Дүйсенбі, 16 Қараша 2020 10:03

Коронавирус саламатты өмір салтын ұстанудың қаншалықты қажет екенін түсіндірді

Коронавирус саламатты өмір салтын ұстанудың қаншалықты қажет екенін түсіндірді Айнара Байжан

Қазіргі жағдайда дендеп тұрған сырқат – коронавирус пен коронавирустық пневмония жайлы оқырманның көбірек құлағдар болғаны абзал. "Ауырып - ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде" дейді. Төменде Strategy2050.kz аналитикалық-шолу порталына пульмонолог дәрігер Сапаргүл Бердешованың берген сұқбатын жариялап отырмыз.

 – Сапаргүл Ералықызы, коронавируспен ауырып қалған науқастармен бетпе-бет жұмыс істейтін дәрігер ретінде қазіргі жағдайға қандай баға бере аласыз? Күніне қанша пациент келеді алдыңызға?

 – Қазіргі жағдай қанағаттанарлық. Жаздағы жағдай қайталанып жатқан жоқ. Күн сайын алдымызға келген науқастардың 8-12%-ы стационарларға жатқызылады. Емханаға жоспарлы тексеруден өтуге келген коронавируспен ауырып тұрған пациенттердің жағдайы да қанағаттанарлық. Бір сөзбен айтқанда, қазір емханаларда, ауруханаларда маусым-шілде айларындағыдай жағдай жоқ. Демек, жағдай тұрақты. Өткен тәулікте Қазақстанда 188 жағдай тіркелді, 2 жағдай өліммен аяқталды. Бір тәулік ішінде 65 адам жазылып шықты. Қазір Қазақстанда Стационарларда барлығы 2 868 науқас жатыр. 5 073 адам амбулаториялық жағдайда емделуде.

 –  Коронавирусқа дейінгі жұмысыңызбен қазіргі жұмысыңызда қандай айырмашылық бар?

 – Пульмонологияда маусымдық аурулар көп болғандықтан, күз бен қыста тыныс алу аурулары көбейеді. Нұр-Сұлтан қаласының қысы ерте басталып, кеш аяқталады. Осы салқын мезгілде біздің жұмыс көбейеді. Ал коронавирус деген індет келген кезде пульмонологтарға сұраныс бірнеше есеге көбейді. Өйткені, вирус өкпені зақымдады, науқастар еркін тыныс ала алмай, өкпені желдету аппараттарына жүгінді. Бір тәулікте 200 науқас қабылдау бөліміне келіп түсті. Бір тәулікте 200 адамның жағдайымен танысу, олардан сараптама алу үлкен физикалық жұмыс. Мұндай көрсеткіш қаланың кез келген медициналық ұйымында болды. Бұл кезеңде тек науқастар емес, дәрігерлер де үлкен стрестен өтті. Коронавирусқа дейін пневмония немесе өкпенің обструктивті ауруларымен, аллергияға тәуелді кісілермен штаттық режимде жұмыс істеп келдік. Тұрғындар арасында аллергия мен астма сияқты түрлі тыныс алу жолдары ауыратын науқастар жиі кездеседі. Олар пульмонолог дәрігердің үнемі қарауында.

 – Пульмонолог дәрігер адамның тыныс алу жолдарын емдейді. Тыныс алу жолдары ауруларының бәрі жұқпалы ма?

 – Тыныс алу жолдары ауруларын терапевт қарайды. Егер асқынған жағдайлар болса, мысалы, демікпе, ауа жетпеу, өкпенің сырылдауы сияқты, онда терапевт пульмонологқа жібереді. Тыныс алу жолдары ауруларының бәрі жұқпалы ма деген сұрағыңыз өте орынды. Өкпе аурулары спецификалық және спецификалық емес деп екіге бөлінеді. Спецификалық емес ауруларға бронхиалды аурулар, өкпеге суық тию, плеврит сияқты аурулар жатады. Кейде темекі, электронды темекіні тым көп шеккен адамдар өкпенің спецификалық ауруына шалдығады. Бұған қолайсыз экологиялық аймақта өмір сүретін тұрғындарды да жатқызуға болады. Олар да уақыт өте келе өкпенің созылмалы ауруына шалдығуы мүмкін. Ал спецификалық ауруларға ауа тамшылары арқылы жұғатын туберкулез, коронавирус сияқты жұқпалы аурулар жатады. Пневмония суық тиюден басталып, өкпе қабынып, соңы жұқпалы коронавирустық пневмонияға дейін баруы мүмкін.

 – Коронавирустық пневмония туралы толықтырып айта аласыз ба? Жазда көз жұмғандардың көбінің диагнозы коронавирустық пневмония болды ғой...

 – Коронавирус қантамырларды қоюландырып, тромбоздануына әкеледі. Қанайналым жүйесі өкпе арқылы жүретін болғандықтан, бронхиалды жүйе бұзылады. Адамның өкпесінде бірнеше мың майда қантамырлар бар. Бұл органға инфекция түссе, қантамырлар ұйып, тромбоз болады. Пневмонияның асқынуының себептері көп. Ең көп таралған себеп тыныс алу жүйесіне ауа жетіспеу, эндоксикациялық синдром, полиоргандық асқыну. Осылардың бірі бола, адам қайтыс болуы мүмкін. Коронавирустық пневмония да, бактериялық пневмония да аса қауіпті.

 – Пневмонияны үй жағдайында емдеу мүмкін бе?

 – Мүмкін емес. Пневмонияны дәрігерлердің тікелей бақылауымен емдеу керек. Пневмония асқынса, өлімге әкеледі. Өкпенің қабынуын емдеуді, антибиотиктерді дұрыс пайдалануды тек дәрігер біледі. Пневмококк – түрлі бактериялардың жиынтығы. Ол көптеген қауіпті ауруларды тудырады: ол тек пневмония емес, сонымен қатар бронхит, тонзиллит, фарингит, менингит, қанның инфекциялы аурулары және т.б.

 – Өзіңіз коронавирус жұқтырып алдыңыз ба?

 – Иә, мен де, жолдасым да коронавируспен ауырып, өкпені желдету аппаратында жаттық. Мен вирустық ауруға шалдыққан адамдармен тікелей жұмыс істегендіктен, менің ағзамда «инфекцияның дозасы» тым көбейіп кетті. Өйткені, менің алдыма тек тұмаумен, коронавируспен ауырған науқастар емес, басқа да науқастар келді. Инфекциялар менің ағзамда мутацияға ұшырады десем де болады. Емдік шараларының барлық түрі жасалып, қазір менің, де отбасымның да жағдайы жақсы. Жұмысқа оралдым. Науқастарды қабылдауды жалғастырып жатырмын. Өзімнің ауырғаным өзгелерді емдеу тәжірибеме оң әсерін тигізді. Өйткені, ковидпен ауырып тұрған науқастың жайын мен өте жақсы түсінем.

 – Тыныс жолдарын сақтау үшін қандай кеңес айта аласыз?

 – Тыныс жолдарын сақтау үшін тыныс алу жаттығуларын жасау керек. Коронавирус бізге саламатты өмір салтын ұстанудың қаншалықты қажет екенін түсіндірді. Таза ауада серуендеу, зиянды әдеттерден аулақ болу, көбірек қимылдау, пайдалы ас ішу, тойып тамақ ішпеу деген бәрі білетін, бірақ орындауға асықпайтын кеңестерді айтқым келеді. Суық ауа райында жылы киініп, иммунитет көтеріп, дәрумендерді қолдану керек. Қандай да бір аурудың симптомдары басталса, дереу алдын алу керек.

 – Вирус мутацияға ұшырап, басқаша симптомдар көрсетіп жатыр деген қаншалықты рас?

 – Коронавирус – бірнеше вирус жиналған, қабырғасы қалың, өте қатал вирус. Бұл вирустар жиынтығы адамның ең әлсіз жеріне жабысып, сол жерді одан сайын зақымдайды. Мәселен, қант диабеті, бүйрек жетіспеушілігі, жүрек жетіспеушілігі бар адамдар бірден вирус жұқтырып, бірден әлсірейді. Сонда коронавирус о бастан мутацияланған вирус. Осындай созылмалы ауруы бар, инсульт алған, онкологиямен ауырған адамдар үйден шықпауға тырысу керек. Вирустың таралуы әлі тоқтамады. Науқастар күн сайын келіп түсіп жатыр. Сол үшін сақтық шараларына көңіл бөлу керек. Әр адам өзінің денсаулығы үшін жауапты.

 

Оқылды 3475 рет

Соңғы жаңалықтар

Қаң 09, 2026

Қазақстан Республикасының Президенті…

2026 жылғы 05 қаңтар – Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сіз жыл сайын мерзімді баспасөзге…
Қаң 09, 2026

Жоспар жүйелі, мақсат айқын

Жуырда аудандық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Маңызды жиынды аудандық қоғамдық…
Қаң 09, 2026

Үздіктер Марапатталды

Жаңа жыл қарсаңында аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен түрлі салада адал…
Қаң 09, 2026

«Әдекең қайда..?»

Болмашы кекшіл, Болсаңшы көпшіл, – деп Абай айтқан. Осы екі жолға менің бір…
Қаң 09, 2026

Құрмет төрінде

Әне-міне дегенше, жылжып жылан жылы да өтіп, шапқылап жылқы жылы жетті. Жылан жылы жаман…
Қаң 09, 2026

Қолдау барда даму бар

Мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі – ауыл шаруашылығын дамыту мен ауыл…
Желт 29, 2025

Сыбайлас жемқорлық – қоғам дамуына…

Сыбайлас жемқорлық – қазіргі қоғамның дамуына кедергі келтіретін мәселелердің бірі. Ол…
Желт 26, 2025

Бірлік бар жерде

Елдегі этносаралық келісім мен бірлікті нығайту – мызғымас мемлекет тірегінің кепілі. Осы…
Желт 26, 2025

Тәуелсіз елдің ұландары ән шырқады

Тәуелсіздік күніне орай «Біз – тәуелсіз елдің ұланымыз!» атты патриоттық әндер байқауы…

Күнтiзбе

« Қаңтар 2026 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30 31  

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет