Адамзат тарихы басталғалы бері адам мен табиғат арасында ерекше бір күрес болып жатыр. Әрине, бұл күрес табиғаттың адамға қарсы күресі емес, керісінше адамның табиғатқа қарсы күресі. Ең алғаш терімшілік пен аңшылыққа негізделген адамзат қоғамы табиғатты Құдай көріп, оның алдында өздерін тым әлсіз сезінетін. Есесіне бізден гөрі табиғатпен етене байланысып, жақсы түсінісе алатын. Яғни, бұл дегеніміз ана мен баланың ортасындағы қатынас секілді еді. Кейіндеп ғылым мен өндірістің дамуына байланысты адамда табиғаттан тәуелсіз өмір сүре бастады. Кешегі табиғаттың алдында өзін сәби секілді сезінетін адамдар енді санасы өскен соң еркелік көрсетіп, табиғатқа қарсы шолжаңдық таныта бастады. Осылайша табиғатты өз дегеніне бағындыруға тырысты. Ал машиналасу дәуірінің басталуы адамның табиғатқа қарсы күресін одан әрі ушықтырып, еркелігі есерлікке айналды. Атақ пен байлықты мақсат тұтқан қоғам орнап, табиғаттың бойына жасырған қазынасын аямай-ақ тонады. Ормандарын отады, жан-жануарларын қырып-жойды, қазба байлықтарынан да мейлінше игіліктенді. Есесіне, Табиғат-ананың жарасы асқынып, оның қоқыстармен, қалдықтармен, зиянды газдармен ластануына алып келді. Мұның арты табиғи тепе-теңдіктің бұзылуы мен оның долы күштерінің оянуына түрткі болды. Енді ғана есін жиған адамдар санасы өсіп, ғылымы мен техникасы қаншалықты дамыса да табиғаттың алдында бәрібір әлсіз екенін түсінгендей. Осы жағдай өз өркениеттерінің жеткен жетістіктерін одан әрі дамытып, сонымен бірге, табиғатқа залал келтірмеудің жолын іздестіруге себепші фактор еді. Сондықтан бүгінде экология мәселесі әлемдік маңызға ие болып, қоршаған ортаның балансын сақтау үшін ауқымды жобалар мен бағдарламалар қабылданды. Ал бұл әлемдік мәселеден Қазақстан Республикасы да шет қала алмайтыны түсінікті. Осы орайда елімізде арнайы басымдық беріліп, экология мен технологияның қабыса дамуына септігін тигізетін «Жасыл даму» бағдарламасы қабылданған болатын.

«Жасыл даму» бағдарламасының негізгі міндеті – қоршаған ортаның сапасын жақсарту және қалпына келтіру мен сақтау  бойынша жағдай жасау болып табылады. Бағдарлама ресурс-тарды пайдалану мен экономикалық өсудiң экологиялық салдары арасындағы тәуелдiлiктi жоюды көздейтiн «жасыл экономика» прогрессивтi қағидатын пайдалануға бағдарланған. Мұнда халықаралық қатынастарды, қоршаған ортаны қорғау мен табиғат пайдалануды ғылыми қамтамасыз етудi дамыту жөнiндегi iс-шаралар, қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингiнiң жүйелерi, экологиялық бiлiм беру, ағарту және халықты хабардар етуiн арттыру мәселелерi айқындалды. Бағдарлама салааралық сипатта және парниктiк газдар шығарындыларын, атмосфералық ауаның ластануын, экологиялық апат аймақтарын, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды, өндiрiс және тұтыну қалдықтарын, су ресурстарын, көгалдандыруды және басқаларын қоса алғанда, көптеген мәселелердi кешендi түрде шешуге ықпал ететiн болады.

Бағдарламаның ең бірінші мақсаты – парниктік газдар шығындыларын қысқарту. Қазақстан Республикасында парниктiк газдардың шығарындылары 1992 жылы көмірқышқыл газының шығындысы 310 миллион тоннаға жетсе, 2008 жылы 240 миллион тоннаны құраған. Көмiртегi диоксидi шығарындыларының көлемiнде ең көп үлес энергетикаға тиесiлi. Ал энергия тасығыштар арасынан көмiр мен мұнай, көмірсутекті газдарды атауға болады. Бұл ретте парниктік газдарды шығаруда көмiрдiң үлесi жоғары қарқынмен өсетiнiн көрсетiп отыр. 2010 жылға энергетикалық отындарды жағудан түзiлетiн шығарындылардың жалпы көлемi 63% болса, 2020 жылы 66%-ға жететіні анықталған. Қазақстан экономикасының көпшiлiгi энергияны қажетсiнуiмен ерекшеленедi. Елде энергия ресурстарын пайдалану тиiмдiлiгiн арттыратын iс-шараларды орындау үшiн орасан техникалық резервтер бар. Қазiргi уақытта тұтынылатын энергияның үштен екісінен астамы оны пайдалану үдерiсiнде жоғалады. Бүгінгі заманғы технологиялардың даму деңгейi энергия ресурстарын пайдалы қолданудың кемiнде 50-60% коэффициентiне қол жеткiзуге мүмкiндiк бередi.

Екінші мақсат – атмосфералық ауаның ластануының алдын алу. Атмосфералық ауаның ластануы халықтың денсаулығына терiс әсер ететiн әрі қоршаған ортаға ықпал етуші жетекшi факторлардың бiр болып қалуда. Атмосфералық ауаға жылу энергетикасы мен мұнай-газ секторы, кен өндiру мен тау-кен өндiру саласы, қара және түстi металлургия неғұрлым терiс әсер етедi. Қазақстанның өнеркәсiп кәсiпорындарының атмосфераға шығарындылары жылына шамамен үш миллион тоннаны құрайды. Оның iшiнде 85%-ы 43 iрi кәсiпорынға тиесiлi. Елдiң атмосферасында улы қалдықтардың елеулi үлесi пайда болуының 10%-ы шикi мұнай мен iлеспе газ өндiру саласында жұмыс iстейтiн кәсiпорындарға байланысты. Ауаны автомобиль көлiгiмен ластау көлемi неғұрлым қауiп төндiруде. Бұл республика аумағында автокөлiк құралдары санының қарқынды өсуiнен көрінеді. Аталған мәселе республиканың iрi қалалары үшiн аса өзектi, мұнда автокөлiктiң әуе бассейнiн ластаудағы үлесi жалпықалалық шығарындылардың 60%-на жетеді немесе одан жоғарыға болуы мүмкін.

Бағдарламадағы тағы бір ескерер жайт, су ресурстарының ластануына жол бермеу. Елімізде ластану дәрежесi жоғары және ағындарының аумақтың бөлiнуi тең еместiгiмен сипатталатын өзiндiк шектелген су ресурстары бар. барлық жерасты тұщы суларының шамамен тек 12% көлемiнде ғана пайдаланылады. Жыл сайын таза суды тұтыну, суды тасымалдау кезiндегi шығындар артуда. Сонымен қатар, тазартылмаған немесе жеткiлiктi түрде тазартылмаған ағынды суларды су айдындарына ағызу көлемi ұлғаюда. Бұл ретте ауыл шаруашылығы мен өнеркәсiп орындары негiзгi су тұтынушылар болып табылады. Жер үстi суларының ластануы, қоқысқа толуы мен сарқылу үдерiсi жалғасуда. Бүгінгі күнде халықтың сапалы ауыз суға қол жеткiзуi бұрынғыдай өткiр мәселе ретінде қалып отыр.

Өндiрiс және тұтыну қалдықтарын өңдеу де бағдарламадағы басым экологиялық бағыттардың бiрi болып табылады. 2009 жылы елде 669,3 миллион тонна қалдық жиналды. Оның iшiнде 665,6 миллион тонна өндiрiстiк қалдық, 6 миллион тонна тұрмыстық жиналған. Яғни, елдiң бip тұрғынының үлесiне орта есеппен 1,4 мың тонна өнеркәсiптiк және тұрмыстық қалдықтан келеді. 2010 жылғы қаңтардағы жағдай бойынша республика аумағында 43 миллиард тоннадан астам өндiрiстiк қалдық бар, оның 587,8 миллион тоннасы улы қалдықтар. Қалдықтарды жинау мен шығару жөнiнде жеткiлiктi инфрақұрылымның болмауы елдi мекендерде көптеп қоқыстардың пайда болуына және оларды жою үшiн жыл сайын жергiлiктi бюджеттен қаражат шығындарының артуына себеп болып отыр. Қазақстандағы коммуналдық қалдықтардың негiзгi бөлiгi фракцияларға бөлiнбестен, ашық қоқыс жинау орындарына шығарылады және сақталады. Бұл топырақтың, жер асты және жер үстi суларының, атмосфералық ауаның ластануына алып келедi. Кеңес Одағы кезеңiнде қалыптасқан тарихи ластанулар мәселесi де Қазақстан үшiн өткiр мәселе болып тұр. Әскери мақсаттағы объектiлердi, тау-металлургиялық кешені кәсiпорындарын ұзақ уақыт пайдалану салдарынан елдiң едәуiр аумағы адам мен өзге де биологиялық объектiлер үшiн қауiптi концентрациядағы радиоактивтi, биологиялық және химиялық заттармен ластанған.

Бағдарламадағы қамтылған аса қауіпті экологиялық мәселелердің бірі климаттың өзгеруiнiң экологиялық жүйелерге әсерi. Қазiргi таңда ел аумағында орташа температура деңгейiнiң орташа есеппен 100 жылда 1,8 градусқа көтерiлуiне байланысты климаттың өзгеру проблемасы Қазақстан үшiн өзектi болып отыр. Климаттың өзгеруi биоәртүрлiлiкке әсер етедi. Қазақстан аумағының басым бөлiгi шөл және шөлейттi ландшафттық аймақтар болғандықтан, олардың экожүйелерi, оның iшiнде ауыл және су шаруашылығы климаттық жағдайлардың өзгеруiнiң байқалатын аномалияға қауқарсыз болып отыр. Климаттық өзгеруi нәтижесiнде ылғалдану аймақтарының шекарасы солтүстiкке қарай ығысуы мүмкiн, ендеше өңiрлерде ылғалдану жағдайының нашарлауын күтуге болады. 1955 жылдан бастап Iле Алатауының солтүстiк бөктерiнде мұздықтардың ауданы 40,8%-ға қысқарғаны байқалады. Климаттың өзгеруi барысында туындайтын болжамдарды есепке алсақ жақын болашақта мұздықтардың қарқынды еруi жалғасуы мүмкiн. Мұз басқан аудандардың азаюы тау өзендерiндегі су режимiнiң өзгеруiне алып келедi. Бұл ретте Iле Алатауының солтүстiк бөктерiнiң ағынды сулары шамамен 16%-ға төмендейдi.

Аталған мәселелерді тұтастай алғанда қоршаған орта ластануының экологиялық жүйелер мен халық денсаулығына терiс әсерiн айтарлықтай төмендету әзiрге қолдан келмей тұр. Парниктiк газдар шығарындылары, атмосфералық ауаның ластануы, су ресурстарының ластануы, өндiрiс және тұтыну қалдықтарының жиналуы, биологиялық әр алуандықты ұтымды пайдаланбау Қазақстанда әлi де шешімін таппаған мәселе ретінде қалуда. Осы уақытқа дейiн Қазақстанның сыртқы су ресурстарының көлемi мен сапасына тәуелдiлiгi тағы бар. Яғни, елдiң бiрқатар су бассейндерiнiң тұрақтылығына айтарлықтай қауiп төнуде. Сонымен бірге, шекаралас елдермен су-экологиялық және су-энергетикалық проблемалар реттелмеген күйiнде қалып отыр. Суға тәуелдiлiк елдiң азық-түлiк қауiпсiздiгiне де, экологиялық қауiпсiздiгiне де қатер төндiретіні анық.

Енді осы аталған мәселелердің алдын алу үшін де бірнеше жоба қарастырылған. Ең алдымен, қалдықтарды өңдеу. Бұл қоршаған ортаның тазалығына әсер етіп, ластануына жол бермеумен қатар, экономикалық тиімділігі де жоғары. Яғни, ысырапшылдыққа жол бермейді. Бұл елімізде ғана емес, барша әлемде қолға алынған үрдіс. Көбі бізден әлдеқайда алысқа кетіп, алға озып кетті. Қалай десекте бұл жобаның бізге берер пайдасы зор болмақ.

Екіншіден, «жасыл энергия» бағдарламасы аясында дәстүрлі энергия көздеріне деген тәуелділіктен арылып, баламалы энергия көздеріне көшу. Бұған күн , жел, кіші өзендер, тасқындар, толқындар, биомасса, геотермалық энергия көздері жатады. Дегенмен жақын аралықта дәстүрлі энергия көздерінен қол үзе алмасымыз анық. Оның себебі баламалы энергия көздерін пайдалану үлкен шығынды талап етеді. Деседе болашақ үшін баламалы энергия көздерін пайдаланудың мүмкіндігі зор. Өйткені осы арқылы экологияға теріс әсер етпей, табиғи тепе-теңдікті сақтауға болады. Әрі дәстүрлі энергия көздері де күн өткен сайын сарқылуда.

Үшіншіден, орман шаруашылығы және елдiмекендердi көгалдандыру саласын дамыту. Жасыл ормандар мен шөптер ең алдымен оттегінің қайнар көзі әрі көмірқышқыл газы мен шаң-тозаңды сіңіруші. Ал оттегі дегеніміз біздің тіршілігіміздің негізі. Тыныс алу өмір сүрудің синонимі екені тағы бар. Сондықтан жердің «өкпесі» атанған ормандар мен жасыл өсімдіктерді көбейтуге ең алдымен өзіміз мүдделіміз.

Төртіншіден жануарлар дүниесін көбейту. Қазақстан аумағында омыртқалы жануарлардың 835 түрi мекендейдi.  Оның iшiнде: сүтқоректiлер – 178, құстар – 489 (оның iшiнде 396 осында ұя салады, қалғандары қыста ұшып келедi немесе көктем мен күзде ұшып өтедi), бауырымен жорғалаушылар – 49, қос мекендiлер – 12, балықтар – 104, домалақ ауыздылар – 3. Он сегіз мың ғаламда сан түрлі тіршілік иелері болса да, олардың артық жаратылғаны жоқ. Тіптен көбіміз ұната бермейтін шыбынекеш шыбынның да табиғатта атқарар өз рөлі мен миссиясы бар. Адамдардың тойымсыздығы мен шексіз озбырлығының аяғынан бүгінге дейін талай жан-жануарды «Қара кітапқа» жазып, мәңгілікке көз жазып қалдық. Оларды қазір тек суреттер мен музейлерден ғана көре аламыз. Ал «Қызыл кітапқа» енгендері де аз емес. Олар жойылып кетпесе де жойылудың аз-ақ алдында тұр.

Бесіншіден, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру. Бүгінде қазақ жерінде Ақсу-Жабағылы, Алматы, Наурызым, Барсакелмес, Қорғалжын, Марқакөл, Үстірт, Батыс Алтай, Алакөл, Қаратау секілді 10 қорық және 80 қорықша мен 5 ұлттық саябақтар бар. Мұнда сан түрлі жан-жануарлар мен өсімдіктер қорғауға алынған.

Қорыта келгенде, «Жасыл даму» болашағымыз үшін жасалған бағдарлама. Бірақ ол бізге емес, біз оған тәуелдіміз. Өйткені табиғатпен санаспау, оны өзіңе бағындыруға тырысудың соңы не болатынын Табиғат-ана қаһарлы дауысымен талай ескерткені есімізде. Және оның ашуын басу да оңай шаруа емес. Кейде осыған қарап әлемді билеуге құмартып жүрген адамзаттың табиғат алдында сонша қауқарсыз екенін түсінгендейсің. Сондықтан қоршаған ортаға көңіл бөліп, оған қамқорлық таныту, ең алдымен, өзіміз үшін керек екенін ескеруіміз керек. Сонда ғана болашағымыз нұрлы, өміріміз қауіпсіз болмақ.

 

Нұрсерік ТІЛЕУҚАБЫЛ.

Дүйсенбі, 09 Желтоқсан 2019 17:02

Любишь кататься – люби и налоги платить

Близится завершение года не только  астрономического, но и налогового. Районное управление по госдоходам принимает меры по ужесточению сбора недоимок по местным налогам. Налоговики совместно с сотрудниками прокуратуры, дорожно-патрульной службы, частными приставами до конца года будут проводить ежедневные рейды на дорогах, выявляя неплательщиков налога на транспорт, как гвыяыоворится, в режиме он-лайн. На месте ведется проверка документов, сверка с налоговой базой данных.   В случае большой суммы недоимки владельцы авто могут с ними даже попрощаться – государство не шутит, изымая  автомобили в счет погашения долгов.

 

И.ВИКТОРОВ.

 

Дүйсенбі, 09 Желтоқсан 2019 16:40

Тағылымды кездесулер

Тұңғыш Президент күнін Көктөбе орта мектебі ерекше форматта атап өтті. Мереке қарсаңында мектеп оқушылары түрлі сала өкілдерімен кездесіп, көкейдегі сауалдарын қойды.

Атап айтқанда, 6 «Б», 9 «Б» сынып ауыл ақсақалы Ағапаша Дулаевпен кездесіп, ақсақалдың өмірінен сыр шертті. Тағылымды әңгімелерін тыңдап, ақ батасын алды. 6 «А», «Ә» сыныптар «Дүмбірлеткен дала қызы» тақырыбында Раушан Мондия-ровамен жүздесу өткізді. ҚР Мәдениет қайраткері Балтабай Ыбырайұлы 5 «А» және «Ә» сынып оқушыларымен қазақтың ұлттық аспабы жайлы әңгіме өрбітті. Домбыраның құрылымы мен оның шығу тарихы айтылған отырыс балаларға ұлттық өнерді тануға үлкен мүмкіндік берді. 7 және 8 «В» сыныптың балалары тарих пәнінің мұғалімі Гүлтанат Алтынбаеваға көкейдегі сауалдарын қойып, тамыры тереңде жатқан тарихпен, ұстаздық өнермен танысты. 7 «А», 8 «А» сынып аудандық «Еңбекшіқазақ» газетінің тілшісі, журналист Сардарбек Нұрадинге түрлі бағыттағы сұрақтарын қойып, журналистика мамандығына қызығушылық танытты. Кездесулер соңы сыр-сұхбатқа айналып, балалар өздерінің өнерлерін ортаға салды.

 

Өз тілшіміз.

Дүйсенбі, 09 Желтоқсан 2019 16:36

Елбасы – ел тірегі

Жуырда №1 Рахат орта мектебінде аталмыш мектеп кітапханашысы Дариға Жанабилова мен аудан әкімі кітапханасының кітапханашысы Гулия Саурықованың ұйымдастыруымен Тұңғыш Президент күніне орай дөңгелек үстел өткізді. Елбасының өнегелі өмірін үлгі ете отырып, оқушылардың бойына елжандылықты дарытуды мақсат тұтқан жиын сыр-сұхбат түрінде өтті. Шәкірттер өзара сұрақ қойып, бір-бірлерінің білімдерін тексерді.  Шара соңында:

– Елбасымыздың  сарабдал саясатының арқасында бүгінде елімізді әлем танитын мемлекетке айналдық. Егемен ел болдық, өзіміздің мемлекеттік нышандарымыз бар. Сол тәуелсіздігіміздің туы мәңгі желбіреп тұруы өскелең ұрпақтың қолында, – деп қорытындылады кітапханашылар.

Ж.ЫСҚАҚ.

Бейсенбі, 05 Желтоқсан 2019 15:34

Чемпиондарға құрмет

Желтоқсанның төртінде аудан әкімінің бірінші орынбасары Айбек Бидаев жеңімпаз спортшы қыздарды қабылдап, құттықтады. Тарқатайық...

Қырғызстан Республикасында өткен қол күрестен Азия чемпионатының чемпионы Анастасия Ряполова және үшінші орын жүлдегері Айдана Мұғайды аудан әкімінің Алғыс хатымен марапаттаған А.Бидаев: «Спортшыларымызға әрдайым қолдау көрсетуге дайынбыз. Есігіміз ашық. Жеңістеріңіз құтты болсын», – деді. Бапкерлері Тахиржан Махмутов пен Сергей Клеменко да аудан әкімі Б.Ысқақтың алғысына бөленді. Денсаулығының ақауына қарамастан өмірдегі өз орнын спорттан тапқан 20 жасар Анастасияның қол күреспен айналысқанына 8 жылдан астам уақыт болған. Бүгінде Анастасия жүзуден облыс чемпионы әрі спорт шеберіне үміткер. Ал, 15 жасар Айдана бұл спорт түрімен 4 жыл көлемінде шұғылданып келеді. Кездесу барысында Айбек Дүйсембекұлы жас спортшылармен пікір алмасып, естелік суретке түсті.

Алар асулары мен бағындырар белестері биік болсын, спортшыларымыздың!

 

Алмагүл Нұғман.

Сәрсенбі, 04 Желтоқсан 2019 15:02

Қанатты қаламгер

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын жүзеге  асыру мақсатында қазақтың алтын ұрпағы драматург, көрнекті жазушы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі Б.Майлиннің туғанына 125 жыл толуына орай ауқымды шара ұйымдастырылды. Өрікті ауылындағы Б.Майлин атындағы орта мектебінде «Қанатты қаламгер» тақырыбында облыстық семинар өтті.

Семинарға Б.Майлиннің шөбересі Салтанат Мустафи-на, жазушылар одағы басшы-сының орынбасары Бауыржан Жақып, алаштанушы профессор А.Искакова, «Өр-леу»  порталының директоры және «Медеобілім», «Вундеркинд» республикалық журналының  редакторы Ж.Көшембаев, Халықаралық «Бейбітшілік әлемі» шығарма-шылық бірлестігінің президенті Ә.Нұрманов, таланттар ака-демиясының директоры А.Мылтықбаев, «Бейбітшілік әлемі» шығармашылық бірлестігінің Алматы облысы бойынша директоры Ф.Абыханқызы, Рахат ауылдық округінің әкімі Қ.Ақшабаев, Еңбекшіқазақ аудандық білім бөлімінің әдіскері А.Бухарова  және аудан мектептерінің әдіскерлері қатысты. Шараның салтанатты ашылуы мектеп директоры А.Мукаеваның баяндамасымен басталды. Мектебіміздің мұғалімдері «Б.Майлин көркем сөз шебері», «Б.Майлин – қоғам қайраткері», «Күлпәш әңгімесі – заман көрінісі», «Ұлы дала саңлағы» тақырыптарында  ашық тәрбие сағаттарын көрсетті. Келген қонақтар ашық тәрбие сағаттарына қатысып, оқушылардың Б.Майлин шығармаларынан қойған көріністеріне тәнті болып, жоғары баға берді. Сондай-ақ, оқушылар Б.Майлин шығармаларын жатқа мәнерелеп оқып, көрермендер көзайымына айналды. Мектеп мұғалімдерінен құрылған оркестр өнерінен және концерттік бағдарламадан рухани азық алған қонақтар мен көрермендер өнерпаздарды қошеметке бөледі. Сонымен қата, қонақтар атынан  ұжымға  алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар тапсырылды.

 

Р.Жолдасова,

Б.Майлин атындағы орта мектеп

директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары.

Сәрсенбі, 04 Желтоқсан 2019 14:55

Ортақ мақсатқа жұмылайық!

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың биылғы Қазақстан халқына арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауының ең бастысы – қоғамдық диалог орнату болып табылады. Демек, халықпен байланыс орнату, қоғам үніне құлақ асатын мемлекет құру – ортақ мақсат.

Әрине, болашақтың бағыт-бағдарын айқындап берген бұл Жолдауда сыбайлас жемқорлықпен күрес қарқын алды. Бұл бағытта аудандық қазынашылық басқармасы тарапынан оңды жұмыстар қолға алынып отыр. Айталық, қазынашылық ұйымдарын цифрландыру жұмыстары үкімет тарапынан бекітілген «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы негізінде «Ашық бюджет» қазынашылық комитетінің ақпараттық панелі жүйелі түрде жұмыс істеуде. Сонымен қатар аудандық басқарма қызметі цифрландыруға көшті. Атап айтқанда мемлекеттік мекемелерден қызметтер, жұмыстар өнім берушілерге «Қазынашылық-клиент» ақпараттық жүйесі арқылы қолма-қолсыз есеп айырысу үрдісінде жүргізіледі. Қазіргі таңда «Қазынашылық-клиент» ақпараттық жүйесі арқылы онлайн режимде аудандық мемлекеттік және коммуналдық мекемелер тарапынан қолма-қолсыз есеп айрысу бойынша ай сайын 1500-ге жуық төлемдер өткізіледі. Осыған қарамастан, қаржылық құжаттарды өңдеу уақыты жыл сайын қысқарған. Мысалы, бұрын төлемге берілген шотты өңдеуге, егер оны қатесін түзеу үшін қайтарылатынын есептегенде, орташа алған 3-4 күн кеткен болса, «Қазынашылық-клиент» ақпараттық жүйесі енгізілгеннен бері бұл уақыт 6 сағатқа дейін қысқарды.

Жоғарыда аталған негіздемелер Президент Жолдаулары аясында іске асырылып келеді. Бүгінгі жасап жатқан жұмысымызға, қазіргі іске асырып жатқан жобаларымызға жаңа тағы да бір серпін беретініне көзіміз жетіп отыр.

 

Н.ҚЫРҒЫЗБАЕВА,

Еңбекшіқазақ аудандық 

қазынашылық басқармасының бас маманы-бас қазынашысы.

Сәрсенбі, 04 Желтоқсан 2019 09:15

Бала тағдыры - қоғам тағдыры

Қазақстан азаматтардың өз-өзіне қол жұмсау рейтінгісінде әлемде алдыңғы қатарда тұр. Тығырықтан шығар жолды суи-цидтен іздейтіндердің арасында жастар мен жасөспірімдер жетіп-артылады. Осындай қайғылы оқиғалардың алдын алып, оны болдырмау үшін не істеу керек? Баламыздың күнделікті тыныс-тіршілігін бақылап отырмыз ба?

Күйбең тіршіліктің қамымен жүріп, күнделікті өмірде бауыр еті баламызға бір сәт те болса көңіл бөлуге уақыт таппай кететініміз жасырын емес. Оның қайда жүргендігі, қандай достармен араласып, бос уақытында немен айналысатындығынан ата-аналардың басым көпшілігі бейхабар. Осыны айтып дабыл қаққан психологтар көбіне моральдық, психологиялық көмекке зәру болған балалар өзіне қол жұмсайтындығын алға тартады. Жақында ғана ауданымызда болған «Nur Otan» партиясы жанындағы балалардың құқығын қорғау жөніндегі кеңестің мүшесі Мансия Исказина осылай деген еді.

– Бүгінде Алматы облысы өз-өзіне қол салатын жасөс-пірімдерден көш бастап тұр. Ағымдағы жылдың 8 айында 18 оқиға тіркелген. Бұл – өте үлкен көрсеткіш. Олардың суицидке баруының негізгі себебі,  ата-ана мен бала арасын-дағы кикілжің және жауапсыз махаббат. Оған қоса, қыз балалардың ерте бала көтеруі де жиі кездеседі. Бұрындары 16 жастағы қыздар екіқабат болса жағамызды ұстаушы едік. Қазіргі таңда 13 жастағы балалар жыныстық қатынаспен айналысып, бала көтеріп жүр. Сондай-ақ, кәмелеттік жасқа толмағандардың және оларға жасалатын қылмыс көрсеткіші де артып келеді – деген еді Мансия Аяпбергенқызы.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Қазақстан суицидтен әлем рейтингісінде 2017 жылы 5 орыннан бір-ақ шыққан. Ал балалар арасындағы суицид көрсеткіші жағынан былтыр 7 орынға тұрақтадық. Бұл қорқынышты статистиканы Денсаулық сақтау министрлігі де растаған. 2018 жылы елімізде 5 пен 17 жас аралығындағы 130-дан астам бала өз-өзіне қол салып, өмірмен ерте қош айтысқан. Ал 294 жасөспірім суицид жасауға талпынған. Қазақстандағы адамдарға психологиялық көмек көрсететін дағдарыс орталығының мәліметтеріне сүйенсек, күніне желіге келіп түсетін 70-80 қоңыраудың 15-17-сі суицидпен байланысты.

Бұл жағымсыз көрсет-кіштерді төмендету үшін елімізде республикалық деңгейде түрлі ауқымды жұмыстар атқарылуда. Балалар мен жасөспірімдерге арналған тәулік бойы қызмет көрсететін арнайы телефон желісі іске қосылды. Десек те, психолог мамандар балалармен жұмысты тікелей, уақытында жасау керектігін айтады. Сөзіне сүйенсек, балаға кішкентай кезінде көрсетілген қорлық, зорлық әрекеттері басында білінбей, өсе келе ашыла бастайды. Оның психикасы бұзылып, өзіне қол салуға ұзақ уақыттар бойы дайындалуы мүмкін. Дер кезінде осының алдын алу керек.

Ал балаларға зорлық-зомбылық мектеп қабырғасында көрсетілуі мүмкін. Әлімжеттікке шыдай алмаған қаншама оқушының ажал құшқанын көріп, естіп жүрміз. Осы проблеманы көтергенде тағы бір қордаланған мәселенің беті ашылады. Алысқа бармай-ақ, ауданымыздың өзінде жасөспірімдермен тікелей жұмыс жүргізетін ювеналдық полицияға қарасты мектеп инспекторлары тапшы. 84 мектепке – 20 инспектор. Демек, әр инспекторға 4 мектептен келеді. Оның ішінде мың, 2 мың бала оқитын оқу ордалары бар.

Жалпы, мемлекет қанша-ма қаражат бөліп, түрлі бағдар-ламалар қабылдағанымен суицидке түбегейлі тосқауыл бола алмайды. Баланың тәрбиесі, көңіл-күйі ата-ана тарапынан қатаң бақылауда болуы керек. Психологиялық көмекті психологтар емес, отбасы, ошақ қасында анасы жасау керек. Бала мен ата-ана арасында ашық диалог орнағанда ғана қордаланған мәселе оң шешімін табады.

 

С.НҰРАДИН.

Сәрсенбі, 04 Желтоқсан 2019 09:04

Білімнің іргетасы қаланатын орын

Шағын және орта кәсіпкерлік тұрақты экономиканың негізгі тірегі екендігіне дау жоқ. Сондықтан, аграрлы ауданымыз осы саланың дамуына баса назар аударуда. Жеңілдетілген несие, қайтарымсыз субсидия мен гранттар... Ал мемлекет қол ұшын беріп отырған кәсіпкерлік дегенде көз алдымызға өндіріс орындары, сауда-саттық нысандары мен мал шаруашылығы келеді. Алайда, қарқынды бизнесімен қуатты мемлекет құруға тамшыдай болса үлесін қосып отырған бүгінгі кейіпкеріміз мүлдем басқа жолды таңдаған. Білім саласы мен бизнесті ұштастырған «Еркемай» оқу орталығының директоры Салтанат Бердібаева кәсіпкер атанып қана қоймай, ауданымыздың білім сапасын көтеру жолында еңбек етуде.

Оқу орталығына арнайы барған бізді Салтанат Әділжанқызы қарсы алып, өзінің кәсібімен, оқу жүйесімен таныстырды.

– 2017 жылы мен Есік қаласындағы Абылай хан атындағы орта мектепке бастауыш сынып мұғалімі болып жұмысқа орналастым. Білім саласында қызмет ете жүріп, барлық баланың қабылдауы, сабақты түсінуі әртүрлі екендігіне көз жеткіздім. Шыны керек, кейбір мектептерімізде бір сыныпта 30-ға жуық оқушы отырады. Оның ішінде үлгерімі жақсы, орташа мен нашар бала бар. Бөлінген 40 минуттың ішінде олардың әрқайсына жеке түсіндіру мүмкін емес. Сондықтан, жалпы өтілген сабақты барлығы бірдей ұға бермейді. Осыны ескеріп, 2017 жылы қараша айында әріптестерім Арай Назарханова, Альфия Досмағанбетовамен бірігіп «Еркемай» оқу орта-лығының негізін қаладық – дейді Салтанат Әділжанқызы. Айтуынша, басында үлгерімі төмен оқушылармен жұмыс жүргізе бастаған. Кейіннен, өздері ұстаздарға арналған «Мега жады», «Жылдам оқу» сынды курстарға қатысып, балалардың оқуға деген зейінін қалай арттыру керектігін үйрететін қосымша оқуларға ақылы түрде қатысқан. Сол жылы-ақ, ұстаздар ізденісі өз жемісін бере бастаған. Оқушылар аз уақыттың ішінде үлгерімі жақсарып, жоғары нәтиже көрсете бастаған.

– 2018 жылдан бастап оқу орталығының жұмысына білек сыбана кірісіп, ұлғайтуды қолға алдық. Бастауыштан бөлек, ағылшын тілі, орыс тілі, менталды арифметика, жылдам оқу сынды қосымша үйірмелер аштық. Осыдан екі ай бұрын музыка, фортепиано сабақтарын аштық,– деген Салтанат алдағы уақытта ораторлық курстарды іске қосуды жоспарлап отыр.

Оқу орталығының ерекшеліктерінің бірі – балаға бағдарламаны оңай әрі жылдам әдіспен жеткізеді. Бұл жерде ұстаздар орыс ғалымы, мектептен қуылған оқушыларға білім беріп, жоғарғы оқу орнына түсірген Шаталовтың методикасын қолданады. Сыныптағы оқушылардың саны 4-5-тен аспайды. Балалардың аздығы әр оқушымен жеке жұмыс жасауға септігін тигізеді. Алдымен білім алушының сабақты қалай қабылдайтындығына, оның психологиясына баса мән беріледі. Салтанат Бердібаеваның айтуынша, кей бала сабақты естігеннен тез ұғады. Кейбірі, көрген нәрсесін есте сақтайды. Ал кейбір оқушылар өзінің қолымен ұстап, жасаған дүниесін тез түсінеді. Осының барлығы зерттеліп, зерделенгеннен кейін ғана, оларға тапсырма беріліп, тақырыптар түсіндіріледі.

Осы тұста, оқу орталығына келген баланың білім сапасы жақсарады дегенге кім кепіл деген орынды сұрақ туындауы мүмкін. Бұл сауалға оқу орталығының директоры жауап берді:

– Әрине, әрбір ата-ана баласын ақылы оқуға берген соң, одан нәтиже күтеді. Осы сенімді ақтау мақсатында біз ата-аналарға ұсыныс жасаймыз. Егер балаларының білімі алғашқы 3 айдың ішінде екі есеге артпаса, төленген 3 айдың ақшасын толығымен қайтарып береміз. Себебі, бізге ақша емес, оқушылардың білім сапасы маңызды. Сондықтан, аптасына 3 рет келген бала, бір айда 12 сабақ өтеді. Ал оның оң нәтиже көрсетуіне 2 айдың өзі жеткілікті. Аллаға шүкір, қазіргі уақытта ешкімнен шағым түскен жоқ, ақшаларын да қайтарып беруге еш негіз болмады, – дейді Салтанат Бердібаева.

Бүгінде 100-ге жуық оқушыны білім нәрімен сусындатып отырған «Еркемай» оқу орталығында 8 мұғалім еңбек етеді. Олардың ішінде студенттер де бар. Алайда барлығына қойылар талап өте жоғары. Жұмысқа қабылданатын ұстаздардың барлығы тәжірибеден өтіп, өзін көрсетуі тиіс. Осылайша, аудан оқушыларын сапалы білім нәрімен сусындатып жүрген оқу орталығы мемлекеттің назарынан тыс қалмады. Жақында Салтанат Бердібаева «Атамекен» кәсіпкерлік палатасында «Бастау бизнес» жобасы аясында 1 ай бойы білімін жетілдіріп, кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгерген. «Жас кәсіпкер» жобасы аясында өзінің бизнес жоспарын ұсынып, 505 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грантқа ие болған. Аталған қаржы оқу орталығының материалдық базасын нығайтуға жұмсалатын болады.

– «Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенген заманда қапы қалып жүрмелік» – деген Абылай ханның сөзі қазіргі таңда өзекті болып отыр. Жаугершілік заманда ата-бабамыз жерімізді ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап қалды. Ал бүгінгі заманның соғысы бөлек. Өзгелермен бәсекеге түсу үшін ең алдымен білім керек. Білікті адамның іргетасы бастауышта қаланады. Мектеп табалдырығын аттаған оқушы сабақты жақсы түсініп, жан-жақты дамыса болашағына алаңдаудың еш қажеті жоқ. Біз осы бағытта жұмыс жасап жатымыз – дейді Салтанат Әділжанқызы.

 

С.НҰРАДИН.

Қысқа мерзімде қазақ елі әлем мойындаған мемлекеттер қатарына енді. Еліміздің саяси өмірі жаңартылып, түбегейлі өзгерістер жасалды. Мемлекеттіліктің барлық институттары құрылып, экономикамыз нарықтық жолға түсті. Халықтың әл-ауқаты жаңа деңгейге көтерілді, әлеуметтік салада тың асуларды бағындырдық. Мемлекеттік шекарамыз айқындалып, елдің тұтастығы, жердің бүтіндігі қамтамасыз етілді. Елбасының көрегендігі мен ерік-жігерінің нәтижесінде Қазақстан әлемде тұңғыш рет ядролық қарудан бас тартты. Семей сынақ полигонын жабуы бүкіл дүниежүзінің назарын өзіне еріксіз аударды. Осы бір батыл қадамның нәтижесінде мемлекет тәуелсіздігінің қауіпсіздігіне әлемнің іргелі мемлекеттері кепілдік берді.  Бастысы, ата-бабаларымыздың ғасырлар бойғы ұлы арманы мен мақсаты орындалды. Сәл тарихқа сапарлайық...

Тәуелсіздіктің көк байрағын өз қолымен көтеріп, аз уақытта әлемге танытқан Көшбасшымыздың бұл ерлігіне өзге түгіл өзіміз де таңдана қараймыз. Тарихтың қилы бір кезеңдерінде елге Нұрсұлтан Назарбаевтай Көшбасшының табылуын  халқымыздың бағы деп те түсінеміз. 1991 жылы 1 желтоқсанда қазақстандықтар өздерінің Тұңғыш Президентін сайлап, сенім артты,  ел тәуелсіздігін аманат  етті. Жауапкершілік жүгін арқалатты, Халық өздері таңдаған Елбасының не істеу керектігін білетіндігіне, елді адастырмайтынына, тура жолға бастайтынына сенді. Зор сенімге елдің ұлы да селкеу түсірмеді.

Бәрі де есімізде. Сол жылдың, яғни 1991-дің  10 желтоқсанында Нұрсұлтан Әбішұлының Президент қызметіне кірісу және ант беру салтанаты ежелгі халықтық дәстүр мен қазіргі өркениет үлгілерінің айшықталған жағдайында өтті. Президент ата-дәстүр бойынша ақ киіздің үстіне көтеріліп, қолын Конституцияға қойып, ант берді. Ел ағалары Дмитрий Снегин, Құдыс Қожамияров, Эдуард Айрих, Ыбырайымжан Қожахметов Сарай төрінде бүкіл халық қолдаған Елбасыға ерекше сән-салтанатта шапан жапты. Президенттік айырым белгілерін тапсырды. Жасы тоқсаннан асқан халық ақыны Шәкір Әбенов бата берсе, көрнекті жазушы, публицист, Жоғарғы Кеңес депутаты Әбіш Кекілбаев ақжарма тілегін арнады.

Ант беру рәсімінен кейін тебірене сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев:

– Бүгінгі күн – қазақ елінің шежіресіне мәңгі енетін күн. Тарихтың талай бұралаң белесінен өтіп, бұл күнге де жетіп отырмыз. Бәрін де көрген халықпыз, бәріне көнген халықпыз. Ежелден еркіндікті аңсап, азаттықты көксеп келе жатқан еліміздің басына талай рет бақ та орнап, бағы да тайып, сағы да сынған, қилы кезең, зар заманға да талай ұшыраған. Айқайлап жүріп, ашаршылыққа ұрынып, ұрандап жүріп ұлт мүддесін ұмытқанымыз да ақиқат. Шүкір, кештеу болса да ес жиып, еңсе көтеріп, егеменді елдің туын да тіге бастадық. Қазақ Республикасының Президентін бүкіл халық сайлағаны – осы жолдағы ең биік белестің бірі. Елдің қамын ойлайды, намысын жібермейді деп бір ауыздан сенім артқандарыңыз үшін шын жүректен алғысымды айтамын. Елім үшін, халқым үшін, Қазақстаным үшін тарихтың қай сынағына да тәуекел деп бас тігуге дайынмын. Бұл жолда ең алдымен дана халқыма, дархан еліме, ата-бабамның әруағына сүйенемін, – деп тебірене ағынан жарылды.

Тарихтың сол бір бұлтарысты кезеңінде қазақстандықтар өз Көшбасшысын дұрыс таңдай білді. Өздері сенім артқан дана ұлдары дара жолға бастады. Халқы қостады. Бүгінде сол тарихи шешімге шүкіршілік айтады. Себебі, өркениетке сап түзеді қазақ дейтін байтағы.

Президентке бүкіл халық атынан өкілдік берілгеннен кейін 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Заң» қабылданды. Екі күнге талқылауға созылған бұл Заңның төңірегінде де  дау-дамай болмай қалған жоқ. Қазақ елінің өз бетімен тәуелсіз мемлекет бола алатындығына күмән келтірушілер де табылды. Көреалмастан сындырғысы келді сағыңды. Іріткішілдер бостан боп жүрген халық шаңырақ көтере алмайды деп те қағынды. Қайтерсіз...

Сол сәттен еліміздің тар жол, тайғақ кешулі қасиетті сапары, азаттықтың арпалысқа толы ақ жолы басталып еді. Елбасы өзінің туған халқына деген сеніммен тәуекел деп тәуелсіз елдің іргетасын қалауды, оны нығайтуды қолға алды.

Елбасы өзіне сенім артқан халқына қиын жылдардың өзінде орындалуы мүмкін болмайтын мәселеге байланысты ешқандай уәде бермеді. Халқының алдындағы беделі сонысымен де арта түсті. Егер уәде берсе, орындады. Бойындағы туа біткен қасиеті және өмірлік тәжірибемен бекіген төзімшілдігі, сабырлығы, ұстамдылығы бар Тұңғыш Президентіміз бүкіл қазақстандықтарды өзінің айналасына топтастыра алатын саясаткер және дара тұлға екендігін танытты. Арада бір ақиқатты айтайық, Н.Назарбаевтың Ұлт Көшбасшысы екендігін  Парламент қабылдаған Конституциялық Заңнан бұрын-ақ халықтың өзі мойындап та қойған болатын.

Елбасының «Қазақстан жолы» кітабының ағылшынша нұсқасының алғы сөзінде Англияның 1979-1990 жылдары үкіметін басқарған және  кезінде «Темір Леди» атанған Маргарет Тэтчер де тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы Қазақстанның Көшбасшылық рөл атқарғандығын мойындады. Соған оң баға беріп:

– Мемлекеттердің іргесін салған негізін қалаушылар әрдайым дерлік қалыпқа сыймайтын тұлғалар болып келеді. Ал Нұрсұлтан Назарбаевты толық мәнінде осы санатқа жатқызуға болады. Мұндай көшбасшылар өздеріне қатысты түрлі үйлесімдегі қауырт сүйсініс секілді даңғаза сынды да туындатуы мүмкін. Мәселенің мұндай мәнісі олардың мемлекеттің аса маңызды сәттерінде оның басшылығында тұруымен, осылайша оларға дейін болғандарға немесе олардан кейін келетіндерге қарағанда әлдеқайда танымал тұлға болуымен байланысты.

Президент Назарбаев Қазақстанды бүгінгі шыққан биігіне жеткізу үшін батылдық пен сақтықтың үйлесімін пайдаланды. Коммунизм бұғауларын быт-шыт қылған ел өзінің ерекше қазақы қасиеттерін сақтап қалды. Президент Назарбаев экономика мен қоғамның ашықтығына, яғни оның кейбір көршілері қасарыса бас тартқан нақ сондай нәрселерге ұмтылды, ол сөйтіп Қазақстан үшін халықаралық ұйымдарда айтарлықтай беделге  қол жеткізді, – деп жазған еді.

Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздіктің бетбұрысты кезеңдерінде Мемлекет басшысы ретінде әсіресе экономикалық және саяси дамудың үлгілерін талдау мәселесіндегі біліксіздікке қатаң қарсы тұра білді. Ешкімнің ойына келмеген және де бәріне бірдей жаға бермейтін, бірақ өміршең маңызы бар шешімдерді батыл қабылдап жатты. Елбасының өз кезінде: – Кейде адамдарды еркінен тыс қазір барғысы келмейтін, бірақ объективті түрде баруға тиіс жаққа жетелеуге тура келді, – деп айтқанын осы күндері еске ала отырып, яғни, билік үшін күрестегі батылдық пен билік басындағы батылдықтың екеуі екі басқа екендігін өз ісімен дәлелдей білгендігі еріксіз сүйсіндіреді.

Елбасы тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінен бастап ұлтаралық келісімді, ел бірлігін мемлекет саясатының басты қағидаты ретінде белгіледі. Ұзақ жылдар бойы өз жерінде қағажу көрген қазақ ұлтының  дамуы мен орыс және басқа да этностық топтардың құқықтарын сақтау саясаты ұлтаралық қарым-қатынастың тепе-теңдігін орнықтырды.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті тәуелсіз ел мүддесі үшін және оның өркенді жолмен дамуына қажетті деген небір өте ауыр реформаларды тиімді жүргізе білді. Тіпті, қажет болған жағдайда төтенше шаралар қолдануға да барды. Елбасының мұндай ұстанымы  мен әрекетіне қарсы шыққандар да табылды. Әркім өзінше тон пішті. Салғырт, атүсті ойлап, саясатты сынады. Бірақ, Елбасы өзіне сенім артқан халқына сенді. Істеп жатқан ісінің бас сарапшысы деп тек халқын ғана таныды.

Қазір тәуелсіз қазақ елінің тарихы жасалды. Бірақ оны қазақ елінің көреген Көшбасшысы бола алған Нұрсұлтан Назарбаевтың 1991 жылы бүкіл халықтық сайлаудан кейін қолға алған басшылық қызметінсіз көзге елестету мүмкін емес. Өйткені, бұл тарихта тәуелсіз еліміздің іргетасын қалап, керегесін керіп, оның әрбір уығын шаншып, шаңырағын көтерген, бар-жоғын түгендеп, оны әлем елдері мойындаған мемлекетке айналдырған, онымен санасуға мәжбүр еткен Қазақстан Республикасының Президенті, оның Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың  қолтаңбасы, қабылдаған тарихи шешімдері, ұстанған саясаты, өзіндік дара жолы жатыр.

Батыстық саясаткерлер мен қайраткерлер де Қазақстанның бүгінгі табыс-тарын оның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен байланыстырады. Солардың бірі ағылшын публицисі, саяси еңбектерімен белгілі Дж.Айткен мырза «Назарбаев және Қазақстанның қалыптасып дамуы» деген еңбегінде Қазақстанды әлемдік қауымдастықпен таныстырудың, оның жетістіктерін жеткізудің кілті Назарбаев тұлғасында екендігін мойындайды және аталған кітабын осы бағытта жазады.

Елбасы биыл тағы да өзінің көрегендігін танытты. Конституция шеңберінде өз өкілеттігін тоқтатып, келесі буынға ел алдында табыс етті. Телеарналар арқылы ресми өкілеттігін тоқтату туралы шешімін айтқанда тебіренбеген жан қалмады. Сол сәтте ҚР Тұңғыш Президенті Елбасының еңбегін ел бағалады. Әлем елдерінде орын алып жатқан таққа талас бізді де сілкінтер ме деген күдік қарашаны алаңдатты. Әйткенмен, Елбасының көрегендігі нәтижесінде, саяси науқан заң шеңберінде салмақты өтті.

 

 

Түйін. Түмен ойдың да түйіні бар. Қазақ елін Ұлы дала төсінде түлеткен, көгорай белдей көктетіп, ен даласын гүл еткен Елбасы жайлы, оның тәуелсіздік жолындағы толағай еңбектері жайлы том-том кітап жазуға, түнді түнге жалғап айтуға болады. Дегенмен, аз сөз алтын. Әрі елін сүйген Елбасының ерен еңбегін жылдар жылжыған сайын ақиқат есебінде тарих алдымызға тартып отыр. Ұғынған жанға Тәуелсіздіктен ұлы ұғым бар ма? Ал сол ұлы ұғымды ту етіп, ұлтты ұлы мұратқа ұйыстырған Ұлдың еңбегін бағалай білу – әрбіріміздің міндетіміз.

 

Қайнар ЖҰМАҒОЖА.

Соңғы жаңалықтар

Мам 04, 2024

Еңбегіңді арнай білсең ел үшін, Сол…

 Ел қорғанысының әлсіз болуға еш хақысы жоқ. Әлемде геосаяси мәселелер өршіп тұрған шақта…
Мам 04, 2024

Танк жүргізуші ТЕМІРҚҰЛОВ

Ұлы Отан соғысы кезіндегі алмағайып заманда, от пен оқтың ортасында жүрген жауынгерлердің…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…
Мам 04, 2024

ЖИЗНЬ, ПОСВЯЩЕННАЯ РОДИНЕ

«Родина у нас одна» – такая обыденная, не требующая доказательств аксиома… Но так ли она…
Мам 04, 2024

Әскерилер қаржылық сауаттылығын…

«AMANAT» партиясы бір жыл бұрын «Қарызсыз қоғам» жобасын іске қосқан болатын. Жобаның…
Мам 04, 2024

Тұрғындар өтініші ескерусіз қалмайды

Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы жұмыс сапары аясында аудан…
Мам 04, 2024

Бір шаңырақ астында

Ынтымақтастық пен бірлік – мемлекеттің даму кепілі. 130-дан астам этносты бір мақсатқа…
Мам 04, 2024

Келелі кездесу Шелекте

Өткен аптада Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев іссапармен…

Күнтiзбе

« Мамыр 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет