Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тарихи құжатқа айналған «Бола-шаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында да: «...Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды» – деп туған жердің қасиетіне ерекше тоқталады. Яғни туған жерге туыңды тігіп, қызмет ету тек жеке бастың емес, мемлекеттік маңызы бар мәселе. Сондықтан рухани жаңғыру бағдарламасы аясында «Туған жер» бағдарламасы іске асырылған болатын. Мақсаты – ел азаматтарының өз туған жеріне қызмет етіп, көмек қолын созуына, сол арқылы ол жердің дамыған елді мекенге айналуына жол ашу. Әрине, оның бәрі туған жерге деген ыстық махаббаты жүрегіне орын тепкен жомарт азаматардың ғана қолынан келетіні шындық. Ондай ақ жүректі азаматтар арамыздан табылатыны қуантады. Сондай жомарт та ақпейіл азаматтардың бірі – Нұрбеков Болатжан Саймасайұлы.

Б.Нұрбеков 1972 жылы Еңбекшіқазақ ауданы, Қ.Ұлтарақов ауылында дүниеге келген. Жастайынан туған жеріне деген махаббаты мен сүйіспеншілігі терең болған ағамыз бүгінде өз ауылының дамуы мен көркеюіне барынша атсалысып келе жатқан азамат. 2007 жылдан бері «Бақай строй» және «Ескене Н-С» ЖШС-нің директоры қызметін атқаруда. Қазір аталған орын жүзге тарта адамға жұмыс беріп, олардың нәпақасын табуына жағдай жасап келеді. Бұдан бөлек бір жарым гектар болатын жылыжай мен 450 орынға арналған «Шашу» мейрамханасы арқылы да мемлекетке түсім түсіріп, жұмыссыздықтың қысқаруына себеп болуда. Әрине, барлығын атап көрсетіп отырғанымыз байлығын санау емес, керісінше іскерлігі мен қаржылық жағынан ұйымдастырушылық қабілетінің зор екенін әйгілеу. Өйткені осы іскерлігінің арқасында мемлекетке 35 миллион теңге көлемінде салық төлеп отырған жайы бар. Ал салық дегеніміз мемлекет пен халықтың қазынасы екені айтпаса да түсінікті жайт.

Б.Нұрбеков тек капиталды жинап қана қоймай, оны ауылдастарының игілігі үшін жұмсауды да қағыс қалдырмаған. Жыл   сайын бірнеше оқушыны түгелдей қамтамасыз етеді. Яғни, олардың киім-кешегі, оқуына керек құрал-жабдықтары мен басқа да қажетті бұйымдарын алып беріп отырады. Сонымен бірге, жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік, көмір алып беруді де өз мойнына алған. Қ.Ұлтарақов ауылында орналасқан Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған орынның да түгелдей жаңаруы осы кісінің қаржысымен іске асырылған. Аудан көлемінде өтетін спорттық додаларда да тұрақты түрде демеушілік көрсетеді. Бұл аталғандар ағамыздың жасап жүрген қайырымды істерінің тек бір бөлігі ғана. Бүгінде халықаралық жолдардың бойында орналасқан ауданымыздың экономикасына өрлеу әкелетін жол үсті қызметін дамыту үшін Б.Нұрбеков бір миллиард теңге көлемінде инвестиция тарту арқылы еліміздің әл-ауқатын көтеруге де өз үлесін қосуда. Мұның бәрі ел болашағы үшін игілікті іс болатыны анық. 2015 жылдан бері «Ауыл» партиясының Еңбекшіқазақ аудандық филиалының төрағасы болып отырған ағамыз өз ауылын да назарынан тыс қалдырған емес. Сонымен қатар аудандық мәслихаттың депутаты мандатын да абыроймен атқаруда.

«Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын» дегендей елі үшін атқарған адал қызметі үшін алған мақтау мен марапаттан кенде емес. Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығына орай аудан әкімінің мақтау грамотасымен, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған мерекелік медалімен, 2017 жылғы 5 желтоқсандағы Жарлықпен «Ерен еңбегі үшін» медалімен, Қазақстан Республикасы ауылшаруашылығы министрлігінің «Ауылшаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталған. Ең бастысы, туған жеріне көрсеткен көмегі мен жомарттығы атаусыз қалмай Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында «25 сауапты іс» номинациясы бойынша облыс әкімі дипломының да иесі атанды.

Жомарттық екінің бірінің қолынан келмейтін сауапты іс. Әрине, байлық жинау, оны ұстап тұру да ең қиын шаруа. Ол үшін адамның бойынан елгезектік пен пысықтық, еңбекқорлық пен ұйымдастырушылық, қабілет пен қарым табыла білуі тиіс. Бірақ оның бәрі жомарт бола алмайтыны тағы бар. Ал жомарт болу үшін ақ пейіл мен кең жүрек керек. Десе де, аталған нығметтердің кез-келген жанға бұйыра қоймайтыны түсінікті. Сондықтан асыл дінімізде де: «Адам өлген соң оның үш амалынан басқасы тоқтатылады. Олар жүріп тұратын садақасы (жол, мектеп, мешіт, көпір салу) пайдалы білім және өзіне дұға ететін салиқалы ұрпақ», – деген хадиске қарап-ақ жомарттыққа үлкен мән берілетінін байқаймыз. Демек, жомарттықтың жолы жеңіл емес. Осындай ұлы жолда сүрінбей, ел игілігі үшін қызмет етіп жүрген Нұрбеков Болатжан Саймасайұлына тек табыс тілейміз.

 

Нұрсерік ТІЛЕУҚАБЫЛ.

Жұма, 11 Қазан 2019 10:43

Қарттарым – алтын қазынам

Жаңашар ауылдық округінде жылдағы дәстүр бойынша қарттар күні округіміздегі Мәдениет үйінде аталып өтілді.

Әр жыл сайын өткізіліп келе жатқан бұл мерекеге  округіміздің тыл еңбеккерлері және ауылымыздың дамуына ерекше еңбектері сіңген ата-апаларымыз шақырылды. Мерекелік іс-шараны округ әкімінің орынбасары С.Жакежанов құттықтау сөзімен ашты. Сонымен қатар қарияларымызды «Адал» компаниясының директоры Медетхан Игіліков құттықтады. Қарттарға арналған мерекелік концертте мәдениет үйінің өнерпаздары өз өнерлерін көрсетті.

         Г.Лавьяева,

Жаңашар ауылдық округінің

 жастар ісі жөніндегі

әдіскер-нұсқаушысы.

***

Ақтоған орта мектебінде  «Қарттарым – алтын қазынам!» атты мағыналы шара өтті. Ауылымыздың қарттары Байсултан ата Бөденбаев пен жан-жары  Гулжамал апа Бөденбаева қонақ ретінде шақырылды.

Оқушылар дайындаған концерттік бағдарламадан кейін тәрбиелік мәні бар видеороликтер көрсетіліп, оқушылардың қарттар жайлы жазған эсселері тыңдалды. Қарияларымыз өмір жолында кездесетін түрлі қиындықтар, оларға төзіп, сынбаған адамның ғана бағы жанатыны жайлы балаларға терең түсіндірді. Соңында Байсұлтан атаның батасы мен тілектерін тыңдап, марқайып тарқасты шараға қатысушылар.

 

Гузель Мансурова, Ақтоған орта мектебі.

«Қарттарым – асыл қазынам» атты кеш ұйымдастырылды Талдыбұлақ орта мектебінде. Оған ауыл ақсақалдары, әжелер, ардагер ұстаздар, ауыл тұрғындары қатысты. Оқушылар  ән салып, өлең оқып, мың бұрала би билеп көрерменнің көңілінен шықты. Қаракемер мәдениет үйінің қызметкерлері  Ұ.Қали мен Ж.Баракбаев қарттар мен ұстаздарды құттықтап, әннен шашу шашты. Ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Әукен ата батасын беріп, ардагер ұстаз, алтын құрсақты ана Жұпаркүл апай оқушыларға шынайы ризашылығын білдіріп, өмірде үлкен табыс тіледі.

 

А.Сабаншиева,

Талдыбұлақ орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

Қырбалтабай мәдениет үйінде «Қарты бар үй – қазынасы бар үй» атты ауылымыздың қазыналы, өнегелі қарттарымен кездесу кеші өтті. Қарттардың құрметіне мәдениет үйінің өнерпаздары ән салып, арнауларын айтып, көңілдерін аулады. Ауылымыздың қариялары жастарға өнегелі өсиетін айтып, батасын берді. 

Ұлан Оразбайұлы,

Қырбалтабай мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі.

***

Х.Абдулин атындағы орта мектебінде  де «Қарттарым – асыл қазынам» атты кездесу мерекесі өтті.  Бұл мерекеге Ташкенсаз ауылының 62 қариясы шақырылды. Ташкенсаз селолық округінің әкімі Эльвира Масутова қарияларымызға денсаулық тілеп, арамызда аман жүрулерін тіледі. Сонымен қатар,  мектеп директоры Салтанат Темірбекова келген қонақтарға жылы лебізін білдірді. Қарттар атынан сөз алған Усупжан Таипов атамыз мектеп ұжымына және ауыл әкімшілігіне қарттардың ризашылығын білдіріп, жас жеткіншектерге батасын берді. Мереке соңында қазыналы қарттарымызға ауыл тұрғындары және әкімдікпен қоса мектеп ұжымынан арнайы сый-сияпаттар таратылды.

        С.Кошиева.

 

«Өзін ғана ойлаған, жамандықтың белгісі. Өзгені де ойлаған, Адамдықтың белгісі...». Шағырай шешеннің осынау өлең жолдарын басшылыққа алған ауданның имамдары жұмылып жұдырық болып, игілікті істің басын қайырды. Қазақстан Мұсылмандар Діни басқармасының қайырымдылық бағыты бойын-ша, Алматы өңірінің өкілі Қуаныш Наржановтың бастамасымен, ауданның бас имамы Сапархан Төреқұловтың және аудандағы барша ауыл имамдарының қолдауымен Қаракемер ауылынан алты баланың жалғызбасты анасы Айжарқын Алданазароваға бес бөлмелі жаңа үй салынып берілді. Былтырғы жылғы Рамазан айында алғашқы кірпіші қаланған үйдің кілті жуырда тапсырылды.

Пайғамбарымыз: «Садақа беру ешқашан байлықты кемітпейді», – деп айтқан екен. Олай болса, «Жақсылықта жарысайық, ағайын!» деп ұрандаған имамдар мен мешіт жамағаттарының қайырымдылығы өздеріне екі еселеніп қайтпақ. «Осындай игі іске араласудың өзі – адам жанына тыныштық сыйлайтыны сөзсіз. Бұл жерде біздің имамдардың асып-тасып бара жатқан ештеңесі жоқ, әрине. Тек, халықты, жамағатты жақсылыққа шақыру. Қайырымдылық арқылы қатқан жүректерді жібіту. Осы көпбалалы ананың пәтерден пәтерге көшіп, баспанасыз, бүлдіршіндердің күйсіз жүргеніне көз жұма қарай алмадық. Бұлардың әрқайсысы Қазақстанның ертеңгі болашағы ғой. Жұма намаздарында жамағатқа үндеу тастап, әркімнің қолынан келгенінше көмек беруін де сұрадық. Солайша, көппен көрген ұлы той. Міне, бүгін барлық ішкі-сыртқы жұмыстарына дейін бітіріп, отын-суларын түгендеп, жаңа шаңырақтарына кіргізіп отырмыз балаларды анасымен», – дейді аудан имамы Сапархан Төреқұлов. Расында, табалдырықтан енгеннен кең әрі жарық, барлық жағдайы жасалған үйдің ерекше аурасын сезінеді екенсің. Көпшіліктің тілеуі мен көмегінің ұшқыны бұл үйге өзгеше жарық беріп тұрғаны сөзсіз. Айта кету керек, үйдің ішіндегі жылу жүйесін түгелдей дерлік       «Альтаир» өндірістік кооперативінің директоры Сейітхан Қырқынбаев өз мойнына алып, орнатып берген.

Алты баласы да Қаракемердегі Қ.Орымбетов атындағы орта мектепте білім алып жатқан кең құрсақты ананың қуанышында шек жоқ. «Балаларымның арманы орындалды. «Мама, шіркін, өз үйіміз болса ғой» дейтін еді. Оған мен түнімен көз жасымды сығымдағаннан басқа не істей аламын. Алладан сұраушы едім. Шүкір, бүгін, міне Алланың қалауымен, жақсы адамдардың көмегімен баспаналы болып отырмыз. Түсім сияқты. Қайырымды адамдарға мың рахмет», – дейді Айжарқын Алданазарова көңілі     босап.

Алмагүл НҰҒМАН.

Бейсенбі, 10 Қазан 2019 15:17

Ұлағат иелеріне құрмет

«Ұлттың ұлағаты – мәдениетте, мәдениеттің ұлағаты – оқу мен әдебиетте» –деп алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы атап өткендей, қай заманда, қай қоғамда болмасын, баланы оқыту, оған тəрбие беру, мәденитетті қылып өсіру – ең ұлы мұрат, ұлағатты іс саналған. Осы ұлағатты іспен айналысуда ұстаздар қауымы аянбай тер төгуде. Еңбектері де елеусіз қалған емес. Ұлағат иелерінің төл мерекесі қарсаңында өткен аптада Т.Молдағалиев атындағы аудандық мәдениет үйінде салтанатты шара өтті. Оған аудан әкімі Бинәлі Ысқақ, мәслихат хатшысы Бекет Ахметов, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалқ университеттің бірінші проректоры Мақтағали Бектемесов және аталған оқу орнының оқытушылары, ғылым докторлары мен кандидаттары, профессорлар қатысты.

Қонақтар алдымен №1 Шелек орта мектебінің оқушыларынан құралған «Атамұра» аспаптық оркестрінің өнерін тамашалады. Кейіннен, аудандағы білім ошақтарының жетістіктерінен сыр шертетін көрмені аралады. Мерекелік шараның шымылдығы аудан өнерпаздарының орындауындағы «Ұстазым» әнімен түрілді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жалпы педагогикалық қоғамдастыққа білім саласы қызметкерлерінің қазіргі қоғамдағы, жалпы ел дамуындағы рөлін ескеріп,  тынымсыз еңбек иелерінің алатын еңбекақысы да талапқа сай болу керектігін айтқан еді. Нәтижесінде ұстаздар жалақысы төрт жылда екі есеге көтерілетін болды. Салтанатты мерекенің ашылу салтанатында осыны айтқан Бинәлі Әбдіқапасұлы аудан аумағында да педагог мәртебесін арттыру мақсатында түрлі шаралар жасалып жатқандығын жеткізді.

– Осы орайда мұғалімдердің сапалы біліммен тәрбие беруіне қолайлы жағдай туғызу үшін жаңа үлгідегі мектеп, балабақша салуға, мектептерді жаңартуға,  күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізуге, білім мекемелерін заманауи құрылғылармен жабдықтау шараларына жергілікті бюджеттің жалпы шығыс бөлігінің 16 млрд теңгесі жұмсалды. Бұл қаржы былтырғы жылмен салыстырғанда 3 млрд теңгеге артып отыр. Ал соңғы үш жылда білім саласына бөлініп отырған қаржы 6 млрд теңгеге өсті. Өздеріңізге белгілі, соңғы 5 жылда 9 мектеп, 2 балабақша ғимараты  және 2 мектеп жанынан 300 орындық қосалқы ғимарат салынып, 12 ғимарат күрделі жаңарудан өтіп, оған 15 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалды. Биылғы жылы Ахмет Байтұрсынов атындағы орта мектепке 499 млн 185 мың теңге, Асысаға ауылындағы мектептің бос тұрған бөлігіне реконструкция жасап балабақша ашуға 168 млн 329 мың теңге ақша бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде – деген аудан басшысы басқа да тозығы жеткен оқу орындарының қашан жөндеуден өтетіндігін айтты. Сөзіне сүйенсек, 2020-2025 жылдары бейімделген ғимараттарда орналасқан 10 мектептің (Қайыпов, Шорманов, Екпінді, Төле би, Сарбұлақ, Ақтоған, Қайрат, Казатком, Өрнек, Базаргелді) орнына жаңа мектеп ғимаратын салып, білім мекемелерінің түйткілді мәселелері де шешімін табатын болады. Сондай-ақ халықтың оң демографиялық өсуіне байланысты туындаған үш ауысымдық мектептерді жою мақсатында Рахат ауылдық округ саяжай маңынан 900 орындық, Терешкова атындағы орта мектебінің жанынан 600 орындық мектеп салуға, Абдуллин атындағы және Қайыпов атындағы орта мектептерінің  жанына 300 орындық жапсаржай салу жоспарлануда.

Сонымен қатар, Бинәлі Әбдіқапасұлы өз сөзінде «Дипломмен – ауылға!», «Нәтижелі еңбек» бағдарламалары жас мамандардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға септігін тигізіп отырғандығын алға тартты. Оған қоса, бірнеше педогогикалық университеттермен меморандум жасалып, ұстаздарымыз біліктілігін арттыруда.

Білім саласындағы жетістіктерге тоқталып, ұстаздарды мерекемен құттықтаған аудан басшысы білім беру саласына сүбелі үлес қосқан бірқатар мұғалімдерді Алғыс хатпен марапаттап, гүл шоқтарын ұсынды.

Ұлттық университет рекорының атынан ұлағат иелеріне ақ тілегін жеткізген Мақтағали Әбдімажитұлы оқу орнының 90 жылдығына орай мерекелік медалімен білім бөлімінің басшысы Бәтес Аманова мен білім бөліміндегі әдіскерлік кабинетінің меңгерушісі Айжан Тортаеваны марапаттап, басқа да азаматтарға Алғыс хаттар табыстады. Мерекелік құттықтаулар легін ұлағатты ұстаз Кулбаран Адамова қорытындылады.

Салтанатты шараның екінші бөлімі аудан өнерпаздары мен ҚР эстрада жұлдыздарының мерекелік концертіне ұласты. Абай Бегей, Ақбота Керімбекова, Мирас пен Құралай, «Диета KZ» тобы әуелете ән шырқап, мың бұралған «Салтанат» би ансамблінің қыздары мереке иелерінің көңілін көтерді.

 

Сардарбек НҰРАДИН.

Сәрсенбі, 09 Қазан 2019 15:57

Абайды оқы, таңырқа!

Артына өшпес мұрасын қалдырып, халқының мұң-мұқтажын шығармашылығына арқау еткен дара тұлға Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл толады келер жылы. Айтулы күнді ұлықтау мақсатында ақынның бір өлеңін жатқа оқып, 9 жасар Елордалық Ләйлім атты қыз бастап, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев қостаған, бүкіл Қазақстандықтар, тіпті, шетелдіктер де жалғастырған, қазіргі тілмен айтқанда, челендж ретінде тарады. Сондай іс-шараның бір көрінісі Бөлек ауылындағы М.Горький орта мектебінде ұжымның ұйымдастыруымен конференция өтті.

Шараға аудандық «Еңбекшіқазақ» газетінің бас редакторы Хайролла Ахметжанов, аудандық кітапхананың директоры Гүлнәр Жандосова, аудандық  мәдениет және  тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Балауса Шарғынова, мектеп ұстаздары мен оқушылары қатысты.  Үш тұғырлы тіл саясатын қолдаған ұстаздар қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде ақын өмірін, шығармашылығын таныстырып, баяндама оқып, бейнеролик көрсетті.  Шара соңында қонақтар өз пікірлерін білдіріп, ұйымдастырушыларға алғысын айтты.

Жансая ЫСҚАҚ

Сәрсенбі, 09 Қазан 2019 15:56

Қаракемер – бірінші

Жастар бойына патриоттық сезімді қалып-тастыру, ел дегенде еміре-ніп, жұрт дегенде жұмыла кірісетін өскелең ұрпақты тәрбиелеу мақсатында «Айбын» әскери-патриоттық, спорттық ойындары өтті жақында. Қаракемер 6654 әскери бөлімінің алаңында Мемлекеттік Тудың жалауы желбіреген салтанатты шараға қолдау білдірген аудандық ішкі саясат бөлімі және 6654 әскери бөлім. Ұйытқы болған – «Мәңгілік Ел тұғыры» қоғамдық қоры және аудандық жастар ресурстық орталығы.

Биылғы жылы байқауға 6 команда қатысты. Олар өзара  автоматты уақытқа жинау, белтемірге тартылу, гір тасын көтеру, әскери эстафета, арқан тарту, және швед эстафетасынан сынға түсті. Жастық жігер мен намысты қолдан бермеу жолында жанын салған жастарымыз әр сайыс сайын шыңдала түсті. Тіпті, жүлдені кім алады екен деген сұрақ жанкүйерлердің көкейінде сайрады. Үш сағатқа созылған қызу бәсеке нәтижесінде 3 орын Ават ауылдық округінің жастарына бұйырса, жүлделі екінші орынды Есік құрамасы еншіледі. Ал Қаракемер ауылдық округінің жастары қанжығалары үздік деп танылып, біріншіліктің биігіне көтерілді.

Жеңімпаздарды аталмыш қор төрағасы, аудандық мәслихат депутаты Қайнар Жұмағожа және аудандық жастар ресурс-тық орталығының маманы Мади Бердибаев марапаттады. Жеңімпаздарға арнайы диплом және сыйлықтар үлестірілді.

 

Өз тілшіміз.

Сәрсенбі, 09 Қазан 2019 12:42

Новая модель социальной помощи

С 1 января 2019 года в Республике Казахстан будут действовать новые подходы к выплате государственной  адресной социальной помощи (ГАСП). Это денежная помощь государства именно малообеспеченным семьям с низкими доходами. В том числе помощь в социальной адаптации, направленная на повышение доходов семьи через трудоустройство, содействие в организации своего бизнеса и других форм занятости. В частности, с 2020 года многодетным семьям, которые имеют 4 и более несовершеннолетних детей будет предоставлено гарантированное пособие вне зависимости от их материального положения и социального статуса. Размер данного пособия будет дифференцирован в зависимости от количества детей, в среднем по 10-11 тысяч тенге на каждого ребенка, и будет в 4-7 раз больше размеров аналогичных пособий, назначенных до 2018 года. Это  дополнительная поддержка для многодетных семей. Государственное пособие многодетным семьям со следующего года будет назначено в следующем порядке: за 4-детей – 42500 тенге, 5-детей – 53 125 тенге, 6-детей – 63 750 тенге, 7-детей – 73 375 тенге.

Б.ИМАНБАЕВ, директор районного центра занятости.

Сейсенбі, 08 Қазан 2019 15:26

Еске алу турнирі өтті

Жақында аудандық полиция басқармасында ішкі істер саласында ұзақ жылдар қызмет етіп, аудан тәртібінің сақшысы болған Сембай Оразбековты еске алуға арналған волейболдан турнир өтті. Шараға полиция ардагерлер кеңесінің төрағасы, полиция генерал-майоры Сағынжан Асыл-Кеней, полиция генерал-майоры Асқар Оспанов, Сембай Оразбековтың ұлы, Алматы қалалық полиция департаменті басшысының орынбасары Ержан Оразбеков, аудан прокурорының орынбасары Расул Көпбаев,  марқұмның үзеңгілес достары мен жақындары қатысты.

Спорттық шараға келген қонақтар Даңқ аллеясына гүл шоқтарын қойып, қаза болған полиция қызметкерлерінің рухына тағзым жасады. 

– Сембай марқұм 1972 жылы қызметке келді. Еңбегін адал атқарған асыл азамат еді. Еңбекшіқазақ, Талғар аудандарының жасы мен кәрісі Сембай Оразбекұлын сыйлап құрмет тұтатын еді. Себебі, оның халқына, еліне деген сүйіспеншілігі, қызметіне деген адалдығы шексіз болды – деп әріптесін еске алды Сағынжан Асыл-Кеней. Асқар Шуашұлы да өтпелі кезеңде тәртіптің сақшысы болған марқұмның ерлігі жастарға үлгі болу керектігін жеткізді. Әке жолын қуған Ержан Оразбеков әкесінің жүріп өткен жолынан сыр шертіп, ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді. Тоғызбай Нұрсейітов арнау өлеңін көпшілік назарына ұсынды. Ашылу салтанатының соңында бас төреші Бекжан Балтешов жарысқа қатысушыларды ойын ережесімен таныс-тырып, сәттілік тіледі.

Турнирге аудан аумағынан бес команда қатысып, бақтарын сынады. Аудандық полиция басқармасының құрамасы қазақ-түрік лицейінен құрылған «КТЛ», «Шелек», Бірлес», «Есік» командалары өнер көрсетіп, жанкүйерлерге тамаша көңіл-күй сыйлады.

Нәтижесінде, жүлделі І орын аудандық полиция басқармасының волейболшыларына бұйырды. ІІ орынға «Шелек» командасы жайғасты. «КТЛ» ІІІ орынға табан тіреді. Жеңімпаздар Алғыс хаттармен, қаржылай сыйлықтармен марапатталды.

 

С.НҰРАДИН.

«Есік» қорық-музейінің ғы-лыми кітапханасы арнайы ғы-лыми және оқу-әдістемелік әдебиеттерден құралған ақпа-раттық орталық. Ғылыми кітапхананың негізгі міндеттері музейдің айрықша ғылыми-зерттеу және мәдени білім беру қызметтерімен тығыз байланыс-ты. Кітапхана 2010 жылы «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі құрылғаннан бастап жұмыс істеп келеді. Бастапқыда қорық-музейдің кітапхана қоры қызметкерлер өткізген кітаптар негізінде жабдықталды. Негізгі қор 3000-ға жуық кітаптан тұрады. Кітап қоры көп болмағанымен бірнеше салалы. Олар ғылыми, салалық, анықтамалық, көркем әдебиеттер. Қазіргі заманғы салалық әдебиеттер негізінен өнер теориясы мен тарихы, музей ісі, сәндік-қолданбалы, бейнелеу өнері, фольклор, мәдениеттану, тарихи пәндер: антропология, археология, этнография, деректану, нумизматика, дінтану, философия және өлкетану бойынша басылымдар бар. Сондай-ақ кітапханада археолог Б.Нұрмұханбетовтың 40 жыл бойы жинаған құнды, сирек кездесетін кітаптары бар. Атап айтқанда 1966-1986 жж. жыл сайынғы басылымнан шыққан «Археологические открытия», ежелгі тас дәуірінен орта ғасырға дейінгі аралықты қамтитын, археологиялық ескерткіштер туралы құнды ақпараттарды қамтитын «Археология СССР», 12 томнан тұратын 1972-1978 жылдары басылған «Қазақ Совет энциклопедиясы», «Советская историческая энциклопедия»,  «Казахстан в XV- XVII веках», «Труды института истории археологии и этнографии», «Археологические исследования на северных склонах Каратау», 1957-1961 жылдар аралығындағы «Полевые исследовании Хорезмской экспедиции», осы экспедиция барысында 1967 жылы жарыққа шыққан «Қой қырылған қала», дүниежүзі тарихына арналған бірнеше том кітаптар карталарымен бірге кітапхана қорына тапсырылған.

Археология саласы бойын-ша К.Ақышев, Х.А.Алпыс-баев, К.М.Байпақов, Б.А.Бай-танаев, А.З.Бейсенов, В.В.Варфоломеев, В.Ф.Зайберт, З.Самашев, Е.А.Смағұлов, Ж.Қ.Таймағамбетов сынды археолог ғалымдардың палеолит дәуірінен бастап этнографиялық уақытқа дейінгі аралықты қам-титын, қазақ халқының бай тарихынан хабардар ететін далалық зерттеулердің, лабораториялық-сараптамалық жұмыстардың нәтижелерінен мәлімет беретін еңбектері топтастырылған. Сонымен қатар, бұл тізімге «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында Қазақстан территориясында жүргізілген археологиялық ескерткіштерді зерттеу қоры-тындыларын жатқызуға болады. Кітапхана қорын 2016 жылы толықтырған, қорық-музейдің алғашқы директоры Г.Р.Мұхтарованың жетекшілігімен бірге, бірнеше жылғы ғылыми зерттеулердің нәтижесінде жарық көрген «Тайна золотого человека» жинағын ерекше атап өтуге болады. Жинақта әйгілі «Алтын адамға» қатысты осы уақытқа дейін құпия болып келген көптеген мәліметтер зерттеліп, нақты көрсетілген. Кітапхана қоры музей қабырғасында

жүзеге асырылып отырған ғылыми-қолданбалы жобалар нәтижесіндегі ғылыми конференциялар, іс-сапарлар мен археологиялық экспедициялар барысында Қазақстан тарихы, археологиясы мен этнографиясына байланысты және шетел әдебиеттерімен үнемі толықтырылып отырады. Бұл ретте ғылыми-зерттеу жобалары, сондай-ақ «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында белсенді жұмыс атқарып отырған музейдің ғылыми қызметкерлері маңызды рөл атқарады.

Кітапхана сөрелерінен Қазақстан территориясын мекендеген ежелгі көшпелілердің мәдениетін, тіршілігін әр қырынан бейнелейтін археологиялық коллекциялар мен сыйға берілген еліміздегі және шетелдердегі музей каталогтарын көруге болады. Музейіміздің негізгі жәдігері «Алтын адамның» қайта жаңғыртпасын жасаған реставратор Қ.Алтынбековтың музейге сыйға тапсырған Қазақстандағы археологиялық олжаларға байланысты бірнеше еңбегі кітапхана қорына берілген. Кітапхана сөресінен орын алған республикалық деңгейдегі мерзімді басылымдар, музей мамандарына жұмыс барысында қажетті газеттер мен журналдар: Отан тарихы, Тарих мәселелері, Музей, Еуразия археологиясы, этнографиясы және антропологиясы журналдары, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ хабаршысы, ҚР Ғылым Академиясы хабаршысы, Мәскеу университеті хабаршысы, «Тамыр», Еуразия хабаршысы, «Кентавр», Археологиялық жинақ, «Президент және халық», «Алаш айнасы», «Егемен Қазақстан», «Қала мен дала», «Қазақ әдебиеті», «Айқын», «Жетісу», «Еңбекшіқазақ» га-зеттері.

Қорық-музейдің кітапхана қорынан 2017 жылы ШЖҚ МКК «Алматы облыстық меди-циналық-әлеуметтік оңалту және психотерапия орталығына» Рахат ауылдық округі №1 орта мектеп КММ-не Ж.Жабаев, С.Сейфуллин, І.Есенберлин, М.Әуезов, Ғ.Мұстафин, С.Мұқанов, Т.Молдағалиев, С.Торайғыров, Ш.Сариев, Т.Ахтанов, Ч.Айтматов, А.С.Пушкин, И.С.Тургенев, М.Горкий, Л.Толстой, Н.В.Гоголь, М.Ю.Лермонтов, А.П.Чехов, С.Есенин, В.Достоевский, И.А.Крылов, В.Д.Маяковский И.В.Гете, В.Шекспир, Р.Гамзатов, Т.Драйзер, Д.Дефо, Гомер сынды ғұлама тұлғалардың 230 дан астам шығармалары тұрақты пайдалануға яғни сыйға берілді.

Кітап қорларын дәлелді түрде жинақтау мен каталогтарды уақытында толтырып отыру кітапхананың ғылыми қор құрылымының негізі болып табылады. Ғылыми кітапханаға кітаптар мен басқа да материалдардың жылдық түсімі бірнеше бірлікті құрайды. Оған қоса тағы мемлекеттік тілде мерзімдік басылымдар бар. Оқырмандарға қызмет көрсетудің маңызды міндеті кітапхана жүйесіндегі құжат қорын жасап оны сақтауда ғана емес, оны қолданушыларға ұсынуында. Музей кітапханасының алдыңғы қатарлы оқырмандары музей мамандары мен ғылыми қызметкерлер, сондай-ақ ұқсас мекемелер және тәжірибе алмасуға, біліктілігін арттыруға келген әріптестерімізге де қызмет көрсетіледі. Ғылымның барлық саласы мен түрлі тақырыптар бойынша әдебиеттерді беру алдын-ала тапсырыс жасау арқылы жүзеге асады. Оқырмандарға барлық ақпараттық сұраныс-тарды қанағаттандыруға мүмкін-дік беретін энциклопедиялар, анықтамалар, салалық ғылыми әдебиеттерді тақырыптық сөрелерден алып оқуға мүмкіндік бар. Қазіргі уақытта кітапханада қызмет көрсету, қорды сақтау, жинақтау, ғылыми және техникалық әдебиеттерді өңдеу жұмыстары жүргізілуде.

 

Э.Айтқұлова,

 «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени

қорық-музейнің ғылыми  қызметкері.

Дүйсенбі, 07 Қазан 2019 12:06

Кәсіби дамытудың шебері

Ұстаз болу – өз уақытыңды аямау, өзгенің уақытын аялау»

 

Жан Жак Руссо

 

Дүниеде мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Әсілі, мұғалім күллі мамандық иесін тәрбиелейтін, оқытып үйрететін, мейірімді абзал жан. «Мұғалім мамандығы – барлық мамандықтың анасы» десек қателеспейміз, өйткені, тілінен бал тамған ақын-жазушылар да, ел қорғаған батырлар да, тіпті қарапайым еңбек адамдары да ұстаздан тәлім-тәрбие алады. Ұстаз білімі әр шәкіртке жол сілтер шамшырақ секілді.

Сол шамшырақтың бірі де бірегейі, еңбек тәжірибесі 30 жылдан астам, жоғарғы санатты ұстаз, ұзақ жылдар ұстаздықтың ұлы жолында өзінің айшықты еңбегімен дараланған Айжан Тоғанбайқызы жайлы ерекше ілтипатпен айтуға болады. Қазіргі таңда ол аудандық білім бөлімінде қызмет етуде. Еңбекшіқазақ ауданындағы 85 мектептің директорлары мен орынбасарлары, тіпті мектеп ұжымы да бұл кісінің қызметіне дән риза. Ауданымыздағы қай мектепке бармасын, жаңартылған білім берудің тиімділігі мен ерекшеліктерін саралап, әртүрлі семинар мен коучингтер өткізіп, ақыл-кеңесімен бөлісіп отырады. «Рухани жаңғырудың ең бас-ты шарты – білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу» деп жиі айтады және оны іс жүзінде қолға алып, ұстаздарымызға оқытудың жаңа технологияларын тиімді пайдалануды, білім беруді ақпараттандырып, оқытуда сауатты да сапалы білімді жүзеге асыруға, мамандардың кәсіби құзіреттілігін қалыптастыруға елеулі үлес қосып келеді. Мектеп бітірушілердің ҰБТ-ін жіті қадағалау нәтижесінде, білім грантын иеленушілер саны да жылдап өсуде. Осындай орасан нәтиже көрсетуімізде ауданымыздағы білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Айжан Тоғанбайқызының еңбегі өлшеусіз. «Жақсының жақсы-лығын айт, нұры тасысын» демекші, Айжан Тоғанбайқызы аудандық, облыстық, респуб-ликалық дәрежедегі құрмет грамоталарымен марапатталған, «Ы.Алтынсарин атындағы» төс-белгі иегері.

1964 жылы Кеген ауданы, Бөлексаз ауылында дүниеге келген Айжан Тоғанбайқызы Тортаева 1971 жылы мектеп табалдырығын аттап, 8-сыныпқа дейін Бөлексаз орта мектебінде оқып, 9-сыныптан бастап Алматыдағы №4 мектепті ойдағыдай аяқтады. 1986 жылы үлкен арманын арқалаған жас талапкер Арқалық педагогикалық университетін үздік бітіріп, еңбек жолын Ақши орта мектебінде математика пәні мұғалімі ретінде бастады. Ұстаздың қарапайымдылығы мен ұқыптылығы, еңбекке деген ерекше ынтызарлығы оны өзгелерден ерекшелендірді. Оның қайсар мінезі, қазақы ақжарқындығы мен қызметіне деген адалдығы, еңбекқорлығы мен терең білімінің арқасында Абылайхан атындағы және О.Жандосов атындағы мектептерінде директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарды. Іскерлік қабілетінің арқасында аудандық білім бөліміне қызметке шақырылды. Аталмыш салада жүргеніне де 20 жылға жуықтады. Жұмысына адал, ұжымға сыйлы тәжірибесі мол, ұлағатты ұстаз отбасында 2 қыз тәрбиелеп, өмірлік жолдасы екеуі қыздарын қияға қондырып, 5 немере сүйіп отырған бақытты отбасы. Жолдасы Бауыржан Тортаев – кәсіпкер. Айжан Тоғанбайқызының жетекшілігімен ауданымыздың оқушылары облыстық, респу-бликалық өребәйгелерде, бай-қауларда ауданымыздың намысын қорғап, өз білімдерін айқын дәлелдеп келеді. Еңбек жолын ұстаздықтан бастаған аяулы жан Айжан Тоғанбайқызы биыл мерейлі 55 жасқа толып отыр. Өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын аяулы ұстазды туған күнімен, мерейлі төл мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз.

Зульфия Бавдунова,

«Азия бүгін» газетінің тілшісі. Қорам орта мектебінің мұғалімі.

Соңғы жаңалықтар

Мам 04, 2024

Еңбегіңді арнай білсең ел үшін, Сол…

 Ел қорғанысының әлсіз болуға еш хақысы жоқ. Әлемде геосаяси мәселелер өршіп тұрған шақта…
Мам 04, 2024

Танк жүргізуші ТЕМІРҚҰЛОВ

Ұлы Отан соғысы кезіндегі алмағайып заманда, от пен оқтың ортасында жүрген жауынгерлердің…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…
Мам 04, 2024

ЖИЗНЬ, ПОСВЯЩЕННАЯ РОДИНЕ

«Родина у нас одна» – такая обыденная, не требующая доказательств аксиома… Но так ли она…
Мам 04, 2024

Әскерилер қаржылық сауаттылығын…

«AMANAT» партиясы бір жыл бұрын «Қарызсыз қоғам» жобасын іске қосқан болатын. Жобаның…
Мам 04, 2024

Тұрғындар өтініші ескерусіз қалмайды

Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы жұмыс сапары аясында аудан…
Мам 04, 2024

Бір шаңырақ астында

Ынтымақтастық пен бірлік – мемлекеттің даму кепілі. 130-дан астам этносты бір мақсатқа…
Мам 04, 2024

Келелі кездесу Шелекте

Өткен аптада Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев іссапармен…

Күнтiзбе

« Мамыр 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет