23 желтоқсан. ДҮЙСЕНБІ ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1994 жылы Бішкекте Қазақстан Республикасының Елшілігі ресми ашылды.

1994 жылы Алматыдағы №12 қазақ орта мектебіне Шоқан Уәлихановтың есімі берілді.

1995 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың заңдық күші бар «Жекешелендіру туралы» Жарлығы жарық көрді.

2002 жылы Қазақстан мен Қытай арасында тату көршілік қарым-қатынас, достастық және серіктестік туралы Келісімге қол қойылды.

2008 жылы «Қазақстан халқын рухани дамыту қоры» АҚ құрылды. Оның негізгі мақсаты - Қазақстан халқының дәстүрі мен мәдени құндылықтарын дамытуды қолдау және тұрақты бақылау.

2009 жылы ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Егемен Қазақстан» газетінің бас кеңсесіне барып, газеттің ұжымын басылымның 90 жылдығымен құттықтады. «Егемен Қазақстан - республикамызда қазақ тілінде шығатын көне газет. Әр жылдары оны Жүсіпбек Аймауытов, Бейімбет Майлин, Мұхтар Әуезов, Сәкен Сейфуллин, Ораз Жандосов, Ғабит Мүсірепов, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев сияқты танымал тұлғалар басқарған.

2010 жылы Жапонияның Фукуока қаласында Қазақстан Республикасының Жапонияның дамыған өнеркәсіп және ғылыми-техникалық орталықтарының бірі – Кюшю аймағында Құрметті консулдығының ашылу салтанаты болып өтті.

2010 жылы Петропавлда Гуминатарлық колледж ғимаратына Алаш қозғалысының қайраткері, ақын, қазақ әдебиетінің жарқын жұлдызы Мағжан Жұмабаевқа арналған ескерткіш тақта орнатылды.

2013 жылы Қазақстанда «Кітап мәдениетін дамытуға қосқан үлесі үшін» атты жаңа награда бекітілді. Медальді Қазақстанның Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы, Жазушылар одағы, кітапхана, полиграфшылар, баспагерлер және кітап таратушылар қауымдастығы тағайындады. Алғашқы наградалар Алматы қаласында табысталды.

2014 жылы Мәскеуде Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путиннің кездесуі барысында 2013 жылғы 11 қарашадағы XXI ғасырдағы тату көршілік және одақтастық туралы ҚР мен РФ арасындағы Шартты ратификациялау туралы грамота алмасу туралы хаттамаға қол қойылды.

2015 жылы ҚР Сыртқы істер министрлігі қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде «Қазақстан - Ұлы Дала елі» мультимедиялық қосымшасын шығарды. Бұл қосымшада көптеген суреттер, роликтер, бейнесюжеттер, біздің тарихымыз, мәдениетіміз туралы ақпараттар бар. 2016 жылы Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы бірлескен топтық туристік сапарларды жеңілдету бойынша келісімге қол қойды. Бұл құжат 5-тен 50 адамға дейінгі туристік топтар үшін визалық режимді жеңілдетеді. Виза топтағы бір адамға беріледі. Екі елдің туристік билігі Қазақстаннан Иранға жол жүретін туристік топтарын қалыптастыруға жауапты жергілікті туроператорлардың тізімімен бөліседі.

 https://www.inform.kz 

Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2019 09:45

Періштелер әңгімесі

Екі періштенің әңгімесінен.

Үлкені қоластындағы періштеге:

–  Айт! Бір ауыз сөзбен жеткіз бәрін!

–  Аман-есен. Жұмысқа барып жүр. Әлденеден үміті бар.

–  Неден?

–  Айту қиын. Екі рет оған керемет түс көрсеттім, бірақ байқамайды. Жұмыстан шаршайтынын айтады.

–  Ал жұмысында не жағдай?

–  Әдеттегідей. Басшылық. Қарбалас. Қаңқу сөз.

–  Басшылық қатал ма?

–  Айтарлықтай ештеңесі жоқ. Өзге басшылар сияқты-ақ. Неге екені, ол өлердей қорқады...

–  Қорқынышын сейілтіп көрдің бе?

–  Әрине. Кеңсеге барар жолда-ақ байқап көрдім. Тіпті аспанындағы бұлтты сейілтіп, күннің көзін көруіне бар жағдайды жасап бақтым.

–  Әтірінің иісі-ақ алыстан елітіп әкетер бейтаныс сұлумен таныстырып көрмедің бе?

–  Олай ренжіте көрмеңіз... Метрода тіпті бетпе-бет келтірдім де...

–  Қалай?

–  Өзгеріссіз! «Кешіріңіз» деді де, өз ойының жетегінде кетті...

–  Ал жұмыстан кейін немен айналысады?

–  Дүкен. Теледидар. Ыдыс жуу. Интернет. Ұйқы.

–  Теледидарын бұзып көрмедің бе?

–  Көрдім. Жаңасын сатып алды...

–  Интернетті өшіріп ше?

–  Бес күн қатарынан өшірдім. Ол жұмыста қалуды шығарды. Түннің бір уағына дейін.

–  Ал демалыс күндерін қалай өткізеді?

–  Түске дейін ұйқы. Пәтерін жинау. Кешке – достары, мағынасыз әңгіме, арақ-шарап. Түн ортасында үйіне келеді. Тағы да теледидар немесе интернет.

–  Ал ол қайда (болашақ екінші жартысы)?

–  Көз алдында. Араларында үш-ақ үй. Тіпті азық-түлікке де бір дүкенге барады.

–  Кезекте тұрғанда кездестіріп көрдің бе?

–  Әрине! Автобус аялдамасында да, мерекелерде де талай кездестірдім.

–  Екеуінің тағдыр жолдарын тексердің бе?

–  Бәрі де сәйкесіп-ақ тұр... Бірақ бұл қала... Мұндағы өмір салты... Мен шаршадым! Бұл – орындалмас тапсырма!

–  Ендеше, ең әсерлі құралдарың қайда?

–  Міне, басеке! Жоғары температура, тұмау. Сынық. Жарақат. Көлік апаты. Дағдарыс. Өрт. Қаржылық қиындық...

–  Жетеді! Махаббат жолында мұндай соңғы амалға баруға рұқсат! Тек бұлардың біреуін ғана қолдан! Орында!

–  Құп болады!

Алла Тағала нәсіп еткен жақсылықтар мен мүмкіндіктерді уақытылы байқап, бағалай білуді үйренейік! Періштелеріміздің соңғы амалға баруына себепкер болмайық!

Автор белгісіз.

Аударған: Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2019 09:38

Татулық – табылмас бақыт

Тарихи кезеңде талай жетістіктерге жетіп, «тар жол, тайғақ кешуді» де бастан өткерген қазақ халқы үшін татулық, бірлік, ынтымақтастықтың орны бөлек. Егемендік алған ширек ғасырдан астам уақыт ішінде осы қастерлі ұғымды көздің қарашығындай сақтап келеді. Бүгінде Қазақстан әлемдегі саяси тұрақтылығы бекем елдердің бірі. Елімізде 150-ге жуық ұлт пен ұлыстың өкілдері достықтың буынын бекітіп, татулықты ту етіп ұстауда.

Елімізде тұрып  жатқан әр ұлттың өкілі келешек ұрпағымыз  үшін этносаралық  достықтың, конфессияаралық түсіністіктің қаймағы бұзылмауына еңбек етіп, өз үлестерін қосуда. Оларды бір арнаға тоғыстыруда тер төккен Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Н.Назарбаев Қазақстандағы тұрақтылықты сақтаудың алғышарты ретінде бірінші экономиканы өркендетудің қажеттілігін алға қойған. Сол себепті, «Алдымен экономикаға» қағидасын ұстана отырып, экономиканың әр саласында білек сыбана қызмет етіп жүрген барлық этностың басын қосып, татулықтың тал бесігіне айналған Қазақстан халқы Ассамблеясын құруы – өзгелерге үлгі-өнеге бола білді.

«Біз жүз жылға татитын жиырма жылда ортақ жауапкершілік жолын жүріп өттік, биік белестерді бірге бағындыра білдік. Бауыры бүтін бірлігімізбен елдікті еселеп, мызғымас мемлекетімізді бекемдей түстік. Тұрақтылықтың бірегей үлгісін танытып, дамудың қазақстандық жолын айқындадық» – деген еді Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының 17-сессиясында. Расында, егемендіктің туын желбіреткен осы уақыт аралығында бірге талай белестерді бағындырып, Қазақстандық үздік елу елдің қатарына қостық. Мұның барлығы, алдымен, еліміздегі ұлтаралық тұрақтылық пен өзара келісімнің берген жемісі.

Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, алдыңғы қатарлы дамыған елдердің барлығы ұлтаралық татулық пен келісімнің арқасында аталған жетістіктерге жетуде. Бір ту астында бір атаның баласында тату-тәтті ғұмыр кешкен қазақстандықтар да тура жолмен жарқын болашаққа қадам басуда. Тәуелсіздігін жаңа алып, тәй-тәй басқан жас мемлекет үшін бұл – үлкен жетістік. Сондықтан болар, ұлтаралық татулық, конфессияаралық келісім мәселесі ешқашан күн тәртібінен түскен емес. Мемлекет дамуының басты қағидаты ретінде үлкен маңызға ие.

Биылғы жылы сайлауға түсіп, айқын басымдықпен жеңген Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та қазақ халқы үшін қастерлі ұғымды өзінің сайлауалды бағдарламасына енгізіп, өзінің Жолдауында назардан тыс қалдырмады. Ел дамуы жолында алдағы уақытта атқарылар маңызды шараларды қатарына енгізді: «Төртінші, қоғамдық келісімді нығайту. Әлеуметтік және этникалық топтар арасындағы келісім – бүкіл қоғамның бірлескен еңбегінің нәтижесі.

Осыған орай, саяси үрдістерді саралап, бірлігімізді нығайта түсу үшін нақты шаралар қабылдау керек.

Қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт ретіндегі рөлін бекемдеп, этносаралық татулық пен дінаралық түсіністікті қалыптастыра беруіміз қажет. Біздің ұстанымымыз: «Ел бірлігі – оның әралуандығында!». Еліміздегі этникалық топтардың тілі мен мәдениетін дамытуға жағдай жасай береміз» – деген Мемлекет басшысы мұндай дәрежеге жету үшін даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жасау керектігін алға тартты.

Асыл дінімізде де татулық барлығынан жоғары қойылады. Пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с мұсылман үмбетіне жолдаған қоштасу сөзінде: «Мен орталарыңнан кеткеннен кейін баяғы бітпейтін ұрыс-керіске, дау-дамайға қайта бой алдырмаңдар» – деген өсиет қалдырған. Демек, діннің өзі тұрақсыздық пен ұлтаралық қақтығысты құптамайды. Ата-бабамыз да татулықты ұрпаққа аманат еткен. Ұлы Абай адамзат арасындағы бірлікті өзінің өлеңіне арқау еткен:

«Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп

Және хақ жолы осы деп әділетті».

Шежірелі тарихымызға үңілсек, өзара қырқысқан ел ешқашан ұзақ өмір сүрмеген. Бұл – біз үшін үлкен сабақ. Сондықтан, бірлігі жақсының, тірлігі тапшы болмайтынын, достықсыз даму болмайтындығын әрдайым есте сақтауымыз керек. Татулық – табылмас бақыт. Сонау Кеңес үкіметі кезінен саясаттың құрбаны болып, Қазақ даласына жер аударған өзге ұлт өкілдерін өгейсінбей, құшақ жайып қарсы алған қазақ халқы тұрақтылықтың берік іргесін қалады. Тәуелсіздік жылдары әлемге достық пен татулықтың ерекше үлгісін көрсетіп, үлгі бола білді. Ендігі мақсат – баршамызға тән қастерлі ұғымды көздің қарашығындай сақтап, егемен еліміздің кемел келешегі мен баянды болашағы үшін аянбай еңбек ету.

С.НҰРАДИН

Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2019 09:30

Өнерлі өрендер мектебі

Алматы облысының бұрынғы Шелек ауданында 1976 жылы қыркүйек айында Балалар музыка мектебі ашылды. Қабылдау комиссиясының шешімі бойынша  129  жас талап, жас қанат қабылданды. Мектептің алғаш директоры болып 1976-79 жылдары аралығында К.Г. Баталов жұмыс жасады. Сабақ жүргізу үшін 8 мұғалім  жұмысқа қабылданды.

1979-1999 жылдары  аралы-ғында мектеп директоры Қағазбеков Рахымбек Сыдықұлы еңбек етті. Мектеп жанынан қосымша дербес бөлімшелер ашылды. Олар Сарыбұлақ, Ащысай, Көлді, Бижанов ауылдары. Оқушылар саны 250.18 мұғалім жұмыс істеді.

1999 жылдан бері мектеп директоры Жамылшиева Ләззәт Жеткенбайқызы жұмыс жасап келеді. Еліміздегі экономикалық қиындықтарға байланысты 1997-2009 жылдары мектеп шаруашылық есепке көшірілді. Мектеп үшін қиын кезең болды, мемлекет тарапынан қаржыландыру тоқтатылды. Дербес бөлімшелер жабылды, жарық және жылу жүйесі істен шықты. Айтарлықтай қиыншылықтарға қарамастан мектеп өз жұмысын тоқтатқан жоқ. Өз істерін жанындай сүйген ұстаздар жауапкершілікпен еңбек етті. Атап айтсақ: Л.Жамылшиева, С.Карпикова, Р.Акмолдаева, Т.Колесникова, Н.Горх.

Балалар музыка мектебінің негізгі мақсаты мен міндеті – жалпыға бірдей бастауыш музыкалық білім беру, оқушының шығармашылық еңбегіне, қабілеттерін барынша жетілдіруге қажетті жағдай жасау, әлемдік және отандық мәдени даму барысында  жеке тұлғаның шығармашылық мүмкіндіктерін дамыту, интеллектін байыту.

Осы 43 жыл аралығында мектептің толық курсын 650-дей  шәкірт бітіріп шықты. Мектеп түлектері республикамыздың түпкір-түпкірінде еңбек етуде. 2009-2010 оқу жылынан бастап мектеп қайтадан мемлекет тарапынан қаржыландыруға көшірілді. Көктем айында «Балалар біздің болашағымыз»,– деп қараған мемлекетіміз, мектеп ғимаратын күрделі жөндеуден өткізіп, заман талабына сай музыкалық аспаптармен, техникалық құралдармен жабдықтап, жаңа жарқыраған мектептердің қатарына қосып берді.

Қазіргі таңда «Балалар музыка мектебінде» 161  оқушы білім алады, 32 адам еңбек етеді. Оның 18-і мұғалімдер. Мектепте фортепиано, домбыра, баян, аккордеон, қобыз, дутар, гиджак, гитара кластары жұмыс істейді. Балалар музыка мектебі екі бөлім бойынша жұмыс жасайды. Фортепиано және халық аспаптар бөлімі. Әртүрлі жастағы балалар өздерінің таңдауы бойынша қалаған аспаптарын үйренуге негізделген. Баланы музыка мектебіне қабылдағанда әрбір музыка аспабының қиындығына оқыту бағдарламасына, есту, ритм, есте сақтау қабілетінің  және саусақ құрылыстарының ерекшеліктеріне байланысты қабылдайды.

Балалар музыка мектебінде теория пәндерінен топтық сабағы, сольфеджио сабағы, музыка әдебиеті, қазақ музыка әдебиеті, хор өтеді. Қосымша таңдау пәнімен балаларымыз вокал сабағынан  дәріс алады. Музыка әлемінде бұл  сабақтар бала өрісін жетілдіріп, музыканың сиқырлы сырын ашуға көмектеседі. Биылғы жылы балалардың музыкаға деген сұранысы қуантарлық жағдай, 90 бала қабылдауға келді. 2018-2019 жылы оқушыларымыз облыстық, республикалық,халықаралық байқауларда Гран-при – 16 оқушы,  I орын – 26 оқушы,II орын – 19 оқушы,III орын – 22 оқушы ие болды. Бұл ұстаз өнімінің жемісі.Ерекше айта кетерлік жайт  Италия мемлекеті ұйымдастырған халықаралық «ITALIAN-BREAK», Испания  мемлекетінде болған «POP FOINDATION» байқауларында мектебіміздің 4-сынып оқушысы Аружан Сансызбай вокал номинациясы бойынша I-жүлделі орынға ие болып келді.  Жетекшісі бүгінгі мектеп директоры, 1982 жылдан бастап  ән салу мен баян аспабының мұғалімі  Ләззәт Жамылшиеваның еңбегі орасан зор. Бұл күнде ұлағатты ұстаз жеткіншек ұрпақты тәрбилеуге арнаған еңбегі үшін «Звезда славы – экономики Казахстана» орденімен марапатталып, 2013 жылы «Еңбегімен елге сыйлы» медалін төсіне тақты. Жастар жылы табыстарына Шелек ауылындағы Балалар музыка мектебінің қосар үлесі зор. Себебі қосымша білім беру жүйесіндегі функционалдық сауаттылықты қалыптастыру мен дамытуға бағытталған іс-шаралар мақсатында жаңа инновациялық технологиямен ықпал ете отырып,шығармашылық деңгейде жұмыс істеуді  мақсат еткен білім ордасы үнемі ізденісте, қажырлы еңбек үстінде.

 

Айжан Сыздықова,

Шелек ауылы

Жұма, 20 Желтоқсан 2019 12:47

Боздақтар рухына мың тағзым

Тарих – басымыздан өткен барлық қасіреттер мен сәтсіздіктердің, қуаныш пен жетістіктердің, сынақтар мен сырлардың куәсі. Сондықтан тарих еске алып отырғанды ұнатады. Ал біздін тарихымыз Қадыр ақынның: «Біздің тарих бұл да бір қалың тарих, оқулығы жұп-жұқа бірақтағы» дегеніндей өзгеше тарих. Тарихтың, әлбетте, еске куанышпен алатын тұстары да, өкінішпен қайғыратын кездері де болады. Тәуелсіздігіміздің тарих бетіне алтын әріптермен жазылғанына да біршама жылдар легі өтті. Биыл егеменді ел атанғанымызға 28 жыл толып отыр. Осыған байланысты 14 желтоқсанда Қазақстан ауылдық округінде Тәуелсіздігімізді ұлықтаған бірталай іс-шаралар өткізілген еді.

Тәуелсіздіктің рухын сезініп, осы жолда қан мен терін аямаған боздақтарымызға тағзым ету үшін айтулы мерекеге ауылдық округтің әкімі М.Сүгірбеков, ауылдың ақсақалдар алқасының төрағасы А.Оспан, кәсіпкерлер А.Жүсіпов пен Б.Сатыбалдиев және ауыл тұрғындары қатысты.

Ең алдымен сөз алған округ әкімі М.Сүгірбеков ауыл тұрғындарын мере-келерімен құттықтап, өзінің игі тілегін жеткізді. «Тәуелсіздік – біздің барымыз бен нарымыз. Тәуелсіздік – ол қасиетті ұғым. Осы жолда қаншама болздақтарымыз жанын құрбан етіп, біздің алаңсыз тұрмыс кешіріп, бақытты өмір сүруімізге жағдай жасап кетті. Бүгінде әлемдік карта мен саясатта өз орнымызды тауып, өзгелермен терезесі тең, басқалар санасатын ел болдық. Бірақ Тәуелсіздікті жеңіп алғаннан гөрі, оны баянды етіп ұстап тұру қиынның қиыны. Сондықтан Тәуелсіздігіміздің баянды болуына әрқайсымыз өзіндік үлес қоса білуіміз керек. Өйткені біз Тәуелсіздікке мұқтажбыз. Біздің ешкімге бас имей, ешкімнен ықпай кеудемізді тік көтеріп жүруіміздің өзі осы қадірлі де қасиетті сөздің арқасы. Бүгінде заманымыз тыныш. Дегенмен біздің тәуелсіздігімізге сұғын қадап, дұшпандық танытып отырғандар жоқ дей алмаймыз. Ал олардан отанымызды аман сақтап, тарихтың сынынан аман өткізу жас ұрпақтың көрегендігіне байланысты. Ол үшін жастарымыз білімді де білікті болғаны жөн. Біздің округіміздің жас-тары да сенімімізге селкеу түсірген емес. Мемлекетімізде олардың жағдайы жақсы болып, алаңсыз білім алуына барынша көмек көрсетіп келеді», – деп жастарға рух бере сөйледі. Одан әрі ауылдық округтің дамуында өзіндік үлес қосып, еңбегімен ел қолдауына ие болып жүрген азаматтарға өз қолымен марапаттаулар тапсырды.

Келесі болып сөз алған ауылдың ақсақалдар алқасының төрағасы А.Оспан: «Біздің халқымыз қай кезде де жас ұрпақтың тәрбиесіне немқұрайлы қарамаған. Егер оған немқұрайлылық танытқанда өз болашақтарын өз қолымен буындырып өлтіретінін жақсы білген. Бізде жасымыз келген сайын артымызға жиі көз саламыз. Қазақта «жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» деген аталы сөз бар. Сол айтқандай жастарымыздың береке-бірлігіне, ынтымағы мен ұйымшылдығына риза боламын. Біздің айналамызда ауылға жаны ашитын азаматтар жүр. Солардың арқасында біздің округтің мәртебесі жоғары болып келеді. Сондықтан «Болар елдің баласы бірін-бірі батыр дер» демекші осы береке мен бірлігімізден айырылмайық. Тәуелсіз еліміздің тірегі болар жастарымыздың тілеуін тілеп, оларды дұрыс бағытқа бұрып отырайық», – деген ұсынысын білдірді.

Осы мерекеге орай ауылдағы 70 мектеп жасындағы оқушыларға мерекелік әрі қайырымдылық мақсатта сый-сияпат жасалды. Оларға киім-кешектер мен бағалы сыйлықтар үлестірілді. Ондағы мақсат жас бүлдіршіндерге мерекенің рухын сезініп, келесі жылы да осы күнді асыға күтулеріне әрі айналасынан қамқорлық пен мейірімділікті сезіну арқылы бала жүректерінің шуаққа толуына көмектесу. Өткізілген қайырымдылық шараға демеушілік көрсеткен осы ауылдың жомарт азаматтары атанып жүрген кәсіпкерлер – Ахат Жүсіпов пен Бағдат Сатыбалдиев. Аталған азаматтар ауылда жасалып жатқан талай іс-шараға демеушілік көрсеткен болатын. Бүгінге дейін ауыл тұрғындары қос азаматтың жомарттығын талай көріп, олардың еңбектерін оң бағалап келеді.

Тәуелсіздік мерекесіне орай оқушылардың ұйымдастырған концерттік бағдар-ламалары да өзгеше болғанын атап өтуді жөн көрдік. Негізі Қазақстан ауылдық округі өнерден еш кенде болған емес. Аудандық мүшайралар мен өнер сайыстарында алдыңғы лекте жүретін ауылдың өнерпаз жеткіншектері бұл концертте барын салды. Әуелеген ән, күмбірлеген күй, мың бұралған би, орынды әзіл мен ойлы көріністері арқылы келген қонақтардың көңілін тауып, алғысына бөленді. Бір сөзбен айтқанда, кәсіби өнерпаздардан кем болған жоқ.

Дәл осы күні Қазақстан ауылдық округінде Еңбекшіқазақ ауданы жастары арасында волейболдан жабық турнир өткізілді. Аталған жарыста Есік қаласы, Шелек, Тескенсу, Малыбай, Түрген, Қазақстан, Асы, Космос, Бәйдібек би ауылдық округтерінен келген командалар бақ сынасты.

Жарыс қорытындысына сәйкес, бірінші орынды Есік қаласы алса, екінші орынды Бәйдібек би ауылы, ал үшінші орынды Түрген ауылы командалары иеленді. Сонымен бірге, үздік ойыншы номинациясы бойынша И.Абдуллаев, үздік ойыншы ретінде Б.Султанмуратов, үздік шабуылшы Д.Абденов марапатталды. Жарыс соңында жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар табыс етілді.

 

 

Егемен еліміздің тәуелсіздігі – ата-бабамыздың асқақ арманынан туындаған, бүгінгі ұрпақ қол жеткізген ұлы жеңіс. Ежелден еркіндік аңсаған азат халқымыз тәуелсіздігінің 28 жылын тойламақ. Тәуелсіздік атты қасиетті ұғымның тереңіне үңілсек, ата-бабаларымыздың ғасырлар бойғы асыл арманы мен мұратын, азаттық жолында құрбан болған талай боздақтың ұрпаққа қалдырған аманатын жүрегімізбен бойлаймыз.

1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан Республикасы өзінің тәуелсіздігін жариялады. Қазақ халқы үшін ақ түйенің қарны жарылған мерейлі күннен бері ширек ғасырдан аса уақыт өтіпті. Әрине, тарих үшін 28 жыл көп емес. Ал біздің жас мемлекетіміз үшін бұл жылдар елімізді нығайтуға бағытталған үлкен істерге толы болды. Осы аз уақыт ішінде дүние жүзі Қазақстан елінің тәуелсіздігін мойындады. Еліміз әлемдік қауымдастыққа, соның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымына мүшелікке қабылданды. Әр азаматын жігерлендіретін Әнұранымыз шырқалып, мақтаныш сезім ұялататын Елтаңбамыз төрге ілінді. Аспанымызда ерлікке жетелейтін қыран мен кеңдік пен теңдікті білдіретін күн бейнеленген Туымыз желбіреді. Экономикалық дербестігімізді танытатын төл теңгеміз жарыққа шықты. Әлем картасындағы «Қазақстан Республикасы» деген атау еліміздің әр азаматының төлқұжатына айналды.Тәуелсіздік – ұлттық тілдің, салт-дәстүрдің, ұлттық сананың тірегі болып, рухымыздың қайта жаңғыруына жол ашты. Тәуелсіздік – бабалар аңсаған арманнан бүгінде орындалған арманға айналды.

Иә, осы бір бойында қазақ қаны бар барша бауырлар үшін қастерлі ұғымға айналған қасиетті күн еліміздегі қазақ халқы мен өзге этностарды ұйыстыратын төл мерекеге айналды. Осы мереке аясында ауданымыздың жер-жерінде жоғары деңгейде аталып өтті. Осы бір ұлы тойды ұлықтап, еліміздің егемендігіне, сол егемендік үшін ештеңеден тайынбай қан мен терін төккен боздақтарға тағзым еткен ауыл тұрғындары ерекше көңіл-күйге бөленгені анық.  Айтулы мерекені өз деңгейінде атап өткен елдімекендердің  қатарында Шелек, Тескенсу, Асы ауылдық округтері бар.

Шелек ауылдық округінің әкімі Е.Есенханов ауыл тұрғындарын арнайы құттықтап, игі тілектерін білдірді. «Ынтымақ жүрген жүрде, ырыс бірге жүреді» деп бабаларымыз бекер айтпаған. Бірлігіміздің арқасында, тәуелсіздік жылдары іргелі мемлекет болып қалыптастық, өзгемен тереземізді теңедік, тұрмысымызды түзедік. Бұрын қиял болып көрінген жетістіктерге қол жеткіздік. Ендеше ұлы дана халқымыз: «Бақыт – бірлікте, байлық – еңбекте» – деген. Сондықтан еліміздің болашағын, яғни келер ұрпақтың баянды ғұмыр кешуі үшін біздер әлі де талмай еңбек етуіміз қажет», – деп елді ынтымақ пен бірлікке шақырды.

Ал Асы ауылдық округінің әкімі Ұ.Сағынбеков: «Кешегі ата-баба аңсаған Тәуелсіздік ұғымын бүгінгі ұрпақ жете түсінері анық. Дүниедегі жүздеген халықтар мен ұлыстардың барлығы егемен ел болуды мақсат тұтады. Дегенмен, өз мемлекетін құрып, шын мәніндегі ел болып отырғандары олардың 200-ден астамы ғана екен. Соның арасында бақытты өмір мен тәуелсіздікті армандап, оған қол жеткізу жолында қаншама қан мен тер төккен халықты тарихтан білеміз. Мұндай бақытсыздық пен баянсыздық қаупі біздің ұлттың да басына төнгені белгілі. Алайда азаттықтың ақ таңын аңсаған ата-баба арманы біздерге бұйырды, – деп тәуелсіздіктің маңызы мен мәнін ашып көрсетті.

Тескенсу ауылдық округінің әкімі Б.Доғалов та ауыл тұрғындарын арнайы құттықтап, мерекенің маңызын арттырды. Б.Доғалов өз сөзінде: «Тәуелсіздік сіздер мен біздер үшін және ізімізді жалғастырар жас ұрпақ үшін баға жетпес байлық. Осы жолда ен даланы еркін жайлаған еліміз басын бәйгеге байлаған. Әйтсе де, олар ешқашан бас еркіндігін елдіктен жоғары қоймаған. Осы орайда бостандық пен еркіндіктің бастауы болып табылатын осы салтанатты күні баршаңызға бақ-дәулет, ырыс тілеймін. Осындай маңызы бар тарихи думанда еліміздің Туы асқақтай берсін», – деген жүрекжарды лебізін жеткізді.

Сонымен бірге, әкімдер еліміздің дамуы мен көркейуіне атсалысып, білім, мәдениет, экономика, әлеуметтік салаларда еңбек етіп жүрген азаматтарға арнайы марапаттар табыс етті.  Одан әрі мерекелік шара концерттік бағдарламалармен жалғасты.

 

Нұрсерік ТІЛЕУҚАБЫЛ

Елмен етене, әлеуметпен әріптесе еңбек еткен мәслихаттың құрылғанына - биыл 25 жыл. Ширек ғасыр шеңберінде ел Тәуелсіздігінің тұғырын берік ету мақсатында табан етін тіліп төккен тердің бүгін жемісі көрінуде. Әйткенмен, аз-кем тарих парақтарын сапырмауға болмас. 1994 жылдың 28 наурызында Еңбекшіқазақ аудандық мәслихат депутаттарының бірінші сессиясы өтті.  Аудандық мәслихат хатшысы болып көп жылдар бойы өкілді және атқарушы органдарда қызмет еткен, тәжірибесі толысқан, халық арасында құрмет-беделге ие азамат – Әділбай Талқамбаев сайланып, бес шақырылымда да аталған қызметте сәтті еңбек етті.

Осылай, 1993 жылдың 10 желтоқсанында республиканың Жоғарғы Кеңесі «Қазақстан Республикасының жергілікті өкілетті және атқару органдары туралы» Заң қабылдады, ол жергілікті мемлекеттік органдардың құрылымына өзгерістер енгізді. Өкілетті органдар мәслихат, ал жергілікті атқарушы органдар – әкімнің басқаруындағы жергілікті әкімшілік деп атала бастады. Мәслихаттар және әкімшіліктер «жергілікті мемлекеттік басқару органдары» деген жалпы атпен бірікті.

Бұл тұрғыдан, жергілікті атқарушы органдардың атауы ғана емес, олардың мәні түп-тамырымен өзгерді. Бір ерекшелігі, барлық аумақтық басқару деңгейінде құрылған жергілікті кеңестерге қарағанда мәслихаттар – депутаттар жиналыстары тек облыстық және республикалық деңгейдегі облыстарда, аудандар мен қалаларда және Астанада сайланды. Ауылдарда, селоларда, ауылдық (селолық) округтерде олар құрылған жоқ.

Егемендіктің алғашқы он жылдығында экономиканы және әлеуметтік саланы қайта құру кезінде көп қиындықтар туындады, инфляцияның өсуі, өндірістің төмендеуі байқалды. Халық ертеңгі күнге сенімсіздікпен қарады.

Бұл тұста, бір бағытта, бір режимде жұмыс істеуге ыңғайласқан депутаттар өз қызметтерін сәтті жүзеге асырып, салалық өсу көрсеткіштері барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлестерін қосып, аудандық мәслихат қызметінің мықты негізін қалады.

Аудандық сессия жұмысы барысында тұрақты және ревизиялық комиссиялар құрылып, олардың төрағалары сайланды.

І шақырылымда аудандық мәслихаттың 4 тұрақты комиссиясы құрылып, 2003 жылға дейін сол бағытта жұмысын өзгеріссіз атқарды. 2003 жылы Еңбекшіқазақ аудандық мәслихатының №1-2 шешімімен тұрақты комиссиялар қайта құрылып, жалпы саны 3 болды.

Ал, 2011 жылға дейін қызметін жалғастырған аудандық мәслихаттың тексеру комиссиясы аудандық бюджеттен қаржыландырылатын ауданның мемлекеттік мекемелерінде арнайы бағыттық тексерулер жүргізіп, тұрақты комиссиялармен бірлесе  жергілікті бюджеттің орындалуы бойынша бақылау өткізіп, олардың нәтижелері тұрақты комиссиялардың отырыстарында талқыланатын.

2016 жылдың наурыз айында өткен саяси науқанда 6-шақырылымға 23 депутат сайланды. Кезекті шақырылымның құрамы 65,2 пайыз жаңартылды.

Бүгінде аудандық мәслихат жанынан құрылған тұрақты комиссиялар 4 бағыт бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде: Олар:  әлеуметтік  бағыттағы  салаларды дамыту  мен  заңдылық, құқықтық тәртіп, қоғамдық келісім, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару мәселелері жөніндегі; ауданның  экономика,  бюджет  және  қаржы  мәселелері  жөніндегі; агроөнеркәсіп,  шағын  және орта бизнес  пен  іскерлік  белсенділікті қолдау,  индустриалды-инновациялық даму мәселелері жөніндегі және энергетика  мен  жалпы  инфрақұрылымды  дамыту  және  тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық мәселелері жөніндегі комиссиялар.

Әртүрлі форматтарда өткізілетін комиссия отырыстарында ауылдық округ әкімдерінің, мекеме басшыларының атқарған жұмыстары туралы есептері, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы бойынша баяндамалары қарастырылады, сессияда бекітілуге ұсынылған шешім жобалары тыңдалады.

Шыны керек, комиссия отырыстарында қаралатын мәселелер шеңбері үлкен, әр қырынан келуді талап етеді. Сондықтан, қандай да бір мәселені алдын ала, егжей-тегжейлі зерделеу үшін тұрақты комиссиялар өз құзыреті шегінде атқарушы органдардан қажетті ақпаратты сұратады.

Кезекті 6-шақырылымның басты ерекшелігі – көшпелі комиссия отырыстарының өткізілуі. 1 қала, 25 ауылдық округ, 79 елді-мекеннің тыныс-тіршілігімен, туындаған мәселелерімен танысу, сайлаушылардың пікірі мен тілектерін есту, тұрғындар тарапынан маңызды деген талап-ұсыныстарын алу мақсатында құрылған Еңбекшіқазақ аудандық мәслихаттың жанындағы тұрақты ақпараттық жұмыс тобы жыл сайын сайлаушылармен кездесуде. Осы кездесулерден 300-ге жуық өтініш түсіп, 26 – салалы депутаттық сауал жолдап, жартысынан көбінің тиімді шешілуі қамтамасыз етілді. Үлкен ауқымда қарастырылуы тиіс 59 мәселенің 29-ы бүгінгі таңда өз шешімін тапты.

Депутаттар аудан өмірдегі барлық шараларға белсенділікпен қатысады. 2017 жылдың тамыз айында осымен екінші рет өткізілген ауылдық округтер әкімдерінің сайлауында жергілікті өзін-өзі басқару мен демократиялық құндылықтарды іс жүзінде асырудағы өз қызметтерін үлкен жауапкершілікпен атқарып,  1 қала 15 ауылдық округ әкімдерін сайлады.

Депутаттық корпус жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында жас депутаттардың бастамасымен халық қалаулыларының әлеуметтік парақшалардағы белсенділігі қалыптасып, сайлаушылармен депутаттардың арасын біршама жақындата түсті.

Жекелеген депутаттар өз қаржыларына жағдайы төмен тұрғындарға, мүгедектерге, жетім балаларға, қиын жағдайға душар болған отбасыларына көмектесумен бірге әлеуметтік нысандардың ағымдағы және күрделі жөндеулерден өткізуге өз сауалдарымен ықпал жасауда.

Бәрін айт та, бірін айт, бұл айтулы дата - ең бірінші осы орган жұмысын жүйелеу жолында танбай еңбек еткен халық қалаулыларына деген зор құрмет көрінісі. Екіншіден, халық арасынан шығып, басым дауыспен сайлаушылар сенімін арқалаған депутаттар жұмысының жүйеленуі. Өткенге көз тастай отырып, болашақққа бағдар құру. Осынау сәтте елді гүлдендіру мен түрлендіру жолында өкілетті орган мәслихат жұмысын одан әрі жандандыра түсеріне сенім мол. Себебі, «Ат тұяғын тай басар». Кешегі елдік мүдде жолында ерінбей еңбек еткен депутаттар орнын бүгін жаңашыл ой, жаңашыл бағыт жас буын басты. Ендеше, 25 жыл мұғдарында осыншама өсу мен өркендеуге жол ашқан өкілетті құрылымды ендігі ұрпақ жаңа деңгейге көтеретініне сенеміз. Ал бұл – Тәуелсіздік тұғырын мығым ететін басты  алғышарт.

 

Аудандық мәслихат депутаттары

Бейсенбі, 19 Желтоқсан 2019 14:21

Азаттықтың алтын тәжін киген күн

Жақында Көктөбе орта мектебінде Тәуелсіздік күніне орай «Желтоқсан» ұйымының төрайымы, 1986 жылғы желтоқсан оқиғасының қатысушысы Ұлбосын Сейтқазиевамен кездесу өтті.

«Тәуелсіздік – ата-бабам аңсаған» тақырыбында 7 «А» сынып оқушыларымен өткен жүздесу барысында бабалар мұрат еткен егемендік жолында алаңда құрбан болған Қайрат Рысқұлбеков, Ербол Сыпатаев, Ләззат Асанова, Сәбира Мұхамеджанова сынды аға-апаларының өнегелі өмірінен, ерен еңбегі жайлы сыр шертілді. Сонымен қатар, қазақ халқының Тәуелсіздікке жету жолындағы күресі мен бүгінгі таңдағы Қазақ елінің жетістіктері жайында ой-толғау болды. Оқушылар, ызғарлы желтоқсан жайлы сол оқиғаға қатысқан Ұлбосын Кеңесқызының өз аузынан естіп, сұрақтарын жаудырды. Ол өз сөзінде балаларды отансүйгіштікке, адалдық пен білімге шақырып, сәттілік тіледі. Сондай-ақ, кездесу соңында құрметті қонақ мектепке Үмбет Әбназарұлының «Желтоқсан рухы – Тәуелсіздік Туы» кітабын сыйға тартты.

 

Ментай АКСАНБАЕВА,

сынып жетекшісі

 

Бейсенбі, 19 Желтоқсан 2019 14:16

Ардагерлер бөлмесі ашылды

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Түрген мәдениет үйінде «Nur Otan» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық!» партиялық жобасы аясында ардагерлер бөлмесі ашылды.

Ауданымыздағы тұңғыш игі бастамаға аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қуат Байғоджаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілеулес Ұзақов, округ әкімі Бота Елеусізова, ауыл қарттары қатысты. Бөлмеде қарттардың уақытын тиімді өткізуге барлық жағдай жасалған. Музыкалық аппарат, дойбы, шахмат тақтасы, кітап-журнал сөрелері орнатылған.Шай дайындап ішетін арнайы бұрыш әзірленген.

– Өздеріңіз білесіздер, бүгінде округімізде 2500-ге жуық қазыналы қартымыз бар. Оларға жағдай жасау және бос уақытын жастарға да, өздеріне де тиімді өткізу мақсатында осы ардагерлер бөлмесін ашып отырмыз. Биыл мәдениет үйінің жылу жүйесі жөндеуден өтіп, ретке келтірілді. Сондықтан, құрметті қазыналарымыз, осы бөлме жастардың, ауылдың, келіндеріміздің тәрбиесімен айналысатын тағылым ордасы боларына сенім мол, – дейді округ басшысы Бота Серікқызы. Айтуынша, қазірдің өзінде ауыл қарттары жастар тәрбиесін мықтап қолға алған. Мектепте 8-ден жоғары әрбір сыныпқа бір ата-әжеден бекітіп қойған. Олар сол сыныптың жетекшісіне тәрбие мәселесінде көмек көрсетіп, бұзақы балаларды тезге салады.

Келесі болып сөз алған Қуат Сұлтанұлы бейнетінің зейнетін көрер жасқа жеткен қазыналы қарттарымызға барлық жағдай жасау керектігін алға тартты:

– «Ауылыңда қартың болса, жазулы тұрған хатпен тең» деген нақыл бекер айтылмаған. Сіздер кешегі тарихтың куәсісіздер, болашаққа бағдар берер ақыл-шысыздар. Сондықтан, ұрпақ тәрбиесі сіздердің қолдарыңызда, – дей келе партия филиалы теледидар орнатып беретінін жеткізді.

Шара соңы ауыл өнерпаздары мен әжелер ансамблінің ән-шашуына ұласты.

 

Сардарбек НҰРАДИН

Бейсенбі, 19 Желтоқсан 2019 14:06

Азат таңның тартуы

Тағдыр талайында сан сүріндік, сан құладық, сонда да ақ сәулесін шашқан арманымыздан адаспадық. Көкбөрідей көкке қарай ұмтылдық. Досымызға құшақ аштық, дұшпанымызға қанды қылыш тостық. Сөйтіп, егемендігімізді алдық. Жер асты кенге, жер үсті төлге толған осынау ұлан-ғайыр өлкенің бүгінгі иесі де – біз, киесі де  – біз: Қазақстан дейтін  – Тәуелсіз мемлекет. Тарих толқынында қылаң берген дамылсыз дауылдың да, құйынды саяси жауынның да өтінде тұрған өр бабаларымызға, Қайраттай ағаларымызға ерлігі үшін, өрлігі үшін мың тағзым. Аудан әкімі Бинәлі Ысқақ, аудандық мәслихат хатшысы Бекет Ахметов, аудан әкімінің бірінші орынбасары Айбек Бидаев, «NurOtan» партиясы аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Қуат Байғоджаев, облыстық мәслихат депутаты Жангелді Осанның қатысуымен өткен салтанатты жиында алғашқы құттықтау сөз аудан басшысына берілді.

– Сіздерді және сіздер арқылы барша аудан тұрғындарын елдігіміздің ерекше мерекесі, баға жетпес құндылығымыз «ақ түйенің қарны жарылып» бар игілігіміздің бастауына айналған азаттықтың арайлы ақ таңы болған Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын, – дей келе тарихқа аз-кем сапарлады: – Биыл рухы асқақ, тұғыры биік, әлемге бейбітсүйгіш ел, толерантты ұлт ретінде танылған төл мемлекетімізге 28 жыл толды. Жер шарын мекендеген барлық халық азаттықты арман етеді, еркіндікті мақсат тұтады. Бар ғұмырын аттың жалы, түйенің қомында өткізген ата-бабаларымыздың да ғасыр-лар бойы аңсаған арман-тілегі де сол еді. Бүгінде бұл тілек орындалып, тәуелсіздікке қолы жетіп, мұраты ізгілікпен өрілген байтақ ел, дария көңіл, дана қазақ халқының ғұмыр бойы іздеген – бірлігі, тілеген – тұтастығы, қыран құстың темір топшысын талдырып, тегеурінді тұлпардың тұяғын балқытар шеті мен шегі жеткізбейтін даламызда орнады, – деді.

Салтанатты жиын барысында еңбегімен еленген тұлғалар да ел алдында мерейі асты. Айталық, облыстық ауылшаруашылығы саласын дамыту жолындағы жемісті еңбегі үшін облыс әкімінің Құрмет грамотасымен Талғат Алдажаров, Алматы облысының ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының Құрмет грамотасымен Ермек Ускенбаев, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұйрығымен 2 дәрежелі «Шекара қызметінің үздігі» төсбелгісімен Ақжол Сағымжан марапатталды. Бірқатар азаматтар аудан әкімінің Алғыс хатына ие болды. Ең айрықша айтар сәт, тәуелсіздік күнінде төтенше жағдайлар бөліміне екі арнайы өрт сөндіру көліктерінің кілті табыс етілді. Халық алдында көлік кілтін аудан басшысы аталған бөлім басшысы Рахман Каримжанға ұсынды (суретте).

Шара соңы аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

 

Қайнар ЖҰМАҒОЖА

Сәрсенбі, 18 Желтоқсан 2019 14:33

Тәуелсіздік жырлары

Біз қазақтың баласы

 

Күн күлімдеп көгімде

Арайлап атқан таңым бар,

Досына ашық құшағы

Дұшпанға берік қамалы

Бойымда қызу қаным бар,

Таптатқызбай намысын

Қорғайтын ата Заңым бар!

 

Қалып қойды мәңгі тарих бетінде,

Тәуелсіз жыл тайға таңба басқандай.

Желтоқсанның Қайрат, Ләззат, Ерболы,

Қарсы шықтың елің үшін жасқанбай.

 

Жаны жомарт кең қолтық,

Біз қазақтың баласы.

Сара жолды сап берген,

Нұрсұлтандай данасы.

 

Ақыл ойлы кемелді,

Таразыны тең басып,

Мойындатқан әлемді,

Мақтанышым Елбасым.

 

Айман МҰҚАНОВА,

Тескенсу ауылы

әйелдер кеңесінің мүшесі

 

Бейбіт күнді қадір тұт!

Тарих бетін дәріптер.

Ұлт тағдыры – ұлық дүние,

Тәуелсіздік – қол жеткізген,

Тәу етер ол жалғыз кие!

Ұрпағына аманат,

Соны түсін, қадір тұт!

Жасама сен қиянат,

Болсын мәңгі береке-құт!

 

Қара суық сол күндердің,

Қалды бүгін жарасы.

Бейбіт күнді қадір тұт,

Әр қазақтың баласы!

 

Қыздарға менің айтарым,

Ұятты бол,ар сақта!

Ұлдарға бар айтарым,

Намысты бол,ел сақта!

Отан үшін, ел үшін,

Ерінбей сен еңбек ет,

Тәуелсіздік тұғырын

Еңбегіңмен биіктет!

 

Балғын ШОРМАНОВА,

Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің

қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

 

 

Барыс мінез, жүрегі һәм болаттай

Тәуелсіздік құтты болсын,қазағым!

Өтті бастан азалы күн, қаза күн.

Өзін емес ұрпақ қамын ойлаған,

Батырларға арнап жырды жазамын.

 

Қазақтарды жау қолына қаратпай,

Қарсы шықты мерген атқан садақтай.

Қазағымның жалындаған жастары,

Барыс мінез, жүрегі һәм болаттай.

 

Қадамына шектеу қойып Колбиннің,

Қайрат, Ләззат қамықпастан қол жидың.

Қарулы әскер қысым берді жастарға.

Қарсы тұрды қазағы үшін қасқалдақ!

 

Желтоқсанда көтеріліс тоқтады,

Колбиніңді тақтан қуып тастады.

Орындалып армандары Қайраттың,

Елімізде бейбітшілік орнады!

 

Аян Дәурен,

«Ш.Уәлиханов атындағы орта

мектептің 9 «Б» сынып оқушысы

Соңғы жаңалықтар

Мам 04, 2024

Еңбегіңді арнай білсең ел үшін, Сол…

 Ел қорғанысының әлсіз болуға еш хақысы жоқ. Әлемде геосаяси мәселелер өршіп тұрған шақта…
Мам 04, 2024

Танк жүргізуші ТЕМІРҚҰЛОВ

Ұлы Отан соғысы кезіндегі алмағайып заманда, от пен оқтың ортасында жүрген жауынгерлердің…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…
Мам 04, 2024

ЖИЗНЬ, ПОСВЯЩЕННАЯ РОДИНЕ

«Родина у нас одна» – такая обыденная, не требующая доказательств аксиома… Но так ли она…
Мам 04, 2024

Әскерилер қаржылық сауаттылығын…

«AMANAT» партиясы бір жыл бұрын «Қарызсыз қоғам» жобасын іске қосқан болатын. Жобаның…
Мам 04, 2024

Тұрғындар өтініші ескерусіз қалмайды

Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы жұмыс сапары аясында аудан…
Мам 04, 2024

Бір шаңырақ астында

Ынтымақтастық пен бірлік – мемлекеттің даму кепілі. 130-дан астам этносты бір мақсатқа…
Мам 04, 2024

Келелі кездесу Шелекте

Өткен аптада Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев іссапармен…

Күнтiзбе

« Мамыр 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет