Бейсенбі, 30 Мамыр 2024 12:23

Елдігіміздің айшықты айғағы

Мемлекеттік рәміздер – елдің ұлттық болмысын, дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытатын белгі. Қазақстанның тұңғыш рәміздері – ту мен елтаңба 1992 жылдың 4 маусымында қабылданды. гимн мәтіні сол жылдың 11 желтоқсанында бекітілді. Қазіргі гимніміз заңды түрде 2006 жылы 7 қаңтарда қабылданды. Тәуелсіздік пен дербестіктің нышаны саналатын осы қасиетті құндылықтарымызды әрбір қазақстандық көзінің қарашығындай сақтап, қастерлеуге міндетті.

 

Иә, мемлекеттік рәміздер елдің өткенінен сыр шертіп, ұлттың ұлы құндылықтарынан көрініс беруі тиіс. Бірақ «Біздің елтаңбамыз Кеңес заманындағы елтаңбаны еске салады» деген пікірлер де айтылып жүр. Осыны ескерген Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Атырауда өткен үшінші Ұлттық құрылтайда елтаңбаны ауыстыруға байланысты ашық конкурс жарияланатынын айтқан еді.

Жасыратыны жоқ, елтаңбаны ауыстыру төңірегіндегі мәселе қоғамда қызу талқыға түсті. Бірқатар азаматтар КСРО-ны еске түсіретін атрибуттардан арылу керектігін айтса, енді бірі елтаңбаны ауыстыруға үлкен дайындықпен кірісу қажеттігін жеткізді, елтаңбаны ауыстыруға түбегейлі қарсы шыққандар да бар.

Шынымен де, Кеңес үкіметі тұсындағы және тәуелсіз Қазақстанның елтаңбаларын салыстырсақ, ұқсастық бар. Елтаңбаның қос бүйіріндегі бидай масақтарының орнына пырақтың қанаттары қойылған. Ортасындағы балға мен орақтың орнын шаңырақ басқан және күннен шашылған нұрдың орнына уықтар қойылған. Астындағы «ҚССР» жазуы «QAZAQSTAN» деп ауысқан. Ал  Елтаңбаның үстіндегі жұл-дыз өзгеріссіз қалған.

Мәжіліс депутаты Әбіл Еркін депутаттық сауалында осы ұқсастықтарға ерекше тоқталып, кезінде Кеңес Одағының құрамында болған республикалардың, сондай-ақ Шығыс Еуропа елдерінің елтаңба ауыстыру тәжірибесін жанжақты зерделеу қажет екенін айтады. Айталық, Кеңес үкіметінің құрамында болған Украинаның да елтаңбасы одақтас мемлекеттердікіне ұқсас болды. Көтерілген күннің үстіндегі орақ пен балға, қос бүйірінде бидай масақтары. Бірақ украиндар тәуелсіздік алғаннан кейін кеңестік елтаңбадан түбегейлі бас тартып, ел арасында «Тризуб» деп аталатын үш аралы айыр бейнеленген қалқанды елтаңба етіп қабылдады. Ол тұңғыш Ұлы Киев кінәзі Володимир Святославич қолданған елтаңбаға негізделген. Кеңес дәуіріндегі елтаңбамен мүлдем ұқсастығы жоқ.

Қазақ халқы да осындай посткеңестік мемлекеттердің тәжірибесіне сүйеніп, тамыры тереңге бойлаған тарихымыздан сыр шертетін елтаңба қабылдауы тиіс. Бұл туралы халық қалаулысы Абзал Құспан да айтып өтті. Сөзіне сүйенсек, қолданыстағы елтаңба ұлтымызға тән қастерлі белгілермен бірлік пен бейбітшілікті айшықтауды мақсат тұтқан. Десе де, қазақ мемлекеті 1991 жылы ғана пайда болған жоқ. Мемлекет ретіндегі тарихымыз тереңде жатыр. Қазақстан – арыдағы Сақ, Ғұн, Түрік қағанаты, Ұлық Ұлыс – Жошы ұлысының, берідегі Қазақ хандығының тікелей мұрагері. Бұл – ерлік пен өрлікке толы тарих. Осы тұстан алып қарағанда халқымыздың өткені мен шежіресі елтаңбадан көрініс тапса деген ұсыныс көкейге қонымды. Сондықтан жаңа елтаңба жобасын жасайтындар көнеден тамыр тартатын идеяларды енгізсе, құптауға тұрарлық.

Иә, мәжіліс депутатының сөзінің жаны бар. Ту мен елтаңба – мемлекеттің негізгі атрибуттары. Сондықтан онда қазақтың тарихы мен ұлттың болмысы бейнеленуі тиіс. Әрине, елтаңба ауыстыру мәселесі жүрдімбардым шешілетін дүние емес. Үлкен дайындықты, көпшіліктің пікірін ескеруді қажет етеді және арнайы комиссия құрылады.

– Елтаңбаны ауыстыруға қатысты мәселе белгілі бір кезеңнен бері талқыланып келе жатқанын жақсы білесіздер. Президент Ұлттық құрылтайда аталған мәселені талқылауды ұсынды. Мемлекет басшысы егер қоғам бұл мәселеге жаппай қолдау білдірсе, онда оны одан ары талқылау қажеттігін айтты. Ол үшін арнаулы комиссия құрылады. Комиссия аталған мәселені тыңғылықты қарастыратын болады. Егер бұл мәселеге қатысты оң шешім қабылданған жағдайда, шығыстарына қатысты қалған жайттар туындайды», деді қаржы министрі Мәди Тәкиев. Сондай-ақ, ведомство басшысы елтаңбаны ауыстыруға бөлінетін қаржы мөлшері мен қайдан алынатыны алғашқы мәселе шешілгеннен кейін талқыланатынын айтты.

Қалай десек те, елтаңбаның ауысуауыспауы көпшіліктің талқысынан кейін белгілі болады. Ал оны құрметтеу, мемлекеттік рәміздерді қастерлеу – талқылауды қажет етпейтін парыз. Ендеше, көк туымыздың тұғырында желбіреп, елтаңбамыздың төрде ілініп, гимніміздің биікте шырқалуына өз үлесімізді қосайық, құрметті оқырман.

 

 

С.НҰРАДИН.

Оқылды 585 рет
Осы категориядағы басқа материалдар: « Ұлағат иелері тазалықты қолдайды Талабы таудай жас өрен »

Соңғы жаңалықтар

Желт 29, 2025

Сыбайлас жемқорлық – қоғам дамуына…

Сыбайлас жемқорлық – қазіргі қоғамның дамуына кедергі келтіретін мәселелердің бірі. Ол…
Желт 26, 2025

Бірлік бар жерде

Елдегі этносаралық келісім мен бірлікті нығайту – мызғымас мемлекет тірегінің кепілі. Осы…
Желт 26, 2025

Тәуелсіз елдің ұландары ән шырқады

Тәуелсіздік күніне орай «Біз – тәуелсіз елдің ұланымыз!» атты патриоттық әндер байқауы…
Желт 26, 2025

Он был духовным наставником сельчан

В текущем году в с.Ават происходили и радостные, и печальные события. Одно из наиболее…
Желт 26, 2025

Жазушы мұрасы – ұлт қазынасы

Жақында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Достық» үйінде Қазақстан Жазушылар одағы…
Желт 26, 2025

Дарынды оқушыларымыз жеңіс тұғырында

Қазақстанның дарынды оқушылары «UCMAS International Competition 2025 & World Cup…
Желт 26, 2025

Ұлы халықтың ұлы Абайы

Биыл қазақ елі данышпан, ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығын жоғары деңгейде атап…
Желт 26, 2025

Білім сапасы – ел болашағының кепілі

Қазіргі жаһандану дәуірінде кез келген мемлекеттің дамуы ең алдымен білім сапасымен…
Желт 26, 2025

Ұлттық құндылықтар дәріптелді

Ішкі саясат бөлімінің бастамасымен жастар арасында патриоттық тәрбие мен отбасылық…

Күнтiзбе

« Қаңтар 2026 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30 31  

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет