Бейсенбі, 19 Тамыз 2021 17:01

Өңірлік спорт өркендесе ғана ел спорты дамиды

Спорт – денсаулықтың ғана емес, әлемдік татулық пен бейбітшіліктің кепілі. Спорт адамға физикалық, рухани күш сыйлай алатын да әлеуетке ие. Бүгінде спорт ердің де, елдің де атын шығаратын үлкен майданға айналды. Сол майданда өнерін көрсетіп, олимпиаданың шыңын бағындыруды кез келген спортшының армандайтыны хақ. Десе де, ол деңгейге жету үшін төзім мен қайрат, талап пен жігер керек-ақ. Жақында Токиодағы олимпиада ойындары көкейімізге көп күдік ұялатты.  Сарапшылар еліміздің үкілеген үміттері әлемдік  додаларда топ жару үшін бұқаралық спорт пен жасөспірімдер спортын  мықтап қолға алу керек дейді. Әрине, ол үшін өңірлік спорттың өркендеуін назардан тыс қалдырмаған жөн. Осы орайда,  ҚР спорт ардагері, тәуелсіздік жылдарында ауданымыздың спорт саласын басқарған   Аманбек Саматовпен спорт саласындағы өзекті мәселелер туралы әңгіме өрбіткен едік.

– Дүбірді естісе тұяғы қызатын тарландай, әлденеге елеңдеп  отырған сияқтысыз. Токиодағы дүбірлі доданы тамашаладыңыз ба?

– Әрине, бала кезден спортпен айналысқан соң,ондай әлемдік аламанға елеңдемеу мүмкін емес қой. Әсіресе, күрес түрлеріне аса зер салдым. Өкініштісі, талай байрақты бәсекеде жүлделі жүрген балуандарымыз Токио төрінде бір белдесуден аса алмай жатты. Тіпті, жеңіп тұрып, соңғы секундтарда қолындағы жүлдені бере салғандар да болды. Оларға не жетпей жатқанын нақты айта алмаймын. Бір қарағанда спортшыларымыздың қатты шаршағаны байқалады. Тактикалық тұрғыда кейбір қателіктерге жол бергендері де бар. Бір байқағаным, бізде спорттың дамуы тежеліп қалған сияқты. Сонау бір тәуелсіздіктің қиын-қыстау кездерінде де әлем тамсана қараған спорт саңлақтары бізден шықты емес пе? Енді ел  спортының тамырына қан жүгіртетін жаңа стратегия қажет. Ол үшін өңірілік спорттың өркендеуіне мән берген жөн. Меніңше, спорт саласын жұрт мойындаған, өзіндік жетістікке жеткен, беделді тұлға басқару қажет. Мысалы, еліміздің спорт саласын Дәулет Тұрлыханов тізгіндеген тұста айтарлықтай жетістігіміз болды. Өйткені ол талантты жастарды көре білетін. Қазір көптеген спорт Федерацияларын қалталы азаматтардың қолына беріп қойдық. Әрине, қаржылық тұрғы-дан бұл тиімді болуы мүмкін. Дегенмен, спорт саласын кәсіби мамандардың қолға алғаны дұрыс.

– Сіз тәуелсіздік жылдары өңір спортын басқардыңыз. Сол кезде аудан спортын дамыту үшін қандай қиындықтарды еңсердіңіздер?

– 1987 жылы Есік қаласына қоныс аударып, спорт мектебінде күрестен жаттықтырушы, аудандық спорт комитетінің  және Спорт және туризм бөлімінің басшысы қызметтерін атқардым. Өңірілік спортты дамыту үшін оның материалдық  базалары жасақталуы қажет. Сол жылдары мүмкіндіктің барынша ауданның спорттық  базаны нығайтуға күш салдым. Қазіргі аудан орталығындағы спорт сарайының жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, алаң салына бастаған болатын. Кейін қаржылық қиындықтарға байланысты жұмыс тоқтап қалды. Сондай қиындықтарға қарамастан спортшыларымызды облыстық және республикалық жарыстарға қатыстыруға тырыстық. Көптеген облыстық спорт додаларында үздіктер қатарынан көрініп келдік. Сонымен қоса, тәуелсіздік жылдарында ұлттық спорт түрлерін дамытуға  ден қойдық. Әр ауылдан атбегілердің басын қосып, бәйге аттарын баптауға күш салдық. Бекет Құмарбеков, ағайынды Исаевтар баптаған жүйріктер талай мәрте облыстық, республикалық жарыстарда топ жарды. Ауданымыздың көкпар-шылар командасы да талай мәрте өздерінің үздік екенін дәлелдеген кездер болды. Ол кез ұлтымыздың жоғалып бара жатқан құндылықтарымен қайта қауышқан шағы еді. Сондықтан өңірімізде саятшылық өнердің қайта түлеуіне де шама-шарқымызша еңбек еттік. Құс салып аң аулау – қазақтың ертеден келе жатқан ел ішіндегі ерекше дәстүрінің бірі. Қазақтарға аңшылық негізгі кәсіп болмаса да, ертеден шаруашылығына демеу болған. Аңшылық тарихы көне заманнан бастау алады. Археологтар бірнеше рет қазба жұмыстары кезінде жылқы мен аңға түсетін құстардың қаңқасын тапқан. Бұл біздің саятшылық өнеріміздің тым арыда жатқанын айғақтайды. Қазір Шелек өңіріндегі Нұра ауылында елге есімі белгілі болған құсбегілер бар. Алда ұлтымыздың саятшылық өнері  тіптен кеңінен қанат жаяды деген ойдамын. Әрине, спорт саласы мол қажыр-қайрат пен ұйымдастыруды талап етеді.Біздің ауданның спорттық жетістіктеріне марқайып, кенжелеп қалған кей спорт түрлеріне аздап қынжылатын жайымыз бар. Былтырғы пандемиядан бері  көптеген спорт жарыстары өтпей қалды. Бұл белгілі деңгейде спортқа кері әсерін тигізеді деп ойлаймын.

– Ардагер ретінде ауданымызда қандай спорт түрлері кенже қалып барады деп ойлайсыз?

– Менің байқауымша, ауданы-мызда гандбол, жүзу, қысқы спорт ойындардың дамуы тежеліп қалған сияқты. Мұның өзіндік себебі бар. Өйткені ауданымызда қысқы спорт түрлеріне және жүзу спортына арналған ғимараттар мен алаңдар жоқ. Арнайы орындармен, жабдықтармен қамтылмаған. Бар болғанның өзінде қолжетімсіз.  Қай саланы дамыту үшін ең бастысы мықты база керек. Содан кейін нәтиже сұрауға болады. Сондықтан қала, ауылдық округ әкімдеріне аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімімен бірлесе отырып, тәрбиелік мәні зор спорттық іс-шаралар ұйымдастыруды, әкімдіктердегі спорт жөніндегі әдіскер-нұсқаушылардың жұмысын қатаң бақылауды, есік қаласы мен Шелек ауылындағы  балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің материалдық-техникалық базасын жақсарту бойынша іс-шараларды қолға алуы керек деп білемін.

Қайбір ауылға барсаңыз да желаяқтар табылады. Сондай-ақ екі доңғалақты көлікке көсілте мініп, көшенің шаңын шығаратын балалардың ішінен небір жүйріктер, велоспортшылар шықпасына кім кепіл? Тегімізде мықтылық бар, бірақ жас буынды жеңіл атлетикаға баулитын мамандар ауылға жетпейді. Палуандар сайысына арналған боз кілем төселген бөлме түгілі көп жерлерде баскетбол, волейбол, футбол ойнайтын алаңдар да жасақталмаған. Мәдени орталықтарда, ауылдағы клубта да спортзалдар бар, алайда олардың бәрі бірдей жұмыс істемейді. Өйткені спорт-залдарындағы жуынатын және шешінетін бөлмелер толық жабдықталмаған. Сондай-ақ ауыл мектептерінде ядро мен диск, найза (спорттық снаряд), футбол, баскетбол, волейбол ойнайтын доптар, биіктікке секіру мен сырықпен секіруге арналған жабдықтар барлық уақытта бола бермейді. Шешімін күткен сондай мәселер көп. Қысқы спортты қолға алу үшін жүйелі жұмыстар жасалуы тиіс. Ең әуелі әр ауылдық округтен шағын болса да, мұз айдындарын салған жөн. Бұл өте ауқымды мәселе. Қысқасы, спортты дамыту және шеберлікті шыңдау үшін жиі жарыстар өткізілуі тиіс.

– Жыл сайын ауданымызда сіздің атыңыздағы грек-рим күресінен  жасөспірімдер  арасындағы  дәстүрлі  ашық республикалық турнир  өтіп келеді. Аталған спорттық дода өңіріміздегі грек-рим күресінің кеңінен қанат жаюына қаншалықты серпін береді деп ойлайсыз?

– Бірнеше жылдан бері бұл турнирді өткізу дәстүрге  айналып келеді. Өткен жылы елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты жарыс өткен жоқ. Ал турнир  2006-2008 жылы туған жасөспірімдер арасында қайта өткізіліп, оған еліміздің  әр өңірінен 450-ден  астам балуан қатысып, 15 салмақ дәрежесінде боз кілемде бақтарын сынады. Турнирімізге олимпиада чемпионы Юрий Мельниченко, халықаралық дәрежедегі төреші Ерік Жұмабеков, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Боранбек Қоңыратов сынды спорт саңлақтары құрметті қонақ ретінде қатысты. Жарыс қатысушылары екі күн бойы өзара мықтыны анықтады. Соңғы ақтық кездесулер қызықты да тартысты өтті. Финалистер бар күшін салып бәсекелесті. Олар керемет әдістер мен жекпе-жек көрсетіп, грек-рим күресінің жанкүйерлерін сүйсіндірді. Әсіресе,олимпиада чемпионы Юрий Мельниченко балуандардың өнерін жоғары бағалады. Жарыста топ жарған кей жасөспірмдер Юрий Мельниченконың қолынан жүлде алғандарына қуанды. Күрес жолын енді бастаған балаларға бұл, сөз жоқ, шабыт береді деп ойлаймын. Амандық болса, бұл турнир жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін болады.

– Әңгімеңізге рақмет!

Тілдескен Ерзат АСЫЛ.

Оқылды 2345 рет

Соңғы жаңалықтар

Қар 21, 2024

Наш собственный корреспондент…

С начала 90-х годов прошлого века в областной газете «Огни Алатау» сменилось несколько ее…
Қар 21, 2024

«ЖАҢАРТУ» расширяет возможности…

Проект «ЖАҢАРТУ» («Обновление»), презентация которого состоялась в мае 2024 года,…
Қар 21, 2024

Артық шығын абырой әкелмейді

Елімізде діни рәсімдерді өткізу барысында көптеген қателіктер орын алып жатқанын естіп…
Қар 21, 2024

Кәсіп болмай, нәсіп болмас

Бүгінде балалардың жан-жақты дамуына, кәсіпке деген көзқарасын қалыптастыруға барлық…
Қар 21, 2024

«Атамекен» приглашает к диалогу

Национальная палата предпринимателей «Атамекен» Алматинской области выступила инициатором…
Қар 21, 2024

Бейбіт күн – бірліктің жемісі

Көпұлтты мемлекетіміздің ішкі саясатында ең маңызды дүние – ұлтаралық татулықты сақтау.…
Қар 18, 2024

Внимание, жители г. Есик!

Региональный офис ЮНЕСКО в Алматы совместно с Центром «Содействие устойчивому развитию…
Қар 14, 2024

АФМ проводится расследование в…

Она подозревается в хищении свыше 1,5 млрд тенге, собранных для помощи гражданам,…
Қар 14, 2024

ҚМА еріктілер қозғалысының…

Ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған 1,5 млрд…

Күнтiзбе

« Қараша 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет