Бейсенбі, 11 Наурыз 2021 11:52

Тәртіпсіз ел болмайды

Аудан басшылығына жаңадан келген Жақанбаев Әлібек Әскербекұлы тағайындалғаннан кейінгі үшінші күні әкім орынбасарлары, аудан әкімдігінің бөлім, әр саладағы қызметтер басшыларының қатысуымен алғашқы аппарат жиынын өткізді.

Дәл осы күні табиғат ерекше мінез көрсетіп, белуардан демесек те, тізеден асыра аппақ қарын жаудыра салды. Басшының да, барша тұрғындардың да көзіне түскені – жұмыс күнінің басына, таңғы 9-ға дейін аудан орталығының көшелерін қардан тазалауға шыққан әлжуаз техника – бір-екі Беларусьтың тырбаңдаған әрекеті: «Неге?!» қысқы жол-көше тазалауға міндеттенген заңды тұлға жұмысқа кешеуілдеп кіріседі, неге ондай әлсіз тұлғамен шартқа отыру керек?" деген сияқты «негелер» көп-ақ болды. Жиынның басында қойылған талаптың басы тәртіп туралы болды.

Әлемге аты әйгілі Бауыржан батыр Момышұлының «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген қанатты сөздерін есіне салды жиынға кешіккендерге аудан басшысы Ә.Жақанбаев. Ал одан да көбірек кешіккен басшыларға жиын залының есігі тарс жабылды десек те болады. Байланыс құралы телефонды кез келген жиынға кіргенде өшіріп қою жазылмаған заң, қанға сіңген әдет болу керек екенін де ескертті басшы.

Тәртіптің, заңдылықтың бірден-бір қорғаушылары – полиция қызметінің жүгі жеңіл емес. Ауданымыздың Қорам елді мекенінде айдың күннің аманында, тапайдың тал түсінде өз беттерімен келе жатқан үш бірдей оқушы қыз баланы мертіктіріп ауыр халге салып қойған мас автожүргізушінің қылмысы аудан, облыс басшыларынан асып, мемлекет басшысының назарына ілікті. Бұндай ерекше заң бұзушылыққа әкелген бұдан көп бұрын жас сәбидің ажал құшуына себепкер болған қылмыстық істің сөзбұйдаға салынуы себеп болмағанына кім кепілдік бере алады?! Күн тәртібінен түспейтін бір мәселе – мал ұрлығы. Бұл жағдай жергілікті полиция қызметінің, оның құрамындағы учаскелік полицейлердің назарынан бір сәтке де тыс қалмауын ескертті аудандық полиция басқармасының басшысына Ә.Жақанбаев. Әрине, жағдайды бақылауға алуды  әкім бұл саланың бағдарлаушы кураторы бірінші орынбасар А.Бидаевқа да тапсырды. Әкім көп ұлттар өкілдері, көп этносты ауданымыздағы татулық-бірлік әр тұрғын өзін қазақстандықпын деп сезінуі үшін ішкі саясат бөлімінің атқаратын жұмысы ауқымды екенін де ескертті. Сонымен қатар жастардың жан-жақты дамуына жағдай жасалып, мәдени, спорт, дене шынықтыру нысандарының санын арттыру да назарда болу керек. Есік қаласында дене шынықтыру-сауықтыру орталығы (ФОК) қызмет атқаруда. Дәл осындай кешен Шелекте салынады. Ал шағын кешендер әрбір ірі елді мекенде бой көтерсе, артық етпейді деген мақсат болу керек. Жабдықталған спорт алаңдарын әрбір ауылда салуға да мүмкіндіктер бар. Бұл іске кәсіпкерлерді кірістіру де қажет.

Жұмыссыз жастар, жалпы әлеуметтік сала, қайтарымсыз гранттарды ұтымды пайдалану мәселелері, 79 елді мекені бар ауданымыздағы 13 мәдениет үйі мен 4 клуб мәдени сұраныстарымызды толық қамти алмайтындығы да – күн тәртібіндегі шешілуін күтетін сұрақтар.

Білім саласындағы жалпы жағдай жақсы дегенмен, оқушылар арасындағы әлімжеттік, бопсалау, өзіне-өзі қол салу фактілерін болдырмауға күш жұмсау керек.

Ал мектептегі коррупция – ақылға сыймайтын дүние. Ең аяғы оңтүстіктегі мектеп тазалаушысын жұмысқа алу үшін мектеп басшылығының талап еткен қомақты пара жайында Елбасымыз ашына айтпап па еді?! Білім саласы пандемия жағдайында қашықтықтан оқыту үшін интернет желісіне тікелей тәуелді болып отыр. Аудан бойынша 21 елді мекенде интернет жүйесі өте нашар деген дерек бар. Ал бұл жүйе әрбір ауылда, әрбір үйде істемесе, білім беру ісі мүлде артта қалары сөзсіз.

Бүгінгі күннің ең маңызды саласы – медицина, денсаулық сақтау мекемелері. Негізінен жолға қойылған бұл салада індет жұқтырғандар санын нақтылау, анықтау үшін мобильді топтардың жұмысын жолға қою керектігіне назар аударды әкім.

Қауіпті індеттің алдына толықтай тосқауыл қою үшін тек Covid-ті жұқтырғандар, өз аяғымен келгендер немесе өздері жедел жәрдем шақырғандарды ғана тіркеп, емдеуден тыс әрбір округте мобильді топтар құрып, бұл топтарға жергілікті медицина қызметкерлерін, мектептердегі медиктерге дейін тартып, Covid-ке қарсы қызметіне көмек көрсету қажет.

Экономика салаларының кураторы әкім орынбасары А.Досымбаевтың назарын салық базасының тарлығына аударды. Ірі жол, құрылыс компаниясы «ДСУ-13» АҚ-ның базасы Есік қаласында, ал салық төлеуші ретінде оңтүстік мегаполисте тіркелген. Неге? Бұл өзі – көп жылдан бері күн тәртібінен түспей келе жатқан мәселе.

Неге ауданымызда құрылыспен айналысатын кәсіпорындар бола тұра, сырттан келіп, күрделі жөндеумен айналысуы керек?! Өз құрылысшыларымыздың жұмысы сапалы болатыны ақиқат. Ірі де күрделі нысандарды салуды «Bi grоup» секілді ірі кәсіпорынға тапсырып-ақ қояйық, ал күрделі жөндеуді неге өз құрылысшыларымызға тапсырмаймыз? Сападан басқа салық та өз қоржынымызға түспей ме? – дейді әкім.

Көктемдегі 8 наурыз мерекесі қарсаңында негізінен білім және денсаулық сақтау салаларында қызмет ететін әйелдерге, аруларға құттықтауын, отбасы бақытын, әйел бақытын арнады әкім Әлібек Әскербекұлы.

Көктем жақсы, жайдары маусым, жақсы көтеріңкі көңіл күймен қатар қауіп-қатерлерін де ала келетінін ұмытпау керек екенін ескеріп, төтенше жағдай қызметінің басшысы Рахман Каримжанды көптеген сұрақтардың астына алды әкім. Таулы аймақтағы қар күрт еріп, су тасқыны бола қалса, жасалатын шаралар, оның ішінде, айталық, құм салатын қаптар, құрал-жабдықтар, арнаулы техникалар дайын ба? Жалпы, төтенше жағдайлар қызметі әскери қызметтен бір де кем емес – арнайы жоспары болу керек әр төтенше жағдайға сай. Ең аяғы су тасқыны немесе сейсмикалық аумақтағы жер сілкіну жағдайында тұрғындарды қауіпсіз аумаққа көшіру, оларды азық-түлікпен, медициналық жәрдеммен қамту т.б. Дәл осындай сұрақтар ауыл, қала әкімдеріне қарата да қойылды. Әрине, бұл мәселе орыс мәтеліндегідей: «Күн күркіремей мұжық шоқынбайды» деген деңгейде екені шындық.

Ал ауданымыздың ең басты саласы ауыл шаруашылығының мәселелері жөнінде әкімнің осы сала жөніндегі орынбасары Б.Бименов баяндады. Қысқа қайырып айтсақ, суармалы су жүйесін түзеу, мал басын асылдандыру, мал азығын өндіру бағытын нығайту. Әкім назарына ерекше алынған облыс бойынша жүгері өндіруден екінші орында бола тұра, одан өндіретін өнімдерді өңдеп, ұсыныла алмау. Ал жерді пайдалану жағынан байқалған карьерлердің көптігі оған берілген жерлердің тұрғындарға ыңғайсыздығы және пайдаланылған карьерлердің рекультивация жасалмауы. Жалпы, жаңа тағайындалған әкім жермен ойнауға болмайды  деген тұрғыда қатаң ескертті. Одан басқа ескертудің қатарында мемлекет қалтасын өз қалталарыңмен шатастырушы болмаңдар деген бүгінгі күннің ең басты «ауруы» коррупция жайында.

Сөздің басындағы тәртіп мәселесін көңейте отырып айтар болсақ, тәртіп деген заңды мойындап қана қоймай, орындау, яғни коррупцияға бой ұрмау, жол ережесін бұзып, өзіңді ғана емес өзгелердің өмірін, денсаулығын қатерге тікпеу. Заңмен бекітілген қызметтік міндеттерді бұлжытпай орындау, пандемия жағдайында санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің талабын бұлжытпай орындау. Міне, осы және ондаған мемлекеттік заңдардың аясында жұмыс жасасақ, ел боламыз, елдің құрамындағы аудан бола аламыз. Сол үшін де бір команда болып қызмет атқаруға шақырды әкім Ә.Жақанбаев, осы тұрғыда талап қойды қарамағындағы әр сала қызметтер басшыларына. Іске сәт!

 

Хайролла АХМЕТЖАНОВ

Қорам ауылында орын алған көлік оқиғасынан зардап шеккен қыздардың хал-жағдайын білуге Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов, аудан әкімі Әлібек Жақанбаев өткен аптада Шелек ауылындағы аудандық ауруханаға арнайы барды.

Бүлдіршіндердің қазіргі жағдайымен танысқан олар ата-аналарымен кездесіп, балалардың сауығып кетуі үшін барлық қажетті көмек жасалынатынын айтты. Сонымен қатар Шелек ауруханасына облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының тапсырмасымен Өтеген батыр кентіндегі балалар ауруханасынан балалар хирургиясы, нейрохирургия, анестезия саласының білікті дәрігерлері келіп, қыздарға медициналық көмек көрсетуде.

Қазіргі таңда бір бүлдіршіннің жағдайы тұрақты болғандықтан облыстық көпсалалы аймақтық балалар ауруханасына ауыстырылған. Қалған екі қыздың бірі есін жиған, біреуі ауыр халде комада жатыр. Оқиға салдарынан жеңіл жарақат алған төртінші қыз үйіне жіберілген.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев зардап шеккен қыздардың өміріне алаңдаушылық білдіріп, істі өз бақылауына алатынын жеткізген. Алматы облысының басшысы Амандық Баталов оқушылардың емделіп, денсаулықтарын қалпына келтіруге мемлекет тарапынан тиісті шаралар қабылданатынын айтқан. 

Айта кетейік, мас күйінде көлік тізгіндеген 54 жастағы азамат Қорам ауылында 8-9 жастағы 4 мектеп оқушысын қағып кеткен. Оқиға орнына жедел жеткен медицина қызметкерлері қыздарды түрлі жарақаттармен Шелек ауылындағы ауруханаға жеткізген. Ал мас жүргізуші қамауға алынып, қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық кодексінің 345 бабы «Мас күйінде көлік айдап, жол ережесін бұзу арқылы денсаулыққа зақым келтіру» бойынша қылмыстық іс қозғалуда. Тергеу амалдары басталып, сараптама тағайындалған.

С.МАЙДАБЕКҰЛЫ

Бейсенбі, 11 Наурыз 2021 11:38

Киелі мекеннің келешегі кемел

Өткен аптада өңірімізге Алматы облысының әкімі Амандық Баталов келіп, аудан әкімін тағайындады. Сонымен қатар жүзеге асып жатқан ірі жоба – Есік топтық су құбырының құрылысымен танысып, күрделі жөндеуден өткен Әймен орта мектебіне барды.

Әкімдікте өткен мәслихаттың кезектен тыс сессиясында депутаттардың қолдауымен Әлібек Жақанбаев аудан әкімі қызметіне тағайындалған болатын.

Жиын барысында Амандық Ғаббасұлы облыс бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті. Жол жөндеу, ауызсу мәселесін шешу, әлеуметтік нысандар салу, көгілдір отын тарту, инженерлік-коммуникациялық желілер жүргізу бойынша ауқымды жұмыстар қолға алынуда. Бүгінгі таңда облыс бюджеті 750 млрд теңгені құрап отыр. Осыдан бес-алты жыл бұрын бұл көрсеткіш екі есе аз болған.

Сондай-ақ Амандық Ғаббасұлы ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, туризм саласы бойынша киелі мекеннің әлеуеті зор екенін айтып, аудан басшысына жетекші салаларды дамытып, инвесторларды тартуға күш салу керектігін айтты.

Ауданымызға жасаған сапары барысында облыс басшысы Есік қаласының жоғарғы жағында құрылысы жүріп жатқан Есік топтық су құбырының жұмыс барысымен танысты. Құны 4 млрд 478 мың теңге болатын ауқымды жоба «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында жүзеге асуда. Былтыр басталған құрылыс алаңында бүгінде 68 адам жұмыс істейді. Мердігер «Сапа Құрылыс-2007» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұзындығы 40 шақырымнан асатын ауызсу құбырын жүргізу жұмыстарын 2022 жылдың мамыр айында аяқтауды жоспарлап отыр. Есік қаласы мен жақын орналасқан Бөлек, Әймен, Қызылжар, Қарасай, Қайназар, Көктөбе, Рахат және Өрікті ауылдарында тұратын 100 мыңнан астам тұрғынды сапалы тіршілік нәрімен қамтамасыз ететін жобамен танысқан Амандық Ғаббасұлы оған оң бағасын берді.

Әймен ауылындағы орта мектептің ғимараты 1991 жылы салынған. 420 балаға арналған оқу ордасының тозығы жетіп, сапасы сын көтермей тұрған. Былтыр «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 437 млн теңгеден астам қаржы бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. «Энерго Холдинг LTD» ЖШС құрылысты уақытында аяқтап, бүгінде 390 оқушы білім алуда. Оқу орнына арнайы барған облыс әкіміне ұстаздар қауымы мектепті жаңғыртуға қолдау көрсеткені үшін ризашылығын білдірді.

 

Сардарбек НҰРАДИН

1 ақпанда елімізде халыққа коронавирусқа қарсы кезең-кезеңмен жаппай вакцина егу басталды. 9 наурыздағы жағдай бойынша COVID-19-ға қарсы вакцинаның бірінші компонентін 33 279 адам, екінші компонентін 15 856 адам салдырған екен. Ал Еңбекшіқазақ ауданында вакцинациялау қалай жүзеге асып жатыр? Жалпы, вакцинаның пайдасы қандай? Зияны бар ма? Бұл сұрақтардың жауабын Еңбекшіқазақ көпсалалы ауданаралық аурухананың емхана меңгерушісі Жансая Әліпбаевадан білдік.

– Еңбекшіқазақ көпсалалы ауданаралық ауруханасында коронавирусқа қарсы вакцинациялау қалай жүзеге асып жатыр?

– Коронавирусқа қарсы ресейлік «Спутник V» вакцинасы – 800 доза біздің ауруханаға 2 наурызда келді. Вакцина облыс орталығы – Талдырқорған қаласынан минус 20 градус температура сақталып, арнайы термоконтейнерлермен жеткізілді және бірден арнайы мұздатқыштарға салынды. Бұл мұздатқыш камералар вакцинаны талапқа сай сақтау үшін алдын ала сатып алынды. Яғни вакцинаны тасымалдау мен оны сақтау режимі қатаң бақылауда. Ал екпе жұмыстары 3 наурыздан басталды. Ол үшін арнайы кабинеттер жасақталды. Мысалы, 211-кабинетте эпидемиолог дәрігер алдына келген адамның денсаулығын жан-жақты тексереді. Оның созылмалы ауруларының, қандай да бір дәріге аллергиясының бар-жоғын және тағы басқа факторларды анықтап, жағдайымен толық танысқан соң ғана вакцина салдыруға болатын немесе болмайтынын айтады. Әрі вакцина туралы толық түсіндіріледі. Екпеге рұқсат алған адам жайлы қажетті ақпарат толтырылғаннан кейін ол 212-кабинетке барып, вакцина салдырады. Екпе алған соң арнайы дайындалған бақылау орнына барады. Ол жерде отыз минут дәрігердің бақылауында болады. Яғни вакцинадан кейін қан қысымы, дене қызуы, жалпы жағдайы тексеріліп, екпенің әсері және одан кейінгі күтім жайлы ақпарат айтылады. Осыдан соң екпе салдырған адам күнделікті жұмысына кірісе береді. Екпе алғаны жайлы учаскелік дәрігеріне хабарланады. Ал 20 күн өткеннен кейін 21-күні «Спутник V» вакцинасының екінші компоненті салынады. Мұны ұмытып кетпеуі үшін вакцинаның бірінші компонентін алған адамның телефонына хабарлама автоматты түрде жіберіледі, әрі учаскелік медбикелер де хабарласып ескертеді. Екпе алу процессі осылай жүргізіледі.

– Бүгінге дейін қанша адамға вацина салынды?

– Бастапқыда күніне 60 адамға салынса, қазір күніне 80 адам вакцина алып жатыр. 9 наурыздағы жағдай бойынша Еңбекшіқазақ көпсалалы ауданаралық ауруханасында коронавирусқа қарсы 247 адамға екпе жасалды.

– Алдымен медициналық қызметкерлерге салынып жатыр ғой?

– Иә, онда да бірінші болып жұқпалы аурулар бөлімінің, жедел медициналық жәрдемнің, реанимация бөлімінің, сүзгі мен қабылдау бөлімінің қызметкерлері мен санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің мамандары екпе алады. Сонымен қатар Еңбекшіқазақ көпсалалы ауданаралық ауруханасына тіркелген 41 ауылдық амбулатория бар. Олар өзара 4 орталыққа біріктірілген. Бұл орталықтардан екпе салдыруға күнделікті 15 адамнан келеді. Осылайша ауылдық амбулатория қызметкерлерін де қамту жүйеленген.

Айта кету керек, вакцинациялау ауданымызда орталықтандырылған жүйемен жұмыс істейді, яғни әрбір ауылдық амбулаторияда коронавирусқа қарсы ешқандай екпе салынбайды. Бұл тек бізде – Еңбекшіқазақ көпсалалы ауданаралық ауруханасының емханасында және Шелек ауылындағы аудандық ауруханада жүзеге асырылады.

– Медицина қызметкерлерінен кейін екпе кімдерге салынады?

– Денсаулық сақтау министрлігінің жоспары бойынша екпе егудің екінші кезеңінде мектеп мұғалімдері мен университет оқытушыларына және қалған медицина қызметкерлері, одан кейін үшінші кезеңде мектеп-интернат мұғалімдеріне, мектепке дейінгі мекеме қызметкерлеріне, студенттерге және созылмалы дерті бар адамдарға, учаскелік полицияларға, Төтенше жағдайлар, Қорғаныс министрлігі, Ішкі істер министрлігі, ҰҚК қызметкерлері, мемлекеттік қызметкерлерге және ниет білдірген барлық адамға екпе салынады. Осындай реттілікпен елімізде жыл соңына дейін 6 млн. адамға вакцина салу жоспарланған. Біз де осы жоспармен жұмыс істейміз.

– Тұрғындарға вакцина салу қандай тәртіппен жүзеге асады?

– Диспансерлік бақылауда тұрған тұрғындарға вакцина алдымен салынады. Яғни өкпе аурулары, жүрек-қан тамыры жүйесі аурулары, қант диабетімен ауыратын адамдар. Вакцина салынбас бұрын, әрине, вакцинаға қарсы әсері анықталады. Ешқандай қарсы көрсеткіш болмаса және пациенттер өз келісімін берсе, екпе жасалады.

– Кімдерге вакцина салынбайды және неліктен?

– Вакцинаға қарсы көрсеткіштері бар адамдар, яғни бауыр мен бүйрек созылмалы ауруына, жүрек-қан тамыры жүйесі, аутоиммунды, диабет, қатерлі ісікке шалдыққан жандарға, дәл сол сәттегі қарап-тексеру кезінде созылмалы аурудың өршу сатысы немесе жедел аурулары бар адамдарға екпе жасалмайды. Сондай-ақ 18 жасқа толмаған балаларға, 65 жастан асқан қарттарға, жүкті келіншектерге және омырау еметін баласы бар әйелдерге вакцина салынбайды. Оның себебі – халықтың бұл тобына ғылыми зерттеу тәжірибелері жасалмады. Сондықтан вакцина да салынбайды.

– Ал олар коронавирустан қалай қорғанады?

– Оларды індеттен қорғаудың жолы – ұжымдық иммунитет. Ал ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін халықтың 70%-ы вакцина алуы керек. Қалған 30%-ына екпе салдырғысы келмегендер, қариялар, қарсы көрсеткіші бар адамдар жатады. Сол үшін де екпе салдырудың маңызы мол.

– Екпеге шақырылғандардың арасында оны салдырудан бас тартқандар бар ма?

– Бұл екпе ерікті түрде жасалады. Салдыру-салдырмауды әр адам өзі шешеді. Өкінішке қарай, көпшілік оның пайдасын білмегендіктен бас тартады. Бұған себеп – меніңше, халық арасына таралып кеткен алыпқашпа әңгімелер. Өздеріңіз де білесіздер, әлеуметтік желілерде екпеге қатысты жалған түрлі ақпарат жарияланып жатады. Менің айтарым, мұндай бос сөзге сенгенше, ғылыми дәлелденген, ресми мәліметке жүгінген жөн. Әсіресе, қазіргідей қиын кезеңде дұрыс таңдау жасау маңызды.

– Дәрігер ретінде пікіріңіз, неліктен халық вакцина алуы керек? Оның қандай пайдасы бар? Зияны болуы мүмкін бе?

– Дәрігер ретінде айтарым, бұл вакцина бізге өте керек. Соңғы бір жылдың ішінде жалпы әлемді айтпай-ақ қояйын, елімізде қандай жағдай болғанын көпшілік көріп-біліп отыр. Әрине, науқастардың басы-қасында болмағандықтан көп адам бұл індеттің қаупін толық сезінбейтін де шығар. Дегенмен, біз, дәрігерлер, әсіресе, коронавирусты жұқтырғандармен тікелей жұмыс істеген адамдар мұның қандай қатерлі екенін бір кісідей білеміз. Короновирус өршіген уақытта инфекция бөлімінде, ковид бөлімшесінде жұмыс атқардым. Дәрігерлер науқастарды аман алып қалу үшін күн-түн демей күресті. Қаншама адамның ауыр халде, ауа жетпей, қиналып жатқанын көрудің өзі қорқынышты. Мұндай қорқыныш қайталанбасын, ондай заман қайта келмесін деймін. Оның алдын алу үшін медицина ғалымдары қаншама ғылыми жұмыстар жүргізіп, халықтың денсаулығы үшін осынау вакцинаны дайындап шығарды. Бұл – өте үлкен жетістік. Өкінішке қарай, көптеген елдер осы вакцинаға қол жеткізе алмай отыр. Ал бізге мемлекет тарапынан екпе тегін беріліп, жағдай жасалып жатқанда иммундық жүйемізді көтеру үшін, осы тығырықтан шығу үшін вакцина салдыруымыз керек. Өйткені басқа барар жол жоқ. Карантин қашанғы жалғаса бермек? Ел-жұрттан оқшауланып өмір бойы үйде жатпаймыз ғой. Бір-бірімізбен араласамыз, қонаққа барамыз, қоғамдық орындарда боламыз, балаларымыз оқуына, өзіміз жұмысқа барамыз. Яғни қарым-қатынас болған соң коронавирусты жұқтырып алу қаупі де жоғарылай береді. Ал халықтың көпшілігі Covid-ке қарсы вакцинаны салдыратын болса, қауіп те сейіледі. Жаңа айтқанымдай, ұжымдық иммунитет пайда болады.

– Вакцинаға тұрғындар тарапынан қызығушылық танытушылар бар ма?

– Әрине, бар. Әсіресе, туыстары, таныстары мен көршілері коронавируспен ауырған адамдар жиі хабарласады. Өйткені олар – аурудың шет-жағасымен таныс жандар. Бір жағынан, ауырып жатқан жақындарынан жұқтырып алудан да қауіптенеді.

 

Сұхбаттасқан

Құралай МҰРАТҚЫЗЫ 

 

9 наурыздағы жағдай бойынша Шелек ауылындағы аудандық ауруханада 328, Еңбекшіқазақ көпсалалы ауданаралық ауруханасында 247, аудан бойынша барлығы 575 адам вакцина алды. Оның 547-сі – медицина және санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің мамандары, 28-і – мектеп мұғалімдері.

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасы бастау алған еді. Бұл істі алғаш болып қолға алғандардың бірі – Алматы облысы. Ұлттық жоба үлкен басқосудан басталды. Дөңгелек үстелге Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам Али, облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы Елдар Қайсарұлы, кәсіпкерлер мен ҚМДБ өкілдері қатысты.
Жетісу өлкесі тегеурінді істерді атқарудан тартынған емес. Оның ішінде еріктілер қозғалысының бұл реттегі еңбегі орасан зор екенін атап өткен абзал. Естеріңізге салайық, былтыр өңірде 434 қайырымдылық шаралары ұйымдастырылды. Соның шеңберінде 26 мың отбасыға көмек қолы созылып, 4 мың ерікті сауапты іске жұмылдырылған болатын. Осы тектес жұмыстар биылғы жылы «Қайырымды істер» жалпы ұлттық марафонының негізінде атқарылатын болады.
Бұл бастаманың аймақта іске қосылуына, облыс әкімінің орынбасары Рустам Али мұрындық болды.
«Егемендіктің 30 жылдығын игі істерден бастамақпыз. 2020 жыл «еріктілер жылы» деп жарияланды. Сол сәттен бастап, жетісулық жастар өздерінің белсенділіктерін танытты. Демеушілдердің көмегімен баспанасыз қалған отбасына Талғар қаласынан тұрғын үй сатып алынды. «Қайырымды істер марафонында» осы игі істерді жалғасытратын боламыз. Осы орайда, мен «Мейірімді Жетісу» челленджін жариялаймын»,-деді облыс әкімінің орынбасары Рустам Али.
2020 жылы ел аумағын індет жайлағын мезгіл болды. Осы шақта еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін елге пайда тигізуге ат салысты. Бұл қатарда кәсіпкерлердің жомарттық танытқанын атап өтпеске болмас. Солардың бірі- Шыңғыс Жұмағұлұлы. Облыс орталығындағы белгілі кәсіпкер, «Талдықорған такси 400-400», «La Flamma» мейрамханасының негізін қалаушы. Олда өз кезегінде қайырымдылықтан қалыс қалмады.
«Шамамыз келгенше үлесімізді қосамыз. Елге пайдамыз тисін деген мақсатта «Асар» атты науқан бастаған едік. Онда белгілі бір мөлшерде тұрғындарды тегін тасымалдадық. Осы сынды атқарған жұмыстарымыз бар. Оның барлығын жарияға жарсалмаймыз. Бірақ, қазір ақпарат ғасыры. Әрі ұрпақты тәрбиелеуші әлеуметтік желі болғандықтан, ара-тұра мұндай қадамдарды көрсетіп тұрғанда дұрыс. Өйткені, осы арқылы жастар үлгі алады. Қоғамға пайдалы болуға ынталанады», – деп өз ойымен бөлісті Шыңғыс Кенжеғұлов.
Алдағы таңда, «Лидер.кз» еріктілер ұйымының бастамасымен Талдықорғанда әлеуметтік кәсіпорын ашылмақ. Бұл туралы дөңгелек үстел барысында аталмыш ұйымның жетекшісі Матвей Шведин мәлімдеді.
«Біз әлеуметтік кәсіпорын ашқымыз келеді. Ол - столярлық және тігін цехі, жартылай дайын тағам шығаратын өндіріс орны болмақ. Мұнда 1, 2 топ мүгедектері, жазасын өтеп шыққандар мен балалар үйінің түлектері жұмыс жасауға мүмкіндік алады. Осылайша, қоғамға өзіндік пайдамызды тигізбекпіз», – деді өз сөзінде.
Айта кетейік, бұдан бөлек «Ең қайырымды қала», «Ең қайырымды бизнес», «Ең қайырымды әкім» сынды байқаулар өткізу жоспарланған. Негізінен, ағымдағы жылы жалпы ұлттық марафон аясында 30 мың отбасына көмек көрсету көзделген.
Марафон аясында, алғаш болып алтын алқа иегері, 8 баланың анасы Айнагүл Тоқпанбетованың отбасына қайырымдылық көмек көрсетілді.

Сейсенбі, 09 Наурыз 2021 15:53

Балалардың жағдайы бақылауда

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Өмірзақ Ниязбеков Қорам ауылында көлік оқиғасынан зардап шеккен қыздардың хал-жағдайын білу үшін Шелек ауылындағы аудандық ауруханаға арнайы барды, деп хабарлайды «JETISÝ MEDIA».

Бүлдіршіндердің қазіргі жағдайымен танысқан басқарма басшысы балалардың сауығып кетуі үшін барлық қажетті көмек жасалатынын айтты.

Ауруханаға Алматы аймақтық балалар клиникалық ауруханасынан күнделікті нейрохирург, травматолог, реаниматог мамандар келіп, балаларға медициналық көмек көрсетуде.

Қазіргі уақытта Шелек ауылындағы аудандық ауруханаға түскен 2011 жылы туған екі баланың жағдайы өте ауыр. 2011 жылы туған үшінші қыз баланың жағдайы орташа ауыр. Ол Алматы аймақтық балалар клиникалық ауруханасында ем қабылдап жатыр.

Қазіргі таңда травматолог дәрігерлердің қатысуымен ота жасалды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев зардап шеккен қыздардың өміріне алаңдаушылық білдіріп, істі өз бақылауына алатынын жеткізген болатын. Алматы облысының басшысы Амандық Баталов оқушылардың емделіп, денсаулықтарын қалпына келтіруге бағытталған барлық тиісті шаралар қабылданып жатқанын атап өтті.

Сейсенбі, 09 Наурыз 2021 11:31

Құрылыс барысымен танысты

 

«Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қуат Байғоджаев, аудандық мәслихат депутаттары Бағдат Рахимов, Бекболат Алтаев Шелек ауылындағы политехникалық колледждің құрылысымен танысып,  мониторинг жүргізді.

Бүгінде оқу ордасының күрделі жөндеу жұмысына 63 адам жұмылдырылған. Мердігер мекеме - «ПСК Градцентр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Оқу ордасының жөндеу жұмыстары 31 наурызда аяқталады деп жоспарлануда. Осыған орай, тағы да жұмыс күші жұмылдырылмақ.

Құрылыс алаңына арнайы барған халық қалаулылары жұмыс барысымен танысып, мердігер компания өкілдеріне құрылысты сапалы жүргізіп, мерзімінде аяқтау керектігін тапсырды.

 

Ілия СҰЛТАН

 

«Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қуат Байғоджаев және аудандық мәслихат депутаттары Бағдат Рахимов, Камшат Қарағұлова Шелек ауылындағы спорт мектебінде болып,

мекеме директоры, екі дүркін әлем кубогінің иегері, Еуропаның екі дүркін чемпионы, Азия чемпионы Елмұрат Қайыпжановпен кездесті, болашақ чемпиондарды тәрбиелеп жатқан оқу ордасының жұмысымен танысты.

Жақында ғана басшылық қызметке тағайындалған Елмұрат Мұқашұлы сала төңірегіндегі жаңалықтарымен, алдағы жоспарларымен бөлісті. «Ауыл спортын дамытудағы мақсатымыз – спортшы ғана емес, еліне жанашыр ер азамат, нағыз патриот қалыптастыру», – дейді Елмұрат Мұқашұлы. Сөзіне сүйенсек, қазіргі уақытта бүркітшілік, саятшылық, атқа отыру сынды ұлттық спорт түрлері бойынша сайыстар өткізілуде. Сондай-ақ, Бартоғай ауылдық округіндегі спорт кешенінде көркем гимнастика сұранысқа ие.

– Қандай сала болсын, үздік атанып, чемпиондыққа ұмтылу керек. Ол үшін жалқаулықтан бойды аулық ұстау, еңбек пен жігерді жанға серік ету қажет. Осындай ізгі қасиеттерді шәкірттерімнің бойына сіңіріп, олимпиада жеңімпаздарын шығаруға барымды саламын, – деді Елмұрат Қайыпжанов.

 

Ілия СҰЛТАН

Сейсенбі, 09 Наурыз 2021 11:26

Ізгілік нұры

Алғыс айту күні – Қазақстан халқын біріктіруге бағытталған «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының, қазақстандық бірегейліктің негізгі арқауы – еліміздегі барлық ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына топтастыратын Қазақстан халқы Ассамблеясының күні. Бұл күн – күрделі заманда иық тіресе бірге еңсеріп, қысқа мерзім ішінде Елбасының басшылығымен Тәуелсіз Қазақстанды құру жолында аянбай тер төккен еліміздің барлық азаматтарының бір-біріне құрмет білдіретін күн.

Осы орайда,  Азат негізгі орта мектебінде мектеп басшысы Р.Жапарованың нұсқаулығымен, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Р.Низамованың ұйымдастыруымен қашықтықтан оқып жатқан оқушылармен түрлі шаралар өткізілді. 1-4 сыныптар сурет байқауын ұйымдастырып, 5-9 сыныптар шығарма, эссе жазудан сайысты. Әр сыныптан 1 оқушыдан келесі сыныпқа алғыс айту видеосы арқылы челлендж жолдады. Жеңімпаздар мақтау қағаздарымен марапатталды.

Балалар сынып сағаттарында, түрлі шара кезеңінде бір-біріне алғыс айтумен бірге, ата-аналарына, ұлағатты ұстаздарына шексіз ризашылықтарын  білдірді. Бұл бір жағынан білімді жай жеткізу емес, өз бетімен қабылдау дағдыларын дамытуға түрткі болды. Алғысты  сөзбен немесе қимыл, іс-әрекет, қашықтықтан, яғни ақпараттық құралдар арқылы білдіре алса, штаттық режимдегі оқушылар заттай сыйлық беріп алғыстарын алып жатты.

Ляйля МОЛДАСИНОВА,

Азат негізгі орта мектебі

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Өткен аптада аудандық әкімдіктің мәжіліс залында аудандық мәслихаттың тұрақты комиссиялардың біріккен  отырысы өтті. Жиынға мәслихат хатшысы Бекет Ахметов, тұрақты комиссия төрағалары, аудандық мәслихат депутаттары қатысып, ауыл шаруашылығы, қаржы бөлімдері, жұмыспен қамту орталығы мен мемлекеттік кірістер басқармасы басшыларының есептері тыңдалды.

6 шақырылған аудандық мәслихат депутаттары осы күнге дейін аз жұмыс атқарған жоқ. Аудан аумағын аралап, тұрғындармен жүздесіп, өзекті мәселелердің оң шешімін табуға барын салды. Аудан тұрғындарымен етене еңбек еткен 6 шақырылым депутаттарын да жиынға арнайы шақырған мәслихат хатшысы алғысын айтып, ризашылығын білдірді.

– Жұртшылықтың сенімін арқалап, халық қалаулысы атану оңай емес. Жүктелген жауапкершілікті сезініп, сайлаушылардың мұң-мұқтажын, түйінді мәселелерін шешуде аянбай тер төктіңіздер. Бәріміз ауданымыздың, еліміздің гүлденуі жолында жемісті еңбек еттік – деген Бекет Төлегенұлы бұрынғы депутаттарды аудан әкімінің және мәслихат хатшысының Алғыс хатымен марапаттады. Сонымен қатар, 6 шақырылым депутаты Гүлсара Егенбаева сөз сөйлеп, жаңа сайланған халық қалаулыларының жұмысына сәттілік тіледі.

Бекет Төлегенұлы мен аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Бақыт Жексембиев мәслихат депутаттарына қызметтік куәліктерін табыстады.

Тұрақты комиссиялардың біріккен  отырысы ауыл шаруа-шылығы бөлімінің басшысы Ермек Жакеевтің есебімен басталды. Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша баяндама жасаған Ермек Ильянұлы аудан аумағындағы шаруаларды суармалы сумен қамтамасыз ету мәселесі, көктемгі-жазғы суару науқанына су қорын жинау, Д.Қонаев атындағы ҮАК мен ішкі каналдардың жағдайын сөз етті. Бөлім басшысының сөзіне сүйенсек, ауданда 1030 ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер тіркелген. Оларды тіршілік нәрімен 4 субъект қамтамасыз етеді. Д.Қонаев атындағы ҮАК (53 мың га), «Гидросервис» ЖШС (5 мың га), «Талғарирригация» ЖШС (5,5 мың га), «Қараш» ЖШС (4,5 мың га). Барлық суару желілерінің ұзындығы 1421 шақырымды құрайды. Оның 774 шақырымы бетон, арналардың 623 шақырымы қара жер арқылы өтеді. Сонымен қатар, 21 шақырым жерасты желілері бар. Ауданда 793 мүшесі бар 20 су тұтыну кооперативтері жұмыс істейді. Кооперативтерде 84 адам еңбек етеді және 7 ауыл шаруашылығы техникасы бар. Олардың басты мақсаты – суармалы суды соңғы пайдаланушыға дейін тарату және тасымалдау.

Баяндама жасаған Ермек Ильянұлына мәслихат хатшысы мен депутаттар сұрақтарын жаудырды. Себебі бүгінде суармалы су мәселесі ауданымызда өзекті болып отыр. Былтыр тіршілік нәрінен таршылық көрген шаруалар өздеріне тиісті мөлшерде су ала алмаған. Нәтижесінде, егін алқаптары күйіп кеткен, шаруалар өнімді жылдағыдан аз алған. Осыны айтып, дабыл қаққан мәслихат депутаттары жуырда Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналының бойымен жүріп, шаруа қожалықтарының, су кооперативтерінің басшыларымен кездесіп, арыз-шағымдарын тыңдаған еді.

Ірі инвесторларға берілетін жерлердің округ әкімдігімен ке-лісілмейтінін алға тартқан Бекет Ахметов суармалы судың тапшылығы бойынша мәселе көтерді:

– Жер үсті және жер асты суларының ластануы, нормативтен тыс су шығындары, халықты таза ауызсумен қамтамасыз етудегі проблемалар, климаттың өзгеруінен су ресурстарының сарқылуы байқалады. Соның салдарынан соңғы 4-5 жылда су тапшылығы сезілуде. Бұл, әсіресе, өткен жылы шаруалардың жанына батты. Биыл да бұл мәселе қайталануы мүмкін. Себебі, қысқы маусымдағы қар көлемі аз. Ал аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің тарапынан күзгі кезеңнен бергі уақытта дайындық жұмыстарына талдау жасалды ма? Шаруа қожалықтарымен кездесулер өткізілмеген, олардың ұсыныс-тілектеріне назар аударылмаған. Бұл мәселе талдау жұмысының барысына тұрғындар тарапынан көтеріліп отыр, – деді.

Өз кезегінде бөлім басшысы аталған мәселе бойынша тиісті жұмыстар жасалып жатқанын айтты. Сөзіне сүйенсек, былтыр шаруалармен кездесулер өткізіліп, суды аса қажет етпейтін дәнді-дақылдар мен көкөністер отырғызуға кеңес беріліп, суармалы су тапшы болатынын ескерткен. Алайда, депутаттардың жұмыс сапары кезінде шаруалардың айтқан уәжі мүлдем басқаша еді. Ермек Жакеевтің сөзінше, қыс мезгілінде жауын-шашынның мөлшерден аз түсуіне байланысты биыл да тіршілік нәрінің тапшылығы сезілуі мүмкін. Тіпті, Есік қаласы мен жақын орналасқан елді мекендердің ауызсу мәселесі күн тәртібіне қойылып отыр. Себеп жалғыз, таудағы қар көлемінің аздығы. Аталған мәселені шешу мақсатында Есік көліне су жинау бойынша ұсыныстар төтеншеліктер мен Қазселденқорғау мекемесімен келісілуде.

Депутаттардың іс сапары барысында шаруалар каналдан шыққан судың тиісті алқапқа жеткенше 30-40 пайызы жерге сіңіп кететінін, жоғалған суды ҮАК-ның басшылары ескермейтінін айтып шағымданған. Осы сауалды мәслихат хатшысы Ермек Ильянұлына қойды.

– Бұл мәселе бойынша Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналымен келіссөздер жүр-гіздік. Алдағы уақытта егістікке жетпей жерге сіңген су көлемі ескерілетін болады. Белгілі коэфицентпен есептеліп, шаруалар өздері пайдаланған судың ғана ақшасын төлейді – деп, бөлім басшысы жағымды жаңалықты жеткізді.

Жиын барысында ауыл шаруашылығы басшысына депутаттар мен жиынға арнайы шақырылған қоғамдық кеңес мүшелерінен суармалы су тақырыбында бірнеше сұрақтар қойылды.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша баяндама жасаған қаржы бөлімінің басшысы Батыр Хайруллаев өткен жылдың қорытындысы бойынша аудандық бюджеттің орындалуы және игерілуін баяндады. Сонымен қатар,  «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Өңірлерді дамыту», «Ауыл – ел бесігі» бағдарламалары аясында бөлінген қаржының игерілгенін айтты.

Келесі болып мінберге көтерілген жұмыспен қамту орталының директоры Досжан Сейдахметов бір жылғы атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді. Мәліметтерге сүйенсек, 2020 жылы жұмыспен қамту орталығына 4930 адам жүгінген. Олардың 3189-ы жұмыссыз ретінде тіркеліп,  ақылы қоғамдық жұмысқа 2308, әлеуметтік жұ-мыс орындарына 143, жастар тәжірибесіне 133 азамат және де қысқа мерзімдік курстарға 75 азамат жіберілген. Ал 530 адам жұмысынан айрылуына байланысты жәрдемақы алғандар.

Жиын соңында салық түсімі бойынша жыл бойы атқарған жұмыстар бойынша есеп берген Еңбекшіқазақ ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Қайрат Ашуов бюджеттік түсім артығымен орындалғанын баяндады. Салық түсімінің болжамы 18 млрд 603 млн 200 мыңды құрап, 19 млрд 519 млн 400 мың теңге салық жиналған.

Сонымен қатар, басқа да бағыттағы жұмыстарға тоқталған басқарма басшысы алкаголь, темекі өнімдерін заңсыз саудала-ған азаматтармен күрес кешенді жүргізіліп жатқанын айтты:

– Салықтық тексерулерді жүргізу барысында мемлекеттік кірістер  органдарында жеке кәсіпкер ретінде тіркеу есебіне қоймай, алкоголь және темекі өнімдерін бөлшек саудада сатумен айналысуға  арналған  мемлекеттік  лицензиясыз, тиісті құжаттарсыз  кәсіпкерлік қызметті  жүзеге асырған 5 жеке тұлға анықталған. Олардан  жалпы саны  3519 бөтелке  немесе 3036,2 литр алкогольдік өнімдер және  500 қорап немесе 10 000 дана темекі өнімдері тәркіленген. Аталған тұлғаларға ӘКБтК-нің 463 бабының 1 бөлімімен әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, сотқа жолданды. Барлық хаттамалар сотта қаралып, құқық бұзушылар кінәлі деп танылып, оларға жалпы соммасы 170 800 тенге айыппұл салынды – дейді Қайрат Ашуов.

Есеп берген мекеме басшыларына сұрақтар қойылып, ұсыныстар айтылды. Аудандық мәслихаттың тұрақты комиссия-лардың біріккен отырысында енгізілген ұсыныстар мен ескертулер қаулыға енгізіліп, оның орындалуын бақылау тұрақты комиссия төрағаларына жүктелді.

 

Сардарбек НҰРАДИН

Соңғы жаңалықтар

Қаз 04, 2024

Как сохранить природу и добывать…

Метод подземно-скважинного выщелачивания (ПСВ) урана считается более экологичным и…
Қаз 04, 2024

Эксперт: IT-гиганты делают ставку на…

Эксперт: IT-гиганты делают ставку на атомную энергию для обеспечения устойчивости…
Қаз 04, 2024

Қазақстанда өндіріс саласын қалай…

Мәжіліс депутаты Мұқаш Ескіндіров осы мәселеге қатысты ойын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ…
Қаз 04, 2024

Обращение с ОЯТ

От момента принятия решения до начала работы атомной станции пройдет около 10 лет. Это…
Қаз 04, 2024

Депутат оценил риски для экологии…

Почему атомные реакторы поколения III+ безопасны для населения и экологии,…
Қаз 04, 2024

Жас маман АЭС жөнінде: Басқа…

Ядролық энергетика саласындағы жас маман, «Болашақ» бағдарласының түлегі Әсет Махамбетов…
Қаз 04, 2024

Асхат Бекбаев: АЭС салу арқылы…

6 қазанда елімізде АЭС салу мәселесі бойынша референдум өтеді. Осы орайда біз атом…
Қаз 04, 2024

Атом электр станциясын салу – ұзақ…

Бұл Тәуелсіз Қазақстанның бүкіл тарихындағы ең ірі жобаға айналады. Бүгін мәслихат…
Қаз 04, 2024

Готовят ли в Казахстане специалистов…

Одним из вопросов основных вопросов касательно АЭС сейчас является наличие и подготовка…

Күнтiзбе

« Қазан 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31      

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет