Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстанның болашағы – бүгінгі жастар. Сіздер оларға қандай білім берсеңіздер, Қазақстан сол деңгейде болады» деп жалпы ұстаздар қауымына зор жауапкершілік жүктеген еді. Арқалаған аманатқа қиянат жасамау мақсатында Есік мектепаралық оқу-өндірістік комбинатының ұжымы аянбай жан-жақты қызмет етуде. Соның айқын көрінісі – «Қолөнер – еңбектің қайнар көзі» атты аудандық іс-тәжірибелік семинар.
«Қазақстан қайта даярлау біліктілікті арттыру» курсынан келген Махмут Жәлелов, аудандық білім бөлімінің әдіскері Қайрат Әукен кезегімен сөз алып, жиынның нәтижелі өтуін тіледі. Іс-тәжірибелік семинарға аудандағы мектептерден технология пәнінің мұғалімдері келіп, оқушыны шығармашылық жұмысқа тарту арқылы танымдық қабілеттерін арттыру жолындағы тәжірибелерімен бөлісті. Шәкірттердің шеберлігін, білімі мен еңбегін осы күні ұйымдастырылған көрмеден анық байқадық. Іскерлік, икемділік қабілеттерінің арқасында өз қолдарынан шыққан бұйымдарын көпшілік назарына ұсынған өнерлі өрендер ұстаздарының еңбегін ақтады. Шебер сыныптарда тігін бұйымдарымен киім тігу, терме бау тоқу, трикотажды жіптен дорба тоқу көрсетілсе, көркем жобалар осы семинарда көздің жауын алды.
Алмагүл НҰҒМАН.
Ұлыстың ұлы күнінде түргендіктер келелі шараның куәгері болды. Округ әкімдігі қолдап, ауыл жастары ұйымдастырып, «Grand Royal» мейрамханасында ақ дастархан жайылды. Әдеттегідей ас ішу, ықылас қылудан бөлек, танымдық кездесу орын алды. Аралас жекпе-жектен 3 дүркін әлем чемпионы,Еуразияның 2 дүркін чемпионы,Әлем Кубогының иегері,Қазақстанға еңбек сіңірген спортшы Ардақ Назаров төрден табылды, салиқалы ойларын ортаға салды. Оған қосымша айтыс саңлақтары Балғынбек Имашев, Сырым Әуезхан және Қанат Мырзахан ел алдында өнер көрсетті.
Ел тарихы, жер тарихы, ұлт болашағы турасында келелі ойын ортаға салған Ардақ Құттықожаұлы барша қауымды наурыз мерекесімен құттықтай отырып: – Тарихқа қарасаңыз, біздің халық талай рет жер бетінен жойылып кетуге шақ қалған. Сол кезде біздің арыс би-шешендеріміз бен батырларымыз қанын төгіп, жанын беріп жүріп ұрпақтарын қорғап еді. Алысқа бармай-ақ кешегі Саурық, Өтеген, Сұраншы батырлар кім үшін жанын қиды. Қалмақтар қазақтың бас көтерер еркектерін қырып тастағанда, Төле би бабамыз тыныштық үшін оларға он бес жыл бойы салық төлеп отырды. Ал өзі ауылда қалған бірен-саран еркектерге үш-төрт әйелден қосып, бала санын көбейтуге күш салды. Сол жылдары туы-лып, жалаң аяқ, жалаң бұт шауып жүрген балаларға қарап отырып, еңкілдеп жылайды екен, жарықтық. Осы балалар қашан ер жетеді, қашан атқа қонады, қашан елін жаудан қорғайды деп армандайды екен. Ал өзі тыныштықты сақтау үшін елдегі әйелдердің жүзік, сақиналарына дейін жинап алып, қалмақтарға беріп отырады екен.Енді ойланайықшы, осының бәрі кім үшін? Осылай елім деп еңіреп өткен қайран бабаларымыз өз ұрпақтарының Сіздердің жарқын келешектеріңіз үшін қанын төкті, жанын берді. Біз соған лайықты болуымыз тиіс, – деді.
– Бүгінгі келелі кездесуге округ тұрғындарынан бөлек іргелес ауылдардан да азаматтар келді. Оған қосымша 25 аз қамтылған отбасы мүшелері де тегін ақ дастархан басынан орын алды. Билеттерден түскен қаржыны жас кәсіпкер Жанас Әділбайұлы бастаған ауыл жастары қайырымдылыққа жұмсамақ ниетте. Мен округтің басшысы ретінде жастардың осындай мақтанарлық қадам жасап, туған ауылын гүлдендіруге сіңіріп жатқан еңбектерін ерекше атағым келеді. Өзара ауызбірліктері де талайдың әңгімесінде. Шүкір, осындай елін ойлайтын, жерін ойлайтын жастар өсіп-өнуде. Біз оларды барынша қолдауға бармыз, – деді округ әкімі Бота Елеусізова.
Төрт сағатқа созылған танымдық кездесу барысында жастармен пікір алмасулар, тағылымға толы айтыс, әуезді ән, күмбірлеген күй уақыттың қалай өткенін байқатпады. Шара соңында ауыл ақсақалы Жаңаберген Мұхамедов ақ батасын беріп, жастар әлем чемпионымен естелік суретке түсті.
Қайнар ЖҰМАҒОЖА.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: Жас ұрпаққа қамқорлық, оның қазіргі өмірі мен болашағы үшін қам жеу қашанда менің саясатымның басты мағынасы болған. Әрбір жас қазақстандықтың жақсы білім алатын, отбасын құратын, жеке тұрғын үй пәтерге ие болатын мүмкіндігі бар» дегені есімізде. Ел ертеңіне деген риясыз қамқорлық көрінісі биыл айрықша байқалды. 2019-ды жастар жылы деп жариялап, жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Осы турасында жуырда Масақ және Сөгеті ауылдары жастарымен болған кездесуде кеңінен әңгіме болды.
«Жастарға зор мүмкіндіктер кезеңі» деп айдар таққан шарада биылғы жылдың басты жаңалықтары ашық айтылды. Ашық айтуға болады, еліміз жастар саясатын қолдауға бағытталған айрықша институт. Себебі, 2013 жылы Мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасы қабылданып, 2015 жылы оның бірінші кезеңі аяқталды. Нәтижесінде, барлық облыс пен Астана және Алматы қалаларында жастардың дамуына қолайлы жағдай жасайтын жастар саясаты жөніндегі аймақтық басқармалар құрылды. Жастар ресурстық орталықтары ашылды. Қазіргі таңда елімізде 210 осындай орталық жұмыс істеуде және 2258 маман жастарға қызмет көрсетумен айналысады. Осы турасында кеңінен әңгімелеген «Еңбекшіқазақ» газеті редакторының орынбасары, «Мәңгілік Ел тұғыры» қоғамдық қорының төрағасы Қайнар Жұмағожа: – Құрметті жастар, биылғы жылы бос сергелдеңмен емес, нақты іспен еркін айналысуға мүмкіндіктер көп. Айталық, бизнесті бастаймын деген азаматтарға бастапқы қаражатын мемлекет субсидиялап беретін мүмкін-діктер бар. Одан қалса «7-20-25» бағдарламасының ішінде тікелей жас отбасылардың баспаналы болуына қолдау көр-сететін арнайы тетіктері де қарастырылды. Білсеңіздер, АҚШ пен Еуропада жастарға бөліп-жарып қолдау жасамайды. Сондықтан қолда барда пайдалана білу – әрбірімізге міндет, – деді. Кейіннен аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Айбек Ілебай: – Өздеріңіз білесіздер, ҚР Тұңғыш президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жастар жылының ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде биылғы жылы ел ертеңіне жасалатын айрықша қолдауларды тізіп берді. Айталық, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында жас кәсіпкерлерге берілетін несиені 2 есеге арттыру, урбанизацияға байланысты ауылдан қалаға ағылып келіп жатқан жастармен жұмыс жүргізу, «Дипломмен ауылға» бағдарламасын қарқынды жүргізу, «Студент жасақтары», «Еріктілер» жұмыстарын жандандыру, әскери-патриоттық тәрбие беру бойынша жас сарбаз қозғалысын жүргізуді міндет етті. Енді біздің ортақ мақсат – осы мүмкіндіктерді мүлт жібермеу», – деді.
Шара соңы жастармен еркін пікір алмасуға ұласты.
Алмагүл НҰҒМАН.
«Нұр Отан» партиясы аудандық
филиал төрағасының бірінші орынбасары
Қуат БАЙҒОДЖАЕВ:
Кез-келген демократиялық мемлекетте партияның қоғамдағы атқаратын рөлі ерекше. Сол секілді еліміздегі саяси ахуалды реттеуде, мемлекеттік қызмет пен стратегиялық бағдарламалардың дұрыс орындалуына бақылау жасауда «Нұр Отан» партиясының ықпалы артып келеді. Халық пен билік арасындағы алтын көпірге айналды десек, артық айтқандық емес. Жақында аталған алып партияның 20 жылдығы ұйымдастырылып, мерейтой қарсаңында партияның кезекті ХVІІІ Съезі өтті Астана қаласында. Елбасы, партия төрағасы Н.Назарбаевтың қатысуымен өткен жиында қазақстандықтардың әлеуметтік жағдайын жақсарту және елдің даму стратегиялары талқыланып, партия мүшелеріне нақты тапсырмалар берген болатын. Осыған орай, аталған Съездің делегаты, аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қуат Байғоджаевты сөзге тартып, партияның аудан аумағында қандай кешенді шаралар атқарып жатқандығын сұраған едік.
– Құрметті Қуат Сұлтанұлы, күні кеше өткен «Нұр Отан» партиясының ХVІІІ Съезінде партия төрағасы Н.Назарбаев партияның 2030 жылға дейінгі бағдарламасын бекітіп, халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету, білім беру және денсаулық сақтау салаларын жақсарту бойынша жұмысты оңтайландыруды тапсырды. Бақылаушы орган ретінде бұл бағытта сіздердің атқаратын жұмыстарыңыз қандай?
– Бұл негізгі салалар бойынша осы күнге дейін де ауданымызда бірқатар жұмыстар атқарылды. Партияның аудандық филиал төрағасы Бинәлі Әбідқапасұлы білім беру, денсаулық сақтау салаларын әрқашан бірінші кезекке қояды. Нәтижесінде, осы бағытта жылына 5-6 нысан жаңадан бой көтеріп, ескі ғимараттар күрделі жөндеуден өтеді. Айталық, 2018 жылы мекенімізде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында қаншама балабақша ашылды. Бүлдіршіндерді тәрбиелеу ордасымен қамту көрсеткіші 100 пайызға таяды. Бұл – үлкен көрсеткіш. Тәуелсіздік күні қарсаңында Ащысай ауылында жаңа заманауи медициналық құралдармен жабдықталған амбулатория ашылып, пайдалануға берілді. Сондай-ақ, бүтіндей Шелек өңірі тұрғындары саулығының сақшысы болып отырған Шелек аудандық ауруханасының күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Осындай жұмыстарды ары қарай жүргізуге республика бойынша бюджеттен 2 трлн 300 млн теңге бөлінді. «Нұр Отан» партиясы қаржының игерілуін, нысандардың құрылысын бақылап қана қоймай, мамандардың да сапалы қызмет көрсетуін қадағалайды. Балалардың сапалы білім алуы мен тұрғындардың саулығы – әрдайым партия назарында.
Ал тұрғын үймен қамтуға келсек, жасыратыны жоқ, соңғы бірнеше жылда аудан аумағында көпқабатты үйлер салынып жатқан жоқ. Есесіне, болашағы бар ауылдардың ауқымы кеңейіп, Қорам, Шелек, Қырбалтабай ауылдарының жанындағы жүздеген гектар жерге инфрақұрылым жүргізілді. Бұл жұмыстар алдағы уақытта Ақши, Қайыпов ауылдарында жүйелі жалғасын таппақ.
– Отанымыздың тал бесігі – ауыл екенін естен шығармаған Мемлекет басшысы Үкіметке «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыруды тапсырды. Бұл жақсылық біздің ауылдарымызды да айналып өтпейтін болар.
– Әрине, Еңбекшіқазақ – облысымыздағы ең ірі аудандардың бірі, құрамында 79 елді мекен бар. Осы күнге дейін осы ауылдарымыздың көркеюі жолында жұмыстар жасалып келеді. Ең алдымен әлеуметтік нысандардың, кейіннен, тұрғындардың тұрмыстық жағдайын арттыру мақсатында шағын және орта кәсіпкерлік саласына баса назар аударылуда. Жылдан-жылға ауылшаруашылық саласы да қарқынды даму үстінде. «Ауыл – ел бесігі» осы күнге дейінгі іске асырылып жатқан «Дипломмен ауылға», «Туған жер» бағдарламаларының жалғасы іспеттес. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев өз сөзінде халықаралық, республикалық жолдардың күйін ретке келтіргендігін айтты. Ендігі кезекте, облыс, аудан орталықтары мен ауылішілік жолдарды жөндеу үшін қомақты қаражат бөлуді тапсырды. Биылдан бастап бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылмақ. Ауыз су мәселесі де біртіндеп шешілуде. Аудан шекарасындағы Нұрлы мен Қаратұрық округіне қарасты Ащысай ауылдарына жаңа су құбырлары жүргізілуде.
Осындай жұмыстарды атқаруға Елбасы 90 млрд теңге бөлуді тапсырды. Алдағы уақытта аталған қаражаттың нысаналы жұмсалуын партия бақылауда ұстайтын болады.
– Партия төрағасы Н.Назарбаев айтқандай, бүгінде «Нұр Отан» партиясы үлкен саяси күшке айналып, халықтың сеніміне ие болды. Артылған сенімге селкеу түсірмей, аудан тұрғындарының мәселелерін шешуде партия қаншалықты жұмыс атқаруда?
– Оныңыз рас, партиямыз халықтың сенімімен қатар, тұрғындар тарапынан үлкен қолдауға ие. Оның бірден-бір дәлелі, партия құрамына енген азаматтар санының күн санап артуы. Сәйкесінше, біз де олардың сенімін ақтап, проблемаларын шешуге барымызды саламыз. Күніне партияның қабылдау бөліміне кемінде 10-15 адам арыз-шағыммен келеді. негізінен, әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерімен бөліседі. Мұндай азаматтарға көмек қолын созу партия тарапынан қарастырылмаған. Сондықтан, олардың құжаттарын жинастырып, мемлекеттен тиісті көмек алуға жол ашамыз. Олай болмаған жағдайда, демеушілер арқылы мұқтаж жандарға қол ұшын беруге тырысамыз. Сондай-ақ, шет елден көшіп келген қандастарымыз да құжат мәселесімен жиі келіп жатады. Осыған орай, көші-қон полициясының қызметкерлері аптаның белгілі бір күнінде әрдайым партиялық қабылдау өткізіп, азаматтардың арыз-шағымын қабылдайды. Үшжақты келісім арқылы басқа да мемлекеттік органдар қабылдау өткізіп отырады.
– Кейбір өңірлерде партия жанынан «Бейімдеу орталығы» және партияның ықпал етуімен әкімдіктерде «Ашық әкімдік» ашылды. Бұл бастамаларға толығырақ тоқталып өтсеңіз және біздің ауданымызда қашан жүзеге асады?
– Алдымен «Бейімдеу орталығына» тоқталар болсақ, бұл – ауылдан қалаға жұмыс іздеп, басқа да себептермен көшіп келген жастарға, азаматтарға көмектесетін орталық. Мұндай орталықтар негізінен үлкен мегаполистерде ашылғаны тиімді. Өйткені ауылдан екі қолға бір күрек іздеп шыққан адам алдымен қалаға жол тартады. Оларға жұмыс тауып, белгілі мекен-жайға орналастырып, қаланың тыныс-тіршілігіне бейімдеуге «Бейімдеу орталығы» жол ашады. Орталық бүгінде Шымкент қаласында жемісті жұмыс атқаруда. Әрине, бұл игі бастама. Алайда, біз аталған орталықсыз-ақ, ауданымызға келіп жатқан азаматтарымызды барынша қамтамасыз ете аламыз. «Ашық әкімдік» те аталған мегаполисте алғаш рет ашылды. Әкімдіктің сайтына тіркелген тұрғындар әр жұма күні проблемаларын шаһардың басшысына жеке айта алады. Әкім кабинетінде емес, ашық терезе арқылы жұртшылықтың сұрақтарына жауап береді. Бұл да «Нұр Отан» партиясының бастамасымен қолға алынған жоба. Өзіміздің ауданымызға оралар болсақ, аудан басшысы мен қала әкімінің қабылдауында болу тұрғындарымыз үшін ешқандай қиындық туғызбайды. Әкімдер әр азаматты жеке қабылдап, мұң-мұқтажын тыңдап, мәселелерін шешуге қол ұшын береді.
– Қоғамда өзекті болып отырған тұрмысы төмен отбасылар мен көпбалалы аналардың мәселесіне партия бей-жай қарамайтын болар. Жыл басынан бері қанша көпбалалы ана партияның көмегіне жүгінді? Оларға тиісті көмек беріліп жатыр ма?
– Көпбалалы аналар мен әлеуметтік аз қамтылған отбасылар – ешқашан партия назарынан тыс қалған емес. Жыл басынан бері 150-ден астам көпбалалы ана біздің қабылдауымызда болды. Оның сыртында жергілікті әкімдіктердің көмегіне жүгінгені қаншама. Негізгі көтерілетін мәселе – материалдық, тұрмыстық проблема. Бұлардың барлығына тиісті құжаттары рәсімделіп, әлеуметтік аз қамтылған жанұяларға жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы жәрдемақылар тағайындалды. Бүгінде ауданымызда 8 мыңнан астам көпбалалы ана бар. Оның 3 мыңнан астамы мемлекет тарапынан жәрдемақы ала алады. Ал 326 көпбалалы отбасының тұрмыстық деңгейі төмен. Елбасының тапсырмасына сәйкес, сәуір айынан бастап әр балаға айына 21 мың теңгеден төленбек.
– «Бала – ел болашағы». Осыны ұстанған «Нұр Отан» партиясы оқушылардың сапалы білім алуына және денсаулығына аса мән беруде. Осы бағытта біршама кешенді шаралар атқарылып жатқандығы бізге мәлім.
– Еліміздің ертеңгі тұтқасын ұстар азаматтар – бүгінгі біздің балаларымыз. Сондықтан, олардың алаңсыз сапалы білім алуы жолында барлық жағдай жасалуда. Жоғарыда атағанымыздай, мектеп салынып, күрделі жөндеуден өтуде. Оның сыртында, оқу орындары түгелдей жаңартылған білім беру стандартына ауысып жатыр. Былтыр ауданымызда алғашқы ІТ-робото-техника сыныбын Шелек ауылындағы жаңа мектепте ашқан болатынбыз. Аудандық партия филиалының төрағасы, аудан әкімі Бинәлі Ысқақтың бастамасымен, облыстық мәслихат депутаты Жангелді Осанның демеушілігімен ашылған ІТ-сыныбы балалардың жаңа технологияларды игеруіне жол ашуда. Игі шара биыл №1 Рахат орта мектебінде жалғасын тапты. Жақында партияның 20 жылдығына орай, аталған білім ордасында бюджет қаржысына ІТ-сыныбы пайдалануға берілді.
Сонымен қатар, балалардың денсаулығы да біздің жіті бақылауымызда. «Мектеп асханалары» партиялық жобасы аясында, ауданымыздағы мектеп асханаларына жүйелі түрде мониторинг жасалып отырады. Құзырлы органдармен бірлесе өткізілетін шара кезінде балалар тағамының құрамы, сапасы мен мөлшері тексеріліп, заңбұзушылықтар анықталуда. Сондай-ақ, Шелек және Есік өңірлеріндегі мектеп асханаларының меңгерушілерінің басын қосып, ауқымды семинар өткіздік. Жиында барлық мәселелер қамтылып, балалардың асын дайындауда қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы тиісті нормаларын бекітіп берді.
– ХVІІІ Съезде партияның латын қарпіндегі логотипі мен туы көпшілікке таныстырылды. Ендігі кезекте құжат айналымы да латын қарпіне ауысатын болар.
– Латын қарпіне көшу – кеше, бүгін туындаған идея емес. Бұл қаншама жылдан бері жетілдіріліп, қоғамдық талқылауда жүрген бастама. Қазір осы жобаны іске асыруға нақты тапсырмалар берілді. 2025 жылға дейін еліміз латын әліпбиіне ауысуға тиіс. Партиямыз да 20 жылдығы қарсаңында логотипі мен туын латын қарпіне ауыстырып, бүгінде партия филиалындағы ақпараттық стендтерді де латынға көшіруді жоспарлап отырмыз. Осылайша, құжат айналымы да біртіндеп латын қарпіне ауысады.
– Сұхбатыңызға рахмет.
Әңгімелескен
Сардарбек НҰРАДИН.
Ықылым заманнан бері амал жұлдызымен қатар келетін береке мен бірлікті, тазалық пен татулықты, риясыз шаттық пен қуанышты, жаңа жақсылық жаршысын, ақ тілеу мен пәк пейілдің қосшысы – Нау-рыз мерекесін халқымыз асыға күтеді. Бұл күні Жер-Ана бусанып, күн мен түн теңеседі. Тіршіліктің бойына қан жүгіріп, көктемнің қоңыр-салқын желі еседі.
Наурыз – ол ұсақтықтан арылуың,
Халықтың бірлігінің мығымдығы.
Күдіктің безбеніне тартылмайтын,
Қазақи ата-дәстүр ұлылығы – деп халық жазушысы Мұзафар Әлімбаев жырлаған ұлы мерекеміз Ұлыстың ұлы күні босағамыздан еніп, қазақ жеріне қуаныш пен береке сыйлады. Күлімдеген көктемнің жаңа жылы 22 наурыз күні Т.Молдағалиев атындағы аудандық мәдениет үйінің алаңында аталып өтті. Ауқымды шараға аудан әкімі Бинәлі Ысқақ қатысты.
Қаз-қатар тізіліп, қазақ даласына жаңа күннің келгенін айқындап тұрған қазақ үйлер мерекенің көркіне көрік қосты. Жастар жағына арнайы жасақталған спорттық жарыстар, алтыбақан тепкен қыз-бозбала, ең бастысы, негізгі тағам – наурыз көже салтанатты шараның мерейін арттырғандай. Мерекелік бағдарламаның шымылдығы Қазақстанның жарық жұлдызы Абай Бегейдің қазақ әндеріне жасаған попурриімен түрілді.
Кейіннен, әр қазақтың жүрегінен орын алған «Аспанға қараймын» әнін шырқап, көпшілікпен бірге көңілді би биледі. Наурыз мейрамы жайлы әсерлі көрініс сахналанды.
«Улыбка» би тобының қызғалдақтары «Көктем» биімен жиылған қауымға қуаныш сыйлады. Ортаға шыққан Абыз қарт ақ батасын берді. Қыс көзі қыраудан аман шыққан көш көктеуге бет алып, көш басын қолдарында шашуы бар әжелер бастады. Халық әндерін орындаған асыл қазыналарымыз халыққа шашу шашып, ізгі тілектерін жеткізді. Ұлттық нақышта киінген жастар қауымы домбырамен көңілді ән орындап, әзілдері жарасты. Ортада Тайқазан көтеріліп, «Алтын адам» сақ астанасының тұрғындарына ақ тілегін жеткізді.
Думанды мереке аудан басшысы Бинәлі Әбдіқапасұлының құттықтауымен жалғасты:
– Келгенінше құттықтап бірін-бірі,
Қуанышта көрісіп кәрі-жасы.
Көңілі түгел адамның сен келген соң,
Самарқанның елжіреп түскен тасы – деп Ахмет Байтұрсынов жазған бұл жолдар, көктің тынысын тыңдап, жердің тамырын басқан, тұрмыс-тіршілігін табиғат-Анамен тығыз байланыстыратын, халқымыздың өткені мен бүгінін, ертеңі мен болашағын жалғастыратын, жаңару мен жасампаздықтың бастауы, ырыс пен ынтымақтың арқауы деп бағаланатын – Наурызды сипаттайды. Қазақта «Наурыздың келгені жандыда балық біледі, жансызда көк тас біледі» деген наным бар. Табиғатпен егіз өрім – ұлық күн туралы Міржақып Дулатовтың «Наурыз – қазақтың шын мағынасындағы ұлт мейрамы...» – деген сөзі, ата-бабамыздың даңқын дәріптеген, бүгінгі ұрпақтың еншісіне бұйырған Сұлтан Наурызды – салтты рәмізіміз, айбынды мерекеміз екендігін дәлелдейді. Осы тұста, «Асылдың сақталатын қосы – дәстүр, тарихтың баяны ұзақ досы – дәстүр, атаның ұрпағына қалдыратын ең қымбат мұрасы да – дәстүр» – деген нақыл сөз тегін-нен тегін айтылмаса керек. Әр жыл сайын әлеуеті мен қуаты артып келе жатқан еліміздің ажары осындай игі дәстүрлерімізбен асқақтай берсін! Заман ағымымен жеткен аманат, ортақ қуанышты күнге айналған аманат, дүниеге көрік беріп, бойымызға сіңісіп, салтымызға айналған шырайлы да, шұғылалы Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы бар-лықтарымызға құтты болсын! – дей келе Бинәлі Әбдіқапасұлы биылғы жыл ауданымыз үшін табысты болатындығын айтты. Мереке аудан өнерпаздарының ұйымдастырған концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты. Балуандар боз кілемде белдесіп, қол күресіп, арқан тартысты. Қала тұрғындары мен қонақтары тегін наурыз көжеден дәм татып, көңілді тарқасты.
Ұлыстың ұлы күні Шелек ауылында да ауқымды деңгейде аталып өтті. Мерейлі мерекеден аудан басшысы Бинәлі Әбдіқапасұлы да қалыс қалмай, шелектіктердің қуанышымен бөлісті.
Қазақ эстрадасының жұлдызы, жерлесіміз Мұрат Тоқашбаев әуелете ән шырқап, жиылған көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Аудан басшысы мен ауданымыздың құрметті азаматы Елеусіз Сұлтанғазиев жұртшылықты мерекемен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Ақ жаулықты әжелеріміз шашу шашып, аузы дуалы ауыл ақсақалдары бата берді. Алаңда тігілген қазақ үйлерде тегін наурыз көже мен бауырсақтар таратылып, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды.
Сардарбек НҰРАДИН.
Баяндыны мен Еңбекшіқазақ Шелек аудандары қосылмай тұрып, сонау өткен ғасырдың сексенінші жылдары Қазақстан астанасы да, Жетісу өңірінің орталығы да Алматы қаласында болған кезеңнен бері білетін едім. Білгенде, таныс болып білдім демеймін. Тұрған тұрысы, жүрген жүрісі, сөйлеген сөзі, тағы басқа әр адамның өзіне ғана тән көзге ұрып тұратын ерекшеліктері болады. Қазақстан Журналистер Одағының съезі ме екен, әлде осы шара секілді бір жиын ба екен – мойнына фотоаппарат асынған тұлғалы да бойшаң, ашаң өңді жігіт маңғаз тұрысымен, сабырлы жүрісімен өзіне еріктен тыс назар аудартатын. Сол сексенінші жылдар соңындағы бір айтулы жиында. Ал, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары аты әлемге белгілі тұлға Олжас Сүлейменов ұйымдастырып, басқарған "Невада-Семей" ядролық қаруға қарсы қозғалысқа қатысып жүрген маған Еңбекшіқазақ Шелек аудандарының аумағында осы "Невада-семей" антиядролық қозғалысының Қытайдағы Лобнор атом қаруын сынау полигонына қарсы бөлімшесін ұйымдастыру тапсырылды. «Лобнор» атом қаруын сынау полигоны Қазақстан-Қытай шекарасына тым жақын еді де радиоактивті ауа ағысы – жел, жауын деген табиғат құбылыстарымен біздің жерге де жетіп, залалы тиер еді. Хош, сонымен «Әлемдегі 5 атом сынағы полигондары жабылсын!» деп бес саусақты плакатқа жазып шерулетумен қатар! «Лобнор жабылсын!» деп те әлемге жариялап жатқан кез еді. Бәкеңді аудан орталығы Шелекте кездестіруім. Осы жерде митинг өткізіп полигонға қарсы наразылығымызды әлемге айғақтау үшін, әрине фотосурет керек. Ол кезде қазіргі цифрлы фотоаппаратура жоқ. "Киев" "Зенит" тағы басқа пленкалы фото аппараттар бар. Дәл осы сәттерде фототілшілерге ісіміз түскені шындық. Шелекте әріптесіміз Әбілбек редактор. Бәкең негатив аталатын пленкасымен көмектеседі, реті келсе фотоқағаздағы суреттерімен бөліседі.
Тәуелсіздік кезеңінің 1997 жылы екі аудан қосылғанда қысқартылуға түскен редакциядан кемі үш қызметкер қабылдау міндеттелген-ді. Әріптесім Әбілбек Айтақыновпен қатар Баянды Зәкіровті қалаған едім. Шелектегі газетте о кезде Бәкең жауапты хатшы болатын. Содан бері Баянды Әубәкірұлы өмірден озғанға дейін жиырма жыл қызметтес болып, бір терінің пұшпағын илеппіз. Жауапты хатшы деген қызметті – әскердегі штаб бастығымен теңестіруге болар. Салмақты мінезімен, адамға жақын бауырмалдығымен редакция ұжымымен бір отбасының мүшесіндей бірігіп, біте қайнасып кетті Бәкең. Офис-кеңсеміз аудандық әкімдік ғимаратында болғанда Бәкең 1-шағын ауданда тұрып жатты қосағы Әлиямен. "Тығыз жұмыс бола қалып редакцияға күтпеген жерде келе қалам кейде. Ешкім жоқ болғанда Бәкең мен Әлияның тұрағы оралады ойға. Қолдары босап кетсе сол үйге барып арқа-жарқа әңгімелескенді біздің ұл-қыздар тәуір көреді. Әрине, Әлияның әйбат шәйінің үстінде. Сол мен алғашқы Алматыдағы жиында көрген келбетінен өзгермеген Бәкең отбасының ұйытқысы, алыс-жақын туыстарының ақылшысы да болғанын білемін. Алғашқы зайыбы ертерек дүние салғаннан кейін Әлиямен отбасын құрды. Өзінде де бала-шағасы бар Бәкең Әлияның да балаларына қамқор әке бола білді. Той-томалақ, мерекелерді бірін-бірі жатсынбай бірге тойлап жатқанын көргенде көңілің толып, қызыға қарайтын едік.
Баянды Зәкіровтің әкесі Әубәкір Зәкіров неміс фашистерінің атын естігенде-ақ "Ахтунг Кольпак" деп есі шыға қорқатын партизан қолбасшысы Ковпактың атшысы болған, екен сол соғыс жылдары.
Бір жолы редакциямызға "Жетісу" газетін көп жылдар басқарған Жақыпжан Нұрғожаев келіп Баянды Зәкіровты "Жетісудың" меншікті тілшілігіне аттай қалап сұрап алды. Үш-төрт жыл өткеннен кейін телефон шалып тұр Жәкең. Баяндының жоғары білімі жоқ екен ғой, –дейді облыстық газет редакторы.
– Ия, онда жоғары тәжірибе, жоғары біліктілік, жоғары жауапкершілік бар! –деймін Жақыпжанға. – Ұнамаса қайырып бер "Еңбекшіқазаққа!".
– Жоқ, неге берейін жұмысын жақсы атқарып жүр. Бықсық сөз шығарып жүрген бір көре алмастар бар дағы, - дейді Жәкең.
Содан бері зейнеткерлікке шыққанға дейін "Жетісу" газетінің бір де бір саны Б.Зәкіровтің мақаласынсыз шықпаған десек қателеспеспіз.
Наурыз айы толы мерекелер, туған күндер, мерейтойлар. 1 наурыз – алғыс күні, 5 наурыз – қызметтесіміздің туған күні, 8 наурыз – қыз-келіншектер, аналар күні, 21, 22, 23 наурыз жаңа күн, жаңа көктем, жаңа жыл күні деп атап болып, Бәкеңнің, Баянды Зәкіров әріптесіміздің туған күнімен көмкеріп барып наурыз айын аяқтар едік кезінде.
Міне бүгін де Наурыз мерекесінің соңында 25 наурызда Баянды Зәкіров жетпіске толғанын тойлап отырар еді толғанып. Әріптестерінің ортасында, достарының, үлкен отбасының, ұл-қыздары, немере-шөберелерінің ортасында.
Әттең... Әттең өмір шындығы өзгеше. Бірақ ұрпақтары, ұжымдастары, достары, ағайын-туыстары Бәкеңді ұмытпай естеріне алып, елінің амандығын, немере-шөберелердің жарқын болашағын тілеп ізгі ниеттерін білдіруде.
Әумин.
Хайролла АХМЕТЖАНОВ.
Күйбең тіршілікте бала-шағаның қамы үшін еңбек ете жүріп барлық нәрсеге қол жеткізу мүмкін емес қазіргі уақытта. Әсіресе, нарықтық заманда баспаналы болу оңайға соқпайтыны анық. Осы орайда, Мемлекет басшысы «7-20-25» бағдарламасын қабылдап, қазақстандықтардың жаңа үй сатып алуына жеңілдік жасап берді. Алайда, Масақ ауылының тұрғыны Руслан Қарақойшиев мемлекеттік бағдарламасыз-ақ баспанаға ие болып, қоныс тойын тойлады жақында. Адал еңбек еткен жұмысшысына облыстық мәслихат депутаты, «Баттал» шаруа қожалығының басшысы Қуат Сұлтанғазиев Масақ ауылынан үй сатып алып берді.
«Нұр Отан» партиясының «Наурыз челлендж» акциясы аясында үйлі болған отбасының қоныс тойына аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қуат Байғоджаев, ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілеулес Ұзақов арнайы барып, құттықтады. Қонақтарды ақ дастархан жайып күтіп алған отанасы Нұржан Оспанбаева депутат Қуат Елеусізұлына ризашылығын білдірді:
– Бүгінгі таңда біз секілді қарапайым жұмысшылар үшін үй сатып алу оңай емес. Осы күнге дейін ата-енемнің үйінде тұрып келдік. Екі қызым сол жерден мектепке баратын, ал кіші ұлым әкесінің жанында фермада жүретін. Жолдасымның еңбегін елеген Қуат Елеусізұлына алғысымыз шексіз. Ол кісінің арқасында бөлек отау тігіп, ұлымыз алғаш рет балабақша табалдырығын аттады. Үйіміз кең әрі жылы. Бөлмелері әр отбасы мүшесіне артығымен жетеді – дейді.
Үй иелерін құттықтаған қонақтар ақ тілектерін жеткізіп, жылы лебіздерін білдірді. Қанға сіңген асыл қасиеттерді бойына жиып, өзгелерге үлгі бола білген Қуат Сұлтанғазиевке алғыстарын жеткізді.
– Менің ата-анам мал шаруашылығы-мен айналысқан. Ата жолын қуып, осыдан бес жыл бұрын «Баттал» қожалығына жұмысқа орналастым. Қазір сонда жалпы шаруашылықтың меңгерушісі болып еңбек етемін. Бүгінде басшылардың барлығы қызметкерлеріне қолдау білдіріп, баспана алып бере бермейді. Баспана былай тұрсыншы, кейбіреуінің көңілінен шығып, жұмыс орныңды сақтап қалу үшін барыңды саласың. Аллаға шүкір, бала-шағамның несібесі болар, адал да қайырымды басшыға кез болдым. 5 жылдық еңбегімді елеп, үй алып берді. Күрмеуі қиын мәселеміз шешілді, ендігі кезекте алаңсыз жұмысымды жалғастырамын – дейді қуаныш иесі.
«Баттал» шаруа қожалығында 5 жыл бойы жұмыс істейтін Русланға басшысы үй сатып алып беруге ниет білдірген. Ал баспана таңдауын Русланның еншісіне қалдырған. Осылайша ұзақ уақыт үй іздеген Руслан өзінің туып-өскен ауылы Масаққа келіп тоқтаған. Кеңес дәуірінде қосарланып салынған үй 7 бөлмелі. Жарық тартылған, ауыз су үйдің ішінде. Ауласы айтарлықтай кең, оның үстіне мектеп пен балабақшаға жақын орналасқан. Бағасы да көңілге қонымды, 4,7 млн теңге.
Руслан мен Нұржанның шаңырағынан дәм татып, құттықтаған қонақтар жұмыс барысымен танысу мақсатында «Баттал» шаруа қожалығына ат басын бұрды. 1997 жылы негізі қаланып, ірі қараны бордақылаумен айналысатын қожалықта «Қазақтың ақбас сиырын» қоса алғанда 400-ге жуық мал бар. Мұнда 12 адам адам еңбек етеді, 10 адам маусымдық жұмыспен қамтылған. Шаруа қожалығының басшысы Русланға ғана емес, қожалықтағы барлық жұмысшыларға өзінің жақынындай қарап, әрдайым көмек қолын созып жүреді. Ауылдағы қайырымдылық шараларына да үнемі атсалысып, жаңа жылда, жаңа оқу жылында балаларға қуаныш сыйлайды. Сондай-ақ, жақында Шелек ауылында өтетін бокстан республикалық чемпионаттың демеушісі.
– Бәріміз ұл-қыз тәрбиелеп, солардың болашағы үшін еңбек етіп жүрген соң, осындағы адамдарды да түсінемін. Сондықтан, қолдан келгенше көмектесіп отырамын. Болашақта қожалықтың ауқымын арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отырмыз. Сәйкесінше, қайырымдылық шаралары да жүйелі жалғасын табады – дейді облыстық мәслихат депутаты Қуат Сұлтанғазиев.
Сардарбек НҰРАДИН.
Бүгінгі күнде бала тәрбиесіне қатысты ұстаздар тарапынан көптеген ізденістер жоспарланып, жүзеге асырылуда. Әрине, ұрпақ тәрбиесінде рухани тұғырды нығайту аса қажет.Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Болашаққа көзқарас: қоғамдық сананы жаңғырту» еңбегінде қоғамдық сананы жаңғырту басты шарттарының бірі – өзінің ұлттық мәдени-генетикалық кодын сақтау және іргелі негіз – патриотизм болып табылатындығын көрсеткен.
Бастауыш сынып оқушыларына бұл бағытта арнайы жоспар жүйесінде тәрбие сағаттары, түрлі шаралар ұсыну жолға қойылған. Құндылықтар мен адамгершілік бағдарлар және патриотизм өзара байланыса отырып, ұлттық идеяны қалыптастыратынын ойласақ, біз кішкене баланың бойында азаматтық сана, ұлттық рух қалыптасуын көздейміз. Осыған байланысты патриотизмге баулу, ұлттық мемлекет стратегиясының іргелі бағдарлары кеңінен қарастыры-луда. Олардың еліне, жеріне деген сезімі қаланады. "Рухани жаңғыру" бағдарламасының басты мақсаты да сол – өз ауылы, қаласы, жеріне, оның тарихына, мәдениетіне, салт-дәстүріне деген махаббат, мақтаныш пен адалдық, адамгершілік борыш сезімінің қалыптасуы.
Осы бағытта өзім жан жақты жұмыс жасап, шараны ата-аналармен ғана емес, қоғам қайраткерлері, түрлі мамандық иелерімен біріге өткізуге тырысамын. Қазақстандық азаматтарды тұтастырып тұрған үлкен мұраттар мен идеялар бар: ол – мемлекетіміздің гүлденуі, үлкен жетістіктерге қол жеткізуі. Олай болса, соны жас ұрпаққа жеткізу қажет, солардың бойына сіңіру керек.
Әр ауыл мектебі – мемлекеттің шағын бөлшегі, әрбір бала – қоғамның белсенді мүшесі. Демек, бұл бізге мектептегі әр оқушыға елдің ертеңгі тұтқасын ұстайтын келешек отансүйгіш азамат деп қараумен қатар, өзінің және айналасындағы өзгелердің өмірін, білім мен тәрбие алуын, құқығын, міндетін зерделеп, реттей алатын толыққанды белсенді азамат деп қарау және олардың көзқарасымен, пікірімен санасу міндеттерін жүктейді.
Оқушылар жазғы демалыста ауыл адамдарымен бірлесе отырып, туған ауыл тарихы туралы деректер жинап, әңгіме, реферат жазып, ауыл тақырыбында сурет салу және мүшәйраға өз шығармашылығын ұсынуға тапсырма алды.
Мектеп ұстаздары және басқа тұлғалар туралы деректер жинақтауды да жоспарлап отырмыз. Осы шаралардың қай қайсы да оқушы, бүгінгі ауыл баласы – ертеңгі ел тұлғасы жүрегіне ұшқын тастағаны, рухани қуат сыйлағаны сөзсіз.
Енді осы жұмыстарды жүйелеп, арнайы жұмыс бағ-дарламасы ретінде жалғас-тыруды ойластырудамыз, бұл – бала жүрегіне елжандылық пен рух сыйлайтын игі іс. Расында, рухани жаңғыру – тәрбие бесігінің алтын діңгегі.
Дана ЖАНСЕРКЕЕВА,
Көктөбе орта мектебінің бастауыш
сынып мұғалімі.
Жүйрік ат, қыран бүркіт, алғыр қаршыға, құмай тазы, айлалы сұңқар, болат қақпан, түзу мылтық – бұның барлығы бүркіт салып, көкпар тартып, ат баптаған қазақ халқының кәсібінен гөрі өнерге жақын тірлігі. Аңшылықты серік етіп, саят құрған ата-бабамыздың төл өнері мен ат спорты бүгінгі күнде де заман көшінен қалған емес. Әсіресе жас-тар арасында кеңінен таралған ұлттық спортты дамытуға мемлекет тарапынан көңіл бөлінуде. Осы орайда жақында Тескенсу ауылында округ әкімдігінің, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі, жастар ресурстық орталығы мен «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының ұйымдастыруымен «Құсбегілік өнер – ұрпақтан ұрпаққа» атты бүркітшілер жарысы өтті. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын қолдау мақсатында, төл өнерімізді насихаттайтын спорттық жарысқа сол аумақ ауылдарының жастары жиналды. Сонымен қатар, қазақтың ұлттық ойындарына асқан қызығушылықпен қарайтын Венгрияның азаматтары қатысты.
Өткен ғасырда Венгр елінде тұрған қандасымыз, белгілі түрколог, ғұмырын мажарлар мен күллі түркі халықтарының ынтымақтастығына арнаған Қоңыр Мандоки мажар елінде ұлттық спортымызды насихаттап, мажарлардың қызығушылығын тудырған. Қоңыр Мандоки арқылы қазақтың ұлттық құндылығына қанық Венгрия азаматтары аудан азаматтарының қонақжайлығына ризашылығын білдірді.
Шара барысында қазақстандық жеткіншек Ерсұлтан өзі баптап жүрген 3 жасар Дәуір атты бүркітін аңға салып, көпшіліктің таңданысын тудырды. Сонымен қатар, ат құлағында ойнайтын жастарымыз теңге ілуден жарысып, кім мықтыны анықтады. Алып денелі, кең иықты балуандарымыз аударыспақта күш сынасып, мектеп оқушылары көкпар тартты.
Жарыс соңында «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қуат Байғоджаев сайыста үздік шыққан азаматтарға Алғыс хаттарын табыстап, ұлттық спортты дамытып жүрген жастарға сәттілік тіледі.
С.НҰРАДИН.
«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің аға ғылыми қызметкері Төреәлі Төлегенов:
«Сөздің ең ұлысы, ең сипаттысы – тарих» деп Ахмет Байтұрсынов айтқандай, қай заманды алсаңыз да, тарих – халықтың ұлттық санасын қалыптастыру, мемлекеттік идеологияны насихаттау, жас ұрпақты патриотизм рухында тәрбиелеу қызметін атқарған. Осы тұрғыда мемлекет басшысы Н.Назарбаев: «Тарих – кім-кімнен де жоғары тұрған ұғым» дей отырып, «Тарих дегеніміз – тек өткеннің сабағы ғана емес. Ол – едәуір дәрежеде болашақтың да көрінісі» деген тұжырымын алға тартты. Расында, тарихи таныммен ұрпақ өсіп-өнеді, олардың ұлттық санасы қалыптасады. Өткенін өлшеп, қазіргісімен мақтанып, болашағын болжайды. Ал, тарихты қалыптастыратын әрі зерделеуге мүмкіндік беретін бірден-бір ерекшелік – қазба жұмыстары арқылы табылған тарихи жәдігерлер. Биік-биік үйілген төбешіктер мен қорымдар. Адам қолымен тасқа қашалған жазбалар мен бейнелер. Қарапайым көзге жәй ғана жазық болып көрінгенімен, бар құпияны қойнауына жасырған далалар. Әсіресе, «Алтын адамымен» әлемге танылған Есік қаласының аумағы – тарихи мол мұраның қоймасы десек артық айтпаспыз. Оған дәлел, бұрынғы қазбалардан өзгерек 2017-2018 жылдары «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі мен Шанси аймақтық археологиялық институты (ҚХР) бірлесіп, Іле Алатауының етегіндегі тегіс келген екінші терассаның солтүстік шетінде, Тасмұрын шатқалына кіреберіс тұста орналасқан атақты сақ-үйсіндердің Рахат қала жұртына, сонымен қатар, қала маңындағы ескерткіштерге алғашқы барлау және қазба жұмыстарын жүргізгендігі. Ескерткіштің «Есік қорымына» жақын жатуы, ерте көшпелілер мәдениеті жөнінде жаңа мәліметтер алу мақсатында қалашықта зерттеулер жүргізілген-тін. Сол қазба жұмыстары барысында зерттеуге қатысып, алғашқылардың бірі болып табылған жәдігерлерді көзімен көріп, қолымен ұстаған «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің аға ғылыми қызметкері, Бекен Нұрмұхамбетовтың шәкірті Төреәлі Төлегеновпен әңгімелескен едік.
– Құрметті Төреәлі Жақсылықұлы, қазба жұмыстарына қатысты халықаралық келісімшарт жөнінде айтып өтсеңіз және оған кімдер қатысты?
– Жалпы, 2015 жылы «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі мен Шанси облыстық археологиялық мәдениет басқармасы арасында мәдени мұраларды қорғау мақсатында ынтымақтастық туралы алғашқы уағдаластыққа қол жеткізілді. Ал, 2016 жылы «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі мен Шәнши облыстық археологиялық институтымен келісімшартқа қол қойылды. Осы келісімшарт негізінде 2017 жылдың мамыр-шілде айларында алғашқы барлау және қазба жұмыстары жүзеге асты. Бұл аса маңызды тарихи шараға өзіміздің «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінен жоба жетекшісі Гүлмира Мұхтарова, көмекшілері Жазира Құрбанәлі және өзім, Шанси аймақтық археология институтынан профессор Дин Ян, Миау Ифей, Жау Хан Чин сынды көмекшілері қатынасты.
– «Тарих – өткеннің сабағы, алдағының кейінгіге өнегесі» дейді. Өткенімізді зерттеу арқылы қандай тың дүниелерге тап болдыңыздар?
– Негізінен, халықаралық ғылыми-зерттеу жұмыстарының басты мақсаты – ескерткіштің стратиграфиясын, уақытын, құрылымын және археологиялық кешенін зерттеу болып табылады. Осы мақсатта қалашық маңында бірнеше барлау-бақылау кесінділері жасалынды. Археология бір орында тұрмайды, дамып барады. Археологиясы әлем бойынша қарыштап дамыған елдің бірі де Қытай. Көптеген зерттеуге қажетті техникасы мен методикасы зерттеу жұмыстарына біршама септігін тигізді. Соның бірі кез-келген тарихи жәдігер болсын, суреттің болсын үш есе үлкейтілген бейнесін алатындай мүмкіндігі бар құрылғының болуы. Сонымен қатар, жер бедерлерін де анық көрсетіп береді. Мысалы, біз аэрофотосуреттерде көп нәрсені көрмей немесе байқамай қалуымыз мүмкін, шұңқыр жерлер бар дегендей. Бізде, мысалы, 1000-2000 суреттен ілеуде біреуі ғана анық бейне бере алады. Ал, бұл өз кезегінде жұмыстарды қиындатпай қоймайды. Осы жолғы зерттеудің ерекшелігі де сол – жұмысымыз жетілдірілген технологиялардың арқасында тез әрі жемісті болды.
– Жер қойнауындағы жұмбақты ашу – археологтардың міндеті. Археологтардың, яғни, сіздердің бұл жолғы ашқан жұмбақтарыңыз?
– Әр жүргізген қазба жұмыстары өзінше бір әлем. Қай-қайсынан болмасын өзімізге тәжірибе алар дүниелермен танысып келеміз. Тарихта еш нәрсе із-түссіз жоғалып кетпейді. Бұл жолғы қазба жұмыстары да бұрынғыларынан бөлек. Мысалы, қалашық үш қамал кешендерінен тұратын шығыстан батысқа қарай тау сілемінде созылып жатқан жүйені құрайды. Қамалдардың көлемдері әртүрлі болғанымен, орталықтағы цитаделі мен оларды қоршаған қамал қабырғалары ұқсас келеді. Мұнда қиық пирамида тәрізді бірнеше мұнаралары бар көлемді қамал кешендерден тұратын цитадель анық байқалады. Анағұрлым көлемді мұнаралардың биіктігі 75 метрден асады. Басқа мұнаралар негізгі мұнарадан алшақ орналасқан және көлемдері кішірек болып келеді. Цитадельдің оңтүстік жағында шахристанның орны болуы мүмкін тегіс жазықтық көрініп тұр. Қалашық цитадельден шығысқа қарай созылып жатқан негіздері бірдей мұнараларды құрайтын кішірек келген, қиық пирамида тәрізді мұнаралармен жалғасып жатыр. Осы тұста айта кететін мәселе, қаланың сумен қамтамасыз етілуі де осы таудан келетін ағын сулармен тікелей байланысты болуы мүмкін. Себебі, таудан ағатын судың орындары бүгінге дейін терең ор болып сақталып қалған, әрі су жүретін ірі жылға қаланың оңтүстігінен келіп, шығыс қабырғаның сыртынан бойлай солтүстік тұсына қарай жайыла келіп, көрінбей кетеді. Мұндай жүйе, салыстыратын болсақ, оңтүстік өлкелердегі қалаларда жиі байқалады. Жалпы, Рахат қалашығы алаңында аумағы 32 шаршы метр құрайтын үш орынға бақылау-барлау қазба жұмысы жүргізілді. Аталмыш қазба орнынан 80 данадан астам темір, қыш, тас, сүйектердің бөлшектері табылды. Бұл бөлшектердің ішінде қызыл, қоңыр және құмды қыштар, майда және ірі құм аралас жасалған қыш түрі де кездесті. Екі түрлі қыштың күйдіру температурасы біршама жоғары болды. Табылған артефактілер негізгінен – темір пышақтар, қыш құмыралардың сынықтары, жүздері бүдірлі құралдар және бүйірі тегіс кесілген тас құралдар. Қыш құмыралардың басым көпшілігінің жиектері жалпақ, бүйірі дөңес келген. Табылған артефактілердің ішінде қыш ыдыстың бүйірлері әлдеқайда көбірек. Ыдыс тұтқаларының пішіні ойық тәрізді, жарты құлақты тұтқалар және сан алуан түрлі өлшемде болды. Қыш ыдыстарының түбі негізінен дөңес болып келгенімен, түбі тегіс ыдыстар да кездесті. Бұл ыдыстардың жасалу әдісі орашолақтау, жасалу іздері айқын емес, негізінен тым қарапайым деп айтуға болады. Қазба орнында екі жерден жиналған тастар табылды, олардың арасындағы үш тастың бір жағы адам қолымен кесілген сияқты. Табылған сәтте тастар бір деңгейде орналастырылып, тұмсықтары бір-біріне қарай бағыттала қойылған. Болжауымызша, бұл қазба орны тұрмыстық-шаруашылық шұңқыры болуы әбден мүмкін. Себебі көп мөлшерде табылған артефактілердің бәрі дерлік бүтін күйінде сақталмаған. Қазба жұмыстары барысында сиыр, қойдың сүйектері көптеп кездеседі. Сонымен қатар, жылқы және иттердің сүйектері де табылды. Бұл сүйектерді адамдар тұтынып болғаннан кейін қалдырған деген болжам бар.
– «Бүгінгі қазақ халқы – сонау есте жоқ ескі замандарда-ақ тұлпарлардың тұяғымен дүниені дүр сілкіндірген көне сақтардың, ежелгі ғұндардың, байырғы түркілердің ұрпағы, үлкен үйдің қара шаңырағын атажұртта сақтап қалған халық» деген еді Елбасы бір сөзінде. Өздеріңіз қазба жұмыстарын жүргізу барысында қай кезеңнің мәдениетін көрдіңіздер?
– Расымен, қарап отырсақ, барлық кезеңнің мәдениеті кездеседі біздің кең байтақ қазақ жерінде. Мысалы, Рахат қалашағының маңынан сақ-үйсін кезеңінің жерлеу орны табылды. Бұл жерлеу орнын Рахат ауылының тұрғыны А.Тұрлыбаев есімді азамат Тұңғатар көшесінің қиылысында су құбырын орнату кезінде кездейсоқ байқаған. Куәгердің айтуы бойынша, су арнасын қазу барысында орташа көлемдегі өзеннің малта тастарынан құралған біраз тастар алынған. А.Тұрлыбаев түрлі өлшемдегі 2 қыш ыдысты қазып алған. Алайда, қабірдегі қыш бұйымдарының орналасқан жері белгісіз боп қалды. Сыртқы сипаты мен ыдыстың пішініне қарағанда, бұл жерлеу орнын сақ-үйсін дәуірі деп болжауға болады. Осы маңда басқа да жерлеу орындары болуы әбден мүмкін. Жоғарыда аталып отырған қыш бұйымдар қорық-музейдің қорына сыйға беріліп, олар қалпына келтіріліп, ғылыми тұрғыдан құжатталды. Қазіргі уақытта табылған қыш бұйымдардың сынықтары негізінде, Рахат қала жұртының мәдени қабатының ең кейінгі кезеңі орта ғасыр, яғни XIII ғасырды қамтиды, ең ерте кезеңі ерте темір дәуірі (б.з.д VII-III ғғ.) болуы мүмкін. Археологиялық барлау мен жүргізілген қазбалар нәтижесін қортындылай келе, Есік және Түрген өзендерінің аралығында, Қайназар, Рахат, Өрікті және Алмалы ауылдарының маңындағы ұзындығы шамамен 30 шақырымға созылған алапта біршама қоныс орындары бой көтерген деп айта аламыз. Есік қорымына қарама-қарсы тұста орналасқан Рахат қала жұрты басқа ескерткіштермен салыстырғанда аумағы мен көлемі аса үлкен болғандықтан Рахаттың мәртебесі жоғары болған деп есептейміз. Рахат қалашағына ұқсас ескеркіштер кешені Оңтүстік Қазақстан, Алтай және Сібір өңірлерінің ерте темір дәуірлеріне қатысты қалалық жүйелерде кездеседі. Бірақ қазба жұмыстары аяғына дейін толық жетпегендіктен, нақты тұжырым айтуға әлі ерте. Болашақта зерттеулерді одан әрі жалғастыра отырып ерте мәдени қабаттарды анықтау және жаңа мәліметтерді алу үшін қазбаның аумағын ұлғайта түсу қажет.
– Тарих жолы қашанда тайғақ. Нақты заттай деректер мен фактілер болмаса, шындыққа жетуде адасып қалуымыз мүмкін. 2018 жылы жүзеге асқан қазба жұмыстары барысында нендей фактілермен қаруландыңыздар?
– Рас айтасыз. Оның үстіне біз қазба жұмыстарын ашық аспан астында жүргіземіз. Ол өз кезегінде бірнеше кедергілерге соқтырады. Табиғаттың түрлі мінезі бар: жауын, жел сияқты. Кішігірім су тисе де құрамын өзгертіп немесе бүлініп қалуы мүмкін табылған зат. Ал, салыстырмалы түрде айтайын, Қытай еліндегі қазба жұмыстарына да қатысып келдік келісімшарт негізінде. Сонда байқағанымыз, ол жақта қазба жұмысын жүргізетін аймақты белгілегеннен кейін үстіне арнайы шатыр орнатылып, зерттеу жұмыстары жабық түрде өтеді екен. Есесіне, ешқандай бүліну болмайды. Сонымен, өзіміздің жердегі қазба жұмыстарына оралайық. Қалашықтың оңтүстігінде орналасқан этнографиялық жерлеу орындарында зерттеу жұмыстары жүргізілді. Бұл жерден 14 адамның, 2 жылқының қаңқа сүйегі табылды. Сонымен қатар, бірнеше орындарынан табылған күл шұңқырларын тазалау жұмыстары аяқталды. Олардың ішінде екеуі тікбұрышты ақым қабір болса, екеуі топырақ қабір. Қабірлерден шыққан адамның бас сүйегі солтүстік-батыс жаққа қаратылып, шалқасынан екі қолы кеудесіне қойылып жерленген. Бойлары ұзын, шамамен 1,8-2 метр, дене бітімдері ірі болғанға ұқсайды. Ал, жылқылар арнайы адам қабірханасының жанында орналастырылған. Жылқылардың басы батысқа бағытталып, төрт аяғы бүгіліп, секіруге ынталанып тұрған күйде жерленген. Жылқының дене сүйегінің маңында бірнеше ат әбзелдерінің қалдықтары да табылды.
– Археология – «күрекпен қаруланған тарих» деп айтылады. Бұл жолғы «күректі» еңбектеріңізден не күтеміз және қандай болжамдар жасалуда?
– Жалпы, жұмыс нәтижелі болды деп толыққанды айта аламыз. Себебі, зерттеу жұмысының бірінші күнінен-ақ қыш ыдыстардың бөлшектері мен мал сүйектері табылды. Рахат қала жұртының ежелгі қоныс иелерінің мәдени қалдықтарын жүйелей отырып, осы аумақтың ең ертедегі мәдени қабатының жасын анықтау – алға қойған мақсатымыз еді. Қызығы, болжам демекші, дәл осы қазба жұмыстары жүргізілген жерлерге зерттеу жүргізу керек екендігін бұрынырақта Бекен Нұрмұхамбетов айтып кеткен болатын. Сол кісінің айтқандары дәл келді десек те болады. Біздің бастапқы шым-топырақ қабатын тазарту барысында шөп пен топырақ қабаты қалыңдау келгенін байқадық. Ол өз кезегінде күрекпен жұмыс істеуге қолайлық туғызды. Рахат қалашағына ұқсас ескеркіштер кешені Оңтүстік Қазақстан, Алтай және Сібір өңірлерінің ерте темір дәуірлеріне қатысты қалалық жүйелер де кездеседі. Бірақ қазба жұмыстары аяғына дейін толық жетпегендіктен, нақты тұжырым айтуға әлі ерте. Болашақта зерттеулерді одан әрі жалғастыра отырып ерте мәдени қабаттарды анықтау және жаңа мәліметтерді алу үшін қазбаның аумағын ұлғайта түсу қажет.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Алмагүл НҰҒМАН.