Елбасы Н.Назарбаевтың  «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында туған өлкеңнің тарихын танып, киелі жерлерді аралау мақсатында аудан қонақтарымен  Есік мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейіне экскурсия жасадық. Шара барысында «Сақтардың тарихы мен мәдениеті», «Алтын адам», «Қазақстан археологиясы» және «Уақытша көрмелер залы» атты 4 экспозициялық зал мен «Алтын адамды» алғаш ашушылардың бірі - археолог Бекмұханбет Нұрмұханбетовтың мемориалдық бөлмесін аралап тамашалады. Есік көлі мен Түрген сарқырамасына жол тартқан туристер мен қонақтар алдымен кіре берістен тарихтан сыр шертер өлкеміздің мақтанышы, ең көрнекті мәдени мекемесі «Есік» тарихи-мәдени музейіне бас сұғады.

– Біздің шаңырақта мәдениет майталмандары да, атақты актер әншілер де қонақ болып, «Алтын адам мекенін» тамашалады. Бекжан Тұрыс, Ғанн Құлжанов, Ұлықбек Есдәулет сынды аға буын өкілдер, тіпті, шетел ақын-жазушылары таңдай қағысып, мәдениетімізбен танысты. Болашақ ұрпақты Отансүйгіштікке тәрбиелеп, бойына елжандылық дарытуды, адамгершілік асыл қасиеттерді сіңіруді мұрат ете отырып, әр мереке қарсаңында, былай күндері де концерттер, ойындар өткізіп, мәдени ошақты насихаттап, мұрамызды жаңғырту мақсатында  түрлі іс-шаралар ұйымдастырып отырамыз, – деп қастерлі мекеме қызметкерлері өз жұмыстарымен таныстырды.

Еліміздің тарихы мен мәдениетінен хабар беріп, халқымыздың рухани асыл қазыналарын жинақтап, өлкеміздің өткені мен бүгінін жалғап отырған рухани мекемеден аудан қонақтары  тамаша  әсер алып қайтты.

Жансая ЫСҚАҚ

Бейсенбі, 01 Тамыз 2019 14:14

Ұлтаралық татулық – басты байлық

Көк байрақтың астында жатырқамай, жатсынбай 130-дан астам ұлт пен ұлыс тату тәтті ғұмыр кешуде. Әркім өз салты мен дәстүрін, әдет-ғұрпын ұстанамын десе де шектеу жоқ. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы жылдардан бастап, көпэтносты еліміздегі татулық пен келісімді сақтауға, дамытуға, қауіпсіздігі мен бейбітшілігін қорғауға бар күш-жігерін салып, тұрақтылық пен ынтымақтастық құруға жіті көңіл бөлді. Еліміздегі әрбір этномәдени бірлестіктің емін-еркін жұмыс жасап, ойлаған игі бастамаларын жүзеге асыруға мемлекет  тарапынан қолдау зор. 54 ұлт пен ұлыс өкілдері тұратын біздің ауданда қазіргі таңда 8 этномәдени бірлестік жұмыс істеуде. Ешбір мемлекетте ұлыстарды қанатының астына алып, қамқорлық көрсететін Қазақстандай ел жоқ екенін тілге тиек етеді. Осы ретте өңірдегі этномәдени бірлестік басшыларынан бүгінгі хәл-ахуалы мен атқарып жатқан іс-шаралары туралы білген едік.

Надо НАДЫРОВ. Күрд мәдени орталығының төрағасы:

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары әр ұлттың алдында үлкен таңдау: Қазақстанда қалу немесе басқа елге кету деген ой тұрды. Бірақ барлық өзге ұлт өкілдері «Отанымыз – Қазақстан» деген ұранмен елде қалуды құп көрді. Бүгінгі күнге дейін достық туын желбіретіп бір шаңырақ астында өмір сүрудеміз. Біздің бірлестік 1999 жылы құрылып, содан бері 58 адам белсене жұмыс істеуде. Мен 2010 жылдан бері орталыққа төрағалық етемін. Мақсатымыз – жас ұрпақтың бойына патриотизмді сіңіру арқылы өз ұлттық әдет-ғұрыптарымызды ұмытпауға тәрбиелеу. Осы жылдың өзінде «Біздің күшіміз – бірлікте», «Күрд халқы – Қазақ халқының ынтымақты шаңырағында» атты ұранмен түрлі шаралар ұйымдастырдық. Жыл басында Түрген, Қарасай, Бәйдібек би, Ақбастау, Әймен, Бөлек ауылдық округтерінде Ұлыстың Ұлы күнінде өз мәдениетімізді танытып, қазақ халқының салт-дәстүрін сыйлайтынымызды көрсеттік. Сондай-ақ күрд тарихына тоқталып, әдет-ғұрпын, дәстүр-салтын насихаттайтын қысқаметражды фильм түсірдік. Ендігі кезекте спорттық іс-шараларға көңіл бөліп, зиянды әдеттерден аулақ, білімге құштар, саламатты өмір салтын ұстанатын жастарды тәрбиелеу басты мұратымыз.

Ирина Таркова. Славян этномәдени орталығының төрайымы:

Біздің басты байлығымыз – ынтымағымыз бен бірлігіміз. Бір үйдің баласындай тату тәтті өмір сүріп жатқанымыз қазақ бауырларымыздың қонақжайлылығы мен кеңпейілділігінің арқасында. Атадан мұраға қалған ұлттық құндылықтарымызды сақтауға мүмкіндік берді. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» бөліп-жармай, бір-бірімізге құрметпен қарайтын зайырлы қоғамда өмір сүріп жатқанымызға үлкен алғыс білдіремін.  Орталығымыз алғаш 1992 жылы Ломоносов атындағы орта мектеп директоры Галина Сидельникованың бастамасымен ашылды. 2006 жылы ресми тіркеліп «Алматы облыстық орыс әтномәдени  бірлестігінің Еңбекшіқазақ аудандық филиалы» аталды. Сол кезңнен 2012 жылға дейін Нина Мантариди басқарды. Содан бүгінге дейін ұлтаралық келісімді ту етіп, бірлікті сақтап, ынтымақтастықты нығайтуды мақсат тұтып мен басшылық етіп келемін. Қазіргі таңда әл-Фараби атындағы орта мектептің базасында жұмыс істеудеміз. Жас ұрпақтың тәрбиесі үшін орталық мүшелері тынбай еңбек етіп, әдет-ғұрпымызды жаңғыртып, бойына салт-санамызды сіңіруді міндет етеміз. Мысалы, «Масленица» мерекесі, «Рождество шыршасы» арқылы бүлдіршіндерге көтеріңкі көңіл күй ғана сыйлап қоймай, ежелгі мейрамдарымызды жаңғыртып отырамыз. Жуырда ұлттық тағамдарымызды, киімдерімізді дәріптеп, әдет-ғұрпымыздан хабар берер орыс ертегілер желісі бойынша көрініс ұйымдастырдық бүлдіршіндерге. Қойылым барысында өнерлі балалар орыс халық әндерін орындап, ұлттық билерін ортаға салды.

Баспаға әзірлеген Жансая ЫСҚАҚ

Сәрсенбі, 31 Шілде 2019 14:48

Жетістік – еңбек еткенге иіледі

«Ештеңені білмейтін, ештеңені білуге талпынбайтын адамның жағдайы қиын. Өйткені оның бойында екі кесел бар: бірі – топастық, екіншісі – жалқаулық» деген екен Платон. Әлбетте, «Алма піс, аузыма түс» деп жатудан артық азап жоқ. Себебі, жетістік – еңбек еткенге иіледі. Бұған дәлел Айсара Кабулованың табысты тірлігі. Айналасы 18 сотық жеріне қора-жай салып, мал басын көбейтуді мақсат еткен кейіпкеріміз кәсіппен айналысуға бел буады. Арнайы «Бастау бизнес» жобасы арқылы білімін шыңдап, жобасын қорғайды. Жолдасы Нұрлан Кабулов қолдау білдіріп, 2 млн 300 мың теңге несиеге қол жеткізеді. Сөйтіп, оған сегіз сүтті бағыттағы сиырларды сатып алады. Жуырда аудандық жұмыспен қамту орталығының маманы Саят Бизаковпен бірге Айсара Бақытқызының үйінде болып, шаруашылығымен таныстық.

Ә дегенде әңгімеміз кәсіп ашуға мемлекеттік қолдаудың толағай екенінен басталып кетті. – Осы іске бет бұрар алдында біраз адамдардан сұрадым. Алайда, оңды жауап алмадым. «Ой, ол болмайтын тірлік қой. Қаражатынан қағазын жинау қиын. Ары-бері жүрісі ұзақ» деушілер басым болды. Әйткенмен, бел шешіп кіріскенімде асып бара жатқан қиындықты көргенім жоқ. Бір ай курс оқыдым. Онда бизнестің қыр-сырын меңгеруге барынша дағдыландырды. Сонымен арнайы сертификатын алып, өз жобамды ұсындым. Ауылда тұрамыз, қолымызда бірді-екілі ірі қара, жылқы басы бар. Қысқасы, бір мал бақсаң да, он мал бақсаң да сол еңбек керек. Сөйтіп, сүтті бағыттағы сиырлар алу мақсатын алдыма қойдым. Жолдасым қолдады. Биыл сол арманымызға жеттік – дейді. Қазір күніне шамамен 60-70 литрдей сүт алады. Өнімді қабылдап алушылар үйінен әкетеді. Бұдан өзге қолдан май, ірімшік жасайды. Таза табиғи өнімге қай жерде болсын сұраныс мол екені белгілі. Оған да өз алушылары жетерлік.

– Таңнан тұрып мен сиыр сауамын, жолдасым жем-шөбін береді. Жуырда тағы екі асыл тұқымды жылқылар алып келдік. Ендігі ойымыз – малдың төлдерін алып, мал басын көбейтсек, бірқатарын арнайы бордақыласақ деген жоспар бар. Қазір жеріміздің көлемі 18 сотық. Уақытша малдарды ұстап тұруға мүмкіндігіміз бар. Кәсібіміз жүріп жатса, бұдан да үлкен шаруашылыққа айналуға құлшыныс жоқ емес. Мұның бәрі уақыт еншісінде. Бастысы, еңбек етуден ерінбеу – дейді А.Кабулова.

Төрт баласын еңбекке тәрбиелеп отырған отбасының ұстанымдары да бір: еңбек, еңбек және еңбек. Себебі, табан ет, маңдай тердің өтеуі – табысты жетістік.

Тақырыпқа тұздық:

Бүгінде «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» жүйелі жұмыс жүргізуде. Нәтижесінде мамыр айынан күні бүгінге дейін небәрі үш ай ішінде айданда 23 адам несие алып, тәтті еңбектің дәмін татып үлгерді. Бұл турасында аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Берік Иманбаев былай дейді: – Ауданымызда «Еңбек» бағдарламасы аясында «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 101 адамды кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жоспарланған. Бүгінде толық 101 азамат оқуын аяқтап, сертификаттарын алды. Оқыған азаматтардың ішінен 23 адам шағын несиеге қол жеткізді. Оның 21-і – ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы жалпы сомасы 79 млн теңге, екеуі – несие серіктестіктері арқылы 8 млн 900 мың теңге. Ал қалғандары несие алмаймын, шағын қаражатпен кішігірім кәсіп бастаймын деушілерге 250 мың теңгеден қайтарымсыз гранттар берілді. Мәселен биылғы жылдың басынан 35 адам грант алды. Сол секілді осы шілде айының өзінде аталмыш бағдарламаға қатысушы тағы 35 адамға әрқайсына 250 мың теңгеден гранттар берілуде. Сонымен қатар жастар жылына орай 100 жас азаматты «Бастау Бизнес» жобасы арқылы оқытып, шағын несие немесе 200 айлық есептік көрсеткіш болатын (500 мың теңге) гранттар беріледі. Қазірдің өзінде 40 жас оқуын бастады. Мұндай мемлекеттік қамқорлыққа тек жастар емес, аз қамтылған, көпбалалы отбасылар, жұмыс істеуге ыңғайы келетін мүгедектігі бар азаматтар да ие бола алады. Басты шарт – «Бастау Бизнес» жобасы арқылы оқуы міндетті. Бұл 2018 жылғы 23 тамыздағы №513 ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген.

 

Қайнар ЖҰМАҒОЖА.

Сәрсенбі, 31 Шілде 2019 14:46

Ұранымыз-салауатты өмір салты!

Осындай ұранмен Шелек ауылы Т.Кенжебаев атындағы орта мектептің спорт залында волейбол жарысы өтті. Аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен Еңбекшіқазақ ауданының жастар ресурстық орталығы және «Мәңгілік ел тұғыры»қоғамдық қорының ұйымдастыруымен жүзеге асқан турнирде 10 команда тартысты.

Бас төреші Талғат Бижанов жарыстың өту барысын, шарттарын түсіндіріп, алдын-ала таратылған жеребе арқылы ойын ретін белгіледі. Тартысты өткен ойын барысында үздік ойын көрсетіп, «Үздік ойыншы» номинациясын Шелек ауылдық округінің ойыншысы Алмат Умбеталиев және «Үздік шабуылшы» номинациясын Малыбай ауылдық округінің ойыншысы Назымжан Бакиров иеленді. Жарыс нәтежесінде 3 орынға Қаражота ауылдық округі, 2 орынға Малыбай ауылдық округі, 1 орынға Есік қаласының волейбол командасы ие болды. Жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен медальдар табыс етілді.

Өз тілшіміз.

Жалындаған жастығында тау қопарып, шаһар тұрғызбаса, білім алып, ілім жинамаса, желіп жүріп жер танымаса, ел қамын ойлап, мемлекетке пайдасын тигізбесе оның несі жастық?! Сондықтан да болар, халықта «Жастықта жиған білімің, қартыққа жұмсар мүлігің», «Парасат көрсең – қарттықтан, тамаша көрсең – жастықтан» дейтіні. Назым Хикмет Ран: «Жастық – арман. Бұл – сенім. Бұл – ерлікке құштарлық. Бұл – болашақ жөніндегі үлкен-үлкен жоспарлар. Бұл – болашақ атаулының бастауы» деп адамның қайталанбас керемет шағын жеткілікті сипаттап бергендей. Ендеше, бүкіл халық сенім артып отырған «арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанатты» жастарымыздың қарқыны қандай? Аудан арманшылдарының алға қойған мақсаттары мен бағдары айқын ба?, – деген сұрақтармен аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Ілебаев Айбек Қасымханұлын сұхбатқа шақырған едік...

  • Құрметті Айбек Қасымханұлы, жастар жылына байланысты Нұр-Сұлтан қаласында ұйымдастырылған «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты салтанатты шарада Нұрсұлтан Назарбаев жас мамандар мен отбасыларды қолдауға қатысты бірқатар тапсырмаларды жүктеген еді. Соның алғашқысы – жастарға арналған баспана. «Халық саны миллионнан асқан ірі қалаларда жылына 1 мыңнан кем емес пәтер жұмыс істейтін жастар үшін салатын боламыз» деген еді Елбасы үкіметке берген тапсырмасында. Бұл тапсырма біздің ауданда қалай жүзеге асуда?
  • Аталмыш бағдарлама аясында ауданымызда жастарға бағытталған, соның ішінде жас мамандарға қарастырылған тиімді бағдарламалар жүзеге асырылуда. Үстіміздегі жылы ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 15 жасқа пәтер кілті табысталды. Сонымен қатар жылдың аяғына дейін тағы бірқатар категориядағы жастарға пәтер кілтін табыстау жоспарланып отыр. Қазіргі білім мен ғылым дамыған заманда жастарымыз «алма піс, аузыма түс» деп, қол қусырып отырмауы керек. Көмек жоқ емес, бар. Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған бағдарламаларды қамти отырып, өзіне жеке баспана алуға да мүмкіндіктерінің көп екендігін атап өткім келеді. Қазіргі уақытта жастар саясаты орталығы да аталмыш бағдарламаларды жастар арасында кеңінен насихаттауға ат салысуда.
  • Сонымен қатар, Елбасы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының тәжірибесі туралы айтып, «Жас кәсіпкер» бағдарламасын әзірлеуді тапсырған. Бұл турасында: «Шағын несие берудің және оқыту ісінің оң тәжірибесі негізінде барлық өңірде «Жас кәсіпкер» бағдарламасын әзірлеу қажет. Жоба аясында жыл сайын білім алатын жұмыссыз жастар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санын 100 мыңға дейін жеткізген жөн» деген еді. Сондай-ақ, Елбасы Үкіметке «Бизнес-2020» жол картасы аясында жас кәсіпкерлер үшін грант бойынша бөлінетін қаражат көлемін екі есеге арттыруды жүктеген. Ауданымыздағы жас кәсіпкерлер Елбасы берген тапсырмалардың игілігін көріп жатыр ма?
  • Дұрыс айтасыз. «Жас кәсіпкер» бағдарламасы бойынша «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы мен жастар орталығы бірлесе үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуде. Бағдарламаға 18-29 жас аралығындағы кез-келген азамат қатысып, 3 апта көлемінде арнайы оқытуға жіберіледі. 19 000 теңге көлемінде степендия ала отырып оқыған жастар 505 000 теңге көлемінде грантқа ие болуына мүмкіндіктері жоғары. Үстіміздегі жылы аталған бағдарлама бойынша 110  жас оқытылды. Осымен қатар, кәсібін бастаған жастарға да көмек көрсетіліп, тиімді жақтары бойынша басқа да мемлекеттік бағдарламаларға ие болуына ақыл-кеңес берілуде.
  • «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында инфрақұрылымды дамытып, жергілікті жерлердің кадрлық әлеуетін күшейту маңызды. Осы орайда Елбасы Н.Назарбаев «Дипломмен ауылға» бағдарламасына енгізілетін мамандықтардың тізімін кеңейтуді ұсынған болатын. Оған қоса, көшіп барғаны үшін төленетін жәрдемақы мөлшерін 70-тен 100 айлық есептік көрсеткішке арттыруды жөн санаған. Бүгінде қанша жоғары білімді жастарымыз осы бағдарламамен ауылға ат басын тіреді?
  • «Дипломмен ауылға» бағдарламасының жоғарғы оқу орнын бітіріп, енді жұмысқа кіріскен жастарымызға тигізер септігі үлкен. Аталмыш бағдарлама бойынша биылғы жылғы жоспарда 105 жасты «Дипломмен ауылға» аттандыру жоспарлануда. Олардың 40-ы баспана алуға, қалған 65-і көтерме жәрдемақыға мүдделі. Бірінші жарты жылдық бойынша 30 жас баспана алуға қаржылай көмек алса, қалған 50 жас көтерме жәрдемақыға ие болып үлгерді. Бағдарлама аясында жастарымыз көбіне білім беру, мәдениет, денсаулық сақтау салалары бойынша қызмет көрсетуде. Жылдың аяғына дейін жоспармен толық қамту қарастырылған. Былтырғы жылмен салыстырғанда ауылға келген жастар саны анағұрлым көбірек.
  • Жас маман – мемлекеттің маңызды бөлшегі екені рас. Елбасының да жас мамандарға артып отырған сенімі мол. Тіпті, ең сұранысқа ие индустриалдық әрі сервистік 100 кәсіп бойынша жетілдірілген 200 оқу орны базасында мамандар даярланатынын айтқан еді Нұрсұлтан Назарбаев. Біздің аудандағы жас мамандардың қарқыны қандай?
  • «Жастар – еліміздің болашағы» деп Елбасымыз айтпақшы, жастардың толық маман иесі болуып, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлестерін қосатынына сенім мол. Байқасаңыздар, ауданымызда да әр салада қызмет атқаратын жастардың саны жыл санап өсуде. Онымен қоса, жұмыспен қамту орталығы арқылы жастарды қайта даярлау курстарынан өткізу жоғарғы деңгейде жүзеге асырылуда. Техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз етуге еңбек нарығының сұранысын есепке ала отырып, ағымдағы жылы ТжКБ-ның (техникалық және кәсіби білім) оқу бағдарламасы даярланған. Әсіресе, кадр мамандарын дайындауға 150 азамат оқыту жоспарлануда. Тамыз айында тізімдері жасалып, қыркүйек айында оқуға жолдама беріледі.  Жыл басынан 430 азаматты қысқа мерзімді қайта даярлауға жіберу жоспарланып, бүгінгі күні 394 азаматқа оқуға жолдама берілді. Аталған кадрлар болашақта ауданымыздың түрлі саласында қызмет етіп, болашақтың қалыбын бірге қалайтынымызға еш күмәнім жоқ.
  • Патриот жастар – елінің ертеңі. Туған жеріне деген сүйіспеншілігі – оқуға, білімге, ілімге деген ұмтылыстарымен, жеткен жетістіктерімен көрініс табатынын біледі жиырма бірінші ғасырдың жалынды жастары. Соған байланысты әрекет етеді. Оның үстіне, елбасының қолдауы бізбен бірге. Атап айтсақ, «Жас сарбаз» бастамасының үлгісімен еліміздегі волонтерлерді, әсіресе, әлеуметтік жобалар саласындағы еріктілерді біріктіру қажеттілігі айтылған еді. Ауданда бұл жоба қаншалықты деңгейде орындалуда? Еріктілермен атқарылған жұмыстар еңселі ме?
  • «Жас сарбаз» бастамасы ауданда толық қолға алынып, ауқымды жұмыстар атқарылуда. «Жас сарбаздың» ауданда арнайы штабы құрылып, түрлі нұсқаулықтар бойынша шаралар ұйымдастырылуда. Сонымен қатар, ауданымыздағы 73 мектепте «Жас сарбаз» бөлімдері құрылып, ерік білдірген жастарды тіркеген болатынбыз. Ауданымызда еріктілер тобы қарқынды дамуда биылғы жылы. «Жақсылықта жарысайық» және «Иманды жастар» атты екі еріктілер тобы бүгінгі күнде жастар орталығымен қоян-қолтық еңбек етіп, көз қуантарлық нәтижелерге қол жеткізіп жүрміз. Атап айтар болсақ, 30 көп балалы және жағдайы нашар отбасыларға апталық азық түлік, мектепке қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз ету, арнайы лагерьлерде спорттық бағытта іс-шара өткізу – барлығы осы ерікті жастардың бастамасымен қолға алынған. Күні кеше осы жастармен бірлесе қаржы жинап, ауданымызда ДЦП ауруымен ауыратын жас бүлдіршінімізге 200 мың теңгеге арнайы арба алдырдық Ресей мемлекетінен. Алдағы уақытта да атқарар жұмыстарымыз көп болмақ. Бір қуантарлығы жақсылық жасауға құштар, жүректеріне мейірім ұялаған жастарымыз орталыққа өз еріктерімен көптеп келуде.
  • «Жастар туризмі халқымыздың бірлігін сақтап, төл мәдениетімізді дамыту мәселелерін қамтиды. Сондай-ақ, ішкі өңірлік байланыстарды нығайтуға, халықаралық серіктестікті кеңейтуге септігін тигізеді. Инфрақұрылымды жетілдіріп, жастардың туристік клубтарын жаңғырту керек» – деп нақтылаған еді Елбасы. Жалпы, біздің аудан – туризмді дамыту үшін ең қолайлы аймақ болып табылатыны белгілі. Оны дамыту мақсатында жастар тарапынан қандай шаралар ұйымдастырылуда?
  • Иә, туризм саласы бүгінгі таңда қарқынды дамуда. Біздегі кенжелеп тұрған бағыт дегенмен, жастар өз тараптарынан қол қусырып отырған жоқ. Алматы облыстық туризм және ақпараттық қызмет көрсету орталығы және жастардың  ұйымдастыруымен ағымдағы жылдың  28-30 маусым аралығында Малыбай ауылының маңындағы Шелек өзенінде рафтингтен Қазақстан Кубогінің бірінші кезеңі ‹‹Chilik Sprint Race-2019›› өтті. Бұл – ауданымызда экстрималды туризмді дамытуға болатынын көрсетті. Аудандық кәсіпкерлік бөлімімен бірлесе  Жастардың туризм саласы бойынша біліктілігін арттыруы бойынша әр түрлі курстарға қатысуына жол ашылуда. Сонымен қатар, облыстық «Жасыл ел» штабымен бірлесе аудан жастары былтырғы жылдан Есік көлінің тазалық жұмыстарын жүргізуді дәстүрлі түрде қолға алған. Шараның негізгі мақсаты – табиғат тазалығын сақтау болса, екіншіден аудан табиғатының сұлулығын облыс тұрғындарына кеңінен насихаттау, келетін туристер санын көбейту. «Есік» өлкетану тарихи музейлеріне, ауданның көрікті жерлеріне туристік паходтар жасау сынды өзге де шаралар топтамасы жылдық жоспарда толық қарастырылған.
  • Әңгімеңізге рахмет! Алдағы істеріңізге сәттілік!

Сұхбаттасқан  Алмагүл НҰҒМАН.

Начало купального сезона в текущем году, показало печальную для Жетысусцев статистику. По состоянию на 25 июля, в водоемах области утонули 25 человек, 10 из них – дети, - сообщает служба коммуникаций Алматинской области.  

О причинах ЧП, а также о мерах безопасности на воде и о соблюдении правил пожарной безопасности в пожароопасный период и при уборке урожая, на площадке региональной службы коммуникаций рассказали представители ДЧС Алматинской области.

По словам спикеров, причиной трагедий, является ненадлежащий контроль родителей и купание в неположенных местах. Они также озвучили что больше всего люди тонут в Капчагайском водохранилище. Все это несмотря на то, что есть специально оборудованные пляжи, люди зачастую купаются на стихийных или так называемых диких пляжах. 

 «Вопреки проводимой работе, буквально недавно, в вечернее время, на Капшагайском водохранилище погибли два человека 1997 и 2000 года рождения. В Илийском районе на одном из необорудованных мест для купания погиб ребенок 10-12 лет. Дети находились без присмотра взрослых. В связи с этим хотелось бы до наших граждан донести основные требования по безопасному проведению их отдыха у воды: ни в коем случае нельзя купаться в необорудованных местах», - говорит начальник отдела ДЧС Алматинской области Игорь Жуков.

Хотя купальный сезон стартовал давно, Департамент чрезвычайных ситуаций Алматинской области все же проводит массовые рейды и комплекс практических и профилактических мероприятия, в целях предупреждения гибели людей на воде и возгорания сухостоев. Сотрудники Службы спасения проводят регулярные рейды по профилактике безопасности на воде на Алаколе, Балхаше и Капшагае. Раздают памятки и учат элементарным правилам оказания первой медицинской помощи при утоплении.

«Причинами чрезвычайных ситуаций на воде является неорганизованный отдых граждан на неконтролируемых спасателями водоемах, незнание или несоблюдение правил безопасности на воде, не выполнение владельцами частных зон отдыха требований безопасности на воде, неумение плавать, переоценка сил при плавании и оставление детей у воды без должного присмотра взрослых. Однако стараниями наших коллег, из водоемов региона, личным составом спасательных подразделений было спасено 46 человек», - говорит руководитель Оперативно-спасательного отряда Сайлаубек Чарапиев.

Рассказали спикеры и о количестве возгорания сухой травы за этот сезон.

- «С начала пожароопасного периода 2019 года в связи с устоявшейся жаркой погодой на территории области зарегистрировано 10 лесных и 2 степных пожара, произошло более 600 загораний, из которых вне территории населенных пунктов 291 загорание на площади более 300 Га, зерновых культур- 2 случая, на общей площади 6 Га. Просим граждан беречь нашу природу от пожаров» - отметил начальник Управления снижения рисков бедствий и контроля в области гражданской защиты Константин Канин.

Сейсенбі, 30 Шілде 2019 14:39

Экономиканың даму кепілі

Мемлекетіміздің 2050 жылға дейінгі даму стратегиясында көрсетілген еліміздің басты мақсаттарының бірі – бәсекелестікке қабілетті тауар шығарып, қызмет көрсетуге бағытталған теориялық алғышарттарды экономикалық нақты көрсеткіштерге ұластыру қажет. Ол – бүгінгі күннің көкейтесті талаптарының бірі. Ол үшін, экономистердің пайымдауынша, әр ел әлемдік шаруашылықта өз тауарымен және қызметімен өз орнын табуы тиіс. Яғни, мемлекет ішкі азық-түлік және киім-кешек  сұранысын мейлінше өзі қамтамасыз еткен жағдайда ғана ұлттық экономика бәсекеге қабілетті болмақ және ол тұрақты экономикалық даму кепілі. Осыны көздеген Тұңғыш Президентіміз шөбі шүйгін, топырағы құнарлы кең байтақ даламызда ауыл шаруашылығы саласына баса назар аударуды тапсырды Үкіметке. Сәйкесінше, мемлекеттен түрлі қолдаулар көріп, төрт түлігін түгендеген шаруалар бүгінгі таңда ұлттық экономиканың дамуына өз үлестерін қосуда.

Осы орайда, Елбасы Н.Назарбаев: «Мемлекет ауыл шаруашылығына жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Қаржыландыру жыл сайын өсіп отыр. Еліміздің агроөнеркәсібінің негізгі мақсаты – ішкі нарықты өзіміздің азық-түлікпен және отандық өнімдермен 80 пайызға дейін қамтамасыз ету. Бүгінгі күні агроөнеркәсіп саласын дамытудың алдағы кезеңге арналған бағдарламасы әзірленген. Бұл салада ауқымды жұмыстар күтіп тұр» – деп, болашақтың іргетасын қалап кеткен еді. Аграрлы ауданымызда да бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылып, жеміс-жидек, сүт пен ет өнімін өндіру қарқынды жүзеге асуда. Әсіресе, қос кеменің басын тең ұстап, өсімдік пен мал шаруашылығымен айналысып отырған шаруалар жетерлік. Солардың бірі – Бартоғай ауылдық округінде орын тепкен «Шелек» өндірістік кооперативі.

Ірі шаруашылықтың іргетасы 1995 жылғы аумалы-төкпелі заманда құрылған. Негізін қалаған ауданымыздың құрметті азаматы Аянбек Дауытқұлов 20 жылға жуық шаруашылықты өзі басқарып, дамытып келген. 2012 жылы өзінің ұлы Исламбек Аянбекұлы өндірістік кооперативті өз қолына алған. Жақында бартоғайлықтарды тұрақты жұмыспен қамтып, сүтті бағыттағы мал өсіруде көпке үлгі болып отырған шаруашылыққа арнайы барып, жұмыс барысымен танысқан болатынбыз.

Жаз маусымында кеңсе мен үйде отырмайтын шаруалардың жайы бізге мәлім болғандықтан, тікелей егістікке жол тарттық. Ойлағанымыздай іздегенімізді егістік алқабынан тауып, кооператив басшысы Исламбек Аянбеков алдымен өсімдік шаруашылығы жайлы әңгіме қозғады. Бүгінде 1050 гектарға соя, жүгері, жоңышқа мен көпжылдық шөп отырғызған олар күз айы таяған сайын жиын-терім науқанына қызу дайындық үстінде. Мұндағы өнімдердің негізгі бөлігі Алматы қаласының маңындағы ірі фермаларға сатылады. Қалғаны өз малдарының қысқы азығына сақталады.

– Біз секілді шаруаларға мемлекет бүгінде үлкен көмек көрсетіп отыр. Өнімдерімізге субсидия бөледі. Жеңілдетілген несие қарастырылған. Осыны пайдаланып осыдан 4 жыл бұрын лизингке соя мен бидай оруға комбайн алған болатынбыз. Оның да белгілі бір бөлігін мемлекет қаржыландырды – деген Исламбек Аянбеков ауыл шаруашылық техникаларын сатып алуда ұйымдастырылған лизинг барлығы үшін тиімді екенін айтты.

«Шелек» өндірістік кооперативінің негізгі бағыты – сүтті бағыттағы ірі қара өсіру. Қазіргі таңда фермада 135 бас «Алатау» мен «Черная пестрая» тұқымды сауын сиыры бар. Арнайы сиыр сауатын отандық аппаратпен қамтамасыз етілген шаруашылықтың өнімдері «ФутМастер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жөнелтіледі. Бұл құрылғылар да жақын арада ауыстырылады. Исламбек Аянбекұлының айтуынша, бағасы 16 млн теңге болатын сиыр сауатын ресейлік «Елочка» құрылғыларына тапсырыс берілген.

– Ірі қара сатып алғанда мемлекет көмек беріп, қордан несие алған болатынбыз. Қазіргі таңда малдарды толықтай игерудеміз. Келешекте мал басын арттырып, сүт өнімін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Негізгі бағытты мал шаруашылығына бұрсақ деген ниет бар – деп жоспарларымен де бөлісті кооператив басшысы. Қазіргі уақытта шаруашылықта 35 ауыл азаматы тұрақты жұмыспен қамтылған. Айлықты есептеу шетелдік принциппен жүзеге асады. Яғни, жұмысшылардың жалақысы істеген сағатына байланысты. Соның өзінде ауылдықтардың орташа айлығы 150-155 мың теңгені құрайды.

Әңгіме барысында кооператив басшысы мал дәрігері маманының жетіспейтіндігін айтып қалды. Сұрастырсақ, округтегі ветеринарлық маман малдың көптігіне байланысты үлгермейді. Десек те, вакциналарын тұрақты жасап тұрады. Сондықтан, білікті жас маман іздеген кооператив жалақы мен тұрғын үй мәселесін шешіп беретіндігін жеткізді.

Сардарбек НҰРАДИН.

 

Дүйсенбі, 29 Шілде 2019 17:11

Ескерткіштер ескерусіз қалмайды

Тарихи мәдени ескерткіштер – ұлттық тарихымыз бен мәдениетіміздің құнды жәдігерлері болып табылады. Қазіргі таңда Еңбекшіқазақ ауданында жалпы саны 386 тарихи-мәдени ескерткіштер бар. Оның ішінде 284 ескерткіш археологиялық, 102 ескерткіш архитектуралық ескерткіштер бар.

Биылғы жылы ескерткіштерді қорғау мен сақтаудың тиімділігін артыру мақсатында  Алматы облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығымен бірлесе отырып аудан бойынша барлық ескерткіштерге бақылау-барлау жұмыстары жүргізілуде. Яғни, ауданымызда орналасқан ең көне ескерткіштерден бастап соңғы жылдары жаңа салынып мәдени мұраларымыздың қатарына енген барлық қала және сәулет ескерткіштері, археологиялық ескерткіштердің орналасу орындары мен бүлінбей сақталуы барлығы дерлік қайта сүзгіден өткізіліп, мемлекеттік тізімге ілікпей қалған мәдени мұраларымыз комиссия шешімімен арнайы мемлекеттік тізімге алынатын болады. Қазіргі кезде 34 архитектуралық ескерткіш, Шелек ауылындағы тарихи-өлкетану музейі, 200 археологиялық ескерткіш мемлекеттік тізіміне алынған болса, қалған 84 археологиялық ескерткіш алдын-ала тізімде тұр. Былтырғы жылы мемлекеттік тізімге ұсынылмай қалған 68 архитектуралық ескерткішке жергілікті қала және ауылдық округ әкімдерімен төлқұжаттары жасалынып, облыстық комиссияға ұсынылған болатын. Алдағы уақытта барлау нәтижесі негізінде ұсынылған ескерткіштердің жай-күйі нақтыланып, мемлекет қорғауына алынуы тиіс ескерткіштер қайта іріктелінетін болады. Қазіргі уақытта Алматы облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығының қала құрылысы ескерткіштерін қорғау бөлімінің меңгерушісі Серік Оңғарбаев мен тарихи-мәдени мұраларды қорғау бөлімінің меңгерушісі Жандос Адамжанов бастаған топ ауданымыздың мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мамандарымен бірлесе отырып, ескерткіштер орналасқан барлық елді-мекендерді қала және ауылдық округтің ескерткіштерге жауапты мамандарымен аралап, сараптама жүргізу үстінде. Барлау барысында анықталған жаңадан табылған археологиялық мұралар есепке алынып, оларды жоюдан, бүлінуден қорғау мақсатында кешенді түрде іс-шараларды жүргізу қолға алынатын болады. 

Балауса Шарғынова,

                                                                  мәдениет және тілдерді дамыту

                                                                  бөлімінің бас маманы.

Дүйсенбі, 29 Шілде 2019 17:09

121 балаға қайырымдылық жасалды

Өздеріңіз білетіндей, өткен нөмірлердің бірінде ауданымыздағы «Тау-Жаңашар» жазғы лагеріне демалуға Арыс қаласынан балалар келгенін жариялаған болатынбыз. Жақында лагерьге арыстық балаларға сыйлықтарымен келген қонақтар олардың күн тәртібімен танысып, жасалған жағдайларын көрді. Игі істі ұйымдастыруға ұйытқы болған «Жетісу білімі» қоғамдық қорының төрайымы, облыстық мектепке дейінгі білім беру қауымдастығының директоры Күләнда Батырбекова: «Біздің жұмыс негізінен, балалармен жүргізілгендіктен кішкентай азаматтардың өміріне бей-жай қарай алмаймын. Әрине, тас түскен жеріне ауыр. Десек те, осында Арыстың балалары келді дегенді естіген соң, жан-жақты ұйымдастыру жұмыстарын жүргізіп, тез арада қаржы жинадық. Атсалысқандардың ішінде қоғамдық қорлардың мүшелері, іскер әйелдер қауымдастығы, облыстық, аудандық кәсіпкерлер палатасы, мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің қауымдастығы бар. Қаржы жиналған соң, балалардың сұраныстарына қарай қажет заттарын алдық. Атап айтсақ,  121 балаға 1 289 300 теңгеге спорт костюмдарын, крассовкалар,  суға түсуге арналған костюмдарын алып, бүгін соны жеткізіп отырмыз», – дейді.

Демалыстарын қызықты әрі пайдалы қылып өткізіп жатқан балдырғандар тіпті «Бізге бұл жер қатты ұнады, сондай қызық» деп бала көңілдерін де білдіріп үлгерді.

Алмагүл НҰҒМАН.

Жұма, 26 Шілде 2019 10:06

Тас мүсіндер тәлімі

«Қыран бүркіт не алмайды күтсе баптап..» Абайдың осы жолдары еске түседі мына суреттегі бір қанаты жартысына дейін сынған, «бүркіт тұмсық» деп қыр мұрынды азаматтардың теңейтін қазақтың жүйрік ат, алғыр тазыдан кейінгі қолқанаты бүркіттің бүгінгі тас мүсіндегі болса да мүсәпірлік кейпі. Көп жылдардан бері тұр Алматы – Талдықорған автобанының Қапшағай су қоймасының гидроэлектростансаға түсер жеріндегі жарқабақта. «Жаралы» бүркіттің мүсіні. Жалпы жол бойындағы тас мүсіндер өнер туындылығы жағынан жолаушыларға эстетикалық әсер етумен қатар аумақтың жануарлар әлемінен де ақпарат беріп отырады. Бұл тұрғыда оңтүстік мегаполисті Талдықорғанмен жалғастыратын автобан бойында ілбіс, арқар дегендей Жетісу жануарларының мүсіндері көз тартады.

Мына екінші суреттегі еліктің құлағы мен мүйізін ғана алып қоймай түз тағысы қасқыр ішін жарып, ішек қарнын да жерге түсіргенге ұқсайды. Бұл мүсін енді солтүстік өңірдегі Көкшетау – Қостанай тас жолының бойында «мүсәпірлік» күй кешуде.

Ал Көкшетау – Нұр-Сұлтан тас жолының бойындағы мүсіндер әдебиет-өнер саласындағы тарихи тұлғаларға көп назар аударылғанын айғайлап айтып тұр десе де болады.

Көкшеден шыға берісте аты аңызға айналған Ақан серінің әйгілі Құлагері тұр аспанға қарап арқырай кісінеп...

Ат үстіндегі Ақан сері бейнесі, Үкілі Ыбырай мен батыр тұлғалы балуан бабамыз Балуан Шолақ тұлғасы да еріксізден өзіне назар аударады. Ал белгілі жазушы атбегі Сәдібек Түгелдің Елорда шекарасына орнатқан қанатты тұлпар Құлагер кешені кәдімгідей ат басын тіреп, көп мағлұмат алатын ат айдаушылардың да (автожолаушыларды айтам) бір мезет дамылдап тыныстайтын тірегіне айналған.

 

Тас мүсіндер, скульптура, бюсттер, ескерткіштер туралы толғау тақырыптар жалғасады. Дей тұра оқырман-көрермендерге өз ұсыныстарын, фото, сурет туындыларын жіберіп тұруды ұсынамыз mezet.kz мекен-жайларына.

Х.АХМЕТЖАНОВ

Есік – Қапшағай – Балқаш – Қарағанды – Нұр-Сұлтан – Көкшетау

Соңғы жаңалықтар

Мам 16, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Құрметті Есік қаласының сайлаушылары! Мен, Кураметов Жан Бауыржанұлы, 1989 жылы Жамбыл…
Мам 16, 2024

АЛАШТЫҢ Ардақты азаматы

«Құдай» қайта қиыпты жерге сені, Көгіме де керек деп бермес еді. Жерге де ортақ бір бала,…
Мам 16, 2024

Семья под защитой закона

Проблема семейно-бытового насилия актуальна в общемировом масштабе. Не является…
Мам 06, 2024

Көрікті көлге көңіл бөлінді

Бүгін «Таза Қазақстан» экологоиялық акциясының аясында Есік көлінде «Мөлдір бұлақ»…
Мам 04, 2024

Еңбегіңді арнай білсең ел үшін, Сол…

 Ел қорғанысының әлсіз болуға еш хақысы жоқ. Әлемде геосаяси мәселелер өршіп тұрған шақта…
Мам 04, 2024

Танк жүргізуші ТЕМІРҚҰЛОВ

Ұлы Отан соғысы кезіндегі алмағайып заманда, от пен оқтың ортасында жүрген жауынгерлердің…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…

Күнтiзбе

« Мамыр 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет