Сәрсенбі, 28 Маусым 2023 16:42

Баспасөз мықты ма, тикток мықты ма?

Өмір – күрес. Жаңа мен ескінің, жамандық пен жақсылықтың күресі. Отыз жыл Тәуелсіздік жылдары елімізде біраз оң өзгерістер болды. Өкінішке қарай, «әттеген-ай» дейтін де кездеріміз аз болмапты. Соның қатарында прогрессивті дейтін ақпараттық кеңістікке баса-көктеп кірген ғаламтор-интернет, әлеуметтік желілер. Қазақтың қарапайым тілімен айтсақ, айшылық жерден көзді ашып-жұмғанша ақпарат алу, алмасу мүмкіндігі туды. Өмір сүру, материалдық құндылықтарды өндіру және оларды пайдалану жылдамдығы рухани даму деңгейімізден, санамыздан көш ілгері озып кетті де, аз ғана уақытта тұтынушылыққа ғана бейім (общество потребления) қоғамға айналып шыға келдік. Әлбетте, сол тұтынушылардың тұтынуға қабілеті де әртүрлі. Мықтылардың ауласында кемі екі-үш автокөлік тұрса, кедейлік деңгейіндегі тұрғындарымыз сол кредитке алған автосымен «таксовайттап» отбасын асырау әлегінде.

Жарайды. Тек тұтынушы қоғамға бет бұрып кеттік деп айту үшін өзім бастан кешкен өмірден бірер мысал келтіріп барып, негізгі тақырыбыма көшейін. Жетпісінші жылдары мен туып-өскен ауылда екі-ақ жеңіл автокөлік бар еді: жақын зейнеткер ағайынымызда «Москвич» болды. Ес білгеннен жұмысқа жегіліп, механизатор, малшы жұмыстарын атқарған соғыста қаза тапқан майдангердің жетімдері мен сүт фермасында сауыншы болып еңбек еткен сол жауынгердің жесірінің табыстарына «Жигули» машинасын алған еді көршіміз. Бұл кісілер: «Байып кеттік, енді, қалған жаяу-жалқыларға «пысқырып та қарамаймыз», деген жоқ, жолда тұрса ала кетіп, тойға апар деп өтінсе бетін қайтармай, қиын жағдайда көмек қолын өздері созып дегендей ауылдастың алдына да шықпай, көштің соңында да қалмай елдің ортасында болды. Енді осы аталасымның да, көршіміздің де, басқа ауылдастарымыздың да үйіне кірсең көзге бірден түсетін нәрсе – қабырғада бәтеңке бауымен тігілген газет тігінділері болатын. Аудандық, облыстық тіпті кейбір оқуға құштар жергілікті зиялыларда республикалық, одақтық басылымдар тігінділерін көруге болатын.

Өтірік мақтану емес, өзім де баспасөз жаздырып оқудан құралақан болған жоқпын. Газеттерден басқа, «Білім және еңбек», «Мәдениет және тұрмыс» (бүгінгі «Парасат») «Жұлдыз», «Жалын» журналдарының үстіне ғылым мен техникалық орысша «Наука и жизнь», «Техника молодежи», «Авиация и космонавтика» журналдарын оқуға құмар едім.

Оқыдың, өйткені ол заманда интернет болмаған деп уәжін айтар бүгінгі жастар да, кешегі менің замандастарым да. Ол – рас. Бірақ баспа ақпарат көздері «Тикток» пен «Однокласниктен» сенімді деп білемін. «Уикипедия» атты анықтамалық портал бар интернетте. Мақала дайындау барысында өзімнің кітап сөрелерімде жетіп-артылатын энциклопедия, анықтамаларды ақтарып отыруға ерініп, сол «Уикипедиядан» алған деректерге қарасам, не даталардан ия болмаса басқа тілдерден қазақшалаған деректердегі қателерден көз тұнады. Сөз арасында айта кетейін, Америка Құрама Штаттарының бір штаты «Тикток» желісін бұғаттап тастаған көрінеді. Себебін айтапаса да белгілі болар... Жуырда ғана емделу барысында денсаулық жағдайым түзеле бастағанда оқи қоятын газет-журнал дегендер жоқ қой, еріксізден қолыма смартфонды алдым. Үш сағат тыныштық мезгілінде алған ақпараттар легін – қойыртпақ деп бағаладым да, бұған кеткен уақытымды төмендегі әңгімемен аяқтағанды жөн көрдім. Бір жігіт елді таң қалдырмақ болып иненің көзіне сабақталуға тиіс жіпті көздеп лақтырып жаттыққан екен. Күндердің бір күнінде бірнеше айдан соң бақылаушылардың көзінше мақсатына жеткен екен: алшақта тұрып лақтырған жібі иненің көзіне дәл түсіп елді таң қалдырыпты. Ал соған кеткен қайран уақыт-ай десеңші! Мақсатсыз пайдаланған интернет желісі тап осы мысалдың нәтижесіне саяды.

Ал енді жалпы ақпарат тарату саласының бүгінгі жайына келсек, басымдық әлеуметтік желілерде екені белгілі. Бірақ соны ретімен қолдану, басқа ақпарат құралдарын ұтымды пайдалануды әлі үйрене қоймадық. Біржақтылықпен өмір кешудеміз. Менің көбірек қарайтыным – Фейсбук. Бұл желіде білімді, зиялы жерлестеріміз жарияланады. Ал енді басқа да, аттарын атамай-ақ қояйын, желілерде шала сауатты постардан көз сүрінеді.

Еліміздің алдына қойылған мақсаттың ең маңыздысы – сөзімізді түзеу, тіліміздің қолдану аясын кеңітумен қатар сауаттылығын арттыру.

«Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» демеп пе еді Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы? Ал сол сөзімізді, тілімізді жоғалтпау ісі алдымен жазушыларға, журналистерге, тіл мамандарына, ұстаздарға тапсырылған. Атқара алып жүрміз бе сол міндетті!?

Әлі де ұрандаумен немесе шағымданумен келеміз. Қазақ елінің қазақ тілінде сөйлеуі үшін қазақ жазушыларының кітаптарын оқу керек. Қазақ газет-журналдарын оқу керек. Кейде кейбір салаларда ресми тілге, яғни, орыс тіліне басымдық бере бастағанда мемлекеттік тілдің қолдану аясын тарылтуға әдейі жасап жатқандай әсер туындайды.

Бүкіл Еңбекшіқазақ ауданының ортасында бірді-екілі ғана газет киоскісі бар. Оның біреуі автобекеттің жүргінші отырғызу платформасының тасасында. Оның өзіне құрылыс материалдарына сүрініп-қабынып жетесің. Бұл да ақпарат құралдарына тосқауылдың бір түрі.

Менің немерелерім оқып жүрген мектеп басшылығына, мұғалімдеріне өтініш жасаған едім: ең болмаса екеу-ара, үшеу-ара бір газеттен жаздырып алыңыздаршы деп. Міз баққан ешкім болмады. Аудан өмірінен бейхабар ұстаздардан не күтуге болады? Оның үстіне газет-журналдарды мәжбүрлеп жаздыруға болмайды деген ұстанымды білім саласының басшыларына «мәжбүрлеп» деген сөзді алып тастап жеткізгенге ұқсайды. Олай дейтінім мен жақсы танитын мектеп директоры «газет жаздыртпаймын» деп басшыма қолхат бергенмін деп салғанын қайтерсің. Бұл надандыққа басқан қадам ба? Сол ұстаздар мен олардың басшылары алаштың Ахмет Байтұрсынұлының қазақ халқын сауаттандыруға басқан қадамы үшін, газет шығарғаны үшін патша жендеттерінің қуғынына ұшырап, ақыры өмірі қиылғанын біле ме екен? Айтқандай, жүрген жерімде, жиындарда, әйтеуір бір себеп тауып: «Ахмет Байтұрсынұлын, Әлихан Бөкейхановты, Міржақып Дулатұлын білесің бе?» деп сұрақ қоя жүремін. Ұят та болса айтайын, сұхбаттастарымның елу пайызының хабары жоқ бұл кісілер туралы.

Біздің оқырмандарымыздың негізі ұстаздар болмағанмен авторларымыздың дені мұғалімдер және жазуға талабы бар оқушы жеткіншектер. 

Иә, газет-журналдарға жазылуға мәжбүрлеу жоқ. Мен неге кеңес заманындағы қарапайым зейнеткерлер мен ауылдың қара жұмысындағы жерлестерімнің төрінде газет тігінділері тұратынынан бастадым. Ол кезде қазақ мектептері мен қазақ басылымдарын қысқарту науқаны жүріп, арлы қазақтар газетке жазылуын тоқтатпады. Бүгін бізге не болды? Тиктоктың қыңыр-қисық, сауаты жоқ боғауызы, мәдениетсіздігі көп посттары арқылы жас буынды тәрбиелейміз десек – адасқанымыз.

Бүгінгі бұқаралық ақпарат құралдар күніне арналған мақалам ептеп көңілсіздеу болғанына кешірім өтінемін. Менікі оқымай-тоқымай ғаламтордың торына шырмалып, сөзімізді жоғалтып алмайық, сөзіміз жоғалса, өзіміз де алысқа бара алмаспыз деген ой.

Мақаламды Міржақып Дулатұлының «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы да мықты» деген ұлағатты сөзімен аяқтайын.

Хайролла АХМЕТЖАНОВ

Қазақстанның құрметті журналисі, Еңбекшіқазақ ауданының құрметті азаматы.

Оқылды 10428 рет

Соңғы жаңалықтар

Қар 18, 2024

Внимание, жители г. Есик!

Региональный офис ЮНЕСКО в Алматы совместно с Центром «Содействие устойчивому развитию…
Қар 14, 2024

АФМ проводится расследование в…

Она подозревается в хищении свыше 1,5 млрд тенге, собранных для помощи гражданам,…
Қар 14, 2024

ҚМА еріктілер қозғалысының…

Ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған 1,5 млрд…
Қар 14, 2024

Eлянұр – әлем чемпионы

Черногорияның Будва қаласында бокстан жастар арасында өткен әлем чемпионаты өз мәресіне…
Қар 14, 2024

Бекзада өнер бәйгесі

Қазақ халқының ежелден келе жатқан аңшылық, саятшылық кәсібі бүгінде ұлттық спорт түріне…
Қар 14, 2024

Ұрпаққа тарту

Жасөспірімдеріміздің сапалы мектепте білім алуы болашақтың жарқын болуына жасалған…
Қар 14, 2024

Атқарылған жұмыстар сараланып, …

Осы аптада Еңбекшіқазақ ауданы әкімдігінің алқа отырысы өтті. Жиынға аудан әкімі Талғат…
Қар 07, 2024

Жазушының шығармаларымен танысты

Қаратұрық ауылдық кітапханасының ұйымдастыруымен Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің 5…
Қар 07, 2024

Алихан әлемдік деңгейге көтерілді

Ауданымыздың жас спортшысы Алихан Ермекұлы 2024 жылдың 26-27 қазан айы аралығында…

Күнтiзбе

« Қараша 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет