Жұма, 29 Шілде 2022 17:31

Ынтымағы жарасқан берекелі мекен

Тұрғындары тіршілігін төрт түлікпен байланыстырып, ауыл шаруашылығынан нәпақасын айырған Қырбалтабай ауылдық округі бүгінде ауданымыздағы іргелі елді мекендердің қатарында. Кеңес үкіметі тұсында республикаға үлгілі қой совхозы атанған Қырбалтабай тұрғындары әлі күнге қарқыннан жаңылмай, ата кәсіпті дамытуда көш бастап келеді. 90 жылдан астам тарихы бар Қырбалтабай ауылдық округінің сан қилы тағдыры көптің есінде.

Талайға жайлы қоныс болған, Кеңес одағы көлемінде көпке үлгі көрсеткен Қырбалтай округінің ғасырға жуық тарихы жайлы әңгімелеп беретін кеңшар азаматтарының ерен еңбегін көзімен көрген қарттарымыз әлі күнге ортамызда жүр. Десек те, совхоздағы мал шаруашылығының дамуына бір кісідей атсалысқан Сәкен Мадияровтың «Ауылым – алтын бесігім» атты кітабы берекелі мекеннің сол кездегі тыныс-тіршілігі мен тағылымды тарихынан сыр шертеді. «Егер «арманыма қолым жетсе», ол ең алдымен ата-анамның, ағайын-туыстың, ел-жұртымның арқасы. Ел- жұртым демекші, енді менің мекеніммен бұл күнде бағы жанып, талай елді мекендермен, талай шаруашылықтармен терезесін теңестірген, түрленген «Түргеніммен» таныс болыңыздар. Қарт Түрген сонау бір алғашқы аласапыран жылдары Іле ауданының «Іле» совхозынан енші алып, ақ басты Алатаудың баурайындағы жер жәннаты Жетісудың жаздық жонын жарып шыққан алты өзеннің аңғарынан шаңырақ көтерген еді. Ағыны арынды алты арыс: Тереңқара, Түрген, Ойбалтабай, Қырбалтабай, Леп, Есік өзенде- рінің жағалаулары нар қамыс, етектері ен тоғай, белуары балауса, шөбі шүйгін малға жай нағыз шаруаның жері еді. Қырында раң менен қызғалдақ, шытыр менен сарғалдақ, торғай оты, теріскен, алабота, ши, изен, қараматау, көк жусан өссе, ерте көктемдегі ебелегі, жыл бойына көгеріп тұратын ажырығы малға май болып жабысып, жидесі мен жыңғылы, қарабарақ, шеңгелі қыста малға әрі талшық әрі ықтасынға айналатын» – деп Сәкен Мадияров Қырбалтабайды суреттейді.

 

Бұл жердегі «Түрген» совхозы деген кейінгі жас ұрпақ үшін түсініксіздеу болуы мүмкін. Кеңес үкіметі тұсында Қырбалтабай «Түрген» қой кеңшары аталған. Өткен ғасырдың 30-жылдары «Іле» шаруашылығынан қой- лар әкелініп, «Түрген» қой совхозының іргетасы қаланған. Кеңшардың құрылуына Қасым Кәрібозов, Беделбай Дүтбаев, Байбылан Әбдіхалықов сынды азаматтар мұрындық болған.

 

Қырбалтабай ауылдық округін атақты байлар мекен еткен. Екпіндіні Нұрсахан деген бай жайлаған. Оның ағаш үйі өткен ғасырдың 70-жылдарына дейін сақталған. Ал Қырбалтабай Әбдірахым, Солтанбай байлардың ата қонысы. Олардың қарағайдан қиып салған үйлері өткен ғасырдың бел ортасына дейін емхана болған.

 

Бұл қасиетті топырақ талай қилы замандарды басынан өтке- ріп, тұрғындардың қуанышы мен қайғысының куәгері. Бабалар жолын жалғап, көшпелі дәстүрмен малмен күнелткен қазақ байларын 1928-29 жыл- дары Ақжалдың жазығына әкеліп қырған. Ал бала-шағаларын бұ- рынғы «Қайнарға» жинап, жер аударады.

 

Тәуелсіздік жылдарына дейін шаруашылықтың орталығы бірнеше рет қоныс аударған. Алғашында кеңшар Түргенде ұйымдасқандықтан «Түрген» совхозы аталып, кейін Балтабай ауылына көшірілген. 1934 жылы Қырбалтабайға қоныстанып, кеңшардың алғашқы атауы сақталған.

 

Алғашында кеңшар өзгелермен қатар қалыпты тіршілік етті. Еңбекқор жұмысшылардың, білікті басшылардың арқасында Одаққа танымал деңгейге жетті. Совхоздың үздік қызметкерлері 1948 жылы Мәскеудегі Бүкілодақтық халық шаруашылық жетістіктері көрмесіне қатысқан. Одан кейін де ауылдың озат ардагерлері атанған Әбдіғани Жампейісов, Мұқаш Байсуанов, Мәлік Құрымбаевтар кеуделеріне түрлі медальдар мен орден таққан. Бірнеше шақырылым облыстық Советтің депутаты болған Ботакөз Бекбатырова және Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі- нің депутаты атанған Абдақадыр Қыстауов осы ауылда өніп-өскен түлектер.

 

Қой шаруашылығындағы не- гізгі бағыттың бірі – жүн өндіру. Бұл өнімді алу, оны мемлекетке өткізуге дайындау күрделі науқан әрі жауапты іс. Бұл істің де өз шеберлері, майталмандары бар еді. Ақ қоймен атағы шыққан совхозда аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі қырықтықшылардың жарысы ұйымдастырылған. Осындай мекеннен атақты қы- рықтықшылардың шығуы да заңдылық. Базар Асқарова Одаққа ғана емес, әлемге танымал қырықтықшы болған, 6 мәрте республика чемпионы атанған. Қырбалтабайдан шыққан атақты қырықтықшылар әрі шопандар жайлы Нұрсадық Сарғожаев «Алтын адам атамекені» атты кітабында баяндайды: «...Базар Асқаровамен қатар шыққан Сәбит Ботантаев, ерлер арасынан үшінші рет өткен республикалық конкурстың чемпионы атанса, қырықтықшылардың республика лық төртінші чемпионы Әбдір- ахман Әшіров еді. Ал, Бекқали Орманов бірнеше дүркін облыстық чемпион болды. Әрі шопан әрі қырықтықшылар атанған осы ауылдың бұл азаматтары күні бүгінге дейін ата кәсіптен қол үзбеген. Малды ауылда осындай игіліктер көп өтетін. Асы жайлауындағы шопандар слетінде де аудан көшінің алдынан көрінетін. Малмен көзін ашып, малмен ғұмыр кешкен Мырзахмет Нұрғожаев, Әбдіреш Ботбаев, Сәкен Мадияров, Төңкеріс Қапалбаев, сынды мал мамандарының өзі бақұл болса да, артында қалған ізі бар...».

Ауыл азаматтарымен ажарлы деген... Қырбалтабай ауылының дамып, экономикалық-әлеумет- тік әлеуетін арттыруда мыңдаған азаматтың еңбегі сіңді. Жоғарыда аталған жандар солардың бір парасы ғана.

 

90-жылдары шаруашылықтың тамырына қан жүгіріп, тіршілік қыза бастады. Құрылған кездегі елуге жуық түтіні бар алақандай ғана ауыл 90-жылдары 16 ұлт пен ұлыстың өкілінен құралған 800-ден астам отбасы қоныстанған ірі елдімекенге айналды. Сол кездері тек шаруашылық саласында 1 000-ға жуық адам еңбек еткен. Совхоздың негізгі қаржысының көлемі 18 млн 473 мың сомға, оның ішінде ауыл шаруашылығының негізгі қаржысы 12 млн 430 мың сомға жеткен. Сонау отызыншы жылдары қой мен өгізге жүк артып, жаяу мал бағып, жер жыртқан шопандарға 90-жылдары барлық жағдай жасалған. Осы кезеңдерде шаруашылықта әртүрлі 112 трактор, 39 комбайн, 91 автокөлік болған.

 

Кеңшар тұрғындарының жартысынан астамы «Ақжал», «Екпінді», «Кербұлақ», «Қайнар» бөлімшелеріне қоныстанған. Аталған елдімекендер мен совхоз орталығы Қырбалтабайдың мәдени тұрмыстық тыныс-тіршілігі де адам танымастай өзгерген. Мәдениет үйі мен клубтар, кітапханалар мен жаңа типтегі сауда орындары бой көтерген. Сол кездері салынған 3 қабатты 624 орындық мектеп, 90 орындық балабақша, 120 орындық интернат, 20 адамға арналған монша, фельдшерлік- акшуерлік пункт және 35 ке- реуеттік емхана, асфальтталған көшелер шаруашылықтың қарқынды дамығанының айқын дәлелі.

 

Қалай десек те, бүтін бір округтің тарихын, азаматтарының ерен еңбегін, әлеуметтік-эконо- микалық жаңғыруын бір газеттің көлеміне сыйғызу мүмкін емес. Бірақ, кешегі аймақ тұрғындарының тыныс-тіршілігін, тұрмыс салты мен өңірдің көркеюі жолында атқарған тындырымды істерін болашақ ұрпаққа үлгі ету – біздің парызымыз. Бүгінде Қырбалтабай округі береке-бірлігі жарасқан тұрғындардың құт мекені. Кеңес үкіметі тұсында қалыптасқан даму принципі әлі күнге жүйелі жалғасып, ауданы- мызда көш бастаған округтердің қатарында келеді.

 

 

Сардарбек НҰРАДИН.

Оқылды 15935 рет

Соңғы жаңалықтар

Қар 18, 2024

Внимание, жители г. Есик!

Региональный офис ЮНЕСКО в Алматы совместно с Центром «Содействие устойчивому развитию…
Қар 14, 2024

АФМ проводится расследование в…

Она подозревается в хищении свыше 1,5 млрд тенге, собранных для помощи гражданам,…
Қар 14, 2024

ҚМА еріктілер қозғалысының…

Ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған 1,5 млрд…
Қар 14, 2024

Eлянұр – әлем чемпионы

Черногорияның Будва қаласында бокстан жастар арасында өткен әлем чемпионаты өз мәресіне…
Қар 14, 2024

Бекзада өнер бәйгесі

Қазақ халқының ежелден келе жатқан аңшылық, саятшылық кәсібі бүгінде ұлттық спорт түріне…
Қар 14, 2024

Ұрпаққа тарту

Жасөспірімдеріміздің сапалы мектепте білім алуы болашақтың жарқын болуына жасалған…
Қар 14, 2024

Атқарылған жұмыстар сараланып, …

Осы аптада Еңбекшіқазақ ауданы әкімдігінің алқа отырысы өтті. Жиынға аудан әкімі Талғат…
Қар 07, 2024

Жазушының шығармаларымен танысты

Қаратұрық ауылдық кітапханасының ұйымдастыруымен Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің 5…
Қар 07, 2024

Алихан әлемдік деңгейге көтерілді

Ауданымыздың жас спортшысы Алихан Ермекұлы 2024 жылдың 26-27 қазан айы аралығында…

Күнтiзбе

« Қараша 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет