Физика заңдылығы бойынша белгілі бір жұмыстың істелуі үшін оған жұмсалатын соған сай энергия болуы керек екені бұлжымыс заңдылық. Ал физиканың заңдылығы табиғаттың заңы екенін ескерсек, адам баласының өмір сүріп, тіршілік жасауы үшін де энергияның маңызы зор. Десе де, энергия ешқашан өзінен өзі пайда болмайтыны тағы шындық. Сондықтан мәңгі жұмыс істейтін құрылғы жасауда мүмкін емес шаруа. Бірақ энергияның сақталу заңына орай жұмсалған энергия із-түзсіз жоғалып та кетпейді. Тек басқа энергияға өзгеріп қана отырады (Мысалы, механикалық энергияның электр энергиясына айналуы). Осыдан келіп энергияны дұрыс пайдалана білу үшін де адамдардың көп ізденуіне тура келді. Адам баласы жаралғалы бері қажетті энергияны табиғаттан алып, соның арқасында өсіп-өніп, жер бетіндегі талай кереметті жаратқаны рас. Дегенмен мәдениеті биік белеске көтеріліп, өркениетті қоғам құруына байланысты энергияны өздері өндіретін деңгейге жетті. Яғни, табиғаттағы бар энергияны келесі бір энергияның түріне айналдырудың жолын үйренді. Бірақ ғылым мен техника дамыған сайын адамзаттың энергияны тұтыну көрсеткіші де жоғарылай берді. Сонымен бірге, энергия көзі болып табылатын шикізаттардың қоры азайып, экологиялық пробемалар да күн өткен сайын күрделене түсті. Енді адамдар энергияны аз жұмсаудың әрі экологияға қауіпсіз болуының жолдарын қарастыруына тура келді. Бұл ғаламдық маңызы бар жағдайға айналып, ақыр соңында қазіргі заман ғалымдарының ең алдымен шешуі тиіс мәселесі болып отыр. Өйткені адамзат тарихы ары қарай жалғасуы үшін бұл жағдайды шеше білуі керек. Егер шешімін таппаса, адамзат баласының ғасырлар бойы жасаған өркениеті желге ұшып, жер бетіндегі тіршіліктің жойылып кетуі ғажап емес. Қазақстан Республикасы да әлемнің бір бөлшегі ретінде осы үрдістен шет қала алмасы анық. Сондықтан энергияны үнемдеудің жолдарын қазақ елі де қапысыз меңгеруі тиіс. Осыған орай, «Энергияны үнемдеу – 2020» бағдарламасы қабылданып, энергияны экологияға қауіп төндірмейтін жолмен үнемдеп пайдаланудың ұлттық жоспары жасалған болатын.
Дәстүрлі энергетика көздері және энергия үнемдеу
Ежелгі заманда-ақ «Әлемнің жеті кереметін» жасаған адамзат баласының математикалық білімін ертеден қалыптастырғанын байқаймыз. Дегенмен осы алып құрылыстарды салуда жұмсалған энергия көздері бірдей еді. Олар ауыр заттарды көтеруге рычактарды пайдаланғанымен, оны қозғалысқа келтіруге адам мен жануарлардың күші жұмсалатын. Жылынуға, металдарды балқытуға, тамақ пісіруге керекті жылу энергиясын алу үшін отын немесе көмір қолданса, судың не желдің күшімен диірмен тартатын. Әйтеуір жұмыс істеуге пайдаланылатын энергия көздері шектеулі болды. Бірақ машиналасу дәуірінен кейін энергияға сұраныс күрт өсіп, соның әсерінде мұнай, газ, электр секілді көптеген энергия көздері ашылды. Кейіндеп энергия алудың басқа да жолдары қолданысқа енді.
Ғалымдардың айтуынша, адамзат ХХ ғасырға дейінгі 60 мың жыл бойы жұмсаған энергия көздерімен салыстырғанда бүгінге дейін одан он есе көп мөлшерде дәстүрлі энергия ресурстарын пайдаланып қойған. Уақыт өткен сайын жұмсалатын энергия көлемі артып, тұтынушылар жылдан жылға өсіп келеді. Олардың үлесіне 2030 жылы мұнай сұранысының 80%-ы тән болса, оны тұтынудың мөлшері 2/3 есе өсетіні анықталып отыр. Көмірсутек қорларын барлау және оларды өндірудің тиімді әдістері бар болғанымен мұнай мен газды толығымен алмастыра алатын жаңа энергия көзі әлі табылған жоқ. Энергия ресурстарының шектеулі факторын қалпына келтіріп отыратын техникалық прогресс қазір де өз рөлін жеткілікті деңгейде сәулелендіре алуға мүмкіндігі болмай отыр. Мұның нəтижесі əлемде энергия дағдарысын тудырып, ал ол дағдарыс уақытша немесе өтпелі сипатта емес, ресурстардың сиреуіне, қазба байлықтардың бағасының өсуіне байланысты жүйеленген құрылымдық сипатқа ие болды. Онымен қоса, дəстүрлі энергетика көздері атмосфераға шығатын зиянды газдардың 80%-ын иеленіп, нәтижесінде пайда болған «парниктік» эффект ғаламшардағы климаттың өзгеруіне әсер етуде. Бірақ қаншалықты зиянды әсерлері байқалғанымен көмірсутек қорлары әлі де энергетика тұтынысының біраз бөлігін қамтамасыз ете бермек. Егер алдағы кезеңде қолданылатын деңгей сақталатын болса, көмір қоры 250 жылға, мұнай 40 жылға, ал табиғи газ 65 жылға жетеді деп болжануда. Десе де, 2020 жылдардан кейін мұнай мен газға деген тапшылық болуы әбден мүмкін. Сондықтан, мұнай мен табиғи газ және көмірге деген сұраныс күн сайын арта түспек және оларды жеткізу аралығы артып, тасымал құны да жоғарылай берері сөзсіз.
Ал келесі бір энергия көзі саналатын атом энергетикасы да дилемма жағдайында тұр. Бұған себеп қоғамның АЭС-терге деген үлкен алаңдаушылығы болса (Чернобыль оқиғасын еске түсіріңіз), екінші жағынан реактор-көбейткіш пен термоядроға деген қызығушылық азаюда.
Болашақта осы қалыптасқан жағдайдан шығудың бір жолы қазіргі дəстүрлі көмірсутек энергетикасын табиғаттың қалпына келмейтін ресурстарынан тәуелсіз әрі экологиялық таза, сутектік емес энергетикаға алмастыру болып табылады. Тұтынушы елдерде жаңаратылған энергия көздерін игеру белсенді түрде қолға алына бастады. Бұл энергия көздері дəстүрлі энергетикаға балама болады немесе жойылып жатқан көмірсутектердің орнын шамалап болса да алмастырады деген сенім басым. Бұл талпыныс қазіргі энергетика дағдарысынан болашақ тұрақты энергетика кезеңіне баяу əрі жоспарлы түрде өтуге мүмкіндік береді.
Дәстүрлі энергетика көздерінің тиімсіз пайдалану қолайсыз жағдайларға алып келетіні жасырын емес. Дегенмен қазіргі ғылымда дәстүрлі энергия көздерін үнемдеп пайдалану жолдарымен қатар экологиялық таза балама энергия көздерін ашуда үлкен маңызға ие. Энергия тұтынуды төмендету және отын-энергетикалық ресурстарды тиімсіз пайдалануды қысқарту қазақ елінің алдында тұрған үлкен белес іспетті. ЖІӨ-нің энергия сыйымдылығын азайту және энергия тиімділігін арттыру үшін жағдай жасауда осы мақсаттың аясында іске аспақ. Сондықтан елдің өнеркәсібін жаңғырту және энергия тиімділігін арттыру, энергия және жылу желілерінде шығындар үлесін азайту, халық арасында энергия үнемдеуді кең көлемде насихаттау, энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыруды ынталандыру тетіктерін әзірлеу және енгізу, энергия сервистік компаниялар қызметін ынталандыру тетіктерін қалыптастыру, энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласында кадрлар даярлау, көлік секторында отын тұтынуды төмендету секілді шаралар қабылданып, бүгінде мемлекет энергияны үнемді жұмсау үшін нақты әрекетке көшіп отыр.
Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттырудың табысты саясаты елдің энергетикалық және экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Сонымен бірге, ол жаңа инновациялық технологиялар мен шешімдерді енгізуді ынталандырады әрі өз кезегінде ғылымның дамуы мен технологиялар трансфертінің өзара белсенді ықпалдасуын қалыптастырады.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 29 қаңтардағы «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауымен және Қазақстан Республикасының үдемелi индустриялық-инновациялық дамуы жөнiндегi 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламамен экономиканың тұрақты және теңгерімді өсуі бойынша жаңа міндеттер қойылды. Энергия үнемдеу саласында ЖІӨ-нің энергия сыйымдылығын 2015 жылға қарай кемінде 10%-ға және 2020 жылға қарай кемінде 25%-ға төмендету міндеттері қойылған. Сондай-ақ, 2013 жылғы 23 қаңтарда Қазақстан Республикасының Президенті Қазақстан Республикасы Үкіметіне 2013-2015 жылдар аралығында ЖІӨ-нің энергия сыйымдылығын жыл сайын 10 пайызға төмендету арқылы электр энергиясын тұтынуды үнемдеуді тапсырды.
Осылайша елімізде ғана емес бүкіл әлем бойынша іске асып жатқан энергия үнемдеу науқаны дамып келеді. Мұндағы басты бағыт тек дәстүрлі энергия көздерін үнемдеу ғана емес, сонымен қатар, оның орнын басатын балама энергия көздерін ашу болып табылады.
«Жасыл» экономика және балама энергия
Жасыл экономика – бұл адам өмірінің қауіпсіздігін сақтай отырып, экологиялық тепе-теңдікте жұмыс істейтін, биосфераның шаруашылық сыйымдылығы шеңберінде дамитын экономика. «Жасыл» экономикаға ауысу аясында энергия қорларының тиімділігін арттыру басты назарда болатыны анық. Бұл дегеніміз ең алдымен экологиялық қауіпсіз энергия көздерін іздеумен байланысты болмақ. «Жасыл» экономиканы дамытудың негізгі жеті бағытының алғашқысы да осы мәселені қамтыған. Енді олардың әрқайсына тоқтала кетейік.
Бірінші бағыт – жаңартылатын энергия көздерін енгізу. Біздің мемлекет табиғи қорлары өте бай ел ретінде танылған. Еліміздің экономикасының негізгі болып саналатын мұнай мен газ бүкіл дүние жүзінде ең ірі энергетикалық қор болғанымен, олардың өзі уақыты келгенде сарқылатыны анық. Демек өмір үшін жаңа ресурстар табу қажет.
Еуропа елдерінде энергияның дəстүрлі емес көздерін әрі қайта қалпына келе алатын түрлерін пайдалану жəне ынталандыру саласында айтарлықтай тəжірибе жинақталған. Еуропалық одақ елдері энергияның дəстүрлі емес әрі қайта қалпына келе алатын көздерін ынталандыру бойынша директивасына сəйкес бұған күн энергиясы, жел, кіші өзендер, тасқындар, толқындар, биомасса, геотермалық энергия көздері жатады. Бір көңіл аударарлығы Еуропалық одақ елдері ынталандыру бағдарламаларынан қуаттылығы 10 МВт-тан асатын су электр станциялары алынып тасталынады, яғни кіші станцияларға басымдылық беріледі. Бұл жағынан келгенде еліміздің кіші су электр станцияларын көбейтуге мүмкіндігі мол.
Балама энергиялардың қатарына ешқашан сарқылмайтын күн энергиясының орны бөлек. Алайда қазірше күн энергиясы үлкен ауқымдағы жерлерді қамтамасыз ете алмайды. Белсенді түрде жел энергиясын игеру де кең көлемде етек алуда. Жел турбиналарының артықшылығы желдің көптігі жəне «ақысыздығы», экологиялық тұрғыдан тазалығы жəне пайдалануға аз шығын кетеді. Дегенмен оның кемшіл тұстары да бар. яғни, оларды құру жəне жөндеу өте қымбатқа түседі.
Биомассаны (ауылшаруашылығы жəне орман шаруашылығының қалдықтары, отын, тұрмыстық қалдықтар, ауылшаруашылық өнімдерінің қорлары) өңдеу арқылы энергия алуға қатысты еліміздің айтарлықтай қауқары бар. Биомассадан электр энергиясы мен жылу алу үшін биогаз, биоэтанол жəне биодизель өндіріледі. Биомассадан энергия алудың қиыншылығы шикізатты қажетті көлемде жинақтау болып отыр.
Екінші бағыт – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы энергия тиімділігі. Еліміздің қалаларындағы тұрғын үйлердің басым бөлігі кеңестік кезеңде салынғандықтан, электр желілері мен жылу жүйелері өте ескі екені баршаға мәлім. Бұл ақаудың энергияны көп мөлшерде шығындауға әкелетіні тағы бар. Сондықтан ескі жүйені жаңартып, энергияны үнемдейтін заманауи технологиялармен жабдықтаудың маңызы зор. Тұрғын үйлердің көп мөлшерде энергия шығындауы халықтың энергия пайдаланудағы жауапкершілігіне де байланысты.
Үшінші бағыт – ауыл шаруашылығындағы органикалық егін шаруашылығы. Бұл бағыт тек органикалық тыңайтқыштарды пайдаланып, улы пестицидтерден бас тартуға үндеуімен ерекше. Табиғи өнімдер ағзаға зиян келтірместен, халықты таза азық-түлікпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Төртінші бағыт – қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру. Қалдықтарды басқару мәселесі бүгінде әлем бойынша аса танымалдылыққа ие. Қалдықтарды дұрыс басқару экологиялық және санитарлық тазалықты сақтауға ғана емес, сонымен бірге, одан жаңа өнімдер мен энергия алуға да қатысты екені мәлім. Өйткені, қалдықтарды өңдей отырып, пайдаға жарату әрі энергия өндіру бүкіл әлемде қолға алынып отырған ұлы бастама.
Бесінші бағыт – су қорларын басқару жүйелерін жетілдіру. Су адамзаттың өмір сүруін және экожүйелердің тұтастығын қамтамасыз етудің шешуші табиғи құрылымы. Осыған байланысты су қорларын тиімді пайдалану орасан ауқымға ие мәселе болып қала береді.
Алтыншы бағыт – «таза» көлікті дамыту. Қазақстандағы транспорттардың дені дизель немесе бензинмен қозғалатыны анық. Бұл бірінші кезекте қоршаған ортаға парник газдарының көптеп бөлінуіне себеп болады. Сондықтан болашақта дизель мен бензинді алмастыратын энергия көзін табу шарт.
Жетінші бағыт – экожүйелерді сақтау және тиімді басқару. Осы бағыттағы қызмет басты түрде біздің елдің бірегей табиғат байлығын сақтауға бағытталған.
Жалпы «Жасыл» экономиканы ынталандыру экологияның таз болуымен қатар энергияның да үнемді жұмсалуы үшін жасалатын алғышарт.
Энергияны үнемдеу өзіңнен басталады
Энергия – біздің өмір сүруіміздің кепілі. Ал энергияға жауапкершілікпен қарау өз өмірімізге жауапкершілікпен қарағанмен бірдей. Осыған байланысты Елбасы Н.Ә.Назабаев: «Ең алдымен, біз жақында энергияны үнемдеу өмір салтына көшеміз. Сондықтан, компаниялар мен кәсіпорындардың басшылары мен еліміздің барлық азаматтары осы тенденцияны ескеріп, энергияны үнемдеу жолдарын ойластыру керек. Энергияны үнемдеудің нәтижесі әлемдік деңгейде энергияның жұмсалуын төмендету мен оның дамуы мен тұрақтылығына алып келеді», – деген болатын. Мамандардың айтуынша біздің елімізде энергия ресурстарын пайдалану тиімділігі бүгінгі күні 30 пайыздан аспайды, яғни, тұтынылатын энергияның үштен екісін ысыраппен пайдаланып отырмыз.
Энергияны үнемдеу проблемасы – суды үнемдеумен тығыз байланысты, өйткені суды тұтынуды азайту түпкілікті өнім – таза суды алу және оны тұтынушыға жеткізуге қажетті энергия ресурстарын азайтуға әкеледі.
Суды үнемдеуді тұрмыста қолданбас бұрын оны тиімді есептеуді жолға қою қажет. Суды үнемдеудің ең тиімді тәсілі крандардың ақаусыздығы. Өйткені сіреңке талынан сәл қалың су ағыны арқылы тәулігіне 300 литрге дейін су ағуы мүмкін. Егер осылай бір ай бойы жалғасса қанша судың шығын боларын ойлап көрдіңіз бе?! Қарапайым ереже ретінде душ қабылдау арқылы сіз ванна қабылдаумен салыстырғанда суды тұтынуды екі есеге азайта аласыз. Душ қабылдау кезінде судың тұрақты ағыны міндетті емес. Кір жуу машинасында мүмкіндігінше суды берудің қажетті деңгейін белгілей отырып пайдаланыңыз жөн. Ыдыстарды жуу кезінде кранды үнемі ашық қалдырмаңыз. Толықтай ашық краннан сіз ойлағаннан көп су ағатынын есте ұстаңыз, яғни минутына – 15 литр. Бұл жағдайда тек қалтаңызды ғана емес, осы ысрап болып жатқан судың обалын да ескеріңіз. Өйткені аталарымыз «судың да сұрауы бар» деп тегін айтпағаны ақиқат.
Электр энергиясын үнемдеу туралы аз айтылып жүрген жоқ. Дегенмен кейбіреулер оған мән бермейді. Себебі «ақшасын төлесек болды емес пе?» деп ойлайды. Алайда электр энергиясын үнемдеу қоршаған ортаның ластануын азайтады. Біздің елімізде электр энергиясы жылу электр және су электр станциялары арқылы өндіріледі. Жылу электр станциясы жұмыс істеу үшін отын жағылады. Ол ауаны ластайды. Біз ол ауамен тыныс аламыз. Өкінішке орай, біздің елімізде экологиялық білім кенже қалып келеді. Үкімет көптеген іс-шара жүргізсе де, адамдар электр энергиясын үнемдеуге әдеттенбей келеді.
Қорыта келгенде, энергияны үнемді пайдалану сіздің ішкі мәдениетіңіз бен санаңыздың биіктігін көрсететін қасиет. Сіз энергияны үнемдеу арқылы өз ақшаңызбен қатар ел экономикасының да артуына үлес қосасыз. Әрі өзіңіздің адамгершілігіңіз бен тиянақтылығыңызды әйгілейсіз. Кез келген дінде де ысрапшылдыққа жол беруге қарсы екенін жақсы білетін шығарсыз. Демек үнемшіл болу сараңдықтың емес, адамдықтың белгісі екенін ұмытпаңыз.
Нұрсерік ТІЛЕУҚАБЫЛ.