша, жұмсақ мінез, сабырлы, кішіпейіл бол. Сонда ғана Жаратқан ием абыройыңды көтереді. Егер жұмсақ мінез, сабырлы, кішіпейіл болмасақ, Жаратқан ием алдында жаман атты боласың» – деген екен. Бұл турасында қазақ халқы «Сабыр түбі – сары алтын» деп тауып айтқан. Өкінішке қарай, кейбір жас-жұбайлар сабырсыздық танытып, түймедейді түйедей етеді. Жанжал шығарып, отбасы шырқын бұзып, ажырасуға дейін барады. Бұл – дұрыс емес. Тағылымды тарихымызға үңілсек, ашаршылық, қуғын-сүргін заманында ата-бабамыз бір уыс бидайға зар болған кезде де сабырлы, салмақты қалпын сақтаған. Келешек ұрпақтың қамын ойлап, отбасының ынтымағын бұзбаған. Мұхаммед Пайғамбардың хадисінде: «Алланың құзырында адал болған, алайда Алланың қатты ашуын тудыратын амал – талақ (ажырасу)» – дегендей әйел немесе ер тарапынан ешбір кінә болмаса да сабырсыздықпен және шайтанның азғыруымен талақ беру (ажырасу) – Алланың нығметін қадірлемеу болып табылады», – дейді Сапархан Айдарханұлы.

Құранда Алла Тағала: «Жарларыңмен жақсы қарым-қатынаста болыңдар. Егер оларды ұнатпай қалсаңдар (сабырлық танытыңдар), Алла сендер ұнатпаған нәрсеге көп жақсылық жазған болуы да мүмкін» дейді («Ниса» сүресі, 19-аят). Сонымен қатар: «Егер ол әйелдер сендерге мойынсұнып жатса, (ажырасуға) сылтау іздемеңдер. Күмәнсіз Алла Жоғары мәртебелі әрі Ұлы» деп бұйыруы («Ниса» сүресі, 34-аят) және Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Неке – менің сүннетім. Кім менің сүннетімнен бет бұрса, менен бет бұрған болады», сондай-ақ «Алла Тағалаға адал еткен істің ішіндегі ең жағымсызы – ажырасу» деген хадистері негіз болады. Шариғат үкімін айтпағанда, адам, бала тағдыры не болмақ? Бір-ақ рет келер өмірде, бір-ақ рет көрер нағыз отбасы бақыты мен жар құшағын тәрк ету қай жағынан алып қарасақ та ақтап алуға келмейтін әрекет. Кей адамдар ажырасуға амалсыздықтан, шарасыздықтан барады. Мысалы, баланың болмауы, жолдасының маскүнемдікке, әйелінің жеңіл жүріске салынуы тектес себептерден. Ал сыныққа сылтау іздеп, болмашы дүние үшін отбасын ойрандау, қу нәпсінің жетегімен ажырасу – адамгершілікке жат.

Қай заманда, қай қоғамда болмасын ажырасу – ұлттың рухани құлдырауына әкеледі. Осылай деп дабыл қаққан халық қалаулылары алдын алу жолдарын да ұсынған болатын. ҚР Парламент Сенатының депутаты Әли Бектаев соңғы бес жылда 52 мың жас жұптың ажырасып кеткенін айтып, отбасын сақтап қалу үшін баж салығын көтеруді ұсынды. Оның сөзінше, жастар дұрыс тәрбие алмағандықтан осындай қадамға барып отыр. Бұл мәселені шешу үшін елімізде отбасылық құндылықтарды сақтауға бағытталған бағдарлама құрып, мектептерде «Отбасылық өмірдің рухани негізі» пәнін енгізуді ұсынды. Ол: «Бұрын отбасы қоғамның алғашқы құрылымы болатын. Қалғандарының бәрі соның негізінде құралатын. Ал қазір ол екінші орындағы құндылыққа шығып қалды. Ажырасулардың негізгі себебі сонда», – дейді.

Ажырасу мәселесін шешуде психолог мамандардың да ұсыныстарын тізіп өтейік:

– Бір-біріңізге ауыр сөз айтпаңыз. Себебі, кешірсе де, адам өзін қорлап айтқан сөзді ұмытпайды.

– Проблемаларыңыз бен қиындықтарыңызды үнемі бір-біріңізге жүктеуден аулақ болыңыз. Адам шағымнан, жылап-сықтаудан, күн сайынғы құрбандықтарға барып жатырмын деген міндетсінулерден тез жалығады, шаршайды.

– Мәмілеге келу. Отбасы – бұл бір шаңырақ. Түсіністік танытатын кезде, жағдайды саралап, барлығын ой елегінен өткізіп, екеуіңізге де тиімді болатындай шешім жасауға болады. Егер біріңізге құрбандыққа бару керек болса, барыңыз. Ол – сіздің отбасыңыз үшін жасалатын қадам.

– Ренішіңіз болса, үндемей жүре бермей, жұбайыңызға ашығын айтыңыз. Сөйлесу мен әңгімелесу жоқ жерде дұрыс отбасын құру деген – бос иллюзия. Себебі неке – ұзақ әңгімелесу.

Қалай десек те, отбасы – қоғамның баға жетпес құндылығы. Сондықтан отбасының шаңырағын шайқалтпай, берік ұстау әр азаматтың өз қолында. «Баланы бұзуға, түзеуге себеп болатын бір шарт – жас күнде көрген өнеге» деп қазақтың көрнекті жазушысы Жүсіпбек Аймауытов айтқандай, барлық ізгіліктің бастауы – тәрбие. Ұл-қызымызға дұрыс тәрбие беру арқылы ғана, Қазақстан деген үлкен отбасының гүлденуіне жол ашамыз.

 

Дайындаған С.НҰРАДИН.

Бейсенбі, 28 Сәуір 2022 11:32

Райымбек батырды ұлықтаған ұстаз

Ақырын жүріп, анық бас,

Еңбегің кетпес далаға.

Ұстаздық еткен жалықпас,

Үйретуден балаға.

Хакім Абайдың осы бір шумақ өлеңі шәкірттерін білім нәрімен сусындатқан ұстаздар қауымының өлшеусіз еңбегін айшықтап тұрғандай. Ақырын жүріп, анық басып, бар білгенін шәкірт бойына сіңіре білген тау тұлғалы ұстаз, Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгі иегері, Райымбек батыр атындағы орта мектептің директоры болған Әлімжан Түбекбаевтың ұрпақ тәрбиесіне қосқан үлесі ұшан-теңіз. Осыған орай ширек ғасырға жуық басқарған Есік қаласындағы Райымбек батыр атындағы орта мектепте Әлімжан Мұқанұлы атындағы қазақ тілі мен әдебиетінің музей-кабинеті ашылды.

Қасиетті Рамазан айындағы тағылымды шараға «Еңбекшіқазақ» газетінің бас редакторы, Қазақстанның құрметті журналисі Хайролла Ахметжанов, ақын, ҚР Жазушылар одағының мүшесі Шаяхмет Құсайынұлы, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Серік Надырбаев, мектеп директорлары мен Ә.Түбекбаевтың отбасы, туған-туыстары мен дос-жарандары, шәкірттері қатысты.

Білім ордасына келген қонақтар алдымен мектеп оқушыларының әзірлеген концерттік бағдарламасын тамашалады. Сәні мен салтанаты жарасқан тәлімгерлер әуелете ән салып, мың бұрала би биледі. Қазақтың қара домбырасымен күй тартып, тыңдарманның құлақ құрышын қандырды.

Әлімжан Түбекбаев атындағы музей-кабинеттің салтанатты лентасын қию Хайролла Қасымұлы мен марқұмның бауыры Серік Мұқанұлына бұйырды.

Құттықтау сөз сөйлеген мектеп директоры Салтанат Турикбаева ұйымдастырушылар мен демеушілерге ризашылығын білдірді.

– «Алты алаштың баласы бас қосса, төр – ұстаздікі» деп ақын Мағжан Жұмабаев ұстазға осылай баға берген. Мектеп ұжымының қолдауымен, қазақ тілі әдебиеті пәнінің бірлестігі және Ақмарал Жақашқызының бастамасымен ұлағатты ұстаз Әлімжан Мұқанұлы атындағы музей-кабинетінің ашылу салтанатына жиналып отырмыз. Осы кабинеттің ашылуына мектеп ұжымы мен түлектердің қосқан үлесі зор.

Тарихи тұлғаларды ұрпаққа үлгі етіп, өнегелі істері мен мол мұраларын насихаттау – біздің міндетіміз. Зерделі елдің заңғар тұлғасы Әлімжан Түбекбаев ұрпақ үшін тер төкті, өзін аямады, шәкіртін аялады. Еңселі мектеп ғимаратын тұрғызуға атсалысып, өзі басшылық етті. Райымбек батырды ұлықтаған ұстаздың еңбек жолына арналған бұл кабинеттің жастарды тәрбиелеу мен білім беруде үлкен үлес қосатынына, тарихи тұлғаның мектеп үшін, өскелең ұрпақ үшін жасаған қоғамдық әрі адамдық қызметі өнегелі тәлім беретініне сенім мол! – деді Салтанат Рысбекқызы.

Ұстаздар қауымының және түлектердің демеушілігімен ашылған кабинетке Әлімжан Мұқанұлының жеке заттары, жеткен жетістіктері, жазған еңбектері мен марапаттары қойылған. Келген қонақтар, музей-кабинетті аралап, ұлағатты ұстаздың өмір жолымен, қызметімен, шы-ғармашылығымен танысты. Сонымен қатар, салтанатты шара барысында ұстазға арналған «Райымбек батырды ұлықтаған ұстаз» атты естелік-кітаптың тұсауы кесілді. Кітаптың жарыққа шығуына жетекшілік еткен Шаяхмет Құсайынұлы оқу ордасына батыр бабаның есімін берудегі Әлімжан Мұқанұлының еңбегін атап өтті:

– Албанға ұран болған Райымбек батыр өмірін зерттеп, оны жас буынға оқытудан жалықпаған Ә.Түбекбаев «Совхоз» атындағы мектепке батырдың атын беру үшін талай тер төкті. Сонымен қатар, өзі сырқаттанып жүрсе де, сыр білдірмей, тікелей бабасы Есенаман туралы шежірені жазып, аруақ алдындағы перзенттік борышын орындады. Тірлігінде Райымбек батырды пір тұтып, оның ерлігі мен өрлі-гін болашақ ұрпаққа үлгі еткен ұлағатты ұстаздың есімі ешқашан ұмытылмайды, – деді Ш.Құсайынұлы.

Бәйтерек орта мектебінің директоры Шымберген Құлмұратұлы әріптес жайлы естелігімен бөлісті.

– Әлімжан Мұқанұлымен 90-жылдардан бері бірге қызмет атқарып, еңбек еттік. Ә.Түбекбаев Көктөбе мектебін басқарғаннан кейін аудандық білім бөліміне меңгеруші болып тағайындалды. Сол жылдары білім саласы облыста алдыңғы қатардан көрініп, барлық бағыттар бойынша жетістіктерге жетіп, гран-при иегері атандық. Райымбек батыр атындағы орта мектепте директор болып жүргенде осы ғимараттың салынуына сүбелі үлес қосып, мектептің батыр баба атымен аталуына және мектеп жанындағы көшелерге Райымбек батыр мен батырдың атасы Хангелді есімін беруге де еңбек сіңірді,  – деді.

Музей-кабинеттің салтанатты ашылуынан кейін марқұмның аруағына арналып құран бағышталды. Мектептің мәжіліс залында Ә.Түбекбаевты еске алуға арналған кеш ұйымдастырылды. Шара барысында аудандық қоғамдық кеңес төрағасы, кәсіподақ жетекшісі Серік Дүйсебайұлы саналы ұрпақ тәрбиелеудегі жемісті еңбегіне тоқталды:

– Әлімжан Мұқанұлымен қанша уақыт араласып жүрсем де ол кісінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі екенін білмедім. Маған ол тарихшы болып көрінетін. Себебі, қазақ халқының өткенін, бабалар ерлігін үнемі насихаттап, тағылымды тарихымыздан сыр шертіп отыратын. Өзінің саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне, балаларға сапалы білім беруге арнады. Бүгінде түлеп ұшқан түлектері еліміздің түпкір-түпірінде түрлі қызметтер атқарып жүр, – деді қоғамдық кеңес төрағасы.

«Еңбекшіқазақ» газетінің бас редакторы Хайролла Ахметжанов:

– Әлімжан Мұқанұлының мінезі тік, қайсар жан еді. Құдай берген осы мінезінің арқасында өмірде талай қиыншылықтарды жеңіп, өзіміз отырған осы зәулім оқу ордасының бой көтеруіне себепші болды. Мен облыстық мәслихат депутаты болған тұста апатты жағдайда тұрған Райымбек батыр атындағы мектептің жағдайын жеткізіп, талай табалдырықты тоздырған. Төтенше жағдай қызметімен мектеп ғимаратын тексеріп, балалар өміріне қауіпті екенін дәлелдеді. Алған бағытынан қайтпай, хан сарайына бергісіз қазіргі мектеп ғимаратын салғызуға себепкер болды. Бірнеше жылдың ішінде мектеп аумағын жайқалған жасыл желекке айналдырды, – деп өзінің естеліктерімен бөлісті.

Сонымен қатар, әкесі жайлы ой қозғаған Айнұр Әлімжанқызы көпшіліктің көзіне жас үйірді:

– Ешбір бала өз әкесі туралы толық білемін деп сеніммен айта алмаса керек. Әйтсе де, өз әкеңнің ең болмағанда бір қырын тани алсаң, әке алдындағы перзенттік борышыңды өтеуге ұмтылыс болар. Бірақ, әке алдындағы перзенттік парыз ешқашан өтелмейтіні анық. Әке өз перзенті үшін жауапкершілігімен қоса, өз сәбиіне қорған да болмақ. Әке – өмір мектебінің алғашқы ұстазы. Әкемізге қарап қана өз ойымыздың, пиғылымыздың түзулігі мен әр басқан қадамымыздың дұрыстығын аңғарамыз. Ұстаз-әке лайланған ой санаңды тазартып, тазалық шуағын себеді. Ол – өмірдің тар жол, тайғақ кешулерінде талмай, тынбай, шаршамай биікке жол бастайтын асыл тұлға. Әкем жайлы ойлай бастасам, санамда ғажайып бір сезім оянады. Уақыт өткен сайын оның тұлғасы іріленіп, биіктеп бара жатқанай. Мен сіздің алдыңызда мәңгі борыштымын. Ол борыштың ешқашан өтелмесін де білемін... – деген Айнұр Әлімжанқызы әкесіне арналған жыр шумақтарын оқыды.

...Әкешім – тамыры терең еменімсің,

Тұңғиық ойға толы тереңімсің.

Әулеттің сырын шертіп, тармақтаған,

Өзіңді шежіреге теңедім шын.

Әкешім, бір мен үшін орның бөлек,

Өзіңді жақсы көрем елден ерек.

Өз жанын баласы үшін садаға етер,

Әкелер дәл өзіңдей болу керек!

Шара барысында Әлімжан Мұқанұлының дос-жарандары, әріптестері, туған-туыстары мен шәкірттері өздерінің естеліктерімен бөлісіп, марқұмды еске алды. Ақ дастархан басында бас қосып, құран бағыштады.

«...Біліміңді еңбек пен өмірдің өзінде шыңдап отыр! Сонда ғана білім деп аталатын асыл тас ешқашан тот баспастан жалтырай да жарқырай береді» – деп ғалым Қаныш Сәтпаев айтқандай, шәкірттердің бойындағы білім атты асыл тасты жарқыратуға үлес қосқан Райымбек батырды ұлықтаған ұлағатты ұстаздың есімі ешқашан ұмытылмақ емес.

 

Сардарбек НҰРАДИН.

Жақында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және «AMANAT» партияның «Ұлттық мұра» жобасы аясында Қаратұрық ауылдық округі әкімі аппаратының жетекшілігімен Ақши ауылында орналасқан Д.Шоқпаров атындағы қолөнер музейіне экскурсия ұйымдастырылды.

Жастардың бойында рухани парасаттылықты қалыптастыру, ауылдағы жастар саясатының орындалуын жүйелендіріп, тиімді әрі жоғары деңгейде жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылған рухани шараға Достық ауылының А.Бертаева атындағы орта мектеп оқушылары қатысты. Мектеп оқуышылары Д.Шоқпаров атындағы қолөнер музейіндегі түрлі жәдігерлермен танысып, музей қызметкерлеріне сұрақтар қойып, мол мәдени мұрамыздың тұнығына  сусындап қайтты.

Г.МАНСУРОВА,

жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушы.

Тескенсу ауылдық округі Көлді ауылының жас өнерпазы Дінмұхаммед Бекболатұлы «ТМД-ның үздік студенті» атты халықаралық байқауға қатысып, жеңімпаз атанды.

«Bilim-orkenieti» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығы және Үздік студенттер академиясының ұйымдастыруымен Тәуелсіз мемлекеттер достастығы студенттері арасында өткізілген байқауда жерлесіміз өзгелерден оқ бойы озық шығып, еліміздің көк Туын желбіретіп қайтты.

Бүгінде Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында білім алатын Дінмұхаммед Бекболатұлы «ТМД-ның үздік студенті» атты І-дәрежелі дипломмен марапатталып, арнайы куәлік пен төсбелгісі табысталды. Сонымен қоса, «Bilim-orkenieti» ұлттық иновациялық ғылыми-зерттеу орталығының директоры өз білім ордасының мақтанышына айналған перзенттің ата-анасы Бекболат Мукашев пен Лариса Каналиеваға Алғыс хатын тапсырды.

Ж. БОЛҒАМБАЙ,

жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушысы.

Сәрсенбі, 27 Сәуір 2022 17:22

«Жас алаштың» Қайраты

Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары «Еңбекшіқазақ» газетінің құрамында сайдың тасындай жарқыраған жасындай журналист қыз-жігіттер қызмет атқарды. Тек аттарын ғана атап шықсам байырғы оқырмандарымыз солардың әрқайсысын, жазған мақаласынан, авторлық қолтаңбасынан таниды. Осы Дулат, Маржан, Игорь есімді қаламгерлер қатарында бүгіндері алпысты алқымынан алып, қазақ жастарының газеті «Жас алашты» басқарып отырған Қайрат Мәтірековті ерекше атар едім. Олай дейтінім, жастар газетінің бастауында тұрған аты аңызға айналған Ғани Мұратбаевты, шындықты шырылдатып газетке басатын, жемқорларды итке теңеп «Қазаннан қақпақ кетсе иттен ұят кетеді» деп дөй-дөкейлердің өздерін де жанын шығара сынайтын Шерағаң – Шерхан Мұртазаның, балалардың, жастардың сүйікті жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың басқарған «Жас алашын» жетекшілігіңе алуға жүрегің қалай дауалады», – деп әзілдеймін бір кездері маған орынбасар бола жүріп, айтарлықтай істерді тындырған Қайрат Болатұлына. Сөзім дәлелсіз жалаң болмас үшін ауданымызға, облысымызға айғақ болып, резонанс-дүмпу тудырған бір істің ұзын ырғасын айтып берейін.

Тоқсан бірдің (өткен ғасыр) жаз айында жалғанды жалпағынан басып, Заң талаптарынан ат-тонын ала қашып, мемлекет мүлкін оңды-солды шашып, мораль мен ұятты ұмытып, мейманасы тасып, қарамағындағы жұмысшы қызметшілеріне дөрекі сөз айтуға, қол жұмсауға дейін барған үлкен шаруашылық басшысы туралы «Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» тақырыпты мақала жариялады Қайрат Болатұлы. Ол директордың «крышасы» да мықты еді, сот жүйесінде жақтаушысы да бар еді. Мақала авторын да, газет басшысы мені де іс қозғап, сотқа бергізді. Соттың алдында тұрмыз. Шешімнің жобасы да дайын екен: «кінәлі – газет, жазықты – мақала авторы» деп тасқа басқан құжатта бізге салынған айыппұл көлемі, мақаланы терістеуге міндеттелген және оның кейіпкерінен иіліп кешірім сұрау қарастарылған. Жазған құлда жазық жоқ, айып төлеуге пұлымыз жоқ, сот шешіміне қарсы тұруға дәлел-қауқарымыз жоқ деп қамығып тұрғанда газеттің досы, белсендісі түрік азаматы есіктен рұқсат сұрап кіріп, жиырма, отыз беттен тұратын «Итоги ревизии...» (қазіргіше аудит қой) деген тақырыптағы құжатты ұстата қойды. Сөйтсем Қайрат қызметкерім облыстық басқарма жүргізген аудит қорытындысын алуға келісіп қойған екен. Сот шешімін оқи бастаған судьядан кешірім сұрап, облыстан жеткізілген құжатпен танысуын, таныстыруын өтіндім. Бізді сотқа берген шаруашылық басшысының өңі бұзылып, арызын қайтып алатынын жариялады. Бұл әділеттіліктің жеңісі, газет редакциясының, мақала авторы Қ.Мәтірековтың жеңісі деп бағалап, өз тарапымнан  алғыс жариялағаным есімде. Бұл журналистер тірлігінен, әріптесім Қайрекеңнің қызмет қырларынан бір ғана эпизод. Сондықтан қазақтың марғасқалары басқарған «Жас алашты» жалғастырып жатқан Қайрат Болатұлына – алпысыңды талтүсім деп біл, өтпелі қиын кезеңде қызметтес болған редактор ағаңды ұстазым дей жүр, «Жас алашымыз» жасай берсін, еліміздің ертеңі жарқын болсын, газетіміз жеткен мерейлі жасқа өзің де жет! – деп тілеймін.

Хайролла АХМЕТЖАНОВ,

«Еңбекшіқазақ» газетінің, mezet.kz интернет-ресурсының бас редакторы,

Қазақстанның құрметті журналисі.

Сәрсенбі, 27 Сәуір 2022 17:21

Аудан бөрісі анықталды

Өткен аптада Есік қаласындағы спорт сарайында аудан әкімінің жүлдесіне арналған қазақ күресінен «Еңбекшіқазақ бөрісі» жарысы өтті.

Байрақты бәсекеге ауданның 23 ауылдық округінен балуандар қатысып, өзара мықтыны анықтады. 90 килограмнан жоғары салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен спортшылардың барлығы дерлік қазақ күресінің хас шеберлері. Десек те, боз кілемдегі белдесу мықтыны анықтап берді. Нәтижесінде, І орын рахаттық Нұрғали Жолтаевқа бұйырды. ІІ орынға қырбалтабайлық Ерсін Хамза жайғасып, Қырбалтабай ауылының балуаны Азамат Қалықовқа ІІІ орын бұйырды.

Жүлделі орынға ие болған спортшылар аудан әкімінің дипломымен, қаржылай сыйлықтармен марапатталды. І және ІІ орынға ие болған балуандар Нұрғали Жолтаев пен Ерсін Хамза облыстық «Жетісу» бөрісі жарысына жолдама алды. Жеңімпаздарды марапаттаған аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің бас-шысы Салтанат Беспаева балуандарға сәттілік тіледі.

Облыстық бәсеке 29-30 сәуірде Талдықорған қаласында өтеді.

С.НҰРАДИН.

Қасым-Жомарт Тоқаев съезд делегаттарына мемлекет пен қоғамды түбегейлі жаңарту үдерісі басталғанын айтты. Президенттің пікірінше, «Аmаnаt» осы жүйелі өзгерістерге белсене атсалысып келеді. Сонымен қатар партияның қолға алынған реформаларға жан-жақты қолдау көрсетіп, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын тиімді жүзеге асыруға қосып жатқан үлесіне тоқталды.

– «Аmаnаt» әлеуметтік әділдік қағидатын орнықтыруға әрдайым баса мән береді. Мемлекеттілікті нығайту және ел бірлігін бекемдеу – ұйымның айрықша миссиясының бірі. Өткен съезде партияға ребрендинг жасау қолға алынды. Сондай-ақ, оны институционалдық тұрғыдан жаңарту жұмысы басталды. Партия бұл міндеттерді орындауға дереу кірісіп кетті. Нақты нәтиже бар, өзгерістерді қазірдің өзінде көріп отырмыз. Осы қарқынды бәсеңдетпей, жұмысты одан әрі жалғастыру керек, – деді Мемлекет басшысы.

Президент наурыз айының ортасында Қазақстан халқына арнаған Жолдауында саяси реформалардың ауқымды бағдарламасын ұсынғанын еске салды. Сонымен қатар бірден Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобасын дайындау жөнінде ауқымды жұмыс басталғанын, онсыз жоспарланған саяси реформаларды тиімді жүзеге асыру мүмкін емес екенін атап өтті.

– Конституциялық реформаның мақсаты – елімізді саяси тұрғыдан одан әрі жан-жақты жаңғыртудың берік іргетасын қалау. Өткен аптада Конституциялық кеңеске түзетулер жобасы жолданды. Оның қабылдануы мемлекеттік институттарды құрудың және қызметінің мүлде жаңа үлгісін – Жаңа Қазақстанды құруға мүмкіндік береді. Азаматтар тарапынан: «Жаңа Қазақстан дегеніміз не?», – деген сауал жиі қойылып жүр. Менің ойымша, бұл сұраққа қысқа да нұсқа жауап беруге болады. Жаңа Қазақстан дегеніміз – шын мәнінде Әділетті Қазақстан. Азаматтарға әлеуметтік әділдік жетіспейтінін мойындайықшы. Қарапайым халықтың мүддесі үнемі елене бермейді, кейде, тіпті әділетсіздік мемлекеттік аппарат өкілдері тарапынан да жасалып жатады. Азаматтардың мемлекеттік мекемелерге сенімсіздігі осыдан туындайды. Сондықтан «Amanat» партиясының алдында осы олқылықтардың орнын толтыру міндеті тұр. Азаматтық қоғам мен билік арасындағы дәнекер болу үшін сіздер халық өкілдерімен етене жұмыс істеулеріңіз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар елдің бүкіл саяси архитектурасын кешенді түрде қайта қарауға, билік тармақтары арасындағы тежеу мен тепе-теңдіктің неғұрлым теңгерімді жүйесін құруға бағытталғанын айтты. Президенттің пікірінше, біз супер-президенттік басқару түрінен түбегейлі бас тартамыз, Парламент пен мәслихаттардың өкілеттігін күшейтеміз. Партиялық-саяси жүйені жаңғырту – басым бағыттың бірі.

Мемлекет басшысы партиялар мен сайлау туралы заңнамаларды либерализациялау қоғамның рөлін күшейтеді. Бұл – биліктің барлық деңгейінде қабылданатын шешімдеріне қатысты. Президенттің пайымынша, азаматтардың дауысы үшін бәсеке күшейіп, саяси үдерістердің қарқыны мен мазмұны өзгереді.

– Жалпы алғанда, партиялық алаңда сең қозғалғанын көріп отырмыз. «Adal» партиясының «Аmanat» партиясымен бірігу жөніндегі бастамасы – басталған өзгерістердің жарқын көрінісі. «Adal» партиясының жетекшілері мен мүшелеріне осы маңызды шешімдері үшін ризашылығымды білдіремін. Жаңа Қазақстанды құрамыз десек, елге жанашыр қоғамдық-саяси күштердің бәрі жұмылуы керек. Бұл ретте, партиялардың өзара тіл табысып, саяси жүйені дамытуы аса маңызды. Сондықтан, «Adal» партиясының  бастамасын қолдап, онымен біріккен жөн деп санаймын. «Adal»  – өз жақтастары бар, қалыптасқан партия. Саяси бәсеке артып келе жатқан қазіргі кезеңде мұның айрықша мәні зор, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жиында Мемлекет басшысы жауапты әрі аса маңызды кезеңге қадам басқаны-мызға тоқталды. Президенттің айтуынша, конституциялық реформа – Тәуелсіздік тарихындағы жаңа белес. Мұның бәрі уақыт талабынан және қоғам сұранысынан туындап отыр.

– Мен бұған дейін партия төрағасы лауазымынан босап, ұйым қатарынан шығатынымды айттым. Осы ұйғарымды жүзеге асыратын кез келді. Бүгіннен бастап «Amanat» партиясының төрағасы ретінде өкілеттігімді тоқтатып, партиядан шығу туралы шешім қабылдадым. Бұл қадамның символдық мәні бар. Осы орайда, Президент сайлауында маған сенім артып, қолдағандарыңыз үшін баршаңызға алғысымды айтамын. Сондай-ақ, жауапты сәтте партия тізгінін сеніп тапсырғандарыңыз үшін ризашылығымды білдіремін. Біз бірлесіп, көп жұмыс атқардық. Дегенмен, уақыт бір орында тұрмайды. Қазір талай нәрсе өзгеруде. Алдымызда ауқымды міндеттер бар. Бүгінде еліміздегі барлық саланы түбегейлі монополиядан арылту аса маңызды. Осы үдерістен саяси жүйе де сырт қалмауы керек. Мемлекет басшысы ешбір партияға басымдық бермегені жөн, яғни саяси тұрғыдан бейтарап болуы қажет. Бұл – менің айқын ұстанымым, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пікірінше, мұндай қағида сайлауға қатысатын барлық күштерге тең мүмкіндік туғызады. Саяси жүйеде әділдіктің орнауына жол ашады. Партия атқарушы билікке тәуелді болмаса, оған халықтың сенімі нығайып, беделі артады.

– Қазір ұйым Мәжілісте және мәслихаттарда едәуір басымдыққа ие болып отыр. Сондықтан Үкімет пен әкімдіктердің жұмысына қатаң бақылау жасай алады. Президент партия қатарынан шыққанымен, ұйымның стратегиялық бағдары өзгермейді деп ойлаймын. «Аmаnаt» еліміздің саяси өмірінде ерекше орны бар ұйым ретінде қала беретіні анық. Саясаттағы сабақтастық сақталып, партия ел игілігі үшін жасап жатқан жұмыстарын жалғастыра береді, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев партияның төрағасы лауазымына Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановты ұсынып, оған ұйымдастыру қабілеті жоғары, тәжірибелі әрі білікті азамат деп баға берді.

Съезд делегаттары Президенттің ұсынысын қолдап, Ерлан Қошановтың кандидатурасына бірауыздан дауыс берді.

Мемлекет басшысы бүгінгі өзгерістер «Аmаnаt» партиясының заман талабына сай жаңара түсуіне жол ашатынына сенім білдірді.                              

             Ақорда.

Соңғы жаңалықтар

Қаз 04, 2024

Как сохранить природу и добывать…

Метод подземно-скважинного выщелачивания (ПСВ) урана считается более экологичным и…
Қаз 04, 2024

Эксперт: IT-гиганты делают ставку на…

Эксперт: IT-гиганты делают ставку на атомную энергию для обеспечения устойчивости…
Қаз 04, 2024

Қазақстанда өндіріс саласын қалай…

Мәжіліс депутаты Мұқаш Ескіндіров осы мәселеге қатысты ойын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ…
Қаз 04, 2024

Обращение с ОЯТ

От момента принятия решения до начала работы атомной станции пройдет около 10 лет. Это…
Қаз 04, 2024

Депутат оценил риски для экологии…

Почему атомные реакторы поколения III+ безопасны для населения и экологии,…
Қаз 04, 2024

Жас маман АЭС жөнінде: Басқа…

Ядролық энергетика саласындағы жас маман, «Болашақ» бағдарласының түлегі Әсет Махамбетов…
Қаз 04, 2024

Асхат Бекбаев: АЭС салу арқылы…

6 қазанда елімізде АЭС салу мәселесі бойынша референдум өтеді. Осы орайда біз атом…
Қаз 04, 2024

Атом электр станциясын салу – ұзақ…

Бұл Тәуелсіз Қазақстанның бүкіл тарихындағы ең ірі жобаға айналады. Бүгін мәслихат…
Қаз 04, 2024

Готовят ли в Казахстане специалистов…

Одним из вопросов основных вопросов касательно АЭС сейчас является наличие и подготовка…

Күнтiзбе

« Қазан 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31      

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет