Сәрсенбі, 31 Мамыр 2023 10:29

Тарихтың ақтаңдақ беттері

фото altaynews.kz

31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу  күні. Тарихта мерейі тасыған мәртебелі дәуірлерімен қатар, «тар жол тайғақ кешкен» тақсыретті кезеңдердің де аз болмағаны ащы ақиқат. Тоталитаризмнің зұлым саясаты мен зұлмат әрекеті ешбір елді таңдап, ешбір ұлысты, адамды талғаған жоқ. ХХ  ғасырдың 30-жылдары саяси қуғын сүргінге Өзбекстанда 10 164, Қырғызстанда 30 634, Қазақстанда 90 867 адам  ұшыраған. 1920-50 жылдары қазақ жеріне кәріс, фин, неміс, поляк, күрд, қарашай, месхеттік түріктер, кавказдықтар т.б. 1,5 млн адам жер аударылды, күшпен көшіріліп әкелінді.

Қуғын-сүргін Ресейдегі азамат соғысы кесірінен шаруашылықтың күйзеліске ұрынуы және орын алған жұттың салдарынан басталып, ауыл халқының ашаршылық шығыны 2 млн 200 мың адамнан асып, 30 пайызға  азайған.

1925-33 жылдары елді басқарған Ф.Голощекиннің «Кіші Қазан» төңкерісін жүргізу саясаты салдарынан қуғын-сүргінге Алаш қозғалысының қайраткерлері, қазақ интеллигенциясының қаймақтары, «буржуазияшыл-ұлтшыл», «бөтен ойлайтындар», «өкіметке қарсы үгіт-насихат жүргізді» деп айып тағылып қамалды, ату жазасына кесілді, еріксіз жер аударылды. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұжымдастыру ұранымен науқан 40 млн-нан астам мал басының қырылуына әкеп соқтырды. Халық жаппай ашаршылыққа ұшырады. 1 миллион қазақ шет жерге қоныс аударуға мәжбүр болды. Ашаршылықта елде 1,5 миллионға жуық адам қайтыс болды.

И.Сталин 29.12.1929 жылы колхоздастыру науқанына кедергі келтірген бай-кулактарды тап ретінде жоюды алға қойды. 1930 жылы 23 қаңтарда 20 аудан белгіленіп, 20 мың бай мен кулактарды тәркілеп, көшіріп, темір жолдан шалғай аудандарға қоныстандыру, ол жерлерге сырттан жер аударылып әкелінетін 30 мыңдай кулак отбасыларын орналастыру көзделді.

Қуғын-сүргін жүргізу құқықтық базасы жасалады. Қылмыстық кодексте 17 контрреволюциялық қылмыстың 12-не өлім жазасы қарастырылды. Колхоз егістігінен масақ жинаған 12 жастан асқандар 10 жылға сотталады. Террористік актіні тергеу ісіне 10 күн мерзім белгіленеді. Қамауға алынғандарға «физикалық əсер ету шараларын» қолдануға рұқсат беріледі. Ерекше жиналыс, «Үштік», одан кейін «Екілік» деп аталатын соттан тыс орган құрылады. «Үштік» құрамына төраға – УНКВД бастығы, мүшесіне партия комитеті басшысы мен прокурор кірген. Қазақстанда Л.Залин, ІІ халық комиссары, Л.Мирзоян, Орталық партия комитетінің бірінші хатшысы О.Исаев халық комиссариаты төрағасы С.Нұрпейісов, екінші хатшы Алматы облысында  ІІБ бастығы У.Шабанбеков, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Ж.Садуақасов болған. «Үштіктер» ату, жер аудару, 8-10 жыл мерзімге лагерге, түрмеге қамауға шешім қабылдап отырады.

1930-33 жылғы Голощекиндік ет, астық6 т.б. 16 салық түрі, жартылай көшпелі шаруаны күшпен отырықшыландыру науқаны басталады. Ет, астық дайындау жоспарын орындамағаны үшін саяси қуғын-сүргінге ұшырап, 1928 жылдың қаңтары 1929 жыл 15 желтоқсанына дейін 52 300 адам сотталған. Астықтың бірнеше сабағын әкеткені және басқа да болмашы ағаттықтары үшін 1932 жылдың тамызынан бір жылда 33 345 адам  сотталған. Қазақстанда 54 625 шаруашылық бай-кулакқа жатқызылып, тәркіленіп, 1931 жылы елден тыс жерлерге 5 500 кулак жер аударылды. 22 мың адам қамауға алынып, 4 мыңдайы жер аударылды.

ҚР мемлекеттік архивіндегі мәліметте 1928 жыл қыркүйек 1929 жыл ақпан айы аралығында ірі қараға шаққанда барлығы 114 474 бас мал тартып алынған. Мысалға, жер аударылғандардың ішінде №195 іс Алматы  округі №9 ауылдан Ш.Бейімбетов, 259 істе А.Дәулетбеков, №1 ауылдан 265 нөмірде Д.Дәркенбаев, №303 іс Д.Дәркембаев, т.б. отбасылардың заттары, малдары, құрал-сайманға дейін тізім жасалып тәркіленген.  

Қазақстанда ұлттық қауіпсіздік комитеті тізімінде үштік шешімімен 90 867 адам жазаланып, 25 мыңы атылған немесе 25, 10, 5, 3 жылға  жер аударылған. Алматы қаласы бойынша 22 597 адам, облыстардан, оның ішінде Шығыс Қазақстаннан 12 366, Қарағандыдан 7189, Ақтөбедан 6 153, Шымкенттен 6 766, Солтүстік Қазақстаннан 5 043, Батыс Қазақстаннан 5 078, Ақмоладан 4 350, Қостанайдан 4 107, Жамбыл,  Қызылорда, Павлодар облыстарынан 3 700-3 600-ден, Атыраудан 1 863, Маңғыстаудан 386 адам жазаланған. Бір-бірінің сыртынан арыз жазу, домалақ арыз нақты дəлел болмаса да, негізгі құжат ретінде қарастырылады.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті архивіндегі құжаттарда Алматы облысынан 27 ұлт өкілі 3 846 адам ату жазасына, не 25 жыл, 10 жыл, 8 жыл, 5 жыл, 3 жылға жер аударуға  кесілген. 231 қазақ, 106 орыс, 71 ұйғыр, 40 неміс, 37 кәріс, 11 татар, 6 поляк, 5 дүнген, 3 түрік, 1 өзбек жер аударылған.

Талдықорған ауданында неміс Гартфельдер отбасынан 3 адам Валентин оның ұлдары Эрнст, Ефрем атылған. Сарқан ауданынан Орымбаевтар отбасынан Мырзан ату жазасына, Көкімбек (10 жыл), Нұрлық пен Нұрмұқашқа 5 жылдан, Шаймардан 3 жылға жер аударылса, Елисеевтер отбасынан Матвей ату жазсына, Тимофей 8 жылға, Дементий, Василий 5 жылға жер аударылуға кесілген.

Алакөл ауданында Малаевтер отбасынан Сәметке ату жазасы, Шаймардан 25 жылға, Заманбек 10 жылға, Нұрқасым жер аудару, Ашқан мен Ашахан 3-2 жылға жер аударуға кесілген. Гринько Андрей Троицкіде 1 май колхозы төрағасы, ағасы Ксенофон екеуі де ату жазасына кесілген. Қаратал ауданында ұлты поляк П. Гарбовский, Ф.Липицкий, Талдықорғанда А.Запольский, Ақсу ауданының бірінші хатшысы Ж.Алдабергенов ату жазасына кесілген.

Панфилов ауданынан 28 орыс, 20 қазақ, 68 ұйғыр ұлтының ұлдары ату жазасына кесілген. Юсуп Абдуллаев Шелек ауданы  Қаратұрыкта  колхозшы, Мансур Азымаметов молда, Иляхун Алаев төраға, Абдусалам Амансупиев Ханахай сельсоветінің төрағасы, Паха Бакиев Хоргос сельсоветінің төрағасы, Сулейман Бакиев Тисек-Тоган колхоз төрағасы, Юсуп Бакиев Жаркент балалар үйінің оқу ісі меңгерушісі, Авархи Гаитов Надекте төрағасы, Машра Зайтов төраға, Умар Закиров директор, Имер Зулпукаров төраға, Ильяхун Мамутов молда, Тохтахун Надыров төраға, Нурахун Нурызов меңгеруші, Абдулла Розыбакиев баспагер, Закирия Розыев 3-ші Интернационал колхоз төрағасы,  Масум Самсаков бригадир, Молот Таиров мұғалім, Изим Хабиров колхоз төрағасы, Масум Хамраев төраға, Имар Ходашев Ильтай колхозының төрағасы, Усман Якупов меңгеруші, А.Лебедев шіркеу қызметкері, осылардың барлығы үштіктің ұйғарымымен атылғандардың Алматы облысы қауіпсіздік комитетінің ашық тізімінде көрсетілген.

1928 жылы қыркүйекте Шелектен Шеру Бейімбетов, Ахмет Дәулетбеков, Дәулетхан Дәркенбаев, Дәулетбек Дәркембаевтың заттары тәркіленіп, жер аударылған. Шелектен 1929 жылы 26 маусымда ОГПУ 58 баппен Арсентий Беспалов, Павел Бортников, Дмитрий Буханцов, Егор Вихрев, Павел Воронов, Иван Гвоздев, Глеб Лапшин, Василий және Теренти Локтевтер, Нефедий Пожидаев, Георгий Ромохов, Андрей Четверкин, Дмитрий Черняковты соттаған. Қаражотадан Абай Босымбеков 10 жыл Қарлагта, 1945 жылы 24 желтоқсанда Иргибай Абайбековті далалық әскери окрутың әскери трибуналы 58 баппен 10 жылға, 1937 жылы Сартау ауылында Жангелді Бегалыны жаламен сотталған.

Алматы облысы Қаратал ауданы бойынша 37 кәріс, оның ішінде 5 әйел, 2-ден Ем, Нам, Пя, Тен, Хе, 3-тен Пак, Ли, 6  Ким, 7  Цой  ату жазасына кесілген. Жаркентте дүнген Якуза Маказа (әйел), Абдулла Яншанло атылған. Талдықорған ауданында 20 неміс ату жазасына кесілген. Үштөбеде жергілікті шіркеу епископы М.Кармазин ату жазасына кесілген.

Жалған жала жауып, халық алдында қаралау саясатын қолшоқпар болған газеттер ерекше қарқынмен жүргізіп, негізсіз мақалалар көбейеді. «Халық дауысы» айдарымен жариялап, кез келген сын-пікір соңы қуғын-сүргінмен аяқталады. 1937 жылы 22 қыркүйектегі «Казахстанская правда» газетінде К.Пуховтың «На поводу у буржуазных националистов» мақаласынан кейін репрессияға  ғалым, жазушы, ақын, мəдениет жəне өнер, білім қызметкерлері ілігеді.

1938 жылы 10 наурызда Қазақстан Əскери Алқасы арқылы Халық Комиссарлары Кеңесі төрағасынан бастап, оның орынбасарлары, облыс, қала, аудандық партия комитеттерінің хатшыларынан 650 адам атылады. Шешімдерді жүзеге асыру, режимді нығайту үшін ГУЛаг, 23 жалпы жəне 11 ішкі түрмеде 2 млн адам орналас-тырылған. Далалық – Степлаг, Қарағанды еңбек түзеу – Карлаг, халық жаулары отбасы мүшелеріне – ЧСИР, т.б. бар. Тек Алжир – халық жаулары әйелдерінің Ақмола лагерінде 5 мың әйел қамалған.

Тоталитарлық жүйеде адам құқығы аяққа басылып, балама пікірдегі халық жауына саналған кезді зерделеп, өшкенді жаңғырту – ұрпақ бойына отаншыл сезімді ұялатады. Үздіксіз саяси науқандар, қуғын-сүргіннен есін жинай алмай жатқанына қарамастан қазақ халқы тағдырдың тәлкегіне түскен барша ұлыстарды бауырына басты. Қуғын-сүргінге ұшырап, жазықсыз жапа шеккендердің есімдерін еске алып, рухтарына құрмет көрсету – міндетіміз. Бұл – тарихтан тағылым алып, биік мақсатқа бет алған халықтың ұлағатты ісі.

Нұрлан ЕРДӘУЛЕТҰЛЫ, өлкетанушы, Шелек.

Оқылды 5362 рет

Соңғы жаңалықтар

Нау 18, 2024

Құрылтай

Кешегі Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомат Тоқаев күн…
Нау 14, 2024

Түйінді түйіткілдер оң шешімін…

Жуырда аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы өтті. Отырыстың күн…
Нау 07, 2024

Аудан әкімінің міндетін атқарушы …

Ардақты ақ жаулықты аналар, аяулы арулар! Сіздерді 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні…
Ақп 22, 2024

Отбасы – тәрбие бастауы

Жақында Азат орталау мектебінде Рахат округінің аналар кеңесінің төрайымы Райхан…
Ақп 22, 2024

Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран

Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай Есік қаласында ауқымды…
Ақп 21, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Мен Тустукбаев Бағлан Ахихатұлы, 1989 жылы 7 сәуірде Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы,…
Ақп 21, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Мен, Әділхан Азамат Әділханұлы, 1993 жылы 11 қаңтарда Алматы қаласында дүниеге келдім.…
Ақп 21, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы …

Мен Тойғанбеков Бақберген Бауыржанұлы 1988 жылы 21 сәуірде Еңбекшіқазақ ауданы Көктөбе…

Күнтiзбе

« Наурыз 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30 31

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет