Дүйсенбі, 28 Қазан 2019 09:03

"Абай 175" челленджі жалғасуда

"Нұр Отан" партиясының Еңбекшіқазақ аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қуат Сұлтанұлы "Еңбекшіқазақ" аудандық қоғамдық-саяси газетінің дизайнері Майя Ахметжановадан эстафетаны қабылдап, аудандық мәслихат хатшысы Ахметов Бекет Төлегенұлына жолдайды.

Бейсенбі, 24 Қазан 2019 12:16

Ол қызға үйленбе

Базарда отырған бір дәруішке тостақ толы алтын ұсынған ауқатты жас жігіт:

— Маған ақылыңды айтшы, бір қыз ұнаушы еді. Қатты ұнатамын өзін. Алайда не істерімді білмей, екі ойлы болып жүрмін. Оған үйленейін бе, жоқ па? – депті. Сонда дәруіш бірден:

— Жоқ, үйленбе! – дейді.

— Неге? – деген жас жігіттің сұрағына:

— Егер сенің шынымен үйленгің келсе, бұл жайында ешкімнен сұрамас та едің, – деген екен дәруіш.

Әрқашан жүректеріңіздің қалауына құлақ түріңіздер!

Аударған: Құралай Мұратқызы

Бейсенбі, 24 Қазан 2019 12:13

Әйелдердің қалауы туралы тәмсіл

Бір қалада ерекше дүкен ашылыпты. Оның ерекшелігі – мұнда әйелдер өздеріне күйеу таңдап, сатып ала алады екен. Дүкенге кіретін есіктің маңдайшасында төмендегідей 4 ереже жазылыпты.
 
1. Дүкенге тек бір-ақ рет кіре аласыз.
2. Дүкеннің 6 қабаты бар. Қабат жоғарылаған сайын ондағы жігіттердің «сапасы» да арта береді.
3. Сіз кез келген қабатта өзіңізге ұнаған еркекті ала аласыз немесе жоғарғы қабатқа өте аласыз.
4. Төменгі қабатқа қайта оралуға тыйым салынады.

Бір әйел осы дүкенге келіп, өзіне күйеу іздемек болады. Бірінші қабаттың есігіндегі «Қызметі бар еркектер» деген жазуды көрген әйел бірден екінші қабатқа көтеріледі. Ондағы есікте «Қызметі, сүйкімді балалары бар еркектер» деп жазылып тұрады. Ал әйел үшінші қабатқа қарай бет алады. Мұнда есіктің сыртындағы «Қызметі, сүйкімді балалары бар, сымбатты еркектер» деген сөйлемді оқыған әйелдің көзі жайнап, «Керемет!» – деп төртінші қабатқа көтеріліпті. Ол жақта «Қызметі, сүйкімді балалары бар, асқан сымбатты, әрі үйдің тіршілігіне көмектесетін еркектер» деп жазылып тұрады. «Мүмкін емес!» – деп өз көзіне өзі сенбей, тағы жоғарғы қабатқа қарай асығады. Ондағы «Қызметі, сүйкімді балалары бар, асқан сымбатты әрі үйдің тіршілігіне көмектесетін романтик еркектер» деген жазуды көргенде әйелдің сол қабаттағы бөлмеге кіріп, екінші жартысын кездестіргісі келеді. Дегенмен, ол ойын сол жерде қалдырып, алтыншы қабатқа қалай көтерілгенін өзі де аңғармай қалады. Ал алтыншы қабаттағы есіктің сыртында «Сіз – бұл қабатқа көтерілген №31456012 жансыз. Мұнда еркек жоқ. Бұл қабат – әйелдердің сұранысын ешқашан қанағаттандыру мүмкін емес екенінің бір айғағы. Біздің дүкенімізге келгеніңізге алғысымызды білдіреміз!» деген жазу болыпты. Қызық болғанда, бұл дүкенге кірген әйелдердің барлығы дерлік тек алтыншы қабатқа кіріп, басқа қабаттардың есігіндегі сөздерді ғана оқыған екен.

Ал жолдың осы дүкенге қарама-қарсы бетінде «Әйелдер дүкені» ашылыпты. Оның бірінші қабатында «Сұлу әйелдер», екіншісінде «Сұлу әрі ерімен ләззат алуды ұнататын әйелдер» деген жазулар болыпты. Ал басқа қабаттардың есіктерінде қандай жазулар болғаны қала тұрғындары үшін құпия болып қалыпты. Өйткені ешкім екінші қабаттан жоғары көтерілмеген екен...

Мұндағы қорытынды, әйел мен еркек – екі түрлі жаратылыс. Әрқайсысының психологиясы мен қажеттіліктері, ойы мен қалауы әртүрлі. Отбасын құрғанда осынау айырмашылықтар жайында ұмытпаған абзал.

Баяғыда 60 жыл бірге өмір сүрген қариялардан отбасы бақыты туралы сұрағанда олар:
  —  Біз жаңа дүниелерді жақсы көріп, аялай білетін, ал сынғандарын лақтырмай, ұқыппен жөндеп алатын кезде өмір сүрдік, – деген екен.

 

Бір-бірлеріңізді жақсы көріп, аялай біліңіздер! Жіберген қателіктеріңіздің орнын толтырып, өз бақтарыңызды өздеріңіз ұқыппен жөндеп алыңыздар!
 
 Аударған: Құралай Мұратқызы

Бейсенбі, 24 Қазан 2019 12:10

Махаббат туралы тәмсіл

Баяғы өткен заманда жер бетінде бір арал болыпты. Онда адам бойындағы барлық қасиеттер мен сезімдер өмір сүрген екен. Күндердің бір күнінде олар аралдың суға кетіп бара жатқанын байқайды. Барлық қасиеттер өз кемелеріне отырып, басқа жақтарға жүзіп кетіпті. Аралда тек Махаббат қалған екен. Ол бір өзгерістің болуын соңына дейін күтіпті. Бірақ күтетін де түк қалмаған кезде Махаббаттың да аралдан кеткісі келіпті. Осылайша ол Сараңдықты шақырып, кемесіне отырғызуды өтінеді. Сонда Сараңдық:

— Менің кемемде көптеген асыл заттар мен алтын бар. Ал саған мұнда орын жоқ, – депті.

 Жанынан жүзіп бара жатқан Қайғыны көріп, Махаббат одан да ала кетуін өтініпті. Ал ол:

— Махаббат, кешір! Көңіл күйім болмай тұр. Оңашада қалуым керек! – дейді.

Сонда Махаббат Тәкапарлықтың кемесін көріп, одан да көмек сұрайды. Бірақ Тәкапарлық Махаббаттың оның кемесіндегі үйлесімділікті бұзатынын айтып, көмектесуден бас тартыпты. Осы уақытта жандарынан Қуаныштың кемесі жүзіп бара жатады. Махаббат көмек сұрап айғайлағанымен, шат-шадыман болып бара жатқан Қуаныш оны естімепті. Махаббаттың еңсесі түсіп, бәрінен көңілі қалады. Сол кезде алыстан «Махаббат, жүр, сені кемеме мен отырғызамын!» деген дауысты естиді. Бұрылып қараса, бір қария тұр екен. Ол Махаббатты жағаға апарып, өзі қайта жүзіп кетіпті. Ал Махаббат оның есімін сұрауды ұмытып кеткен екен. Сол уақытта:

— Мені құтқарған кім?– деп Білімнен жаңағы қарияның кім екенін сұрайды. Ал ол:

— Ол – Уақыт, – дейді.

— Уақыт? – деп қайталап сұраған Махаббат: – Ал ол мені неге құтқарды? – дейді таңдана.

 Алыста жүзіп бара жатқан Уақытқа бір, жанында тұрған Махаббатқа бір қараған Білім:

 — Өйткені өмірде Махаббаттың қаншалықты маңызды екенін Уақыт қана жақсы біледі, – деп жауап беріпті.

Аударған: Құралай Мұратқызы 

Сәрсенбі, 23 Қазан 2019 11:44

Мұқағали – Тұманбайдың ағасы

Әрине, Мұқағали даңқы бәрімізге ортақ. Солай десек те, ол Тұманбай Молдағалиевтың ағасы. Екеуінің сыйластығына сызат түскен емес.

Мұқағали дүниеден озғанда жүрегі жылаған інілерінің ең басында Тұманбай тұрды. «Сенің жұлдызың – ең шұғылалы жұлдыз, ең шуақты жұлдыз!» деп ағынан жарылды. Ақын ағасының әдебиеттегі орнын асқақтата бағалады.

1981 жылы Мұқағали  Мақа-таевқа арналған тұңғыш мерейтой өтті. Сол үлкен шарада Тұманбай баяндама жасады. Сағынышы мен ілтипатын ел-жұртқа паш етті. Бейнелі сөздері баршаны тебірендірді. Осы сүйіспеншілігі ешқашан өзгерген жоқ.

Жұрт бүгін де кеткенмен болып ақын,

Кім бар еді ол күнде оны ұғатын.

Сенің жырың жаралған махаббаттан,

Бір-ақ рет өмірде жолығатын, – деп жырлады Тұманбай Мұқағали ағасы туралы.

Егер, әдебиетіміздің осынау екі алыбы қазір тірі болса, маңдайлары жарқырап ортамызда отырар еді! Әзілге дес бермейтін Дәркембай Шоқпарұлы бауырларымен қалжыңдасар еді. Содан кейін үшеуі бірігіп Есіктегі елмен кездесіп, әрі қарай Шелек өңіріне өтер еді...

Алтын Адам егерде қазақ болса,

Білген екен өзінің қымбат-тығын! – деген Мұқағалидың зор дауысы Түрген мен Асыны, Бақай тауы мен Асысағаны жаңғыртар еді...

Амал не, тоқсан жылға жақындаса да ақиық ақын арамызда жоқ. Есесіне Мұқағали мұрасын ұлықтап жүрген ақын атындағы басылым бар. Оны ұлы қаламгердің өзіндей көресіз бе, көзіндей көресіз бе, бәрі ниет-пейілдеріңізге байланысты. Журналды үйлеріңізге кіргізіп, төрге шығарсаңыз – ірі екендеріңізді көрсеткендеріңіз.

Ұлы ақын өзінің бір сөзінде «Мені мың қазақ оқыса, арманым жоқ» деген екен. Арманы асыра орындалды. Біз де ақын сөзін қайталағандай болып «Мұқағали» журналын оқитын мың қазақ Еңбекшіқазақ ауданынан табылады» десек, сенімге селкеу түспейтін шығар?!

Журналдың жылдық баға-сы соншалықты қымбат емес. Анықтап айтсам журналдың индексі – 75312, бір жылға – қала үшін 4243,80 теңге, ауыл үшін  4269,60 теңге.

 

Батық Мәжитұлы,

«Мұқағали» журналының бас редакторы,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының

лауреаты.

Өмір қызылды-жасылды       бояуларымен әркімді-ақ елік-тірері сөзсіз. Көзді байлап, желіктіреді. Көңілге түрлі ой іліктіреді. Ақыры бармақ шайнап өкіндіреді...

Әсел (кейіпкер аты ойдан шығарылған) қала маңындағы ауылдың қарапайым отбасынан шыққан ортаншы қызы. Мектепте оқып жүргеннен-ақ түрлі ортада өзін көрсете білген еңбекқор әрі талапты болатын жастайынан. Мінезі жайдары, ашық-жарқын. Содан болар, айналасына  көп адам үйірсек еді. Өзі де соған әбден үйренген, ортасының «жұлдызы» болып жарқырамаса, көңілі көншімейтін. Тең құрбысының алды болуға ұмтылып, жаралы жанын солай жұбатуға тырысатын. Себебі, үйіндегі келеңсіз жағдайлар, ата-анасының ұрыс-керісі, қаражаттың жетіспеушілігі бауырларымен қоса мұны да әбден жалықтырған. Үйінің табалдырығынан аттаған бойда қара түнекке енгендей сезімде болушы еді. Анасы ауруханада еден жуушы, әкесі қара жұмысшы. Тапқан табыстары үш баланың қажетіне жетпей де қалатын. Ақша табудың сергелдеңіне түскен әке мен ана балаларының тәрбиесі тұрмақ, тіпті, кейде қайда жүргендерін де елемейтін. Әсел тезірек бойжетіп, мектепті бітіріп, үйден жыраққа кетуді армандайтынды шығарды.

Уақыт деген зымыран ғой. Мектеп бітіруші аттестатын ала салысымен Әсел бірден қалаға аттанады. Орта білімі жақсы болғаннан кейін үміт арқалап жоғарғы оқу орнына құжат тапсырады. Тізімнің соңынан өз атын көргендегі қуанышында шек болмады. Пәтерде тұратын жағдайы жоқтығын біледі, қайтсе де жатақхана алуға тырысқан Әсел, оған да қол жеткізеді. Осымен шаруа бітті, енді өмірім керемет болады деп елестеткен жас қыз алдында не күтіп тұрғанынан хабарсыз болатын...

Ананың ақылы, өсиет-өнегесі жетіспеген бойжеткен үлкен өмірдің қиындығы мен ауыртпалығын елестете де алмайтын. Үйіне қоңырау шалып, оқуға түскенін хабарлағаны болмаса, аса сөйлескісі де келмеді. Отбасында қалыптасатын имандылық, бір-біріне деген жанашырлық, бауырмалдық, мейірімділік жетіспейтін еді бойжеткен бойында. Ана тәрбиесінің жоқтығы, әке сөзінің қадірсіздігі оны бүгінде жақындарынан мүлдем бөтен адам қылған. Сабағына үлгерімі бастапқыда жақсы еді, жанына жиылған құрбыларына еріп, оқуға селқостық танытатынды шығарды кейіннен. Үстіне киген киімі көңіліне жақпай, ақша табам деп түнгі жұмыс та тауып алды. Жұмысын істеп, оқуын оқып жүре берер ме еді, сөз салғыш жігіттер де пайда болып, басын айналдырды. Жастық желең, өз өміріне деген салғырттық сан соқтырарын оған ешкім айтпаған, ол ештеңе білмейді. Ақыры, әр жігіттің бір қолжаулығына айналғанын сезбей де қалды. Есін жиғанда, құрсағындағы тіршілік иесіне де 4-5 ай болып қалған еді. Жанында жүрген құрбысымақтары мен жігітсымақтарынан біреуі де қалмағанын байқады. Істеп жүрген жұмысынан да шығарған. Сабақты көп босатқаны үшін оқудан да шеттетіп тастауы мүмкін...

«Қыздың жолы жіңішке, тәрбиесі нәзік» екенін көп айтқанымызбен, іс жүзінде әрекетсіз қалып жатамыз. Мұның ақыры бармақ шайнауға жеткізіп жатыр. Білеміз, бірақ, істемейміз. Анасынан мейірім, әкесінен қамқорлық, үйінен жылулық көрмеген қызды кінәлаймыз, ата-ананы ақтаймыз. Шетсіз-шексіз әлемде жалғыз қалғандай сезінген қыз бала, әлбетте, сырттан, көшеден іздейді мейірімді. «Қызына мейірім етпегенге Алла мейірімін төкпейді» деген емес пе!? Мейірімсіз ата-ананың өмірі шыры кіріп, жағдайы оңалмайды. Артынан барып, «осы қыздан бір жақсылық көрмедім, күндіз-түні жұмыс істеп, асырап-бақтым, маған қайтарғаны мынау. Бір жаны ашымайды, көмектеспейді» деп жылап-еңірейміз. Біреуден іздейміз кінәні, өзіміз барлық күнәдән пәкпіз. «Кім құртты бұл қызды, беттен алып, төске шабады» деп туған қызды жамандап, өзіміздің болмысымыздың қандай екенін көрсетіп отырғанымызды байқамаймыз. «Жасында иманды болған қыз, өскенде өнегелі анаға айналады». Тағы да осы тұста, имандылықты қайдан, кімнен үйренеді қыз бала?! Анасы қызын қасына алып, ас үйде тағам дайын-дай жүріп, өмірдің ағы мен қарасын, жақсы мен жаманды салыстыра отырып қызғалдағымен ашық әңгіме құрмаса, оның әрбір сұрағына тыңғылықты жауап бермесе желкілдеп өсіп келе жатқан қыздың бойында отбасылық құндылық қайдан қалыптассын?! Байқасаңыз, «кішкентай ғой әлі» деп жүрген 5-6 жасар қыздың өзі өмір мен өлім жайлы, отбасы туралы, жігіт пен қыз жайында, баланың өмірге келуі турасында сұрақтар қойғанда,     жауап беру үшін біраз тосыласың. «Баланың санасына қалай дұрыс жеткізсем екен» деп ойланасың. Осы тұста, «қой, онысы несі, сен кішкентай емессің бе. Ондай сұрақтарды қоймайды!» дейтін аналар да бар. Міне, ана мен қыз арасындағы көзге көрінбес қамалды өзіміз қалай тұрғызып қойғанымызды елемей қаламыз. Бұдан кейін, қыз бала анасынан сұрай алмайтынын сезеді, сырласу тұрмақ, жағдайын айтуды қояды. Тәрбиенің басы тоқырады дегенің, алдағы қамалдардың бұрынғыдан да биік әрі қалың болатынын білдірмей ме?! Қыз бала үшін анадан артық дос бар ма? Анасы мен қызы дос болмаса, қателіктер көп. Егер екеуі сырлас болмаса кемшіліктер екі еселенеді. Қыздарымыз өмірде опық жемесін десек, кішкентайынан жүрегіміз бен көңілімізді бір арнаға тоғыстырайық. Сонда ғана ешқандай жоқшылық та, тоқшылық та қызы мен анасының арасына жік салмас. Тәрбиесіз қыз болмас.

 

Алмагүл НҰҒМАН.

Алматы облысы, Есік қаласында 18 қазан күні кешкі сағат 21.00-ден түнгі 03.00-ге дейін «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Алтын адам мекені – ежелгі сақ өркениетінің ордасы» тақырыбында «Музейлер шеруі» өтті. «Есік» қорық-музейі дәл осы күні қонақтарды ерекше, «түнгі» форматта қарсы алды.Іс-шараға ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері, музей басшылары, белгілі археологтар, тарихшылар және Есік қаласының тұрғындары мен қала қонақтары, жастар қатысты. Мерекелік бағдарлама көптеген жағымды және танымды ақпараттарды қамтыды, атап айтсақ: музейдің экспозициялық залдары бойынша экскурсиялар жүргізіліп, Есік археологиялық өлкетану музейі қорынан «Жетісудың жәдігерлері» атты уақытша көрменің ашылуы болды. Сондай-ақ, суретші-реставратор Әділхан Рахметовтың мастер-класы, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, «Есік» қорық-музейі бас суретшісі Бектемиров Дәулетбектің гипстен мүсін жасау сабағы келушілердің назарына ұсынылды.

«Қазақ елі үшін Сақтардың мәңгілік мекеніне айналған киелі Есік қаласының қадір-қасиеті ерекше екенін айтқым келеді. ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев: Алтын адам – талай тылсым құпияның бетін ашты. Жауынгердің алтынмен апталған киімдері ежелгі шеберлердің алтын өңдеу техникасын жақсы меңгергенін аңғартады. Сонымен бірге бұл жаңалық Дала өркениетінің зор қуаты мен эстетикасын әйгілейтін бай мифологияны паш етті, - деп киелі өңірге өз бағасын берген болатын. Олай болса, еліміздің рухани әрі тарихи-мәдени орны болып саналатын, әлемдік деңгейде танымал музейіміздің орны ерекше. Бұл шара бабаларымыздың мұраларын зерттеп-зерделеуге тың серпін бере отырып, музейге келушілердің рухани қазынасының толыға түсуіне өз үлесін қосарына сенімім мол»,- деді іс-шараның ашылуында сөз алған музей директоры Тасқын Тойбаев

Эстрада жұлдыздарының қатысуымен және Еңбекшіқазақ аудандық Мәдениет үйі өнерпаздарыныңөнер көрсетуімен өткен шоу-концерттік бағдарлама аясында ойындарға қатысып, белсенділік танытқан музей қонақтарына Алматы және Есік қаласындаалдағы уақытта өтетін концерттерге, театр қойылымдарына билеттер және түрлі сыйлықтар берілді. Сондай-ақ, жақында ғана Германияның Хемниц қаласында өткен 24-ші Халықаралық балалар мен жасөспірімдерге арналған «Schlingel» кинофестивалінде  Германияның анимациялық фильмдер институты (DIAF) тағайындаған  «Үздік анимациялық фильм» жүлдесімен марапатталған «Мұзбалақ» мультфильміата-аналар мен балаларға арнайы көрсетілді. Шара осы түннің символикалық оқиғасы «Сақ алауы» от шашуымен аяқталды.

 

«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметі

Мынау жарық дүниені көзіңмен көріп, сұлу табиғат пен қоршаған ортаны құмарың қанғанша тамашалағанға не жетсін, шіркін?! Алайда, Алланың осындай ғажап нығметі бұйырмай, әлемді жанарымен көрмесе де, сезініп жүрген жандар бар арамызда.

13 жастағы Ділназ Турлиева бүгінде Есік қаласындағы облыстық көру қабілеті бұзылған балаларға арналған арнайы мектеп интернатта білім алады. Алматы қаласында тұратын Ділназ биыл 7 сыныпта. Көзі мүлдем көрмесе де, дәптерге жазу жазып, кітап оқиды. Бұл қалай дейсіз ғой... Зағип жандарға арналған Брайль қарпін меңгеріп, аталған мектеп-интернаттың қабырғасында жүріп, жазу-сызуды үйрен-ген.

Әлемдегі миллиондаған зағип жандардың саусағына жанар сыйлаған Брайль қарпі 19 ғасырдың басында пайда болған. 1809 жылы Франциядағы қолөнершінің отбасында дүниеге келген Луи Брайль 3 жасында көзін жарақаттап, 5 жасқа келгенде мүлдем көрмей қалады. Мектеп қабырғасында оқып жүрген ол 12 жасынан көзі көрмейтін жандарға арналған әліпби жасау мақсатында жұмыс істей бастады. 3 жылдың ішінде дегеніне жетіп, үштен екі бағанада орналасқан алты рельефті нүктенің әртүрлі комбинациясынан өз әліпбиін құрастырады. Кейін Луи Брайль өз туындысын тыныс белгілермен, сандармен, тіпті, ноталармен толықытырып, қаріптің соңғы нұсқасы 1837 жылы бекітілген.  Қазіргі уақытта Брайль қарпі бүкіл әлемде қолданылады.

Аудан аумағында аталған қаріппен сабақ өтетін жалғыз білім ордасына  арнайы барып, оқу процесімен танысқан болатынбыз. Мектеп-интернат директоры Гүлнар Өтепбергенованың айтуынша, осында көру қабілеті бұзылған 170 оқушы білім алады. Оның 20-ға жуығы зағип балалар. Негізінен оқушылардың көпшілігі облыстың түпкір-түпкірінен келсе, 85 бала ауданымыздың тұрғындары.

– Оқушыларымыз 2 қаріпті меңгереді. Бірі, тақырыбымызға арқау болып отырған Брайль қарпі болса, екіншісі, қарапайым әліпбидің үлкейтілген нұсқасы. Мұндағы көзі нашар көретін балалардың кейбірі болашақта көзжанарынан мүлдем айы-рылуы мүмкін. Сондықтан, Брайль қарпін қосымша үйреткен артық етпейді. Мұғалімдеріміздің барлығы Алматыдағы Соқырлар қоғамында Брайль әліпбиі            бойынша курстан өтіп, сертификаттарын алған – дейді Гүлнар Дүйсенайқызы. Сөз арасында мекеме директоры Брайль қарпінде жазылған оқулықтардың жетіспейтіндігін айтып қалды. Бұл мәселе мектеп-интернатта ғана емес, еліміз бойынша өзекті болып отыр. Зағип бүлдіршіндерді оқытуға арналған бірінші сыныптың оқулықтары осыдан екі жыл бұрын ғана басып шығарылған. Аталған кітаптар Есіктегі мектеп-интернатқа да жеткізіліпті. Директордың айтуынша, қарапайым қаріппен жазылатын бір ғана математика оқулығының өзі Брайль қарпінде 5 кітап болған. Басқа оқулықтар да сол секілді. Сондықтан болар, елімізде «саусақпен оқылатын» кітаптар тапшылығы сезілуде. Кітаптардың көлемді болуында да себеп бар. Брайль қарпіндегі алты нүкте бір әріптің орнын алады. Республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Кедергі толы кеңістік: Брайль қарпіндегі оқулықтар неге басылмайды?» атты Айдана Шотбайқызының мақаласында Брайль қарпіндегі математика оқулығы 17 кітап болып шыққандығы айтылған. Қазақ тілі одан да көбірек. Ақыл-ойының немесе бой бітімінің жетілуінде кемістігі бар балалар мен жасөспірімдерді дамытуға арналған құралдар мен әдістемеліктерді әзірлейтін Әлеуметтік бейімдеу және кәсіби еңбекпен оңалту орталығы математика оқулығының әрқайсысын 80 мың теңгеге сатқан. Демек, 17 кітаптан тұратын математика 1 млн 360 мың теңгені құрайды. Әрине, бұл қаражатты ата-аналардың қалтасы көтермейтіндігі айдан анық. Мемлекет үшін де қомақты қаржы. Аталған мәселе біздің елімізде ғана емес, әлемде қиындық туғызуда. Сол себепті, Аустралияның көзі көрмейтін және көзі нашар көретін студенттерді қолдаумен айналысатын орталығы әдістемелік құрал әзірлеген. Онда ағылшын тіліндегі жиі қолданылатын сөз-дерді қысқартып берген. Айталық, about (туралы) сөзінің алғашқы екі әрпімен ғана белгілейді. Елімізде де осындай зерттеу жұмыстары жүргізіліп, Брайль қарпінің оңтайландырылған түрі қарастырылса, мемлекет пен ата-аналардың қаржысына да үнем, оқушыларға да жеңіл болары сөзсіз.

Мектеп-интернат директоры-нан сұрап, зағип балалар оқитын сыныптың сабағы-на қатыстық. 7 бала оқитын 7 сыныптағы Ділназдың жайын жоғарыда айттық. 17 жастағы Жамбыл ауданының тумасы Әлнұр 14 жасында аталған интернаттың табалдырығын аттап, бірінші сыныпқа барған. Себеп, өзі тұрған ауылда зағип баланы оқытуға мүмкіндік болмаған. Қазір Әлнұр 7 сыныпта оқиды. Директордың сөзінше, мектеп табалдырығын кеш аттаған оқушыларды үлгеріміне қарап бірден жоғарғы сыныпқа ауыстыруға болады екен. Оқуға, білім алуға ерекше ынтасы бар оқушылар бізге Брайль қарпін егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Жазу үшін мұндағы әрбір баланың жеке Брайль құрылғысы бар. Құрылғының ортасына дәптерді қысып, бекітеді. Қалыңдығы әдеттегіден бірнеше есе қалың, 0,4 мм болатын дәптерге оңнан солға қарай Брайль грифелімен (арнайы ине) тесіп жазады. Парақтың артынан салынған нүктелер сол жақтан оңға қарай оқылады. Мұғалімдердің  айтуынша, Брайль грифелімен бір нүкте тесу үшін 200 гр күш қажет.

ҚР Конституциясының 30 бабында азаматтардың мемлекеттік оқу орындарында тегін орта білім алуына хақылы. Сондай-ақ, жаңа оқу жылының алдында өткен Тамыз кеңесінде Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбектов қосымша білім берумен қамту көрсеткіші айтарлықтай өскенін жеткізген еді. Қай топтағы оқушы болмасын, барлығы бірдей қосымша білім алуға тең құқылы. Алайда, көру қабілетінің бұзылысы бар оқушылар қосымша білім тұрмақ, бос уақытында оқитын Брайль қарпіндегі кітаптың өзіне әрең қол жеткізеді. Оған қарамастан мектеп-интернатта оқушылардың кітап оқуына қосымша барлық жағдай жасалған. Мұндағы әрбір сыныпта оқулықтағы жазуды үлкейтіп көрсететін аппараттар жұмыс істейді. Оған қоса, балаларға кітап оқуда «Книгалюб» құрылғысы үлкен көмек көрсетеді. Мұнда кез-келген кітапты сканерлеп, аудио нұсқасын тыңдауға мүмкіндік бар. Бірақ, «Книгалюб» орыс тіліндегі кітаптарды ғана дыбыстайды. Осыдан 2 жыл бұрын интернат басшылығы «Самырұқ-Қазына» қорының демеушілігімен 1 құрылғыға ғана қазақша бағдарлама орнатқан. Негізінен мемлекттік тіл мәселесі оқулық барысында да қиындықтар туғызуда. Гүлнар Дүйсенайқызының сөзінше, мемлекеттік тілдегі Брайль қарпіндегі көркемәдебиеттер тапшы. Интернаттағы оқушыларға кітаптардың басым көпшілігі Соқырлар қоғамының кітапханасынан жеткізіледі. Ол кітапханадағы «рухани байлықтың» барлығы дерлік Кеңес үкіметі тұсынан сақталған ресми тілде жазылған кітаптар. Брайль жүйесіне қазақ тіліндегі әріптер өткен ғасырдың 60 жылдары соғыстан зағип болып оралған Сәкен Өтегеновтің тікелей атсалысуымен енгізілген. Арада жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де ана тіліміздегі оқулықтар басылмай келеді. Ал ескі кітаптардың бедерлі жазулары да саусаққа ілінбейтін күйге түскен. Шет елден сатып алу үшін қомақты қаражат керек. Ал Брайль жүйесіндегі кітаптарды басатын елімізде арнайы типография жоқ. 

Интернатқа сапар барысында зағип жандардың оқуға, білім алуға, дүниені танып-білуге деген құштарлығы жоғары екендігіне тағы бір мәрте көз жеткіздік. Олар үшін кітап – бұлыңғыр дүниедегі жарық сәуле секілді. Жарық дүниені көрмесе де, кітап арқылы айналаға көз салады, әлемді таниды. Технологиялардың қарыштап дамыған ғасырында мүмкіндігі шектеулі жандарды тағы бір мүмкіндігінен айыру – адамзат үшін үлкен сын...

 

Сардарбек НҰРАДИН.

Физика заңдылығы бойынша белгілі бір жұмыстың істелуі үшін оған жұмсалатын соған сай энергия болуы керек екені бұлжымыс заңдылық. Ал физиканың заңдылығы табиғаттың заңы екенін ескерсек, адам баласының өмір сүріп, тіршілік жасауы үшін де энергияның маңызы зор. Десе де, энергия ешқашан өзінен өзі пайда болмайтыны тағы шындық. Сондықтан мәңгі жұмыс істейтін құрылғы жасауда мүмкін емес шаруа. Бірақ энергияның сақталу заңына орай жұмсалған энергия із-түзсіз жоғалып та кетпейді. Тек басқа энергияға өзгеріп қана отырады (Мысалы, механикалық энергияның электр энергиясына айналуы). Осыдан келіп энергияны дұрыс пайдалана білу үшін де адамдардың көп ізденуіне тура келді. Адам баласы жаралғалы бері қажетті энергияны табиғаттан алып, соның арқасында өсіп-өніп, жер бетіндегі талай кереметті жаратқаны рас. Дегенмен мәдениеті биік белеске көтеріліп, өркениетті қоғам құруына байланысты энергияны өздері өндіретін деңгейге жетті. Яғни, табиғаттағы бар энергияны келесі бір энергияның түріне айналдырудың жолын үйренді. Бірақ ғылым мен техника дамыған сайын адамзаттың энергияны тұтыну көрсеткіші де жоғарылай берді. Сонымен бірге, энергия көзі болып табылатын шикізаттардың қоры азайып, экологиялық пробемалар да күн өткен сайын күрделене түсті. Енді адамдар энергияны аз жұмсаудың әрі экологияға қауіпсіз болуының жолдарын қарастыруына тура келді. Бұл ғаламдық маңызы бар жағдайға айналып, ақыр соңында қазіргі заман ғалымдарының ең алдымен шешуі тиіс мәселесі болып отыр. Өйткені адамзат тарихы ары қарай жалғасуы үшін бұл жағдайды шеше білуі керек. Егер шешімін таппаса, адамзат баласының ғасырлар бойы жасаған өркениеті желге ұшып, жер бетіндегі тіршіліктің жойылып кетуі ғажап емес. Қазақстан Республикасы да әлемнің бір бөлшегі ретінде осы үрдістен шет қала алмасы анық. Сондықтан энергияны үнемдеудің жолдарын қазақ елі де қапысыз меңгеруі тиіс. Осыған орай, «Энергияны үнемдеу – 2020» бағдарламасы қабылданып, энергияны экологияға қауіп төндірмейтін жолмен үнемдеп пайдаланудың ұлттық жоспары жасалған болатын.

Дәстүрлі энергетика көздері және энергия үнемдеу

 

Ежелгі заманда-ақ «Әлемнің жеті кереметін» жасаған адамзат баласының математикалық білімін ертеден қалыптастырғанын байқаймыз. Дегенмен осы алып құрылыстарды салуда жұмсалған энергия көздері бірдей еді. Олар ауыр заттарды көтеруге рычактарды пайдаланғанымен, оны қозғалысқа келтіруге адам мен жануарлардың күші жұмсалатын. Жылынуға, металдарды балқытуға, тамақ пісіруге керекті жылу энергиясын алу үшін отын немесе көмір қолданса, судың не желдің күшімен диірмен тартатын. Әйтеуір жұмыс істеуге пайдаланылатын энергия көздері шектеулі болды. Бірақ машиналасу дәуірінен кейін энергияға сұраныс күрт өсіп, соның әсерінде мұнай, газ, электр секілді көптеген энергия көздері ашылды. Кейіндеп энергия алудың басқа да жолдары қолданысқа енді.

Ғалымдардың айтуынша, адамзат ХХ ғасырға дейінгі 60 мың жыл бойы жұмсаған энергия көздерімен салыстырғанда  бүгінге дейін одан он есе көп мөлшерде дәстүрлі энергия ресурстарын пайдаланып қойған. Уақыт өткен сайын жұмсалатын энергия көлемі артып,  тұтынушылар жылдан жылға өсіп келеді. Олардың үлесіне 2030 жылы мұнай сұранысының 80%-ы тән болса, оны тұтынудың мөлшері 2/3 есе өсетіні анықталып отыр. Көмірсутек қорларын барлау және оларды өндірудің тиімді әдістері бар болғанымен мұнай мен газды толығымен алмастыра алатын жаңа энергия көзі әлі табылған жоқ. Энергия ресурстарының шектеулі факторын қалпына келтіріп отыратын техникалық прогресс қазір де өз рөлін жеткілікті деңгейде сәулелендіре алуға мүмкіндігі болмай отыр. Мұның нəтижесі əлемде энергия дағдарысын тудырып, ал ол дағдарыс уақытша немесе өтпелі сипатта емес, ресурстардың сиреуіне, қазба байлықтардың бағасының өсуіне байланысты жүйеленген құрылымдық сипатқа ие болды. Онымен қоса, дəстүрлі энергетика көздері атмосфераға шығатын зиянды газдардың 80%-ын иеленіп, нәтижесінде пайда болған «парниктік» эффект ғаламшардағы климаттың өзгеруіне әсер етуде. Бірақ қаншалықты зиянды әсерлері байқалғанымен көмірсутек қорлары әлі де энергетика тұтынысының біраз бөлігін қамтамасыз ете бермек. Егер алдағы кезеңде қолданылатын деңгей сақталатын болса, көмір қоры 250 жылға, мұнай 40 жылға, ал табиғи газ 65 жылға жетеді деп болжануда. Десе де, 2020 жылдардан кейін мұнай мен газға деген тапшылық болуы әбден мүмкін. Сондықтан, мұнай мен табиғи газ және көмірге деген сұраныс күн сайын арта түспек және оларды жеткізу аралығы артып, тасымал құны да жоғарылай берері сөзсіз.

Ал келесі бір энергия көзі саналатын атом энергетикасы да дилемма жағдайында тұр. Бұған себеп қоғамның АЭС-терге деген үлкен алаңдаушылығы болса (Чернобыль оқиғасын еске түсіріңіз), екінші жағынан реактор-көбейткіш пен термоядроға деген қызығушылық азаюда.

Болашақта осы қалыптасқан жағдайдан шығудың бір жолы қазіргі дəстүрлі көмірсутек энергетикасын табиғаттың қалпына келмейтін ресурстарынан тәуелсіз әрі экологиялық таза, сутектік емес энергетикаға алмастыру болып табылады. Тұтынушы елдерде жаңаратылған энергия көздерін игеру белсенді түрде қолға алына бастады. Бұл энергия көздері дəстүрлі энергетикаға балама болады немесе жойылып жатқан көмірсутектердің орнын шамалап болса да алмастырады деген сенім басым. Бұл талпыныс қазіргі энергетика дағдарысынан болашақ тұрақты энергетика кезеңіне баяу əрі жоспарлы түрде өтуге мүмкіндік береді.

Дәстүрлі энергетика көздерінің тиімсіз пайдалану қолайсыз жағдайларға алып келетіні жасырын емес. Дегенмен қазіргі ғылымда дәстүрлі энергия көздерін үнемдеп пайдалану жолдарымен қатар экологиялық таза балама энергия көздерін ашуда үлкен маңызға ие. Энергия тұтынуды төмендету және отын-энергетикалық ресурстарды тиімсіз пайдалануды қысқарту қазақ елінің алдында тұрған үлкен белес іспетті. ЖІӨ-нің энергия сыйымдылығын азайту және энергия тиімділігін арттыру үшін жағдай жасауда осы мақсаттың аясында іске аспақ. Сондықтан елдің өнеркәсібін жаңғырту және энергия тиімділігін арттыру, энергия және жылу желілерінде шығындар үлесін азайту, халық арасында энергия үнемдеуді кең көлемде насихаттау, энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыруды ынталандыру тетіктерін әзірлеу және енгізу, энергия сервистік компаниялар қызметін ынталандыру тетіктерін қалыптастыру, энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласында кадрлар даярлау, көлік секторында отын тұтынуды төмендету секілді шаралар қабылданып, бүгінде мемлекет энергияны үнемді жұмсау үшін нақты әрекетке көшіп отыр.

Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттырудың табысты саясаты елдің энергетикалық және экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Сонымен бірге, ол жаңа инновациялық технологиялар мен шешімдерді енгізуді ынталандырады әрі өз кезегінде ғылымның дамуы мен технологиялар трансфертінің өзара белсенді ықпалдасуын қалыптастырады.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 29 қаңтардағы «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауымен және Қазақстан Республикасының үдемелi индустриялық-инновациялық дамуы жөнiндегi 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламамен экономиканың тұрақты және теңгерімді өсуі бойынша жаңа міндеттер қойылды. Энергия үнемдеу саласында ЖІӨ-нің энергия сыйымдылығын 2015 жылға қарай кемінде 10%-ға және 2020 жылға қарай кемінде 25%-ға төмендету міндеттері қойылған. Сондай-ақ, 2013 жылғы 23 қаңтарда Қазақстан Республикасының Президенті Қазақстан Республикасы Үкіметіне 2013-2015 жылдар аралығында ЖІӨ-нің энергия сыйымдылығын жыл сайын 10 пайызға төмендету арқылы электр энергиясын тұтынуды үнемдеуді тапсырды.

Осылайша елімізде ғана емес бүкіл әлем бойынша іске асып жатқан энергия үнемдеу науқаны дамып келеді. Мұндағы басты бағыт тек дәстүрлі энергия көздерін үнемдеу ғана емес, сонымен қатар, оның орнын басатын балама энергия көздерін ашу болып табылады.

 

«Жасыл» экономика және балама энергия

 

Жасыл экономика – бұл адам өмірінің қауіпсіздігін сақтай отырып, экологиялық тепе-теңдікте жұмыс істейтін, биосфераның шаруашылық сыйымдылығы шеңберінде дамитын экономика.  «Жасыл» экономикаға ауысу аясында энергия қорларының тиімділігін арттыру басты назарда болатыны анық. Бұл дегеніміз ең алдымен экологиялық қауіпсіз энергия көздерін іздеумен байланысты болмақ. «Жасыл» экономиканы дамытудың негізгі жеті бағытының алғашқысы да осы мәселені қамтыған. Енді олардың әрқайсына тоқтала кетейік.

Бірінші бағыт – жаңартылатын энергия көздерін енгізу. Біздің мемлекет табиғи қорлары өте бай ел ретінде танылған. Еліміздің экономикасының негізгі болып саналатын мұнай мен газ бүкіл дүние жүзінде ең ірі энергетикалық қор болғанымен, олардың өзі уақыты келгенде сарқылатыны анық.  Демек өмір үшін жаңа ресурстар табу қажет.

Еуропа елдерінде энергияның дəстүрлі емес көздерін әрі қайта қалпына келе алатын түрлерін пайдалану жəне ынталандыру саласында айтарлықтай тəжірибе жинақталған. Еуропалық одақ елдері энергияның дəстүрлі емес әрі қайта қалпына келе алатын көздерін ынталандыру бойынша директивасына сəйкес бұған күн энергиясы, жел, кіші өзендер, тасқындар, толқындар, биомасса, геотермалық энергия көздері жатады. Бір көңіл аударарлығы Еуропалық одақ елдері ынталандыру бағдарламаларынан қуаттылығы 10 МВт-тан асатын су электр станциялары алынып тасталынады, яғни кіші станцияларға басымдылық беріледі. Бұл жағынан келгенде еліміздің кіші су электр станцияларын көбейтуге мүмкіндігі мол.

Балама энергиялардың қатарына ешқашан сарқылмайтын  күн энергиясының орны бөлек. Алайда қазірше күн энергиясы үлкен ауқымдағы жерлерді қамтамасыз ете алмайды. Белсенді түрде жел энергиясын игеру де кең көлемде етек алуда. Жел турбиналарының артықшылығы желдің көптігі жəне «ақысыздығы», экологиялық тұрғыдан тазалығы жəне пайдалануға аз шығын кетеді. Дегенмен оның кемшіл тұстары да бар. яғни, оларды құру жəне жөндеу өте қымбатқа түседі.

Биомассаны (ауылшаруашылығы жəне орман шаруашылығының қалдықтары, отын, тұрмыстық қалдықтар, ауылшаруашылық өнімдерінің қорлары) өңдеу арқылы энергия алуға қатысты еліміздің айтарлықтай қауқары бар. Биомассадан электр энергиясы мен жылу алу үшін биогаз, биоэтанол жəне биодизель өндіріледі. Биомассадан энергия алудың қиыншылығы шикізатты қажетті көлемде жинақтау болып отыр.

Екінші бағыт – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы энергия тиімділігі. Еліміздің қалаларындағы тұрғын үйлердің басым бөлігі кеңестік кезеңде салынғандықтан, электр желілері мен жылу жүйелері өте ескі екені баршаға мәлім. Бұл ақаудың энергияны көп мөлшерде шығындауға әкелетіні тағы бар. Сондықтан ескі жүйені жаңартып, энергияны үнемдейтін заманауи технологиялармен жабдықтаудың маңызы зор. Тұрғын үйлердің көп мөлшерде энергия шығындауы халықтың энергия пайдаланудағы жауапкершілігіне де байланысты.

Үшінші бағыт – ауыл шаруашылығындағы органикалық егін шаруашылығы. Бұл бағыт тек органикалық тыңайтқыштарды пайдаланып, улы пестицидтерден бас тартуға үндеуімен ерекше. Табиғи өнімдер ағзаға зиян келтірместен, халықты таза азық-түлікпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Төртінші бағыт – қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру. Қалдықтарды басқару мәселесі бүгінде әлем бойынша аса танымалдылыққа ие. Қалдықтарды дұрыс басқару экологиялық және санитарлық тазалықты сақтауға ғана емес, сонымен бірге, одан жаңа өнімдер мен энергия алуға да қатысты екені мәлім. Өйткені, қалдықтарды өңдей отырып, пайдаға жарату әрі энергия өндіру бүкіл әлемде қолға алынып отырған ұлы бастама.

Бесінші бағыт – су қорларын басқару жүйелерін жетілдіру. Су адамзаттың өмір сүруін және экожүйелердің тұтастығын қамтамасыз етудің шешуші табиғи құрылымы. Осыған байланысты су қорларын тиімді пайдалану орасан ауқымға ие мәселе болып қала береді.

Алтыншы бағыт – «таза» көлікті дамыту. Қазақстандағы транспорттардың дені дизель немесе бензинмен қозғалатыны анық. Бұл бірінші кезекте қоршаған ортаға парник газдарының көптеп бөлінуіне себеп болады. Сондықтан болашақта дизель мен бензинді алмастыратын энергия көзін табу шарт.

Жетінші бағыт – экожүйелерді сақтау және тиімді басқару. Осы бағыттағы қызмет басты түрде біздің елдің бірегей табиғат байлығын сақтауға бағытталған.

Жалпы «Жасыл» экономиканы ынталандыру экологияның таз болуымен қатар энергияның да үнемді жұмсалуы үшін жасалатын алғышарт.

 

Энергияны үнемдеу өзіңнен басталады

 

Энергия – біздің өмір сүруіміздің кепілі. Ал энергияға жауапкершілікпен қарау өз өмірімізге жауапкершілікпен қарағанмен бірдей. Осыған байланысты Елбасы Н.Ә.Назабаев: «Ең алдымен, біз жақында энергияны үнемдеу өмір салтына көшеміз. Сондықтан, компаниялар мен кәсіпорындардың басшылары мен еліміздің барлық азаматтары осы тенденцияны ескеріп, энергияны  үнемдеу жолдарын ойластыру керек. Энергияны үнемдеудің  нәтижесі әлемдік деңгейде энергияның жұмсалуын төмендету мен  оның дамуы мен тұрақтылығына алып келеді», – деген болатын. Мамандардың айтуынша біздің елімізде энергия ресурстарын пайдалану тиімділігі бүгінгі күні 30 пайыздан аспайды, яғни, тұтынылатын энергияның үштен екісін ысыраппен пайдаланып отырмыз.

Энергияны үнемдеу проблемасы – суды үнемдеумен тығыз байланысты, өйткені суды тұтынуды азайту түпкілікті өнім – таза суды алу және оны тұтынушыға жеткізуге қажетті энергия ресурстарын азайтуға әкеледі.

Суды үнемдеуді тұрмыста қолданбас бұрын оны тиімді есептеуді жолға қою қажет. Суды үнемдеудің ең тиімді тәсілі крандардың ақаусыздығы. Өйткені сіреңке талынан сәл қалың су ағыны арқылы тәулігіне 300 литрге дейін су ағуы мүмкін. Егер осылай бір ай бойы жалғасса қанша судың шығын боларын ойлап көрдіңіз бе?! Қарапайым ереже ретінде душ қабылдау арқылы сіз ванна қабылдаумен салыстырғанда суды тұтынуды екі есеге азайта аласыз. Душ қабылдау кезінде судың тұрақты ағыны міндетті емес. Кір жуу машинасында мүмкіндігінше суды берудің қажетті деңгейін белгілей отырып пайдаланыңыз жөн. Ыдыстарды жуу кезінде кранды үнемі ашық қалдырмаңыз. Толықтай ашық краннан сіз ойлағаннан көп су ағатынын есте ұстаңыз, яғни минутына – 15 литр. Бұл жағдайда тек қалтаңызды ғана емес, осы ысрап болып жатқан судың  обалын да ескеріңіз. Өйткені аталарымыз «судың да сұрауы бар» деп тегін айтпағаны ақиқат.

Электр энергиясын үнемдеу туралы аз айтылып жүрген жоқ. Дегенмен кейбіреулер оған мән бермейді. Себебі «ақшасын төлесек болды емес пе?» деп ойлайды. Алайда электр энергиясын үнемдеу қоршаған ортаның ластануын азайтады. Біздің елімізде электр энергиясы жылу электр және су электр станциялары арқылы өндіріледі. Жылу электр станциясы жұмыс істеу үшін отын жағылады. Ол ауаны ластайды. Біз ол ауамен тыныс аламыз. Өкінішке орай, біздің елімізде экологиялық білім кенже қалып келеді. Үкімет көптеген іс-шара жүргізсе де, адамдар электр энергиясын үнемдеуге әдеттенбей келеді.

Қорыта келгенде, энергияны үнемді пайдалану сіздің ішкі мәдениетіңіз бен санаңыздың биіктігін көрсететін қасиет. Сіз энергияны үнемдеу арқылы өз ақшаңызбен қатар ел экономикасының да артуына үлес қосасыз. Әрі өзіңіздің адамгершілігіңіз бен тиянақтылығыңызды әйгілейсіз. Кез келген дінде де ысрапшылдыққа жол беруге қарсы екенін жақсы білетін шығарсыз. Демек үнемшіл болу сараңдықтың емес, адамдықтың белгісі екенін ұмытпаңыз.

Нұрсерік ТІЛЕУҚАБЫЛ.

Дүйсенбі, 21 Қазан 2019 16:47

«Спорт – бейбітшілік елшісі»

Жаңашар ауылдық округінде,  жастар жылы аясында Еңбекшіқазақ ауданының жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен және «Мәңгілік Ел тұғыры» ҚҚ қолдауымен «Спорт – бейбітшілік елшісі» атты жастар арасында  волейболдан аудандық жарыс  өтті.

Тартысты жарыста 9 команда жүлдеге таласты. Бірінші орын  «Космос» командасына бұйырды.  2-ші орынды «Бәйтерек» командасы иеленсе, үшінші орын «ЕГЭК» командасына берілді. Сондай-ақ,  «Ең үздік қорғаушы», «Ең үздік ойыншы», «Ең үздік шабуылшы» аталымдары бойынша жүлде тапсырылды.

 

Г.Лавьяева,

Жаңашар ауылдық округінің жастар ісі жөніндегі

әдіскер-нұсқаушысы.

Соңғы жаңалықтар

Мам 04, 2024

Еңбегіңді арнай білсең ел үшін, Сол…

 Ел қорғанысының әлсіз болуға еш хақысы жоқ. Әлемде геосаяси мәселелер өршіп тұрған шақта…
Мам 04, 2024

Танк жүргізуші ТЕМІРҚҰЛОВ

Ұлы Отан соғысы кезіндегі алмағайып заманда, от пен оқтың ортасында жүрген жауынгерлердің…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…
Мам 04, 2024

ЖИЗНЬ, ПОСВЯЩЕННАЯ РОДИНЕ

«Родина у нас одна» – такая обыденная, не требующая доказательств аксиома… Но так ли она…
Мам 04, 2024

Әскерилер қаржылық сауаттылығын…

«AMANAT» партиясы бір жыл бұрын «Қарызсыз қоғам» жобасын іске қосқан болатын. Жобаның…
Мам 04, 2024

Тұрғындар өтініші ескерусіз қалмайды

Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы жұмыс сапары аясында аудан…
Мам 04, 2024

Бір шаңырақ астында

Ынтымақтастық пен бірлік – мемлекеттің даму кепілі. 130-дан астам этносты бір мақсатқа…
Мам 04, 2024

Келелі кездесу Шелекте

Өткен аптада Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев іссапармен…

Күнтiзбе

« Мамыр 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет