Сейсенбі, 23 Шілде 2019 16:30

Аудан тарихы осылай басталып еді

Аудан еңбеккерлері өндіріс, мәдениет, оқу саласындағы жетістіктермен қатар неше түрлі тар жол, тайғақ кешулерден өтіп, қазіргі егемендік алған заманымызға аман-есен жетті. Әлі де болса халық үшін істелетін істер толып жатыр. Олар «Еңбекшіқазақ» азаматтарының арқасында жасалады. Оған халықтың сенімі мол.

Жер жәннаты Жетісудың бір өзені – атақты Түрген өзені. Осы өзен бойында пайда болып, жаратылған Шоладыр тауының кең етегін алып жатқан жазық дала ертеден-ақ Қаракемер деп аталып кеткен. Бұл аймақта сонау 1770-80 жылдары жоңғар басқыншыларының ең соңғы тобын көп қырғынмен қуып шығып, мекен еткен халықтың ұрпақтары тұрады. Әжібай батыр бастаған халық Түргеннің асау өзенін бөгеп, шөл дала Қаракемерге су шығарып, кешегі күнге дейін сарғайып кеуіп жатқан даланы сулы, егінді бақшалы көк кемерге айналдырды. Бұл аймақ кешегі қазақ батырларының қаны тамған қасиетті жер Әжібай тоғанынан нәр алып, жемісті, өрісі кең, өнімі мол өңірге айналған мекенде замана ағысы кездерінде әртүрлі рулар мен ұлыстар өсіп-өніп келді. Қаракемер болғалы жерінде талай уақиғаларды өткізген мекен. Оған дәлел болатын Жоңғар шапқыншылығы кезіндегі қанды қырғынның ескерткіші ретінде тұрғызылған үлкенді, кішілі бірнеше төбелер мен төбешіктер сол соғыста шейіт болған мыңдаған адамдардың мәйітін бауырына басып, жасырып жатқаны.

Екіншіден, Қаракемер болып қалудың өзі осы басқыншылық кезінде бұл көлемді орманды жоталарды өртеп қара көмірге айналдырып кеткен жау апатының аты болып қалды емес пе?!

Үшіншіден, жоңғар шапқыншылық апатынан аман алып қалған Әжібай, Бақай, Сатай батырлар мен Әшекей сықылды ерлердің қаны тамып, табаны тозып, маңдай тері аққан Қаракемер осы еді.

Міне, осындай қасиетті батыр бабалардың сіңірген еңбегімен қалдырған мекенін ұрпақтары алға жетелеп, шырағын жандырып, Әжібай тоғаны жағасындағы Қаракемер аймағын жер жаннатына, өрісі кең, өнімі мол ұлы мекенге айналдырды. Қасиетін сақтап келеді. Осындай берекелі мекенде өсіп-өнген халқын совет үкіметі орнаудағы неше түрлі қиын кезеңдерден аман алып шығып, бақытты өмірге жеткізген жер осы Қаракемер еді.

Міне, осындай қасиеттері ірі мекен заманымыздың жаңа туып келе жатқан ел игілігін басқаратын орталық болуынан шет қалған жоқ. Азамат соғысы аяқталып НЭП саясаты басталған кезеңде Талғар қаласында губком құралып, оның бір бөлімі осы Қаракемерде губисполком, кейін волисполком болып қала берді.

1922 жылы ел арасына үкімет ісін жүргізу мақсатында осы исполкомның құрамы сайланды. Бұл жөнінде Нұрқадыр Досаев қарт былай деген еді. «Мені Есжанов Байшыбыл Иванов заводына ертіп апарды. Сонда үлкен жиын болып, сайлау жүргізілді. Осы сайлауда біз волисполкомның мүшелерін сайладық. Оның мүшелері болып Егінбаев, Есжанов, Бейсенбаевтар сайланды.  Ал ең ыстық болып Тойбаев Тоққожа деген азамат сайланды. Орталық кеңсесі Қаракемердегі спирт заводының үйі болды. Бұл велиполкомның басқаратын жер аймағы Шелектен бастап, қазіргі азат селосына дейінгі аймақ кірді. Бірақ, барлығы Талғарға бағыныңқы, Қаракемер жер көлеміне, орталық болу ыңғайына қарай таңдалып алыныпты, – деген еді. Осылай ел билеу ісі басталып, осы Қаракемерде кеңестік мекемелер көбейе бастады. Бұл жөнінде Малгалдиев қарт:

– 1924-25 жылдары завод үйлерінде бірнеше мекемелер, 42 партия ячейкесі, жер жөніндегі мекеме, атқару мекемесі, НКВД мекемелері бой көтерді. Мен милициялық қызметте болдым, – деген еді. Міне осылай үкіметтің саясат жұмыстары күннен-күнге ел арасына етек жая бастады.

Аудан құруға бетбұрыс

Қазақстан автономиялық республика комитетінің шешімі бойынша әр жерде аймақтық орталық құрыла бастады. Оның атын аудан деп атады. Аудан көлемі  ең алғашта өте көп алқапты(территоряны) алды да кейін жинақталып, бөлініп-бөлініп кетті, өйткені әр көлемде партия ұйымын құру бабына партия мүшелерінің саны жеткілікті бола бастаған еді. «Бұл жағдай қаракемер аймағында жеткілікті бола бастаған еді», – дейді Досаев. Сонымен, Кеңес үкіметін нығайту, халықты бір орталыққа бағындыру, басшылық ету ісін жүзеге асыру мақсаты мен Талғар волисполкомы қысқартылып оның орнына аудандар дүниеге келе бастады. Сөйтіп, 1927-1928 жылдары Іле ауданы, Еңбекшіқазақ ауданы бой көтерді. 1928 жылдың күзінде Қаракемер ауданы дүниеге келіп, облыстағы ірі ауданның қатарынан орын алды. Бұл жағдай түпкілікті емес еді. Ауданды түпкілікті етіп құрушы партияның алдында тұрған ұлы міндет – ірі байларды конфискалап, олардың меншігіндегі жерді, малды мемлекет қарауына жинақтап, содан соң құру міндеті тұрды. Сонымен 1927-28 жылдары бұл міндет мүлтіксіз орындалып, 1929 жылы көктемде Қаракемерде аудан құрылды. Бұл аудан бұл жылы Қаракемер болып аталды. 1929 жылы Қаракемерден аудан орталығының үйлері салынып, 1930 жылы орталық спирт заводынан Қаракемердің өзіне көшірілді. Кеңселер жетіспегендіктен көп мекемелер спир заводының ескі үйлерінде 1931 жылдың күзіне дейін отыра берді. 1929 жылы аудан аты өзгертіліп жаңа бағытқа байланысты етіп «Еңбекшіқазақ» ауданы қайта құрылды. Осылай аудан аты «Еңбекшіқазақ» болып қала берді.

Аудандардың географиялық орналасу жағдайына келсек, Алматы мен Сөгеті тауына дейінгі аймақта: Шелек ауданы, Іле ауданы шектесіп қатар жатты. Олардың ішінде ортада Еңбекшіқазақ ауданы, Шығыс жағы Таусүгір ауылы мен Тескенсу ауылдары арқылы Шелек ауданымен Батыс жағы Талғар спирт заводы Новоалексеевка селосы арқылы Іле ауданымен шектесіп, терістік батыс жағы қазіргі Жетіген стансасынан бастап Октябрь селосы, Фрунзе селосы, Алға селосы мен Екпінді, Қарашеңгел, Іле өзендерінің төменгі ағысына дейінгі көлемді алып жатты.

Аудан көлеміндегі осы елді мекендерді саяси әкімшіліік ісімен басқарылу мақсатында ең алдымен селолық кеңестер(сельисполкомдар) құрылу қолға алынды.  Тескенсудан Талғарға дейінгі аймақта 14 ауылдық кеңес құрылды.

Олар: Тескенсу ауылдық советі, Маловодный, Ақши, Қаракемер, Балтабай, Александровка, Алексеевка, Азат, Қайназар, Рахат, Есік, 1-Көктөбе, Түрген, Алға ауылдық кеңестері еді.

Бұлардан басқа Түрген, Сандвинтрест совхоздарында өз алдына кеңестері болды. Ауылдық кеңестердің қарауындағы жер көлемі мен оның халқы Еңбекшіқазақ ауданын құрады. Жылдар жылжып өте берді. Кеңес үкіметі органдары нығайып, халық шаруашлығын ұйымдастыру ісі де қолға алынатын уақыт жетіп келді.

Міне 1929 жылдың көктемінде шаруашылықты, халықты ұжымшарға(коллективтендіру) існе де яғни, колхоздастыру дәуірі де келіп жетті. Бұл жөнінде мен жақсы білемін. Олай дейтінім, 1929 жылы мен сауатт азамат есебінде осы ірі қозғалысқа араласып кеттім. Коллектив құрыла бастасымен мен Рахат селосында ұйымдасқан колхозға жауапты хатшы болып сайланып 1931 жылы күзге дейін жұмыс істедім. Ал 1934 жылы техникум аяқтап келген соң мен аудандық жер бөліміне жауапты хатшылыққа тағайындалдым. 3 айдай жұмыс істедім. Соңынан аудандық білім беру мекемесіне, Қырбалтабай селосында мектеп ашып, оқытушы болуға жіберілдім. Олай болу себебі мен педтехникумды бітірген едім. 1929 жылы көктемнен басталған колхоз құрылыс ы 1931 жылдың күзіне дейін-ақ аяқталып аудан көлемінде мынандай колхоздар құрылды: Тескенсу(Бірлік) колхозы, Тауқаратұрық, Буденный, Соц.Қазақстан,(қазіргі Жаңатұрмыс),(Бұлардан кейін Шелек ауданына бөлінді) Ворошилов, Евгеньевка, Казатком, Кашанович, Қайрат, Күш, Қызылқазақ, Мирзоян, Александровка, Еңбек, Фрунзе, Октябрь, Алға, Новоалексеевка, Ават, Азат, Микоян, Рахат, Ярославский, Молотов, Совет, Политотделец, Киров, Таутүрген, Калинин, Сталин, Үміткер колхоздары дүниеге келіп өмір сүрді.

Олардан бұрын 1922 жылы НЭП саясатынан келіп, осы ауданда «Красный восток», «Ленин» деген екі коммуна өмір сүрді. Енді 1931 жылы Есік қаласында «Садвинтрест», Түргенде «Түргенқой» совхоздары құрылып көп шаруашылықтар өсті.

 

Аудан орталығы жайында

Аудан орталығы 1932 жылға дейін Қаракемерде болды. Бірақ завод үйлері ескірді, қызметкерлер мен олардың конторлары сыйыспағандықтан 1932 жылы көктемде аудан орталығы Түрген селосына көшірілді. Бұл жағдайда аудан жасара алмады. Түргенде ұйымдастырылған Қызыларасай, Түрген М.Т.С.-тері бұл жерге сыйыса алмады. Мұны ойлаған аудан басшылары 1934 жылы маусым айында аудан орталығын Есікке көшірді. Аудан өзінен өзі дүниеге келіп, өмір сүрген емес. Оны басқарып алға жетелеуші абзал азаматтар болды. Олар аудан көлеміндегі партия, совет құрылысын нығайта отырып, халық тұрмысын, халық шаруашылығын көркейтуде 1933 жылдан 37 жылға дейін аудандық партия комитетінің бірінші секретары болған Қожанов екінші секретары Досаевтар істеді. Ал аудандық атқару комитетінң председателі болып 1935-37 жылдары Омаров Мұқатай істеді.  Бұл азамат содан кейін көп жылдар бойы өндіріс комбинатының директоры болып істеген. Аудандық комсомол комитетінің секретары болып 1931-33 жылдары Шымшықов, 33-36 жылдары Қозыбаев істеді.

Осы кездерде ауданда ең бірінші ауызға алынатын ұйымдар партия, комсомол ұйымдары, соңынан кеңес, НКВД ұйымдары еді. Басқа мекемелер осылардың айналасында болатын. Міне, аудан осылай құралып, осылай дүниеге келіп отыр. Аудан бірінші дүниеге келген мекені – Қаракемер. Ол мекен аудан тарихының бірінші бетінде Қаракемер ауданы деп жазылып қалды. Нақ солай қала береді. Міне осындай Еңбекшіқазақ аталған еңбек иелері мен басшылардың табан ет маңдай терімен ауылдар мен селолар көркейіп халық игілігіне айналған аймаққа жетіп, халқымыз мәдениетті, сауатты, білімді елге айналып, қаншама ұл-қыздар неше түрлі мамандықтар мен ғалымдық дәрежеге ие болып, өсіп жетті.

Аудан халқы бүкіл Қазақстан халқымен бірге егемендіктің көк туын көкте желбірете бермек.

Әбдінұр МАТАЕВ,

Еңбек және соғыс ардагері.

Помимо своей основной работы государственные служащие Алматинской области ведут активный образ жизни. Они уже успели поучаствовать в различных спортивных соревнованиях, посостязаться в стрельбе «Пейнтбол» и превратили в традицию еженедельно устраивать мозговой штурм в интеллектуальной игре «Head play».

Белые воротнички показали себя и в новом амплуа. При организации управления внутренней политики Алматинской области, ДАДГС ПК по Алматинской области и РСК Алматинской области,  в парке культуры и отдыха «Жастар»,  на площадке амфитеатра,  состоялся караоке- конкурс среди государственных служащих «Дала дауысы».

Конкурс состоял из двух этапов. Всего приняли участие 27 конкурсантов, 7 из них прошли в финал. Несмотря на то, что ранее участники не занимались вокалом профессионально, они смогли завоевать любовь зрителей.

«Главная цель проводимых наших мероприятий- показать всем, кто на сегодняшний день работает во благо народа. А сами госслужащие должны почувствовать внимание, как со стороны руководства, нашего агентства,  так и со стороны населения. В нынешнее время стиль их работы изменился. Как ранее работники управлений, департаментов и акиматов не сидят круглыми сутками в своих кабинетах. На равне с работой, у них есть все возможности заниматься спортом, любым делом и даже показать свои вокальные данные. Я рад, что среди моих коллег есть такие талантливые люди», - поделился руководитель ДАДГС ПК по Алматинской области, Серикбай Нургисаев.

Организаторы и члены жюри оценили участников на должном уровне. Трое участников заняли почетные 1,2,3 места и были награждены ценными подарками.

Стоит отметить, что такого рода песенный конкурс среди государственных служащих организован впервые не только в области, но и в стране.

 

Тың бастаманы Алматы облысының ішкі саясат басқармасы мен Кірістер департаменті ұйымдастырды.

Дала дауысы деп аталатын байқау өңірде алғаш рет өткізіліп отыр. Қалалық мәдениет және демалыс паркінде өткен тартысты сайысқа  облыстың әр аймағынан 28 қатысушы келіп, қатысты.

Ашық аспан астындағы караоке батл еркін форматта өтті. Әнге жаны құмар тұрғындар ән салып, мәз-мейрам болды, өзгелерге де көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Қатысушыларға өнер саласында жүрген аға буын өкілдері  қазылық етті. Озып шыққан әуесқой «әншілерге» бағалы сыйлықтар мен алғыс хаттар табысталды.

 

Биылғы жыл басынан бері Жетісу өңіріндегі облыстық жергілікті атқарушы органдарының Әдеп жөніндегі уәкілдерімен 332 алдын алу және түсіндіру іс-шаралары өткізілген. Сонымен бірге мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінің талаптарын сақтау мәселелері бойынша 623 жеке консультативті көмек көрсетіліп, заңдық кеңес алуға келген 513 азамат арнайы жеке қабылдауда болған. Бұл туралы Талдықорған қаласында «Алматы облысындағы Әдеп жөніндегі уәкіл институты» тақырыбында өткен баспасөз мәслихатында айтылды.

БАҚ өкілдері алдында сөз алған Алматы облысы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Талғат Өмірәлиев: «Әдеп жөніндегі уәкілдің институты Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 12 – қадамында анық атап көрсетілген. Бағдарламаны жүзеге асырудағы мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын сақтауы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы әдеп кодексі бойынша заң  бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ өздерінің функцияларының шеңберінде мемлекеттік қызметшілер мен азаматтарға кеңес беру үшін енгізілген. Нақтырақ айтқанда, бұл мемлекеттік қызметшілердің қарапайым халықпен қарым-қатынас жасауда әдепті, ибалы, мәдениеті болуын жан-жақты дәріптейді» -деп атап көрсетті.

Осыдан соң Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Алматы облысы бойынша департаментінің Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының басшысы Ұлан Қалжанов: «Ағымдағы жылдың 6 айында Әдеп жөніндегі кеңестің, арнайы мониторингтік топтың мүшелерімен, және БАҚ өкілдерімен бірлікте мемлекеттік қызметшілерді үстеме жұмысқа тартуды жою бойынша тиісті жұмыстар жүргізілген болатын.  Бұл бағытта 102 профилактикалық іс-шара ұйымдастырылып, нәтижесінде 2 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен бірге 7 мемлекеттік мекемеден үстеме жұмыс істеу ісі анықталып, уәкілетті тұлғаларға заң бұзушылықты жою туралы ұсынымдар енгізілді. Соың нәтижесінде қазір Алматы облысында заңсыз үстеме жұмысқа тарту 10 есеге қысқарды» -деді.

 

Айдын Кәлімхан

Дүйсенбі, 22 Шілде 2019 11:33

Әлемнің мәні – ӘЙЕЛДЕ

«Гендерлік саясат» ұғымы әу баста батыстың феминистік қозғалысы кезінде бастау алғаны белгілі. Большевизм жеңіске жетіп, Кеңестер одағы құрылғанда да алғашқы көтерген мәселесі әйелдер теңдігі болды. Жаратылысынан берілген әлсіздігі өндірістік, отбасылық қарым-қатынастарда айрықша көрініс тапты. Ерлермен теңдей дәрежеде  жұмыс істесе де жалақы айырмашылығы, отбасылық құқық жөнінде қатты қысымға ұшырады.  Батыстықтар ХІХ ғасырдың орта шеніне дейін өздеріндегі сенім бойынша Адам атаға тыйым салған жемісті жегізіп, бүкіл адам баласын жұмақтан шығарған, жер бетіндегі бүкіл күнәларға себеп болған Хауа ана болғандықтан барлық әйелдерді лағынеттеп жек көрген. Ислам діні келгенше Араб елдерінде де қыз балаларды қорлау қалыпты жағдай болған. Көне араб ерлері әйел адамды зат ретінде санап, тек тән рахаты үшін қолданатын. Бұған араб поэзиясындағы өлең жолдары мен тарихтағы оқиғалар куә. Араб қоғамының отбасында ер адам толық басшылық жасады. Әйелді күйеуге қамқоршылары ұзататын және әйелдің оларға қарсы шығуға құқығы болмайтын. Зинақорлық кең етек алғандықтан әкелері ондай қорлыққа шыдамай  қыз баласын туа  сала тірілей көміп тастайтын болған. Өлтіруге қимағандары қыздарын ұлдарша киіндіріп, жұрттан жасырып ұстаған. Ал ислам діні келгеннен кейін әйелдердің құқығы мен міндеттері айқындалды. Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбар: «Кімде-кімнің үш (екі я бір) қызы болса, соларға жақсы қараса, ақыретте жұмаққа барады» деп, қыз балаға мейіріммен қарап, ұлдан кем көрмеуді өсиет еткен. «Сыйлық әкелсеңдер, алдымен қыздарыңа беріңдер» деген де өнегелі хадисі кездеседі. Осылайша қыз бала әкесін жәннатқа кіргізсе, күйеуінің иманын толықтырар, жүрегінің тыныштығы, көз қуанышы болатындығы, өмірге перзент әкеліп, ана атанғанда табанының астында жұмақ жататындығы қасиетті Құран кәрімде жазылған. «Сендердің ең жақсыларың әйелдеріңе жақсы қарағандарың» деген де Хақ сөзі асыл дінімізде әйел құқығының қорғалатындығына дәлел.

Осыған қатысты Нұр-Мүбәрәк Египет Ислам мәдениеті университетінің докторанты Салтанат Қағазбекова пікір білдірген еді:

«Исламда қыз бала тұрмысқа шыққаннан кейін, отбасын асырауға тек ер кісі жауапты. Әйел адамға ол міндеттелмеген. Неге? Өйткені, оның физиологиялық нәзіктігін ескеріп, бұл міндет ер адамға жүктелген. Екіншіден, мирас мәселесіне қатысты. Әйел адамға берілген мирас ер адамға екі есе беріледі. Бұл жерде Исламда әйел мен еркек тең емес екен, өйткені, мирас екеуіне екі түрлі беріліп тұр деген пікір тууы заңды. Отбасын құрмаған қыз балаға мирас беретін болса, ол тек өзінің қажетіне жаратады, ол мирас бөліске түспейді. Ал, қыз бала тұрмысқа шыққаннан кейін, оның нәпақасын табуы, бала-шағасының бүкіл материалдық тұрғыдан жағдайын жасау ер адамның мойнында. Әйел адамға мирас аз берілетін себебі содан. Куәгерлік кезінде де екі түрлі болады. Яғни, ер адам бір өзі куәгерлік берсе, ал, әйелдерден екі адам куәгерлік бере алады. Себебі, тағы да, сол әйел затының жаратылысына байланысты. Куәгерлік берген кезде, әйел адам жаны ашып, иә мейірімділігі ұстап, біржақтылыққа ұрынуы мүмкін. Сондай-ақ, әйел адамның табиғи ерекшелігіне қарай, белгілі бір уақыттарда құлшылықтар орындалмайды. Ол оның кемшілігі емес, артықшылығы. Келесі ерекшелік – талақ немесе ажырасу мәселесіне қатысты. Басқа діндерде әйел адам ажырасуға ешқандай құқығы болмауы мүмкін. Ал, Ислам дінінде, егер әйел адам белгілі бір жағдаяттарда өзінің ажырасқысы келетін болса, оған ешқандай қарсылық келтірілмейді. Бірақ, талақ мәселесінде соңғы шешім отбасындағы ер кісінің үлесінде қалады. Ол да әйел адамның табиғатынан, мінезіне байланыс-ты  туындайтын жайт», – деп исламдағы әйел құқықтарының ерекшеліктерін атап көрсетті. Бұл жерде байқағанымыздай, әйел мүддесі тапталып, не құқығы қорғалмай жатқан жоқ. Керісінше, эмоцияға беріліп, бұрыс шешім қабылдаудан сақтап, нәзік болмысына байланысты жауапкершілігін азайтуда.

Қазақ қоғамы дінге берік,  салт-дәстүрге мығым халық екені бесенеден белгілі. Ежелден қызым – құтым деп, төріне отырғызып сыйлап, жат жұрттық деп ерекше құрметпен қараған. Еркелетсе де есіртпей, қырық үйден тыйым жасап, тәрбиесіне аса мән берген. «Бір қолымен бесікті, бір қолымен  әлемді тербетеді» деп аналарымызға керемет теңеу берген де дана халқымыз. Ошақ қасындағы тіршіліктен бөлек, ел бірлігі, ұрпақ болашағы үшін маңызды істерге де араласқан. Оған тарих куә. Сонау Сақ дәуірінде атқа мініп ерлермен қатар елін жаудан қорғаған Тұмар ханшайымның Кир патшасымен соғысы дәлел. Бір шаңырақтың ғана емес, үлкен әулеттің, тіпті бір рулы елдің берекесін келтіріп, мәселесін шешіп, несібесін  тасытқан абыз аналарымыз да баршылық. Соның бірі – Бәйдібек бидің жары болған Домалақ анамыз. Ақылы мен көрегендігі хақында аңыз әңгімелер халық арасында жетерлік. Бірде қалың жау Қаратау жерін жайлап отырған Бәйдібектің ауылын шауып, сан мың жылқысын айдап әкетеді. Бәйдібек бастаған ер азаматтар ауылда болмаса керек. Содан жау шапты деген хабарды естіп, елден жасақ жиып, үлкен бәйбішесі Сарыдан туған алты баласын ертіп, жауға аттанғалы жатқанда Домалақ ана: «Байеке, малдың құты, жылқының иесі құла айғыр қолда қалды. Амандық болса, алты күннен кейін жылқылар жауға қайыру бермей өзі ауылға қайта оралады. Жауды қумаңыз, азаматтар аман болсын, осы тілегімді орындаңыз», деп өтінгеніне қарамай, Бәйдібек жасағы жауға аттанып кетеді. Күйік асуында ұрыста жеңіліске ұшырап, алты ұлынан да айырылады. Арада алты күн өткенде байлаулы тұрған құла айғыр жер күңіренте дүлей күшпен кісінейді. Шығыстан қалың шаң көтеріліп, ұзамай Бәйдібектің жылқысы көрінеді. Ереуілдеп барып, қайтара алмаған жылқының осылайша Домалақ ана даналығымен үйде отырып-ақ кері оралатынын білген деседі.

Ел басына күн туғанда қолына қаруын алып ер азаматтармен қатар соғысып, жауға шапқан батыр қыздарымыз қаншама. Әрідегі Әбілхайыр ханның зайыбы Бопай ханшайым, Есім ханның шолғыншы батыры Ақбикеш Ару, Қаракерей Қабанбайдың жан жары Гауһар батырлар айрықша табандылық көрсетіп, жойқын жорықтарда ерлермен тізе қосып, қанды шайқастарда қатар соғысқан. Бертіндегі қайсар қыздарымыз Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Хиуаз Доспановалардың  ерліктері келешек ұрпаққа үлгі. Азаматының абыройын асқақтатып, ақыл-кеңесін беріп, даналығын танытқан Жиренше шешеннің Қарашашы, Қобыландының Құртқасы, Алпамыстың Гүлбар-шыны сынды асыл аналарымыз ертеден әйел – еркектің серігі екенін көрсетеді.

Қазіргі қоғамда да аруларымыз нәзік жанды дегенмен, қаһармандық танытып жүрген батыр қыздарымыз да, іскерлігімен оқ бойы озатын кәсіпкер де, ғылымда түрлі жаңалық ашқан ғалым да,  халқын қорғар сақшы да, көлік жүргізуші де болып, тіпті, өрт сөндіру, құтқарушы қызметінде де ерлермен теңдей қызмет қылып жүр. Қарым-қабілетіне байланысты қай бағытты таңдаймын десе де шектеу жоқ. Жалақы мәселесі де қиындық туғызған емес.

Тек бүгінгі күні туындайтын мәселе – отбасылық кикілжің кесірінен әйел адамға көрсетілетін зорлық-зомбылық. Еліміздің отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы былтыр 14 мыңға жуық әйелге күш қолданылғаны жөнінде мәлімет берген. Соңғы екі жылдың өзінде 50 мыңға жуық адамға ескерту беріліп, 40 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Мұндай құқықбұзу-шылыққа барғандарға заң бойын-ша 3 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынып, 10 тәулікке дейін қамауға алу шарасы қарастырылған. Сондай-ақ, ішкі істер министрлігінде әйелдерге араша түсетін арнайы бөлімшелер ашылған. Әйелдерге заңдық-психологиялық тұрғыда көмек беретін 20 дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен гендерлік теңдік стратегиясы бекітілді. 2009 жылы «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы туралы» №214 заң қабылданды. Осы заңның 26-бабында ұрып-соғу, күш көрсету, зорлық-зомбылық, қысым көрсету секілді түрлі мәселелер толық қамтылған. Бүгінде әйел адам өз құқығын толық қорғай алады. Заң аясында түрлі шаралар ұйымдастырылып, аналар үйі, психологиялық та кеңестер беретін орталықтарда қазіргі нарық заманында әйелдер қауымының сауатты болуына, отбасын сақтап қалуына, балаларына жақсы тәлім-тәрбие беруіне үйретеді.

 

ТҮЙІН. «Қай жерде, мейлі, қай елде, әлемнің мәні – әйелде...» деп ақын Жүрсін Ерман айтқандай өмірдің сәні де, тіршіліктің әрі де, шаңырақтың шаттығы, отбасының ұйытқысы да – әйел. Алла тағала әйелді жаратқанда оны алтыншы күннің кешінде бітіріпті. Қасынан өтіп бара жатқан періште: «Сен неге бұл үшін ұзақ жасадың?» – деп сұрайды. Сонда Алла тағала: «Бұл жаратылыстың болмысы ерекше. Ол екі жүзден астам қимыл әрекетті біледі. Бір мезетте бірнеше баланы құшағына басып, мейірімді жүрегімен жарылған тізеден жараланған жүрекке дейін емдей алады.  Өте нәзік, сонысымен мықты. Көз жасымен қуанышы мен қайғысын, қасіреті мен күдігін,  махаббаты мен сезімін білдіреді. Әйел ерінің жүрек тыныштығы, көңіл қалауы, сырының иесі, отының көзі, қамқоршысы, ақылшы, кеңесшісі. Олар бір-бірін толықтырып тұрады. Әйел еркектің өзінен жаратылған. Жарын қорлағаны – өзін сыйламағаны» – деп  әйел мәртебесінің биіктігін сипаттап берген екен.

 

 

Жансая ЫСҚАҚ.

Діни түсінік тұрғысынан алғанда дін – дүние-болмыстың жаратылу мақсатын, оның сыр-сипатын түсіндіріп, танып білуге және адамның рухани жетілуіне мүмкіндік жасайтын іс-әрекеттер мен дүниетанымды, болмысты толық қамтитын өте кең, ауқымды ұғым.

Діннің екі сипаты бар. Сыртқысы – ғибадат ету, ал ішкі сипаты – имандылық. Имандылық – барлық дерлік діндерге ортақ, діннің ішкі мәнін білдіреді, сондай-ақ, ғибадатты да қамтиды, адамның сыртқы және ішкі болмысын тәрбиелейді.

Діннің басты мақсаты – адамның рухани жетілуі және оның Жаратушы Құдаймен байланысын орнату, Жаратушыға деген сүйіспеншілікке жету және оның мейірімі мен кешіріміне ие болу, рухани тазарып, жетілу. Олардың ішкі мәнінде ғана емес, салт-рәсімдерінде де көптеген ұқсастықтар бар.

Әлемдік діндердің бірі исламға тоқталсақ, ол өзін бір ұлтқа немесе тек мұсылмандарға ғана жіберілген дін емес, бүкіл әлемге ортақ құндылық ретінде танытады. Сондықтан Құран Кәрімде қаратпа сөздер «ей, арабтар» немесе «ей, бәдәуилер» деп айтылмайды, «ей, адам ұрпақтары», «ей, адамзат баласы» және «ей, мүминдер» деп жалпыға ортақ атаулар ретінде қолданылады.

Құндылықтар жалпыадамзаттық және ұлттық болып бөлінеді.Жалпыадамзаттық құндылықтар – бұл барлық мәдениеттер мен заманалар өкілдері үшін ортақ болып саналатын іргелі, жалпыадамзаттық бағдарлар мен нормалар, моральдық құндылықтар. Олар адам тегінің ұлттық, саяси, діни және басқа да қатыстылығына тәуелсіз жалпы мүддесін білдіруімен ерекшеленеді және сол арқылы адамзат өркениеті дамуының басымдығы болып табылады.

Мысалы:

- барлық елдердегі көптеген негізгі заңдар жалпыадамзаттық құндылықтарға жатады (мысалы, кісі өлтіруге, ұрлық жасауға және т.б. тыйым салу);

- сөз бостандығы, адам құқықтары сияқты бірқатар либералдық принциптер жалпыадамзаттық құндылықтар болып табылады;

- көптеген діндер өз ұстанымдарын жалпыадамзаттық құндылықтар деп санайды. Мысалы, Мұхаммед пайғамбардың: «Адамдардың жақсысы – өзгелерге пайдасын тигізгені» деген хадисі жалпыадамзаттық құндылықты көздейтін қағидат болып табылады.

Құндылықтар рухани мәдениет түрлеріне қарай адамгершілік (қайырымдылық, жауапкершілік, ұят, ар, абырой), эстетикалық (әсемдік, маңыздылық), діни (сенім), ғылыми (ақиқат), саяси (бейбітшілік, әділеттілік, демократия), құқықтық (заң және құқық тәртібі) болып жіктеледі.

Адамзат қоғамын өркениетке жеткіз-ген құндылықтар кешені бір-бірімен тығыз байланысты. Соның ішінде дін қағидаттарымен тікелей байланысты рухани-адамгершілік құндылықтар ерекше орын алады. Адамгершілік құндылықтар адамның мінез-құлқы, іс-әрекеті, қарым-қатынасы, көзқарастары арқылы сипатталады. Сыйластық, өзара құрмет, ар, абырой, имандылық – бұлардың барлығы әлемдік діндерде маңызды орын алатын, негізгі ұстанымдар болып табылатын адамгершілік құндылықтар.

Қоғам өміріндегі маңызды құндылық-тардың бірі – ұлттық құндылықтар – белгілі бір этникалық қауым өкілдерінің өзіндік тарихи көрінісі бар рухани мұраттарының жиынтығы. Мемлекет басшылыққа алатын құндылықтар, идеялар мен басымдықтар жүйесі Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың еңбектерінде тұжырымды түрде баяндал-ған. Бұлар – ұлтаралық келісім және ұлттар арасындағы бірлік, қазақстандық патриотизм, жоғары тіл мәдениеті, толеранттылық, тұрақтылық және жаңғырту.

Ұлттық құндылықтар көп орайда діни құндылықтармен үйлесім табады. Бұл біріншіден діндердің қоғам өмірін реттеу мақсатында қалыптасқан институт ретіндегі қызметімен үйлесіп жатса, екінші жағынан көптеген ұлттардың дәстүрі өздерінің ата діні саналатын әлемдік немесе ұлттық діндердің аясында дамығандығымен де байланысты болады.

Бір ғана мысалға тоқталсақ, дін құндылықтарының ішінде бейбітшілік пен келісім ерекше орын алады. Өйткені, бейбіт өмір ғана дін адамына Жаратушының алдындағы пенделік міндеттерін орындауға мүмкіндік береді.Ал зайырлы қоғам тұрғысынан қарасақ, бейбітшіліктің маңызы тіпті өлшеусіз. Яғни, дін ісі де, дүние ісі де бейбітшілік жағдайында ғана көгеріп-көктейді. Осыны түйсіну өз кезегінде ел азаматтарын отансүйгіштік сезімдерге тәрбиелеп, елдік мұраттарға жетелейді. Өйткені тыныштық, тұрақтылық пен татулық тек заңдылыққа, тәртіпке, жүйеге негізделген біртұтас құрылым – мемлекет аясында ғана орнайды. Сондықтан да Исламда «Отанды сүю – иманнан» делінеді, дінге қызмет – елге қызмет деп бағаланады.

Құндылықтар қоғамның даму бағ-дарлары мен өмір сүру мәнерін белгілейді. Құндылықсыз қоғам – бағдарсыз қоғам. Құндылық – қондырма емес, ол қоғамның өзі ішінен қай-нап шығады, мемлекеттік би-лікке тәуелсіз қа-лыптасады. Оның идеологиядан айырмашылығы да осында.

Құндылық – уақыт сынынан өткен және заман озған сайын түлеп отыратын идеялар мен ұстанымдар. Ешбір өркениетті қоғам уақыт сынынан өтіп, өміршеңдігі мен жасампаздығын дәлелдеген дәс-түрлі құндылық-тарсыз алға басып көрген жоқ. Өйткені дәстүрлі құндылықтар – ішкі тұрақтылықтың тұғыры, рухани қауіпсіздіктің тірегі және бастысы – ұрпақтар сабақтастығының негізі.

 

Ақнұр ТҮРЛІҚОЖА,

«Алматы облысы дін істері басқапрмасының Дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығының дінтанушы маманы.

Латын әліпбиіне көшу – ұлтымыз үшін жасалған маңызды қадамдардың бірі. Ұлы Дала елінің тарихына көз жүгіртсек, бірінші тұғыры – жер, екіншісі – тіл, үшіншісі – мемлекет және оның тарихы болуы керектігі айқындалады. Ағартушы-педагог, ғалым Ахмет Байтұрсынұлы: «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі» деген.

Алаш қайраткерлері де латын әліпбиін жазу-сызуда қолданды. Бұл бізге таңсық дүние емес. Латын әліпбиі әлемде кеңінен қолданылады. Латын әліпбиі б.з.б. VII ғасырда Римде грек және этрус әліпбиінің тармағы ретінде пайда болып, б.з. I ғасырында қалыптасқан. Орта ғасырда латын әліпбиі Еуропаға тарады. Африка, Америка және Азия халықтары пайдаланды. Қазіргі латын әліпбиінде 25 әріп бар. Дауысты дыбыстар е әрпі созылыңқы және қысқа айтылуына байланысты мысалы: Liber - тәуелсіз, Liber – кітап сөздердің мағыналары өзгереді. Ұлт зиялылары Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов сынды ел мен тіл жанашырлары қазақ әліпбиін құруға көп еңбек сіңіргенін білеміз. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өзінің «Рухани жаңғыру – болашаққа бағдар»  атты көлемді мақаласында «Қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру қазақ халқының алға жылжуына, жаңа заман талабына сай өсіп-өркендеуіне әкелері сөзсіз. Латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге жетуіне жол ашады» деген болатын. Осыған орай, аудандық кітапханада да көптеген шаралар ұйымдастырылып, жүзеге асуда. Сонымен қатар, 15 ауылдық кітапханалар да  латын әліпбиіне байланысты  іс-шаралар өткізіп, безендіру жұмыстары латын қарпіне ауыстырылып  жазылды.

Г.Саурықова,

аудандық кітапхана қызметкері.

Бейсенбі, 18 Шілде 2019 12:02

Ұлттық ойын – ұлы мұра

Әлбетте, тоғызқұмалақ – ақыл-ой бәйгесі. Ғасырлар тоғысынан түгесілмей бүгінге жеткен ұлттық мұрамызды дәріптеу мақсатында жуырда Рахат округіне қарасты Қайназар мәдениет үйінде аудандық тоғызқұмалақ ойнаудан турнир ұйымдастырылды. «Мәңгілік Ел тұғыры» қоғамдық қоры мен аудандық жастар ресурстық орталығының біріккен іс-шарасына 9 ойыншы қатысты.

3 сағатқа созылған ақыл-ой бәйгесінде барша қатысушыларды ынталандыруды көздеді ұйымдастырушылар. Сонымен қыздар арасында А.Әскерова «Жас ойыншы» номинациясын жеңіп алса, М.Дүйсенова – үшінші, А.Аскерова – екінші, Қ.Абдуханова жүлделі бірінші орынға қол жеткізді.

Сәйкесінше, ұлдар арасында Д.Тектібаев пен Д.Қали үшінші орынды бөлісті. Екіншіге – Б.Есімбек, біріншіге – Б.Абдумаликов жайғасты. Нұржігіт Қайнарбекұлы «Үздік ойыншы» номинациясымен марапатталды.

Өз тілшіміз.

Бейсенбі, 18 Шілде 2019 11:59

Димаштың жоспары көп

Жуырда ғана Грузияны бағындырған жас ақын, жерлесіміз, Көлді орта мектебінің оқушысы Дінмұхаммед Бекболатұлы облыс орталығында болып қайтты. Алматы облыстық аймақтық коммуникация қызметінің баспасөз брифингіне қатысқан бала Димаш журналистердің түрлі сұрақтарына жауап беріп, алдағы мақсат-мұраттарымен бөлісті. Жоспарларының бірі – алдағы уақытта жеке шығармашылық кешін ұйымдастыру  екен. Ендеше, болам деген баланың белін буып, тілеуін тілейік. Себебі, бұл да қазақ жастарының жарқын көрінісі.

Алмагүл НҰҒМАН.

Сейсенбі, 16 Шілде 2019 14:40

Мұсылмандық сипаты

Ислам – қоғам ішінде бейбіт өмір сүру мен тәртіп сақтауға шақыратын дін. Бұл әрбір адамның Алланың және адамдардың алдындағы мұсылмандық міндеттерін толық орындауы-на мүмкіндік береді. Үлгілі мұсылман өз мемлекетіндегі заңдарды сыйлайды, онда қоғамдық-саяси тұрақтылық пен тыныштықтың болуын қалайды, оның экономикалық жағынан өрістеуіне де қажыр-қайрат жұмсайды. Ол мойнына елдің келешегі жүктелген азаматтарға дұға жасап, оларға Алладан игілік тілейді.

Ислам тек құлшылықтар діні ғана емес, ол қоғамды, Отанды қорғап, елді сүюге, адамзатқа адал болуға, айналаға пайда келтіруге тәрбиелейтін парасат діні.

Ислам дінінің тәрбиелік маңызы зор. Ислам діні – мәдениеттіліктің бастамасы, оны қорғаушы күш. Ислам өзінің жолын құлдықты жою, кедейлерге көмек көрсету сияқты маңызды әлеуметтік-экономикалық реформалардан бастады, әлемге басқа әлемдік діндерден өзгеше, берекелік жүйесін берді. Ислам бойынша, бақытты өмір сүрудің кілті – имандылықта.

Ислам діні – әрбір мұсылман-ның әлеуметтік жағдайына да басты көңіл бөледі. Отбасы, бала тәрбиесі, мұсылман арасындағы қарым-қатынастың жүйелігін ислам жіті қадағалайды және кез келген әлеуметтік мәселелерді түсіністікпен шешуге, ауыртпалықтарға сабыр етуге шақырады. Осының нәтижесінде мұсылман-ның бойында белгілі бір мінез-құлық пайда болады.

Ислам қоғамындағы тыныш-тық пен ынтымақты сақтау үшін мұсылман қауымынан мынандай негізгі қағидаларды сақтауды талап етеді. Бірінші, өзгенің ақысын бұзбау. Ислам дінін қабылдаған, Құраннан нәр алған әрбір мұсылман өзгенің ақысын жемей, ала жібін аттамай, өзге мұсылман бауырына зиянын тигізбеуі керек. Екінші, әділ болу, жақсы қатынас жасау. Үшінші, жақсы мінезге ие болу. Ислам жақсы мінез-құлықтан тұрады. Пенденің иман тұрғысынан кәмілдігі мен әлемнің тыныштығы жақсы мінез-құлықпен жүзеге асады. Төртінші, сенім еркіндігі. Ислам жеңіл дін әрі ешкімді сенімі үшін айыптамайды. Дінде зорлық жоқ. Бесінші, мейірімді және кешірімді болу.

Шынайы мұсылман өз шама-шарқынша қоғамға пайда келтіргені жөн. Жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыюдың өзі жақсы амал. Исламда сауапты істер жасау – бауырмалдық, қайыр-садақа жасау, зекет беру, адал еңбек ету секілді көптеген құндылықтарды қамтиды.

Мұсылман үшін отбасын бағып-қағу да үлкен сауап. «Ер адамның садақа етіп шығарған динарының ішіндегі ең абзалы – өзінің қарамағындағылары үшін шығарған динар, Алла жолындағы өзінің көлігіне шығарған динар және де Алла жолындағы өз жолдастары үшін шығарған динар» делінеді хадисте (Муслим).

Шынайы мұсылман баласы үшін ешкімге мұқтаж болмай өмір сүру, адал жолмен мал табу – басты өмірлік қағидаттардың бірі. Миқдад ибн Мағди Якрабтан жеткен риуаятта Мұхаммед Пайғамбар: «Ешбір адам өз қол еңбегімен тапқан тағамынан тәуір тамақ жемеген. Расында, Алланың пайғамбары Дауіт те қол еңбегімен тамақ тауып жеген» деген.

Исламның іргетасы жақсы мінезге құрылған. Жақсы мұсылман болу үшін көркем мінезге бай болу керек. Исламның биік өнегелі тұлғасы – Мұхаммед пайғамбар ерекше көркем мінез иесі болған. Бұл жөнінде Құранда: «Әлбетте, сен көркем мінезге иесің» («Қалам» сүресі, 4-аят) делінген.

Кісі ауырғанда оның жағдайын сұрау, дүние салса көңіл айту, қолдан келсе көмек көрсету – мұсылмандық сипаттардан. Пайғамбар былай деп баяндайды: «Ауру адамның халін сұрауға баратын жол – жәннатқа баратын жол, ал ол адамдарға періштелер қанатын төсейді».

Мұсылман сипаттарының тағы бірі – бауырмалдық. Мұхаммед Пайғамбар: «Сендердің ешбірің өзіне қалағанын діндес бауырына да қаламайынша, толық иман келтірген болмайды» деген.

Осындай көркем сипаттар кез-келген адамның бойында табылса, онда ол өмірінің әртүрлі сынақтарынан сүрінбей өтіп, кез-келген әлеуметтік жағдайлардың шешімдерін оңай таба білмек.

Дін ұлтты ұйыстырушы фактор және гуманистік қоғамдық құбылыс ретінде ұлтаралық үдерістерді тұрақтандыруға, бейбітшілік пен адамзаттық келісімнің орнығуына әсер етеді. Қазіргі Қазақстанның діни саласына төзімділік пен сыйластық тән. Бұл қуаттты тұрақтандырушы фактор болып табылады.

 

Ақнұр ТҮРЛІҚОЖА,

«Алматы облысы дін істері басқармасының Дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығының дінтанушы маманы

Соңғы жаңалықтар

Мам 16, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Құрметті Есік қаласының сайлаушылары! Мен, Кураметов Жан Бауыржанұлы, 1989 жылы Жамбыл…
Мам 16, 2024

АЛАШТЫҢ Ардақты азаматы

«Құдай» қайта қиыпты жерге сені, Көгіме де керек деп бермес еді. Жерге де ортақ бір бала,…
Мам 16, 2024

Семья под защитой закона

Проблема семейно-бытового насилия актуальна в общемировом масштабе. Не является…
Мам 06, 2024

Көрікті көлге көңіл бөлінді

Бүгін «Таза Қазақстан» экологоиялық акциясының аясында Есік көлінде «Мөлдір бұлақ»…
Мам 04, 2024

Еңбегіңді арнай білсең ел үшін, Сол…

 Ел қорғанысының әлсіз болуға еш хақысы жоқ. Әлемде геосаяси мәселелер өршіп тұрған шақта…
Мам 04, 2024

Танк жүргізуші ТЕМІРҚҰЛОВ

Ұлы Отан соғысы кезіндегі алмағайып заманда, от пен оқтың ортасында жүрген жауынгерлердің…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…

Күнтiзбе

« Мамыр 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет