Бейсенбі, 23 Мамыр 2024 13:07

Әбдуалидің майдандағы ерлігі

Ғасыр мен ғасыр, мыңжылдық пен мыңжылдық тоғысқан тұста А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында қазақ тіл білімінің  Әбдуали Қайдар, Рабиға Сыздықова, Шора Сарыбаев сияқты үш алыбы, үш академик, үш құрдас еңбек етті. Биыл үшеуінің де ғасырлық мерекелері аталып өтілмек. Мен солардың бірі, осы Еңбекшіқазақ ауданының тумасы Әбдуали Туғанбайұлы Қайдар аға туралы әңгімелемекпін.

Сөздің басын Әбдуали Қайдар кім деген сұрақтан бастайын. Ол совет-герман соғысының ардагері, филология ғылымдарының докторы, профессор. Ресми дереккөздерде Әбдуәли Туғанбайұлы Қайдар (1924-2019) – қазақ тіл білімінің көрнекті маманы, белгілі түркітанушы, Қа-зақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі (1983 ж), Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1982 ж), Шоқан Уәлиханов атындағы І дәрежелі сыйлықтың иегері (1971 ж), Түркияның «Dil Kurumu» лингвистикалық қоғамының құрметті (академик) мүшесі (1989 ж), Башқұртстан Ұлттық ғылым акаде-миясының құрметті академигі (1991 ж), Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының  президенті (1988-2004 жж) екендігі жазылған. Одан кейін өмірінің соңына дейін  Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының Этнолингвистика бөлімінің бас ғылыми қызметкері болды. Лингвист ғалымның  саналы ғұмырының жетпіс жылға жуық уақыты тіл білімі саласын зерттеуге байланысты болды.

Сексен жылдығы тұсында Әбекең айтқан бір сыр есіме түседі. Кәрия болып қалған кезі ғой. Жұрттың бәрі «Абдуали Туғанбаевич» деп жатады. Соған байланысты «Әбеке, Сіз Туғанбай атамыздың қанша жасында туғансыз?» деп сұрап қалдым. Сөйтіп ем, күлді де қызық бір сырдың шетін шығарды. «Туғанбай менің әкем емес, ол менің бабам. Туғанбай 1840 жылы туып, 1921 жылы дүние салыпты. Туғанбайдың баласы, менің атам Айтбай 1865 дүниеге келіп, 1915 жылы елу жасында өз ажалынан өлген. Айтбайдың үлкен ұлы, менің әкем  Қайдар 1905 жылы туып, 1942 жылы совет-герман соғысында 37 жасында Великие Луки қаласы үшін шайқаста мерт болған. Біз сегіз ағайынды едік, солардың ең үлкені мен және ең кіші перзенті Роза екеуміз ғана тіріміз. Қалғандары кішкентай кездерінде шетінеп кетіпті.

Әбекеңмен інісі ретінде, пікірлес замандасы ретінде өмірінің соңғы күндеріне дейін жиі бірге болып жүрдім. Жұбайы  Шекер Исақызы  жеңгеміз түсіністікпен қарайтын. Қосағының қайтыс боларынан бір жылдай бұрын жеңешем Әбекеңнің орден-медальдарын не істерін білмей жүргенін айтып қоңырау шалғаны бар. Мен мемлекеттік архивке өткізуге кеңес бердім. Алдында бүкіл жиған асыл қазынасы – кітаптарын, дәлірек айтқанда үйдегі бай кітап-ханасын Түркі академиясына тапсырғанына куә болғанбыз. Шекер жеңешем мемлекеттік архив туралы ұсынысты мақұлдай қоймады. Ертесіне Алматыдағы Президент архивіне қоңырау шалып, сөйлесіп көріп ем, олар Әбдуали Қайдардың құжаттарын, марапаттарын алуға қуана келісетіндіктерін айтты. Жеңешем де  бұл ұсынысқа қарсы болмады. Сөйтіп Әбекеңнің бүкіл марапаттарын қаттап-шоттап Президент архивіне өткізгенбіз.

Академиктің өзінің айтқан әңгімелерінен, ол кісі туралы жазылған материалдардан түйгенім Әбекең шын мәнінде Шоқпар бабасы тәрізді табиғаты батыр адам екен. Аспайды, саспайды, жайлап оты-рып-ақ айтарын жеріне жеткізіп тастайды. Ғалымның бойында Абай айтқан «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» дегеннің бәрі бар. Ыстық қайрат болмаса ғылымға арналған жетпіс жылға жуық уақытта 500-ге тарта ірілі-ұсақты еңбек жазуы мүмкін болар ма еді? Нұрлы ақылы болмаса тіл білімі ғылымының әр саласы бойынша ондаған жаңа бағыттар аша алар ма еді? Жылы жүрек болмаса жүздеген шәкірттер тәрбиелер ме еді? Қарайсың, таңданасың, қайран қаласың! Ғажайып еңбекқорлық! 

Батыр деп қалдық қой. Айтқан бір күлкілі жағдайы еске түседі. Мектептегі кезінде парталас досы Қали екеуі Көктөбеден Есіктіге жаяу барып-келіп оқыпты. Жолда үнемі Трофим деген атамандары бар бір топ бала тиісе  береді екен. Бірде досы екеуі сайдан екі жылан ұстап алып, тістерін қағып тастап, қалталарына салып алады. Көпірге келе бергенде екі жағынан екі-екіден төрт бала ұмтыла береді ғой. Сонда бұлар қалталарынан жыландарын шығарып алып өздеріне тап беріп жыланмен сабаған ғой. Әлгі балалар: «ендігіәрі сендерге тиіспейміз!» деп зар қағып «мамалап» жылапты. Бұл да Әбдуалидің жүректілігін, батылдығын көрсетеді. Балалық шақтың бір естелігі ғой.

Әдетте Әбдуали Қайдардың ғы-лымдағы жолы, тілтануға қосқан үлесі жөнінде көп айтылады да майдан жолдары туралы көп сөз етіле бермейді. Мен сондықтан Әбекеңнің майдандағы ерлігі жөнінде баяндап бергім келеді. Өйткені оның өмір жолы соғыстан басталды ғой. 1941 жылы соғыс басталған кезде ол тоғызыншы сыныпты бітіріп жатты. Отан қорғау үшін тек ересектер ғана емес жасөспірім жеткіншектер де орасан құлшыныс білдірді. Тоғызыншы сыныпты бітірген бойда бірге ойнап, бірге жүрген 12 қазақ, орыс баласы  Еңбекшіқазақ аудандық әскери комиссариатына барып сұранып майданға аттанбақ болады. Бұл өтініш аудандық «Үлгілі колхоз» газетіне жаряланып та кетеді. Әскери комиссариаттағылар «әлі жассыңдар» деп өтініштерін кері қайтарады. Меселі қайта қоймаған Әбдуали аудандық ОСОВАХИМ ұйымы арқылы әскери өнер жаттығуларына қатысып, өзін жауынгерлік  өмірге  бейімдей бастайды. Ақыры комиссариатқа қайта-қайта барғыштап жүріп,  1942 жылы 3 мамырда 17-ге толмастан соғысқа алынады.

Бұл кезде әкесі Қайдар да әскерге шақырылып, Алматыда жа-сақталған 100-ші ұлттық атқыштар дивизиясының  құрамында майданға аттанайын деп тұрған. Анасы Жанбала күйеуімен қоштасу үшін Алматыға кеткен-ді. Сөйтіп Әбдуалиді ешкім шығарып салған жоқ. Дорба арқалаған 12 бала Есіктіден шығып күні бойы жаяу жүріп, түнге қарай қазіргі Тұздыбастау ауылының тұсында арық ішінде қонып шығып, ертесіне Алматыға тұяқ іліктірген. Бірақ әке-сін де, шешесін де кезіктіре алмады. 

Әбдуали санаса соғыс жылдарында 150 мың шақырымдай жол жүріпті. Жараланып, үш рет госпитальға түскен. Күрделі ондаған соғыс операцияларына қатысты. Нағыз кәнігі майдангерге айналды. Қатардағы солдаттан кәдімгі  офи-церге айналды. Осының бәрін тәптіштемей бір ғана эпизодын айтсам жеткілікті болар деп ойлаймын.

1944 жылдың қаңтар, ақпан айлары. І Прибалтика майданы құрамындағы бұлардың дивизиясы Невель қаласын азат ету үшін жанталасып жатқан. Ол қала жаудан босатылса Ленинград қоршауын бұзып өтуге мүмкіндік туады. Жасы жиырмаға енді жеткен Абдуали үш жыл майдан шебінде жүріп тісқаққан жауынгерге айналған, қарамағында 12 адамы бар авто-матшылар бөлімінің командирі, аға сержант. Орман ішіне мықтап бекініп алған фашистерді қуып шығу қиынға түсіп жатты. Бірнеше күннен кейін құрамында Әбдуалидің автоматшылар бөлімшесі бар рота орман шегінен бір жарым шақырымдай жердегі шағындау төбені басып алды. Немістер қайтарғысы келіп әлсін-әлсін ша-буылдайды. Орман шетіндегі «Тигр», «Фердинанд» сияқты ауыр танкілері төбені нысанаға алып тоқтаусыз атқылап жатты. Атқылау тоқтағаны сол еді, орман ішінен өріп, улап-шулаған мас немістер шықты. Өлген-тірілгеніне қарамай өңмендейді. Бораған оқтан жусап қалса да райынан қайтар түрлері жоқ. Автоматшылар жақындатып алып әлгілердің сазайын берді. Тірі қалғандары амалсыз кері шегінді. Осындай шабуыл түнімен 5-6 рет қайталанды.  

Әбдуали майдан тәжірибесінен бұл жердегі ұрыстар позициялық сипат алатынын іштей сезген. Авто-матшылар немістер қорғаныс үшін алдын ала қазып дайындап қойған траншеяларына иелік етіп жүр. Дереу бұқпантайлап траншеяның өнбойымен жүріп өтті. Байланыс жолдарының реттелуін, дұшпанға қарсы қолданылатын автомат, танкке қарсы мылтық, пулемет, граната сияқты қарулардың дайын болуын қадағалады. Оқ-дәрі тез таусылып барады. Бөлімшедегі үш пулеметтің бірі істен шықты. Қалған екеуіне оқ-дәрі жетіспей жатыр. Бұлар қиналып жатқанда орман шетінен немістердің тағы бір легі шықты. Олар да алдыңғылардың кебін құшты. Бір фашист ұрыс даласына  пулеметін қалдырып  кері қашты.

Оқ-дәрі тапшылығынан қиналып тұрған рота командирі жауын-герлеріне қарап: «Бейтарап алаңда қалған неміс пулеметін кім әкеледі?» деп сұрады. Дауысында бұйрық емес өтініш тұрғандай. Жақын тұрғандықтан болар Әбдуали «Мен!» деп  жетіп барды. Оның қармағындағы Петр Кононенко деген автоматшы жігіт те қасына келді. Тапсырма алған екеуі төбені ық жағынан айналып қарсыда 300 метрдей жерде көрініп тұрған пулеметке жербауырлай жорғалай жетті. Қылт еткенді қиып түсіп тұрған жау оғынан қалай аман шыққандары белгісіз. Екеуі пулеметті екі қорап толы оғымен кейін сүйретіп траншеяға жетті. Таңға жуық немістер тағы бір кезекті шабуылына шықты. Түнімен ұйқтамай шаршаса да сақадай сай тұрған автоматшылар тойтарыс бере бастады. Әсіресе Әбдуали мен Петр сүйреп жеткізген жау пулеметі кәдеге қатты жарады. Өз иелерін жайратып жатқан неміс пулеметінің үні бұларға қосымша күш бергендей болды.

Жау тағы шегінді. Таңертең ыстық тамақ ішіп, әлденіп жатқан бұларға бір топ әскери адамдар келді. Сөйтсе дивизия командирі екен. Солдаттар тік тұрып әскери әдеппен қолдарын шекесіне қойып жатыр. Жандарына келгенде ро-та командирі «Мына екеуі!» деп  Әбдуали мен Петрді нұсқады. Комдив:

– Неміс пулеметін әкелген сендер ме? – деп сұрады. 

– Иә, біз, жолдас генерал!

Дивизия командирі адьютантына екеуінің аты-жөндерін жаздыртып, тура сол жерде екеуінің кеудесіне ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденін қадады.

– Соғыстың сын сағатында бейтарап алаңнан жаудың тағанды пулеметін әкеліп, таңғы шабуылға тойтарыс беруге үлес қосқан ерліктерің үшін сендерді дивизия штабы марапаттайды! Рахмет, сендерге! Сендер болмағанда пулеметтің жоқтығынан қорғаныс шебі бұзылып кетер еді. Нағыз ерлік істедіңдер! Құттықтаймын! – деді комдив  ризашылықпен.

Қарулас жолдастары келіп бәрі шетінен құттықтап жатты. Бұл Әбдуалидің майданда алған алғаш-қы ордені болатын. Бұдан кейін ол «Одер» операциясына қатысты, шабуылдап келе жатқан армияны понтонды көпір арқылы жедел өткізуге атсалысты. Жау шебіне кіргенде алдыңғылардың қатарында жүрді. Өзіне жүктелген міндеттерді бұлжытпай орындайтын. 

Еңбекшіқазақ ауданындағы кішкентай Көктөбе ауылынан шық-қан аға сержант Әбдуали Қайдар 1946 жылы қыркүйек айында Германияның Штеттин қаласынан  демоблизацияланып елге қайтқанда аға лейтенант әскери шенімен, кеудесінде ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен қоса қос «Қызыл Жұлдыз», қос «Отан соғысы» ордендері, бірнеше жауынгерлік медальдар жарқырап тұрған. 

Әбдуали келген бойда өзінен төрт-бес жас кіші іні-қарындастарымен бірге 10 сынып партасына отырып, үздік оқушы ретінде оны «экстренно» аяқтауға рұқсат алды. 1947 жылы КазГУ-дің филология факультетіне түсіп, 1951 жылы оны бітірген соң бүкіл өмірі ғылыммен байланысты болды. Түркология ғылымына орасан еңбек сіңірді, ондаған жаңа салалардың пайда болуына жол ашты. Қарапайым аспиранттан Ұлттық Ғылым Акаде-миясының академигіне дейін, қара-пайым қызметкерден Тіл білімі институтының директорлығына дейін үлкен өсу жолынан өтті. Оның ұзақ та мазмұнды өмір жолы кейінгі ұрпаққа шынайы өнеге. Майдангер ғалымның 100 жылдығы тұсында өзі туған Еңбекшіқазақ ауданында көшелерге, мектепке аты берілсе құба құп болар еді.

Марат ТОҚАШБАЕВ,

Қазақстанның Құрметті жазушысы,

Қазақстан Педагогикалық Ғылым Академиясының академигі, профессор. 

Оқылды 375 рет

Соңғы жаңалықтар

Желт 19, 2024

Итоги года: Ключевые достижения и…

Энергетический сектор Казахстана является одной из ключевых отраслей экономики. В…
Желт 19, 2024

Жыл қорытындысы: Еліміздің…

Еліміздің энергетикалық секторы экономиканың негізгі салаларының бірі саналады. Орнықты…
Желт 19, 2024

О мерах по либерализации экономики

12 ноября 2024 года, во исполнение Указа Главы государства от 8 мая 2024 года № 542 «О…
Желт 19, 2024

Экономиканы ырықтандыру жөніндегі…

Мемлекет басшысының «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» 2024 жылғы 8…
Желт 19, 2024

Алматы облысы Әділет департаменті…

Жыл бойы тұрғындардан 6502 өтініш түсіп, олардың әрқайсысына толық әрі қанағаттанарлық…
Желт 18, 2024

Еңбекшіқазақ ауданында «AMANAT»…

Аудандық партия филиалының төрағасы Б.Б.Рахимов арнайы брифинг өткізіп, атқарылған…
Желт 13, 2024

Алматы облысында балық шаруашылығын…

Өңірде балық шаруашылығы саласын дамыту қарқын алуда. Балқаш-Алакөл бассейндік балық…
Желт 13, 2024

Алматы облысында жүк көліктерінің…

Жолдың жағдайын ретке келтіру мемлекеттік саясаттық басым бағыттарының бірі. Бүгінгі…
Желт 13, 2024

«Алматы облысы өнеркәсіп, сауда және…

«Алматы облысы өнеркәсіп, сауда және экспортта рекордтық өсім көрсетті» Астанада Орталық…

Күнтiзбе

« Желтоқсан 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31          

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет